(Үнтаспаға жазып, қағазға түсірген Гүлсім ОРАЗАЛЫҚЫЗЫ).
ЕЛ БАСЫНА КҮН ТУҒАН ШАҚТА
1941: Елдіктің, ерліктің ауыр сыны
Қазақстан Одақтың алтын қазынасына айналған
Өмірінің соңғы жылдары Нұртас Оңдасынов туған халқының тілі мен мәдениетіне қатысты маңызды жұмыстармен айналасындағы көрген-түйгенін қағазға түсіріп, естелік жазуды машық етпеген кісі. 1938-жылдан 1946-жылға дейін Қазақ ССР Халық комиссарлар Кеңесінің төрағасы, одан кейінгі жылдары Қазақ ССР министрлер Кеңесі мен Республика жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы секілді жоғары лауазымды қызметтерде жүргенде де, одан кейін де Нұртас Дәнді-байұлы туралы еңбек болмаса арнайы естелік жазылмапты. Бұрынырақта партия ардагерлері немесе бірге қызмет істеген көнекөз қарттар, үзеңгілестері республика тарихына қатысты белгілі бір ке-зеңдер жайында қалам түрте қалса, Н.Оңдасыновты еске ала кететін. Ал ел үшін үлкен сын болған жылдары республика басында отырған көзі қарақты, жігері құрыштай, халқын беріле сүйген оның айтары да, жазары да мол еді...
Нұртас Оңдасынов құрметті демалысқа шыққаннан кейін Мәскеуде тұрды. Өмірбақи елмен араласып жұмыс істеп қалған Нұрекең демалысқа шыққаннан кейін де еліне, халқына пайдасы тиетін істермен шұғылданды. СОКП Орталық Комитетіне қарасты Марксизм-Ленинизм институты жанындағы қарт большевиктердің тарихи-әдеби бірлестігінде жетекшілік қызмет атқара жүріп, Ғылым академиясының тісі батпайтын құнды еңбек жазды. Осылайша бұрынғы кеңес, партия қайраткері отандық ғылым саласының ғылыми атағы бар адамдар санымен өлшенбейтінін ісімен дәлелдеп кетті.
Нұрекеңнің бастамасымен бір кездері Қазақстанның жауапты буындарында қызмет істеген, кейін Мәскеуге қоныс аударған ақсақалдар өз өмір жолдарынан естеліктер жазады. Мақсаттары-телеграфтық стильмен қысқа қайырылған республика тарихын жанды мысалдармен толықтыру, сөйтіп кейінгі ұрпақты өздерінің соқтықпалы-соқпалы жолдарынан хабардар ету болатын.
Нұртас Оңдасынов өзі бас болып, есінде сайрап тұрғандарын қағазға түсіреді. Бірақ республика баспаларының ешқайсысы "еріккен шалдардың" қолжазбаларын қабылдамайды. Басып шығаруға құлық болмаса, сылтаудан көп нәрсе жоқ қой тегінде. "Үстінен қайта қарау керек" деп, қолжазбалар Алматыдан Мәскеуге қайтарылады. Баспаның редакторлық құитырқыларынан хабары шамалы ақсақалдар Қазақстан үкіметінің сондағы тұрақты өкілдігіне келіп, баспамен ресми тілде, үкімет келісуін сұрайды. Бірақ өкілділік тарапынан айтылған уәж де аяқсыз қалады.
Бұл қолжазба Мәскеуде қозғалыссыз жата берер ме
еді, әлде қайтер еді, егер өкілдіктегі жауапты
қызметкерлердің бірі "танысып шығыңызшы" деп
ұсынбағанда. Танысып шықсақ, құрметті ақсақалдарымыздың оқырмандарға айтары әжептәуір екен. Сол қолжазбалардың ішінен Нұртас ағамыздың естелігін "Егемен Қазақстанға" ұсынуды жөн көрдік.
Ескерту: естелікте көпшілікке мәлім жайттар жиі ұшырасады. Бұған қарап "жаңалығы қайсы?" деп ділмәрсу орынсыз. Халқымыздың асыл перзенттерінен қалған қандай бір сөз болса да, өз ұрпағына боямасыз жетуі керек. Тағы да: Мұнда баспасөзімізді жауыр еткен ақтаңдақ тұстардың жарасы сыздамайды. Өзі куә болған ащы-тұщы кезеңдердің көңіл күйін сыпайы ғана беруге тырысқан.
Шәкизада Тоқтаболат
("Егемен Қазақстан" газеті. 21 маусым, 1991 жыл).
Қазақ халқының дарқандығы соғыс жылдарында бар бояуымен көрінді. Өзім дегенде өзегін жұлып беруге дайын қазақ ел басына күн туған сол бір қиямет-қайым жылдары тізе бүккен жоқ. Жар дегенде жалғызынан, құдай қосқан қосағынан айырылып, аңырап қалған ақ жаулықты әжелер мен келіндер белді бекем буып, майдан үшін жұмыс істеді. Атағы жер жарған Қажымұқан 1942-жылы самолет жасауға 100 мың сомын аударды, осы патриоттық бастамасы үшін ол Мемлекеттік қорғаныс Комитетінің Төрағасынан алғыс алды. Республика колхозшылары "Қазақстан колхозшылары" деп аталатын танк колоннасын жасақтау үшін Кеңес мемлекетінің кассасына 475 миллион сом еңбек ақыларын аударды. Республика еңбекшілері атынан Жеңіс қорына барлығы 4 миллиард сом ақша түсті, майдан шептеріне 1600 вагон азық-түлік жіберілді.
Қазақстан мен Ленинград арасындағы қарым-қатынас
ағайын арасындағы татулықтың бір көрінісіндей еді.
Олардың мәдениет қайраткерлері Қазақстан қалаларында
жиі болып, қолдан келгенше театр, клуб, үйірмелер
құруға көмектесетін. Бұл дәстүрдің негізін С.М.Киров
қалап кеткен-ді. Ал соғыс басталып, бір жылдан кейін
Ленинград жау қоршауында қалған кезде қазақстандықтар өздерінің бауырластық дәстүріне берік екенін іспен дәлелдеді. Аз уақыттың ішінде құрсаудағы ленинградтықтар үшін 140 вагон сыйлық жіберілді. Бұл шаралар Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бюросында, Жоғарғы Кенестің Президиумында, Халық Комиссарлар Кеңесінде қаралып, мақұлданды. Артынша ленинградтық бауырларымызға арнап, хат қабылданды. Сол кезде Жоғарғы Кеңес Президиумының төрағасы Ә. Қазақбаев еді. Бір күні кезекті бір мәжілісте құрсаудағы ленинградтықтарға арнап өлең жазуды Жамбылдан өтіну жөнінде әңгіме қозғалды. Бұл ұсынысқа ешкім қарсы келген жоқ, қайта көпшілігі қуаттады. Мәжіліс үстінде Жамбылға баратын делегацияның құрамы белгіленді. Бұл делегацияға жетекшілік ету Орталық Комитеттің бюро мүшесі ретінде маған тапсырылды.
... Ақындар Әбділда Тәжібаев пен Ғали Орманов үшеуміз таң қылаң бере Жамбыл атамыздың ауылына келдік. Ақын атына мініп алып, серуен құрып жүр екен. Бізді көре салысымен атының басын үй жағына қарай бұрды. Жәкең ертелетіп келген қонақтарына ризалығын білдіріп, балаша мәз болды да қалды. Біздің ке-летінімізді сезгендей-ақ төріне кең дастарқанын жайып тастапты. Кейін біліп жатырмыз, жалпы Жамбыл ақсақалдың дастарқаны жиылмайды екен. Күндіз кел, түн кел, ақынның дәм-тұзы дайын тұрады.
Дастарқан басында майдандағы жағдайды айтып жатырмыз. Қарт ақынның көңілін көтеріп қою үшін майдандағылардың бәрін аңыздағы батырларша суреттейміз. Жәкең мұндай сүйінішті хабарларға тағы мәз болады. Әсіресе, ленинградтықтардың құрсаудағы ерлігін тіліміз жеткенше айтамыз. Менің ақын серіктерім ленинградтықтар жайында майын тамызып айтқан кезде олардың қайсарлығына өзім таңғалдым. Жәкең тіпті жанып отыр. Жанарынан от шашып, қайта-қайта қозғалақтап, шың басына көтерілетін қырандай қомданып қояды. Бізге де керегі сол, ізін суытпай келген шаруамызды айттық: "Жәке, ленинградтықтардың ерлігі жөнінде Сіздің өлеңіңіз керек". Ақын біздің ұсынысымызды қабылдады. Бұл туралы айтпаса да ленинградтықтардың ерлігіне арқасы қозып, тынышсызданғанынан ішінде жыр шумақтарының ширатылып жатқанын сезген едік.
Айтып-айтпай не керек, көп ұзамай өмірге "Ленинградтық өрендерім" өлеңі келді. Сол кезде Алматыда орыс ақындары жүрген. Дереу орысшаға аударылды. Аударма Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бюросында бекітілді де Жәкеңнің "Ленинградтық өрендерімі" жер жүзін аралап кетті. ленинградта қоршауда қалғандар бұл өлеңнің әр жолын жатқа білді. Майдан шептеріне плакат болып таратылды. Ажалмен минөт сайын бетпе-бет келіп жүрген жауынгерлерге, құрсаудағы Ленинградтық бауырларға қарт ақын осылайша өзінің отты өлеңімен жігер берді. Сол кездері Қазақстанның барлық ақын-жазушылары майдан тақырыбына қалам тартты.
Драматургтер сахналық дүниелер жазса, кинематографистеріміз фильмдер түсірді. Әсіресе, Мәскеу мен Ленинградтан бізге көшіп келген студиялар ел үшін көп кинотуындылар жасады.
Қазақстандықтар соғыстың алғашқы күнінен Жеңіс салюті атылғанға дейін майданды адам күшімен де, рухани дүниесімен де әлінің келгенінше демеп отырды. Оның мысалы толып жатыр. Бір ғана мысал келтірейін.
1943-жылы территориямыз жаудан босатыла бастады.
Бұл екі жылдан кейін ғана көл боп аққан көз жасымен,
қайғы-қасіретпен келетін Жеңістің алғашқы қарлығаштары еді. Бірақ толық жеңісті күтпей-ақ жаудан босатылған жерлерде тіршілікті қайта жандандыру қолға алына бастаған. Осыған орай, 1943-жылғы тамыздың 21-інде БК(б)П Орталық Комитетінің "Неміс басқыншыларынан босатылған аудандарда шаруашы-лықтарды қалпына келтіру жөніндегі кезек күттірмейтін шаралар туралы" қаулысы қабылданды. Көмек беруге келгенде алдына жан салмайтын халықпыз. Іле-шала Гурьев, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарынан 500 мың асыл тұқымды ірі қара малы азат етілген аудандарға айдалды. Дер кезінде жеткізілуін қадағалау үшін үкімет комиссиясы құрылып, мал айдаушылармен бірге жүрді. Біз цифр тілімен сөйлей қалсақ, миллиондарды оп-оңай айта саламыз. Миллиондар тілімен сөйлеу нақты істің көлемін айқындауға кедергі келтіреді. Бұл дұрыс емес. Ойлап қараңызшы, қазақтың кең даласымен келе жатқаныңда табын-табын қара ірі малдарды, отар-отар қойларды өте сирек кездестіресің. Шаруашылықтардың қаз тұрып кетуі үшін малдың әлі де аз екеніне көз жеткізгендей боласың. Мен жаудан азат етілген аудандарға мал жіберу процесін көзіммен көрдім. Жарты миллион ірі қара бірінен соң бірі іркіс-тіркіс қозғалған кезде ондаған шақырымдарға созылатын жер көлемін алады екен. Бұл ғажап суретті жердегі адамның көз алдына елестетуі мүмкін емес. Мен бұл көріністі самолетпен бақыладым.
Қазақстан соғыс жылдары майданға қажеттінің бәрін шығарып отырды. Үлкен республика тек жеңіс үшін қызмет етті. Азық-түліктер мен киім-кешектерді былай қойғанда майдан өтіндегі соғыс техникалары үшін қажет жанармай, металдың басым көпшілігі Қазақстанда өндірілді. В.Л.Комаров бастаған ғалымдар жүрген. Оған дейін де осы академияның вице-президенті И.Т.Бардин бастаған ғылыми комиссия жергілікті табиғат ресурстарын табуға, игеруге көмектесіп жүрген еді. Не керек, айналасы екі айдың ішінде Жездіден марганец кені табылып, дереу игеруге көштік. Сол жылы, санаулы айлардың ішінде деуге болады, Қарағандының іргесінен металлургия заводы бой көтерді. Бастығы болып республиканың көрнекті қайраткерлерінің бірі, білікті инженер И.Тәжиев бекітілді, завод жұмысын бақылау сол кезде Халық Комиссарлар Кеңесі Төрағасының орынбасары болып істейтін Д.Қонаевқа жүктелді. Енді металлургия саласына кадрлар керек болды. Соғыс өрті күннен-күнге өршіп барады. Қазақстан қолынан келгенінше көмегін беріп жатыр. Бала-шағадан бастап, еңкейген кәріге дейін майдан үшін жұмыс істеді. Бірақ іс тетігін білетін кадрларсыз қара, түсті металлургияны тиісті дәрежеде дамытамын деу құр қиял. Жағдайдың қиындығына қарамастан, Мемлекеттік қорғаныс комитеті бізге жастарды оқытуға рұқсатын берді. Біз тез арада Магнитогорск және Кузнецк қалаларындағы металлургия заводтарына 2 мыңнан астам қазақ жастарын оқуға жібердік. Олар екі жылдан кейін туған жерге маман болып оралып, қазақ металлургиясының негізін құрады. Орталық комсомол комитеті артынша тағы 500 қызды сол металлургия заводтарына аттандырды. Осылайша ірі кәсіпорындарымыздағы кадр тапшылығын біршама жойғандай болдық.
Соғыстың бас кезінде республиканың орта және жоғары мектептері өтe қиын жағдайда қалды. Бірақ қанша жерден қиын болса да білім мен ғылымның кайнар көзін бітеп тастауға болмайтын еді. Қолына қалам ұстағандардың бірқатары қару алып, майдан өтіне кетті, ғалымдарымыз аз, жастарымыз болса армияның негізін құрап жатыр. Ал өнеркәсіпті, ғылымды өркендету үшін кадрлар даярлануы керек. Аса қиын жағдайға қарамастан республикада жоғары оқу орындарының caнын 50-ге жеткізуге шешім қабылданды. Көп ұзамай Шымкент технологиялық институты, Алматы шет тілдері, Дене тәрбиесі, Қыздар педагогикалық институттары, Ауыл шаруашылығы институтының жанынан Орман және су шаруашылығы факультеттері, Алматы консерваториясы, тағы басқа оқу орындары ашылып, студенттер қабылдана бастады. Бұл оқу орындарына Қазақстанға көшіп келген орталық білім ордаларының профессорлар құрамы тартылды.
Мәдениет саласына да үкімет пен партияның назары еш төмендеген жоқ. Жер-жерде ақындар айтысы ұйымдастырылды. Сол жылдары Республика Жазушылар одағына жетекшілік еткен көрнекті ақынымыз Әбділда Тәжібаев ел арасынан көптеген ақын-жырауларды табуға күш салды. Соғыс өртінің қаулап тұрғанына қарамастан ұлы Абайдың туғанына 100 жыл толу мерекесіне кеңінен дайындық жұмыстарын жүргіздік. Тойды өткізу үшін үкімет комиссиясы құрылып, оның төрағаларының бірі болып, Н.Погодин "екінші Абай'" атаған заңғар тұлғамыз Мұхтар Әуезов тағайындалды. Мұхаңның арқасында Л.Соболевпен жақын таныстым.
Мәдениет пен өнер жайында сөз қозғалып қалған соң мына бір жағдайды да айта кеткім келіп отыр.
Еліміз үшін сын шақ болған 1942-жыл еді. Сталинградта қиян-кескі соғыс жүріп жатыр. Мен астық дайындау мәселелерімен Қостанай облысында жүр едім. Сол жыл ауыл шаруашылығы үшін аса ауыр болды. Астық дайындау қиын жағдайда жүргізілді. Астықты әр үйден жинауға тура келген. Айналайын, халқым, сонда балаларының аузынан жырып, майдандағы арыстарға нәр болсын деп, үйлеріндегі талғажу қылып отырған соңғы нәрін әкеп беретін.
Иә, аязды күндердің бірітұғын. Мен Ұзынкөл ауданына келдім. Аудандық атқару комитеті төрағасының столында Жамбыл мен Горькийдің бюстері тұр екен. Қараймын, шебердің колынан шықпаған. Бірақ бюстерде бір жылылық бар тәрізді. Meн: "Мына бюстерді кім жа-сады?" — дедім. Ол: "Осындағы бір баланың жасағаны ғой", — дей салды. Дереу баланы таптырып алдым. Жеті класты ғана бітірген екен. Отбасы жағдайының ауырлығына байланысты мектепті тастап, атқару комитетінде іс жүргізуші болып жұмыс істейді екен. Қолы боста бал-шықтан осындай бюстер жасайтын көрінеді. Оның оқуға деген құштарлығын байқаған соң әлгі баланы сол кездегі Облыстық атқару комитетінің төрағасы Даниял Керімбаевқа Алматыға жеткізуін тапсырдым. Алматыға келген соң ол Харьковтегі мемлекеттік көркем-сурет институтына қабылданып, кейін Қазақ ССР халық суретшісі Хакімжан Наурызбаев атанды. Менің өтінішім бойынша Хакімжанның тағдырына араласып, талантын бар қырынан ашқаны үшін Ольга Николаевна Кудрявцеваға көп рахмет.
Жалпы, өнердің қай саласы болса да соғыс жылдары шетқақпай қалған жоқ, Қазақ елі өнерлі ел болғасын да шығар, ауыр жылдары еңсесін жоғары ұстап, тылды да, майданды да демеп отырды. Бір сөзбен айтқанда, соғыс жылдары Қазақстан өз елінен ешнәрсесін бүгіп қалған жоқ. Соғыс кезінде біздің республикамыз "Кеңес Одағының алтын қазынасы" деп өте орынды аталынды.
Нұртас Оңдасынов
Ширек ғасыр ұмытылмаған сұрақ
(естен кетпес есімдер)
Аты аңызға айналған халық батыры Семен Михайлович Буденный туралы көптеген естеліктер, көркем шығармалар жазылды, әлі де жазыла берері ақиқат. Совет Одағының маршалы, Азамат соғысының қаһарманы, Совет Қарулы Күштері даңқты атты әскерінің негізін са-лушы — халық перзенті С.М.Буденныймен кезінде жақын танысып, жүздесіп, пікірлескен сәттерімді өмірімнің айшықты мезеттері санаймын. Сан жылдар өтсе де осы бір жарқын жанның бейнесі көз алдымда. Ақыл-кеңесі, парасаты жадымда. Осынау шағын макала халық батырына, халық маршалына деген ыкылас-пейілімнен, сан мәрте жүздесулердегі алған әсерімнен туған еді.
Автор.
Мен алғаш рет Буденный жолдаспен 1939 ж. ВКП(б) XVIII съезі кезінде жақын таныстым. Ақкөңіл, ақжарқын жан екен. Адамды жатырқамай, жатсынбай іш тарта сөйлеседі.
Кейіннен сан мәрте ВКП(б) Орталық комитетінің Пленумдарында, СССР Жоғарғы Советінің сессиялары мен Жоғарғы Совет Президиумының мәжілістерінде кездесіп, пікірлесіп жүрдік. Осындай жарқын жүздесулер Семен Михайловичтің адамдық, коммунистік асыл қасиеттерімен қатар көрнекті әскербасы, қоғамдық және мемлекеттік қайраткер екендігін қадари-халімше танып, білуге жәрдемдесті.
Халық батырымен жақын танысқан сайын оның өмір жолына, тұрмыс-тіршілігіне де етене сіңісіп кеткендей болдым.
Семен Михайлович — кедей шаруасынан шыққан. Ол жас кезінде езілген халықтың аса қиын халін көрді, өзі де оның ащы тұзын татты. Бұл өмір оны Отанның келешек әділдігі үшін тап тартысының күрескер жолына бастады. Табиғатында өте батыл да ержүрек, қайтпас қайсар болып шыңдалған оның бұл сана-қасиеттері соғыс қызметінің алғашқы күндерінен-ақ айқындалды. Ол орыс-жапон, одан кейін бірінші дүниежүзілік соғыстарында айрықша ерлік көрсетті, оған барлық төрт Георгий Крестері берілді, сөйтіп, Семен Михайлович Георгий кавалері байыбына ие болды.
Ұлы Октябрь социалистік революциясынан кейін Донда Совет өкіметін құру ісіне белсене араласқан ол өзінің жауынгер досы Ока Иванович Городовиковпен ерікті атты әскер тобын құрады.
Осыдан бастап қолбасшылық дарынын, ақыл-парасаты мен күш-жігерін Октябрьдің жеңістерін ішкі және сыртқы жаудан қорғауға жұмсады. Буденныйдың атты әскерінің тұңғыш табыстары В.И.Ленин бастаған Совет үкіметі басшыларының көңілін ерекше аударды. Бұл жағдай атты әскерді күшейту қамын ойлауға мүмкіндік туғызды.
Ленинді жақтаушылардың талабына сәйкес Буденныйдың атты әскерінің негізінде Бірінші атты әскер армиясы құрылды.
1919-жылы Семен Михайловичтің өмірінде ұмытылмас оқиға болды. Ол осы жылы Компартияның мүшелігіне қабылданды.
Дұшпандар арасында Совет Армиясының өте өжет жауынгер командирі Буденныйдың есімі жақсы белгілі болатын.
Буденновшылардың күтпеген жерде, ашық күнгі найзағайдай жасын ойнатуы жауға шексіз үрей туғызатын, олар жауынгерлік қабілетінен айырылып, тірі қалғандары әрең дегенде бас сауғалап қашып құтылатын.
Буденныйдың аты шулы тачанкасының құдіретін айтпаса да болады.
Партияның басшылығымен Бірінші атты әскер армиясының қатарында мыңдаған қаһарман жауынгерлер: И.А.Апанасенко, О.И.Городовиков, С.К.Тимошенко сияқты ондаған қолбасшылар тәрбиеленіп шықты.
Буденный басқарған даңқты атты әскер армиясы Шкуро бандасын, генерал Мамонтовтың топтарын қиратып, Воронеждің маңында мықты қаруланған, аса қауіпті генерал Деникиннің армиясын жермен-жексен етті. Бұдан кейін ол Донбасс пен Закавказьені жаудан босатты. Совет территориясынан ақ поляктар мен генерал Врангельдің әскерін қуып шығуға белсене қатысты.
Бірінші атты әскер армиясының ерлігін Отанымыздың жоғары бағалағаны тарихтан белгілі. Бұл жөнінде Семен Михайлович Азамат соғысынан кейін Советтердің VIII съезінде В.И.Ленинмен болған дербес әңгімесін еске ала отырып, былай деп жазды: "Сіз түсіндіңіз бе, сіздің корпус Воронеж маңында не тындырғанын?" — деп сұрады В.И.Ленин.
Мен: — Дұшпандарды талқандадым, — дедім. — Солайы солай-ау, деп, — Ленин күлді де, былай деді: — "Егер де сіздің корпус Воронеж маңында болмаған болса, Деникин тәуекел деп Шкуро мен Мамонтовтың атты әскерлерін бізге қарсы шабуылға шығарса, республика аса қауіп-қатерге ұшыраған болар еді. Біз "Оралдан айырылдық, ақтар Тулаға келіп қалған еді..."
Азамат соғысы жылдарында Бірінші атты әскердің даңқы жер жарды. Оның қатарына жастар, әсіресе, бала кезінен атқа үйреншікті дала жігіттері шын ықыласпен қосылып жатты осы тұста.
Қазақстанда да Қызыл Армияның ұлттық бөлімдерін құрастыру атты әскерден басталуы кездейсоқ болмаса керек. 1918-жылы Шығыс майданның қолбасшысы М.В.Фрунзе және оның әскери-революциялық советінің мүшесі В.В.Куйбышевтің қамқорлығымен Орал облысында тұңғыш қазақ атты әскер полкі құрылды.
Буденныйдың атты әскер армиясының ерлігін сол кезде газеттер шабытпен жазды, әндер шырқалды, халық алуан түрлі аңыздар шығарды... Оны үлкен де, кіші де жақсы танып білді! Басқасын айтпағанда, Буденныйдың бөркін киіп, кездік асынған жас бала өзін батырша сезіммен маңғаз ұстап, үйде де, мектепте де үлгілі тәртіп сақтауына жауапты қарайтын болған. Мына бір мысалды айта өтсек артықтық болмас. Бірде Семен Михайлович жай киіммен шекаралық ауданға барса керек. Оны көшеде көріп қалған балалар: "Буденный, Буденный!" — деп айқайласады. Ол балалардан: Мені калай таныдыңыздар? — деп сұрайды. Балалар: "По усам (мұртыңыздан)!" — деп қосылып жауап қайырады.
Семен Михайлович барлық саналы өмірін Отанды қорғау ісіне жұмсады. Ол Совет мемлекетінің қарулы күштерін құру мен нығайту ісіне айтқысыз үлесін қосты. Буденный — Азамат соғысы қаһарманы ғана емес, 1941-45-жылдардағы Ұлы Отан соғысында неміс фашизмін жеңуді ұйымдастырушылардың да бірі. Семен Михайловичтің лайықты жауынгерлік қызметтерін Отаны аса жоғары бағалады.
Ол жеті рет Ленин орденімен, 6 рет Қызыл Ту орденімен, көптеген медальдармен, бірінші дәрежелі Суворов орденімен наградталды.
Ол – Совет Одағының маршалы, үш мәрте Совет Одағының батыры. С.М.Буденный Армиядағы жауапты да биік мансабымен қатар, СССР ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары қызметін жемісті атқарды. Жылқы шаруашылығы басқармасының басшылығымен елімізде көптеген жылқы заводтары, колхоздарда Қызыл Армия қорлары ұйымдастырылды. Бұл басқарма жылқының санын көбейтумен қатар, оның тұқымын асылдандыру, сапасын жақсарту істерімен барынша шұғылданды. Соның нәтижесінде бірталай жаңа асыл тұқымды жылқылар, олардың ішінде әйгілі Буденный жылқысы өсіп-өнді.
Ұлы Отан соғысының алдында елімізде жылқы шаруашылығы кеңінен дамыды. Ал соғыс жылдарындағы жылқының атқарған рөлін ешкім де кеміте алмас. Мұнда Семен Михайловичтің еңбегі айрықша десек, ол артық айтқандық емес. Кәсіптік сала мен тұрмыстық дәстүр адам мінезіне өзіндік таңбасын қалдыратыны белгілі. Бақытқа орай, Семен Михайлович кәсіптік әдеттен әлдеқайда биік тұратын, кісілігі мол адам екен. Ол маған халық даналықтарынан өрілген азамат сияқты болып көрінді. Оның ең басты қасиеті — адамдармен араласқандағы қарапайымдылығы, жанының тазалығы, ақпейілдігі, айрықша жайдарылығы. Оның осы қасиеттері адамдардың сенімі мен құрметіне өзін тез бөлендіре алатыны. Сондықтан болар, Семен Михайловичпен жүздесер сәттерде туған ағамдай қысылмай баратын болдым.
Семен Михайловичтің 1949-жылы Қазақстанда орналасқан атты әскер бөлімдерін тексеру барысымен келген сапары менің есімде айрықша ұялып қалды. Алматы облысын бірге араладық. Ол бірнеше колхоздарда болып, олардың жылқы фермаларын қарап шықты, мамандармен, озат жылқышылармен әңгімелесті.
Асыл тұқымды жылқылар өсіретін "Дегерес" жылқы заводының ісімен толық танысты. Сәйгүліктерді алаңға шығарып көрсеткенде, Семен Михайлович әрбір аттың жеті атасына дейін түсінік беріп, тегін ажыратып отырды, сонысымен өзінің жылқыны терең білетіндігімен жұртты таңғалдырды. Біз әркім өзінің өмірін сарп еткен істі қалай сүю және мейлінше терең білу керек екені жөнінде халық маршалынан тамаша сабақ алғандай болдық.
Семен Михайловичтің құрметіне Қазақстан жылқышылары оған көз тоймас қазақтың аса сұлу арғымағын салтанатпен сыйға тартты! Ол оны шын ықыласымен қабылдап, оларға алғысын айтып, үлкен бақыт, еңбекте жаңа табыстарға жете беру тілегін білдірді.
Семен Михайловичпен ақырғы рет оның 90 жылдығы қарсаңында, 1973-жылы "Барвиха" санаторийінде кездестім. Белгіленген мезгілде оған сәлем беруге бардым. Ол үрейлі дауыспен: "Неге жалғыз өзің келдің? Валентина Васильевна қайда?" — деп сұрады.
— Кешіріңіз, Сіздің мазаңызды алғымыз келмеп еді, рұқсат етіңіз, біз ертең осы уақытта бірге келейік, — дедім.
Ол ертеңіне бізді жылы шыраймен қабылдады. Бірден қызықты да достық әңгіме басталып кетті. Күтпеген жерден ол менен: "Жауап алдың ба?" — деп сұрап қалғаны.
— Қандай жауап жөнінде сұрап отырсыз дедім. Шамасы бұдан 25 жылдай бұрын бір әңгіменің үстінде кейбір жауапты қызметкерлер жұмыс бабындағы қиындықтар туралы наразылықтарын білдірді. Оларға: "Мен де жеңіл жұмыс іздеп жүрмін, бірақ әлі табылған жоқ. Командировка алыңдар, Совет Одағының жерін аралаңдар, егер жеңіл жұмыс таба алсаңдар, маған хабарлаңдар, мен де сол жаққа Сіздермен бірге барайын", — деп айтып бергенім барды. Оның сұрағы осы жөнінде екен. Семен Михайловичтің осы бір сұрақты ширек ғасыр бойы ұмытпағаны, оның есте сақтау қабілетінің мықтылығы мені тағы да таңғалдырды.
"Қазақ әдебиеті", 1988-жыл, 13-мамыр.
Достарыңызбен бөлісу: |