Саған
1.(Орал, Қазт.; Рес., Орын.) – темір табақ. Сен сағанды қайда қойдың (Орын., Домб.).
2. (Орал., Жән.) – кәстрөл. Күләй, айранды сағанға құй. Саған сүт пісіруге жақсы да (Орал., Жән.). Жалма-жан бүркеулі тұрған сағаннан бір аяқ қымыз құйып берді. Көне өзбек тілінде сағу: 1) ағаш ыдыс; 2) сусын ішетін ыдыс; 3) таразы батақшасы. Араб тілінде сахэн табақша, табақ, ыдыс.
Еңбек құрал-саймандардың атын білдіретін сөздер
Бел (Түрікм.: Красн., Небид.,Жеб., Ашх.; Тедж., Мары., Байр., Таш.; Гур., Маңғ.; Қарақ.) – темір күрек. Осыдан шығарып күректің кішірек түрін белшік, күректің сабын бел сап деп атайды. Күрек тек ағаш күрек дегенді білдіреді.Жап басына бел апарылды ма? Қарақалпақ тілінде – бел, түрік тілінде - пил, пилче.
Сабан (Ақт., Ойыл., Тем.,Ырғ.; Гур.; Есб., Маңғ.; Рес., Орын., Түрікм.: Ашх., Таш., Мары., Красн.) – соқа. Бүкіл батыс говорларына ортақ бұл сөз қазіргі түркі тілдерінде: ноғайларды – сабан, башқұрт тілінде - һабан, татар тілінде - сабан, турфандық ұйғырларда – сапан тұлғаларында айтылады. Түркі тілдеріне кірмейтін бурят тілінің цонғол говорында «соқа» мағынасын беретін сөздің «саваан» тұлғасында кездесуі оның түркі, монгол тобына жататын тілдерде ертеден ортақ екендігінің айғағы. «Сабан» ертедегі түркі жазба ескерткіштері мен XIX ғасырдағы сөздіктерден де орын алған. М.Қашқарида : сабан – ұшында темірі бар соқа. Codex-те: saban temir – соқа [13, 294-б.].
Сабан сөзінің шыққан төркінін сөз еткенде Codex-тегі saban temir тіркесін еске алған жөн. Мұнда екі сөздің қосындысы бір ғана соқа мағынасына ие. Алайда saban сөзінің өзінше мағынасы бар болуға тиіс. Шындығында да солай екені сөздіктегі saban – егістік жер, жердің бір бөлігі [13, 294-б.], деген мағына дәлелдейді. Saban сөзінің «егістік жер» мағынасын беретіндігін Қаракент қалашығының сынықтарындағы тасқа жазылған - saban azayu сияқты таңба да қостайды. Сөйтіп saban temir тіркесін қазіргі тіліміз тұрғысынан түсіндірсек – егістік жер темірі. Кейін келе «темір» сөзі түсіріліп, соқа мағынасын «сабан» сөзі де бере алатын дәрежеге жеткен.
Шар (Түрікм.: Красн., Небид., Құмд., Жеб., Ашх., Таш., Тедж.; Ақт., Ырғ.; Гур., Маңғ.) – шарық, шарық қайрақ. Шарды қайда қойған шаппа қайрайын десем.Татар тілінде чардеп аталады.
Ырғақ (Түрікм.: Таш., Красн., Ашх.; Гур., Есб.; Орал: Чап., Жымп.; Рес., Орын.; Ақт.; Ойыл.)–бас жағын иіп жасаған шөп суыратын құрал. Түркі халықтары қалыптаспай тұрған кездегі ру, тайпа тілдерінде болғандығын М.Қашқаридың сөздігінен білеміз. Яғни судан мұзды тартып алатын имек темір. Қазақстанның батысындағы қазақтармен көрші отырған ноғайларда : ырғақ – 1.крючок; 2.багор ; құмықша: иргбакь – крюк, крючок; татар тілінде: ыргак – крюк, зацепка. Сондай-ақ, хакас тілінде де «ыргах» сөзі осы мағыналарды береді. Тіпті қалмақ тілінде де, «эргх» тұлғасында ұшырайды. «Ырғақ» сөзінің алғашқы мағыналарының бірін тува тілі анықтайды: ыргак – согнутый, изогнуты. Әңгіме етіп отырған құралдың құрылысы - оның атауын осыдан шыққан деуге дәлел болады.
Соқа (Гур., Тең.,Маң., Шевч.) – қада ағаш, қазық. Соқаның ұзындығы 4 метр. Ауды соқаға бекітеді, соқаларды сыммен бекітеді (Гур.,Маңғ.). Осы күнде соқаларды қағып-қағып, қамыс үй салатын болды (Гур.,Шевч.). Біздің ауылдың 3-4 соқасын түнде соққан дауыл сындырып кетті (Гур.,Тең.). Темірәлі Сисенбай қарттың төрт қанат киіз үйінің желкесіндегі мал сүйкеніп қисайтып тастаған қайың соқаға атын байлайық. Қырғыз тілінде соқ жалғыз, бір ғана деген мағынаны береді [14, 161-б.].
Достарыңызбен бөлісу: |