1-бап. Негiзгi ұғымдар



жүктеу 407,75 Kb.
бет1/3
Дата31.05.2018
өлшемі407,75 Kb.
#18631
түріКонкурс
  1   2   3

Мемлекеттiк қызмет туралы

Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 23 шiлдедегi N 453 Заңы

МАЗМҰНЫ

1-тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Негiзгi ұғымдар



      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) «А» корпусы – Қазақстан Республикасының Президентi айқындайтын кадр резервiне iрiктеудiң және конкурстық iрiктеудiң ерекше тәртiбi, сондай-ақ арнайы бiлiктiлiк талаптары көзделген басқарушылық деңгейдегi мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдар;
      2) ауысу – мемлекеттiк қызметшiнi атқарып жүрген қызметiнен бiр мезгiлде босата отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен оны бос не уақытша бос мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға тағайындау рәсiмi;
      3) «Б» корпусы – «А» корпусына енгiзiлмеген мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдар;
      4) бiлiктiлiк талаптары – мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға орналасуға үмiткер азаматтарға олардың кәсiптiк даярлық деңгейiн, бiлiктiлiгiн және нақты мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға сай келуiн айқындау мақсатында қойылатын талаптар;
      5) лауазымды адам – билiк өкiлiнiң функцияларын тұрақты, уақытша немесе арнайы өкiлеттiк бойынша жүзеге асыратын не мемлекеттiк органдарда ұйымдастырушылық-өкiмдiк немесе әкiмшiлiк-шаруашылық функцияларды орындайтын адам;
      6) лауазымдық өкiлеттiктер – мемлекеттiк қызметшiлер өз қызметiн жүзеге асыратын мемлекеттiк органдардың алдында тұрған мақсаттар мен мiндеттерге сай келетiн нақты мемлекеттiк лауазыммен көзделген құқықтар мен мiндеттер;
      7) мансаптық жоспарлау – «А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiсiнiң лауазымдық ауыстырылуы және кәсiби дамуы кезеңдерiн айқындауға бағдарланған процесс;
      8) мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшi – осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттiк органда кәсiби қызметiн тұрақты негiзде жүзеге асыратын мемлекеттiк қызметшi;
      9) мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазым санаты – тиiстi бiлiктiлiк талаптары бар мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдар жиынтығы;
      10) мемлекеттiк қызмет – мемлекеттiк билiктiң мiндеттерi мен функцияларын iске асыруға бағытталған лауазымдық өкiлеттiктердi атқару жөнiндегi мемлекеттiк қызметшiлердiң мемлекеттiк органдардағы қызметi;
      11) мемлекеттiк қызметтiң кадр резервi – бос мемлекеттiк лауазымдарға орналасуға үмiткер Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен қалыптастырылған жүйеленген тiзiмi;
      12) мемлекеттiк қызметшi – мемлекеттiк органда Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен республикалық немесе жергiлiктi бюджеттерден не Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң қаражатынан ақы төленетiн лауазымды атқаратын және мемлекеттiң мiндеттерi мен функцияларын iске асыру мақсатында лауазымдық өкiлеттiктердi жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының азаматы;
      13) мемлекеттiк қызметшiлердiң қызмет этикасы – мемлекеттiк қызметшiлердiң осы Заңда, мемлекеттiк органдардың актiлерiнде белгiленген және жалпы жұрт таныған моральдық-этикалық нормаларға негiзделген мiнез-құлық қағидалары;
      14) мемлекеттiк лауазым – мемлекеттiк органның нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген лауазымдық өкiлеттiктер және лауазымдық мiндеттер аясы жүктелген құрылымдық бiрлiгi;
      15) мемлекеттiк саяси қызметшi – тағайындалуы (сайлануы), босатылуы және қызметi саяси-айқындаушы сипатта болатын және саяси мақсаттар мен мiндеттердi iске асыру үшiн жауапты болатын мемлекеттiк қызметшi;
      16) мүдделер қақтығысы – мемлекеттiк қызметшiнiң жеке басының мүдделерi өзiнiң лауазымдық өкiлеттiктерiн тиiсiнше атқармауына әкеп соғуы мүмкiн болатын кездегi мемлекеттiк қызметшiнiң жеке басының мүдделерi мен оның лауазымдық өкiлеттiктерi арасындағы қайшылық
      17) ротация – осы Заңға сәйкес мансаптық жоспарлау шеңберiнде «А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлерiн олардың келiсiмiмен лауазымдық ауыстырулар;
      18) тағылымдама – мемлекеттiк қызметшiлердiң, сондай-ақ мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiне алынған адамдардың мемлекеттiк органдардың жолдамасы бойынша тұрақты жұмыс орнынан тыс жерде кәсiби бiлiм алуы мен тәжiрибе жинақтауы;
      19) тәлiмгер – мемлекеттiк қызметке алғаш рет қабылданған адамға бекiтiлген, оның кәсiби даярлығына практикалық көмек көрсететiн мемлекеттiк қызметшi;
      20) уақытша бос мемлекеттiк лауазым – аталған лауазымды атқаратын мемлекеттiк қызметшiнiң әлеуметтiк демалыста болуына, сондай-ақ ауыруы салдарынан, егер ауру Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi екi айдан астам еңбекке уақытша жарамсыздық мерзiмiн белгiлеуi мүмкiн ауру түрлерiнiң тiзбесiне енген болса, оның жұмыс орнында болмауына байланысты уақытша бос мемлекеттiк лауазым.

      2-бап. Мемлекеттiк қызмет туралы заңдар

      Мемлекеттiк қызмет туралы заңдар Конституциядан, осы Заңнан, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.

    


 3-бап. Мемлекеттiк қызметтiң принциптерi

      1. Қазақстан Республикасында мемлекеттiк қызмет:


      1) заңдылық
      2) қазақстандық патриотизм;
      3) мемлекеттiк өкiметтiң заң шығарушылық, атқарушылық және сот тармақтарына бөлiнуiне қарамастан, мемлекеттiк қызмет жүйесiнiң бiртұтастығы;
      4) азаматтар құқықтарының, бостандықтарының және заңды мүдделерiнiң мемлекет мүдделерi алдындағы басымдығы;
      5) жалпы қол жетiмдiлiк, яғни Республика азаматтарының мемлекеттiк қызметке қол жеткiзуге және өз қабiлеттерi мен кәсiби даярлығына сәйкес мемлекеттiк қызмет бойынша жоғарылатылуға тең құқығы;
      6) азаматтардың мемлекеттiк қызметке кiруiнiң ерiктiлiгi;
      7) мемлекеттiк қызметшiлердiң кәсiбилiгi мен жоғары бiлiктiлiгi;
      8) мәнi бiрдей жұмыстарды орындағаны үшiн еңбекке ақыны тең төлеу;
      9) жоғары тұрған мемлекеттiк органдар мен лауазымды адамдар өз өкiлеттiгi шегiнде қабылдаған шешiмдердi орындаудың бағынысты мемлекеттiк қызметшiлер мен төменгi мемлекеттiк органдардың қызметшiлерi үшiн мiндеттiлiгi;
      10) мемлекеттiк қызметшiлердiң бақылауда болуы және есептiлiгi;
      11) мемлекеттiк құпиялар немесе заңмен қорғалатын өзге де құпия болып есептелетiн қызметтi қоспағанда, қоғамдық пiкiр мен жариялылықты ескеру;
      12) мемлекеттiк қызметшiлердiң құқықтық және әлеуметтiк қорғалуы;
      13) мемлекеттiк қызметшiлердi қызметтiк мiндеттерiн адал, ынталы атқарғаны, ерекше маңызды және күрделi тапсырмаларды орындағаны үшiн көтермелеу;
      14) мемлекеттiк қызметшiлердiң қызметтiк мiндеттерiн орындамағаны не тиiсiнше орындамағаны және өздерiнiң өкiлеттiгiн асыра пайдаланғаны үшiн жеке жауаптылығы;
      15) мемлекеттiк қызметшiлердiң бiлiктiлiгiн арттыруды үздiксiз жүргiзу принциптерiне негiзделедi.
      2. Мемлекеттiк органдарда саяси партиялардың ұйымдарын құруға жол берiлмейдi. Мемлекеттiк қызметшiлер лауазымдық мiндеттерiн атқарған кезде заңдардың талаптарын басшылыққа алады және саяси партиялардың, қоғамдық бiрлестiктер мен олардың органдарының шешiмдерiне байланысты болмайды.

      


4-бап. Осы Заңның қолданылуы

      1. Осы Заң барлық мемлекеттiк қызметшiлерге қолданылады, бұған Қазақстан Республикасының Конституциясында, конституциялық заңдарында немесе өзге де заң актiлерiнде олар үшiн өзгедей құқықтық мәртебе белгiленген жағдайлар қосылмайды.


      2. Мыналар:
      1) техникалық қызмет көрсетудi жүзеге асыратын және мемлекеттiк органдардың жұмыс iстеуiн қамтамасыз ететiн адамдар мемлекеттiк қызметшiлерге жатпайды. Мұндай адамдардың тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi;
      2) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң және оның ведомстволарының қызметшiлерi мен техникалық қызметшiлерi мемлекеттiк қызметшiлерге жатпайды.
      

      5-бап. Мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi уәкiлеттi


             орган мен оның аумақтық бөлiмшелерi

      1. Мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi уәкiлеттi орган (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынысты және есеп беретiн, мемлекеттiк қызмет саласында бiрыңғай мемлекеттiк саясатты iске асыруды жүзеге асыратын мемлекеттiк орган, оған мыналар:


      1) мемлекеттiк қызметтi жетiлдiру және оның тиiмдiлiгiн арттыру саласында мемлекеттiк бағдарламаларды әзiрлеуге және iске асыруға қатысу;
      2) мемлекеттiк қызметтi жүзеге асыру үшiн нормативтiк құқықтық базаны жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу, сондай-ақ өз құзыретi шегiнде заңдарда белгiленген тәртiппен нормативтiк құқықтық актiлер қабылдау;
      3) мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдар санаттарына үлгiлiк бiлiктiлiк талаптарын әзiрлеу және бекiту;
      4) мемлекеттiк қызмет персоналы жөнiндегi республикалық дерекқорды, оның iшiнде автоматтандырылған бiрыңғай дерекқорды (ақпараттық жүйенi) қалыптастыруды қоса алғанда, мемлекеттiк қызметтiң кадр құрамы жай-күйiнiң және мемлекеттiк лауазымдардың мониторингiн жүргiзу;
      4-1) мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiн қалыптастыру;
      4-2) мемлекеттiк қызметшiлердi және мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдарға орналасуға кандидаттарды тестiлеу тәртiбiн, бағдарламаларын айқындау, сондай-ақ тестiлеудi ұйымдастыру;
      5) мемлекеттiк қызметшiлердiң еңбегiне ақы төлеу жүйесiн жетiлдiру, оларды әлеуметтiк-құқықтық қорғау жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу;
      6) осы Заңға сәйкес мемлекеттiк қызметшiлер лауазымдарының тiзiлiмiн, сондай-ақ актiлердi әзiрлеу және Қазақстан Республикасының Президентiне бекiтуге ұсыну;
      7) мемлекеттiк органдардың мемлекеттiк қызметшiлер даярлау, қайта даярлау және бiлiктiлiгiн арттыру, оның iшiнде шетелдерде де, мәселелерi жөнiндегi қызметiн үйлестiру;
      8) мемлекеттiк бағдарламалар бойынша мемлекеттiк тапсырысты қалыптастыру мен орналастыруды және мемлекеттiк қызметшiлердi даярлауды, қайта даярлау мен олардың бiлiктiлiгiн арттыруды үйлестiру;
      8-1) мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлерден сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн берiлген тәртiптiк жазаны мерзiмiнен бұрын алып тастауға келiсiм беру;
      9) мемлекеттiк органдардың мемлекеттiк қызмет саласындағы заңдарды сақтауын бақылауды жүзеге асыру;
      9-1) мемлекеттiк қызметшiлердiң қызмет этикасын сақтауын бақылауды жүзеге асыру;
      10) мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымды атқаруға арналған конкурстарды өткiзу тәртiбiн белгiлеу, сондай-ақ конкурстардың дұрыс өткiзiлуiн бақылауды жүзеге асыру;
      10-1) кандидаттың қойылатын бiлiктiлiк талаптарына сай келуi бөлiгiнде мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға тағайындауға келiсу;
      10-2) мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiнiң лауазымдық нұсқаулығын әзiрлеу мен бекiту тәртiбiн айқындау;
      10-3) Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгiмен келiсе отырып, мемлекеттiк органдардың персоналды басқару қызметi (кадр қызметi) туралы үлгiлiк ереженi бекiту;
      11) мемлекеттiк органдардың осы Заңды және өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi бұза отырып қабылдаған шешiмдерiнiң күшiн жою туралы ұсыныстар енгiзу;
      12) мемлекеттiк қызметшiлердiң мемлекеттiк қызмет туралы заңдардың қолданылу мәселелерi бойынша мемлекеттiк органдардың немесе лауазымды адамдардың iс-әрекетi мен шешiмiне жасалған шағымдарын қарау;
      13) осы Заң бұзылған жағдайда сотқа жүгiну;
      14) мемлекеттiк қызмет мәселелерi жөнiндегi халықаралық шарттардың жобаларын дайындауға қатысу;
      14-1) мемлекеттiк органдар көрсететiн қызметтердiң сапасын арттыру жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу;
      15) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiнде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыру жүктеледi.
      2. Мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi органдардың бiрыңғай жүйесiн уәкiлеттi орган мен оған бағынысты аумақтық бөлiмшелер құрады.
      Аумақтық бөлiмшелер өз қызметiн уәкiлеттi орган белгiлеген құзырет шегiнде жүзеге асырады.
      2-1. Уәкiлеттi органның облыстарда, республикалық маңызы бар қалада, астанада тәртiптiк кеңестерi болады, олар туралы ереженi уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi. P990218
      3. Уәкiлеттi орган мен оның аумақтық бөлiмшелерiнiң шешiмдерi бұйрықтар нысанында ресiмделедi.
     

      6-бап. Персоналды басқару қызметi (кадр қызметi)

      1. Персоналды басқару қызметi (кадр қызметi) өз құзыретi шегiнде:
      1) мемлекеттiк органның құрылымдық бөлiмшелерiнiң Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызмет туралы заңнамасын орындауы жөнiндегi қызметiн үйлестiредi;
      2) тәртiптiк, аттестаттау, конкурстық және кадр мәселелерi жөнiндегi өзге де комиссиялардың қызметiн ұйымдастырады;
      3) аттестаттауды және конкурстық iрiктеудi жүргiзу, мемлекеттiк қызметшiлердi қызмет бойынша жоғарылату, мемлекеттiк қызметшiлердi тәртiптiк жауаптылыққа тарту, мемлекеттiк қызметшiлердi қызметiнен босату рәсiмдерiнiң сақталуын қамтамасыз етедi;
      4) кадрларды iрiктеудi ұйымдастырады, мемлекеттiк қызметшiлердiң мемлекеттiк қызметтi өткеруiне байланысты құжаттарды ресiмдейдi;
      5) мемлекеттiк қызметте болуына байланысты шектеулердiң сақталуын қамтамасыз етедi;
      6) мемлекеттiк қызметшiлердiң тағылымдамасын, тәлiмгерлiгiн, қызметiн бағалауды, оқуын, қайта даярлығын (қайта мамандануын) және бiлiктiлiгiн арттыруды ұйымдастырады, мемлекеттiк қызметшiлердi көтермелеу түрлерiн және оларды қолдану тәртiбiн әзiрлейдi;
      7) мемлекеттiк қызметшiлердiң дербес деректерiн, бағалау, аттестаттау және оқудан өту нәтижелерi туралы мәлiметтердi есепке алуды жүзеге асырады;
      8) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
      2. Персоналды басқару қызметi (кадр қызметi) мемлекеттiк органның басқа құрылымдық бөлiмшелерiнен ұйымдық жағынан дербес болады, жауапты хатшыға немесе аппарат басшысына, ал жауапты хатшы және аппарат басшысы лауазымы енгiзiлмеген мемлекеттiк органдарда мемлекеттiк органның басшысына тiкелей бағынады.
      3. Облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада, аудандарда, қалаларда тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктердiң бюджеттерiнен қаржыландырылатын атқарушы органдар үшiн Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес персоналды басқарудың бiрыңғай қызметiн (кадр қызметiн) құруға жол берiледi. Жергiлiктi бюджеттерден қаржыландырылатын облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандық, қалалық атқарушы органдардың персоналды басқарудың бiрыңғай қызметi (кадр қызметi) осы атқарушы органдардың басшыларын тағайындауға құқығы бар адамның шешiмiмен құрылады.
      Орталық мемлекеттiк органның және оның ведомствосының аудандық, қалалық аумақтық бөлiмшелерi үшiн орталық мемлекеттiк органның және оның ведомствосының өңiраралық немесе облыстық аумақтық бөлiмшесiнде персоналды басқарудың бiрыңғай қызметiн (кадр қызметiн) құруға жол берiледi. Аудандық, қалалық аумақтық бөлiмшелердiң персоналды басқарудың бiрыңғай қызметi (кадр қызметi) орталық мемлекеттiк органның және оның ведомствосының өңiраралық немесе облыстық аумақтық бөлiмшесi басшысының шешiмiмен немесе жоғары тұрған органның шешiмiмен құрылады.

2-тарау. Мемлекеттiк қызметшiлердiң құқықтық жағдайы

      


7-бап. Мемлекеттiк қызметшiлер лауазымдарын сыныптау

      1. Мемлекеттiк қызметшiлер лауазымдарының құрамына мемлекеттiк қызметшiлердiң саяси және әкiмшiлiк лауазымдары кiредi.


      2. Мемлекеттiк қызметшiлер лауазымдарының тiзiлiмiн уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi.
      Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлер үшiн лауазымдар санаттары белгiленедi. Мемлекеттiк саяси қызметшiлер үшiн лауазымдар санаттары белгiленбейдi.

      8-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердiң құқықтары

      Мемлекеттiк қызметшiнiң:
      1) Республиканың азаматтарына Қазақстан Республикасының Конституциясымен және заңдарымен кепiлдiк берiлетiн құқықтар мен бостандықтарды пайдалануға;
      2) өз өкiлеттiгi шегiнде мәселелердi қарауға және олар бойынша шешiмдер қабылдауға қатысуға, тиiстi органдар мен лауазымды адамдардың оларды орындауын талап етуге;
      3) белгiленген тәртiппен лауазымдық мiндеттердi орындау үшiн қажеттi ақпарат пен материалдар алуға;
      4) лауазымдық мiндеттердi атқару үшiн белгiленген тәртiппен меншiк нысандарына қарамастан, ұйымдарда болуға;
      5) басшыдан мемлекеттiк қызметшiнiң атқаратын лауазымына сәйкес қызметтiк өкiлеттiк мiндеттерi мен көлемiн дәл белгiлеудi талап етуге;
      6) жеке басының қадiр-қасиетiнiң құрметтелуiне, басшылар, өзге де лауазымды адамдар және азаматтар тарапынан өзiне әдiл және құрметпен көзқарас жасалуына;
      7) өзi атқаратын лауазымға жұмыс сапасына, тәжiрибесiне және осы Заңда белгiленген өзге де негiздерге қарай ынталандырылуына және еңбегiне ақы төленуiне;
      8) тиiстi бюджет қаражаты есебiнен қайта даярлануға (қайта мамандануға) және бiлiктiлiгiн арттыруға;
      8-1) мемлекеттiк орган оны Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жоғары оқу орнынан кейiнгi бiлiм беру бағдарламалары бойынша мемлекеттiк тапсырыс шеңберiнде оқуға немесе тағылымдамаға жiберген жағдайда жұмыс орнының (лауазымының) сақталуына;
      9) өзiнiң мемлекеттiк қызмет өткеруiне қатысты материалдармен кедергiсiз танысуға, қажет болған жағдайларда жеке түсiнiктеме беруге;
      10) бiлiктiлiгi, қабiлетi, сiңiрген еңбегi және өзiнiң қызметтiк мiндеттерiн адал орындауы ескерiле отырып, қызметi бойынша жоғарылауға;
      11) қызметшiнiң пiкiрiнше негiзсiз айып тағылған жағдайда қызметтiк тексеру жүргiзiлуiн талап етуге;
      11-1) өзiне мәлiм болған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтың анық жағдайлары туралы өзi жұмыс iстейтiн мемлекеттiк орган басшылығының назарына немесе құқық қорғау органдарына жеткiзген жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқықтық және өзге де қорғалуға;
      12) еңбегiнiң қорғалуына, денсаулығының сақталуына, қауiпсiз және жоғары өнiмдi жұмыс iстеуi үшiн қажеттi еңбек жағдайына;
      13) әлеуметтiк және құқықтық қорғалуға;
      14) мемлекеттiк қызметтен өз қалауы бойынша босауға;
      15) зейнетақымен және әлеуметтiк қамсыздандырылуға;
      16) жоғары тұрған мемлекеттiк органдар мен лауазымды адамдарға мемлекеттiк қызметтi жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар енгiзуге құқығы бар.
      9-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердiң негiзгi мiндеттерi

      1. Мемлекеттiк қызметшiлер:


      1) Республиканың Конституциясы мен заңдарын сақтауға;
      2) Қазақстан Республикасының Президентi бекiткен тәртiппен мемлекеттiк қызметшiнiң антын беруге;
      3) азаматтар мен заңды тұлғалар құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерiнiң сақталуын және қорғалуын қамтамасыз етуге, заңдарда белгiленген тәртiп пен мерзiмде азаматтардың өтiнiштерiн қарауға, олар бойынша қажеттi шаралар қолдануға;
      4) өзiне берiлген құқықтар шегiнде және қызмет мiндеттерiне сәйкес өкiлеттiгiн жүзеге асыруға;
      4-1) лауазымдық өкiлеттiктерiн жүзеге асыру кезiнде бейтарап және саяси партиялардың, дiни және өзге де қоғамдық бiрлестiктердiң қызметiнен тәуелсiз болуға;
      5) мемлекеттiк тәртiп пен еңбек тәртiбiн сақтауға;
      6) өзiне заңда белгiленген шектеулердi қабылдауға;
      7) қызмет этикасы нормаларын сақтауға;
      8) басшылардың бұйрықтары мен өкiмдерiн, жоғары тұрған органдар мен лауазымды адамдардың өз өкiлеттiгi шегiнде шығарған шешiмдерi мен нұсқауларын орындауға;
      9) мемлекеттiк құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де  құпияны сақтауға, оның iшiнде мемлекеттiк қызметтi тоқтатқаннан кейiн де, заңмен белгiленген белгiлi бiр уақыт iшiнде, ол жөнiнде қолхат бере отырып сақтауға;
      10) қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде алған, азаматтардың жеке өмiрiн, ар-намысын және қадiр-қасиетiн қозғайтын мәлiметтердi құпия сақтауға және олардан, заңдарда көзделген жағдайларды қоспағанда, мұндай ақпарат берудi талап етпеуге;
      11) мемлекеттiк меншiктiң сақталуын қамтамасыз етуге, өзiне сенiп тапсырылған мемлекеттiк меншiктi тек қызметтiк мақсатта пайдалануға;
      12)
      12-1) өздерiне мәлiм болған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жағдайлары туралы өздерi жұмыс iстейтiн мемлекеттiк орган басшылығының назарына немесе құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға;
      13) қызметтiк мiндеттерiн тиiмдi атқару үшiн өзiнiң кәсiби деңгейi мен бiлiктiлiгiн арттыруға;
      14) оқуды аяқтағаннан кейiн өздерiн жоғары оқу орнынан кейiнгi бiлiм беру бағдарламалары бойынша мемлекеттiк тапсырыс шеңберiнде оқуға жiберген мемлекеттiк органда, сондай-ақ мемлекеттiк қызметте тiкелей жұмысты өтеуге мiндеттi. Оқу және жұмысты өтеу мерзiмдерi уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн Мемлекеттiк қызмет өткеру тәртiбi туралы ережеде айқындалады.
      2. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң осы Заңда белгiленген негiзгi мiндеттерiнен туындайтын нақты мiндеттерi бiлiктiлiк талаптар негiзiнде айқындалады және қызметтiк нұсқаулықтарда көрсетiледi.
      Лауазымдық нұсқаулықтарды мемлекеттiк органның басшысы немесе ол уәкiлеттiк берген лауазымды адам, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда өзге де адамдар бекiтедi.
      10-бап. Мемлекеттiк қызметте болуға байланысты
               шектеулер

      1. Мемлекеттiк қызметшiнiң:


      1) өкiлдi органдардың депутаты болуға;
      2) педагогтiк, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметтi қоспағанда, басқа да ақылы қызметпен айналысуға;
      3) кәсiпкерлiк қызметпен айналысуға, соның iшiнде, егер коммерциялық ұйымды басқаруға тiкелей қатысу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес оның қызметтiк мiндетiне кiрмейтiн болса, егер "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы" Қазақстан Республикасының Заңында өзгеше белгiленбесе, ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан, коммерциялық ұйымды басқаруға қатысуға;
      4) үшiншi тұлғалардың iстерi бойынша өзi қызмет iстейтiн не өзiне тiкелей бағынысты немесе өзiнiң бақылауындағы мемлекеттiк органда өкiл болуға;
      5) өзiнiң қызметтiк iс-әрекетiн материалдық-техникалық, қаржылық және ақпараттық қамтамасыз ету құралдарын, басқа да мемлекеттiк мүлiк пен қызметтiк ақпаратты қызметтiк емес мақсатта пайдалануға;
      6) ереуiлдердi қоса алғанда, мемлекеттiк органдардың қалыпты жұмыс iстеуiне және қызметтiк мiндеттердi орындауға кедергi келтiретiн әрекеттерге қатысуға;
      7) лауазымдық өкiлеттiгiн орындауға байланысты азаматтар мен заңды тұлғалар көрсететiн қызметтi жеке мақсатына пайдалануға құқығы жоқ.
      2. Мемлекеттiк қызметшi қызметке кiрiскеннен кейiн бiр ай iшiнде, осы адамға заңды түрде тиесiлi ақшаны, сондай-ақ мүлiктiк жалдауға берiлген мүлiктi қоспағанда, коммерциялық ұйымдардың жарғылық капиталындағы, өзiнiң меншiгiндегi үлестердi, акцияларды (акцияны) және пайдаланылуы табыс алуға әкелетiн өзге де мүлiктi мемлекеттiк қызметтi өткеру уақытына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен сенiмгерлiк басқаруға беруге мiндеттi. Мүлiктi сенiмгерлiк басқаруға арналған шартты нотариат куәландыруға тиiс. Мемлекеттiк қызметшi мүлiктi сенiмгерлiк басқаруға арналған шарттың нотариат куәландырған көшiрмесiн нотариат куәландырған күннен бастап он күн мерзiмде жұмыс орны бойынша персоналды басқару қызметiне (кадр қызметiне) ұсынады. Мемлекеттiк қызметшiлердiң мүлiктi сенiмгерлiк басқаруға беру қағидаларын Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
      Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң мүшелерiн, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасы мен мүшелерiн қоспағанда, мемлекеттiк қызметшiлердiң өздерiне тиесiлi облигацияларды, ашық және аралық инвестициялық пай қорларының пайларын сенiмдi басқаруға бермеуiне болады.
      Мемлекеттiк қызметшiнiң сенiмгерлiк басқаруға берiлген мүлiктен кiрiс алуға құқығы бар.
      Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң мүшелерiн, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасы мен мүшелерiн қоспағанда, мемлекеттiк қызметшiлер тұрғын үйлерiн мүлiктiк жалдауға беруге құқылы.
      2-1. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң Төрағасы мен оның орынбасарлары аталған лауазымдарға тағайындалған күндерiнен бастап бiр ай мерзiмде өздерiне тиесiлi инвестициялық қорлардың пайларын, облигацияларды және коммерциялық ұйымдардың акцияларын сенiмгерлiк басқаруға беруге және оларды сенiмгерлiк басқаруға арналған, нотариат куәландырған шарттың көшiрмесiн Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң кадр қызметiне ұсынуға мiндеттi.
      Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң Төрағасы мен оның орынбасарлары инвестициялық қорлардың пайларын, облигацияларды, коммерциялық ұйымдардың акцияларын сатып алуға құқылы емес.
      3. Заңдарда көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттiк қызметшiге өзiнiң жақын туыстары ата-аналары, балалары, бала асырап алушылар, асырап алған балалар, ата-анасы бiр және ата-анасы бөлек аға-iнiлерi мен апа-сiңлiлерi, аталары, әжелерi, немерелерi) немесе ерi (зайыбы) атқаратын қызметке тiкелей бағынысты лауазым атқаруына болмайды.
      3-1. Мемлекеттiк қызметшiлердiң жақын туыстары мен жекжаттарына (жұбайлардың аға-iнiлерiне, апа-сiңлiлерiне, ата-аналары мен балаларына) қатысты лауазымдық өкiлеттiктерiн жүзеге асыруына Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен шектеулер көзделуi мүмкiн.
      4. Мемлекеттiк қызметке:
      1) белгiленген тәртiппен әрекетке қабiлетсiз немесе әрекетке қабiлетi шектеулi деп танылған;
      2) сот белгiлi бiр мерзiм iшiнде мемлекеттiк лауазымдар атқару құқығынан айырған;
      3) бiлiктiлiк талаптарында тиiстi қызметтердi атқару үшiн денсаулық жағдайына арнаулы талаптар белгiленген реттерде медициналық мекеменiң қорытындысына сәйкес лауазымдық өкiлеттiктi орындауға кедергi келтiретiн науқасы бар;
      4) өзiнiң мәртебесiн және соған негiзделген беделiн жеке басылық, топтық және өзге де қызметтiк емес мүдделерге пайдалануға алып келуi ықтимал әрекеттерге жол бермеу мақсатында өзiне заңмен белгiленген шектеулердi қабылдаудан бас тартқан;
      5) мемлекеттiк қызметке кiрер алдында үш жыл iшiнде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн тәртiптiк жауаптылыққа тартылған адамды қабылдауға болмайды. Бұл ретте, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн жұмыстан босатылған адам мемлекеттiк қызметке жiберiлмейдi;
      6)

      6-1) мемлекеттiк қызметке кiргенге дейiн үш жыл iшiнде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн сот тәртiбiмен әкiмшiлiк жаза қолданылған;


      6-2) сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған;
      6-3)

      7) мемлекеттiк қызметке кiру уақытына өтелмеген немесе заңда белгiленген тәртiппен алынбаған соттылығы бар;


      7-1) ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасағаны үшiн бұрын сотталған немесе қылмыстық жауаптылықтан ақталмайтын негiздер бойынша босатылған;
      8) сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы сақтау нысанасына арнайы тексеруден өтпеген;
      9) ұйымдасқан топтың, қылмыстық қоғамдастықтың (қылмыстық ұйымның), трансұлттық ұйымдасқан топтың, трансұлттық қылмыстық қоғамдастықтың (трансұлттық қылмыстық ұйымның) немесе тұрақты қарулы топтың (банданың) құрамында қылмыс жасаған;
      ұйымдасқан топтың, қылмыстық қоғамдастықтың (қылмыстық ұйымның), трансұлттық ұйымдасқан топтың, трансұлттық қылмыстық қоғамдастықтың (трансұлттық қылмыстық ұйымның) немесе тұрақты қарулы топтың (банданың) құрамындағы қылмыс туралы оған қатысты қылмыстық iстi қылмыстық қудалау органы немесе сот тоқтатқан не Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi Ерекше бөлiмiнiң тиiстi бабында көзделген бас бостандығынан айыру түрiндегi жазаның төменгi шектегi мерзiмi өткенге дейiн ақталмайтын негiздер бойынша қылмыстық iс қозғаудан қылмыстық қудалау органы бас тартқан адамды қабылдауға болмайды.

жүктеу 407,75 Kb.

Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©g.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
рсетілетін қызмет
халықаралық қаржы
Астана халықаралық
қызмет регламенті
бекіту туралы
туралы ережені
орталығы туралы
субсидиялау мемлекеттік
кеңес туралы
ніндегі кеңес
орталығын басқару
қаржы орталығын
қаржы орталығы
құрамын бекіту
неркәсіптік кешен
міндетті құпия
болуына ерікті
тексерілу мемлекеттік
медициналық тексерілу
құпия медициналық
ерікті анонимді
Бастауыш тәлім
қатысуға жолдамалар
қызметшілері арасындағы
академиялық демалыс
алушыларға академиялық
білім алушыларға
ұйымдарында білім
туралы хабарландыру
конкурс туралы
мемлекеттік қызметшілері
мемлекеттік әкімшілік
органдардың мемлекеттік
мемлекеттік органдардың
барлық мемлекеттік
арналған барлық
орналасуға арналған
лауазымына орналасуға
әкімшілік лауазымына
инфекцияның болуына
жәрдемдесудің белсенді
шараларына қатысуға
саласындағы дайындаушы
ленген қосылған
шегінде бюджетке
салығы шегінде
есептелген қосылған
ұйымдарға есептелген
дайындаушы ұйымдарға
кешен саласындағы
сомасын субсидиялау