2.1 Құдайлар мен тәңiриелердiң мифологиядағы орны
Гректiң тұңғыш натурфилософтары мифологияға жүгiнiп, өздерiнiң космогониялық теорияларын ойлап тапқан. Өз түсiнiктерi бойынша кеңiстiк, қозғалыс пен материяны мифологияда Хаос, Эрос (махаббат) және Гея (жер) жаратқан деп дәрiптеген.
Хаос – бастапқыда бос кеңiстiк, әлемдiк бей-берекет күйінде пайда болады. Осыдан Эростың кұдiреттi күшiмен – бiрiншi тiршiлiк иелерi: Уран (аспан) мен Гея (жер) туып, ерлi-зайыпты болды делiнген Н.А.Кунның “Ежелгi Греция мифтерi мен аңыздары” атты еңбегiнде, яғни Хаостан Аспан-Уран мен Жер әлемi-Гея абстрактi түрде емес, тiршiлiк иелерi есебiнде пайда болғандығын көрсетедi.
Адамзаттың көркемдiк талғамы ерте замандардан бастап дамыса, ежелгi гректер тiршiлiктiң пайда болу жөнiндегi пайымдарында талғампаздық көркемдiк-эстетикалық пафос енгiзiп жазады. Бұл дәс-түр тек ежелгi гректерде ғана емес, сонымен бiрге ежелгi бабылдық, б.д.д. екi мыңыншы жылдары жазылған “Көрмегенi жоқ кiсi” батырлық поэмасында, бұдан да ертерек жазылған үндiлiк “Махабхарата” дастанында да көрiнiс бередi.
Әл-Фарабидің пікірінше: ”Табиғат – бүкіл жаратылыс дүниесі…”. “...Бүкіл дүние ғаламы басында бар шапаты ауданда болған нұрсәуледен – жарық сәуледен кеңеюден жаралған, – дейді, әл-Фараби. Бұл қағида ертеден келе жатқан тарихи-табиғи, діни кітаптарда болған. Соларды талдай келіп, қазіргі дүниені бақылай келіп, әл-Фараби осы қағиданы дұрыс деп қабылдаған. Дүниенің сол бос құрылысындағы болған жалғасы ешуақытта бірінен-бірі бөлініп, байланыссыз ажырап кетпейді.
Дүниені құраушы сәуле шоғырлары, зат бөлшектерінің аралары кейде жақындап, кейде алыстап отырған. Бірақ араларын жалғастыр-ған сәуле көпірі –сад ешқашан жоғалмаған.
Сад – деген сөздің арабша мағынасы көп. Оны әл-Фарабидің түсінуі – қолдануы жалғастырушы, тіркеуші жіп, жабушы, толты-рушы, шектеуші, қорғаушы мағынасында. Басқаша айтқанда, дүниеде бос орын жоқ. Қатынассыз нәрсе жоқ, дүние шекті нәрсе, оның әрбір мүшесі өзінің көрікті заңды орнын алған, біртұтас құрылыс – космос.
Дүние затының бөлшектері дүркін-дүркін араласудан және ажырасудан ғаламның бірнеше дүркін бөлімдері пайда болған. Мысалы бір араластан соңғы ажырасуда жұлдыздар пайда болса, екінші сол ген сияқты дүркінде жеті хат көк пайда болған, сол сияқты тағы бір дүркінде Жер пайда болған, оның бетінде тіршілік пайда болған, адам өмірге келген… Бірақ мұндағы ажырату деген мүлде бөлініп кету емес, сиреу арасындағы сад көпір ешқашан жоғалмаған.
Осы қағида, көп мыңдаған жылдар өткен соң, біздің заманамызда қайта қаралып, қазіргі дәл өлшеулер арқасында анықталып отыр. Міне, даналықтың көпірі осылайша, үздіксіз жалғасуда” – дейді, әл-Фараби.
Ал исламдық діни мұраларында, айналамызды қоршаған ғалам алты күнде пайда болды деген аңыз бар:
“Ол сондай Алла, көктер мен жерді алты күнде жаратып, сосын ғарышты игерді. Ол жерге кірген нәрсені, оған көтерілген нәрсені біледі. Сондай-ақ, Ол, қайда болсаңдар да сендермен бірге. Алла не істегендеріңді толық көруші” (Хадид 57: 3).
“Расында көктер мен жерді және екі арасындағы нәрселерді алты күнде жараттық, шаршамадық” (Каф 50: 37).
Яғни, Алла ғаламды алты күнде жаратса, Тауратта да ғаламның жаратылысының мерзімі алты күн.
Әлем мен жаратылыстың пайда болуы турасындағы қазақтың мифологиялық мұраларына ойыссақ, онда жоғарыдағы айтылған әлемнiң пайда болуы жөнiндегi аңыздық ұқсастықтағы паралелдер барын аңғарамыз.
Айталық, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер иституты “Ғылым” баспасынан 2002 жылы фольклорист-ғалымдар Ш.Ыбыраев пен П.Әуесбаеваның авторлығымен жарыққа шыққан “Қазақтың мифтiк әңгiмелерi” атты еңбектерiнде мынадай аңыз келтiрiледi:
“Сонау-сонау соны меңiреу заманда, жер мен көк жаралмай тұрғанда, барша ғалам бiр тұтас қара түнек, шетсiз-шексiз кең, түпсiз терең лай су бейнесiнде болған. Ол кезде көк те, жер де, айда, күн де болмаған. Ұшы жоқ өзен, түбi жоқ терең, ұшы-қиыры жоқ от, мидай араласып, сапырлысып қайнап жатқан бiр дария едi.
Астаң-кестең аунаған лай теңiз iшiнде, жұмыртқадай жұмыр малта тас жүзiп келе жатыпты. Жалғыз жаратушы ”Жасаған” бұл тасқа ынта-мейiрiммен таңырқай қарапты. Қолына алып байқаса, оң бетi оттай қызыл, астар бетi судай мөлдiр, таңғажайып тамаша тас екен. “Жасаған” өзiнiң шебер қолымен бұл тамаша тасты қоспасынан қақ жарыпты. “Қарш” етiп айырылған жұмыртқадай жұмыр тастың қақ жартысы отқа, қақ жартысы суға айналыпты да, от пен су қайта қосылып қайнап, одан көтерiлген будан көк аспан қайнап, тандыр болған қабыршағынан қара жер жаралыпты. Ең алғашында, жер де, көк те тым кiшкене - әуе айнадай, жер тебiнгiдей ғана болған екен.
Жер мен көк бiрте-бiрте өсiп, үлкейе берiптi. Өскен сайын, көк аспан кеңейiп, көтерiле берiптi де қара жер қатайып қалыңдап, салмағы ауырлап, төмендей берiптi. Мұны көрген “Жасаған” қара жердi киелi көк өгiзге көтертiптi. Алайда, қара жер өгiздiң үстiне орнықпай, ауып-тала берiптi. “Жасаған” оны орнықтыру үшiн, жалпақ жердiң әр өңiрiне ұлылы–кiшiлi тауларды тұрғызып, салмағын теңгерiп, ауып-талмайтын етiп тиянақтырған екен.
Жер мен көк жаралғаннан кейiн де қара түнек айыға қоймаған. “Жасаған” өз қолымен ашқан жер мен көктi жылы мереймен есiркеп, жарық нұрмен жарылқап, олардың арасынан екi асыл перзент – күн (ұл) мен ай (ару) сынды екi жарықты туғызыпты. Сөйтiп, әлемге таң атып, күн шығып, қара түнек апат айығыпты. Күн мен ай әлемдi алма-кезек айналып, жер-көктi жылу, жарығына бөлеп, қақаған аяз бен қараңғылықты айдап отыратын болыпты” деген аңыздағы сюжетте iлкi дәуiрдегi адамдардың космологиялық ой-түсiнiктерiнiң жемiсi болмақ.
Ал көне түркi қағанаты дәуiрiнде, дәлiрек айтқанда VІІІ ғасырда құлпытасқа қашап жазылған “Күлтегiн”, “Бiлге қаған”, “Тоныкөк” жырларына көңiл қойсақ, жазба ескерткiштердiң идеялық мазмұны, көркемдiк шеберлiгi, күнi бүгiнге дейiн оқушысын таңдандырып, тамсандырып келедi.
Ежелгi халықтардың көркемдiк талғамдарымен бiрге, табиғаттың болмыс-бiтiмi, формасы, абстрактылық күштердiң ұқсас элементтерi ұшырасады. Оның бiрi – жоғарыда көрсеткенiмiздей, жер мен аспан әлемiнiң жаралуы жөнiндегi түсiнiк:
“Жоғарыда Көк тәңiрi,
Төменде қара жер жаралғанда,
Екеуiнiң арасында адам баласы жаралған”,
– делiнген.
Бұдан кейiнгi дәуiрде де қазақтардың түсiнiгi бойынша, бiрiншi құдай – көк тәңiрi, аспан әлемi. Екiншi кезекке Ислам дiнiн қояды, яғни Мұхамбеттi Қадiр тұтады. В.Радловтың “Алтын сандық” кiтабында бұл турасында “Бақсының сөзi” былай деп келедi:
“Әуелi құдай сен оңды!
Сен оңдасаң, бiз мында.
Тiлеген тiлек және бар!
Жақсы құдай! Жай құдай!
Мырза құдай! Би құдай!
Әуелi, құдайым көк жасаған,
Онан кейiн Жер жаралған
Сыйынайын бiрiншi құдай,
Екiншi сыйынатын Мұхамед”
– деп кете бередi.
Грек аңызында “Уран – Аспан – дүниеге үстемдiк еттi. Ол өзiне әйелдiкке нәрлi Жердi алды”, – деп, құдайларды антроморфтық (адамдық келбет) күйде көрсетсе, ежелгi түркiлердiң руна жазуында бұл жөнiндегi түсiнiктерi өзгеше, тарихи факт, шындыққа жақын келедi, нақты адамдардың есiмдерiн атайды:
“Адам баласы үстiне (билiк жүргiзу үшiн) ата-тегiм
Бумын қаған, Истеми қаған отырған.
Отырып, түркi халықының ел-жұртын
Қалыптастырған, иелiк еткен.
Төрт бұрыштың бәрi дұшпан екен.
(Соларға қарсы) соғысқа аттанып,
Бәрiн олар бағындырды, бәрiн олар тыныштандырды”,
- делiнген.
Грек аңызы мен iлкi дәуiрдегi аңыздардың және тас жазудағы әдеби мұралардағы тағы бiр ұқсастық – тiршiлiк иелерi пайда болғаннан кейiнгi олардың айналасындағы қаптаған жау, дұшпанның көптiгi және негiзгi кейiпкерлердiң олармен кескiлескен соғыстары мен жасаған ерлiктерi, жеңiстерi мен тыныштық бейбiт өмiрдi орнатушы жайттар әдеби мұраларда жиi орын алған.
Руна жазуында жоғарыда астын сызып көрсеткенiмiздей, “Төрт бұрыштың бәрi дұшпан екен” деген мағына, грек аңызындағы тiршiлiк иелерi пайда болған күнiнен бастап, жақын – жуық адамына (ұлдары, қыздары да) шейiн дұшпан, жау болып келетiнi анық айтылады.
Аңызда Аспан (Уран) мен Жерден (Гея) тұңғыш балалары жерде ешкiмнiң де күшi сай келмейтiн жүз қолды алыптар (гекатонхейерлер) мен жалғыз көздi киклоптар (циклоптар) дүниеге келедi. Уран олардың бәрiн байлап – матап жер асты әлемi тұңғиық Тартарға тастайды. Одан кейiн титандар туып, олардың ең кiшiсi Кронос шешесi берген орақпен әкесi Уранды орып түсiредi. Гея өзiнiң тұңғыш балаларын Тартарға тастаған Уранға өшiгiп, қан – жоса ғып өз баласы Крон /Хроника сөзi осыдан шыққан, көне гректердiң түсiнiгiнше, өтiп жатқан уақыттың өз иесi бар оны өзгертетiн Крон, яғни уақытты ұрлаушы/ арқылы өлтiртедi. Уранның шапшыған қанынан – адам шошырлық, кек алушы құдай әйел Эриния туады. Кроностың теңiзге тастаған Уранның денесi суға тиген сәтте пайда болған теңiз көбiгiнен Афродита әйел құдай туады, басқа вариантында Афродита Зевстiң қызы және титанида Диона.
Қазақтың iлкi дәуiрдегi мифологиясында: “Жер мен көктiң арасынан ай мен күн туылып, әлемдi бiртұтас қара түнектен құтқарса да, қараңғылық атаулы бiржолата айығып кетпей, бiр тәулiктiң күндiзi жарық, он бесi қараңғы болып, алма-кезек ауысып отыратын болыпты. Қара түнектен туылған қаскелең құбыжықтар өмiр тiршiлiгiнiң жауы едi. Олар қараңғылықты жамылып келiп, өмiр тiршiлiгiне кесiр келтiрiп, ауру, апат, ажал төндiрiптi. Күн мен ай өзiнiң жылу жарығы арқылы өмiр тiршiлiгiн қорғап, қараңғылықты қуғындап отырыпты. Iзгi иелер мен киелер өмiр тiршiлiгiн қорғап, қаскелең құбыжықтармен шайқаса берiптi. Сөйтiп, қараңғы мен жарық, жақсылық пе жамандық, iзгiлiк пен жауыздық, өмiр мен өлiм арасындағы жаугершiлiк заманнан – заманға созыла берiптi”.
Қазақ халқында Аспан (Уран) жөнiндегi космологиялық ұғым–түсiнiктерi ежелгi гректердiң Аспан (Уран) жөнiндегi түсiнiктерiмен сәйкес тәңiрi, құдай деп дәрiптегендерiмен, арасында антропоморфтық (адам кейптi) айырмашылықтан басқа да өзгешелiктердi атау орынды.
“Хан тәңірі” моңғол тілінен аударғанда “Аспан билеушісі” деген ұғымды білдіреді, – деп жазады журналист Владимир Тугалев. – Қазақтар мен қырғыздар оны ықылым заманнан бері Хан тауы, Тәңір тауы деп атап келеді… Бұл шыңды 1856-1857 жылдары Тянь-Шаньға жасаған саяхатында белгілі географ әрі саяхатшы Семенов–Тянь-Шаньский көріп, сипаттап жазған. Бұл туралы ол жол күнделігінде былай дейді: “Сәске кезінде биікке шығар жолға жеткенімізде әсем көріністен көзіміз қарықты. Бізден тура оңтүстікке қарай бұрын-соңды кездестірмеген биік тау жотасы биіктеп жатты. Ол түгелдей, жоғарыдан төмен қарай таулы белдеулерден тұрады екен. Олардың жалпы саны отыздан кем емес. Арасындағы жекелеген тауларды қоса жота тегістей мәңгі мұздықтармен құрсалған. Ортасында басқаларынан биіктігімен ерекшеленіп тұрған үшкір пирамида бірден көзге шалынады. Бұл Хантәңірі еді” (29.№1, 1989) – деген деректі Байбота Серікбайұлы Қошым-Ноғай “Тіл ұшындағы тарих” (“Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы”) еңбегінде атап өтеді.
Яғни, аспанмен астасқан биік шыңды ертедегі ата-бабаларымыз дәріптеп, “Аспан билеушісі”, “Хантәңірі” деуі де аспанды қадір тұтуынан туындаған наным-түсінік болуы да ғажап емес.
Қазақтардың космологиялық түсiнiктерi жөнiнде сөз болғанда, Шоқан Уәлиханов аспан турасындағы ойын былай сабақтайды: “Аспан – шамандықтың ең құдiреттi жаратылыстың жаратушысы. Көк тәңiрi – көк аспан деп аталады. Қазақтар ұғымындағы бiрiншi аталатын сын есiм “көк” – көрiнiстi бейнелейдi және заттық түсiнiктi бiлдiредi, ал зат есiм (тәңiрi) “көк” атауының (синонимi) баламасы* /Құдай, алла сөзi: шамасы түсiп қалған /(алланы) және құдайды (худа). Сондай-ақ, даланың алыс түпкiрлерiнде, мысалы қазақ ордасында “Көк Тәңiрi” – деген атау әлi кездеседi. Қырғыздардағы “Көк Тәңiрi” атауы құдiреттi күшке тағзым ретiнде, немесе адам қабiлетiнiң қалауы есебiнде, көтерiңкi лепте айтылады.
Тәңiрi сөзiн Шыңғыс – хан заманында мұсылмандар алла деп, ал, европалықтар deus* Deus – Зевс болуы мүмкiн. Бақыт Әбжет “Қазақ әдебиетi” (25.I.02, №4) газетiнде “Дию, перi, мыстан” атты ғылыми мақаласында “deus” латындардың құдайының аты, zevs гректерде үлкен құдайдың есiмi. Dies сөзi француздарда да сол мағынаны бередi”, – дейдi/ деп аударған, бұл сөз шамандықта да құдiреттi күштi құдай деген мағынаға жақын. Бүгiнге дейiн кiшi Бұхарадағы қытайлардың тянь деген атағын худа (құдай) деген парсы сөзiмен аударады.
Аспан өзiнiң құдiреттi әркеттерiнде ештеңеден тәуелсiз, жақсылықты да, жамандықты да, көк биiгiнен асырып тұрады. Бүкiл адамзаттың амандық – саулығы аспан – көктiң еркiнде. “Тәңiрi жарылқасын”; “Көк соққыр”, “Көк соққан” деген сөз тiркестерi шамандық кезде пайда болды. Жарылқамақ сөзi жарлық секiлдi (монғолша узармек) ұқсастығы бар, қазақша қалау (жағу) (бiр нәрсенi жаны қалайды, қалаулысы, өзiнiң қалауында және монғолдың тағы бiр сөзi дзаяға – аспан – көктiң қалауы, тағдыр деген ұғымды бiлдiредi.
Аспанда да адамдар тұрады, олар белбеудi тамағынан буынады, бiз әлемнiң ортасында тұрамыз, сондықтан да белбеудi белiмiзден буынамыз, ал жер астында тұратындар (олардың да өздерiнiң күнi, айы, жұлдыздары бар) белбеудi аяқтарына буынады. Аспанда тұратын қазақтардың арасында өте бай кемпiр бар (аспан тұрғындарының тiршiлiгi де қазақтардiкiндей, басқаша болуы мүмкiн емес - мұның бәрi қазақтар фантазиясының жемiсi. Жер астындағы адамдар туралы сенiм – аңыздар кейбiр ертегiлерде ғана сақталған”- дейдi.
Геяның Ураннан арылғаннан кейiн титандар Кронос /Крон гректiң chronica – деген сөзiнен бастау алады, яғни “уақыт” немесе “уақыт ұрлаушы” мағынасын бiлдiредi/ Рея, Океан, Мнемосина (ес құдайы), Фемида (құқық құдайы) және басқалары жер бетiне шығады. Осымен, титандар жер бетiндегi алғашқы тiршiлiк иелерi болып саналады. Уранды жеңген Кронос жер асты Тартардан шыққан бауыр – қарындастары арқылы бүкiл әлемге өз билiгiн жүргiзе бастайды. Көп ұзамай өз қарындасы Реяға үйленедi. Кронос дүниеге келген балаларын бiрiнен кейiн бірін тiрiдей жұта бастайды, себебi өзiнiң әке – шешесi Гея мен Уран “билiгiңдi өзiңнiң ұлың тартып алады” деп алдын-ала сәуегейлiк жасап қойған-ды. Қазақтың “Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді” деген мәтел осындайда еске түседі.
Реяға өз балаларының аянышты халi жанына қатты батып, қалайда Кроносты алдамақшы болып, ендi ғана дүниеге келген нәрестесiн тығып қойып, оның орнына жаялыққа тасты орап бередi. Ойында ештеме жоқ Кронос “баланы жұтқан шығармын” деп, тасты қылғытып алады. Аман қалған баланың атын шешесі Зевс деп қойып, Крит аралындағы Ида тауындағы нимфалар Адрастея мен Идеяға (хор қыздары) тәрбиелеуге бередi.
Амалфея атты ешкi Зевстi өз сүтiмен қоректендiредi, осы қамқорлығы үшiн кейiн Зевс ешкiнi аспандағы жұлдыздар қатарына қосып, қадiр тұтады. Бұл қазiргi Капелла жұлдызы. Нәрестеге ананың сүті қанша қымбат болса, Зевске бала кезінде Амалфеяның берген сүтіне еш нәрсе де жетпейді. Зевс қанша есейіп, қанша құдіретті болса да Амалфеяның берген сүтін ұмыта алмайды. Оның тағы да бір белгісі ретінде, Амалфея тау мен таста секектеп жүріп, абайсызда сындырып алған мүйізін тәңір иесі қолына алып, өзінің асқан құдіреттілігімен молшылықтың, берекеліктің символы ретінде, мүйіз иесі не қаласа соны алдына жайып салатын сиқыр затқа айналдырады. Мүйізді бір сермеп қалғанда, ішінен қалаған нәрсе саудырап түсе қалады. Славян халықтарының ертегілеріндегі “Қазір-әзір дастарқаны” (“Скатерть самобранка”) аналогы сәйкес келеді. Әдеби сөз қолданыста “Молшылық мүйізі” (“Рог изобилия”) деп аталады.
Жуырда тарихшы-ғалым Карл Байпақовтың авторлығымен жарыққа шыққан “Қазақстанның ежелгі қалалары” атты иллюстрациялы-ғылыми еңбегінде жоғарыда айтылған ешкінің бейнесі жөнінде дерек келтірілген. Бір ескерер жайт – сол ешкінің символдық бейнесі көршілес жатқан Түркіменстанның орта ғасырлық Мерв қаласынан табылған мөрлі ыдыста бейнеленгендігі жоғарыдағы Зевсті нәресте кезінде Амалфеяның мүйізіне қатысты берекелік пен молшылықтың символының ұқсастығында. Оның басты ерекшелігі - грек аңызында ешкі Амалфеяның құдіретті құдай Зевске берекелі мол өз сүтін беріп, кейін мүйізі сынғанан кейін “Молшылық мүйізіне” айналса, Мерв қаласынан табылған ыдыстағы ешкі, ғалымдардың пікірінше, бақыт пен молшылықтың символы ретінде ыдыс ішінен орын алған. Сөзіміз жалаң болмас үшін сол еңбекке көңіл қойсақ: “Бұған көз жеткізу үшін Мерв (Түркіменстандағы ортағасырлық ірі қала) қаласынан табылған мөрлі ыдысқа зер сала қарау жеткілікті. Ол да жан-жануарлардың алуан түрлілігімен ерекшеленеді. Біз бұл ыдыс-тан құс, бұғы, қоян, арыстан суреттерін көре аламыз. Ғалымдардың пікірінше, ол бейнелер белгілі бір діни наным-сенімдермен байланысты. Мысалы, үйрек байлықтың символы болса, тауыс – күн құдайын немесе жұмақ құсын білдірген, ешкі – бақыт пен молшы-лықтың, түлкі – бағзы заманнан қулық пен айлакерліктің, сонымен бірге осы аңға тән батылдық пен ақылдылықтың символы” – дейді.
Есейген Зевс билiктi қолына алу мақсатын жүзеге асырып, әкесiне жұтып қойған балаларын сыртқа шығару үшiн, оны ерiксiз құстырады. Олар бес құдай – Посейдон, Аид, Гера, Деметра мен Гестия едi.
Бұдан кейiн билiк үшiн құдайлар мен титандар арасында кескiлескен “титаномахия” күресi басталады. Зевс жүз қолды гекатонхейерлер мен киклоптарды Тартардан алып шығып, өзiнiң жеңiске жету үшiн пайдаланады. Киклоптар Зевске найзағай оты мен жай оғын, Аидке – көзге көрiнбес үшiн келетiн дулыға, Посейдонға – үш тармақты аша жасап бередi. Күрес он жылға созылып, түбi Зевс жеңiске жетiп, титандарды Тартарға тастайды. Оларды жүз қолды гекатонхейрлер күзетедi.
Бұл кескiлескен алапат соғыс жөнiнде әлемге танымал ғалымдар өз пiкiр – тұжырымдарын ортаға салып, мифологиялық сюжеттен орын алған алпауыт күш иелерiнiң адамзат өмiрiндегi ролi, орны, сахнасына қалдырған iзi, бет – бейнесi туралы ой бiлдiрсе, көркем өнер мен архитектурада, әдебиет пен өнерде олардың қайталанбас түр – тұлғасын, сюжеттiк желiсiн әлдеқашан халық назарына ұсынған.
Әлем әдебиетiнiң қас – қағым сәтiне дейiн жiтi бақылап, өз тұрғысынан осы өзектi мәселелерге қалам тартқан ғалым З.Серiкқалиев бұл турасында мынадай пiкiр айтады: “Алып тегеуiрiн, гигантомания, табиғат сұрапылы мен арпалыс тақырыбына, айталық, әйгiлi кронидтер мен уранидтер мифi арналған. Бұл – алыптар көтерлiсi туралы хикая. Жер құдайы Гея мен Көк тәңiрi Уранның ұрпақтары қартаймайтын уақыт нышаны Кронос ұлдарына қарсы шығады. Уранидтер – жан түршiктiрер құбыжық бiтiмдi алып дәулер, кронидтерге жету үшiн бiр тауды бiр тауға үйiп баспалдақ жасай алатын ғаламат жойқын күш иелерi. Алып палуандар қашан да жаратылыстың қысастық қатерлi сұсын бейнелеп, халық аңыздарында, ертегiлерде бар бәленiң бiрiктiрер басты тұлғалардың бiрi болған. Алыптар, жалғыз көздi құбыжық – циклоптар, жүз қолды дәулер мына сұрапыл шайқаста да үрейiңдi ұшырар, шектен асқан небiр дарақы, өрескел сұрқиялық сойқандар жасап, жер – жаһанды астаң – кестең қылады.
Олар кронидтерге, бүкiл Кронос тұқымына – мәдениет шапағатын дарытып, адамзат ұрпағын егiншiлiк, малшылық кәсiбiне баулыған мемлекет, құқық, жарық дүние құдайы Зевске, су тәңiрi Посейдонға, жер асты әлемiнiң құдiретi Плутонға – бәр – бәрiне қарсы көтерiлген. Бiрақ өз дегенiне жете алмады. Тас – талқаны шығып жеңiлiп, ақыры тас – түнекке құлады. Түпсiз тұңғиық Тартар зынданның тұтқыны боп тынды” – дейдi. Бұл соғыстардың нағыз бәсекелестік, ешбір ымыраға келмейтін жантүршігерлік соғыс еді.
Алыптардың жеңiлiсiмен аяқталған соғыстан кейiн …
…Зевс /көркем әдебиетте Зевстi көбiне Кронид деп те атайды, бұл оның Кронның баласы екендiгiн бiлдiредi/ бүкiл әлемге билiгiн жүргiзедi. Адамзат, жан – жануар, тiршiлiк иелерi құдiреттi Зевске табынады, оған тәу етедi.
Ерте заманда көп халықтар аспан әулиесін Юпитер деп білген ғой. Оның грекше аты Зевс, шумерше Мардук, қазақша Шоңай, арабша аты Муштари” дейді Ақжан әл-Машани. Араб елдеріндегі бір сапарында Пальмира қаласында болғанда, көзімен көрген мына жайды атап өтеді: “Пальмираның ең басты құрылысы – ғибадатханасы Юпитерге (Шоңайға) арналған. Онан басқа да бес ғибадатхана бар. Олардың аттары да аспан шырақтары: Ай, Күн, Шолпан, Су жұлдызы (Меркурий болу керек). Өсімдік жұлдызы (Сатурн болса керек). Солардың ортасында құрбан шалатын тастан жасалған орын бар” дейді.
Демек, оның қазақша варианты Шоңай болмақ. Басқа варианттар да бар. “Қазақ әдебиетi” газетiндегi (25.01.2002, №4) Бақыт Әбжеттiң “Дию, перi, мыстан” атты зерттеу мақаласында Зевстi “дәу” сөзiмен байланыстырады. Қисынды пiкiр болғаннан кейiн, оның қысқаша мәтiнiн берудi жөн көрдiк: “Бұл атау Еуразия халықтарының барлығында кездесетiн жалпылама атау”-дейдi.
“Мұның ең ежелгi адамдардың санасында пайда болғаны дау тудырмайды. “Дәу” сөзi түркi халықтарында дәу, дию деп аталса, Авестада daeva, пехлеви тiлiнде dev, ескi үндi тiлiнде deva болып айтылады. Барлығының да бастапқы мағынасы Құдай дегендi бiлдiредi. Ол жайлы Иран ғалымы Әли Әкбар Деһода былай дейдi: “Дию-шайтан мен iбiлiстiң бiр түрi. Бұл сөз ежелде арийлықтардың құдайларының тобынан бөлiнiп шыққан. Кейiн зоратуштра дүниеге келiп және жалғыз құдай Ахура мазда белгiлi болған соң, ескi дәуiрдiң құдайлары тура жолдан тайдырушы немесе адастырушы шайтандар деп ұғындырылған. Алайда, “дию” сөзi ирандық тайпалармен тығыз қарым-қатынаста болған Үндi мен Еуропаның көпшiлiк халықтарында сақталып қалған. Мысалы, deva үндiлерде әлi де құдай мағынасында қолданылады. Devs латындардың құдайының аты. Zevs гректерде үлкен құдайдың есiмi. Diev сөзi француздарда да сол мағынаны бередi” - дейдi.
Гея – жер өзiнiң жеңiлiс тапқан титан – балаларын ойлап, қапа болып, Зевстiң қатiгездiгiне ашуланып, қара түнек Тартармен некелеседi де, жүз басты Тифонды дүниеге әкеледi. Құдайлар жер астынан шыққан жүз басты Тифонның арыстандай ақырып, бұқаның гүжiлдеген дауысы мен адамдардың айқай – сүреңiнен құлақтары тұнып, көңiлдерi үрейге толады. Зевс ештеңеден тайсалмастан Тифонға ұмтылып, жай оғымен атқылап, жүз басын өртеп жiберiп, күлге айналдырады, денесiн көтерiп Тартарға тастайды. Тифон жер астына түссе де тыным таппай, құдайлар мен жер бетiндегi тiршiлiк иелiне қаһар төгiп, үлкен дауылдар туғызып, жер сiлкiндiрiп, жанар тау атқылатады. Тартарды жартылай әйел, жартылай жылан Ехиднамен (орыс лексиконындағы “Ехидный” сөзi осыдан бастау алады, Геракл мен Ехиднадан туған Скиф аңызы кейінде айтылады – И.М.) бiрге ең басты үрей туғызар төбет Орфоны, тамұқ төбет Кербердi (Цербердi), Лерней айдаһарын – Химераны туғызады. Сонымен, Тифон жер асты күштерi мен жанар тау атқылататын күш иесi болып есептеледi.
Жоғарыдағы жүз басты Тифонның Зевспен шайқасының суреттелуi грек аңызына ежелгi аккад-шумер, хет-хуриттiк ықпалдың болуы мүмкiн, дейдi зерттеушiлер. Ол турасындағы пiкiрдi толық өз күйiнде берсек: “В частности, обнаруживается сходства между хеттскими текстами, являющиеся переложениями соответствующих хаттских и хурритских, с греческими мифами, зафиксированными в “Теогоний” греческого поэта VIII-VII веке до н.э. Гесиода. Так, существенные аналоги прослеживаются между греческим мифом о борьбе Зевса со змееподобным Тифоном и хеттским мифом о сражений бога Грозы со Змеем. Имеются параллели между тем же греческим мифом и хурритским эпосом о каменном чудовище Улликумми в “Песне об Улликумми”. В этом последнем упоминается гора Хацци, куда переселился бог Грозы после первого сражения с Улликуми. Та же гора Касион (по более позднему автору – Аполлодору) – место сражения Зевса с Тифоном.
В “Теогоний” история происхождения богов описывается как насильственная смена нескольких поколений богов. Эта история, возможно, восходит к хурритскому циклу о царствований на небесах. Согласно ему, вначале в мире царствовал бог Алалу (связанный с Нижним миром). Он был свергнут богом неба Ану. На смену ему пришел бог Кумарби, который в свою очередь был низвегнут с престола богом грозы Тешубом. Каждый из богов царствовал по девять веков. Последовательная смена богов (Алалу-Ану-Кумарби-бог грозы Тешуб) представлена и в греческой мифологий (Океан-Уран-Крон-Зевс).Совпадает мотив смены не только поколений, но и функций богов (хурритское Ану от шумерского Ан – “небо”; бог грозы Тешуб и греческий Зевс).
Туысқандар арасындағы түскен таңдау бойынша, Зевс аспан әлемi мен тiршiлiк иелерiне билiк жүргiзетiн болады. Тек адам өмiрiнiң тағдырын жiппен өретiн өзiнiң үш қызы Мойралардың (қазақтардағы “тағдырдың жазуы” немесе “маңдайға жазылған” деген тұрақты тіркес еске түседі) iсiне ғана араласа алмайды. “Ал Посейдон – теңiздi, Аид – өлгендердiң жаны мекендейтiн жер асты патшалығын алды. Жер болса бәрiнiң ортақ билiгiнде қалды”.
Грек құдайлары аспан әлемiндегi жер мен аспан ортасында тiршiлiк етсе де олардың жиналатын орны Грекияның солтүстiгiндегi Оссы тауы мен Темпей жазығының аралығындағы үш шақырымдық Олимп тауы. Таудың атына байланысты, гректiң 12 құдайын Олимпiлiк деп атайды. Олар Зевс, Посейдон, Гера, Деметра, Гестия, Аполлон, Артемида, Гефест, Арес, Афина, Афродита мен Гермес. Олимпiлiк құдайлар Н.А.Кунның “Ежелгi Греция мифтерi мен аңыз-дары” атты оқу құралында Олимпi тауы төмендегiдей бейнеленедi: “Биiк сәулеттi Олимп тауында құдайлар қоршаған Зевс патшалық құрып жатты. Оның зайыбы Гера, қарындасы Артемидамен бiрге алтын бұйра шашты Аполлон, алтын Афродита, Зевстiң құдiреттi қызы Афина /Римдiктерде гректiң әйел құдайлары Артемиданың Афродита мен Афинаның орнында Диана, Венера және Минерва болды/ және басқа да көптеген құдайлар осында. Таңғажайып үш сұлу бапшы (ора) биiк Олимпке кiрер есiктi күзетiп, құдайлар жерге түскен кезде немесе Зевстiң сәулеттi ордасына қайта самғап көтерген кезде жабылатын қақпа – қалың бұлтты ысырып көтередi. Олимптен әлдеқайда биiкте шексiз көгiлдiр аспан, одан алтын сәуле төгiлiп тұрады. Зевс патшалығында жаңбыр да, қар да жоқ, онда мәңгiлiк жайма – шуақ жаз ғана. Ал төменде бұлттар көшiп жүредi, олар кейде алыстағы жердi көлегейлеп жауып қалады. Онда, жер бетiнде, көктем мен жазды күзбен қыс алмастырады, қуаныш пен шаттықты бақытсыздық қайғы ауыстырады. Рас, құдайлар да қасiрет дегеннiң не екенiн бiледi, бiрақ ол тез өтiп кетедi де, Олимпте қайтадан қуаныш орнайды” – делінген.
Ал қазақ мифологиясында құдайлардың мекені (Олимпісі) халық түсінігі бойынша, “Жердің қақ кіндігінде әлемдік Сумер тауы (немесе Хан тәңірі) орналасқан. Бұл – ежелгі түркілердің Олимпі. Онда құдайлар мен біздің ата-бабаларымыздың аруақтары мекен етеді. Таудың дәл ортасында Жер мен Көк түйіседі. Олардың тоғысқан жерінен алтын бұтақты, алқа жапырақты зор Бәйтерек өсіп шыққан. Бәйтеректің ұшар басы Үлкен Тәңір мекендейтін Жоғарғы әлемге жетеді.
Сумер тауында Жердің киесі, жер мен судың иесі – Жер-Су (грек мифіндегі Гея мен Океан) тұрады. Ол - басты киелілердің бірі.
Сумер тауының ұшар басында Сүткөл бар. Сүткөлдің шығысына қарай қызыл сулы үлкен көл орналасқан. Бұл көл жай көзге көрінбейді екен. Сол суда Кер Балық, (грек мифіндегі су тәңірісі – Посейдон) яғни теңіз жануарларының иесі тіршілік етеді. Оның ішінде жан-ұрықтар жаратылады. Кер Балық қажеттілігіне орай жан ұрықтарды жер мен судың иесі – Жер-Суға беріп отырады. Жер–Су өз кезегінде оларды Жайыққа табыстайды.
Жайық – Көкте тұратын аруақ (грек аналогі – Гермес). Әйткенімен, ол көбінесе Жерде, адамдардың арасында жүреді. Үлкен Тәңір оны адамдарды әр түрлі қырсық, кесапаттардан, бәле-жалалардан қорғап, сақтау үшін жіберген. Жайық адам мен Үлкен Тәңір арасындағы дәнекер. Себебі, адамдардың Үлкен Тәңірді және басқа құдайларды көзбе-көз көруіне болмайды. Жайық Жер-Су берген жан ұрықтарды От-Анаға табыстайды. Осыдан кейін От-Ананың желеп-жебеуімен тіршілік иелері (адамдар, жан-жануарлар) жаратылады”- дейді, О. Жанайдаров “Ежелгі Қазақстан мифтері” деген еңбегінде.
Мұндағы мифте қазақ халқының Аспан мен Жер, Су мен тіршілік иелерінің пайда болуы, олардың тұрақтаған мекені туралы түсінік алуға болады. Яғни, грек мифі мен көне қазақтың жаратылыс туралы түсініктері ұқсас және көп ретте олардың әр нәрсе неден пайда болғандығы жөнінде жауап алсақ, ерте кездегі адамдардың ой-психологиясының, Жаратылыс жөніндегі құпияны білуге талпыныс жасағанының белгісін аңғара аламыз.
Ендігі кезекте Ғаламды Жаратушының образы қандай күйде, қандай құдірет-күші бар екендігі жөнінде, олардың таңғажайып іс-әрекеттері арқылы ой топшалауға болады.
Антикалық әдебиет пен көркем өнерде Зевстi қалың бұйра қара сақал – мұртты, иығына жетер – жетпес толқын шашты, есейiп жетiлген ер адам кейпiнде бейнелейдi. Гректердің түсінігі бойынша, қазіргі адамдардың бейнесі құдайлардың бейнесіне қарап жасалғандығын алдыға тартады. Негiзгi атрибуттары (белгiсi) найғазай оты мен жай оғы болғандықтан, оған “жай оғын атушы”, “найғазай отының иесi”, “бұлтты қуалаушы”, “бұлтты жинаушы” және т.б. деген эпитеттi қолданады. Байқағанымыздай Зевстiң қолындағы негiзгi қаруы – найзағай оты мен жай оғы. Ашуға мiнгенде найзағай отын жарқылдатып, тас-талқанын шығарып, түйреп өлтiредi.
Қазақ аңызында да Жаратушының негiзгi атрибуты, қаруы - найзағай оты мен жай оғы. Қазақ аңызында ол былай суреттеледі: “Жаратушы “Жасағанның” жарылқап, есiркеуi арқылы, жер мен көкке жылу, жарық берiп отырған ай мен күн азаланып, қам-қайғыға батып, аспанды қара бұлт қаптағанда, жарық нұрдан қорқып, жасырынып жатқан қаскелең құбыжықтар қағынып, анталап, адамзат, жан-жануарға ажал-апат төндiруге ұмтылады екен. Бұған қатты қаһарланған “Жасаған” қаскелең құбыжықтарды жазалау үшiн ажағай киесiн аттандырады. Ажағай киесi оқ атып, жауларды жазалайды. “Жасағанның” садағы тартылғанда күн күркүреп, оның оғы жасын болып жарқылдап, жауларын жайратады екен”.
Ал Зевс болса, Гефестiң жасап берген қалқанын (грек тiлiнде aiqis “қалқан” деген мағынаны бiлдiредi. Бүгiндерi “бейбiтшiлiк эгидасы”, “президент эгидасы бойынша” т.б. сөз құрамындағы лексиконда пайдаланып жүрген “Эгиданың” шығу тегi осыдан) қолына алған Зевс әрi – берi шайқап жаңбыр мен дауыл шақырады. Осыдан оны “Эгиох” немесе “эгида ұстаушы” деп те атайды. Кейде Зевс бiр қолына жеңiс құдайы Никаның бейнесiн, екiншi қолына қыран бейнеленген скипетрдi (таяқша) ұстап та суреттеледi. Европадағы корольдар мен билiк басындағы бекзадалар (принцтер) ресми мерекелер мен салтанатты жиында тақ басында отырғанда қолдарына символдық құралдар, яғни қыран бейнесi бар скипетр мен дәл төбесiнде крест бейнеленген домалақ шар ұстап отыруы жоғарыдағы аталған дәстүрдiң сарқыншағы.
Гректердiң түсiнiгi бойынша, Зевстiң алғашқы билiк жүргiзген уақытын “күмiс ғасыры” (Кроностың “алтын ғасырмен” салыстыр-ғанда) деп аталады. “Күмiс ғасырында” адамдар байлық пен дәулетке кенелдi, өмiрдiң небiр тәттi сәттерiн сезiнедi, бақыттан бастары айналған адамзат құдайларға ризашылық, тәу етеудi ұмытады. Мұнысымен олар Зевстiң қаһарына ұшырап, қасiрет – қайғыға, азапқа батады-мiс.
“Күмiс ғасырынан” кейiн “мыс ғасыры” адамдарға соғыс пен бүлiншiлiк, жоқшылық әкелдi. Одан кейiн – “темiр ғасыры” келдi. Гесиод осы “мыс” бен “темiр” ғасырының ортасына қаһармандар ғасырын енгiздi. Олардың батырлықтары мен ерлiк iстерi суреттеледi. “Темiр ғасырында” адамзаттың ниеттерi бұзылып, қадiр – қасиет аяқ асты қалғанда, әдiлет тәңiрлi Дика, онымен бiрге Сенiм, Ұят және Шыншылдық жер әлемiн тастап кетедi.
Қазақтың исламдық діни аңыздарында да Ұят, Иман, Ибалықты да грек аңыздары секілді антроморфтық бейне күйінде көреді. “Пайғамбарымыз Расулалла (с.ғ.с.) хадистернің бірінде: “Кел, бізбен бірге отыр – Иман хақында сұхбаттасалық” деген сөз бар.
Адамның әр басқан қадамына Иман таразы. Қарғыстың жаманы – “Имансыз!”. Жан – Иман үйі болса, тән оның есігі. Абыл мен Қабыл Адам ұлдары болса, Адал мен Әділ – Иман перзенттері. Мұнымен қоса Иманның Иба мен Ұят деген қыздары бар екенін де естен шығармаған абзал” – дейді, ақын И.Сапарбаев. Қазіргі күні Иман, Ұят, Ибалық, Сенім, Шыншылдықты абстаркті, жансыз күйде, қарым-қатынас элементтері ретінде сезінсек, көне дәуір әлемінде бұлардың барлығының жаны, тәні бар деп есептеп, бұған тәу еткен халықтардың ішінде көне элладалықтар мен көне дәуірдегі қазақтар да бар екенін айта кеткен жөн.
“Темір ғасырындағы” Дика, Сенім, Ұят, және Шыншылдық тастап кеткен уақыт аралығын Гесиод “Еңбек пен күндер” поэмасында былайша баяндайды: “Олимпте тұратын мәңгi жасайтын құдайлар адамдардың алғашқы ұрпағын бақытты етiп жаратты. Бұл “алтын ғасыр” едi. Ол кезде аспанда Крон құдай билеп тұрды. Осы заманда рахатқа батқан құдайлар—сияқты, адамдар да мұқтаждықты да, еңбектi де, қайғыны да бiлмей, алаңсыз өмiр сүрдi. Олар қарттық дегендi де бiлген жоқ, әрдайым күштi, аяқ – қолы балғадай сау болды, жер бай өнiмiн өзi берiп тұрды. Малы қисапсыз көп болды, олар шүйгiн шалғында жайымен жайылып жүрдi. Алтын ғасырдың адамдары алаңсыз өмiр сүрдi. Құдайлардың өзi кеңесу үшiн оларға келiп тұратын. Бiрақ жер бетiндегi алтын ғасыр аяқталды да, бұл ұрпақ адамдарынан ешкiм де қалмады. Қайтыс болғаннан кейiн алтын ғасырдың адамдары аруаққа, жаңа ұрпақ адамдарының жебеушiлерiне айналды. Тұманға бөленген олар бүкiл жер бетiн шарлап, шындықты жақтап, зұлымдықты жазалап жүредi. Қайтыс болғаннан кейiн Зевс оларды осылайша жарылқады.
Күмiс ғасырында адамдар күш жағынан да, ақыл жағынан да алтын ғасырдың адамдарымен теңдесе алмады. Адамдар өз әке-шешелерiнiң үйлерiнде жүз жыл тұрып, ақыл тоқтатпай өсiп, тек есейген соң ғана олардан бөлек кететiн. Есейген кезiндегi өмiрi қысқа болды, ал ақыл тоқтатпағандықтан жұмысында бақытсыздық пен қайғыны көп көрдi. Кронның ұлы Зевс жер бетiндегi олардың ұрпағын құртып жiбердi. Олимпте тұратын құдайларды мойындамағаны үшiн күмiс ғасырдың адамдарына қатты ашуланды.
Зевс үшiншi ғасыр – мыс ғасырын дүниеге келтiрдi. Найзаның сабымен Зевс қарқынын бiлмейтiн қуатты адамдарды жасап шығарды. Өр кеуде болып жаратылғандар, қасiретке толы соғыстарды сүйдi. Олар егiншiлiктi бiлмедi, бақтар мен егiстiктер беретiн жемiстi жеген жоқ. Қару – жарақтары мыстан соғылды, үйлерi де мыстан салынды, мыс құралдармен жұмыс iстедi. Мыс ғасырдың адамдары бiрiн – бiрi құртып отырды.
Зевс сол сәтте жер бетiне төртiншi ғасырды және адамдардың жаңа ұрпағын, неғұрлым жанды, әдiлеттi, құдайларға жақын жарты құдайлар ұрпағы – қаһармандарды туғызды. Олардың бәрi де зұлым соғыстар мен жан түршiгерлiк қан төгiс шайқастарда қазаға ұшырады. Бiреулерi Эдиптiң мұрасы үшiн шайқасып, Кадм елiнде, жетi қақапалы Фивада қаза болды. Басқалары Троя түбiнде қаза тапты, мұнда олар кемелерге отырып, шалқар теңiзден жүзiп өтiп, сұлу бұрымды Еленаны iздеп келген едi. Бұлардың бәрiн өлiм жалмаған соң, Зевс оларды тiрi адамдардан аулақ, жердiң қиыр шетiне қоныстандырды. Қаһармандар мұхиттың буырқанған сулары жанындағы аралдарда қайғысыз, бақытты өмiр сүрдi. Шұрайлы жер оларға бал тәрiздi тәттi жемiстерiн жылына үш рет бередi. Мұндайда Асан қайғының “Жер үйектегі” адамдардың 100 жыл өмір сүріп, малы жылына үш төлдейтін, қысы болмайтын, ауру-сырқаулық пен жамандық-озбырлық, сатқындық дегенді білмейтін арманымен сәйкес келетін жайтты еске аламыз.
Бұл уақытта адамдар тiршiлiк қамын күйттеу үшiн күн – түн демей қара терге түсiп, еңбек етулерiне тура келедi, бiрақ өз еңбектерiне әбден сенген қарапайым адамдар құдайды көздерiне де iлмедi. Осыны көрген Зевс әбден ашуға мiнедi. Зевс осы тұста адам әулетiн түп – тамырымен құртып, орнына жаңа адамзат ұрпағын әкелудi қалайды. Ол үшiн жерге ғаламат топан су жiберiп, қырғынға ұшыратады.
Шәкәрім Құдайбердиевтың “Түрік, қазақ, қырғыз һәм хандар шежіресі” атты әдеби-тарихи еңбегінде бұл жайтты былай деп бейнелейді: “Атамыз Адам пайғамбарды алла тағала топырақтан жаратып жан беріп, оның оң қабырғасынан анамыз Хауаны жаратып, Хауа анамыз жыл сайын бір ұл, бір қызды егіз тауып, алдыңғы жылғы ұлға келер жылы туған қызды беріп, келер жылғы ұлға алдыңғы жылғы қызды беріп, өсіп-өніп, қырық мың кісі болғанда, Адам пайғамбар мың жасында өтіп, онан бір жыл соң Хауа анамыз өтіпті.
Адам Пайғамбардың бір баласы Шис пайғамбар тауратта Шит деп жазылған, оның баласы Ануш, оның баласы Қинан, оның баласы Миһаел, оның баласы Бруд, оның баласы Идрис пайғамбар – шын аты Ахнух еді, оның баласы Матушлах, оның баласы Ламәк, оның баласы Нұх пайғамбар, бұл Нұх пайғамбардың үш баласы – Сам, Хам, Яфас; біздің түрік халқы Яфас нәсілінен.
Нұх пайғамбардың уақытында Адам балалары бұзықтық қылып діннен шыққан соң, алла тағала қаһар қылып, топан су жіберіп, жер жүзіндегі адам, жан-жануардың бәрі қырылып, Нұх пайғамбар үш баласыменен оның қатындары алла тағаланың әміріменен кемеге кіріп аман қалыпты. Осы күнгі барша адам балалары сол Нұхтың үш баласы – Cам, Хам, Яфастың нәсілі.
“Тарих ғумуми” деген кітапта барша түрік, иран, юнан, қытай һәм европадағылар, Яфас нәсілінен.
Барша араб, асур, гілдан, фінике, карта же, ғибрани мысырлар Сам нәсілінен. Барша хабаш, судан, зәңгибар, барша қара түсті жұрт – Хам нәсілінен дейді”.
Шежіредегі топан су қара әріптермен белгіленген түрік, оның кейінгі ұрпағы қазақ болса, юнаннан грек пен латын халықтары тарайды. Мұндағы айтпағымыз – Түрік пен Юнан елі Яфас нәсілінен екендігін атап өту.
Топан су тек осы халықтарда ғана емес, бұл аңыз әлемдегi түрлi халықтардың мұраларында кездесетiндiгiн атау ләзiм. Топан су туралы аңыз ежелгi Бабылдың әдеби мұраларында да бар. Бұл - Утнапиштим туралы аңыз, оны ежелгi еврейлер иемденген. Онда - әлемдi басқан топан суы мен Ной (Нух пайғамбар) туралы айтылады. Ал типологиялық тұрғыда ежелгi үндiлiк Ману сәйкес келедi.
Қазақтың дiн әдебиеттерiндегi жердi топан су басқанда Нұқ пайғамбарының тiршiлiк атаулыларының әрқайсысын алып кемеге отырғызып, аман алып қалуы, одан Қазығұрт тауына келiп паналауын халықта “Қазығұрттың басында кеме қалған” аңызы жоғарыдағы мифпен сюжет ортақтастығына апарып тiрейдi.
Бұл жайды атақты фольклорист – ғалым М.Ғабдуллин “Қазақ халқының ауыз әдебиетi” еңбегiнде аңызды төмендегiдей бередi: “Баяғы бiр заманда дүние жүзiн топан – су қаптап кетедi. Тек қана Қазықұрт тауы аман қалады және осы таудың ығында Нұқ дейтiн әулиенiң кемесi тұрады. Топан қаптаған кезде жан – жануарлар осы кемеге тығылады. Мұның iшiнде төрт түлiк малдың әрқайсысынан тұқым болады. Әрбiр түлiктен бiр – бiр тұқым аман қалады да, кейiннен ол өрбiп өседi. Бұл түлiктердi топаннан сақтап қалған олардың жаратушысы, иелерi болады. Жылқының иесi – Жылқышы ата (Кейде Қамбар ата деп те айтылады), қойдың иесі - Шопан ата, түйенiң иесi – Ойсыл қара, сиырдың иесi - Зеңгi баба, ешкiнiң иесi – Сексек ата деп әрқайсысына жекелей ат қояды. Әрбiр түлiктiң осы секiлдi иелерi болғандығын, солардың арқасында топан – судан аман қалғандығын “Қазықұрт тауы” дейтiн әңгiме – жыр былай суреттейдi:
Қазықұрттың басында кеме қалған,
Ол әулие болмаса неге қалған?
Жетiм бота үстiнде жатып қалып,
Ойсыл – қара жануар содан қалған.
Бұдан әрi қарай жыр басқа түлiктер жайын сөз етедi. Әрбiр түлiктiң қалай өрбiгендiгiн айтқанда, өлеңнiң екi жолын қайталап отырады.
Халықтың төрт түлiк мал жайындағы, оның қалай өрбiп - өскендiгi жайындағы алғашқы көзқарасы, ұғым – түсiнiгi осылай болып келедi” – дейдi.
Ал грек аңызында “Девкалион мен Пирра” атынан баяндалады:
Зевстi ызаландырған Архадиядағы /Пелопоннестiң орталық аймағы/ Ликоскура патшасы Ликаон болды. Бiрде Зевс жай қарапайым адам кейiпiне енiп, қалаға келiп белгi бергенде тұрғындар оны құдай есебiнде қарсы алып, құрмет тұтады. Тек жалғыз Ликаон ғана Зевске құдай ретiнде iзет көрсетпей, құрметтегендердi жазаға ұшыратады. Ликаон Зевстiң құдай екенiн сынап көру үшiн, өз сарайындағы аманат ретiнде ұсталып келген адамды өлтiредi де, оның денесiнен пiсiрiлген тағамды ұлы найғазай құдайына ұсынады. Ашуға мiнген Зевс найзағайымен Ликаонның сарайын күл – талқан етiп, өзiн қасқырға айналдырып жiбередi.
Адамдардың арам пиғылдары үшiн олардың бүкiл ұрпағын құртып жiберудi ойлаған Зевс жерге күштi нөсер жаңбыр жаудырады. Грекия алып толқындардың астында қалды. Толқын арасында екi басты Парнастың иығы ғана көрiнiп тұрды (қазақ аңызында Қазығұрт тауы) Парнас Фокидадағы таулы шың. Аңыз бойынша Парнастың етегiндегi Делфыда Аполлонның ғибадатханасы мен шырақшысы сонда. Бұл орын өнер мен әдебиеттi жебеушi Аполлон және тоғыз музаның мекенi.
Мыс ғасырының адамдары осылайша қаза болады. Тек Прометейдiң ұлы Девкалион мен оның әйелi Пирра аман қалады. Прометейдiң айтқан кеңесi бойынша Девкалион үлкен жәшiк жасап, (Қазақ аңызында Нұқ кемесi) iшiне азық - түлiк салып, топан су қаптағанда әйелi екеуi соның iшiне кiрiп, жаңбыр басылғанына тоғыз тәулiк бойы су үстiне қалқып жүредi.
Бір ескерер жайт – ежелгі ахейліктерде “тоғыз” саны киелі саналады. Мәселен, жоғарыдағы “тоғыз тәулік” саны, немесе Аполлоның үнемі қасында жүретін серіктері “тоғыз муза” – Клио, Эвтерпа, Талия, Мельпомена, Терпсихора, Эрато, Полигиминия, Урания, Калиопа адам бойындағы ізгі қасиеттердің жол бастаушысы немесе жебеушісі болып көрінеді, яғни тарих, лирикалық поэзия, комедия, трагедия, би музасы және т.б.
Мұндағы топан суды жіберіп отырған Зевс болса, ондағы басты мақсат – адамдардың арам пиғылдары үшiн бүкіл жер жүзінде олардың тұқымын тұздай құрту еді. Құдайдың бұл ісіне қарсы шыққан, адамдарды өз қолымен жасап, оларға өмір берген, адам сүйгіш титан Прометей болса, Девкалион мен оның әйелi Пирраны ажалдан аман алып қалады. Академик Мұхтар Әуезов “Өмірді сүюді соншалық оттай, жанды күйде суреттеу арқылы халық Қорқытты өмір, тірлік үшін алысушының ең зоры еткен. Сол себепті, кейін шаманизм нанымы бойынша ауруды бағып, өліммен алысқан бақсы атаулының барлығы Қорқыт күйін тартып, алысатын болған. Ол күй өмір тірлікті қорғау, арашалау күйі болғандықтан, бар бақсының сиыну күйі болды.
Дүние жүзінің фольклорында, әсіресе ескі мифтік, діндік ертегі, аңыздарында осы Қорқыт сияқты өмір үшін, өлімге қарсы алысқан бірнеше ұлы бейнелер бар. Бұлардың бәрі, түбін ойлағанда құдай бұйрығымен, ажалмен алысушы ғана, сол алыс арқылы құдайдың өзімен де алысқандар деп саналады. Соның бірі грек мифінде – Прометей, осетин аңызында – Амран, үнді аңызында – Сидхарта болған болса, қазақ ескілігінде Қорқыт болады”- дейді.
Нөсер басылғанда, алып толқындар оны Парнастың екi басты шыңына айдап әкеледi. Ерлi – зайыптылар жәшiктен шығып, Зевске құрбандық шалып, ризашылық ниеттерiн бiлдiредi. Су қайтқанда астында құлазыған шөл дала қалады. Бір ескерер жайт - Девкалион мен оның әйелi Пирраны ажалдан аман алып қалған Прометей болса, оған құрмет көрсетудің орнына, бұлар өздерін осы күйге ұшыратқан Зевске тәу етеді.Сол үшін де Зевс адал құлдарына көңілі құлайды. Зевс Девкалионға Герместi жiберiп, оның адал ниетiне риза болып, не қалайтынын сұрайды. Девкалион құдайдан адамдарға өмiр сыйлап, жерде қайтадан мекен етсе екен деп жалбарынады. Зевс Девкалионның өтiнiшiн қабыл етiп, адамдарға өмiр сыйлайды. Ол үшiн ерлi – зайыптылар жерден тас жинап алып, оны артына бұрылып қарамастан басынан керi қарай лақтыруына әмiр бередi. Девкалионның лақтырған тастары ер адам болса, Пирраныкi әйел затына айналады.
Мифтiк осы екi образдың грек халқының арғы ата – бабасы десек, қазақ жұртында өз ата – бабаларының шығу тегi жөнiндегi аңыз да жоғарыдағы Девкалион мен Пирраның басынан кешкен оқиғалармен ұқсас көп параллельдi таба аламыз. Бiрақ, адамзаттың, екi халықтың топан судан аман қалып, олардан кейiнгi ұрпақ қалай тарағандығы жөнiнде екi аңызда кейбiр өзгешелiктер бар. Бұл турасында Қ. Салғараұлы өзiнiң “Түрiк халықтарының шығу тегi, түрiк атауы жөнiнде бiрер сөз” мақаласында, тарихшы Әбiлғазының жазған деректерiн төмендегiдей бiлдiредi:
“Бұл 1603-1664 жылдар арасында өмiр сүрген Хиуа ханы Араб – Мұхаммед баласы Әбiлғазы Баһадүр – ханның “Түрiк шежiресi” атты кiтабында берiлген (Әбiлғазының өзi осы “Түрiк шежiресiн” жазарда алдында он сегiз тарихи шығарманың жатқанын, солардың iшiнде ғылыми құндылығы кейiн ерекше болған Фазылулла Рашид -әд –дин, Шараф -әд – дин Иезди секiлдi алыптардың еңбегi болғанын айтады. Аңызды Әбiлғазы еңбегiнен алу себебiмiз де осыдан: Қ.Салғара-ұлының ескертпесi). Оның негiзi “Таураттан” алынып, мұсылмандық бояумен болғаны қазiр ешқандай күдiк туғызбаса керек. Онда Алла тағаланың Адам ғалайссаламды жаратқаннан бастап, Нұх пайғамбар-дың кезiне дейiн баяндап келедi де:
“Сол кезде жерден су шықты, аспаннан жаңбыр жауды. Нұх пайғамбар ұшқан құстың, жүгiрген аңның әрқайсысынан бiр жұптан алып, мұсылмандық қабылдаған сексен кiсiмен кемеге отырды, ал қалған жер бетiндегi жанды мақұлықтың бәрi суға ғарық болды. Аллатағаланың әмiрiмен су қайта тартылды. Нұх мiнген кеме Шам жұртындағы Мосул шаһарына таяу жердегi Жуды тауына қайырылады. Кемеге раджаб айының алғашқы күнi мiнiп едi, алты ай он күн дегенде, мұххарам айының онында кемеден шықты. Олар таудың етегiне барып орнықты. Осы арада олардың бәрi ауырып, тек Нұхтың өзi мен әйелi және үш ұлы әйелiмен ғана аман қалды, қалғандары о дүниеге сапар шектi.
Бұдан кейiн Нұх пайғамбар үш ұлын үш тарапқа: Хам атты ұлын Үндiстан жаққа, Сим (Сам) атты ұлын Иран жерiне, Иафет атты ұлын Солтүстiк жаққа жiберiп, оларға: “Адамның ұрпақтарынан сен үшеуiңнен өзге ешкiм қалған жоқ. Сол себептi үшеуiң үш жұртты мекендеңдер, қашан бала – шағаларың көбейедi, солай әрқайсысың сол барған жерлерiңдi игерiп, өз алдарыңа жұрт болыңдар”, – дейдi.
Иафеттi бiреулер пайғамбар едi десе, ендi бiреулерi пайғамбар емес едi дейдi. Иафет атасының әмiрiмен Жуды тауынан кетiп, Едiл мен Жайық суының арасына барып қоныс тептi. Онда екi жүз елу жыл өмiр сүрiп, қайтыс болды. Иафеттiң сегiз ұлы бар едi. Олар мыналар: Түрiк, Хазар, Сақлап, Рус, Миң, Шын, Кеймары, Тарих. Иафет өз орнына үлкен ұлы Түрiктi отырғызып, өзге ұлдарына: “Сендер Түрiктi патшамыз деп мойындар, оған бағыныңдар” – дедi.
2001 жылдың 14 – желтоқсанында (№50 (2732) “Қазақ әдебиетi” газетiнде Венгрия жерiндегi газеттiң тiлшiсi, ақын, филология ғылымдарының кандидаты Раушан Зақанқызының “Мажардың тарихи аңыздары” деген тақырыппен ғылыми-зерттеу мақаласы шықты. Зерттеу еңбегiнде Будапештегi “Мора Ференц” баспасынан мажар әдебиетшiсi Лендьел Денештiң мажардың ежелгi тарихи аңыздарына орай жазған еңбегiн жариялады. Еңбекте антика дәуіріне қатысты аңыздар мен Құдай есiмi аталады және адамзаттың арғы ата-баба шежiресiнiң таратуындағы ортақ мәселелер мен топан су туралы оқиғаны қозғайды.
Кезай Шимон және Анонимус жылнамасының iзiмен мажар-лардың шығу тегi туралы мынадай деректi ұсынады: “Көптеген ғасырлар бұрын адамдар қасқырлар (Жоғарыда Зевстiң Лиоскура патшасы Ликаонды қасқырға айналдыруы жөнiндегi аңыз ежелгi адамдардың қасқыр жөнiндегi түсiнiктерiнiң ортақтығы тегiн болмаса керек-тi - И.М. ескертпесi) сияқты өмiр сүрiптi. Құдай оларды жазалап, жерге орасан үлкен топан су жiберiптi. Сол топан судан барлық адамдар қырылып, тек Нұх пен оның үйелменi қалған екен.
Нұхтың үш ұлы болыпты: Сам, Хам және Яфис. Осылардан топан судан соң жетпiс екi ру тарапты. Үш ұлдан тараған рулар жаһанның әр бөлiгiнде тұрыпты: Самнан тарағаны – Азияда, Хамнан тарағаны – Африкада, Яфистен тарағаны – Европада.
Француздар Яфистiң үлкен ұлынан тарайды және Троя қаласы қираған соң бiрiншi болып Паннонияға (кейiн мажарлардың Отаны болған елге) келiптi дейдi.
Француздар Паннонияда Сикамбрия (Аквинкум қаласының орта ғасырлық латынша аты – Р.З.) қаласын тұрғызып, батысқа қарай жылжиды, себебi, шығыс халықтары шапқыншылықтарынан қатты қорқады. Батыста Сена өзенiнiң жағасына келiп қоныс тебедi, жаңа мекендерiнiң атын басшылары Франционың атымен Францио елi, Франция деп атайды.
Яфистiң кiшi ұлынан Менрот деген алып тарайды. Бұл дәу Құдай тағы да топан су жiберер деп, барлық туыстарын жинап, солармен бiрге орасан үлкен мұнара салуға кiрiседi, топан су қаптаса сол мұнараға шығып аман қалмақ болады.
Бiрақ мұнараны тұрғыза алмайды, себебi, Құдай мұнара салушылардың тiлiн шатастырып жiбередi, тiптi өзi бiр-бiрiн түсiнуден қалады. Сондықтан Менрот халқы әлемнiң әр тарабына шашырап кетедi.
Менрот өз тiлi шатасқан уақыттан соң Парсы елiне кетедi. Онда жүрiп Енех (“ана бұғы” дегендi бiлдiредi, Әбiлғазының “Түрiк шежiресiнде” оның “Ақнұқ”деген екiншi есiмi де аталады, мұнысы таураттық (иуда-христиандық) Енох (Энох) пайғамбардың есiмiнiң түркi тiлiнде бұрмаланған нұсқасы болып табылады) атты қызбен танысып, әйелдiкке алады. Әйелi дүниеге екi ұлын әкеледi. Оның бiрiнiң аты – Хуннор, екiншiсiнiң аты Мадияр едi. Осы екi ұлдан ғұндар мен мажарлар тарайды.
Талай уақыт құнарлы жерде өмiр сүрiп, үлкен елге айналады. Көбейгендерi сонша, жерлерi оларды асырай алмайтын халге түседi. Осы себептен Скифияға бақылаушыларды жiбередi. Олар сол елдi әбден бақылайды, ақырында бүкiл халық жаңа мекенге, Скифияға жылжиды.
Скифия жерi өте сұлу едi. Тағы аңдарға толы, ормандары, жайылымдары көп, Едiл өзенiнен Кавказ тауларына дейiнгi ұлан-ғайыр жердi алып жатқан патшалық болатын.
Сол ерте дәуiрде сақтар өте дана, аса момын халық едi. Жердi игермедi. Өздерi барлық жамандықтан ада, сондай күнәсiз едi. Қарапайым өмiр сүрдi, тек киiзден жасалған шатырда тұрды.
Сақтар ет, балық жеп, сүтпен көректенiп, көп мал ұстады. Киiм тiгуге сусардың және тағы басқа аңдардың терiсiн пайдаланды. Сусардың көптiгi болғандығы сонша, тек бекзадалар ғана емес, бақташы, қойшылардың өзi сусар терiсiнен киiндi.
Алтын, күмiс, iнжудi сақтар жай тас сияқты көретiн, оларды өз өзендерiнiң түбiнен оп-оңай тауып алатын.
Сақтар ештеңеге құмартпады, өйткенi барлық нәрсеге қарық едi. Аса мол мал асырап, сонымен өздерiне үнемi жеткiлiктi корек тауып отырды. Некенi құрмет тұтты, әр сақтың бiр әйелi болды.
Хунор мен Мадиярдың ұрпақтары Скифиядан жан-жаққа тараған кезде, жүз сегiз руға бөлiнген едi, сондықтан сол алып патшалықтан жүз сегiз елдi мекен тарады” деген аңызды алдыға тартады.
Байқағанымыздай, аңыздардың алғашқы сюжеттiк желiсi ұқсас болғанымен, Әбiлғазының айтқан пiкiрi аңыздан гөрi тарихи факт түрiне көп ұқсайды.
Дүние жүзінде топан су болғаны талассыз. Оған дәлел – әлем халықтарында топан су турасындағы айтылып жүрген көптеген аңыздар болмақ. Мәселен, Шығыс елдеріне библиялық мифология Содом мен Гоморра қалаларында болған әлемдік топан су басу аңызы кеңінен таралған. Палестина жеріндегі Иордан өзенінің құйылысында орналасқан Содом мен Гоморра қалаларының тұрғындары уақыттырын бос өткізіп, ойын-сауық пен алауыздық, азғындық жолға түскен үшін тәңірдің қаһарына ілігіп, топан судың астында қалады. Тек Лотаның құдайға қараған пейілдері үшін бүкіл отбасын ғана аман қалып, содан адамзат ұрпағы тарайды деген аңыз сақталған.
Топан су туралы аңыздың тағы бір гректік варианты “Филемон және Бавкида” туралы миф. Мифте тек апаттан аман қалған Девкалион мен Пирра секілді ақылды, келген қонақтарға қонақжай, ақжарқын адамдар Филемон отбасы ғана. Оларды осы адал қасиеттері үшін періштелер тауға алып кетіп, аман алып қалады. Осы аңыз Девкалион мен Пирраның сюжетіне ұқсас келеді. Оның қысқаша сюжеті былайша баяндалады. Зевс Гермес екеуі елдің жайы мен пейілін жақсы біліп қайту үшін, қарапайым киім киіп, пенделік күйге еніп, жер бетіне түсіп, Фригияға аттарының басын тірейді. Қас қарайып қалған соң, түнеп шығатын жай іздеп, ұзақ сенделеді. Қай үйге барып, құдайы қонақ екендіктерін айтса, ешкім де маңайларына жолатпайды. Далаға түнемек болып тұрғанда, ауыл шетінде тұрған кішілеу үйді көріп, соған қарай аяңдайды. Үй иелері қартаң адамдар – Филемон мен Бавкида келген адамдарды құшақ жая қарсы алады. Үйлеріндегі бар дәмдіні қонақтарының алдына жайып, әбден әуре-сарсаңға түседі. Пейілдеріне риза болған қонақтар, үй иелерін өздерімен бірге алып, биік тауға көтеріліп, шырт ұйқыда жатқан, қонақжайлық көрсетпеген ел-жұртқа топан су жіберіп, бүкіл тұрғындары қырғынға ұшыратады. Ал Филемон мен Бавкида бақытты, ұзақ ғұмыр кешеді.
Адам ата мен Хауа анадан тарған балалары Нұқ пен оның ұрпақтары, немесе библиядағы Лота, грек мифіндегі Филемон мен Бавкида, Девкалион мен Пирра адам бойындағы ізгілікке, жақсылыққа ұмтылатын, қарапайым пенделер. Осы қасиеттерін байқап, үнемі қорғап-қоршаған тәңірлер оларды адам басына түскен қауіп-қатерден аман алып қалады. Болашақта осындай адамдардан тараған ұрпақ қана аман қалып, жер басып жүруі керек екендігін көре аламыз.
Ал жоғарыдағы грек аңызының Девкалион мен Пиррадан тараған ұрпақ жөнiнде, зерттеудiң мифтiң эволюциялық даму барысына орай, кейiнгi жолдарда көрсетiледi. Ал жоғарыдағы грек аңызының жалғасы есебiнде Гесиод оқиға желiсiн одан әрi былай жалғайды:
“Топан суынан кейiн жерде тастан пайда болған адамдар соңғы бесiншi темiр ғасырында өмiр сүруде, сол ұрпақ жер бетiнде қазiр де жалғасып жатыр. Осы уақытта, Гесиодтың бағамдауы бойынша, балалар ата – анасын құрмет тұтудан қалған, досына адалдықты жоғалтқан, мейманға қонақжайлылық көрсетпейдi, ағайын арасында татулық жоқ, адамдар сертiнде тұрмайды, шындық пен iзгiлiк бағаланбайды. Бiр – бiрiнiң қалаларын қиратып, барлық жерде озбырлық билеп алған” – дейдi, “Еңбек пен күндер” поэмасының өзiнiң “Бес ғасыр” деген тарауында.
Зевс жерге кейде шапағат нұрын төксе, кейде зұлымдықтың небiр жан түршiгерлiк көрiнiсiн төгедi. Оның әмiрiмен жерде қоғамдық тәртiп орнап, патшалық билiк бекiтiлген.
Зевстiң өзі қарындасы Гераға үйленсе де, өзiнiң көптеген балаларының шешелерi басқа әйел құдайлары мен нимфалар (үр қыздары), тiптi қарапайым жер басып жүрген әйелдер де кездеседi. Қазақ мифологиясында бұл, Шәкәрім Құдайбердиевтың “Түрік, қазақ, қырғыз һәм хандар шежіресі” атты әдеби-тарихи еңбегінде ағасы қарындасына үйленетіндігі жөнінде аңыз-дерек бар. Мәселен, Атамыз Адам пайғамбарды алла тағала топырақтан жаратқанда, оның оң қабырғасынан анамыз Хауа жаралып, Хауа анамыз жыл сайын бір ұл, бір қызды егіз тауып, алдыңғы жылғы ұлға келер жылы туған қызды беріп, келер жылғы ұлға алдыңғы жылғы қызды беріп, өсіп-өніп, қырық мың кісі болғанда, адам пайғамбар мың жасында өтіп, онан бір жыл соң Хауа анамыз өтіпті деген аңыз өте жақын келеді. Мұндай қан араласудағы мақсат, көне гректердің түсінігінше – Зевс қанша құдіретті, күшті болса, оның кейінгі ұрпағы да осал болмауы шарт дегенге келеді.
Мәселен, Фиван ханшасы Антиопа оған егiз бала Зет пен Амфионды, аргос ханшасы Даная Персей атты ұлды, Спартан ханшасы Леда Елена мен Полидевктi, финикийлiк ханша Европа Миносты дүниеге әкеледi. Мұндай мысалдарды көптеп келтiруге болады. Оның тағы бір жағы – жоғарыда атап өткенiмiздей, Зевс жергiлiктi көп құдайларды ысырып, уақыт өте келе сол құдайлардың әйелдерi Зевстiң сүйiктiлерi болып саналып, содан тараған ұрпақ Зевске тәу ету керек деген мақсат көздейді. Ал сол үшiн ғана Зевс Гераға адал жар болмағанын айғақтайды.
Достарыңызбен бөлісу: |