39
Құрылымдық жүйенің әр бөлігінің белгілі бір формасы бар және өз
қызметтерін өзіне ғана тән құралдар арқылы іске асырады.
Химия оқулығының атқаратын дидактикалық қызметтеріне байланысты
оның құрылымының да өзіндік ерекшелігі бар. Бұл оқулықтағы тақырыптар
бойынша берілетін материалдардың ең алдымен ғылымилығы болса, сол
ғылымилық жүктемені тереңдете түсетін химия ғылымына байланысты қазіргі
таңда қол жеткен жаңалықтарды да толық қамтуға көңіл бөлу. Сонымен қатар,
оқулық мазмұны оқушыларды химиялық біліммен қаруландыру, дамыту және
тәрбиелеуді ескеру арқылы оның оқушылардың белсенді танымдық қызметін
ынталандыруға, өзіндік жұмыс атқаруға керекті материалдарды қамтуын да
қарастыру. Оқулықта берілген әрбір тақырып оқушылардың өзіндік іс-әрекетін
және оны орындаудың әдіс-тәсілдерін үйретуге, білімді қолдану мен көбейтуді
өз бетінше жұмыс атқару шеберлігі мен дағдысын дамытуға және
қалыптастыруға ықпал ететіндей деңгейде берілуі көзделеді
[113]
.
Бейорганикалық химия оқушыларға химия ғылымының негізін алғашқы
рет жеке пән ретінде ұсынатын болғандықтан, оның мазмұнына ғылыми
деректер, ұғымдар, теориялар мен заңдар енеді. Сонымен қатар, химиялық
элементтер және олардың қосылыстары туралы оқушыларға ғылыми негіздегі
материалдар ұсынылады. Бұл мәліметтердің бәрі мәтін түрінде беріліп, оның
мазмұны түрлі ғылымаралық және химиялық терминдерді, таңбаларды,
номенклатуралық атауларды, символдарды қолданып берілетін химиялық тіл
арқылы жеткізіледі. Бұларды қолдануда берілетін ғылыми ұғымның жүйелілігі,
оқушылардың жас ерекшелігіне сәйкестігі, ғылыми ұғымдардың бір-бірімен
байланыстылығы ескеріледі. Оқулықтың ғылыми бөлімінің ерекшелігі оны
оқып меңгеру барысында оқушылар химия ғылымының теориялық негізінен
ұғым алумен қатар, оның практикалық маңызын да түсінеді. Практикалық
маңызын меңгеру оқулықтағы мәтінге қосымша берілген мәтіннен тыс
компонентердің көмегімен жүзеге асады. Осы тұста мәтін мазмұнын өмір
тәжірибесімен және күнделікті ақпараттармен байланыстыру мүмкіндігі туады.
Бұл айтылып отырған мәселелерді шешу үшін мәтіннен кейін берілетін
деңгейлік тапсырмалар, проблемалық сұрақтар, түрлі жаттығулар мен есептерді
өз мәнінде қолдана білу қажет. Сонымен қатар, мәтін мазмұнын толықтыра
түсетін көрнекіліктердің де мәні зор. Бұл көрсетіліп отырған мәтінге қосымша
элементтер мәтін мазмұнын толықтырып қана қоймай, олар арқылы оқушылар
дербес, жұптық және топтық жұмыстар орындайды. Сонда ғана оқушылардың
теориялық материалды саналы меңгеруі іске асады. Оқулықтың ғылыми негізі
арқылы оқушылардың дүниенің біртұтастығы туралы бастауыш сыныптарда
алған
ұғымдары тереңдеп, нақты қалыптаса түседі.
Химия пәнінің оқулығы жоғарыда көрсетілген ғылыми мазмұнмен қатар
тасымалдаушы, білімді өз бетімен ізденушілік, танымдық-өзгертпелі сияқты
функцияларын да қамтиды. Осының негізінде химия оқулықтарының
құрылымы дамытушылық және тәрбие берушілік тұстарының күшейтілуіне
баса көңіл бөледі.