Мiндеттеменi тоқтату. Міндеттемелер белгілі бір уақытқа жарамды болады жəне өзі мақсатты сипатқа ие. Белгілі заңды фактілерге байланысты олар өз күшін жояды
Бұндай заңды фактілер міндеттемінің тоқтатылу негіздері деп аталады. Олар ҚР АК 21-тарауында бекітілген, ҚР АК 367-бабының 3-тармақшасында көзделгендей заңдармен немесе шартпен міндеттемелердің тоқтатылуының өзге де негіздері болуы мүмкін.
Жалпы ереже ретінде міндеттеме тараптардың келісімі бойынша тоқтатылады. Алайда, заңда қарастырылған негіздер бойынша біржақты тəртіпте де тоқтатылуы мүмкін. Өйткені шынтуайтында бұл міндеттемені орындаудан біржақты бас тарту болып табылады.
Мiндеттеме тиiстi дəрежеде орындалғанда тоқтатылады. Бұл дегеніміз несие беруші өзінің талаптарын толықтай қанағаттандырды жəне борышқор мен несие берушінің арасындағы құқықтық қатынас тоқтатылды дегенді білдіреді. Осы ретте, міндеттеме тиісті дəрежеде орындалған ретте ғана тоқтатылады.
ҚР АК 369-бабында көзделгендей, тек тараптардың келiсiмi бойынша мiндеттемені орындаудың орнына бас тарту төлемiн беру (ақша төлеу, мүлiк беру жəне т.б.) арқылы міндеттеме тоқтатылуы мүмкiн.
Бас тарту төлемiнiң мөлшерiн, мерзiмдерiн жəне тəртiбiн тараптар белгiлейдi. Бас тарту төлеміне біржақты тəртіпте жол берілмейді. Мiндеттеме мерзiмi жеткен, не мерзiмi көрсетiлмеген немесе мерзiмi талап ету кезiмен белгiленген бiртектес қарсы талапты есепке жатқызу арқылы толық немесе бөлiк-бөлiгiмен тоқтатылады. Есепке жатқызуды жүргізу үшін екінші тараптың келісімі талап етілмейді жəне оны біржақты тəртіпте өзге тарапты жазбаша хабардар ету арқылы жүргізуге болады. Жүргізілген есепке жатқызумен келіспеген ретте өзге тарап оны сот тəртібімен даулауға құқылы болады. Міндеттемені новация арқылы тоқтату дегеніміз тараптардың арасындағы бір міндеттеменің жаңа бір міндеттемемен алмастырылуын білдіреді жəне бұл ретте, тараптардың арасындағы құқықтық қатынас өз күшін сақтап қалады. Новация – бұл тараптардың арасында болған бастапқы мiндеттеменi ауыстыру туралы келiсiммен сол адамдардың арасындағы орындаудың өзге нысанасын немесе əдiсiн көздейтiн басқа мiндеттемемен алмастыру болып табылады ( ҚР АК 372-бап).
Жаңа міндеттеме басқа сипаттағы міндеттеме болып табылады жəне орындаудың өзге пəні немесе əдісін қамтуы мүмкін. Азаматтың өмiрiне немесе денсаулығына келтiрiлген зиянды өтеу жөнiндегi жəне алимент төлеу жөнiндегi мiндеттемелерге қатысты жаңғыртылуға жол берiлмейдi.
Жаңа міндеттеме бойынша талап қою мерзімі новация туралы келісімді жасасу сəтінен басталады. Бұрынғы міндеттеменің орындалуын қамтамасыз ететін барлық қосымша міндеттемелер (айып төлеу, кепіл) сонымен бірге тоқтатылады. Олардың сақталынуы тек, тараптардың келісімімен ғана орын алуы мүмкін. Жекелей сипаттағы міндеттемелерде новацияға жол берілмейді.
Достарыңызбен бөлісу: |