Үй тұрмысындағы түрлі жабдықтардың аттарына байланысты қолданылатын сөздер
Ашқыш (Орал: Казт.,Жән.; Гур., Маңғ.; Орын.,Калм., Қарақ.; Түрікм.: Таш.,Тедж.,Мары)– қазіргі әдеби тіліміздегі «кілт» сөзнің орнына қазақ халқы қалыптаспай тұрған кездерде қолданылған сөз. Қазақ тілінде диалектизм болып кездескенмен көптеген, әсіресе, қыпшақ тобына жататын түркі тілдерінің әдеби тілінде қолданылады: ноғайша - ашқыш, қарақ – ашқыш, құмықша – ачгьыч, башқұртша – аскыс, татарша- ачкыч, балкарша- ачхыч, өзбекше – очкич [7, 198-б.]. Тіпті жүйесі басқа тілге жататын сарыкөл тілінде де «ос(ы)үы» тұлғасында кездестіреміз [8, 259-б.]. Мұнда acchиz – қыпшақ тілінің сөзі деп берілген. «Ашқыштың» ежелден түркі сөзі екендігіне құрылысы да дәлел болғандай: аш+қыш. Қазіргі әдеби тіліміздегі «кілт» сөзі ертедегі ру, тайпа тілдеріне кейінірек еніп, беки бастағандығын кейбір жазба ескерткіштер еске салады. М.Қашқарида кіріт – тұлғасында беріледі де, оның (Қашқаридың) түсіндіруі бойынша, бұл тұлға түркілердің қолданылуынан кейбір дыбыстық өзгеріске ұшыраған [9, 339-б.]. Бұл сөз бір деректерде иран, араб сөзі деп көрсетілген. Демек, «кілт» араб тілінен ене отырып, тілімізге ежелден төл сөз «ашқышты» ығыстырып, әдеби тіл нормасына дейін қалыптасқан.
Әтішкір //Әтішкүр (Қ.орда.: Арал., Сыр., Гур., Маңғ., Ақт., Шалқ.: Түрікм.: Ашх., Мары., Тедж., Мары.) - қысқаш, шымшуыр. От бықси берген соң, әтішкір мен қағыстырып қойдым. Түрікменше - әтишгир , өзбекше - оташкурак, қарақалпақша –әтешкур.
Атауыз (Гур., Маңғ.; Шевч., Есб.; Қ. орда.: Ара., Жал., Қарм., Қаз.; Ақт., Ойыл., Ырғ., Қараб.; Орал., Орда.) – тістеуік. Атауызды әперші, шеге суырайын. Әрбір ұста дүкенінде атауыз қолдан жасала бермейді. Түрік тілдерінде атагзы деп атаса, өзбек тілінде қысқаш деп аталады.
Шүйші (Маңғ.) – керәсін шамның мойны, шынысы. Еркем, шүйшіні сүртіп қой. Оңтүстік Қазақстан облысы тұрғындары тіліндегі шиша, түрікпен тіліндегі чүйше, азербайжан тіліндегі шүшә, өзбек тіліндегі шиша сөздері бөтелке және жалпы шыны мағынасында жұмсалады. Шиша сөзі XIII ғасырда жазылған түркі тілі грамматикасында кездеседі.
Күде (Гур., Маңғ.; Түрікм., Красн.) – қоржын аузының ілгегі. Қоржынның күдесін ілмеп пе едің? Ал Қостанай жағында асау биені сауғанда, теуіп жібермесін деп артқы бір аяғын мойнына ұзын жіппен іліп қоюды күделеу дейді.
Достарыңызбен бөлісу: |