2.2 Білім беру саласынын қаржыландырудың негізгі принциптері
Рыноктық (нарықтық) реттеу жоғары білімнің дамуында мемлекеттік реттеудің кемшіліктерін толтыра алмады. Нақты оқу орындарының дипломдары жұмыс берушілер мен жұртшылықтың көз алдында нақты баға алулары үшін жоғары оқу орындары жаңа әлеуметтік-экономикалық жағдайларды тым қысқа уақыт жұмыс істеді. Осы жағдайлар қиянатшыл бәсеке үшін кең мүмкіндіктер жасады. Жеке меншік, ал ішінара мемлекеттік жоғары оқу орындарының да ақылы оқитын студенттер санына кіріптарлығы, көптеген жоғары оқу орындарына қалағандардың барлығын тартуға, демпингтік бағалар мен жоғары оқу орындарының нақты мүмкіндіктеріне сай келмейтін жарнамаларды пайдалануға, көтеріңкі баға қоюлардың кеңінен қолданылатын практикасына, түпкі нәтиже білімді нақты дипломдар сатумен алмастыруға әкеп соқтырды. Оның үстіне ақыны болашақ диплом үшін емес, ал әскери қызметтің мерзімін кейінге қалдыру мақсатында төлейтін студенттердің едәуір саны пайда болды [4].
Уақыт белсенді мемлекеттік ғылыми және инновациялық саясат жүргізуді, ғылымда құрылымдық өзгерістерді жүзеге асыруды, іргелі және қолданбалы зерттіулерді мемлекеттік қаржыландыру көлемін арттыруды талап етеді.
Ғылымды бюджеттік қаржыландыруды ұлғайтуды жоспарлай отырып, біз бұл процеске жекеменшік бизнесті де қосуды ұмытпауға тиіспіз. Бұл жеңіл міндет емес, солай болса-дағы ғылыми нәтижелерді ойдағыдай коммерциялаудың қолайлы шарттарын жасау, оларды инновацияда жүзеге асыру, тұтынушыларға жақындату қажет.
Оқу орындарының қаржы базасын нығайтуға жағдай жасаған өзге де түзетулер болды. Енді жоғары оқу орындарына бағалы қағаздар сатып алуға, оқудың төлемі ретінде алынған қаражаттар мен өзге де қаражаттарды депозитте ұстауға құқық берілді, мұндай құқық тапқан ақшаны инфляциядан сақтауға көмектесуі тиіс.
2001 жылдың басында білім және ғылым Министрлігі перспективада олардың санын елеулі қысқарту арқылы жоғары оқу орындарының желісін «тазалау» қажеттілігі туралы жариялады. Осы мәселені шешудің басты құралы ретінде жоғары оқу орындарын тіркеу үшін қажет ең аз жарғылық қорды ұлғайту ұсынылды.
Одан әрі пайда болған қоғамдық пікірталастар қатарында өзге де мынадай шаралар аталды: жоғары оқу орындарының жыл сайынғы рейтингтерін (бедел көрсеткіштерін) жасау және оқу- материалдық, кадрлық базаларының көрсеткіштеріне, ғылыми қызметтің деңгейіне, талапкерлерді іріктеу қатаңдығының дәрежесіне сәйкес жоғары оқу орындары үшін санаттар (категориялар) енгізу; зерттеу және қолданбалы жобалардан, консалтингтік қызметтерден түсетін табыстардың өсуі кезінде жоғары оқу орындарын қаржыландыруда ақы төлеу үлесін азайту және т.б.
«Білім» Мемлекеттік бағдарламасында техникалық, педагогикалық және ауылшаруашылық мамандықтары бойынша мемлекеттік тапсырысты ұлғайту көзделді.
Жалпы, Қазақстандағы жоғары білім реформаларының негізгі қорытындысы ретінде жоғары мектептің әлемдік білім беру прогресі арнасында жаңғыру жолына түскендігін есептеуге болады және ол республиканың ортақ әлеуметтік-экономикалық стратегиясының либералды (ықтиярлы, ырықты) бағытын көрсетті.
Негізінен қалыптасқан ұлттық білім үлгісі кеңестік жүйенің шүбәсіз оң сапасы ретіндегі білімнің түбегейлі іргелілігі мен ғылыми сипатын сақтап қалды да, батыс үлгілерінің кескінін- білім беру гранттары мен несиелерін ендірді.
Қазақстандық білім үлгісінің негізгі компоненттерін әлеуметтік-экономикалық тиімділік пен адам дамуы мақсаттарына сәйкестігін сынау мәселесі күтіп тұр [2].
Адам дамуы тұжырымдамасында білім ең өзекті және іргелі қоғамдық проблемаларды шешудің айқындаушы факторы, адам дамуы деңгейінің аса маңызды көрсеткіші ретінде қаралады. Адам дамуындағы білімнің ролін қамтамасыз етудегі халықаралық танылған бағдарлама «Баршаға бірдей білім» стратегиясы болып табылады. Сонымен бірге көпшілік елдердегі сияқты, республикамыз үшін де білім мүмкіндігі мен сапасын біріктіру өзекті проблема күйінде қалып отыр [3, 5-19б].
Алайда білім беруді инвестициялаудың кез-келген басқа инвестициялар сияқты тәуекелділігі жоғары. Индивидтің оқуға жұмсаған еңбек және қаржы шығындары іс-жүзінде толыққанды қайта ма, алдына қойған каръерасын ойдағыдай жасай ала ма, т.б. жақтарын алдын ала білу мүмкін емес. Көп жағдайда білім беруге жұмсалған шығындардан алатын ұтым индивидтің өзіне тәуелді. Бұл мәселеде тек еңбек рыногындағы мамандарға деген сұраныс ғана емес, сондай-ақ, индивидтің жеке сапалары да шешуші роль атқарады. Оның мүдделілігі, талпыныстары, оқу мақсаты туралы түсінігі, т.б. оның үстіне адамды мамандығын өзгертуге немесе кәсіптік еңбекке кеш қосылуына әкелетін жеке жағдайларды да ескеру қажет. Осылардың барлығы оқудың басында ескеруге мүмкін болмаған мәселелер кешенін құрайды және білім беруге салынған инвестицияның қарапайым жылдамдығына және көлеміне әсер етеді. Жалпы алғанда, белгілі бір деңгейін алуға байланысты шығындар адамның өз мамандығы бойынша жұмысқа тұрғанда ғана толық қайтарылады. Сонымен білім беруге жеке табыс көлемін арттырушы маңызды фактор болып табылады. Индивид білім алу барысында ағымағы табыс алу мүмкіндігіне бас тартады, өйткені, білім оған осы шығындарын болашақта қайтару мүмкіндігін береді.
Сондықтан да адам капиталына инвестиция салу оның әлеументтендіру тәжірбиесіне терең өзгерістер енгізіп жалпы адам капиталының жиынтық қорының мазмұнына, құрамына, қалыптасуына оң әсер етеді.
Білім беруге бағытталған қоғамдық тікелей инвестициялар-мемлекеттің, жергілікті органдардың, қоғамдық ұйымдардың, өнеркәсіп салаларының осы сфераға бағытталған қаржылары. Білім беруді инвестициялау әртүрлі жолмен жүргізілуі мүмкін:
оқушыларға мақсатты бағытталған ұзақ мерзімді несиелер беріледі; мұндай несиелер еңбек ету кезінде жалақы немесе табыс есебінен қайтарылады;
мемлекет білім беру қызметі ақысын төлеуге және тұтынушыларды материалдық қолдауға байланысты барлық шығындарды өз қолына алады;
білім беру қызметі ақысын және оны тұтынушыларды метериалдық қолдау әртүрлі көздерден қаржыландырады:
мемлекеттік (оқу орындарын республикалық, жергілікті бюджеттерден қаржыландыру, оқушыларға жәрдемақы және ұзақ мерзімді мақсатты несиелер беру) қаржыландыру;
б) оқушылардың өзіндік қаржылары есебінен (олардың ата-аналарының,
асыраушыларының қаржылары);
в) кәсіпорындар және ұйымдардың қаржылары (тапсырыс бойынша
маман дайындауды, жұмысшылардың біліктілігін көтеру және оларды қайта дайындауды қаржыландыру), қоғамдық және қайырымдылық ұйымдарының қаржылары есебінен.
Сондай-ақ, адам капиталына жұмсалатын инвестициялар, салымдар бірнеше сатыдан тұрады:
Бірінші сатыда-адам капиталына жұмсалған салымдар неғұрлым жақсы нәтижеге жеткізеді, өйткені мұндағы жоғары тиімділік салымның қарымы қайтатын уақыт мерзіміне байланысты. Оқытудың бастапқы сатысынан, арнаулы даярлық сатысына өткен сайын шығындардың өтелу мерзімі ұдайы қысқарып, адамға жұмсалатын салымның ұтымдылығы арта береді. Сонымен бірге, ықтималды адам капиталына салым оның неғұрлым жас кезінде жұмсалса, салым өлшемімен болатын өзгерістер серпіні соғұрлым жоғары болмақшы. Адамға жұмсалған салымның ертерек болуы қоғам тіршілік әрекетінің алдағы кезеңдерінде көрінетін ықтималды адам капиталының, оның шығармашылық қабілетінің бір реттеуіші есепті болады.
Екінші сатыда-ықтималды адам капиталын нақты іске қосылған адам капиталына айналдыру кезеңі. Бұл-еңбек субъектісінің адам капиталын іске асыру мен қорландыру кезеңі. Тіршілік әрекетінің бұл кезеңі еңбек қызметін атқаруға бейімделуімен, адам капиталының жетілдіруімен, жұмыскердің нақты адам капиталына біліми ықпал етуінің көптігімен сипатталады.
Үшінші сатыда-еңбек қызметінің қалыптасу кезеңі. Бұл кезеңде ықтималды адам капиталы ұдайы өндіріс жүйесіне неғұрлым көптеп тартылады, жалақының ұдайы өсуі мен оның ең жоғары деңгейіне жақындау байқалады. Мұнда жұмыскерлерді қайта даярлау жүйесі аса маңызды рол атқарады. Ол ғылыми-техникалық дамудың шарттарын бейнелейді. Өнімді еңбектен қол үзіп және қол үзбей білім алу жүйесі, парасатты адам капиталын, жұмыскердің қабілет қарымын, қоғам тіршілік әрекетінің осы кезеңіндегі ғылыми-техникалық талаптарына дейін көтеруге мүмкіндік беретіндей дәрежеде толықтырылуы керек [3, 5-19б].
Білім беру саласын инвестициялау үлгілері жайлы 1 қосымша кестеден көрулеріңізге болады.
Қазіргі кезеңде, яғни экономикалық дамуымыз тұрақталынып, әлеуметтік мәселелерге бет бұрған уақытта, Қазақстанда адам капиталын қалыптастырып, оны ұдайы өндіру үрдісіне байланысты біршама қызметтер атқарылып жатыр. Бұған халқамызға әлеуметтік жағынан қолдау көрсетіп, осы мәселедегі қалдық принциптерін жойып, әлеуметтік саланы қаржыландыруды басымдылық ретінде қарастыру саясатының қалыптаса бастауын мысалға келтіруімізге болады.
2005 жылға арналған бюджетте денсаулық сақтауға, білім беруге және басқа да әлеуметтік секторларға жұмсалатын шығындар үштің бірінен асады деп көрсетілген, ал бұл мемлекеттің мүмкіндіктері артқанын көрсетеді. Әр бюджеттің өз міндеті бар, оның ең басты ерекшелігі-әлеуметтік бағыттылығында.
2005 жылға арналған бюджет қаражаты да едәуір даму мәселесін шешуге бағытталған болатын. Осы салаға жұмсайтын шығыстары 2004 жылмен салыстырғанда 20,2%-ға, соның ішінде білім беру-51%-ға, денсаулық сақтау-22,9%-ға, әлеуметтік қамтамасыз ету мен әлеуметтік көмек-15,2-ға% ұлғайды.
Мұндай бюджетті орындауда инвестициялардың орны бөлекше, өйткені ішкі жалпы өнім өсімінің қарқыны инвестициялардың көлеміне байланысты.
Сонымен, біздің қоғамымыздың алдында тұрған мақсаттарының бастысы адамның жетістіктерін, құндылығын, әлеуетін ашатын, жан-жақты дамуына жағдай жасайтын кезеңге жету үшін мемлекеттік жіне жеке мүдделерді жұмылдырып, ұйымдастыру болып табылады.
Батыс елдерінде адам капиталын есептеу көбіне білім компонентін есептеуге негізделеді; мұның өзі оны кеңістік экономикалық әдебиетте кең тараған білім қорын есептеу әдіснамасына жақындатады. Білім қоры-индивидтердің жинақталған білімі, дағдысы, тәжірбиесінің құндық тұрғыда бағалануы. Екі аталған қорларды есептеуде әртүрлі әдіснама қолданылады. Олардың ең басты айырмашылығы-кеңестік экономистердің есептеулерінде батыс зерттеушілеріне тән жоғалған табыстардың қамтылмауы.
Білімнің құндық қорын, тұтас алғанда, индивидтің білім потенциалын қалыптастыру мақсатындағы қаржы салымдарының нәтижесі ретінде қарастыруға болады.
Білім қорын есептеуде екі әдіс белгілі:
белгілі бір ұзақ мерзімде білім беруге бағытталған нақты кумулятивті шығындарды есептеу;
белгілі бір уақыт аралығына экономикалық белсенді халықтың жинақталған білім, дағды, тәжірибе қорының нақты өндірістік құндылығын бағалау.
Адамның білім алу құқын мемлекет сәйкес әлеуметтік-экономикалық жағдайларды қалыптастыру арқылы қамтамасыз етеді:
ақысыз және міндетті бастауыш білім беруді ұйымдастыру;
орта және кәсіптік білімді берудің әртүрлі формаларының дамуын ынталандыру және оларға қол жетуді тегін білім беру және қаржылық көмек көрсету арқылы қамтамасыз ету;
жоғары білімге қол жеткізу негізінде, тегін білім беру арқылы қамтамасыз ету;
барлық сатылардағы мектептерді дамыту, стипендия жүйесін қалыптастыру және оқытушы персонал жағдайын жақсарту [6, 5-7б].
Отандық білім беру қызметі рыногының қалыптасу және қызмет ету ерекшеліктерін талдай келе, келесідей тенденцияларды айтуға болады:
объективті нақтылық ретінде жеке сектор үлесінің артуы, жеке сектордың даму динамикасы және масштабы оның өмірлік цикл теориясына сәйкес өсу сатысында екендігін көрсетеді және қазірдің өзінде жеке сектордың осы рынокта алатын орны елеулі;
техникалық, аграрлық, құрылыс мамандықтарына сұраныстың төмендеуі, бұл жағдайды аталған салалардағы экономикалық іс-әрекеттің жеткіліксіз ұйымдастырылуымен және кәсіби бағдар саясатының өнеркәсіпті елдердегі кәсіптік бағдар жүйесін дамыту арқылы мамандық таңдауды реттеу саясаты қызығушылықты тудырады;
заңгер, экономикалық, қаржы мамандықтарына сұраныстың артуы;
қысқа мерзімді, интенсивті, бірақ толық теориялық-практикалық дайындық деңгейіндегі білім беру қызметіне сұраныстың артуы;
екінші кәсіптік білімге, жоғары білімнен кейінгі білімге сұраныстың артуы; ұсыныс құрылымының сұраныс құрылымына бейімделуі;
әлемдік білім беру кеңістігіне енуге ұмтылу, жақын және алыс шетел рыноктарына тәуелділігі;
орта арнайы және жоғары кәсіптік білім арасындағы диспропоцияның орын алуы.
Жоғары тенденциялар отандық білім беру қызметі рыногының оптималдану бағыттарын іздестіруді анықтайды.
Отандық білім беру қызметі рыногының әлемдік білім беру кеңістігіне енуін қамтамасыз ету, білім деңгейлерін халықаралық стандарттарға жақындату, объективті қажеттілік және жаһандану процесінің тереңдеуімен байланысты.
Қазіргі уақытта біртұтас білім беру кеңістігіне ұмтылу әлемдік тенденция сипатында 33 европалық мемлекеттер Европа алдерінің білім беру жүйелерін біртұтас стандартқа келтіру туралы Болондық декларацияға қол қойғаны белгілі. Оның бірқатар элементтері отандық білім беру жүйесіне бірте-бірте енуде (екі деңгейлі жоғары білім жүйесі, рейтинг бақылау т.с.с.).
Либералды үлгіде білім беру-осы қызметті өндіру саласы ретінде қарастырылып, білімді таңдау, кәсіптік дайындық, мамандану сапасы, т.с.с. мәселелерде индивидтің жауапкершілігі жоғары. Континенталды-еуропалық үлгінің басты белгілерінің бірі-білім деңгейіне, білімге қол жеткізуге тек индивид ғана емес, мемлекет әрі қоғам да тікелей жауапты және мемлекеттік басқару жоғары.
Білім беруді инвестициялауға аса өзекті мәселе осы инвестициялардың тиімділігі, қайтарымдылығы төңірегінде. Батыс экономика ғылымында білім берудің экономикалық тиімділігі негізінен ішкі қайтарым нормасы әдіснамасында төмендегі формулада есептеледі:
r =Db-Dc/Co;
r-жоғары білімге пайда нормасы;
Db-жоғары білімді адамдардың өмірлік жалақысы;
Dc-орта білімді адамдардың өмірлік жалақысы;
Co-жоғары және орта білімді шығындардағы айырма.
Отандық жағдайларда өмірлік жалақыны есептеу әдіснамасының болмауы себебінен білім берудің қайтарым нормасы тікелей есептелмейді. Дегенмен табыс және білім деңгейлері арасындағы тәуелділік, соңғы заңды-нормативті актілерде жалақы өсімінің білім, біліктілік, кәсіптік мобильділік, т.с.с. тәуелділікте қарастырылуы, біздің ойымызша, болашақта білім берудің экономикалық тиімділігінің жоғарыдағы әдіснамада есептелуіне жағдай жасауы ықтимал.
Алайда инвестиция салу, оның тиімділігін экономикалық тұрғыда есептеу көбіне қолданбалы ғылымда ғана басымдығын ескеру қажет. Білім беру экономикасының мәселелерін белгілі бір формулаларға келтіру, сыйдыру қиын. Сондықтан әртүрлі есептеу әдістерінің, математикалық формулалардың қолданылуы олардың адекваттылығы, яғни нақтылыққа сәйкестігі, осы саладағы экономикалық қатынастар ерекшеліктерін барынша ескеруі сияқты мәселелер тудырады. Осы себептен білім беру инвестицияларының тиімділігін анықтауда «шығындар-ұтымдар» қағидасымен қатар, оның индивид, фирма, тұтас алғанда қоғам өміріне тигізетін әсерін ескеру қажет.
Индивидтердің (үй шаруашылықтары) білім беруге бағытталған инвестицияларды қазіргі уақытта мемлекеттік инвестициялармен пара-пар және өспелі тенденцияда. Алайда фирмалардың (бизнес) қатысуы төмен. Сондықтан фирмалардың оқу бағдарламалары, курстардың мазмұны және студент санына қатысты шешім қабылдауға етене қатысуына қолайлы жағдайларды жасау қажет. Сонымен қатар мемлекет микродеңгейдегі жанама әдістер арқылы ынталандыру саясатын жүргізіп, мәжбүрлеу әдісін де қолдана алады.
Бюджеттен тыс қаржы көздерінің бірі ретінде білім беру бағалы қағаздар механизмінің мүмкіндіктері жоғары. Бұл механизм оқу орындарының негізгі қорларын екінші экономикалық айналымға тартып, болашақта білім беру қызметін тұтынуға мүлік құқығын негіздейді және білімге қол жеткізу мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Отандық білім беру қызметі рыногында осы механизмді енгізу бірқатар құқықтық-ұйымдастырылу деңгейіндегі мәселелердің шешілуін талап етеді.
Біріншіден, заң бойынша оқу орындарына негізгі қорға билік ету құқы берілмеген. Әрине, осы мәселенің оқу орындарын жекешелендіру нәтижесінде шешілу ықтималдығын жоққа шығармаймыз. Екіншіден, кез келген инновация өмірге ену үшін оған сұраныс болуы қажет, яғни осы саладағы бағалы қағаздар не ерте, не кеш емес, дер мезгілінде енгізілуі қажет. Үшіншіден, кез келген реформа, өзгерістің өміршеңдігі. Сондықтан осы қаржы көзінің орындалуы отандық бағалы қағаздар рыногының даму нәтижелеріне тікелей тәуелді. Білім беру құрылымын стандарттау, біріншіден, қоғамдық идеалды білім беру сапасын қамтамасыз етуге бағытталса.
Екіншіден, жоғары оқу орындарының компоненті арқылы тұтынушының таңдау құқында ескереді. Сондықтан білім беруді стандарттау аталған қызмет рыногының бір оптималдану бағыты ретінде белгіленеді.
Білім беру қызметі рыногы «жетілмеген» рынок сипатында қызмет етеді.
Біріншіден, ақпарат асимметриясына байланысты осы рынокқа ақпарат «шарасыздығы» тән. Бұл ретте аккредитациялау рыноктық «ишара» беруші институт бола алады.
Екіншіден, тұтынушылар мен өндірушілердің еркіндік құқықтары шартты.
Үшіншіден, басқа рыноктардағы еңбек өнімділігін арттыру арқылы бағаны төмендету критерийі бұл рынокқа тән емес. Керісінше, оған тұтынушылар «қабылдайтын сапа» артуына сәйкес бағаның жоғарылауы тән, бәсеке басым түрде бағалық емес әдістерге негізделген.
Төртіншіден, мемлекеттік реттеу салыстырмалы түрде жоғары. Бірақ кез келген рыноктың, соның ішінде білім беру қызмет етуінің шарты-өзін өзі реттеу қабілеті. Ақылға қонымды мемлекеттік реттеу рыноктың нақты «шарасыздықтарына» адекватты минималды қатысумен шектелуге тиісті.
Қазақстан білім беру жүйесін одан әрі ұлғайту үшін жаңа экономикалық базада жүргізілетін 2010 жылға дейінгі бағдарламаның үлгісін құрды.
2010 жылға дейінгі бағдарланған жоспар бойынша жұмсалатын қаржы көздері // 1 кесте//
|
2005
|
2006
|
2007
|
2008
|
2009
|
2010
|
Барлы-ғы
|
Республикалық бюд-жет
|
23379,8
|
34036,9
|
32150,8
|
26216,8
|
29484,4
|
30501,1
|
175769,8
|
Жергілікті бюд
жет
|
18022,4
|
19477,3
|
21705,1
|
31552,5
|
32115,6
|
32169,3
|
155042,2
|
Мем
лекет-тік бюд
жет
|
41402,2
|
53514,2
|
53855,9
|
57769,3
|
61600,0
|
62670,4
|
330812,0
|
Қазақстан егемендігін алғалы бері нарықтық экономикаға көшу жөнінде маңызды әрі түбегейлі реформалар атқаруда. Сәтті атқарылған рефоралар нәтижесінде мемлекеттік сектордың экономикадағы жетекші рөлі айтарлықтай азайып, жеке сектордың маңызы арта түсті. Оған қоса Республиканың экономикасы жер жаһандық нарықтық экономикаға жылдам кірігіп, айтарлықтай сыртқы инвестиция тартуда.
Ойымызды тұжырымдай келе, біз, адам капиталын инвестиция нәтижесінде қалыптасатын және қорланатын, қоғамдық өндірістің кез келген сферасында немесе азаматтық өмірде мақсатты пайдаланатын, адамның болашақ қанағаттарының және өспелі табыстарының көзі, сондай-ақ, қоғамдық өндірістің және экономикалық өсудің басты факторы болып табылатын белгілі бір білім, дағды, іскерлік, денсаулық және мотивациялар қоры ретінде түсінеміз.
ІІІ тарау БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІНІҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ДАМУ ЕРЕКШЕЛІГІ
3.1 Қазақстан Республикасындағы білім беру саласының қазіргі жағдайы және перспективасы
Әр адамның күнделікті тіршілігіне ерекше өзгеріс енгізе қоймаған қоғамнан кетіп, жаңа ғасыр өз өмірімізде жаңа бір дәуірдің басталғанын мойындатуда. Көкжиегімізде көрініп тұрған нұрлы болашағымызға жету жолдарының жақсы нышандары бүгінгі қоғам тіршілігінің әртүрлі салаларынан көрініс табуда. Солардың бірі-әлеуметтік орны мен ақпараттар қызметінің салмағы жағынан ерекше болып табылатын білім беру жүйесі. Олай дейтініміз бұл саладағы әрекет қоғамның бір жеке мүшесінің тағдырына қатысты емес, еліміздің ертеңгі күнгі әлеуметтік күшіне, тұрмыс деңгейіне, өркениеттілігіне әсер ететін кешенділігімен сипатталады. Сондықтан білім беру саласында қоғамның әрбір мүшесінің назарынан тыс қалмайтын мәселелер төңірегінде түбегейлі өзгерістер жасалуда. Руханилық пен адамгершілікке негізделген, демократия мен гуманизм ұстанымдарына сәйкес, білімнің жаңа сапасын қамтамасыз ететін реформаларды жүзеге асыру қоғамның дамуын ілгерілететініне күмандануға болмайды.
Даму жолындағы қоғамда ең алдымен білім дамуға тиісті. Ал білімді дамытатын сол үрдістің субъектілерінің принципті түрдегі жаңа әрекеттері мен жаңа қарым-қатынас нормаларын меңгеруі болып табылады. Жаңа қоғамдағы білімге айырықша көңіл аударарлық мәселе білім емес, оны меңгеруге деген қабілеттілік, есте сақтау емес, психиканың негізгі механизмі-ойлау, шыдамдылық емес, оқу үрдісіне деген белсенділік, оқу нәтижелеріне жету арқылы өз орнын анықтау; жауапкершілік; жай оқу емес, жеке, қоғамдық, кәсіби өмірді нұрландыру үшін оқу.
Білім-тоқтаусыз, толассыз үрдіс. ХХІ ғасыр білімін адамның қызығушылықтарының дамуы, оның өзінің дамуы деп түсіну ләзім. Бұл-әр адамның өзін-өзі жасампаздықпен қайта құра алуы, қоғамдық талаптар тұрғысынан өзіне сыни баға бере алуы, айналаны өзгертуге қатыса алуы. Білім арқылы адамның интеллектуалдық, рухани күші артып, тұлғалылығы қалыптасады.
Даму да, білім де ешбір адамға қолдан беріле салмайтындығы туралы көптеген ғұламалар айтып кеткен. Кімде-кім оған қол жеткізгісі келсе, әрекет етуі, ақыл-парасатын, қарым-қабілетін жұмсауы қажет. Бұл тұрғыдан алғанда, кез келген білім, ол-өз бетінше білім алу. Шығармашылық әлеуеттің дамуы жаңашылдықтың қажеттілігін сезіну арқылы, оған деген өзінің сенімдерін қалыптастыру арқылы көрінеді де, өз білімін көтеруге негіз болады [14,19б].
Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту Тұжырымдамсында: «Орта білім беру міндеттерінің бірі-азаматтыққа, адамның құқықтары мен бостандықтарына құрметпен қарауға, елжандылыққа, өз Отанын сүюге тәрбиелеу» деп көрсетіледі.
Ел Президентінің 2004 жылғы 19 наурыз айындағы Қазақстан халқына «Бәсекеге қабілетті Қазақстан үшін, бәсекеге қабілетті экономика үшін, бәсекеге қабілетті халық үшін» Жолдауында: «Ұлттық бәсекелестік қабілеті бірінші кезекте оның білімділік деңгейімен, оның ішінде патриоттықпен айқындалатынын ерекше атап көрсетеді. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында және Қазақстан Республикасы білім және ғылым қызметкерлерінің ІІІ съезінде білім беру мәселесінің жай-күйі жан-жақты талданып, адамгершілік құндылықтарды нығайтуға ерекше назар аударып, Қазақстандық патриотизм мен интернационализм негізінде білім алушыларды тәрбиелеудің тиімді жүйесін енгізу қажеттілігі баса айтылды.
Дегенмен де білім жүйесінің аса күрделі және жауапты сала екендігін, оны реформалауда қателіктер жіберілсе, бірнеше ұрпақтың тағдырына, мемлекетіміз бен ұлтымыздың тәуелсіздігі мен қауіпсіздігіне зиянын тигізуі мүмкін екенін, сондықтан білімнің пәрменділігін және сапасын арттыру үшін бүкіл білім жүйесінде қысқа мерзім ішінде күрт өзгерістер жасаудың қауіпті де, қатерлі екенін әрқашан ескергеніміз жөн.
Қазіргі білім жүйесінің басты кемшілігі оның білім жиынтығын беруге бағытталғандығында ғана емес, сол білім мазмұнының шашыраңқы, қазіргі өркениеттің өзгермелі сипатына, ғылыми жаңалықтарға, тез жетілдіріп өндіріске еніп жатқан жаңа технологияларға сәйкес дер кезінде жаңарып, жетіліп, бейімделіп отыруға қабілетсіз, консервативті, орталықтандырылған, жабық және шектеулі түрде болуында деп есептеймін. Оның үстіне, соңғы он бес жылдың көлемінде мектептердің оқу-материалдық, кадрлық базасының моральдық та, материалдық та жағынан барынша ескіріп, құлдырап кетуі білім сапасына орасан зор зиянын тигізгені белгілі.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің Қазақстан халқына жолдауында болашақ, келесі ғасырда, жаңа мыңжылдыққа өткен құндылықтар туралы айтты: «Біз өзіміздің болашағымызды және жастарымызды қандай күйде көргіміз келеді, осыны айқындап алатын уақыт жетті.біз ненің іргесін тұрғызғымыз келетінін, таңдап алған мақсатымызға алып келетін өз дамуымыздың траекториясы, даңғылы қандай болуға тиіс екенін анық білуге және ұғынуға тиіспіз». Міне сондықтан еліміздің даму бағыты айқындалған уақытта білім берудің маңыздылығы мен оның мәнділігіне көңіл бөлініп, сапалы білімге қол жеткізуде нақты міндеттер қойылып, болашақтағы атқарылар іс-шаралар айшықталуы қажет. Білім беруді қоғамның әлеуметтік-экономикалық құрылымынан, мәдени құндылықтарынан, ұлттық дәстүр, рухани негізден бөле-жара қарауға болмайды.
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесінің реформалануы, қоғамның демократиялық бағытта дами бастағанын көрсетеді. Осыған орай білімге деген көзқарас түбегейлі өзгеріп, оқытудың жаңа түрлері, жаңа бағыттары («Мирас», «Дарын», «Мұрагер» және т.б.) мектептер пайда болып, білім мазмұнының толығымен жаңаруына алып келді. Дәстүрлі бағыттағы мектептерден бөлініп шығып, өз алдына оқытудың формаларын ұйымдастырған жаңа типті мектептер бой көрсетті. Мұндай мектептерді заман талабына сай білім беріп жатқан инновациялық білім мекемелеріне жатқызуға болады. Ал жаңа типті инновациялық мектептердің негізгі мақсаты-жеке тұлғаны толық дамыту және білімдендіру болып табылады. «Инновация»-(лат.тілінен-nouis-жаңа) аударғанда жаңалау, жаңа, өзгеру-деген мағыналарды көрсетеді.
Инновация дегеніміз-жаңа мазмұнды ұйымдастыру, ал жаңалық енгізу дегеніміз-тек қана жаңалық енгізу, ұйымдастыру, яғни инновациялық үрдісті мазмұнды дамыту, жаңаны ұйымдастыру, қалыптастыруды анықтайды, ал «жаңаша» деп жаңаның мазмұны, оны енгізудің әдіс-тәсілі мен технологияларын қамтитын құбылысты айтады.
Көптеген ғалымдарымыздың еңбектерін қарап отырсақ, «Инновация» дегеніміз-білім беру үрдісін өзгертуге бағытталған педагогикалық жаңалық енгізу. Ал жаңалық енгізу, мәселелерді тиімді жолмен шешу үшін қажет»,-дейді және ол міндетті төмендегідей екі талапты көрсетеді. Инновацияның ғылыми мағынасы да әртүрлі деңгейде сипатталады, мәселен:
инновацияны қиын мәселені шешуде туындайтын ерекше бір қажет идея ретінде қарастыру;
инновацияны мектеп жұмысын жоғары сатыға көтеруге бағыттау.
Ғылым мен халыққа білім берудің дамуы елімізді техниклық прогреске жеткізері мәлім. Ал техникалық прогресс-қоғамдық және жеке бастың өмір сүру деңгейін көтеруші; Ол еңбек өнімділігінің жоғарылауына әкеледі. Сонымен, білім беру жүйесін қоғамдық өмірдің өзге салаларының да негізі деп білуіміз керек.
Бүгінгі таңда білім беру саласында әртүрлі сипаттағы және бағыттағы «инновациялар» енгізілуде. Азды-көпті мемлекеттік реформалар жүргізіліп, оқыту әдістері мен технологияларына жаңалықтар кіруде. Білім беру саласына енген жаңалықтарға мына өзгерістерді жатқызамыз:
оқу-тәрбие мекемелерінің жаңашыл басқарылуын;
білімнің қоғамдағы орны, және сол жүйені қаржыландыру деңгейін;
тәрбие және білім жүйесі құрылымын;
білім беру мазмұнын, яғни оқу жоспарларындағы және бағдарламаларындағы өзгерістерді;
мектептің ішкі ұйымдастырушылық әрекеттерін айтуға.
Қорыта келгенде, мектептің мемлекет алдындағы жауапкершілігі жоғары болуы қажет. Өйткені жас баланың бойына адамгершілік негіздерін қалыптастырып, білім нәрінен сусындатар, өзінің дәстүрінен алшақтатпай, туған тілін, салт-дәстүрін қажетті деңгейде үйрету-басты міндет. Осындай мақсат, міндеттерді үнемі ұстанып отырған мектептің жетер жетістігі, бағындырар биігі зор болмақ.
Мектеп-ешуақытта қоғамның, мәдениеттің, ғылым мен білімнің жаңалықтарынан тыс қалып қоймай, үнемі оқушылардың бойына іскерлік пен дағдыларды қалыптастырып, дүниетанымдарының кең болуын қамтамасыз етіп отырғаны жөн. Ал қоғамның жаңалықтарынан алшақтау, дамыған мактептен білім алған оқушының теориялық және практикалық білімдері, ақпараттың дамып отырған уақытында жеткіліксіз болып қала бермек. Міне сондықтан мектептің білім мазмұнын қайтадан қарап, заман талабына сай өзгерту, бүгінгі таңдағы басты мәселеге айналып отыр. «Елдің дамуы оның білім беру жүйесі арқылы бағаланатын болады»-деп Елбасы айтқандай, шынында да білім беру бүгінгі таңда үлкен капиталға айналу үстінде. Білім беру капиталға айналған уақытта, оған деген көзқарас өзгеріп, капиталды жинақтау жолдарын қарастыруымыз қажет. Сол үшін де артта қалып бара жатқан мектептерге өкімет тарапынан қолдау көрсетіліп, олардың материалдық-техникалық базаларын нығайтып, жаңа бағыттағы білім мазмұнын ұйымдастыруды қолға алу қажеттілігі туындап отыр. Қазіргі уақытта қоғмдық, саяси-әлеуметтік жағдайлардың өзгеруіне байланысты барлық салада өзгерістердің пайда болуына әкеп соғуда.
Еліміздің әлеуметтік-экономикалық өзгерістер мен бүкіл өркениетті әлемдегі ақпараттық даму білім берудің дәстүрлі қалыптасқан жүйесін, әдістері мен технологиясын қайта қарауды талап етуде. Бұл процесс білімнің жаңа аймақтарына енудің қажеттілігі мен оны жеке тұлғаның толық көлемде меңгеруінің толық көлемде меңгеруінің қиыншылықтары арасындағы қарама-қайшылықтары ретінде белең алып отыр.
Білім берудің дәстүрлі технологиясын қолдану, алдымен студенттердің, мысалы, экономика және онымен іргелес ғылымдар саласы бойынша білімдерді экстенсивті жинақтауымен ғана байланысты болады. Бірақ өте кең көлемдегі оқу және ғылыми мәліметтерді меңгеру қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайда болашақ мамандардың кәсіби және өмірлік қалыптасуы үшін жеткілікті шарт болып есептелмейді. Сондықтан ақпаратты сұрыптаудың жаңа тәсілдері мен жаңа ақпараттық технологияларды меңгеру дағдылары нарық жағдайында бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыруғы міндетті талапқа айналып отыр. Бұл дағдыларды мектепте, колледжде, жоғары оқу орындарында қалыптастыру мәселесі қойылуда.
Оқытудың жаңа ақпараттық технологияларын қолдану білімді меңгеру және бекіту процестерін оңтайландыруға мүмкіндік береді. Өйткені оқушының немесе студенттің өз жұмысының жалдамдығын, оқу мақсатына жету кезеңдерінің сатысын өзі таңдай алу мүмкіндігі, тұлғалық ерекшелігі мен даярлық деңгейіне сәйкес тиімді жаттығуы оқу процесін дараландыруға және ізгілендіруге жағдай жасайды.
Ақпараттық-есептеу технологиясын қолдану оқу еңбегінің зияткерлігін күшейтеді. Экономикалық процестерді макро және микро деңгейлерде берілген қасиеттері бойынша оқу бағарламасының мақсаты мен міндеттеріне сәйкес модельдеу қиялдың, шығармашылықтың дамуы үшін қолайлы жағдай туғызады, оқытудың мотивациясын күшейтеді.
Дегенмен студенттердің білімін интеграциялау процесінде оқытудың жаңа ақпараттық технологияларын қолдану мәселесі жеткілікті зерттелмеген. Бұл проблема интеграция теориясы бойынша Г.Г.Авзалова, А.А.Бейсенбаева, А.Я.Данилюк, Н.А.Лошкарева, В.Н.Максимова, А.Мұхаметжанова, А.В.Усова т.б. зерттеу еңбектерінде қарастырған.
Интеграциялық процестердің тарихи-гнесологиялық негізі ғылым мен білім беру таным ерекшеліктеріне алғышарт ретінде алынып, оның мәні дүние мен адамның өзі жөніндегі білімдердің интеграциясы мен дифференциясының кезектесуі адамзаттың өмір сүру ортасын сақтаудың жаһандық проблемасының шешімін іздестіру болып табылады.
Қазіргі зерттеулерде білімді интеграциялау проблемасы негізінен дидактикалық жүйені құрылымдау принципі ретінде қарастырылады. Сонымен қатар ақпарат әлемінде өз мүмкіндігін кәсіби тұрғыдан жүзеге асыруға қабілетті тұлғаны жан-жақты қалыптастыру тәсілі ретінде де зертелуде. Білімді интеграциялау теориясын талдау интеграцияның жүйелік, модульдік, фрагментті-ұғымдық деңгейлерін бөліп қарастыруға мүмкіндік береді. Интеграцияның жүйелік деңгейіне жету дегеніміз дүниенің біртұтас ақпараттық бейнесін түсінуге бейім теориялық ойлауды дамыту болып есептеледі. Білім интеграциясының модульдік деңгейінде қандайда бір өлшем (уақыт, кеңістік, моралдық-адамгершілік, т.б.) бойынша жекелеген пәндік аймақтағы дағдыларды қорыту жүзеге асырылады.
Оқытудың жаңа ақпараттық технологиялары және оларды қолданудың мүмкіндіктері В.С.Гершунский, В.М.Ленива, Е.И.Машбиц, Г.К.Нұрғалиева, Е.С.Полат, В.Г.Разумовский, т.б. ғалымдарының еңбектерінде зерттелген. Аталған еңбектер білім беру процесінде жаңа ақпараттық технологияны қолданудың психологиялық, педагогикалық мүмкіндіктерін ашып көрсетеді. Жаңа ақпараттық технологиялар білім мен мәліметтерді әртүрлі формада, әртүрлі күрделілілік деңгейде ұйымдастыруға, қажетті модульге тез арада қол жеткізуге, қолайлы жылдамдықпен бірнеше рет қайталап отыруға мүмкіндік береді. Білім беру процесінде табиғи және дәстүрлі лабораториялық жағдайда кейде қол жетпейтін көрнекіліктерді пайдалануға, мотивацияны жоғарылататын материалдарды жақсы меңгеруге көмектесе алады. Жаңа ақпараттық технологияларды білім беру процесінде қолдану білімнің жаңа сапалық деңгейіне қол жеткізеді, өйткені бұл потенциалдық мүмкіндік ақпараттық технологияның мәнінде жатыр.
Қорыта айтқанда, оқытудың жаңа ақпараттық технологияларды тұлғада жекелеген пәндік білімдерді қалыптастыруға бейім. Сондықтан болашақта бұл мүмкіндіктерді білім беру процесінде пайдаланудың маңызы зор.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы халыққа Жолдауында елдегі білім жүйесіне қатысты адам білімдарлығын ұлттың әлемдік әлеуметтік қатынас кеңістегіндегі бәсеке үрдісіне сай келудің маңызды шартты белгісі ретінде бірінші кезекке қойылатын міндет етіп көрсеткені белгілі. Осыған орай, онда республикамыздың білім беру саласына қатысты қазіргі заман және әлемдік стандарт талабына сай келетін әрі оған жауап бере алатындай ұлттық білім беру жүйесін (моделін) қалыптастыру мәселесін көтерген болатын.
Бұл мәселені үкіметіміз ХХІ ғасырдың басты міндеті болып табылатын адам өмірінің сапасын жақсартумен, ал оны ең алдымен елдегі білім беру сапасын жетілдірумен байланыстырады. Соңғысы жеке тұлғаның дамуындағы айқындаушы фактор ретінде мойындалады.
Елбасының 2005 жылғы 18 ақпандағы халыққа Жолдауында елдің әлеуметтік жаңару тұғырнамасын нақтылау үрдісі байқалады. Осы орайдағы көптеген міндеттер мен нақты шаралар реті атап көрсетілген. Соның бірі еліміздің білім беру саласына арналған. Әсіресе, жастарға жалпы және арнаулы орта әрі жоғары білім бере отырып, әлеуметтік-саяси қатынас субъектісін қалыптастыру, келешек тұлға болмысын сомдау ісі жүктеліп отыр. Сонымен бірге өркениетті ел әр кезде білімге, ғылымға үкімет артқан және оған қаржыны аямаған, ол адамзат тарихынан белгілі. Осы мәселеде мемлекет зиялы қауымға үкімет артады әрі сенім білдіреді.
Жастардың білім алуына жаңа мүмкіндіктерді қалыптастыру туралы ұсыныстар жасалуы, олардың рухани шығармашылығына мүмкіндіктер жасап, жол ашып, материалдық тұрғыдан ынталандыруға бағытталған шаралардың білгіленуі елдің ертеңгі тізгінін ұстар буынды қоғамдық-әлеуметтік жұмыстарға тартуға бағытталған ұсыныстары айтарлықтай маңызға ие болатын стратегиялық позиция. Осыған орай, қазіргі талапқа сай маман даярлау үрдісінің мазмұны жаңарып, жаңа мақсат, жаңа көзқарас қалыптасып, жаңа шешімдер мен жаңа мүмкіндіктер қарастырылған. Мұны зайырлы мемлекеттің өркениеттік мәдениетінің көрінісі, аға буынның кейінгі ұрпақ алдындағы парызының өтелуі деп тануға болады. жастардың ертеңгі күнге сенімділігін арттырудың, әлеуметтік белсенділігін жетілдірудің, ұлттық қоғамдық сананы өсірудің, елсүйгіштік қасиетті орнықтырудың, әлеуметтік жауапкершілікті шыңдаудың, жеке тұлғаны қалыптастырудың концептуалдық бастамалары деп түсінеміз. Міне, ондай мүмкіндіктер тек іргелі білім, терең тамырлы тәрбие арқылы болатыны белгілі.
Осыған байланысты, Қазақстан Республикасының білім беру стратегиясындағы басты концепция-ұлттық білім моделін жасау. Ұлттық білім үлгісінің негізгі мақсаты-адамның ең негізгі құндылық ретінде мойындау және сол тұрғыда қалыптастыру, оның қоғамдағы орны мен рөліне, әлеуметтік жағдайына, мәдени-рухани дамуына ерекше мән беріп, сол арқылы оның рухани жан дүниесінің жетілуіне, әлеуметтік-саяси көзқарастарының, шығармашылық еркіндігі мен белсенділігінің, әлеуметтік мәдениетінің, кәсіби іскерлігінің қалыптасуына жағдай туғызу. Яғни, келешек маман білікті әрі білімді, ең алдымен рухани тұрғыда кемелденген, ұлттық ділі мықты, әлеуметтік мәдениеті қалыптасқан, халық, ұлт алдындағы жауапкершілік сезімі жоғары дара тұлға болуы тиіс. Сондықтан бүгінгі білім алушыға тек маман ретінде ғана қарау жеткіліксіз. Оны,ең алдымен, өз елінің азаматы, адамгершілігі мол творчествалық тұлға, елдің жанашыры, келешектің иесі, халқының тірегі ретінде тану керек, соған мүмкіндік жасалуы тиіс.
Осы орайда, Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігінің «Основы кредитной системы обучения в Казакстане» деп аталатын ұжымдық монографиясында елдің келешектегі білім беру саласындағы тұғырнамалар анықталып, ол кәсіби білім берудің тек жоғары сапасымен ғана емес, сонымен бірге азаматтық қоғам іргетасы ретіндегі жаңа білім беру философиясымен де айқындалмақ делінген. Онда біршама негізгі міндеттер де анықталған:
икемді, мобильді жоғары білім беру жүйесін қалыптастыру;
жоғары оқу орындарының адаптациялық потенциалын көтеру;
оқу орындарындағы академиялық және ұйымдастыру құрылымын, ондағы инфрақұрылымдарды жетілдіру;
әдістемелік жүйені және білім беру технологиясын реформалау;
педагогикалық үрдісті жетілдіру, педагогикалық құрам сапасын жақсарту.
Бұл айтылғандардан туындайтын мәселе, шындығында, ұлттық идея негізіндегі кешенді білім беру философиясын қалыптастыру қажеттілігінің бар екендігі.
Сондай-ақ қазіргі кезде, кредиттік технологияны іске асыруда жоғары оқу орындарында тұрмыстық психология деңгейіндегі науқандылық-орындаушылық тенденция байқалады. Сондықтан кредиттік жаңа оқу жүйесін енгізудегі естен шығармайтын ұстанымдардың бірі-ұлтымыздың дәстүрлі жан-жақты этикалық білім беру жүйесінің басым болуын естен шығармау керек.
Демек, қоғамдағы барлық саланың көздейтін негізгі мақсаты Қазақстан азаматтарының әлеуметтік мүддесінен шығу, сайып келгенде оның бәрі адамға келіп тоғысады. Сол үшін бар мүмкіндікті үйлестіруді келешекке міндет етіп жүктейді. Олай болса, Елбасы Жолдауындағы бағдар ауқымы мемлекеттік, қоғамдық-әлеуметтік сананың өркениеттік деңгейге көтерілу үрдісінен, ауқымды ойлау мәдениетінен белгі береді. Бүгінгі бірегей әлеуметтік-саяси кеңістіктегі жағдайды өз халқымыздың мүддесі үшін пайдалану идеясы жатады. Сондықтан жан-жақты этикалық білім беру жүйесін қалыптастыру еліміздің жаңа қағидалы идеологиясын жасаудың тұғырнамасы болып табылады.
Елбасының 2004 жылғы Қазақстан халқына жолдауында жастарға кәсіптік-техникалық білім беретін оқу орындары жемісін дамыту мәселесі кезек күттірмейтін міндет ретінде айқындалып, пәрменді шаралар қолдану Үкімет пен барлық деңгейдегі әкімдерге тапсырылған еді.
Осы орайда заман талабына сай қажетті кәсіптік мектептердің алатын орны ерекше. Елбасы Н.Назарбаевтың халыққа жолдауында құрылыс саласының мамандарын даярлау мәселесіне ерекше мән беріліп отыр. бұл мәселені Елбасы білім және ғылым қызметкерлерінің ІІІ-құрылтайында «тайға таңба басқандай» етіп айтып, бағыт-бағдар берді: жұмысшы кадрларды негізінен кәсіптік мектептердің әзірленуі қажет;
Күн санап гүлденіп келе жатқан бас қаламыздағы алып құрылыстарға және басқа да салаларға жұмысшы күші қажет болып отыр. Осыған орай қалалық Білім департаменті ұсынған «Астана қаласында 2004-2006 жылдарда бастауыш және орта кәсіптік білім беруді дамыту бағдарламасы» қалалық мәслихаттың қаулысымен бекітілді. Онда қаржылық мәселелермен қоса кәсіптік мектептер мен колледждердің материалдық, техникалардың базасын жақсарту, оларды оқу-әдістемелік құралдармен жабдықтау көзделіп отырғандығы айтылады. Мысалы, Астана қаласындағы №1 кәсіптік техникалық мектепте негізінен құрылысшылар дайындалады. Мектеп тарихы 1968-1969 оқу жылынан бастау алады. Осы жылдар ішінде №1 кәсіптік-техникалық мектепте 7800 ден астам билікті маман дайындалып шықты. Осыдан оншақты жыл бұрын төрт мамандық бойынша кадр дайындалса қазір оның саны тоғызға жеткен. Атап айтқанда, бұл мектеп келесі мамандарды дайындайды: ішкі әрлендіру мамандары, паркет салу, сыртқы әрлендіру мамандары, ұста, ағаш шебері мамандары, газ және электр құбырларын дәнекерленушілер, тас қалаушылар, арматура орнатушылар, коммуналды шаруашылық мамандары, түрлі өндіріс саласындағы хатшы-референттер.
Дәріс екі тілде: қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Кәсіптік мектептер жыл сайын 140-150 түлік мамандық алып шығады.
2003-2004 жылындағы кәсіптік мектептер (лицейлер) құрамындағы оқитын оқушылардың экономикалық өсуі жайлы 1-2 қосымша суреттерден көруге болады. Сонымен бірге, 2000-2005 оқу жылдарындағы мемлекеттік жоғары оқу орындарындағы және колледждердегі студенттерді қабылдау және оқуды аяқтату туралы мәліметтерді 3-4 қосымша суреттерден көрулеріңізге болады.
Оларды жұмыспен қамтамасыз ету үшін жұмыс берушілер мен кәсіптік мектеп арасында жыл сайын келісім-шарт жасалып отырады. Ал, соңғы жылдары бұл кәсіптік техникалық мектепке ірі өндіріс орындары тапсырыс беріп, өздеріне қажетті жұмыс күшін әзірлетуді дәстүрге айналдыра бастады. Бұндай кәсіпорындар 120-дан астам, солардың қатарында: «Гражданстрой» ЖШС, «Астана-Техником», «Блок-1», «Стройдормаш», «Имсталькон», «Тұрмыс», «Астана-Жилстрой», «Концерн Цесна-Астық» және басқалары бар. Осындай кәсіпорындарға қажетті білікті мамандар даярлау үшін қажетті жағдайлар жасауда.
Бүгінгі күні оқушы білімін бағалаудың тәсілі ретінде тестілеу әдісі кең қолданыс табуда. Алайда тестілеу әдісі-оқушылар жетістігін бағалау технологиясының бірі ғана. Қазіргі уақытта оқыту нәтижесін бағалаудың басқа да әдіс-тәсілдері бар. Оқушылар білімін бағалаудың жаңадан қолданысқа енгізіліп жатқан баламалы тәсілдерінің бірі-портфолио. Портфолио-оқушының жеке жетістігін жинақтау және бағалау тәсілі. Американдық және еуропалық білім беруде протфолио «оқушы жұмысының жетістігі мен озықтығын көрсететін коллекция» ретінде анықталады. Портфолионы мектепте пайдалану идеясы өткен ғасырдың 80-жылдары АҚШ-та пайда болды. Бұл әдістеме оқушылардың қызығушылық аясын анықтауға, олардың өз бейініне сәйкес мектептердің жоғары сатысында сауатты түрде таңдау жасауға мүмкіндік береді.
Портфолионың қолданыстағы бағалау жүйесінен басты айырмашылағы неде? Бағалаудың 5 балдық дәстүрлі жүйесі мен тестілеу негізіне, білімдегі кемшіліктерді анықтаса, портфолио оқушылардың үйірме, олимпиада, жарыс, шығармашылық конкурстар, сабақтардағы жетістіктерін көрсетеді. Портфолионың негізгі мақсаты: оқушылардың білім алу процесі бойынша есебін ұсыну, оның оқудағы жетістігін бақылау, маңызды білім нәтижесін көру, оқушы жетістігін сапалық және сандық жағынан бағалау.
Көптеген Ресейлік басылымдарда портфолио педагог-практиктерге маңызды міндеттерді шешуге көмектесетіні атап айтылған, мысалы:
-оқушының сабаққа деген жоғары деңгейін қолдау;
-белсенділігі мен дербестігін көтермелеу;
-оқуға деген іскерлігін қалыптастыру, алынған білімі мен дағдысын практикада қолдана білу.
Мазмұны бойынша портфолионы 3 моделге бөледі.
Құжаттар портфолиосы-сертификатталған жеке білім жетістіктерінің портфелі. Оған жататындар: диплом, грамота, оқушының мектепте және одан тыс белсенділігі мен табысын растайтын басқа да ресми құжаттар.
Жұмыс және жоба портфолиосы-оқушылардың әр түрлі шығармашылық және жобалық жұмыстарының жинағы, сондай-ақ, оның оқу және шығармашылық белсенділігінің негізгі түрі мен бағыттарының сипаттамасы: ғылыми конференция, конкурстарға қатысуы, факультатив өтуі, спорт және өнердегі жетістігі т.б.
Пікірлер портфолиосы-оған мұғалімдер, сыныптастар, сондай-ақ өзінің жұмысы мен оның нәтижесі туралы оқушылрдың жазбаша талдауы енгізіледі. Ол қорытынды, пікірлеме, пікір, резюме, ұсыныс хат пакеті түрінде болуы мүмкін.
Сонымен, оқуда портфолионы қолдануға арналған әдебиеттерді талдау барысы мектептегі білім беруді жаңарту үшін портфолионың үлкен мүмкіндіктері бар екенін көрсетті. Біздің республика мектептерінде портфолио технологияларын меңгеру-білім беру сапасын көтерудің маңызды бағыттарының бірі болуы мүмкін.
2005 жылдың бас кезінде ҚР Парламентінің Сенатында БҰҰ төралығының 2004 жылы адам даму туралы есебі тыңдалды. «Баршаға-білім қызметі: жаңа мыңжылдықтың басты мақсаты» құжатында елімізде осы бағыттағы істерге шолу жасалған. БҰҰ мамандары оны «қанағаттанарлық деп бағалады. Олардың пікірінше, осы жағдайда білім беру жүйесін халықаралық талаптарға сай жетілдіру арқылы өзгертуге болады. ҚР білім беруді 2015жылға дейін дамыту тұжырымдамасының да басты міндіті-білім беру қызметінің сапасын халықаралық деңгейге жеткізу болып отыр. ҚР білім беруді дамытудың 2005-2010 ж.ж. арналған Мемлекеттік бағдарламаларда Қазақстан таяу жылдарда «PISA халықаралық зерттеу бағдарламасы аясында нақты жетістіктерінің салыстырмалы талдауына қатысады» делінген.
PISA деген-бұл оқушылардың білім жетістігін бағалау жөніндегі халықаралық бағдарлама (Programme of International Student Assessment).
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) арқылы жүзеге асырылады. Бағдарлама АҚШ, Нидерланды, Австралия, Жапония және басқа елдердің педагогикалық өлшемдер саласындағы жетекші ғылыми ұйымдармен бірлесіп атқарылады.
PISA құжатында атап көрсетілгендей, зерттеулердің мақсаты-жалпы міндетті білім алған оқушының қазіргі технологиялық, ақпараттық қоғамда толыққанды өмір сүруі үшін қажетті білім мен дағдысын, мектепте алған білімін өмірде қолдана білу, өз бетінше оқу қабілетін бағалау.
PISA зерттеуі 3 жылдық циклмен 3 бағыт бойынша жүргізіледі: «оқу сауаттылығы», «математикалық сауаттылық», «ғылыми-жаратылыс сауаттылығы».
Әр циклде аталған бағыттардың біреуіне басты назар аударылады. 2000жылы-«оқу сауаттылығы», 2003 жылы-«математикалық сауаттылық», 2006 жылы-«жаратылыс-ғылыми сауаттылығы».
Еліміздің оқу-білім саласында жүргізіліп отырған үлкен саясатының бірі-ол ел азаматтарының үш тілді меңгеруі. Бұл жалпы білім бертін орта мектептің алдына жеткеншектердің мектептен қазақ, орыс және шетел тілін меңгеріп шығуына қатысты зор міндеттер қойып отыр.
Қазақстанда жүріп жатқан әлеуметтік-экономикалық өзгерістер мен халықаралық қатынастардың дамуы қатынас құралы ретінде ағылшын тілін білетін мамандарды көптеп дайындауды қажет етіп отыр. Сонымен қатар қазіргі жастар, жеткіншектер шет тілін үйренуге зор көңіл бөлуде. Көптеген балалар болашақта шет тілі маманы болуды, шет мемлекеттерге саяхат жасауды армандайды. Осыған орай, жалпы білім беретін орта мектептерге ағылшын тілін 2 және 5-сыныптан тереңдетіп оқытуға арналған арнайы бағдарламалар құрылды. Шетел тілін 2-3 түрлі деңгейде тереңдетіп оқыту үшін біртұтас тұрақты академиялық оқулықтардың орнына, дидактикалық талаптарға жауап бере алатындай өзгермелі, яғни көпдеңгейлі оқулықтардың болғаны абзал.
Осындай ағылшын тілін тереңдетіп оқытуға арналған көп деңгейлі оқулықтардың бірі Ұлыбританиядағы «Макмиллан» баспасы дайындаған «Way Ahead» оқулығы (авторлары Мэри Боуэн және Принта Эллис). Бұл оқулық көп жылдан бері еліміздің орыс тілінде дәріс беретін мектептерде ғана қолданыста болады. 2001жылдан бастап Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің ұсынысымен қазақ мектептерінің осы оқулықпен жұмыс істеуіне рұқсат. Қазақстанның жалпыға міндетті білім стандарттарының талаптарына, ұлттық және аймақтық ерекшеліктерге сәйкес және ағылшын тілін қазақ тілі мен мәдениетінің негізінде оқытуға мүмкіндік беретіндей етіп өңделген. Мысалы, 5-6 сыныптарға арналған «Way Ahead» оқулығында Азия құрылығы жайында, Қазақстан және оның қалалары және тағы басқа оқу материалдары бар.
Достарыңызбен бөлісу: |