Жалпы ережелер
Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасы
Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделген және осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Кодекстегі қағидалардан өзге қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
Осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының жер қойнауын пайдалану саласындағы қатынастарды реттейтін нормаларды қамтитын өзге заңдары арасында қайшылықтар болған жағдайда осы Кодекстің ережелері қолданылады.
Азаматтық заңнама жер қойнауын пайдалану саласындағы қатынастарға олар осы Кодекстің нормаларында реттелмеген жағдайларда қолданылады.
Осы Кодексте реттелетін қатынастар
Осы Кодекс жер қойнауын пайдалану саласындағы қатынастарды реттейді.
Осы Кодексте тікелей көзделген жағдайлардан басқа, жер қойнауын пайдалану саласындағы қатынастарды реттейтін нормаларды Қазақстан Республикасының басқа заңнамалық актілеріне енгізуге тыйым салынады.
Жерасты су ресурстарын пайдалану жөніндегі қатынастар осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының су заңнамасында реттеледі.
Осы Кодексте реттелетін қатынастардың қатысушылары жеке және заңды тұлғалар, мемлекет, сондай-ақ жер қойнауын пайдалану саласындағы қатынастарды реттейтін мемлекеттік органдар болып табылады.
Шетелдіктер мен шетелдік заңды тұлғалар, сондай-ақ азаматтығы жоқ адамдар, егер осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының азаматтарымен және заңды тұлғаларымен бірдей жер қойнауын пайдалану саласындағы қатынастарда құқықтарды пайдаланады және міндеттері болады.
Жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылар өтеусіз негізде өздеріне тиесілі жер учаскелері шегінде:
кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мақсаттарда жұмыр тасты, қиыршық тасты, құмды-қиыршық тас қоспасын, шымтезек, шойтасты, құрылыс құмын, саз балшығын, суглинка, сазды тақта тасты және сазды әктасты өндіруге;
жер қойнауы кеңістігін пайдалануға құқылы.
Осы тармақта көзделген жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың құқықтары осы Кодекстің мақсаттары үшін жер қойнауын пайдалану болып табылмайды және Жер кодексінде реттеледі.
Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасының міндеттері
Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасының міндеттері мемлекеттің экономикалық өсімі мен қоғамның әл-ауқатын қамтамасыз ету мақсатында мыналар:
мемлекеттің жер қойнауына құқығын қорғау;
мемлекеттік саясатты іске асыру және жер қойнауын пайдалану саласындағы қатынастарды реттеу;
жер қойнауын пайдаланушылардың мүдделерін қорғау;
Қазақстан Республикасының минерал-шикізат базасының өсімі;
жер қойнауын пайдалануға құқықтары туындауының, өзгеруінің және тоқтауының негіздерін, шарттары мен тәртібін белгілеу;
жер қойнауын пайдаланушылардың құқықтары мен міндеттерін жүзеге асыру тәртібін айқындау;
жер қойнауын пайдалану саласына инвестициялар тарту үшін жағдайлар жасау;
жер қойнауын пайдалану бойынша қатынастар саласындағы заңдылықты нығайту болып табылады.
Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасының қағидаттары
Жер қойнауын пайдалану саласындағы қатынастары құқықтық реттеу мынадай:
мемлекеттік жер қойнауы қорын ұтымды пайдалану;
жер қойнауын пайдалану саласындағы ақпаратқа қолжетімділік;
жер қойнауын пайдаланудың ақылылығы;
жер қойнауын пайдаланушылардың адалдығы;
жер қойнауын пайдаланушылар шарттарының тұрақтылығы қағидаттарына негізделеді.
Мемлекеттік жер қойнауы қорын ұтымды пайдалану
Мемлекеттік жер қойнауы қорын ұтымды пайдалану мемлекет пен қоғамның экономикалық өсуі мен экологиялық және өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының сақталуы мақсатында жер қойнауын пайдалану құқығын беру арқылы қамтамасыз етіледі.
Жер қойнауын пайдалану саласындағы ақпарат, егер осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, қолжетімді болып табылады.
Мемлекет мыналарға:
жер қойнауын пайдалану құқығын беру бойынша аукциондар туралы, олардың шарттары мен нәтижелері туралы ақпаратқа;
мемлекеттік органдардың жер қойнауын пайдалану құқығын беру және тоқтату туралы шешімдеріне;
жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар түрлерін ескере отырып жер қойнауын пайдалану құқығы туралы ақпаратқа;
құпия болып табылмайтын геологиялық ақпаратқа ашық қолжетімділікті қамтамасыз етеді.
Жер қойнауын пайдалану саласындағы ақпаратқа қолжетімділік тәртібі осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде айқындалады.
Мүдделі адамдар осы бапқа сәйкес қол жеткізілуі қамтамасыз етілетін ашық ақпаратты өтеусіз пайдалануға құқылы.
Жер қойнауын пайдаланудың ақылылығы
Егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, жер қойнауын пайдалану ақылы (өтеулі) болып табылады. Жер қойнауын пайдалану үшін ақы Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеу арқылы жүзеге асырылады.
Жер қойнауын пайдаланушылардың адалдығы
Жер қойнауын пайдаланушылардың адалдығы көзделген.
Жер қойнауын пайдалану шарттарының тұрақтылығы
Қазақстан Республикасы жер қойнауын пайдалану шарттарының құқықтық тұрақтылығына кепілдік береді.
Жер қойнауын пайдалану құқығы берілгеннен кейін күшіне енген, берілген құқық иесінің жауаптылығын белгілейтін немесе күшейтетін, оған жаңа міндеттер жүктейтін, оның ішінде нәтижелерін нашарлататын жер қойнауын пайдалану бойынша операциялардың өзге де шарттарын айқындайтын заңнаманың өзгеруі жер қойнауын пайдаланудың осындай құқығына қолданылмайды.
Осы бапта белгіленген кепілдік, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздікті, қорғаныс қабілеттілігін қамтамасыз ету саласындағы, экологиялық қауіпсіздік, денсаулық сақтау салаларындағы заңнамасының өзгерістеріне қолданылмайды.
Достарыңызбен бөлісу: |