Нұрділдә Дүйсенұлы Оңдасынов
немере інісі
Тоғай оқиғасы
Бұл оқиға соғыс жылдарынан кейін болған еді. Ол кезде мен Шымкент қаласындағы педагогика институтында оқитынмын. Ауылға жазғы демалысқа келгенім сол еді. Колхоздың (қазір Нұртас ауылы) бастығы Марайым ағамыз шақырып алды. Өзі әлденеге берекесі кетіп, қобалжып отыр. Менен амандық – саулықты жеделдетіңкіреп сұрады да:
Айналайын Нұрділдә, болмашы жерден жағдайымыз нашар болып тұр. Ендігі жерде сенің көмегің керек, шынымды айтсам, сені асыға күтіп отырмын, – деді әжептәуір абдырып. Сөйтті де болған жайды баяндай бастады. Сөйтсе, Түркістан аудандық орман шаруашылығы басқармасының адамдары келіп, біздің ауылдан бес-алты шақырым жердегі тоғай маңындағы шыбындық жерді көктемде шөп жақсы шықсын деген мақсатта өртейді. Өрттен қашып құтыла алмаған шошқа үйтіліп өледі. Соғыстан кейінгі жоқшылық, таршылық кез емес пе, босқа қалғанша пұлдап алмақ болып, колхоз атынан Түркістан қаласындағы темір жол ресторанына әкеп өткізеді. Олар алып қалады да, артынша «охотосоюзға» телефон соғады. «Іздегенге сұраған», олар тез жетіп келеді де торайлары бар. Оның ішіндегі балалары бар, кейбірі буаз екен, не керек колхозға он мың айыппұл салады. Колхоз бастығы Марайым ағамыздың: – Біз торайларды әдейі, қасақана өлтірген жоқпыз, күйіп өліп, үйтіліп жатқан жерінен таптық. Босқа далада қалғанша пайдаға ассын дедік, – деген уәжіне ешкім де құлақ аспайды. Ақыры іс насырға шауып, сотқа баратын болады. Содан ауыл адамдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Нұртас Дәндібайұлы Оңдасыновтың атына хат жазады. Ол хатты поштамен жіберейін десе, Оңдасыновтың қолына тиетініне күмәнданады. Оның үстіне хат ол жаққа тез жетпесе, онсыз да шықпа жаным шықпа деп күн көріп отырған колхаз айыппұлдың астында қалғалы отыр.
Не керек, хатты алып Алматыдағы ағам Нұртасқа тарттым. Алматыға келген соң әуелі Зүбәйра апамның үйіне барып шайланып алдым да, ағамыз жұмыстан шығады-ау деген мезгілде кеңсенің алдына барып тұрдым. Кешікпей Нұртас ағам жұмыстан шықты. Мені саяжайдағы үйіне әкелді. Үйде жеңгеміз Валентина Васильевна, балалары Ескендір, Геннадий бар екен, қарсы алды. Бәріміз кешкі тамақты бірг.е отырып іштік. Сосын Нұртас аға демалуға өз бөлмесіне кетті. Сағат 10-да шай ішуге қайтадан үстел басына жиналдық. Ағам Нұртас елдің жағдайын, туған-туыстың амандығын сұрай бастады. Сол кезде мен де келген шаруамды ағыта жөнелдім. Марайым көкемнің айтқанынынан басқа да мәселелерді өз «жанқалтамнан» қосып-қосып жібердім. Олай ететін де жөнім бар еді. Дәл ауылдың іргесіндегі тоғайдың пайдасын біз емес, отыз-қырық шақырымда отырған Кентау мен Түркістан халқы көреді.
Жазда қала халқы тоғайдың жидегін теріп, Сырдарияның суына шомылып рахаттанады. Ал, дәл іргесінде отырған біздің ауыл тоғайдың бір ағашын жақса болды, ошақтың күліне дейін тексеріп, басымызға әңгіртаяқ ойнатады. Ал, тоғайға мал түссе, онда лесхоз бен колхоз арасында кішігірім дау-жанжал туды дей беріңіз. Менің бар әңгімемді ағам үн-түнсіз тыңдады да: – «Хатыңды маған бер, өзің осында біраз жатып демал», – деді Мен бір аптадай ағамның үйінде қонақ болдым. Сосын елге қайттым. Кешікпей Қазақ КСР Минситрлер Кеңесінің қаулысымен он мың гектар жерді алып жатқан тоғай мен шабындықты аудандық орман шаруашылығынан алып, біздің Амангелді атындағы (қазіргі Нұртас ауылы) колхозға берді.
Ол кездегі Марайым көкемнің қуанышын бұл күнде сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Сотталып, он мың сом айыппұл төлейміз бе деп жүргенде, керісінше он мың гектар шұрайлы жерге ие болып шыға келдік. Тек ол кісі емес-ау, бүкіл ауыл болып қуандық. Әуелі Нұртас ағаға, қала берді, хат апарған маған да алғыс айтқандар көп болды.
Сөйтіп ойламаған жерден бақ басымызға орнай қалды!
«Бақ» – деген не дерсің, қысы-жазы колхоздың, жекеменшіктің малы тоғай ішіндегі мол шалғында ыңыранып жатса, тезек теріп тозып жүрген ауыл әйелдері тоғай отынына қарық болды да қалды.
Міне, мен білетін тоғай оқиғасы осындай еді.
Гүлсім ОРАЗАЛИҚЫЗЫ,
Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты
АМАНАТЫН АРҚАЛАП КЕЛЕМ
Жаңа оқу жылы жақындап қалған болатын. Түркістанға келіп, дәптер, кітаптарымды алдым да, түс ауа ауылға қайтатын автобус аялдамасына келдім. Аялдамада бес-алты ер-әйел, үлкен кісілер отыр екен. Жөн-жосықты сұрай бастайтын үлкендердің әдетіне басып, басына қақырайған қалпақ киген, мұрны қоңқақтау ер адам:
– Қызым, қай ауылға барасың? – деді.
– Амангелді колхозына.
– Е, совнаркомның ауылының қызы екенсің ғой. Жөн, жөн... – деп маған мән бере қарады. Сөйтті де менің қасыма жақындау келіп, әке-шешемнің кім екенін, руымды сұрай бастады. Мен әке-шешем жайлы айтып бердім де, руыма келгенде кібіртіктеп, не дерімді білмей қалдым. Себебі, ол кезде бүгінгідей ру сұрасу мүлде болмайтын, шындығында қай рудан екенімді білмейтінмін. Бұл шыным.
Сөйтіп тұрғанда ауылға баратын автобус келіп, мен отырып кеттім. Әлгі кісілер Сырдың арғы бетіндегі Балтакөлге жүретін автобусты күтіп қалды. Жол бойы совнарком деген кім, ондай біздің ауылда кісі жоқ еді ғой деп ойлап қоямын.
Үйге келісімен анам Жұмағыздан:
– Біздің ауылда совнарком деген кісі бар ма, апа? – дедім. Анам бетіме қарап жымиып күлді де:
– Ол – кісі емес, үлкен бастық. Қазақстанды билеген бастық. Өскен жері осы ауыл. Әкеңнің досы Абдулла көкең бар емес пе, соның әкесі Дүйсеннің інісі, Рәзия апаңның қайын атасы.
Рәзия мен анам Жұмағыз ағайындас адамдардың қызы болғандықтан, апалы-сіңлілі болып, бірін-бірі жақын тұтып жүретінін сезетінмін. Сол жылылық қазір де сезіліп тұр. Сөйтті де шешем ары қарай «совнаркомның» ауылдағы ағайындары – Әбдулла, Нұрдулла, Жұмаділла, Алпысбай көкелердің жақындығын таратып, тәптіштеп түсіндірді. Туысқандарының кім екенін түсінуін түсіндім-ау, ал қандай бастық екенін әлі де түсінбедім. Әйтеуір ұққаным – әлгі аялдамадағы ер адам мен анамның үнінде мақтану, марапаттау басым еді. Бір кезде толық түсіндіре алмадым-ау дегендей, анам тағы да: «Әйтеуір, ол кісі Қазақстанды биледі. Қазір зейнеткер. Мәскеуде тұрады, екі ер баласы бар, әйелі орыс», – деді.
Мұндай үлкен бастық кішкентай ауылдан да шығады екен ғой деп таңғалдым. Кейіннен сол ауылдан арман қуып, оқу іздеп, Алматыға келуіме осы бір оқиғаның әсері бар да шығар-ау деп ойлаймын.
Бұл – менің «совнаркоммен» бірінші таныстығым.
Ауылдан оқу іздеп келген – Серғазы, Батан, Ғайбыш және мен Нұртас атаның қарындасы Мәнзура апаның үйінде тұрып жатқанбыз. Емтиханға дайындықтан гөрі әсем Алматыны қызықтауымыз, әңгімеміз көп. Бір күні үйдің қоңырауы басылды, есікті ашсам, сұңғақ бойлы, аққұба келген, киім киісі өте сәнді үлкен кісі тұр. Есікті ашқан мен шегіне бердім, ол кісі ішке ене берді.
– Амансыңдар ма, балалар, – деді. Бетімізге барлап, көз тоқтатып қарады да:
– Иә, қайдан келдіңдер? – деді.
Жауап берудің орнына ауылдың әдетінше ыржиып күліп, жерге қараймын. Бәріміз ұяңбыз. Тек қана Ғайбыш еркін:
– Бәрі де біздің ауылдың балалары, – деді. Ғайбыш Нұртас атаның немере інісі Әбдулла көкенің баласы болатын.
– Иә, бәрің неғып жүрсіңдер Алматыда?
– Оқуға келген бәрі де, – деді, біз үшін тағы да Ғайбыш жауап қайтарып.
– Ә, оқимын деген талаптарың жақсы, қандай оқуға келдіңдер? – деді де кезек-кезек бәрімізден сұрап шықты. Мен – тарих, Серғазы – экономика, Батан – есеп-қисап, Ғайбыш – заң факультетіне документ тапсырғанымызды айттық.
– Ғайбыш, мен саған өткенде түсіндіріп айттым ғой, тыңдамапсың. Егер заң факультетіне баратын болсаң, мен көмектеспеймін. Адам еліне, халқына ең қажет мамандықты оқу керек. Қазір Қазақстанға заңгерлерден гөрі агроном, инженер, сәулетші, мұнайшы қажеттірек. Документіңді алып, осылардың біріне тапсыр, араласып көрейін, – деді, Ғайбышқа кәдімгідей ренішпен.
Басқаларды білмеймін, өзім бұл кісінің кім екеніне әлі түсініп тұрған жоқпын.
– Ғайбыш, ертең мен жатқан санаторийге кел, мына балаларды да ала кел. Мәнзура енді өзі келсін маған, менің қолым тимейді келуге, жұмыс істеп жатырмын, – деді де қош айтысып шығып кетті. «Бұл кім?» – деп жамырай сұраған бізге Ғайбыш:
– Бұл кісі – менің «совнарком» болған атам, аты Нұртас Оңдасынов, – деді мақтаныш сезіммен. Ол кісінің жаңағы реніші Ғайбышқа түк те әсер етіп тұрған жоқ. Мен аң-таңмын. Анамның айтқан «совнаркомы» осы кісі ме? Неге екенін білмеймін, әйтеуір, іштей «қап!» деп қоямын.
Бұл – менің «совнарком» Нұртас Оңдасыновпен бірінші рет бетпе-бет кездесуім.
Оқу бітірген соң бізді жолдамамен Қарағандыға жіберді. Бір жылдан кейін әкем Оразалы келіп, апамыз Зүбайрамен, жездеміз Ебіней Арыстанұлы Бөкетовпен таныстырып және қазақылыққа салып табыстап кетті. Міне, сол күннен бастап жолдасым Ислам мен өзім осы шаңырақтың жақын жандарының біріне айналдық.
Міне, Нұртас атамен, сыртынан мақтанып жүретін «совнаркоммен» біз осы шаңырақтың астында жыға таныстық. Нұртас аға жетпісінші жылдардың ортасында, Қарағандыға жазып жүрген сөздігін машинкаға бастыруға келді. Тура бір ай жатты. Сонда өзі жоспарлаған жұмысын қашан бітіргенше ешкімге қонаққа да бармай, әңгімеге де әуес болмады. Таңғы тоғыздан кешкі жеті-сегізге дейін машинкадан шыққан жұмыстарын қайта қарайтын. Бір кісідей-ақ табанды отыра білетін Евней ағаның өзі Нұртас атаның еңбекқорлығына таңғалып, «қалай жұмыс істеу керектігін менен емес аталарыңнан үйреніңдер» дейтін.
Бірде, машинкаға басылып біткен сөздіктерін (оны облыстық «Орталық Қазақстан» газеті редакциясында бастырып жатқан болатын) әкеле жатсам, есік алдында қыдырып жүр екен. Машинкаға басылған дүниелерін көріп қуанып қалды. Қағаздарды бір-бірімізге алыс-беріс жасап жатқанымызда қолындағы газет арасынан біраз лоторея билеті (ақшалай, заттай ұтыс қағазы) жерге түсті. Жерден оны көтеріп жатып:
– Может мне в Казахстане повезет, көп ақша ұтсам Генаға (кіші ұлы) машина әперер едім. Әйтпесе, олар маған күнде ұрсады. «Үлкен қызметте істесең де бір машинамыз жоқ, бізден басқаның бәрінде машина бар», – деп. Мен айтамын оларға: «Мен басқаның бәрі емеспін», – деп.
Менің ол кісіге ұрсуға қақым жоқ, бірақ айға барғандай аң-таң қалғаным рас еді. Бір республиканы ұзақ жыл басқарған адамда ақша жоқ дегенге, шынымды айтсам, сенгім келіп тұрған жоқ. Сонымды сезе қалған Нұртас ата:
– Сенің көзің маған «атам өтірік айтады» дегенді ұқтырып тұр. Ал, сен мені тыңда. Тағдыр маған ел басқаруды, халық үшін қам жеуді сыйлапты. Ондай сый алған адам өз отбасының мүддесінен гөрі ел, халық мүддесін жоғары қою керек. Ел басқару білгенге – мехнат, білмегенге – қанағат. Маған мехнат болды, себебі ең ауыр кезең – соғыс, қираған шаруашылықты қайта қалпына келтіру жылдарында ел басқардым. Сол кезде халқымның жағдайы күні-түні есімнен шыққан емес, қайтсем жағдайын жақсартамын, көркейтемін, кем-кетігін келістіремін деумен өмірім өтті. Мамық кресло, астыма машина, жағдай бергеніңе қанағат деп қарын сипамадым. Болмысымнан мен қанағатшыл емес қомағай болдым. Өзіме де, көмекшілеріме де маза берген емеспін... Бір адамнан бір сом да пара алған емеспін, қолым таза. Сенсең осы, сенбесең өзің біл, – деді де, қағаздарын бір қолымен кеудесіне қысқан бойда үйге беттеді. Мен соңынан ердім. Айтқанына сендім. Бірақ, осыдан кейін мен лоторея билетін көрсем болды – Нұртас атаның сол бір қылығы ойыма орала қалатын болды.
Көп ұзамай Нұртас ата машинкадан өткен сөздіктерін буып-түйіп, көңілі көтеріңкі Алматыға кетті. Онда да бір ай көлемінде болып, кітабын баспаға өткізіп, үйіне, Мәскеуге қайтты.
Содан кейін Нұртас ата Қарағандыға араға үш жыл салып келді. Бұл жолы «Арабша-қазақша түсіндірме сөздігінің» ІІ томын машинкаға бастыруға әкелді. Тағы да тапжылмай бір айдай күйеу баласы Ебней Арыстанұлы Бөкетовтың үйінде жұмыс істеді. Барлық жағдай жасалынды. Бір бөлме босатылып, тіпті машинка басатын келіншекті де үйге алдырды. Нұртас атаның жігерлілігіне, табандылығына, мақсаттылығына бәріміз таңғаламыз.
Жұмысқа деген осыншама махаббат сізден қайдан шығып жатыр? – дегенімде:
– Балам, адамның жасы ұлғайған сайын өмір тәтті бола береді. Тәтті болатыны оның аз қалғандығында. Сол аз күнімді босқа өткізбей, артымда адамдық бір із қалдырсам деймін. Қарт атаулыға «Енді осыған не жетпейді?» деп айту ағаттық, ертең ол күннің өз басыңа келерін де ұмытпаған жөн, – деді.
– Ата, із қалдырсам дейсіз, бір із қалдырған адам сіздей-ақ болсын. Сонау 1938 бен 1963 жылдың арасында Қазақстан тарихында сіздің ізіңіз сайрап жатқан жоқ па?
– Балам, мен еш уақытта үлкен бастық болсам екен деп армандаған адам емеспін. Бала кезде оқысам, білім алсам деп армандадым, ол орындалғаннан кейін бір мамандық алсам, халқыма қызмет етсем деп талпындым. Қазір сендерге «халқым, халқым үшін!» деген сөз жаттанды, құрғақ ұран сияқты әсер етеді, оны сеземін. Оның себебі бар, соңғы жылдарда басшылардың көбі халық мүддесінен гөрі өз мүдделерін жоғары қоятын болды. Қолына билік тиген күннің ертеңіне өзінің туған-туыстарының жағдайын жасай бастайды. Алайда, халық өзіне деген қамқорлықтың шын жүректен, әлде атақ-даңқын шығару үшін жасалып жатқанын өзінің қара дүрсін жорамалымен біліп қояды. Ондай «қамқоршыны» билік басында отырғанда уақытша құрметтеуі мүмкін, бірақ еш уақытта сүймейді. Биліктен кеткен күні ондай басшының аты да, заты да халық көңілінен көшіп жүре береді.
Өзім ойлаймын біз, менің замандастарым – Исаев, Шаяхметов, Қазақбаев, Тәшенов... халыққа қызмет етеміз деп жүріп біраз шаруа бітірдік-ау деп. Қазақ КСР Ғылым Академиясының, опера және балет театрының іргесін көтердік, Қыздар педагогика институтын ашу үшін, шын мәнінде, Орталық үкіметпен біраз шайқасуға тура келді. Өйткені, қыздарды бұлай бөліп оқыту басқа республикалардың бірде-бірінде жоқ. Ал, менің ішкі мақсатым – ауылдағы қыздар келіп, жоғары білім алып, қайыра ауылға барып, бала оқытып, білім-санамыз биіктесе екен деген арман. ЖенПИ алғаш ашылып, алғашқы мамандар ауылға аттанғанда менің қуанышымда шек болған жоқ. Ол сезімім, қуанышым өзіме ғана аян бұл күнде.
Біз атқарған істерді тізе берсең, он томдық кітап жазуға болады. Айталық, Балқаш, Теміртау, Жезқазған, Өскемен, Ақтөбе, Гурьев, Маңғыстауда қаншама қыруар жұмыстар атқарылды десеңізші. Ал, оны сендер із қалдырды дейсіңдер ме, әлде бәлду-бәлду – бәрі өтірік дейсіңдер ме, мен білмеймін. Ендігі жерде ол сендердің парасаттарыңа байланысты. Бірақ мынаны біліңдер, небір зәулім сарайлар да сынаға (фундамент) отырғызылды. Өткен болмай бүгін, бүгін болмай ертең жоқ. Кезінде ұлы Энштейн де айтқан: «Мен өзіме дейінгі ғалымдардың иығына шығып барып, арғы асуды көрдім», – деп. Бұдан әрі басқа әңгіме айту артық...
Содан сексенінші жылдардың бас жағында Нұртас Оңдасынов Қарағандыға қайта келді. Осы жолы қаладағы шопан балаларына арналған жалғыз №2 қазақ мектеп-интернатында ол кісімен кездесу өтті. Кездесуде мемлекет басына қалай келгендігі жөнінде, соғыс жылдарының ауыртпалығы, Теміртау, Балқаш қалаларының салынуы туралы көп әңгіме айтылды. Бір оқушы: «Сіздің сөздік жазуыңызға не себеп болды?» деген сауал қойды. Ол кісі шамалы ойланып тұрды да:
– Балам, өте жақсы сұрақ қойдың. Өзім де сөздіктің жазылу себебін сендерге айтып өтсем деп ойлап тұр едім. Мен зейнеткерлікке ерте, 58 жасымда Хрущевтің қысымына шыдай алмай кеттім. Күніне тоғыз-он сағат жұмыс істеп қалған адам үшін бір күнде бос қалу нағыз азап екен. Жастау кезімде ғалым болсам деген іштей бір арманым болатын, бірақ өмір ағысы мені мемлекет басқаруға әкетті. Енді, сол арманыма қол жеткізудің мүмкіндігі туған сияқты. Ғылымның саласы көп. Неден бастаймын? Қалай бастаймын? Осы жағын ойланып, бір-екі ай жүріп қалдым. Содан арабша, парсыша түсіндірме сөздік жазуға бел байладым. Оған мені итермелеген, себепші болған өткен бір оқиға еді.
Мен Гурьевте бірінші хатшы болып жүргенімде Совет делегациясы құрамында Сирия мемлекетіне бардым. Олар бізді өте жылы, ыстық қабылдады. Күн сайын түрлі кездесулерде боламыз, көрме-музейлерді аралаймыз. Бір күні бізді өте әдемі сәулетті салынған мұсылман мешітіне алып келді. Ондағылар бізден әрқайсымыздың қайдан, қай республикадан келгенімізді сұрай бастады. Мен «Қазақстаннан» деп едім ешқайсысының білетін сыңайы байқалмады. Сосын «Алматыдан келдім» дедім, оны да ешкім біле қоймады. Осы кезде, қайдан екенін білмеймін, ойыма туған Түркістан, ондағы Қожа Ахмет Яссауи мавзолейі түсе кетті. Әсіресе, Яссауи есімін айтқан кезімде әлгі діндарлар елең ете түсті. Сөйтті де біреуі жетіп келіп, қолымды ұстай алып сүйіп, маңдайына басып жатыр. Маған өз тілінде біраз бір нәрселерді айтты. Мен түсінбедім. Ақырында тілмаш бәрін аударып берді. Сөйтсем, оларда да Қожа Ахмет Яссауи әулие адам болып есептеледі, әрі оған табынады екен. Қарап отырсам, қазақ сөздерінің ішінде осы жақтан келген араб, парсы текті сөздер көп. Әрине, сан ғасырлар бойы бір-бірімен аралас-құраласта жатқан ел болғандықтан, тілінің де ауысуы заңды ғой. Содан маған ой туды. Неге сол сөздерді тауып, мағынасын ашып, сөздік жазбасқа деп. Міне, балам, сөздік жазуымның бірінші себебі осы. Ал, екінші себебі – тірі жүргенімде өткен күнге айналғым келмеді...
Кездесу ыстық ықыласта өтті.
– Шынымды айтсам, атаң осындай қарым-қатынасты аңсайды. Мәскеуде Қазақстан елшілігінде мереке кездерінде зейнеткерлер жиналып, әңгіме-дүкен құрып, бір шүйіркелесіп қаламыз, – деді атам жайдары жүзбен.
Жаңа ғана біткен кездесудің әсері ме білмеймін, мен де сұрақ қойдым:
– Ата, кітаптарыңызды біраз қиналып жүріп шығардыңыз-ау деймін?..
– Ә, балам, бұл енді біраз әңгіме, жол қысқарсын, айтайын. Алғашқы «Арабша-қазақша түсіндірме сөздігімді» Алматыға, Ғылым Академиясының Тіл білімі институтына әкелгенімде ондағылардың көбі қатты таңырқап, тіптен кейбіреулері: «Бұл кісі арабша жазуды қайдан біледі?» – деп, күмандана қарады. Ол кезде кітап шығару үшін жабық түрде бірнеше адам пікір жазатын болған, сондай бір пікір жазған адам сөздіктің кемшілігін көбейтіп, тіптен жарамсыз қылып тастаған. Содан оны мен бірнеше академик, профессорлар алдында «қорғауыма» тура келді. Сол кезде маған көп көмек көрсеткен адам академик Әбдуали Қайдаров болатын.
Содан сөздігімді Тәжік КСР Ғылым Академиясына жіберіп, олардың да қолдау пікірін алып, бәрінің басын қосып, баспаға өткіздім. Рас, қай кітабым болса да бірден жарық көріп кеткен емес, бес-алты, оншақты жыл баспада жатып барып шықты. Ешкім «шығармаймыз» деп бетімнен қайтарған да емес, қайта «Нұреке-ау, сіздің кітабыңызды шығармасақ, біз бұл жерде неге отырмыз» деп шығарып салады. Көңілім көтеріліп, Мәскеуге қайтамын, ақыры екі-үш жылдан кейін тағы келемін. Келген сайын Д.Қонаевқа да кіремін, кітап жайын айтып кетемін, бәрібір кешігіп шығып жүрді. Біресе планға ілінбей қалады, біресе түсіп қалады дегендей.
Кітаптарымның шығуына үлес қосқан Дінмұхаммед Қонаевтан бастап Әбдуали Қайдаровқа, Өзбекәлі Жәнібековке, Ғарай Сағымбаевқа, Шериаздан Елеукеновке, Жарылқасын Нұсқабаевқа алғысым көп...
Бір-екі күннен кейін Нұртас Оңдасыновты облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің ұжымы кездесуге шақырды. Менің де осы газетте жұмыс істеп жүрген кезім еді. Бөлім бастығы, қаламы ұшқыр Зақаң (Зарқын Тайшыбаев) сұрақты төтесінен қойды:
– «Халық жаулары» хақында не айтасыз, «үштіктің» бірі болған кезіңіз болған болар?
Ренжіңкіреп қалғанын жүзінен байқап тұрмын. Сондықтан да болар, бірден ағытыла жөнелмей, іштей түйіліңкіреп тұрып барып, сөз бастады.
Ұзын үстелдің айналасында құлақтары түрулі журналистер толып отыр. Ақырын қоңыр дауыспен:
– Мен үкімет басына ең қиын 1937 жылдан кейін келдім. Оның алдында Шығыс Қазақстан облысында атқару комитетінің төрағасы болып жүр едім. Бір күнде мені Орталық Комитетке шақырып: «Қазақстанның Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы боласың», – деді. Мен қарсылық білдірдім, біріншіден, әлі іс-тәжірибеміз аз, екіншіден, «Шаяхметовпен істесе алмаспын» дедім. Ол кісі Қазақстанның бірінші хатшысы болатын. Менің бұл қарсылығыма: «Жолдас Оңдасынов, партия қайда жұмсаса, сонда баруға тиіссіз», – деп, ары қарай менің келісімімді сұрамай-ақ шешім қабылдап жіберді. Менде де одан әрі қарсылық білдіруге қауқар қалмап еді. Сөйтіп, 34 жасымда бір мемлекеттің үкіметін басқарып шыға келдім.
Шынымды айтайын, мемлекет басқаруға білім мен ақыл аздық етеді, тәжірибе қайта-қайта қажет. Ал, ол менде аз, соның қиындығын алғашқы кезде көрдім. Менің жастығымды, тәжірибесіздігімді пайдаланып, мойындағысы келмеген кексе бастықтар шығарған шешімімді орындамай, айтқандарымды аяқсыз қалдырып жүрді. Қателіктен тәжірибе жинақтап, болашақта болдырмауға ұмтылғаннан, аянбай жұмыс істегеннен келе-келе бәрі мойындап, абырой-бедел жинай бастадым.
Ал, сенің не сұрап тұрғаныңды білемін. Менің ешкімге қиянатым болған жоқ, ешкімнің сыртынан қол қойған адам емеспін. Архив қопарсаңдар, көз жеткізуге болады. Бірақ, мына бір шындыққа құлақ асыңдар, егер мен 1937 жылы үкімет басында отырсам, маған «мынаған қол қой» десе, қол қояр ма едім, кім білсін. Өйткені, ол кездің қиындығы да, қателігі де мынада – ақ-қараны анықтатпай, бет қаратпай қырып салып жатқанда болатын. Табиғатта ешбір тосқауылға тоқтамайтын алапат тасқын, әйтпесе, жер сілкінісі болады. Міне, 1937 жылдың оқиғасын соған теңеуге болады. Бұл да қоғам дамуында тосыннан болған еш нәрсеге бой бермейтін алапат тасқын еді. Мықты болсаңыз, сол тасқынға қарсы тұрып көріңізші, өзіңізді ала жөнеліп, ми батпақпен қосып, жаныштап жіберсін. Ал мұны түсінбейтіндер, қоғамдық құбылыс заңдарын білгісі келмейтіндер «бүйтпеді ме, сөйтпеді ме?!» деп бүгінгі күннің төрінен төрелік айтады.
Менің бақытым – үкімет басына 1938 жылы қырып-жоюдың жойқыны саябырлаған кезде келгенім болып тұр. Сондықтан да мен аман қалдым-ау деп ойлаймын. Қашанда тарихқа баға бергенде бүгінгі – өзің өмір сүріп отырған уақытпен өлшемей, оны өз уақытының заңымен, жағдайымен, қоғамдық кезең оқиғаларымен өлшеп, аз-кем ойша болса да сол заман тіршілігінде өмір кешіп, сезініп барып, баға беру керек. Қателік – бар кезеңде, заманда болған, бола береді. Себебі, өмір, қоғам даму үстінде, бүгінгі тапқан жаңалық ертеңге өлшем болмай жатады. Сонда қалып бара жатқан ескі мен озып бара жатқан өмір арасында қайшылық туады, қайшылықтан қақтығыс шығады. Басты мақсат – соның себебін, салдарын аша білу.
Осыдан кейін журналистер мен Нұртас Оңдасынов арасында аса бір жылы ықылас орнады. Екі сағатқа созылған кездесуден Нұртас Оңдасынов өте көңілді шықты.
Бірақ, осы сапардан соң Нұртас ата Қарағандыға келе алмады. Ауырып емделді, операцияға түсті, ұзақ жол жүруге жүрексінетін болды.
Мен Нұртас атаны ағайын-туысқан, жора-жолдастарының ішінде соңғы рет көрген санаулы адамның бірімін. Дүниеден қайтарынан бір ай бұрын Қарағандыда тұратын, көңілін сұрап барғалы жатқан қызы Зүбайраға: «Қалайда қалай өзіңмен бірге Гүлсім келетін болсын!» – дегеніне қарсылық білдіре алмай, Мәскеуге мен де ұштым.
Біздер атаның үйіне түнгі сағат 12-де келдік. Мені Нұртас ата көре салысымен «айналайын» деп, маңдайымнан сүйді де, төсегінің қасында тұрған орындықты нұсқап: «Мында отыр», – деді. Амандық-саулықты қысқа қайырып, бірден маған: «Елде не болып жатыр, айтшы?» – деді телміре қарап.
Мен елде, Қазақстанда қайта құрудың жүріп жатқанын, бірақ оның мәнін әлі ешкім толығымен түсініп болмағанын, «кемелденген социализм» деп жүргеніміз тоқырау болғанын, кейінгі жиырма-он жылда рушылдық, жершілдік етек алғанын, қазақ тілінің өлуге айналған мүшкіл халін өз өрем жеткенше біраз айттым. Менің әңгімемді ара-арасында бөліп, анықтап, айқындап, қайта қайталатқызып сұрап отырды да, тіл мәселесіне келгенде мені тыңдауды қойып, өзі сөйлеп кетті. Тіпті қызынып-қызынып сөйледі. Әбден науқас меңдеген сұп-сұр жүзіне лезде қан жүгіріп, сауығып алды.
– Мен өмірімде Коммунистік партия қателеседі деп ойлаған емеспін. Сөйтсем, ол да қателеседі екен. Әсіресе, ол ұлттар мүддесі, қатынасы, оның тілі жөнінде көп қателіктер жіберіпті. Қаншалықты шындықты жазып жатқандарын білмеймін, әйтеуір, «Правда» газеті Қазақстанға маза беріп жатқан жоқ. Айтқандары шын болса сұмдық енді. Өз басым адамдарды жерге, руға бөлмек түгілі, сұраған да емеспін. «Сұрап едіңіз ғой» дегендер табылса келсін, бетіме бассын. Маған кім жақсы – халқы үшін аянбай еңбек еткен адам жақсы, сол менің руым, досым, бауырым...
Жақында Назарбаевтың баяндамасының ішінен Евнейді (академик Букетов) қорғаған жерін оқып, қуанып қалдым. Қазақстанның Евнейдей ғалымы көп емес еді, амал қанша жазықсыз қудаланды, жазаланды, әділетсіздікке шыдай алмай өліп кетті...
Ал, тіл мәселесіне келетін болсақ, қазақ үшін тілі – ары, ұжданы, әрі-беріден соң – бәрі. Бәрі дейтінім қазақ көшпелі болды, тұрмысы, мәдениеті соған ыңғайланды. Зәулім сарайлар мен қорғандар салмады. Өзгеден озық жері – тілінде. Қазақ сөзден ою ойып, кесте тіккен, табиғатты, қоршаған ортаны айнытпай айшықтай білген. Сондықтан да, ұлы Абайдың: «Өнер алды қызыл тіл» деп жүргені. Мен тіл туралы, сөздікті айтпағанда, талай мақала жаздым, архив ақтарған қазақ болса, табады.
Енді өзің мына сөзді қарашы, «Малым жанымның, жаным арымның садағасы» деп қай ұлт айта алған. Осы бес қана сөзден тұратын сөйлемнің мән-мағынасын, философиясын ашу үшін бес томдық кітап жазуға болады. Сексен алтыншы желтоқсанда алаңға балаларды ар-намысы алып шыққан. Есіңде болсын, қазақ ешқашан «қарным ашты» деп көшеге шыққан емес, шықпайды да. Қазақтың намысына тимеу керек, тидің екен, ол – қара бура, тоқтата алмайсың. Желтоқсан оқиғасы соның бір дәлелі.
Саған тіл туралы бір сыр айтайын. Соғысқа дейін Қазақстанда қазақша сөйлейтін басқа ұлт өкілдеріне үстеме ақы төлейтінбіз. Соғыс жылдарында елдің ауыр жағдайына байланысты қосымша ақы уақытша алынып, «кейін қалпына келтірілсін» деген жолдарды жазып, қаулымен үстеме ақы беруді тоқтаттық. Соғыстан кейін тұралаған елді, қираған экономиканы көтереміз, жоғарыдағы қаулыны әне-міне қайыра қалпына келтіреміз деп жүргенде Хрущев мені Гурьевке «жер аударып» жіберді. Бірақ бұл жөнінде қалған азаматтарға айтып кеттім, бәрібір аяқсыз қала берді. Ал, осы үшін мені ассаңдар да, атсаңдар да мен ренжімеймін. Мені мәжбүр еткен – обстоятельство! Кейінгі жылдарда басқа ұлт емес, өз қазағымыз қазақшаны ұмытып, 40 пайызды құрайтын шала қазақтар пайда болды. Оған жол берген Мәскеу емес, өз басшыларымыз.
Шындығына жүгінсек, қазақ тілінің мәртебесін көтеретін басқа ұлт өкілдері де емес, әлгі төленетін көтерме ақы да емес, өзіміз – қазақтар! Балаңды қазақша оқыт, жиылыс-мәжілістерді қазақша өткіз, мекеме қағаздарын қазақша толтыр, көпшілікті қабылдайтын орындарға ана тілін білетін адамды отырғыз, тағысын тағылар... Осыдан кейін қазақ тілінің мәртебесі көтерілмесе, маған кел.
Нұртас ата әңгімесін қызып-қызып айтты, соңында шаршап та қалды. Алайда, көптен жүрегінің басындағы кілкілдеген ащы запыранын төгіп, жаны жай тапқандай...
Содан тапжылмай бір жұма атаның қасында отырдым. Көбіне әңгімені атам айтады, мен тыңдаймын, таспаға жазамын. Ұзақ сөйлей алмайды, шаршап қала береді. Кешегі сұңғақ бойлы, әдемі өңді, сексеннен асса да тіп-тік жүретін, ширақ сөйлейтін атамның мына халіне қарап, Ақан серінің: «... кәрілік келіп қалдың қай жағымнан», – деп зарлағаны ойыма орала береді.
Мен Қарағандыға қайтып, Зүбайра апам осында біраз қалатын болды. Қайтатын күні әйелі Валентина Васильевнаны, қызы Зүбайраны және мені кабинетіне шақырды. Бәріміз үнсізбіз. Бір кезде Нұртас ата:
– Айналайын Гүлсім, ел-жұртыма ұялмай айтатын үш қасиетім бар, жастарға өсиет болсын айтайын. Біріншіден – ешкімнің қаны мен жаны мойнымда жоқ – арым таза, екіншіден – ешкімнен пара алған емеспін – қолым таза, үшіншіден – ешкімді руға, жүзге бөлген емеспін – жүзім таза. Ал, өзіңе талай айтып жүрген үш өкінішімді де жасырмаймын. Соның ішіндегі үлкен өкінішім – балаларымның қазақша білмеуі. Ол үшін халқымның алдында кінәлімін, кешірім сұраймын. Ал, менің жазған еңбектерімнің бәрі қазақ тілінде, балаларым оның бір сөзін де ұқпайды. Сені іздеп, күткендегі мақсатымды енді ұққан боларсың. Ендігі жерде сен менің артымда қалып бара жатқан мына қолжазбаларыма ие боласың. Сенің үлкен әкең Дәулет жасының 100-ден асқанына қарамай, менің көңілімді сұраймын деп, дүйім ағайынының атынан, сонау Түркістаннан пойызбен төрт күн жүріп, немере інісі Серікбай екеуі таяуда келіп кетті. Қатты риза болдым. Баяғыда басына болмашы бір іс түсіп келгенде қол ұшымды бергенім бар еді, соны ұмытпайды, қасиеті бар адам ғой. Өз әкең Оразалыны да білемін. Сол әкелеріңнен мені кем көрмей, мына жазған-сызғандарыма ие бол. Мен сені қызым деп қабылдадым...
Аса маңызды жұмыстың өзіме жүктеліп тұрғанын дәл осы тұста сездім. Қорқыныштан тілім байланып, не айтарымды білмей қалдым. Менен құптарлық жауап ала алмаған Нұртас ата:
– Балам, әкелеріңнен кем көрмейсің бе?! – деп талапты үнмен қайыра сұрағанда есімді жиғандай болып: «Кем көрмеймін, кем көрмеймін», – деп сасқалақтап, е мәні жоқ, е сөлі жоқ сөзді қайталай бердім. Зүбайра апама қараймын, ол кісі үнсіз отыр. Менің жауабыма қанағаттанбаған Нұртас ата: «Балам, мен үшін сен ешкімнің алдында ұялмайсың», – деді. Сөйтті де қолжазбаны көрсетіп: «Мынау менің соңғы кезде жаза бастаған естелігім еді, өкінішке орай, кештеу басталып, бітпей қалып барады. Сөздіктер көп жылдарымды алды. Мұны мына шешең кейін өзіңе береді», – деді. Дәл осы сөздерінің бәрін орысша қайталап айтты да, аяғында: «Гүлсімнен басқа ешкімге берме», – деді.
– Менің «Арабша-қазақша түсіндірме сөздігімнің» бірінші томы 1984 жылы шықты. Енді екінші томы шығуға тиіс еді, бірақ кешеуілдеп жатыр. Біріншіден, соны қадағалайсың. Кедергілер болып жатса, хатшы Өзбекәлі Жәнібековке бар, көмектесуге тиісті.
Екіншіден, «Араб текті қазақ есімдері» кітабым да баспада жатыр, жағдайының не болып жатқаны белгісіз. Оны да саған тапсырамын.
Үшіншіден, біраз шығыстың мақал-мәтелдерін жинап, аударып едім. Ол мынау буулы тұр, осы жолы алып кетесің.
Төртіншіден, «Парсыша-қазақша түсіндірме сөздігімді» қайта шығаруға дайындап отырмын. Бұл әлгі арабша сөздіктің жалғасы – үшінші, төртінші том болып шығуы керек. Мұны «Кітап» баспасына тапсыр. Сосын шығуын қадағала.
Бесіншіден, өмірде жинаған бар байлығым – кітаптарым! – деп, бір қабырғаны түгел алып тұрған кітап сөресін нұсқап, – осының ішінен қазақша кітаптарды ауылдағы мектептің кітапханасына берерсің. Ал, мына он томдық қазақша түсіндірме сөздікті өзіңе сыйлаймын, атамның көзі деп пайдаланып жүр.
Тағы да бәрін орысшалап кемпіріне түсіндірді де: «Бар архивті – сурет, қолжазба, хаттар – бәрін Гүлсімге бер», – деп тағы да шегелей айтты. Орыс та болса Нұртас ата үшін адал болған Валентина Васильевна шешеміз: «жарайды, жарайды», – деп бас шұлғып жатыр.
Көп ұзамай, 1989 жылдың 4 қарашасында сумаңдаған суық хабар да жетті. Ол кезде Зүбайра апа Мәскеуден оралған болатын.
Халқына бар өмірін арнаған аяулы азаматпен қоштасуға республикадан, Шымкент облысының бар аудандарынан халық көп жиналды. Өмір бойы туған жері – сағынышы болып өткен Нұртас Оңдасыновтың ең болмаса өлісінде сол арманының орындалуына ат салысқан: Қарамановқа, Мәскеудегі Қазақстанның тұрақты өкілі Серікболсын Әбділдинге, мемлекет қайраткері Сағидолла Құбашевқа, академик Зейнолла Молдахметовке, облыс хатшысы Валерий Темірбековке, ауылдың партия ұйымының хатшысы Жарылқасын Әзіретбергеновке ауылдас, туыстарының айтар алғысы шексіз болды. Сол қаралы топтың алдында мемлекет қайраткері, Нұртас атаның көп шәкірттерінің ішіндегі бірегейі Сағидолла Құбашев сөз алып, Нұртас Оңдасынов өмірін жасқа өнеге, үлкенге мәртебе етіп сөйледі. Туған-туыстар, ауылдастар атынан қаралы топ алдында сөз сөйлеу маған берілгенде, халқы үшін «Нұртас Оңдасынов», мен үшін «Нұртас ата» аманатын ел алдында ақтардым.
Халқымызда «Аманатқа қиянат болмайды» деген сөз бар емес пе. Осы сөздің салмағының соншалықты ауыр екенін мен енді түсініп жүрмін. Расын айтсам, Нұртас атам қайтыс боларынан бір ай бұрын Мәскеуге шақырып, бүкіл жазған-сызғандарын маған арқалатып жібергенде, бұның соншалықты жауапты іс екенін дәл бүгінгідей сезінген жоқпын. Ойладым: «Бар саналы өмірін халқына, оның экономикасы мен мәдениетін дамытуға арнаған адамның еңбектеріне кедергі болмас», – деп. Сөйткенімше болған жоқ, қоғамға алағай да бұлағай заман келді. Социалистік қоғамның өтірік-шыны аралас жоспарлы экономикасына бойымыз да, ойымыз да үйреніп, жайлап жүріп жатқанымызда, яғни 1990 жылдардың басында біз парқын түсіне бермейтін нарықты экономика келді. Ол нарығыңыз тығырыққа тыққанда көбіміз ес жия алмай, есеңгіреп қалғанымыз да шындық.
Сол тұста Нұртас атамның әлі бірде-бір аманатын орындап үлгермеген өзімнің де қобалжуға түскенім рас. Баспаларға барсаң, «ақша жоқ» деп өзіңе алақан жаяды. Үкіметке хат жазып, көмек сұрасаң, «басы таудай, аяғы қылдай» болып, берген уәделердің бәрі құрдымға құриды. Содан қайда барарыңды білмей, «жаңа қазақтарға» жармасасың. Сөйтсең олар: «Ол қай рудан еді?», – деп шекесінен қарайды.
Сөйтсе дағы қазақ тарихындағы Оңдасынов орнын білетін баспагер-азаматтар: Жарылқасын Нұсқабаев 1994 жылы «Араб текті қазақ есімдерін», әуелі Нұрмахан Оразбеков 1998 жылы, кейіннен Мереке Құлкенов «Шығыс халықтарының мақал-мәтелдері» кітабын шығарып берді. Сол екі ортада «Ана тілі» газетіне екі мақаласы жарияланды. 2002 жылы сөздіктерінің үшінші томы – «Парсыша-қазақша түсіндірме сөздігі» жарық көрді. Енді, биыл, 2012 жылы Мемлекеттің қолдауымен, 5 томдығы шықты. Өте құнды еңбек десе де болады.
2012 жылы артында қалған бар еңбектері жинақталып, 5 том болып, «Білім» баспасынан, мемлекеттің қолдауымен жарыққа шықты. Ат салысқан азаматтарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Ал, біздің бітіргеніміз «Нұртас Оңдасынов» атты естеліктер жинағы «Елорда» баспасынан 2002 жылы Үкіметтің қолдауымен, қаражатымен шығарсақ, көп жылғы зерттеуімізді тағы да «Нұртас оңдасынов» деген атпен, бірін «Білім» баспасынан, екіншісін «Мұнайшы» қоғамдық қордың қолдауымен оқырман қолына жеткізе алдық. Бұл кітаптарда Нұртас Оңдасыновтың мемлекеттік және қоғамдық қызметі кеңінен, құжаттарға сүйене отырып әңгімеленеді.
Біздің мақсатымыз – аманатқа қиянат жасамай, дүйім жұрттың ішінен даралап тапқан Нұртастай атаның сенімін ақтау.
Темірхан Медетбек,
Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын
Нұртас аға!
Нұртас аға!—
Нұр мен тастан жаралған.
Қасиетті топырақтан нәр алған.
Болған оның санасында сан ойлар,
Жүрегінде сан үміт пен сан арман.
Жанын жесе тіршіліктің ағыны
Лапылдап бір жанған іште жалыны...
Қай кезде де, қай тұста да, қашанда
Жолдас болған парасат пен сабыры.
Таза болған ақ бұлттай жаны да,
Таза болған қазақилық қаны да,
Таза болған ойы менен сезімі,
Таза болған ұяты мен ары да!
Отқа түсіп жатқан кезде сүйікті ел,
Қапаланып күреңіттің күйіктен.
Сені қанша құлатса да, бәрібір
Түскен жоқсың тұғырыңнан—Биіктен!
Көріп жүріп бүгінгінің арынын,
Сездің іштей келешектің сарынын.
Ұшар басың көкке қарай ұмтылып,
Тым тереңде жатты сенің тамырың.
Биік еді, биік еді мұратың.
Жан аз еді оны бірақ ұғатын.
Сенің тұлғаң көп пенделер ішінде
Өзгеше боп, ерекше боп тұратын.
Қанша заман келер, кетер жаңғырып,
Сөз бен ісін өткен күнге қалдырып.
Қай заман мен қай кезде де өлмейтін,
Нұртас аға,
Сенің орның – Мәңгілік!
Достарыңызбен бөлісу: |