Жаңа заманның бесік жыры мынадай екен:
Әлди, әлди, ақ бөпем,
Коляскаңда жат бөпем.
Жылама, бөпем, жылама,
Пісте шағып берейін.
Кел, басыңның үстіне,
Кепка тағып берейін.
Әпер деген затыңды,
Жылдам алып берейін
Тұлпар аламын десең,
Велосипед аласың.
Велосипед әперсем,
Қарамайсың, қашасың.
Ал енді сен тезірек,
Ұйықтай ғой-шы ақ бөпем.
Коляскаңа жат , бөпем,
Сен бизнесмен боласың,
Котэдж үйде тұрасың.
Айналайын, қарағым,
Өскенде бізді бағасың.
Ғылыми жұмысыма зерттеу жүргізе отырып, байқағаным, қазақ ақындары ішінде «Бесік жырын» гаухар жырларына қосқан ақындар да жеткілікті екен , олардың бірнешеуі назарға ұсынсам:
«Бесік жыры»
Ұйықтасын деп бөбегін,
Домбыраның қос шегін
Жамбыл бабаң қағады,
Қаққан сайын өлеңі,
Бұлақтайын ағады...
Жамбыл Жабаев
«Бесік басында»
Ұқсайды бар тыныштық жер бетінде,
Ұйқыдағы сәбидің келбетіне.
Ояту былай тұрсын, рұқсат жоқ
Ұйықтап жатқан ұлымды тербетуге.
Мұқағали Мақатаев
«Бесік жыры»
Әлди, әлди, әлпешім!
Ұйықта деймін, ұйықтайсың.
«Мә-мә» берсем қайтесің,
Ұйықта десем, ұқпайсың.
Жоқсың бүгін көз ілген,
Көп ісімнен бөгедің.
Жаудыраған көзіңнен!..
Ұйықтай қойшы, бөбегім.
Әлди,әлди, әлди-ді,
Әлди біздің қалғиды.
Қасым Аманжолов
«Әлди, әлди бөпешім»
Әлди, әлди бөпешім,
Әнімді айтып берейін.
Аялап, сені жүрейін,
Өскеніңді, көрейін.
Айгүл Сағымбайқызы
Бұл өлеңдерінің тәлім-тәрбиелік мәні де, негізгі идеясы да-сәбиді өскенде ел адамы болуға, ерлікке, мықтылыққа, қайраттылыққа баулу болып келіп халық ауыз әдебиетіндегі идея тереңдігімен үндесіп жатыр.
Зерттеу жұмысымда «Бесік жырын» әуенге қосып та айтып жүрген әнші аға-апаларымды да аңғарған болатынмын: Жазира Байырбекова, Алтынай Жорабаева, «Бәйтерек» тобы, Мейрамбек Беспаев, Қарақат Әбілдина тағы басқалары. Мені бір мазалайтыны, бұл әндерді қазіргі жастарымыз тыңдамайды, қызығушылық жоқ, өйткені, үйде, отбасында бесік жыры айтылмайды, насихат жоқ және де бесік жырын айтатын әжелер де азайып бара жатырған іспетті. Бұл ойлантарлық күрделі мәселе.
Менің әжем:
Қызым менің қайда екен,
Қыздарменен тойда екен,-деп немесе
Бөпем менің қайда екен?
Қыздарменен тауда екен,
Тауда неғып жүр екен?
Алма теріп жүр екен,
Қызыл алма қолында
Қыздар оның соңында,
Жүгіріп-жүгіріп жүр екен,-десе,енді бірде
Біздің үйде бір қыз бар
Маңдайында жұлдыз бар
Алайын десем иті бар ,
Балағының биті бар, -деп өзі өмірден түйген бесік жырымен бір немересін бесікке бөлесе, бір немересін аяғына жатқызып әлдилеп ұйықтатып жатады. Қандай мейірім, қандай жылулық?! Керемет! Немерелері болса, «тағы айтшы, әже, тағы »деп қызығушылықпен тыңдап, былдырлап жатып ұйықтап кетеді. Осы орайда мен, болашақ ұрпақ, қоғамның білімді жасөспірімі ретінде бесік жырының сазымен өніп-өскен нәресте соңғы кезде тәрбиесі қиындап бара жатырған ұл-қыздарымызды азайтар еді деген үн қосқым келеді.
Достарыңызбен бөлісу: |