2) қан мен оның компоненттерін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген
мөлшерде ақылы тапсыруды (донациялауды) жүзеге асыруға;
3) медициналық зерттеп-қарау нәтижелерімен танысуға;
4) осы Кодекске сәйкес көтермеленуге құқылы.
3. Донор қазіргі немесе бұрын ауырған барлық аурулары туралы өзіне белгілі
мәліметтерді, сондай-ақ есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорларды
пайдаланғаны туралы хабарлауға міндетті.
166-бап. Донорды медициналық зерттеп-қарау
1. Донор қан мен оның компоненттерін тапсыру (донациялау) алдында уәкілетті
орган белгілеген тәртіппен міндетті тегін медициналық зерттеп-қараудан өтеді.
2. Донорлық функцияны жүзеге асыру үшін денсаулық жағдайы туралы анықтамалар
мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында тегін беріледі.
167-бап. Донорға берілетін кепілдіктер
1. Донор болып табылатын қызметкерді медициналық зерттеп-қарау және қан мен
оның компоненттерін тапсыру (донациялау) күндері жұмыс беруші орташа айлық
жалақысын сақтай отырып, жұмысынан босатады.
2. Егер донор болып табылатын қызметкер жұмыс берушімен келісім бойынша қан
мен оның компоненттерін тапсыру (донациялау) күндері жұмысқа шықса, оның орташа
айлық жалақысы сақтала отырып, өзінің қалауы бойынша басқа демалыс күні беріледі не
бұл күн жыл сайынғы еңбек демалысына қосылуы мүмкін.
3. Адамды қан мен оның компоненттерін тапсыру (донациялау) күндері түнгі
уақыттағы жұмыстарға, үстеме жұмыстарға, ауыр жұмыстарға, еңбек жағдайлары зиянды
(ерекше зиянды) және (немесе) қауіпті жұмыстарға тартуға жол берілмейді.
4. Донор болып табылатын әскери қызметші қан мен оның компоненттерін тапсыру
(донациялау) күндері нарядтарда, вахталарда тұрудан және қызметтің басқа да
түрлерін атқарудан босатылады.
5. Донор болып табылатын студенттер, оқушылар қан мен оның компоненттерін
тапсыру (донациялау) күндері оқу-тәрбие процесінен босатылады.
6. Донорларды көтермелеу жүйесін уәкілетті орган бекітеді.
Донорға қан мен оның компоненттерін тапсырудың (донациялаудың) жиынтық санын
ескере отырып, берілетін қосымша көтермелеу шаралары Қазақстан Республикасының
нормативтік құқықтық актілерімен айқындалады.
7. Донорлық функцияны өтеусіз жүзеге асырған донор қан мен оның
компоненттерін тапсырғаннан (донациялағаннан) кейін өз қанының көлемі мен
организмінің әл-ауқаты шығындарын толтыру үшін таңдауы бойынша тегін тамақ не
Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін мөлшердегі оның ақшалай баламасын
алады.
8. Донорлық функцияны ақылы негізде атқарған донорға қан мен оның
компоненттерін дайындау саласындағы қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымы
Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін тәртіппен және мөлшерде ақы төлейді.
168-бап. Жұмыс берушілер мен ұйымдар басшыларының
донорлықты дамытуды қамтамасыз ететін жағдайлар
жасау жөніндегі міндеттері
1. Жұмыс берушілер мен ұйымдардың басшылары донорлықты дамытуды қамтамасыз
ететін жағдайлар жасау мақсатында:
1) денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдарына,
мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарына азаматтарды донорлар қатарына тартуына
жәрдем көрсетуге;
2) қан мен оның компоненттерін алу үшін қажетті үй-жайларды өтеусіз беруге
және жағдай жасауға;
3) донор болып табылатын қызметкерді зерттеп-қарау және қан мен оның
компоненттерін тапсыру (донациялау) күні жұмыстан кедергісіз босатуға;
4) донор болып табылатын қызметкерге осы Кодексте белгіленген кепілдіктерді
беруге міндетті.
2. Жұмыс берушілер мен ұйымдар басшыларының донорларды қосымша көтермелеуге
құқығы бар.
27-тарау. ТІНДЕРДІ ЖӘНЕ (НЕМЕСЕ) АҒЗАЛАРДЫ (АҒЗАЛАРДЫҢ
БӨЛІКТЕРІН) ТРАНСПЛАНТТАУ
169-бап. Тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың
бөліктерін) транспланттау және оларды алу
шарттары
1. Адам, адамның мәйіті немесе жануар тіндерді және (немесе) ағзаларды
(ағзалардың бөліктерін) транспланттау бойынша донор болуы мүмкін.
2. Адамның тіндерін және (немесе) ағзаларын (ағзаларының бөліктерін)
мәжбүрлеп алуға және оларды ауыстырып салуға тыйым салынады.
3. Адамның тіндерін және (немесе) ағзаларын (ағзаларының бөліктерін) сатып
алуға-сатуға тыйым салынады.
4. Реципиентпен генетикалық байланыстағы немесе онымен тіні үйлесетін (басқа
организмнің тіндеріне сіңісуіне жәрдемдесетін органикалық тіндердің иммунологиялық
қасиеті) адам транспланттау бойынша тірі донор болуы мүмкін.
5. Тірі донор жан-жақты медициналық зерттеп-қараудан өтуге және өзінің
тіндерін және (немесе) ағзаларын (ағзаларының бөліктерін) алуға болатындығы туралы
консилиумның қорытындысын алуға тиіс.
6. Кәмелетке толмаған адам немесе әрекетке қабілетсіз адам болып табылатын
тірі донордың тіндерін және (немесе) ағзаларын (ағзаларының бөліктерін) алу осы
бапта көрсетілгендермен қатар, бір мезгілде мына шарттарды сақтағанда ғана:
1) осы Кодекстің 91-бабына сәйкес денсаулығының жай-күйі туралы қажетті
ақпаратты алған оның заңды өкілдерінің нотариат куәландырған жазбаша келісімі
болған;
2) тиісті келісімді беруге қабілетті басқа үйлесетін донор болмаған;
3) реципиент донордың ағасы-інісі немесе апасы-қарындасы (сіңлісі) болып
табылған;
4) транспланттау реципиенттің өмірін сақтап қалуға арналған;
5) ықтимал донор алуға қарсылық білдірмеген жағдайда, мүмкін болады.
7. Кәмелетке толмаған адамдардың немесе әрекетке қабілетсіз адамдардың заңды
өкілдерінің келісімі медициналық араласу басталғанға дейін кез келген сәтте кері
қайтарып алынуы мүмкін.
8. Тірі донордан тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) алу
оның нотариат куәландырған жазбаша келісімімен ғана жүзеге асырылуы мүмкін.
9. Транспланттау үшін жұп ағзаның бірі, олардың болмауы денсаулықтың біржола
бұзылуына әкеп соқтырмайтын ағзаның бір бөлігі немесе тін ғана алынуы мүмкін.
10. Егер алу кезінде денсаулық сақтау ұйымына осы адамның тірі кезінде не
оның жұбайының (зайыбының), жақын туыстарының немесе заңды өкілдерінің ол өлгеннен
кейін оның тіндерін және (немесе) ағзаларын (ағзаларының бөліктерін) репициентке
транспланттау үшін алуға келіспейтінін мәлімдегені туралы хабарланған болса,
мәйіттен тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) алуға жол
берілмейді.
Егер консилиум тарапынан тіркелген өлім фактісінің даусыз дәлелдемесі болса,
мәйіттен транспланттау үшін тіндер және (немесе) ағзалар (ағзалардың бөліктері)
алынуы мүмкін.
Өлім туралы қорытынды биологиялық өлімнің немесе бас миының біржола семуінің
(мидың өлімінің) расталуы негізінде уәкілетті орган белгілеген тәртіппен беріледі.
Достарыңызбен бөлісу: |