Пәні мен нысаны : Мағжан Жұмабаевтың көптомдық шығармалар жинағы, З.Қабдоловтың «Сөз өнері» кітабын басшылыққа алдым.
Ғылыми жобаның мақсаты:
1. Мағжан атамыздың «Бесік жыры» өлеңі арқылы халқымыздың ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан салт-дәстүрі екенін дәлелдеу.
2. Бесік жырына қатысты мағлұматтарды жинақтап, балаға берілетін алғашқы тәрбие екендігін көрсету.
3. Ұмытылып бара жатырған бесік жырының бала өміріндегі мәнін, маңыздылығын, пайдасын ашып түсіндіру.
Ғылыми жобаның міндеттері:
1. М.Жұмабаевтың «Бесік жыры» өлеңін талдау.
2. Халық дәстүрінің тәрбиелік мәнін ұғыну.
4.Бесік жыры туралы ақын-жазушылар, сазгер-әншілердің еңбектерімен таныстыру.
5.Жиналған зерттеулердің нәтижесін қорытындылау.
Ғылыми жобаның өзектілігі:
Мағжан өлеңдерінде жырланған құнды ойлар қаншама уақыт өтсе де негізгі мәнін жойған жоқ. Күні бүгін бүкіл ұлтымызды, тіпті, жалпы адамзатты ойлантар мәселе болып отыр. Оның бір дәлелі «Бесік жыры» өлеңінде жатыр. Мағжан туындысындағы бесік жыры халық дәстүріндегі бесік жыры секілді, ұлттық тәрбиенің кәусар бұлағы, баланың алғаш еліне, жеріне деген сүйіспеншілік сезімінің қалыптасу кілті деуге болады. Сондықтан мен аналарға, әжелерге халқымыздың ұмытылып бара жатырған «Әлди-әлди, ақ бөпем, ақ бесікке жат...» деп ата-бабамыз айтып кеткен өнегесі, дәстүрінің өзектілігін назарға алуды жөн көрдім.
Ғылыми жобаның әдіс-тәсілдері: Жинақтау,топтау,баяндау,өзіндік ой қорыту, салыстыру,түсіндіру
Нәтижені талқылау: М.Жұмабаевтың «Бесік жыры» өлеңі халқымыз, болашақ жастар үшін тәрбие, үлгі-өнеге,салт-дәстүр жалғасы, ұсыныс енгізу
Жоспары:
І Кіріспе:
Мағжан армандаған ұлттық тәрбие.
ІІ Негізгі бөлім:
1. «Бесік жыры» өлеңінің көркемдік ерекшелігі, тұрмыс салт-жырларымен үндестігі.
2. Халық ауыз әдебиетіндегі бесік жыры - балаға берілетін алғашқы тәрбие.
3. Жаңа заманның бесік жыры
4. «Бесiк жыры» –қазақ ақындары туындыларында және қазіргі қазақ эстрада өнерінде.
5.Әжем айтқан бесік жыры
ІІІ Қорытынды:
Бесік жырының маңызы,өзектілігі
Сөз өнерінің құйма құлақ, ерекше талант иесі, қазақ поэзиясының ірі суреткері, аса дарынды ақиық ақын, сөнбес жанартау, сөз шебері - Мағжан Жұмабаев. Бұл айшықты сөздер ақын атамызға лайық деп есептеймін. Өйткені, Мағжан армандаған жаңашылдық мен ұлттық тәрбие мәселелері бүгінгі күні өзекті сипатқа ие болып отыр. Мектебіміз түгіл, отбасылық тәрбиемізге де кіріп алған өзге жұрттың тәрбиесі ұрпағының келешегіне кесірін тигізерін Мағжан күні бұрын білді. Ата-бабамыздан мирас рухани байлыққа үстірт қараудан ақын бізді әбден сақтандырған. М.Жұмабаев ұлттық тәрбиенің мақсаты мен міндетін белгіледі. Ұлттық тәрбие мақсаты- ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, ұлттық мүдденің өркендеуіне үлес қоса алатын ұлттық құндылықтар мен жалпы адамзаттық құндылықтарды өзара ұштастыра алатын ұлтжанды тұлғаны тәрбиелеу, ал ұлттық тәрбие міндеті- ұлттық тәрбиенің діңгегі- ана тілі болып қалатынын негіздеу екендігіне айрықша тоқталады. Ана тілі мен тарихын, мәдениеті мен ділін, салт-дәстүрі мен дінін құрметтеуде жастардың ұлттық интеллектуалдық мінез-құлқын қалыптастырудың жолдарын көрсетеді. Қазақ халқы арыстанның айбатын, жолбарыстың қайратын, қыран құстың қырағылығын дәріптеген. Жастар бойынан осындай ұлттық ерекшелікке тән қасиеттерді көрсем деген ақын «Мен жастарға сенемін» деп болашақ жастарға сенім білдіреді. Ұлттық тәрбие барысында ұлттық сананы қалыптастыру ең маңызды шарттардың бірі. Бүгінгі күннің шешімін табуда кезек күттірмейтін мәселелердің бірі де жастардың ұлттық санасын оятып, жат діни ағымдарға кіріп кетпеуін, шетелге еліктеп ұлттық санасының өшпеуін қадағалау. Мұндай тұлғаға қойылатын бірінші кезектегі нақты талаптар – білімділік, рухани сауаттылық, жоғары интеллектілік, кәсіби сауаттылық. Жеке тұлға ретінде жан-жақты дамуын, өзіндік көзқарасының қалыптасуы және ой-өрісінің кеңеюін қамтамасыз ету жолында салт-дәстүрін дәріптейтін жастардың азаюы басты назарда тұрған мәселе... Мағжан өз шығармаларында ұлттық психологияны қалыптастыруды да көлемді түрде сөз етедi. Ол жан көрiнiстерiн «бiлу, яки ақыл, сезiм яки көңiл, һәм қайрат» деп үшке бөлiп қарастырады.
М.Жұмабаев: “Адамның әдемiлiктi сүю сезiмiн тереңдететiн де осы есту сезiмi”, – дей келiп, оларды дұрыс жетiлдiрудiң жолдарын көрсетедi. Бұларды жетiлдiруде ұлттық дәстүрге сүйене отырып жүргiзудi, мәселен, құлынның кiсiнеуiн, қойдың маңырауын, түйенiң боздауын ажырата бiлу арқылы тәрбиелеудi ұсынады. Жанартау ақын ұлттық тәрбие беруде халықтың бай ауыз әдебиетін оқытудың маңыздылығын түсіндірді. Мағжан қазақ әдебиетінің қалыптасуында ежелгі сақ, ғұн, түрік, қыпшақ дәуірінен бастау алған ауыз әдебиетінің роліне ерекше наза аударған. Халқымыздың аса бағалы рухани байлығы деп бағалап, оны сақтауға ерекше мән берген. Мағжан бала тәрбиесінде фольклорды пайдалануының бір себебі -халық ауыз әдебиетін халықтың санасын оятып, сол арқылы әлеуметтік орта мен қоғамдағы орын алып отырған келеңсіздікке қарсы күрестің құралы деп түсінді. Ақынның 20-30 жылдары жарық көрген «Батыр Баян», «Оқжетпестің қиясында», «Қойлыбайдың қобызы», «Қорқыт», «Ертегі», «Қанышбай қысасы» поэмалары арқылы қазақ әдебиетінің генетикалық нәрі ұлттық қайнарда жатқандығын дәлелдейді. Әдебиеттің генетикалық нәрі ғана ұлттық қайнарда жатқаны емес, ұрпақ тәрбиесінің де түбірі сонда жатқандығын негіздейді. Біздің халқымыздың бала тәрбиесіндегі ерекшелігі - ежелден қалыптасқан ауыз әдебиетінің түрі боп саналатын бесік жырында.
2. Ақын Мағжан біз оқып жүрген халық тұрмысы, өмірі туралы өлеңдерінде ұлтының,яғни қазақ халқының салт-дәстүрін өрбітіп, дамытады. Жалпы қоғамдағы адам орны жайындағы ой топшылауы бірнеше өлеңдерінде молынан көрінеді. Сол туындыларының ішінде менің назарымды аударған, ғылыми жобамның өзекті мәселесі етіп таңдап алған ақының “Бесік жыры» өлеңінің тәрбиелік мәні болып отыр.
Мағжан Жұмабаевтың қазақ халқының тұрмыс – салт жырының бір түрі бесік жырының үлгісінде жазылған «Бесік жыры» өлеңінен мейірімді ананың нәрестесіне деген ыстық сезімі мен ақ тілегін аңғарамыз. Жалпы кез - келген шығармада ең алдымен тақырып болатыны сөзсіз. Шығарманың иесі сан - алуан ойларының ішінен біреуін ғана негізгі ойының қазығы етеді. Сол ой шығарманың тақырыбы болып табылады. Әдеби шығарманың тақырыбы – өнер туындысының іргетасы. Әдеби шығарма белгілі дәуірдегі қоғамдық шындықтың сәулесі. Ал, идея дегеніміз - автор осы тақырып арқылы шындық өмір көріністерін суреттегенде, оны өз көзқарасы, өз дүниетанымы тұрғысынан бейнелейді. Бұл өлеңнің тақырыбы- тұрмыс – салт жырының бір түрі бесік жырына арналса, идеясы- ұлттық педагогикамыздың бір тармағы жаңа туған сәбиді бесікке бөлеу мен бесік жырын дәріптеу.
Өлең - көптеген компоненттерден құралатын бір тұтас шығарма. Сол көптеген бөлшектердің бірі – шумақ. Мағжан Жұмабаевтың «Бесік жыры» өлеңі 16 шумақты болып келген. Бұл өлеңнің әр шумағы алты жолдан, яки 6 тармақтан тұрады. Себебі, тармақ дегеніміз- өлеңнің әр жолы. Бунақ - белгілі бір дауыс ырғағымен бөлінуі. Бұл өлең 1,2 бунақты.Өлеңнің бірінші тармағы:
Күнім, / айым, / - 2 бунақты,
Еркетайым, / - 1 бунақты,
Бөлейін енді / - 2 бунақты,
Буын саны - сөздің құрамындағы дауысты дыбыстардың санына байланысты. «Бесік жыры» өлеңі 4 – 5 буынды.
Жұмсақ бесік,
Жылы төсек,
Жата ғой, қозым.
Мағжан Жұмабаев поэзиясында 4 буынды өлең өлшемдері көптеп кездеседі. «Бесік жыры» өлеңінен басқа «Қайың», «Жұмбақ» өлеңдері де төрт буынды, 1 – 2 бунақты болып келеді.
Ұйқас – өлең жолдарын біріктіріп, белгілі бір үйлесімде ұстап тұратын өлең бірлігі. «Бесік жыры» өлеңінің ұйқасы а - а - б болып келеді.
Мініп тұлпар, а
Алып сұңқар, а
Тауға кетерсің. б
Ақынның «Бесік жыры» өлеңі 6 тармақты, 4 – 5 буынды, 1 – 2 бунақты, ұйқасының а - а - б болып келуі - Мағжанның қазақ әдебиетіне әкелген өзіндік жаңалығы. Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы «Сегіз аяқ» өлеңі арқылы төл әдебиетімізге сегіз аяқ деген ұйқас енгізген болса, Мағжанның 6 тармақты, 4 – 5 буынды өлеңдерін алты аяқ ұйқасына құрылған шығармалар деп атауға негіз бар сияқты.
Қайталау -белгілі бір ұғымға назар аударту үшін бір сөзді не сөйлемді қайта – қайта айту. «Бесік жыры» өлеңінде қайталаудың анафора мен эпифора деген түрлері кездеседі. Анафора –өлең тармақтарында белгілі бір сөз не сөз тіркесінің жол басында қайталануы. Эпифора -өлең тармақтарында белгілі бір сөз не сөз тіркесінің жол аяғында қайталануы.
Құлыншақтар,
Қозы, лақтар –
Бәрі – ақ ұйқыда.
Сен – жұлдызым,
Сен – көз нұрым,
Кір тәтті ұйқыға ... деген бір шумақта қайталаудың анафора мен эпифора деген түрлері кездессе,
Беу – беу, бөпем,
Беу – беу, бөпем,
Әлди, әлди – ай!
Сәулем, еркем,
Күні ертең
Толарсың сен ай... деген шумақтың бірінші және екінші тармағы анафора мен эпифорадан құрылған. Бұл да - ақынның қазақ әдебиетіне әкелген жаңалығы.
.Мағжан Жұмабаевтың «Бесік жыры» өлеңі өне бойы айшықты сөздерге, троптың метафора және метонимия секілді түрлеріне өрілген. Троп дегеніміз – сөзді тура мағынада емес, бұрма мағынасында, әсірелеп, әдемілеп беру. Метафора (грек metaphora – ауыстыру) – троптың (құбылтудың) бір түрі. Құбылыстар мен заттардың ұқсастық белгілері негізінде астарлы мағынада қолданылуы. Қазақ халқының ірі ғалым лингвисі, қазақ әдебиеті теориясының негізін қалаушы, аудармашы, түрколог, ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынов өзінің әйгілі «»Әдебиет танытқыш» деген еңбегінде метафораны ауыстыру деп келтіреді. Мағжан ақынның «Бесік жырындағы» ана сәбиінен небір айшықты сөздермен толғанады.
1.«Күнім, айым,
2.Жұмсақ бесік,
Еркетайым,
Жылы төсек,
Бөлейін енді.
Жата ғой, қозым.
3. Сая жаным,
4. Қуанып қалқам,
Балапаным,
Ерке марқам,
Соқсын дауыл, жел.
Қысып сүйермін,
5.Ұйқың тәтті,
6.Сен – жұлдызым,
Ұйқың қатты,
Сен – көз нұрым,
Қозым, құлыным.
Кір тәтті ұйқыға. - деп ана сәбиін « Күнім, айым, балапаным, ерке марқам, қозым, құлыным, жұлдызым, көз нұрым, қарашығым » деген метафоралармен еркелетіп қана қоймайды,«жас бөрім, сырттаным, арыстаным, жас жолбарыс » деп ана баласының « арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты », жауынан тайсылмайтын, елі үшін атқа қонатын батыр болатынына үміт артады.
7.Сен еріме,
8.Алмас қылыш,
Жас бөріме,
Найза құрыш,
Қарсы кім тұрар?
Белге буарсың.
9.Сен, сырттаным, .
10. Жас жолбарыс,
Арыстаным,
Жаумен алыс,
Жауды қуарсың
Шаңға, қанға бат.
Бұл жоғарыдағы зерттеуде ақын шығармасы көркемдік ерекшелігі жағынан биікте тұрғаны, ақынның өлең құрылысына енгізген жаңалығын көруге болады.
Балапаным,
Соқса дауыл, жел
Болма алаң
Сүйген анаң
Сақтар, анық біл..- деп нәрестесін қорықпауға, батыр болуға шақырса,
Қуып бақыт,
Тілеп тақыт,
Жолдар шегерсің,-деп болашағынан зор үміт күтеді.
Сен, сырттаным,
Арыстаным,
Жауды қуарсың,-деп ерте жастан батырлыққа баулиды.
Жаным да сен,
Тәнім де сен,
Қарашығым-ай!-деген тармақтарда ананың баласы үшін кез-келген уақытта болмасын алаңдайтынын ақын дәл жеткізген. Жалпы, ақын өлеңінде нәрестені « қозым, бөпем, күнім, айым, жұлдызым » десе, тұрмыс-салт жырларында
Көлге біткен құрағым,
Маңдайдағы жұлдызым,
Суда жүрген құндызым-деп еркелетеді.
Ақынның тағыда:
Тайға мінерсің,
Түлкі тымақ киерсің..» -деп ұлынан үлкен үміт күтсе, ауыз әдебиетіндегі бесік жырында да:
Бармақтарың майысып,
Түрлі ою ойысып,
Шебер болар ма екенсің?!
Таңдайларың тақылдап,
Сөзіңді жұрт мақұлдап,
Шешен болар ма екенсің?!- осындай үндес жолдар кездеседі.
Бұл өзімнің ойым бойынша ақын өлеңі мен тұрмыс-салт жырларындағы бесік жырының мақсаты, тәрбиелілігінің бір мүддеге келіп шоғырланатынын анық аңғаруға болады.
Ал,халық ауыз әдебиетіндегі бесік жыры жөнінде көптеген мәліметтерді оқып, зерттеп, тың дүниелерді меңгерген болатынмын.
Бесік жыры тұрмыс салт жырларының көне түрінің бірі екендігін ауыз әдебиетінен білеміз. Бірақ мен зерттеу барысында мына қызықты аңыздарды оқып отырып, таң қалдым:
Діни аңыздарда бесік жырын ең алғаш орындаған Хауа ана деп айтылады. Бірде ол егіз ұлын жұбата алмай, қиналып отырады. Сол кезде көктен жеті періште түсіп: «Алла, Алла, Алла», – деп, Алланың атын әдемі әуезге салып әндетеді. Әдемі әуенге елтіген Хауаның бөбектері жұбанып, тәтті ұйқыға кетеді. Ән анасына да ұнап қалады. Ол періштелерге: Маған да үйретіңдер, – деп өтінеді. Періштелер Хауаға жеті күн бойы әлди әуендерін үйретіпті.
Кейін Хауа ана өзінің барлық балаларын сол әнмен тербетуді әдетке айналдырады. Бұл әуез дами келе, бесік жырына айналған екен. Қазақтағы «Әлди, әлди, әлди-ай» деп басталатын бесік жырының төркіні Хауа ананың «Алла, Алла, Алла-ай» деген әуеннен шыққан деседі.
Ертеде бесік жырын үйретудің арнайы мектебі болыпты. Бесік жырының мазмұнына, әуезіне қатты мән берілген. Тәжірибелі аналар оның иләһи мазмұндарын таза сақтап, келіндеріне үйретіпті. Бесік жыры жайлы «Алла-наме», «Әлдинаме» деген ескіше жазылған кітаптардың да болғанын айтады. «Аналар әлдисіз жасай алмас» деген нақыл сөз содан қалған дейді.
Осыған орай, мен ғасырлар сүзгісінен өткен, терең мазмұндағы, мағынасы, мәні жағынан әлемдік классикалық бесік жырларымен теңесе алатын бесік жырларын ұсынғым келіп отыр:
Менің балам осы ма?
Басында бақыт құсы ма?
Ғайып ерен қырық шілтен
Бөбегімнің досы ма?
Әлди, әлди, әлди-ай...
Әлди, бөпем, құт бөпем,
Бұл сөзімді ұқ, бөпем.
Лә иләһә иллала
Көкейіңе тұт, бөпем.
Әлди, әлди, әлди-ай...
Бесік жырының құдіреті жайлы ел ішінде тағыда мынадай ғибратты аңыз сақталғанын да айта кетуді жөн көрдім:
Ертеде бір зұлым патша болыпты. Ол қанша жерден шаттанып өмір сүргісі келсе де, ылғи көңілін езіп тұратын түсініксіз дерттен айыға алмапты. Бәлкім, ән-күй тыңдасам, дертімнен айығармын деген дәмемен аймақтағы атақты әнші-күйшінің бәрін сарайға жинайды. Көмейіне бұлбұл ұя салған неше түрлі жез таңдай әншілер жарыса ән шырқайды. Бірақ бірде-бір әуен патшаның шер қатқан қатал жүрегін жібіте алмайды. Көңіліндегі мерезінен айыға алмаған әмір бәрін зынданға тастайды. Сол кезде бір әншінің анасы келіп, патшадан ұлын босатуын сұрайды. Патшаның қабағына мұз қатып, ашуланып отыр екен. Ол:
– Ұлың менің жүрегімді жібіткенде, мен оны зынданға тастамас едім. Бойыма шаттық сыйлап, көңілімді жібіте алмады. Жүрегіме қатқан шер қашан тарқайды, сол кезде босатамын, – депті. Сонда анасы ыңылдап, бесік жырын айта бастайды. Әлди әуенін тыңдап отырып, әміршінің жүрегі жұмсара береді. Ақырында анадан алғаш туған кездегі періште халі есіне түсіп, еңіреп жылайды. Көңіліне қатқан шер мен дерттен айыққан соң барлық әншіні босатып:
– Мен бесікте жатқанда әлди жырын тыңдамаған едім. Содан құлағымның құрышы қанбай қалған. Үнемі көңілімді зіл басып, айналамды жек көріп тұрушы едім. Жанымдағы жараны жазып, сіз мені жібіттіңіз, – деп анаға алғыс айтып, тарту-таралғы сыйлаған екен.
«Бесік жыры қара тасты да ерітер» деген сөз осыдан қалыпты деседі .
Әлемде бесік жырын айтпайтын халық жоқ. Бесік жырының басты қызметі-бесік тербелісіне ыңғайлас сазды әуен, ырғақты сөзбен баланы тыныштандыра отырып, оның жан-жүйесі мен санасына ұлттық тәрбиенің алғашқы нәрін сіңіру. Бесік жырлары ел арасында ежелден айтылып, әбден қалыпқа түскен, барлық жерлерде мазмұны мен әуені өзгертілмей орындалады. Олар:
Әлди, әлди ақ, бөпем,
Ақ бесікке жат бөпем!- деген ана мейіріміне толы өлең жолдарымен басталып, баланы жұбататын, алдандырып тәтті ұйқыға батыратын шумақтарға ұласады.
«Бесік жырының» басты құралы бесік жөнінде де айта кетсем, бесікті қарағай, қайыңнан, талдан иіп жасайды екен. Бесік – қазақ қауымы үшін аса қастерлі, қасиетті мүлік. Оны адами өмірдің бастапқы ұясы деп біледі. Бесік – көшпелі ғұмыр кешкен бабаларымыздан қалған қасиетті мұра. Қазақта “Есік көргенді алма, бесік көргенді ал”, “Бесік көрмеген ессіз болып есікке енеді”, “Есік арқалағаннан бесік арқалаған артық”, “Төрінде бесік тұрса, төре де бас иеді” деген ұлағатты сөздер содан қалған екен. Бесікте жатқан бала әрі таза, әрі жылы жатады.
Бесік жырын мазмұнына қарай уату жыры, ұйықтату жыры деп екіге бөліп қарастыруға болады.
Әлди, әлди, ақ бөпем,
Ақ бесікте жат бөпем.
Жылама, бөпем, жылама,
Жілік шағып берейін
Байқұтанның құйрығын
Жіпке тағып берейін,
Ақ сүтімді еміреніп,
Омырауымнан берейін.
Арғымыққа мінгізіп,
Хан қызын алып берейін.
Тапыл басып жүргенде,
Тілің шығып сөйлерде,
Ақсарбас, сойып қуанып
Өміріңді тілейін!...-деп кете береді. Бұл нәрестенің уату жыры ғана емес, ана махаббатының, мейірінің кіршіксіз нәрестеге арналып жүрегінен шымырлап шыққаны көрініп тұр.
Ал ұйықтату жырының да мазмұны терең, ана немесе әже нәрестеге барлық нәрсе арнайды және әлемдегі ең бағалы, асыл затқа теңейді
Көзімнің ағы қарасы,
Жүрегімнің панасы,
Уайым, қайғы ойлатпас,
Көңілімнің санасы.
Айналайын шырағым,
Көлге біткен құрағым,
Маңдайдағы жұлдызым,
Суда жүрген құндызым.
Әлди-әлди балам-ай,
Айналсын сенен анаң-ай.
Әлдилеп сені сүйгенде
Анаңның көңлі болар жай,- деп жырлап, сәбидің жүрегіне ән мен жырдың ырғағын осылайша сіңіреді. Сезімін осылайша тербейді. Сол тәтті әуенге балқыған бала балбырап ұйқыға кетеді. Баланы жырмен жұбату отбасына ғана тән салт емес, ол бүкіл халық тұрмысында қалыптасқан дәстүр.
Бесік жыры — балаға берілетін алғашқы тәрбие. Өйткені баяу ырғақпен айтылған анасының әлдиі туғаннан баланың құлағына сіңеді. Бесіктегі баланы әннің ырғағымен тербетеді. Бесік жырының тұрақты нұсқасы жоқ.
Әлди, әлди, ақ бөпем,
Ақ бесікке жат, бөпем,
Бармақтарың майысып,
Түрлі ою ойысып,
Шебер болар ма екенсің?!
Таңдайларың тақылдап,
Сөзіңді жұрт мақұлдап,
Шешен болар ма екенсің?!
Бұл — бесік жырының бір түрі ғана. Осындай әдемі әуенмен астарында ізгі тілегі бар бесік жырын тыңдаған бала шебер болуға да, шешен болуға да ұмтылып өседі. Баланың бойына әсерлі әуен, сұлу сөзбен айтылатын ананың әлдиі ана сүтімен қосылып осылай сіңеді. Бесік жырының толып жатқан түрі бар. Сәбиінің аман өсуінен бастап, болашақ өміріне деген тілегі, сенімі, ниеті әдемі әнге шумақ болып өріліп, анасының айтуымен балаға жетеді. Тіпті алыстағы төркініне деген сағынышын да бөпесіне айтып, баласымен сырласа отырып «әй, әй, бөпем, артта қалған елімді көрер ме екем…» деп іштегі шерін бесік жырына қосқан. Анасының еліне деген сағынышы бөпеге беріліп, ол анасын аяйтын, ардақтайтын, мейірімді әрі жанашыр болып өседі екен.
Қазіргі таңда перзентханаларда жаңа туған сәбилерге «музыка терапия» әдісі қолданылады екен. Яғни, жаңа туған сәбиге түрлі классикалық әуендерді тыңдату.
Дәрігер-мамандардың айтуынша, осындай әуендерді тыңдаған балалар сергек, тыныш ұйықтайды дейді. Әрине, өз ұлтымыздың сәбилеріне өз ана тілінде әуендер тыңдатып, «бесік жырын» айтқанға жетпейтін шығар.
Достарыңызбен бөлісу: |