20. КҮРДЕЛІ СӨЗДЕРДІ ТАНУҒА, ДҰРЫС ЖАЗЫЛУЫНА ҚАТЫСТЫ ПІКІРТАЛАСТАР
Сөздер грамматикалық тұрғыдан құрамына қарай дара және күрделі сөздерге бөлінеді. Бұл турасында С.Исаев: «Сөздер құрамы жағынан дара және күрделі сөздер болып екіге бөлінеді. Бір ғана түбірден тұратын негізгі және туынды түбір сөзді дара сөз дейміз. Екі немесе одан да көп түбірден құралған сөзді күрделі сөз дейді. Күрделі сөздер жасалу жолына қарай біріккен сөздер (бүгін, жаздыгүні, алғысөз), қос сөздер (үлкен-кіші, аяқ-табақ), қысқарған сөздер (АҚШ, БҰҰ), тіркесті сөздер (қара торғай, қара көк) болып бөлінеді. Сөйтіп, күрделі сөздер, бір жағынан, сөз тудырудың белгілі бір жолдары (біріктіру, қосарлау, тірекестіру) арқылы жасалған жаңа сөздер болса, екінші жағынан, күрделі түбір, сөйтіп, түбірдің бір түрі болып табылады» (С.Исаев. Қазақ тілі. Алматы,1998).
Басқа ғалымдарда кездеспейтін тіркесті сөздер терминін ұсынған С.Исаев, мұндай сөздердің екі я одан да көп сөздердің тіркесіп келіп бір ұғымды білдіретін күрделі сөзге жататынын, мағынасы жағынан біріккен сөздер сияқты бір ұғымның атауы болса да, бөлек жазылатынын ескертеді. Мысалы боз торғай, сөз таптары, қара торы т.б.
ХХ ғасырдың басында қазақ ғалымдары күрделі сөздер туралы ішінара өз пікірлерін білдіре бастады. А.Байтұрсынов сөз тұлғаларын түбір сөз, туынды сөз, қос сөз, қосалқы сөз, қосымшалар деп бөлді (Тіл тағлымы.- Алматы,1991).
Қ.Жұбанов түбір сөз, қосымшалы сөз, кіріккен сөз, қиюлы сөз, қосар сөз, қосалқылы сөздердің ішінде күрделі деп арнайы атамағанмен, кіріккен сөздер мен қиюлы сөздерді, қос сөздерді күрделі сөздерге жатқызады (Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер.-Алматы,1999).
Күрделi сөздер әрқилы жолмен жасалады. Көптеген күрделi сөздер о бастағы тұлғаларын өзгертiп, әрi дыбыстық, әрi мағыналық жақтан қатты өзгерiске ұшырауы мүмкiн. Осындай өзгерiстердiң нәтижесiнде мұндай сөздер бiр-бiрiне кiрiгiп, ықшамдалады: биыл – бұл йыл (жыл), сексен – сегiз он, тоқсан – тоғыз он, ашудас – ашу тас, т.б. Байқалып тұрғандай, бұлар бiр ғана екпiнмен айтылып, қатты өзгерген, бұлардың бiр кездерде жеке-дара сөздер болғанын тек этимологиялық талдау арқылы ғана анықтауға болатын дәрежеге жеткен. Мұндай сөздердi А.Ысқақов кiрiккен сөздер, түркологтар бiрiккен сөздер дейдi. Ал К.Аханов кiрiккен сөздердiң қазiргi кезде кәдiмгi жалаң сөздерден еш айырмасы жоқ деп бiледi (Аханов, 1980, 86-б.). Бұлайша түрлi атаулармен айту фонетикалық өзгерiстерге ұшырамай айтылатын сөздердi бiрiккен («слитные слова») сөздер қатарына жатқызады. Құрамындағы компоненттерi мағыналық және дыбыстық өзгерiстерге қатты ұшырамай тұтасқан сөздер бiрiккен сөздер, ал мағыналық жақтан бейлексикаланған, дыбыстық жақтан да қатты өзгерген сөздер кiрiккен сөздер деп саналады.
Қазiргi қазақ тiлiнiң орфографиясы бойынша бөлек жазылып жүрген тоқ шек, ащы шек, су жылан, оқ жылан, бес атар, бет ашар, боз қырау, ит аяқ, көк жөтел, қонақ асы, тоқпан жiлiк, кәрi жiлiк, ортан жiлiк, құлақ бау, тау ешкi сөздерiн К.Аханов күрделi сөздер қатарына жатқызады, оларға синтаксистiк тiркес деп қарамайды.
Достарыңызбен бөлісу: |