Лекция №22. Міндеттемені бұзылғаны үшін жауаптылық ұғымы
Жоспар:
Жауаптылық нысаны: шығындарды өтеу және моральдық залалдың орнын толтыру.
Міндеттемені тоқтату негіздері: міндеттменені орындау арқылы, бас тарту, есепке жатқызу, жаңарту, борышты кешіру, борышқор мен несие берушінің бір тұлға болуы, азаматтың қайтыс болуы.
Азаматтық-құқықтық жауаптылық – бұл шартпен немесе заңмен көзделген өзіне жүктелген міндеттемелерді бұзған борышкерге қолданылатын мүліктік өндіріп алу.
ҚР АК 349-бабына сəйкес мiндеттеменi орындамау, не тиiстi дəрежеде орындамау (мезгiлiнде орындамау, тауарлар мен ұмыстарды толық орындамау, мiндеттеме мазмұнында белгiленген басқа жағдайларды бұзып орындау) – тиiсiнше орындамау оның бұзылуы деп түсiнiледi. Тиiстi дəрежеде орындауға мүмкiндiк болмаған жағдайда борышқор бұл туралы несие берушiге дереу хабарлауға мiндеттi.
Мiндеттеменi бұзғандығы үшiн борышқорды жауапқа тарту несие берушiнiң талап етуi бойынша жүргiзiледi. Жауаптылықтың нысаны мен мөлшері. Шығындарды өтеу; Айып төлеу; Борышқордың жеке-дара анықталған затын алу.
Міндеттемені бұзған борышқор несие берушіге келтірілген залалдардың орнын толтыруға міндетті. Залалдардың ұғымы ҚР АК 9-бабының 4-тармағында берілген.
1) Нақты нұқсан – құқығы бұзылған адам жасаған немесе жасауға тиiстi шығыстар, оның мүлкiнiң жоғалуы немесе зақымдануы;
2) Айырылып қалған пайда – сол адамның құқығы бұзылмаған болса, дағдылы айналым жағдайында оның алуына болатын, бiрақ алынбай қалған табыстары залалдар деп түсiнiледi.
Мiндеттеменiң бұзылуынан туындаған залалдың орнын толтырудан борышқорды босату жөнiндегi тараптардың мiндеттеме бұзылғанға дейiн қабылдаған келiсiмi жарамсыз болады, алайда тараптар өзара келiсiм бойынша мүлiктегi нақты келтiрiлген зиянды ғана өндiрiп алуды көздеуi мүмкiн.
Егер заңдарда немесе шартта өзгеше көзделмесе, залалды анықтаған кезде, мiндеттеме орындалуға тиiстi жерде, борышқор несие берушiнiң талабын өз ықтиярымен қанағаттандырған күнi, ал егер талап ерiктi түрде қанағаттандырылмаса, талап арыз берiлген күнi қолданылған баға назарға алынады. Мəн-жайды негiзге ала отырып, сот шешiм шығарған күнi не нақты төлем төленген күнi қолданылған бағаны назарға ала келiп, залалдың орнын толтыру туралы талапты қанағаттандыра алады.
Айырылып қалған пайданың мөлшерiн анықтаған кезде оны алу үшiн несие берушi алдын ала қолданған шаралар жəне осы мақсатта жасалған дайындықтар ескерiледi.
Егер мұның өзi мiндеттеменi бұзғаны үшiн жауапкершiлiктен жалтару мақсатымен жасалғанын дəлелдесе, несие берушi борышқордың, сондай-ақ оның мүлiк иесiнiң кез келген iс-əрекетiн жарамсыз деп тануды талап етуге құқылы.
ҚР АК 351-бабында айып төлеудің шығындарға қатынасына қарай оның төрт түрі белгіленеді:
1) есепке жатқызу айып төлеуі – айып төлеуде жəне шығында өндіріледі, бірақ соңғысы айып төлеумен жабылмаған бөлігінде өндіріледі;
2) айыппұлдық айып төлеу – толықтай көлемде бір мезетте шығындар мен айып төлеуді өндіріп алады;
3) балама айып төлеу – несие берушінің таңдауы бойынша не айып төлеу не шығындар өндіріліп алынады;
4) айрықша айып төлеу – тек айып төлеу ғана өндіріліп алынады.
Соңғы үшеуі заңнамада немесе шартта қарастырылуы мүмкін. Мiндеттеменiң орындалмағаны немесе тиiстi дəрежеде орындалмағаны үшiн шектелген жауаптылық белгiленген жағдайларда айып төлеу арқылы жабылмаған бөлiгiнде, не одан тыс, не оның орнына өтелуге жататын залал осындай шектелумен белгiленген шекке дейiн өндiрiп алынуы мүмкiн.
Міндеттеменің бұзылғандығы үшін жауапкершілік нысаны ретіндегі залалдар мен айып төлеудің айырмашылығы. Міндеттеменің осы түрі жайлы заңда жəне шартта қарастырылмағанымен, залалдарды өндіріп алу міндеттеменің бұзылғандығы үшін жауапкершіліктің жалпы нысаны ретінде қолданылуы мүмкін. Ал айып төлеу, егер құқықбұзушылықтың осы түрі үшін
заңда немесе шартта белгіленсе ғана өндіріліп алынады. Осы ретте, шарттық айып төлеу – жарамсыздық қаупімен, жазбаша нысанда жасалынуы тиіс.
Залалдардың мөлшері міндеттемені бұзу салдарынан келтірілген шығынға байланысты болады. Айып төлеудің мөлшері алдын ала шартта немесе заңда айқындалады. Айып төлеудің мөлшері залалдың мөлшеріне байланысты болмайды.
Айып төлеуді өндіріп алу үшін залалдың мөлшерін айқындау талап етілмейді. Ал залалды өндіріп алу үшін бұл қажет болады. Міне, осылайша, айып төлеуді өндіріп алу үшін несие беруші себепті байланыс пен залалдың мөлшерін дəлелдеуге міндетті емес. Тек бұл ретте борышқордың міндеттемені бұзғандығы ғана дəлелденуі тиіс.
Залалдарды өндіріп алу талаптарына қарағанда, дəлелдеудің қарапайымдылығына байланысты айып төлеуді өндіріп алу туралы талаптар тəжірибеде жиірек қойылады.
Міндеттеменің бұзылуынан келтірілген моральдық зиянды өндіріп алу азаматтық-құқықтық жауаптылықтың ерекше нысаны болып табылады.
Моральдық зиян – жеке жəне заңды тұлғалардың өзiндiк мүлiктiк емес игiлiктерi мен құқықтарының бұзылуы, кемсiтiлуi немесе олардан айырылуы, соның iшiнде жəбiрленушiнiң өзiне қарсы құқық бұзушылықтың жасалуы салдарынан басынан кешірген (төзімін тауысқан, уайымға салған) жан азабы немесе тəн азабы (қорлау, ызаландыру, қысым жасау, ашуландыру, ұялту, түңілту, тəн қиналуы, залал шегу, қолайсыз жағдайда қалу жəне т.б.). Міндеттеменің бұзылуынан келтірілген моральдық зиян залалдарға қоса өтеледі. Оны өндіру ережелері Қазақстан Республикасы Жоғары Сотының 2001 жылдың 21 маусымындағы «Моральдық зиянды өндіру туралы заңнаманы соттардың қолдану туралы» №3 нормативтік қаулысымен айқындалған.
Зиян келтірушінің кінəсіне қарамастан моральдық зиян мына жағдайларда, егер:
1) зиян азаматтың өмiрi мен денсаулығына жоғары қауiптілiк көзi арқылы келтiрiлсе;
2) зиян азаматқа оның заңсыз сотталуының, заңсыз қылмыстық жауапқа тартылуының, бұлтартпау шарасы ретiнде заңсыз қамауға алуды, үйде қамауда ұстауды немесе ешқайда кетпеуi туралы қолхат алуды қолданудың, қамауда ұстау, психиатриялық емдеу мекемесiне немесе басқа емдеу мекемесiне орналастыру түрiнде əкiмшiлiк жазаны заңсыз қолданудың салдарынан келтiрiлсе;
3) зиян ар-ожданына, қадiр-қасиетi мен iскерлiк беделiне нұқсан келтiретiн мəлiметтер тарату арқылы келтiрiлсе;
4) заң актiлерiнде көзделген өзге де жағдайларда өтеледi.
Заң актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, азаматтың
мүлiктiк құқықтарын бұзатын əрекеттер (əрекетсiздiк) арқылы
келтiрiлген моральдық зиян өтелуге жатпайды.
Азаматтық-құқықтық жауапкершілікте жиі қолданылатын нормалардың бірі, ол ҚР АК 353 бабындағы «Басқаның ақшасын заңсыз пайдаланғаны үшiн жауапкершiлiк» болып табылады.
Ақша мiндеттемесiн орындамау салдарынан бiреудiң ақшасын аңсыз пайдаланғаны не оларды төлеу мерзiмiн өткiзiп жiбергенi, не оларды негiзсiз алғаны немесе басқа адамның есебiне сақтағаны үшiн тұрақсыздық айыпақы төленуге тиiс. Айыпақының мөлшерi ақша мiндеттемесiн немесе оның тиiстi бөлiгiн орындаған күнгi ҚР Ұлттық Банкi белгiлеген қайта қаржыландырудың ресми ставкасы негiзiнде есептеледi.
Борышты сот тəртiбiмен өндiрiп алу кезiнде сот несие берушiнiң таңдауы бойынша ҚР Ұлттық Банкiнiң қуыным жасалған немесе шешiм шығарылған немесе iс жүзiнде төленген күнгi қайта қаржыландырудың ресми ставкасын негiзге ала отырып, несие берушiнiң талабын қанағаттандыра алады. Егер заң құжаттарында немесе шартта айыпақының өзге мөлшерi белгiленбесе, осы ережелер қолданылады.
Басқаның ақшасын пайдаланғаны үшiн айыпақы, егер заңдарда немесе шартта айыпақы сомаларын есептеудiң өзге тəртiбi белгiленбесе, бұл ақшаның сомасы несие берушiге төленген күнге дейiн өндiрiлiп алынады.
Егер несие берушiнiң ақшасын заңсыз пайдаланудан оған келтiрiлген залал оған тиесiлi айыпақының сомасынан асып кетсе, ол борышқордан осы сомадан асатын бөлiкте залалды өтеудi талап етуге құқылы.
Достарыңызбен бөлісу: |