ЛЕКЦИЯ №10. ГЕНДЕРЛІК ТАПТАУЫРЫНДАРДЫҢ ТІЛДЕГІ КӨРІНІСІ
Гендер ұжымдық және жеке адамдық сана компоненті ретінде тілде таптаурындар арқылы көрініс табады. Таптаурын термині біржақты анықталмайды. Бірқатар зерттеулерде таптаурындар білім мен бағалаудың ерекше формасы, яғни адамның мінез- құлық, әрекетіне негізделген тұжырымдар делінеді. [Матурана 1996,141б]. Когнитивтік терминдердің қысқаша сөздігінде таптаурындар ақпаратты өңдеу мен білім деңгейінің көрсеткіші ретінде түсіндіріледі [1996, 177 б].
Көп жағдайда таптаурындарды мәдени дәстүр мен этикалық ерекшеліктерге сәйкес қалыптасқан тұрақты мінез- құлық белгілері деп тану жиі кездеседі. Ғалымдар таптаурындардың таңбалық сипатын мойындай отырып, олардың барлық уақытта сөзбен (вербалды) білдіріле бермейтінін айтады. Бейнелі ойлы таптаурындар тілдік және басқа семиотикалық код арқылы (кинесика, көру бейнелері, т.б.) белгіленуі мүмкін [Щепанская 1991, 17-29 бб.].
Таптаурындарды ассоциацияның сұрыпталып, жадыда дағдылы түрде сақталып, санада белгілі бір ақиқат дүниені таныту үшін қолданылатын тұрақты таңбаға ие болған түрі деп анықтайды. Алдымен ақиқат дүниені тану барысында ассоциация қалыптасады. Жалпы адамзаттық сипатқа ие болған деңгейінде ассоциация таптаурынға айналды. Демек, білімнің (когнициясының) көрсеткіші болып саналатын ассоциация жеке адамға тән болса, таптаурын жалпы адамзаттық, ұжымдық санаға тән.
Таптаурын көбінесе адамды, адамның мінез- құлқын, адамға тән ерекшеліктерді тануда қолданылатын білім құралы болса, ассоциация кез келген зат пен құбылысты танытуда қолданылады. Бірақ екеуі де санадағы когнитивтік үлгіні қалыптастыратын құрылымдық мүше болып саналады. [Маслов 2004]. Таптаурындардың ішінде біз үшін маңыздысы- гендерлік таптаурындар. Таптаурындар- бұл әлеуметтік феномен. Олар әлеуметтік- мәдени тетіктермен байланысты. Мінез-құлық қалпы қоғамдық стратификацияға қатысты. Сондықтан гендерлік таптаурындарды бір жағынан, еркек пен әйелдің таным- түсінігі тұрғысынан қарастыру заңды құбылыс. Олар бір- бірімен тығыз байланысып келгендіктен, айырмашылығын тек ғылыми түрде ерекшелеп көрсетуге болады. [Байбурин 1985, 8 б].
Ілгеріде атап көрсетілгендей, жыныс тұлғаның тек биологиялық ерекшелігі ғана болып табылмайды. Ол институттуалданған және жоғарылаған (ритуалданған). Сондықтан гендерлік таптаурындардың тілдегі көрінісін зерттеу орынды. Белгілі бір мәдениетте әрбір жынысқа белгіленген бірқатар міндетті нормалар мен бағалаулар гендерлік мінез- құлықты реттеп отырады. Сонымен бірге ол жыныс өкілдерінің өмір сүру жағдайына, этникалық ерекшеліктеріне, білім деңгейіне байланысты көп түрлі болуын анықтауды қажет етеді. Мұның барлығы мінез- құлықтың вариативті (түрлендіруші) және реттеуші (регламинтивті) нормалары бар екенін көрсетеді.
Феминистік және маскулиндік концептілер әрбір мәдениетте кездеседі, олар салт- дәстүр, фольклор, мифологиялық санада, тілде т.б көрініс табады. Гендердің аксиологиялық шкаласы мен таптаурындануы барлық мәдениетте бірдей емес. Сондай-ақ әр мәдениетте еркек пен әйелдің әлеуметтік рөлі де әр түрлі болып келеді. Олар қоғамдағы түрлі нормаларға сәйкес реттеліп отырады. Сөйтіп, реттелген мінез-құлық әрекеті адам санасында таптаурынданады, кейін ол «дұрыс/дұрыс емес» жүйесі бойынша ұжымдық санада жүзеге асады.
Достарыңызбен бөлісу: |