Жертөледегі жазу



жүктеу 2,03 Mb.
бет4/29
Дата20.11.2018
өлшемі2,03 Mb.
#22392
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   29

ТӨРТIНШI ТАРАУ

ҚАНЖАР ҰШЫ – ТАМШЫ ҚАН

1

Уәделi жер Абай мен Жароков көшелерiнiң қиылысы болатын. Алып-ұшып Сәбира жеткенде қараң-құраң бiраз адам жиналып қалған екен. Көбi бейтаныс: құрбыларының дос-жаран, ауылдастары. Жүздерi қатулы. Шеттерiнен тәуекелге тас бекiнiп, ширығып алған. Жекелеп, топтанып тұс-тұстан жұрт үздiк-создық келiп жатыр. Бұрыштағы бұзылған ескi үйдiң орнындағы алаңқайда ұйлығып бiраз тұрды. Жалаңдаған аяз. Табан астындағы күпсек қар сықыр-сықыр етедi құлақ қыршып. Өз-өзiнен қызынып, елiрiп алған қыз-жiгiттер суықты елең қылар емес. Бiрiн-бiрi қаумалап дөңгеленген топ гу-гу. Ортада әлдекiмдер сөйлеп жатыр. Бәрi солай қарай мойын созып, ентелей түседi. Сәбира бiр цехта iстейтiн екi-үш қызбен бiрге шетте тұрған. Ортадағылардың сөзiнiң бiрi естiлсе, бiрi естiлмейдi.

– Жүрмеймiз бе, бiраз адам жиналды ғой! – дедi жалаң киiнген, жүдеу өңдi бiр жiгiт ортаға қарай дауысын көтере.

– Сәл күте тұрайық. Тағы да келуге тиiстi. Қарамыз мол боп барғаны жақсы неғұрлым. Бiрiншi сменадағылар ендi босады емес пе. Қазiр келiп қалар.

– Қайдағы жұмыс? Есi ауысқан бiреу болмаса, бүгiн кiм барады жұмысқа? Келдiк қой мiне, бүкiл бiр СМУ жұмысты тастап!

– Жарайсыңдар, жiгiттер! Бiз де мiне, “Поршень” заводынан келдiк, – дедi жиегi қырқылған ондатор малақайын баса киiп, қоңыр макентошының жағасын тiк шаншып алған кекселеу, мұртты жiгiт. – Киров заводының жатақханасына түнде барып едiк, тiптi қазақ жоқ екен ғой!

– Қызық екенсiң, соны жаңа бiлдiң бе? – Жаңағы СМУ-да iстеймiн деген жiгiт тағы да гүжiлдедi. – Ақшасы көп, жұмысы таза жерге қазақты жуытушы ма едi? Айтпақшы, Киров заводында уборщица боп iстейтiн жеңгем бағана екi көзi алақандай болып келдi. Арматура шыбықтарды қамшының сабындай қылып кесiп, жұмысшыларға таратып жатқан көрiнедi.

– Оны қайтедi екен?

– Түсiнбей тұрсың ба? Бiздiң басымызды жарады!

Бұл сөздi естiгенде, Сәбира селк ете түстi. Бағана цехтағы электрик, механик болып iстейтiн екi-үш алкаш орыс жiгiтiнiң аяқ астынан желiгiп қолдарындағы солқылдаған арматура шыбықпен әрнәрсенi ұрғылап, тiптi бiреуiнiң плакаттағы темiр қалпақты қазақты


орай осып, “басын” қақ айырғаны қайтадан көз алдына елестеп, тұлабойы түршiгiп кеттi.

– Астағфиралла! – дедi топ ортасынан шiңкiлдеген бiреу. – Сонда бiзге қарсы қаруланып жатыр ма?

– Ендi қалай деп едiң?

– Онда бiз де қарап қалмайық. Қолымызға таяқ, темiр-терсек ұстап барайық!

– Қызбаланба! – дедi мұртты жiгiт. – Бiз төбелесiп, бұзақылық жасайық деп бара жатқан жоқпыз. Нешетүрлi арандату болуы ықтимал. Ондайға елiгiп кетпейiк. Тыныш барамыз, тыныш қайтамыз.

Үстiндегi қынама бел, қара пальтосының етегi жерге сүйретiлердей домаланған, дембелше бiр сары қыз бұларға жалтақ-жалтақ қарағыштап қастарынан жанай өте бердi де, жиырма-отыз қадам жерге барып қайта қайырылды. Сәбиралардың жанына келiп:

– Саламатсыздар ма, қыздар, – дедi сығырайған көкшiл көздерi жылтың-жылтың етiп. – Неғып тұрсыңдар? Бiрдеңе сатайын деп жатыр ма? Өшiреттiң соңы кiм?

Айналадағылар мырс-мырс күлдi.

– Қазы сатқалы жатыр! – дедi жағы қушиған бiр жiгiт бәтеңкесiнiң тұмсығын бiр-бiрiне қаға қушыкешкенiп.

– Бәсе, ылғи қазақ жиналыпсыңдар. Жүдә жақсы болды ғой. Қазы жемегелі қай заман. Осы күнде дүкенге ет түскендi қойды емес пе. Соңы кiм екен?

– Әй, қазағым-ай, қазыдан басқа ойлайтының жоқ-ау! – дедi жаңағы жiгiт тағы да қағытып.

– Қазы болса, басқаға бас қатырып қайтемiз? – Сары қыз бұл не қылжақ дегендей айналасына қызараңдай қарады.

– Қалжыңдайды, – дедi қыздардың бiрi қағытпаға ары қарай тiзгiн бермей. – Алаңға барайық деп жиналып тұрмыз.

– Онда не бар?

– Мәссаған, безгелдек! Қайдан келген адамсың өзi?

– Жаңатастан келдiм, поездан түскен бетiм осы.

– Онда естiген жоқ екенсiң ғой. Қонаевты алып тастады емес пе.

– А-а! – сары қыздың аузы аңқиып ашылып қалды. – Қайдан бiлейiн. Орнына кiмдi қойыпты?

– Кiм болушы едi! Орыс!

– Мә-ә, сұмдық-ай, орысы несi? Қазақ құрып қалып па?

– Соны айтсаңшы! Ең болмаса өзiмiздiң Қазақстанның орысы не ел танитын белгiлi бiреу болса екен-ау! Ульянов обкомының секретары дейдi.

– Бетiм-ай, еще лучше! – дедi сары қыз күнге тотыққан бетiнiң ұшын саусағымен сызып. – Сондай адам өз iшiмiзден табылмап па, тегi?

– Иә деймiн-ау, ана Әуелбеков Камалиденов, Назарбаев, Мирошкиндердiң бiрiн неге қоймайды? Бұл деген басыну ғой. Әйтпесе өз елiн басқаруға жарар бiр ұл тумайтындай қазақтың еркегiнiң тамшысы сұйылып, қатынының жатыры азып па?

Әркiмнiң жүрегiндегi жарасының аузын тырнағандай, сол-ақ екен жұрт ашынып, жан-жақтан жамырай iлiп әкеттi. Қордаланған қыжыл көп екен iште.

– Иә, қорлағаны емей немене? Бiзден басқа қай елдi бүйтiп басынып отыр?

– Қашанғы намысымызды таптата беремiз,осы шыдағанымыз жетедi!

– Мен де барам Алаңға! – Сары қыз иығын қомдап, пальтосының өңiрiн ағытты. – Қаным қызып кеттi ғой, тегi. Айқайлайтын болса, айғайлап, айқасатын болса, айқасайық!

– Өзiмiзге де обал жоқ, тым жуаспыз! – дедi екi иығы құлағына жете бүрiсiп дiрдек қаққан арықша сидам жiгiт. – Ана Кавказ, Балтық жағалауындағы республикаларға бiзге қылғанның бiрiн iстей алар ма едi? Жоқ. Қорқады. Бiрдеңе шығып кетпесiн деп басынан сипап, барын алдына тосып бәйек. Әнеукүнi “Правдаға” жазыпты, Тбилисидегi таксилердi тексерсе, бәрi төбесiне шақпақ белгi орнатып алған жекеменшiк машина екен. Одақтық қазынаға көк тиын да бермейдi, ойларына келгенiн iстеп, шайқап өмiр сүредi. Ал, бiз ше? Миллиардтап астық беремiз, миллиондап ет-сүт өткiземiз. Елу миллион қой өсiрсек те көтенiшегi аузымызға тимейдi. Сонда да жақсы деп айтқан кiм бар бiздi? Қайда барсақ та шетқақпай көремiз!

– Рас айтасың! – Тәпелтек, қысық көз жiгiт төсi қайқайып алға ұмсына түстi. – Өз ел, өз жерiмiз деп гүжiлдеймiз. Бiзде ел де, жер де жоқ. Өгеймiз. Өгей болмасаң, бiр мекемеге барып бiр жапырақ қағазды қазақша толтыра аласың ба? Жиналыста бiр ауыз қазақша айта аласың ба? Жүз қазақтың iшiнде бiр орыс отырсын ше, қазақша сөйлей бастасаң: “шо ты балтаеш на своем? Говори на понятном языке!” деп зекидi. Өгей болмасаң, осы тұрғандарыңның қайсыңның пәтерiң бар, қолдарыңды көтерiңдершi?.. Мiне, көрдiңдер ме, бәрiмiз бала-шағамызбен жатақхананың жалғыз бөлмесiнде тығылып, не көрiнгеннiң босағасында қаңғып жүрмiз. “Жетiм бұрышқа” баршы, пәтер iздеп жаутаңдағанның бәрi – қазақ. Бiр орысты көрмейсiң. Жалғызбасты шал-кемпiрiне дейiн екi-үш бөлме үйi бар. Ерiккен соң ит ұстайды. Қазақ сол ит құрлы да болмадық қой!..

– Осының бәрi, бiр жағынан, өз кiнәмiз, – дедi көкiрегi сыр-сыр етiп ентiккен күбi қара. – Көтке тепсе, басымызды төсеп бұға беремiз. Қамшымен шықпыртсаң, арқасын бiр қиқаң еткiзiп, қисық арбасын шиқылдатып тарта беретiн қара ешек сияқтымыз. “Қойшы, бiр жөнi болар!” деймiз. Күреспесең, тiреспесең қайдағы жөнi болады? Мектебiмiздi жапты – үндемедiк; тың игеремiз деп жерiмiзден қуып, ата-бабамыздың бейтiн трактормен таптады – қыңқ еткенiмiз жоқ; қақ ортамызға әкелiп атом бомбасын жар-


ды – былқ етпедiк. Содан кейiн бiздi басынбағанда кiмдi басынады? Мыналар мал екен, не iстесек те көне бередi деп ойлайды. Оу, Алаштың баласы, мал екеш мал да тамағына пышақ тигенде, тұяғын серiппей ме? Тышқақ лақ құрлы жоқпыз ба? Қашанғы шыдаймыз
бұл қорлыққа!

– Жоқ, осы бұққанымыз да жетедi.

– Иә, бұл жолы бұлқынбасақ, шынымен де мал болғанымыз...

Әр жүректе кек пен өшпендiлiктiң оты қоздап қызына түстi. Іштегi қыжыл ақтарған сайын өршiп, бөгет бұзған тасқындай тоқтау берер емес. Бiрiн бiрi iлiп әкетiп, бiрiнен бiрi асыра, уытын үстемелей сөйлейдi. Шатақ iздеп шабына қараған суық көз, сұсты жүздер салбыраған сұрқай аспанмен астасып түнерiп тұр.

Жүз-жүз елу қадам жерде, үлкен сұр үйдiң ығында тағы бiр топ қарауытады. Ұзын саны деңгейлес. Ылғи сайдың тасындай сайланған жас жiгiт. Жағаларын тiк көтерiп, құлақшындарын баса киiп, темекiлерiн бұрқ-бұрқ тартып, бейтарап қалып танытқанмен көздерiнiң қиығы осы жақта. Киiмiн ауыстырып киген солдат па, жасақшы ма кiм бiлсiн? Әйтеуiр, бұларды бақылап тұрғаны анық. Көрнеу асынған, ұстаған қаруы жоқ. Бiрақ әрқайсысы бiр жақ жеңiнiң ұшын қымқыра ұстап, әлдебiр ауыр зат жатқандай салмақтап қояды.

Кiшкенеден соң бiр бүйiрден ұзын сирақ милицио-нер кеп қосылды. Белiнде – салбыраған тапанша, жетегiнде – керауыз қасқыр ит. Келе сала бұлар жақты иегiмен нұсқай, үйiрiлген топқа әлдененi түсiндiруге кiрiскен. Иесiнiң пиғылын түсiнгендей керауыз төбет бұларға көзi шатынай қарап, құлағын жымқырып қояды. Сөздерiн пiсiрiп алған соң қалың топ берi қарай лықсыды. Жүрiстерi баяу, маңғаз. Алыстан айбынтып алайық деген сес бар. Ең алдында әлгi ұзын сирақ офи-цер. Қол бастаған әскер басы секiлдi. Аяқты алшаң басып, сұр шекпеннiң өңiрiн шалқайтып тастаған. Шеттерiнен желке жүнiн күдiрейтiп, ызғарын сыртқа шаша,«бiз, мiне, күштiмiз, қазiр-ақ таптап, жайпап өтемiз» деген тоңайбатты барынша әйгiлеп, маңғаз басып келедi. Бұлар ығысқан жоқ. Қайта мына нойыстардың өзiмшiл озбырлығына ерегесiп, келсең – кел дегендей ширыға түскен. Көздерiңде қара қанжар жалаңдаған қайсар жiгiттер қыздарды ортаға алып, шыр айнала шеңбер құрып тұра қалды. Кiрпiк қақпай мелшиген қоңырқай жүздер алынбас тасқамалдың бiр-бiр кесегiне айналған. Сұсымыздан-ақ айбынып, үй-үйдiң тасасына сiңiп жоқ болар деп дәметкен аналар мұндай тегеурiндi күтпесе керек, қырық басты қара бүйiдей жыбырлап жылжыған күйi тас лақтырым таяп келiп iркiлдi. Иесi тоқтағанмен қайыс шылбырды шiрей тартып арсылдаған төбеттiң тоқтағысы жоқ. Жып-жылтыр қара тұмсығының ұшы жиырыла ырылдап, алдыңғы аяқтарымен қасат қарды алма-кезек бұрқырата тарпып, тап-тап бергенде, «Алла сақтасын, ана шылбыр үзiлiп кетсе ғой!..» деп қарадай жаның хасам болады. «Қой!» деп басар иесi көрiнбедi, қайта итiнiң айбарынан пәрмен алғандай, бiр қолымен мықынын таяна, талтайып тұрып, әмiрлi дауыспен айғай салды:

– Эй, бұл не митинг, тараңдар кәне!

– Әкiреңдеме! – Шеңбердiң шебiн бұза шымыр денелi жiгiт шиырған асықтай алға атып шықты. Қара биялай, ақ күрте киген. Жалаң бас. Дудыраған бұйра шашы сеңсең бөрiктей. Оң жақ бетiндегi ырсиған ай тыртық қабақты қарасұр жүзiн одан сайын сұсты ғып көрсетедi екен. – Бес қазақтың басы қосылса, он орысыңды сайлап, неден құтың қашып жүр. Ауызымызға салған қақпақтан, төбемiзге ойнатқан тоқпақтан айрылып қаламын деп қорқасың ба?!

– Әй – әй! Сен өйтiп саяси жаққа барыспа! Қайдағы он орыс? Бiз – жасақшылармыз. Iшiмiзде қазақ та, татар да бар. Интернационалмыз!.. Қане, сөздi доғарып, қайқай бұл жерден!

– Кетпеймiз! Өз жер – өз көшемiзде жүргiзбейтiн кiм едiң сонша!

«Қап, осы сөздi артық айтты-ау! – деп күбiрледi iшiнен Сәбира.

– Тиiсуге сылтау таппай шабынып тұрған қара диюды шаптан түртiп несi бар едi!»

– Ах, сөзiн қарай гөр. Жер өзiмдiкi де! – Офицер түтiгiп, қолын ербеңдетiп, табан астына шырт түкiрдi. – Жершiлiн бұның, сенiң жерiң – ана тайганың төрi. Қол-аяғыңды кiсендеп сонда жiберем. Көтенiшегiң салбырап ағаш тасығанда көрермiн сайрағаныңды.

– Ата-бабаңның сүйегi шашылып жатқан жер ғой, өзiң бар ол «Итжеккенiңе!»

Офицер жауап қатқан жоқ. Осыған несiне сөз шығындаймын дейтiндей. Бағанадан берi тәжiкелесiп, абройын түсiргенге өкiндi ме, жақ етi шақпақтанып, iлезде жүзiне сұс жинап, сұрланып ала қойды.

– Қане, азаматтар, тараңдар! – дедi, сабырлы шыққанмен зiлдi дауыс шыңылтыр ауаны шытынатып. – Топтанып жүруге болмайды!

– Сендер топтанғанда бiз неге топтанбаймыз? – дедi бұйрабас қайтадан елеуреп.

– Бiз – жасақшымыз. Тәртiп сақтауымыз керек. – Офицер артқа бұрылып, иек қағып едi, «иә, бiз жасақшымыз, мiне!» дегендей, қалың нөпiр қорбаңдап, апыл-ғұпыл жең ұшынан солқылдаған темiр шыбық суыра бастады. Сәбира жан ұшыртып алақанымен көзiн баса қойды. Бағанағы сұрқия сурет тағы тiрiлген: әумесiрлер айқыш-ұйқыш сiлтеген темiр шыбық, қақ айрылған бас!

– Ағай, ағай, – дедi бұйрабастың жеңiнен тартқылап.– Осыларды ерегестiрмей-ақ қояйықшы. Кет десе, кетейiкшi!

Жiгiт жалт қарады. Бетiндегi ай тыртық тiсi ақсия арс етiп ала түскендей. Жаман көзiмен алая бiр қарады да, ләм деместен жүзiн бұрып әкеттi.

Жасақ қару шығарып, айбар шеккенмен лап қойған жоқ. «Мiне, көрдiңдер ғой, сайтандарыңды қағып аламыз» дегендей шайқалақтап, орындарынан қопаңдап қояды.

Офицердi ашу қысты. Үйiрiлген топ, қаруды көргенде, сеңдей сөгiлiп, бет-бетiмен жөңки жөнелмесе де, бiр серпiлiп түсер деген. Жоқ, селт етер емес. Қожыр-қожыр ала-шұбар қойтастардай мелшиiп тұр. Қалтылдаған қолы жамбастағы кобураға бiр барып қайтты. Амалы таусылғандай сипалақтап сәл тұрды да, тесiрейген күйi құлағы тiкiрейiп, тым-тырыс жер бауырлап жатқан керауыз төбеттi шылбырынан жұлқа тұрғызып:

– Гром, взять, фас, фас! – деп бұларға қарай айтақтап, қарғыбауды ағытты да жiбердi. Қарадай көкке шапшып аласұрған «Гром» құлағын жымып, азуы ақсиып, қар бетiнде сүржебедей созылып, зымырай жөнелдi –
офицердiң қайнаған кек-ызасы керауыз төбет боп зырқырап келедi. Мына сақылдаған қанжардай азу қазiр қайсысын қорс еткiзiп орып түсер екен?! Бұйрабас жiгiттiң иығынан сығалап тұрған Сәбира екi қолымен бетiн баса шыңғырып, отыра кеттi. Есi ауып талықсып кеттi ме, қас қағым сәтте не болып, не қойғанын бiлмейдi. Көзiн ашса, керауыз төбет анандай жерде жатыр сұлап. Iшек-қарыны шұбатылып ақтарылып қалған. Будақ-будақ ұшқан бу ақ перде боп көз алдыңды тұтады. Жиырылып-созылып жанталаса тыпырлаған сәтте бауыр тұсынан ыстық қан сыздықтана шапшып-шапшып кетедi. Япыр-ау, өңi ме, түсi ме? Ажал болып атылған сұрапылды қас қағымда сұлатып салған қай құдiрет? Қасқайып алда тұрған бұйрабастың сол жақ жеңiнiң бiлек тұсы дал-дұл; тысы жалбырай жыртылып, мақтасы ұйпа-тұйпа үрпиiп тұр. Оң қолына қыса ұстаған сынық сүйем финканың ұшында тамар-тамбас боп түйiр тамшы қан қатқан. Сөйтсе, кейiн бiлдi, бұйрабас жiгiт арс етiп атылған төбеттiң аузына көлденең тосып сол жақ бiлегiн кептей қойыпты да, оң қолындағы пышақпен жұқа шаптан бiр-ақ iрептi.

Офицер өз көзiне өзi сенер емес. Малақайын бiр шешiп, бiр кидi. Ашуын үрей билеп бара ма, қалай? Тiзесi құрғырдың дiрiлдегенi несi, жо-жоқ, атасына нәлет, мына сықырлаған сары аязда хром етiк киген не сәнi едi, табанынан сыз өтiп, қалтырай бастағаны да! Азуы алты қарыс арланның көздi ашып-жұмғанша тырапай асқанына қайран. Жайшылықта шынжыр шайнап аласұрып, қоя


берсең, «тәйт!» дегенде құйрығын бұтына қысып, айдалаға маңатын қотан қорыған көп төбеттiң бiрi болса, бiр сәрi. Арнайы үйретуден өткен, әдiс-айланы кiсiден бетер меңгерген, талай қандыбалақты бақыртып желкеден басқан әккi алпауыт едi ғой. Шiркiн, бiр айыз қандырып – бедiрейiп тұрған бiреуiн домалатып алып соғар, киiмiн дар айырып, қар үстiнде тыр жалаңаш шырылдатып жұлмалар, қалғандары қанша жерден жүрек жұтқан болса да, қасқыр тиген қойдай жан-жаққа тырқырай безер деген. Шiлтиген бұл тыри қаралардiкi селт етпейтiн неткен жүрек. Әлде түрменiң табалдырығын тоздырып, оттан да, оқтан да тайсалмастай боп келген жансiрi пәле ме шетiнен?!!

Ұзын сирақ офицер борбайының арасы бұзау өткендей алшиған күйi абдырап тұрып қалған бiр сәт. Кенет санасының түкпiрiнен әлде бiр түйсiк жылт еттi ме, қалтыраған оң қолы қалықтап барып жамбастағы бұлтиған қара қорапқа сүңгiп кеттi де, жарқ еткiзiп тапанша суырып алды. Сол-ақ екен, тiзесi дiрiлдеп, шарасыз жаутаң қаққан аянышты бейне ғайып болды. Қабағын қарс түйген қаhарлы офицер тұра қалды қар үстiнде қаздиып. Қаруы болса, кiм қорқытпайды; қарулыдан кiм қаймықпайды.

– Я вам покажу, гады! Раз-зойтись!!! – Отыз тiстiң арасынан ысылдай шыққан ызалы айқайдың жаңғырығымен жарысып, аузы көкке қараған қара тапанша шыны ауаны шатынатып, үш мәрте от құсты. Көзi шоқша жайнап, елiрiп алған; Iле тапанша ұстаған қолын шошаң еткiзiп, ауада доға сызды: – Орлы! За мной! – Артына бұрылып қарамады да. Бұйрық күтiп тықыршыған топтың лап қоярына еш шүбәсi болмаған. Бiрақ «қырандары» дүр қанат қағып қалықтай жөнелген жоқ. «Бұл қалай болар екен» дегендей, бiр-бiрiне состия қарап тұрып қалған. Ұзын сирақ желке тұсынан жедел басқан сан етiктiң сатырын көрмесе де сезiп, қаннен-қаперсiз жөнеп келедi; сұр шекпеннiң етегiн далп-далп қағып қалықтап келедi – жемтiк көрiп шүйiлген құзғын секiлдi. Тұлабойын қан құмар бiр қорқаулық билеп алған. «Ух, сукины дети! Қолымның қышуын бiр қандырмасам, бәлем! Қаншықтарына дейiн тапжылмауын қарашы безерiп. Кәрi айғырдың жалыңдай жалбыраған шаштарын бiлекке орап жiберiп, шыңғырта тепсе ғой шеттерiнен. Тұра тұр, бедiрейгендi көресiңдер қазiр!..» Айыз қанар шабытты сәттiң шырыны жүрегiн уылжытып, адыраңдаған күйi тебiтiп-ақ келген, бiрақ аналар сұсынан селт етсе кәне. Ұзын сирақ ойланып жатпады, «шешiнген судан тайынбас», ендi шегiнгенi – офицер басына өлiм емес пе. Қыбырсыз топтың төбесiне төндiре тапаншасын көлбей кезеп, тартып-тартып жiбердi. Е, бәсе! Сонда барып шеңбердiң шетi серпiле сөгiлдi – жағы қақ айрылып крокодилдiң аузы ашылды. Қолында от түкiрген тапаншасы бар адам, аждаhа азуын сақылдатса да қаймықсын ба, екпiндей басып ортаға қойды да кеттi – «крокодил» бiр-ақ қауып, қылғи салған. Қым-қуыт. Бес-алты жiгiт футболдың добына таласқандай опыр-топыр:

– «Мә, саған, қоқаңдап кiмдi қорқытпақсың!»

– «Қой деймiн, өлтiресiң!»

– «Өлмесе өрем қапсын, доңыз!..»

Ырсылдаған, ыңырсыған дыбыс...

Дөңгеленген топ келесi сәт үрiккен малдай дүркiрей төңкерiлгенде, ұзын сирақ офицер қар үстiнде серейiп қала бердi. Өлi-тiрiсi – белгiсiз. Аяқ-қолы төрт тарапқа шашылып, қимылсыз жатыр.

Бұлар жым-жырт кең көшемен сырғи лықсып әудем жер ұзағанда ғана, ошарылып тұрған жасақшы топ дөңкиiп-дөңкиiп әр жерде жатқан ит пен офицерге қарай беттеген.

2

Күн де бүгiн шекесi тырысып шытынай қалыпты. Қаңтарда болмас «қызыл шұнақ» аяз түу деген түкiрiгiңдi жерге түсiрмей буып тұр. Аузы-мұрныңнан шыққан дем күйелеш ауаны шимайлап, будақ-будақ ұшады. Әлгi әзiрде бiр орында тапжылмай тұрғандiкi ме, буын-буындарын суық қармап, әбден сiресiп қалған екен. Ойындары тасып бара жатпаса да бiрiн-бiрi қағып-соғып, желдiрте басып, бiраз жүрген соң ғана бойларына қан жүгiрiп, жылына бастады. Құрық бойы алда, қой бастаған серкедей бұйрабас жiгiт қасқая тартып келедi, жалаң бас, жұқа күрте. Сонда да ел сияқты бүрiсiп, бүгежектемейдi. Ең болмаса, еңкейiп бiр рет құлағын да уқалаған жоқ. Еңсесi тiп-тiк. Сом иықтарын сәнiмен ырғап, аяғын аршындай басады. «Мiне, жiгiт!». Түбiт шарқатпен бет-аузын тұмшаланып, көзi ғана жылтыраған Сәбира тұлғалы жiгiттiң жаңағы қысылтаяң сәттегi қимыл-қайратын тағы бiр ойша елестетiп, ту сыртынан сүйсiне қарады.



БЕСІНШІ ТАРАУ

ҚАРА ЖАУЫН

1

Бүгiн секретариат мәжiлiсiне жиналғандардың Олжасты күткенiне сағаттан асты. Бұрын жұртты бұлай сарылтып қаңтарып қоймайтын, кешiгетiндей болса, алдын-ала ескертiп не жиналысты орынбасарларының бiрiне жүргiзе бер деп табыстайтын. Бәрi не iстерiн бiлмей жiпсiз байланып, тықыршып отыр. Әдетте мұндай бас қоса қалғанда ұсақ-түйек әңгiме тамыздықсыз-ақ тұтанып, өзiнен-өзi қиюласып, бiрiн-бiрi көтермелей гуiлдеп кететiн. Бүгiн ой iртiк, сөз кiбiртiк. Әлдекiм қарап отырғанша ермек болсын деп әңгiменiң шетiн қылтитса, оны хоштап iлiп әкететiн ешкiм жоқ: “е, солай ма едi” дегендей нәумез, сүйейсалдыдан арыға бармайды. “Жастар Алаңға шығып жатыр” деген хабарды бәрi де естiген. Бәрiнiң көкейiндегi – сол түйткiл. Соны әңгiме қылғысы-ақ келедi. Бiрақ секемшiл, жалтақ, лықсып көмейге кептелген асау толқынды лақ еткiзуге қаймығады: мiне, қарсы алдыңда тесiрейiп парторг отыр, әне форточканың тұсында темекiсiн сыздықтатып, көзiнiң астымен сығырая шолып “Литературная газетаның” тiлшiсi тұр. Одан басқа қаншама “құлақ”, қаншама “көз” бар. Қаймықпағанда ше? Моншада не дәлiзде темекi тартып тұрып анекдот айтамын деп үндеместiң қара тiзiмiне iлiнiп жүргендер аз ба? Бiрiн-бiрi аңдып, аңыс баққан бiр хал. Кең бөлмеде тiл жоқ, орындықтың сықыры, парақталған газеттердiң сыбдыры ғана естiледi.

Iле дәлiздегi мәрмәр баспалдақтар жаңғырығып, қарыштай адымдаған аяқ дыбысы жақындай бердi. Адуынды, нық. Хатшы келiншек босағадан басын қылтитып:

– Келдi... Келе жатыр! – дедi сүйiншi сұрағандай қуанышты үнмен. Ауыз жиып болғанша ашық тұрған есiктен шабытты, нұрлы жүзi жарқ етiп Олжастың өзi де көрiндi шалықтап. Томағасын ағытқан қырандай өткiр қара көздерi шоқша жайнайды. Жалаң бас. Толқынды қара шашын сiлке қайырып, бөлме iшiн бiр шолып өттi. Iштегi бұрқақ, асау сезiм ауыздық шайнап, алабұртып алқынып тұр. Есiктен сөйлей кiрдi:

– Что вы здесь сидите? Бұл не отырыс? – дедi шиыршық атқан жiгерлi дауыспен. – Лучшие сыновья казахского народа там, на Площади, и мы должны быть там! Қазақтың аяулы ұл-қыздары Алаңға жиналып жатыр. Бiз де сол жерде болуымыз керек емес пе! – Үстiндегi құндыз жағалы, бозғылт жарғақ тонын жүре шешiп, төрдегi орнына қарай беттедi. Бөлме үнсiз, iшiн тартып тына қалған. Сәлден кейiн барып, оң қанатта стол басында отырған сойдақ тiс хатшы атжалмаңдай ақсиып ызбарлана ысылдады:

– Тебя еще называет коммунистом! Сенi де коммунист дейдi-ау! – Қара сұр жалпақ бетi желiндеп қабарып алған. “Байқа, мiне ендi бiздiң күнiмiз туды” дегендей, бұқа көзденiп, қабақ астынан сүзе қарайды. Сойдақ тiстiң сөзiн арқаланды ма, әлде ертең күш солай қарай ауып кете ме деп қауiптенiп, осы бастан жағынғаны ма, тағы бiр хатшы көзi тiкiрейiп орнынан ұшып тұрды.:

– Олжас, бұл сенiң қай сасқаның? Орталық комитеттiң шешiмiне қарсы шыққан бұзақылармен бiрге бол демексiң бе? Ондай жерге барсаң өзiң бар, бiздi өйтiп арандатпа!

“Иә, тағы кiм не дер екен!” дегендей, екi қолын кеудесiне айқастырып, терезенiң жақтауына сүйенген “Литгазета” тiлшiсiнiң көздерi жайнап барады. Дәл бiр баяғы охранка агентiнiң көне кiтаптардағы классикалық суретi терезенiң ойығында шапталып тұрғандай.

– Ой, балалар, не деп кеттiңдер? Қойыңдар, қойыңдар, бос сөздi қайтесiңдер! – дедi төрге жайғасқан ақ томпақ, домалақ шал ұшатын құстай екi қолын екi жаққа сермеп. Құйқасы ду қызарып, төбесiндегi бес тал шашы бес жаққа үрпиiп кеткен. Талай өткелектi көрген сужүрек қария ушығып бара жатқан әңгiменiң тiгiсiн жатқызбақ боп әлек. – Олжас айналайын, жиналысқа жиналып отырған жоқпыз ба? Онсыз да бiраз күтiп қалдық. Бастай бер ендi.

– Ешқандай жиналыс болмайды. Бара берiңiздер!

– Қалай?

– Iнi-қарындастарымыз Алаңда есе-теңдiк сұрап басын бәйгеге тiгiп жатқанда, бiз мұнда мылжыңдасып отырмақпыз ба?

Жұрт тоң-торыс, не ойласа да iштерiнде, ләм деместен үздiк-создық шұбап бөлмеден шыға бастады. Бар қарсылығын күдiрейген желкесiне жапсырып, қайқаңдай басып елден бұрын шыққан сойдақ тiс кабинетiне қорбаңдаған денесiне лайықсыз әбжiл қимылмен екпiндей кiрген. Есiк аузындағы хатшы қызға “ешкiмдi енгiзбе” деп табыстап, төрдегi биiк арқалы қара креслоға отырар-отырмастан Орталық комитетпен тiкелей байланысатын вертушкаға жармасты:

– Мәке, бұл мен ғой, мен!.. – деп жiгерлi дауыспен жаныға сөйлеп жатты.



Олжас кабинетiнде жалғыз қалды. Бiрi ақыл айтпақ болып, ендi бiрi тiлеулестiгiн жеке бiлдiрмек ниетпен қипыжықтап шегiншектей берген екi-үш ағайынға, көп алдында айтуға жарамаған ондай бұқпантай сөздiң
маған керегi жоқ дегендей, қабақ бермей шығарып жiберген. Шарықтап, өрекпiген көңiлi су сепкендей басылды. Жабырқап, жасып отыр. Қанаттас ағайыннан мұндай ықылас күтпеп едi. Бүгiн иiсi қазақтың жүрегi бiр үмiт, бiр тiлекпен соғуы керек емес пе. Өздерi де тықыршып отырған шығар, құлақтарына қиқу шалынса, қауға тиген жалындай дүр ете түсер деген. Күйкi тiрлiктiң күйбiңiн әңгiме қылатын күн бе бүгiн? Ел намысы сынға түсiп жатқан жоқ па. Оң-солын танып үлгiрмеген сарыуыз жастардың өзi әне ешкiмнiң түртпектеуiнсiз-ақ бұл не басынғандық, әдiлет қайда
деп ақырып Алаңға шыққанда бұлардыкi не бұқпантайлық? Жарайды, қысқа күнде қырық шайнасып жүрген ана керiауыз төрт-бес қыртқа өкпесi жоқ, олардыкi – бұл түзiк сөйлесе де, бұзып сөйлесе де қыңырайып, терiс жығылмаса, iшкенi бойға сiңбейтiн қашаннан бергi ескi ауыру. Ал қалғандары неге көздерi бақырайып қарап отырды? Елеуреп неге өре түрегелмедi? Басына қамшы тиген кәрi-құртаң болса бiр сәрi. Көбi – қырықтың ар жақ-бер жағындағы, заманның қыспағын көрмей бұла өскен, қылыштың жүзiндей қылпып тұрған жiгiт ағалары. Неден қорқады? Неге жасқанады? Заманның өзгергенiн сезбей ме? Демократия лебiнен бүкiл дүние жаңғырып қайта түлеп жатқан жоқ па? Бейбiт шеруге шыққанда тұрған не бар, ол – әркiмнiң Конституциялық правосы. Лениннен кейiн бұрмаланған шынайы демократияны Горбачев мiне, совет қоғамына қайта енгiзiп отыр. Соны жастарымыз пайдаланып, әдiлетсiздiкке қарсылық бiлдiрсе, неге қолдамасқа? Оллаһи, осы келгенде бәрi өре түрегеле жан-жақтан қолдап, қолпаштап, тiптi, ауыздықпен алысып бас бермей кететiндерi де табылар-ау деп ойлаған. Үш қабатта жұмыс iстейтiндердiң өзi бiр қауым ел. Хабарласа құстай ұшып жететiндер қаншама. Қалың жазушы қазiр кең проспектiмен күндей
күркiреп өрлеп бара жатса ғой! Қандай асқақтық, қандай айбат! Ақ үйдiң терезесiнен жылтыңдағандар ендi бұлармен санаспай көрсiн. Албырт жастарды арандатуға ұрындырмай, соларға басалқы боламыз, жыр оқып, қоғамдағы қалыптасып отырған жағдайлар туралы ой-пiкiрлерiмiздi айтармыз деген. Ол дәмесiнiң мiне, екi аяғы көктен келдi. Интеллигенцияның қаймағы деп жүрген қаламгерлердiң жеме-жемге келгенде шынымен осынша намыссыз болғаны ма? Ширек ғасыр дегдар сахилығы, ғадiлдiгiмен жүректерiнен орын алған Димекеңдей асылды абыройсыздықпен қаралап, аттан аударып тастағанда, орнына қойған адамына қарасаңшы! Ең болмаса өз халқымыздан бiреудi неге қоймайды? Небiр сен тұр, мен атайын азаматтар жүрген жоқ па ел тұтқасын ұстап. Солар тақиясына тар келдi ме? Баяғы империялық менмендiк емей немене. “Бұларға қой бақса да жетедi” деп басынғандық. Пленумның хабары құлақтарына тиер-тиместен атойлап Алаңға атып шыққан жастарды қолдауға жарамаған соң не қайыр. Сонда бұлардың Ақ үйге кiрiп-шыққандарына мәз ана партократтардан несi артық? Кешегi пленумда “бұл қалай?” деп айғайлап шыққан кiм бар? Бәрi ләббай, тақсырлап бас шұлғысты. Бiр-бiрiмен сарт-сұрт сүзiскен қошқарлардың әрқайсысы Бiрiншiлiктен дәмелi едi. Кремльдегi көкелер қабақ танытпаған соң “өзiм жемейтiн көтен боғымен пiссiн” дестi. Менiң өкпемнен де жоғары елдiң намысы бар ғой деп шекесi қызған ешкiм жоқ. Осыдан бiраз бұрын заманның қабағы қату кездiң өзiнде өзбек акалар елдiгiн, азаматтығын қалай танытты десеңшi. Орталық Рашидовты орнынан алмақшы болғанда, Пленум мүшелерi бiрауыздан қарсы болған жоқ па? Саяси Бюроның бұл шешiмiн қолдамаймыз, республика коммунистерiнiң ұйғарымы басқаша деп тiресiп отырып алды. Олар да, әлбетте, Шараф аканы жек көрген болар, өкпесi де бар шығар, бiрақ елдiк намыс үшiн оны қорлыққа қиған жоқ қой. Ең болмаса сол үлгiнiң үдесiнен шыға алмағандары ма?.. Қалай болғанда да қанаттастарынан дәл мынандай салғырттық пен жалтақтықты күтпеп едi.

Бәрiнен бұрын әлгi сойдақ тiстiкiн айтсаңшы. Ең болмаса, үндемей қалуға жарамады ғой. Арс етiп балағынан алды. Ер азаматтың да осындай оңғақ мiнез арсызы болады екен-ау. Бұдан жарты жыл бұрынғы әнi мүлдем басқа болатын. Секретариат сайын қисынын тауып, бұған жарамсақтанып қалуға тырысатын: “Заманымыздың ұлы ақыны... Қазақ халқын әлемге танытқан мақтанышымыз... Олжас Омаровичпен бiр заманда өмiр сүргенiмдi өзiме бақыт санаймын... Осындай дана азаматымызды аялай бiлейiкшi, ағайын!” дегенде айтып тұрған ол емес, естiп тұрған бұл ұялғаннан жерге кiрiп кете жаздайтын. “Жолдастар, артық әңгiменi доғарайық. Бұл бiр-бiрiмiзге деген махаббатымызды бiлдiретiн жер емес!” деп қабақ түйсе де анау өзеуреп қоймайтын: “Олжас Омарович, онда тұрған не бар? Барды – бар, жоқты – жоқ деп айту керек қой!” дейтiн бетi бүлк етпей. Сөйтiп жүрген жандайшап аяқ астынан Нiлдей бұзылып, желкесiн күжiрейтiп шыға келдi.

Брежнев опат болғаннан кейiнгi тақ тартысында Горбачев екi мәрте омақасып, үшiншiде әупiрiммен әзер тырнағы iлiккен. Өзiн қанша демократ, гуманистпiн десе де көкiрекке түйген кектi жеңе алмады. Күнi санаулы науқас пен селкiлдеген шалды алға салып екi дүркiн жолын кескендерге iшi қазандай қайнайтын. Тiзгiн қолға тиiсiмен соларға тiсiн басты. Брежнев басқарған жылдарды “тоқырау заманы” деп әйгiлеп, экономиканы жеделдетiп қайта құру, қоғамды демократияландыру ұранын көтердi. Бұған қолбайлау болатын кiм? Әлбетте, ескi көзқарастағы кәрi-құртаңдар. Аз уақыттың iшiнде ескi гвардияның төбесiне су құйған: науқан ұйымдастырып, “Правда” мен “Известия” күнде төпегеннен кейiн бiрi инфаркт болып өлдi; бiрi “өз өтiнiшiмен” пенсияға кеттi. Соңғы тұяқ Қонаев болатын. Оны да арлы-берлi ырғап, оңай қозғала қоймасына көзi жеткен: iшiп-жегенi, партиялық норманы бұзған ештеңесi жоқ, ел алдындағы беделi зор. Не ойланатыны бар, кiмнiң тарысы пiссе, соның тауығы болатындар аз ба? Ендi күнiмiз не болар екен деп қалай қарап үрерлерiн бiлмей жаутаң қаққан кәндендерге, қолтығына су бүркiп “айтақ!” деп едi, шәуiлдеп ала жөнелген. Бiрiнен-бiрi асыра үрiп жарысқа түстi. Қалың ит жан-жағынан қаумалай арсылдағанда, арыстан қорыққанынан емес, ашуға булығып жүрегi жарылып өледi дейдi ғой. Димекең де дәл сондай күй кешкен. Қатты қорланды. Кешегi өз қолымен өсiрген шәкiрттерi жағаға жармасып, беттен алды. Газеттер көр-жердi бықсытып жатты: “Қайын атасы атақты бай-саудагер болған, он сегiзiншi жылы Ақмолада совдептi құлатушыларға дем берiп, Сейфуллиндi түрмеге жаптырған...”, “Сәтбаев кезiнде ғалымдығын мойындамаған, соны кек тұтып мiне, сексен жылдығын ататқызбай тастады...” “Алқаш iнiсiн академияның президентi қылып қойды, ол тiптi президиумның мәжiлiсiне де қатыспайды...” деп көйiттi. Күздегi Компартияның съезд жұмысын телевизордан көрсетер уақытта Алматының көп бөлiгiнде жарықты өшiрiп тастауға дейiн барды.

Ендi сойдақ тiстер талтаңдамай қайтсiн, артындағы дем берушiлерi бiздiң күнiмiз туды деп бөркiн аспанға атып жатса. “Осындай лас, арсыз хайуандар да жер басып жүредi-ау!” Жымсиған көрбiлте жүз көз алдына елестегенде, қаны басына тептi. “Сабыр, сабыр! – дедi тiзгiн сүзген ашуын әзер тежеп. – Бұларға ашуланғанның өзi жеңiс. Өйтiп арзандауға болмайды”. Ол туралы ойлаудың өзiнен көкiрегi былғанатындай жиiркенiп, бәрiн ұмытуға тырысты. Алдындағы жазушылардың тiзiмi жазылған қоңыр кiтапты парақтап қарай бастады. Талай кеудесiнде болаты балқыған арынды азаматтар бар емес пе. Солармен хабарласып ақыл қосқан абзал шығар. Жазушы аттарымен мынандай сәтте үнсiз бұғып қалғандары ұят қой. Оншақты адамның тұсын белгiлеп, алдындағы қызыл телефонға қол соза берген. Кенет қатарындағы вертушка тұншыға ызың ете түстi. Созылған қолы қайда қонақтарын бiлмей ауада қаңтарылып қалды. Жүрегi төмен тартып, iшi бiртүрлi суып кеттi. Телефонды алғысы келмеп едi. Бiрақ қара вертушка құлақ тесiп үстi-үстiне тынымсыз безiлдедi. Мұның отырғанын сезiп тұрғандай жағы семер емес. Амалсыз тұтқаны көтерген. Сәлемнен кейiн:

– Олжас Омарович, Алаңда не болып жатқанын бiлетiн шығарсыз? – дедi қоңырқай таныс дауыс сабырмен.

– Бiлемiн.

– Бұл – бүлiк!

– Неге?


– Ұлтшылдықпен уланған жастардың бiр бөлiгi Орталық комитеттiң шешiмiне қарсы шығып жатса, бүлiк емей немене?

– Бейбiт шеруге шыққанда не бар? Ол әркiмнiң конституциялық правосы емес пе?

– Сонда Сiз де соларға қосылмақсыз ба?

– Қосылам деп тұрғам жоқ, бiр топ ақын-жазушыны ертiп Алаңға барамын. Жастарды сабырға шақырамыз, арандап заңнан тыс әрекеттерге ұрынбау үшiн басалқы боламыз.

– Жоқ! – дедi телефондағы бағанадан берi салмақты, бiр ырғақпен күмбiрлеген қоңыр дауыс оқыс қатайып. –
Бiз басқаша шешiп отырмыз. Ереуiлшiлердi тәртiпке шақыратын тиiстi органдар бар, оған сiздер араласпай-ақ қойыңыздар. Әр мекеме басшысы қарауындағы қызметкерлердi бұл күндерi қатаң бақылауға алып, үгiт-насихат жұмыстарын жүргiзуге тиiстi. Жазушылар одағындағы бұл жұмысты екiншi хатшыға тапсырып отырмыз. Сiз, Олжас Омарович, үйiңiзге барыңыз, ешқайда шықпай-ақ қойыңыз. Қажет болған жағдайда өзiмiз хабарласып шақырамыз.

– Бұл өтiнiш пе, әлде бұйрық па?

– Екеуi де.

– Сонда бұл – Сiздiң бұйрығыңыз ба?

– Жоқ, Орталық комитеттiң бұйрығы деп бiлiңiз!

Құлағында телефонның үзiк-үзiк ызыңы ғана қалды. Қыңсылаған тұтқаны қылғындыра ұстаған күйi сәл аңтарылып отырды да, сарт еткiзiп тұғырға тастай салды. “Серые сволочи! Қандай иiсшiл десеңшi. Мұның қалт еткен қимылын қалай көрiп-бiлiп отыр. Мына қабырғаның әр саңлауы көз бен құлақ шығар. Мейлi, сығаласын, иiскесiн. Қайдағы бiр қағаз кемiрген сасық күзен бұйырды екен деп торғайдай бұғып отырмақ па? Қазiр-ақ қасына оншақты жiгiттi ертiп Алаңға барады. Алдындағы тiзiмдi тағы бiр сүзiп шықты да қызыл телефонның тұтқасын көтердi. Дыбыс жоқ. Оң құлағына сенбей, сол құлағымен тыңдады. Тұғырдың тiлшесiн басты, сымын қозғады – бәрiбiр тым-тырыс, мылқау. Ашудан ширығып серпiле атып тұрды орнынан. Жарғақ тонын жүре киiп жұлқына басып есiкке беттедi. Өзiм-ақ барам Алаңға!

– Сұрқай жүздi сұмырайлар!

Мен сендерге бiтпес майдан ашамын.

Сұр жебеңе көкiрегiмдi тосамын!..

Булығып, бұрқырап, күндей күркiреп сыртқа шыққан. Әдетте бұл шыққан бойда ақ “Волга” гранит баспалдақты жанай сырғып келiп тоқтай қалатын. Бүгiн өйткен жоқ. Мойынын бұрып олай қарады, бұлай қарады. Машина да, шофер да көрiнбейдi. Сұранбай аттап баспаушы едi, мұнысы қалай? Анандайда мөлт қара “Волга” тұр керiлiп. Мұны көрiсiмен жылжып келiп алдына көлденеңдей тоқтады. Қос бүйiрi жарыла ашылып, iштен екi жiгiт шықты. Бойлары өзiне жетеқабыл, сом дене, ширақ қимылды. Жайдары күлiп, iзетпен сәлемдестi де:

– Бiз органнанбыз! – деп қалталарынан қызыл қатырманың шетiн жылт еткiздi. Оттан, судан қайтпаған жүрегi сұп-суық боп кеттi, бiрақ сыртына сыр берген жоқ, сұсын жиып екеуiнiң жүзiне алма-кезек сұрлана көз тастады.

– Олжас Омарович, жүрiңiз, үйiңiзге жеткiзiп салайық, – дедi ақсары өңдiсi.

– Рахмет, жiгiттер, өз машинам бар.

– Машинаңыз бүгiн бола қояр ма екен?

– Оқасы жоқ, жаяу барамын.

– Жо-жоқ, Олжас Омарович, өзiңiз түсiнесiз ғой, бiз тапсырманы орындауға тиiспiз.

– Бұл не, тұтқындау ма?

– Құдай сақтасын, ол не дегенiңiз, тек үйiңiзсе жеткiзiп саламыз. – Есiктi ашып қиыла өтiндi екеуi екi жақтан. Әрине, бұларда жазық жоқ. Ненi айтты, соны орындайды. Амалсыз отырған. Әрi қобалжып, әрi қорланып келедi. Орнынан ата жөнелген машина бiрден Виноградовтағы әйгілі сұрғылт үйге тарта ма деп қауiптенген, жоқ, Киров көшесiмен солға бұрылды. Сонда да көңiлi орныққан жоқ, ашу мен қорлықтан булығып түйiлiп отыр. Бастан кешпесе де санада суретi ұялаған сұрапыл жылдар суық демiн желкесiне үрлеп тұрғандай жүрегi қалтырады. Құдай-ау, отыз жетiншi жыл әлi өлмеген бе? Жүрiс-тұрыс шектеулi, ой бұғауда. Мұның несi еркiндiк, несi демократия? Бейшара әке сонау күздiң жауын сабалаған суық қара түнiнде “қара құзғынның” iшiнде кетiп бара жатып қандай күй кештi екен? Алдағы бұлыңғыр тағдырын ойлап бойын үрей биледi ме? Жоқ, еркін сахараның арыстан жүрек асау оғланы ақ көйлегiнiң жыртылған жағасына, қолындағы кiсенге қарап қорлықтан жарыла жаздаған шығар. Әкесiн ойласа, көз алдынан қилы-қилы елес көшедi


сапырылысып.

Азат ағасы Сүлеев: “Сен туғанда мен ес бiлетiн ересек едiм, – дейтiн. – Нағашы атаңмен қорамыз жапсарлас көршi тұрдық. Әкең ол кезде Ташкентте ковалерия полкiнiң командирi болатын. Екi көзi от шашқан, өткiр жүздi, сұңғақ бойлы. Кескiн-келбетi де, мiнезi де өзiңнен айнымайтын. Жомарт, шашпа. Сенiң туғаныңды естiсiмен екi-үш күннен соң жеткен. Кешқұрым шақ едi. Қасындағы адъютантының қолында кiшкене фонер чемодан бар. Кiрген бойда тойға қам жасап аулада жүрген әйелдер: “Сүйiншi! Сүйiншi!” деп қарсы жүгiрген. Сонда әкең фонер чемоданды ашып жiберiп iшiндегi толған ақшаны: “Мiне, сүйiншi!” деп аспанға бiр-ақ шашқан. Аспаннан жауған көкала қағаздың астында құшағын жайып мәре-сәре ақсия күлiп тұрған бейнесi әлi көз алдымда. Жел ұшырып бүкiл аулаға шашылған ақшаны қатын-қалаш, бала-шаға улап-шулап жарты сағат жинаған шығармыз. Әкең сен туғанда өстiп жүрегi жарылардай қуанып едi. Бiр апта бойы гуiлдетiп тойлады. Бiр апта бойы гармонның жағы семген жоқ, бүкiл көше ән салып, билеумен болды. Бiр аптадан соң шұғыл телеграмма келiп аттанып кеткен. Қоштасар сәтте құндақты бауырына басып сәл тұрды. Бiр иiскеп мамаңа ұстата бергенде, сен өз-өзiңнен шырылдап қоя бердiң. Әкең бұрылып қараған жоқ. Бiр түрлi мұңайып, баяу басып дарбазадан шығып бара жатты. Соңғы рет көргенiм сол болды...”



жүктеу 2,03 Mb.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   29




©g.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
рсетілетін қызмет
халықаралық қаржы
Астана халықаралық
қызмет регламенті
бекіту туралы
туралы ережені
орталығы туралы
субсидиялау мемлекеттік
кеңес туралы
ніндегі кеңес
орталығын басқару
қаржы орталығын
қаржы орталығы
құрамын бекіту
неркәсіптік кешен
міндетті құпия
болуына ерікті
тексерілу мемлекеттік
медициналық тексерілу
құпия медициналық
ерікті анонимді
Бастауыш тәлім
қатысуға жолдамалар
қызметшілері арасындағы
академиялық демалыс
алушыларға академиялық
білім алушыларға
ұйымдарында білім
туралы хабарландыру
конкурс туралы
мемлекеттік қызметшілері
мемлекеттік әкімшілік
органдардың мемлекеттік
мемлекеттік органдардың
барлық мемлекеттік
арналған барлық
орналасуға арналған
лауазымына орналасуға
әкімшілік лауазымына
инфекцияның болуына
жәрдемдесудің белсенді
шараларына қатысуға
саласындағы дайындаушы
ленген қосылған
шегінде бюджетке
салығы шегінде
есептелген қосылған
ұйымдарға есептелген
дайындаушы ұйымдарға
кешен саласындағы
сомасын субсидиялау