Лекция №23. Шарт ұғымы, шарттардың түрлері, шарттың мазмұны, шартты жасасу тәртібі: оферта және акцепт
«Шарт» термині азаматтық құқықта əртүрлі мағынаға ие. Шартты жағдай негізіндегі заңды деректі міндеттемелік құқықтық қатынастарды бекітетін құжат деп те түсінуге болады. Осыған сəйкес шарт азаматтық құқықтар мен міндеттердің пайда болуына, өзгеруіне немесе тоқталуына əкелетін бір немесе бірнеше тұлғалар арасында жасалатын келісім.
Шарт – бұл ең көп тараған мəміле. Осыған байланысты мəмілеге тарайтын барлық ережелер шартқа да тарайды. Шарттан туындайтын міндеттемеліктерге азаматтық құқықта туындайтын міндеттемеліктердің ережелері қолданылады. Кез келген мəміле сияқты шарт та еріктілік қағидасының негізінде жасалады. Бір ерекшелігі, шартта еріктілік əрқашан екі тараптан туындауы керек. Сондықтан Азаматтық Кодексте шарт еріктілігін бекітетін бірнеше нормаларды көруге болады. Біріншіден, азаматтық құқық субъектілерінің шартты жасауға немесе жасамауға байланысты еріктері бар. Азаматтық Кодексте көзделген реттерде ғана еріктілік шектелуі мүмкін. Екіншіден, шартты жасау барысында серік (партнер) таңдау еркі. Мысалы айталық, кепілге беруші не кепіл ұстаушы ерікті түрде кез келген сақтандырушыны таңдауға ерікті. Үшіншіден, азаматтық қатынастарға түсушілердің шарт түрін таңдауға еріктілігі. Азамааттық Кодекске сəйкес, тараптар заңда немесе өзге де нормативтік актілерде көзделген не көзделмеген шарттарды жасауға құқықтары бар. Сондай-ақ, тараптар бірнеше шарттарды араластырып жасай алады (аралас шарт). Төртіншіден, тараптар шарт жағдайларын ерікті түрде қарастыра алады. Азаматтық Кодекске сəйкес, шартта немесе өзге де актілерде шарттағы жағдайлар қарастырылмаса, тараптар шартты өз еріктерімен қарастыра алады. Азаматтық Кодекске сəйкес, жалға алушы ағымдағы жөндеу жұмысын заңнамада немесе шартта өзгеше көзделмесе, өз есебінен жүргізеді. Ортақ келісім арқылы бұл арада жөндеу жұмыстарын жалға алушы емес жалға беруші де өз есебінен жасауы мүмкін. Шарттың үлкен артықшылықтарының бірі – заңда болып жататын өзгерістер шартта көзделген нормаларды өзгерте алмайды, яғни сенімділік жоғары болады.
ҚР АК 378-бабында шарттың ұғымы берілген. Екi немесе одан көп адамның азаматтық құқықтар мен мiндеттердi белгiлеу, өзгерту немесе тоқтату туралы келiсiмi шарт деп танылады. Шарттан міндеттемелік, заттық, авторлық немесе өзге де құқықтық қатынастар туындауы мүмкін.
Шарт еркіндігі шарттың негізгі қағидасы болып табылады. Азаматтар жəне заңды тұлғалар шарт жасасуға ерiктi. Осы Кодексте, заң құжаттарында немесе өз еркiмен қабылдаған мiндеттемеде шарт жасасу мiндетi көзделген жағдайларды қоспағанда, шарт жасасуға мəжбүр етуге жол берiлмейдi. Тараптар заңдарда көзделген шартты да, көзделмеген шартты да жасаса алады.
Достарыңызбен бөлісу: |