Жер қойнауын пайдалануға арналған лицензия
Жер қойнауын пайдалануға арналған лицензия ұғымы және оны беру
Жер қойнауын пайдалануға арналған лицензия мемлекеттік орган беретін және оның иесіне сонда көрсетілген жер қойнауы учаскесінің шегінде жер қойнауын пайдалану бойынша операциялар жүргізу құқығын беретін құжат болып табылады.
Жер қойнауын пайдалануға арналған лицензия жер қойнауының бір ғана учаскесін пайдалану үшін беріледі.
Осы Кодексте белгіленген жағдайларды қоспағанда, бір тұлғаға жер қойнауын пайдалануға арналған лицензиялардың шексіз саны берілуі мүмкін.
Лицензия мүдделі адамның өтініші бойынша беріледі. Лицензия беруге өтініш нысанын құзыретті орган бекітеді.
Берілген лицензия лицензия берген мемлекеттік органның интернет-ресурсында берілген күні жариялануға жатады.
Жер қойнауын пайдалануға арналған лицензия беруді жүзеге асыратын мемлекеттік орган берілген лицензиялардың тізілімін жүргізеді. Берілген лицензиялардың тізілімін жүргізу тәртібін құзыретті орган белгілейді.
Жер қойнауын пайдалануға арналған лицензия түрлері
Жер қойнауын пайдалану бойынша операциялар түрлері ескеріле отырып, жер қойнауын пайдалануға арналған лицензиялар беріледі:
жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензия;
қатты пайдалы қазбаларды барлауға арналған лицензия;
қатты пайдалы қазбаларды өндіруге арналған лицензия;
жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензия;
старательдікке арналған лицензия.
Жер қойнауын пайдалануға арналған лицензия құзыретті орган бекітетін нысан бойынша ресімделеді.
Жер қойнауын пайдалануға арналған лицензияда оның түрі ескеріле отырып, мыналар:
жер қойнауын пайдалануға арналған лицензияның түрі;
лицензияны берген мемлекеттің органның атауы;
лицензия берілген тұлға туралы мәліметтер;
лицензияның нөмірі мен күні;
лицензияның мерзімі;
жер қойнауы учаскесінің шекаралары;
осы Кодексте көзделген жер қойнауын пайдаланудың өзге де шарттары көрсетіледі.
Лицензия мерзімі лицензияда көрсетілген күннен бастап есептеледі.
Егер лицензияның негізінде туындайтын жер қойнауын пайдалану құқығын екі және одан артық адам иеленсе, лицензияда жер қойнауын пайдалану құқығының ортақ иелері болып табылатын адамдар үлестерінің мөлшері көрсетілуге тиіс.
Лицензия мемлекеттік және орыс тілдерінде ресімделеді.
Жер қойнауын пайдалануға арналған лицензияға өзгерістерді лицензияны берген мемлекеттік орган оны қайта ресімдеу арқылы жүргізеді.
Қайта ресімделген лицензия оны берген мемлекеттік органның интернет-ресурсында қайта ресімдеу күні жариялануға жатады.
Лицензия мына:
жер қойнауын пайдаланушы туралы мәліметтер өзгерген;
жер қойнауын пайдалану құқығы және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлес ауысқан;
лицензия мерзімі ұзартылған;
жер қойнауы учаскесі аумағының шекарасы өзгерген жағдайларда қайта ресімдеуге жатады.
Осы баптың 2-тармағы 1) тармақшасында көзделген жағдайда лицензияны қайта ресімдеу құзыретті орган бекіткен нысан бойынша жер қойнауын пайдаланушының өтініші бойынша жүргізіледі.
Өтінішке тиісінше куәландырылған растаушы құжаттар қоса беріледі.
Өтініш пен оған қоса берілген құжаттар мемлекеттік немесе орыс тілдерінде жасалуға тиіс. Егер өтінішті шетелдік немесе шетелдік заңды тұлға берсе, оған қоса берілетін құжаттар өзге тілде әрбір құжатқа мемлекеттік немесе орыс тілдеріндегі аудармасы міндетті түрде қоса беріліп жасалуы мүмкін, олардың дұрыстығын нотариус куәландырады.
Лицензияны берген мемлекеттік орган өтініш келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оны қайта ресімдейді не қайта ресімдеуден бас тартады.
Лицензияны берген мемлекеттік орган өтініш осы тармақтың талаптарына сәйкес болмаған жағдайда лицензияны қайта ресімдеуден бас тартады.
Өтініш беруші мемлекеттік органның интернет-ресурсында жариялау арқылы қайта ресімдеуден бас тарту туралы хабардар етіледі.
Лицензияны қайта ресімдеуден бас тартуға жер қойнауын пайдаланушы бас тарту туралы хабарлама жарияланған күннен бастап он жұмыс күні ішінде сот тәртібімен шағымдануы мүмкін.
Осы баптың 2-тармағының 2)-4) тармақшаларында көзделген жағдайларда лицензияны қайта ресімдеу осы Кодекстің жекелеген ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады.
Лицензияны беру немесе қайта рәсімдеу кезінде жіберілген грамматикалық немесе арифметикалық қателер, жаңылыс жазулар не басқа да осыған ұқсас қателер лицензияны берген мемлекеттік органмен түзетуге жатады.
Лицензияны беру немесе қайта рәсімдеу кезінде жіберілген қателерді түзету лицензияны қайта ресімдеу болып табылмайды.
Қателерді түзету лицензияны берген мемлекеттік органның бастамасымен не жер қойнауын пайдаланушының өтініші бойынша жүргізіле алады.
Лицензияны берген мемлекеттік орган лицензиядағы қатені түзеткеннен кейін оны екі жұмыс күні ішінде жер қойнауын пайдаланушыға береді.
Түзетілген лицензия лицензияны берген мемлекеттік органның интернет-ресурсында түзетілген күні жариялауға жатады.
Лицензиядағы қатені түзетумен байланысты туындаған даулар сот тәртібінде шешілуге жатады.
Лицензияның жарамсыздығы және оның жарамсыздығының салдары
1. Лицензия сот тәртібімен мына жағдайларда:
1) Лицензияны берген мемлекеттік органға оның лицензияны беру шешіміне әсер еткен көрінеу дұрыс емес ақпаратты беру фактісі белгіленген кезде;
2) егер лицензия шарттары осы Кодекстің талаптарына сәйкес келмесе;
3) мемлекеттік органның лицензияны беру туралы негізсіз шешіміне әкелген осы Кодекспен белгіленген лицензияны беру тәртібі бұзылса;
4) әрекетке қабілетсіз деп танылған және осындай беру кезінде осындай әрекетке қабілетсіз болған адамға лицензия берілсе;
5) лицензияны беру осы Кодексте көзделмесе немесе тыйым салынса жарамсыз деп танылуы мүмкін.
2. Лицензияны жарамсыз деп тану туралы талап қоюмен сотқа жүгіну құқығына мүдделі адам және прокурор ие, ал осы баптың 1-тармағының 1) және 4) тармақшаларында көзделген негіздемелер бойынша лицензияны берген мемлекеттік орган ие.
Лицензияны алу құқығы мен заңды мүдделері лицензияны беру нәтижесінде бұзылған немесе бұзылуы мүмкін адам мүдделі адам болып табылады.
3. Лицензия сот шешімі күшіне енген кезден бастап жарамсыз болып есептеледі.
4. Осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген негіз бойынша жарамсыз болып табылған лицензиялар болғанда лицензия алған адам жер қойнауын заңсыз пайдаланудан алған табыс мөлшерінде келтірілген шығынды және лицензияны жарамсыз деп танумен байланысты мемлекет шығынын мемлекетке өтеуге міндетті.
5. Лицензияның жарамсыздығымен байланысты даулар бойынша талап қою мерзімі талап қоюшы лицензияны жарамсыз деп тану үшін негіз болып табылатын жағдайлар туралы білген немесе білуі тиіс күннен бастап үш айды құрайды.
Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт
Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт ұғымы
Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт мазмұны, жасау, орындау және тоқтату тәртібі осы Кодексте айқындалатын шарт болып табылады.
Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша бір тарап (Қазақстан Республикасы құзыретті орган атынан) екінші тарапқа (жер қойнауын пайдаланушыға) белгілі мерзімге жер қойнауын пайдалану құқығын беруге міндеттенеді, ал жер қойнауын пайдаланушы өз есебінен және өзі тәуекелдеп келісімшарттың талаптарына және осы Кодекске сәйкес жер қойнауын пайдалануды жүзеге асыруға міндеттенеді.
Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт көмірсутектерді барлау мен өндіру немесе өндіру үшін жасалады.
Келісімшарт жасасқан кезде тек бір жер қойнауы учаскесі ғана пайдалануға беріледі.
Осы Кодекстің Ерекше бөлімінде белгіленген жағдайларда көмірсутектерді барлауға және өндіруге келісімшартта бірнеше жер қойнауы учаскесі көзделуі мүмкін.
Бір тұлға жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттардың шексіз санын жасай алады.
Құзыретті орган жасалған келісімшарттардың тізілімін жүргізеді. Жасалған келісімшарттардың тізілімін жүргізу тәртібін құзыретті орган белгілейді.
Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың мазмұны
Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт құзыретті орган бекітетін көмірсутектерді барлау мен өндірудің немесе өндірудің үлгілік келісімшартына сәйкес әзірленеді. Үлгілік келісімшарттан ауытқуға осы Кодексте көзделген жағдайларда, көлемде және тәртіппен жол беріледі.
Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта қамтылған талаптардың қатарына мыналар:
жер қойнауын пайдалану бойынша операциялардың түрі;
келісімшарт қолданысының мерзімі;
жер қойнауы учаскесінің (учаскелерінің) шекаралары;
жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауы учаскелеріндегі жұмыстардың көлемі мен түрлері бойынша міндеттемелері;
жер қойнауын пайдаланушының өндіру кезеңінде қазақстандық кадрлардың оқытылуын қаржыландыру бойынша міндеттемелері;
жер қойнауын пайдаланушының жұмыстардағы, көрсетілетін қызметтердегі, кадрлардағы жергілікті қамту бойынша міндеттемелері;
жер қойнауын пайдаланушының өндіру кезеңінде шикі газды қайта өңдеу (кәдеге жарату) бойынша міндеттемелері;
жер қойнауын пайдаланушының өндіру кезеңінде жұмыстарды орындау үшін қажетті Қазақстан Республикасының аумағында ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және ғылыми-конструкторлық жұмыстарға шығыстар бойынша міндеттемелері;
жер қойнауын пайдаланушының өндіру кезеңінде өңірді әлеуметтік-экономикалық дамытуға және оның инфрақұрылымын дамытуға шығыстары бойынша міндеттемелері;
жер қойнауын пайдаланушының келісімшарттық міндеттемелердің бұзылғаны үшін жауаптылығы;
жер қойнауы пайдалануға берудің өзге де талаптары жатады.
Көмірсутектерді барлау мен өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшарттың қолданыс мерзімі жер қойнауы учаскесін (учаскелерін) пайдалану кезеңдерімен айқындалады.
Келісімшарт мемлекеттік және орыс тілдерінде жасалады. Тараптардың келісуі бойынша келісімшарттың мәтіні өзге тілге де аударылуы мүмкін.
Достарыңызбен бөлісу: |