Мұнайды сусыздандыруға арналған электродегидраторлар. Электродегидратор - кері түрдегі мұнай эмульсияларын бұзу жолымен шикі мұнайдан суды бөлуге арналған аппарат (мұнайдағы су). Электродегидраторлар - негізінен орташа және ауыр мұнайларды терең тұзсыздандыру үшін қолданылады. Бұл үшін мұнай арнайы араластырғышта ыстық тұщы сумен қарқынды араластырылады. Осы қоспа электродегидратордың электродаралық кеңістігіне (яғни, екі электрод арасындағы кеңістікке) жіберіледі. Геометриялық пішін бойынша цилиндрлік және сфералық электрдегидраторлар, кеңістікте орналасуы бойынша - тік және көлденең ажыратылады. Электродегидраторлар әдетте, блокты айырғыш-деэмульсаторлардан кейін орнатылады. Отандық және шетелдік электротұзсыздандырғыш қондырғыларының (ЭЛТҚ) жұмыс істеу тәжірибесі көрсеткендей ең тиімді және үнемдісі көлденең жасалған (горизонталды) электродегидраторлар болып табылады.
Қазіргі кезде 1ЭГ-160, 2ЭГ-160/3, ЭГ200-10 түріндегі электродегидраторлар шығарылады. Электродегидраторларда өнеркәсіптік жиіліктегі (50 Гц) айнымалы токты пайдаланады.
9.3 суретте эмульсия су жастығы (яғни, су қабатының) астынан енгізілетін 1ЭГ-160 электродегидраторы көрсетілген, бұл электродегидратордың торлы тіктөртбұрышты рама пішініндегі екі электроды бар, олар паралель ілінген және аппараттың түгелдей дерлік көлденең қимасын алып жатыр. Электродтардың арақашықтығы 20-40 см аралығында өзгереді.
1, 2- электродтар; 3- тарату коллекторы
9.3 сурет - 1ЭГ-160 көлденеңді электродегидраторының қимасы
Құрамында реагент-деэмульгаторы және 10%-ға дейін тұщы суы бар қыздырылған мұнай эмульсиясы диаметрі 3,4 м электродегидраторға ағынның аппараттың түгел қимасы бойынша біркелкі таралуын қамтамасыз ететін тарату коллекторы 3 арқылы беріледі. Көлденеңді электродегидраторларда эмульсия өңдеудің үш аймағы арқылы өтеді.
Бірінші аймақта эмульсия тұнған су қабаты арқылы өтеді, судың деңгейі автоматты түрде тарату коллекторынан 20-30 см жоғары ұсталып тұрады. Бұл жерде эмульсия сумен шайылады, нәтижесінде ол құрамындағы қабат суларының негізгі бөлігінен айырылады. Одан соң эмульсия баяу жылдамдықпен тік бағытта жоғары көтеріліп, алдымен тұнған су деңгейі мен төменгі электрод 2 арасындағы кернеулігі төмен электр өрісінде, содан соң 2 және 1 электродтардың арасындағы жоғары кернеулік аймағында өңделеді. Электр өрісінің әсерінен мұнайдың құрамындағы су тамшылары поляризацияланады да, өзара бір-біріне тартылып, коалесцерленіп, іріленеді және шөгеді. Сусыздандырылған және тұзсыздандырылған мұнай аппараттың жоғарғы жағынан, ал бөлінген су төменгі жағынан шығарылады.
Ағынның тік бағыттағы жоғары қозғалысы кезінде эмульсияның аппараттың барлық көлденең қимасы бойынша біркелкі таралуы және электродтардың арасындағы электр өрісінің кернеулігі нөлден бастап максимал мәніне дейін сатылы түрде көтерілуі сулану мөлшері әртүрлі кез- келген мұнай эмульсиясын өңдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, электродтардың қысқа тұйықталуы болмайды және мұнайды сусыздандыру мен тұзсыздандырудың жоғары дәрежесіне қол жеткізуге болады.
9.1кесте -Электродегидраторлардың техникалық сипаттамалары
Достарыңызбен бөлісу: |