ТУҒАН КОЛЛЕКТИВІМ
...1938 жылыдың шілдесінде Қазақс КСР Жоғарғы Кеңесі мені Халық Комиссарлар Кеңесіне төраға етіп, төрағаның орынбасарлығына Климентьев Иван Семенович пен Тәжиев Ибрагим Тәжіұлын тағайындады.
Иван Семенович мамандық жағынан жоғары білімді агроном. Ол көп жылыдар бойы партия қызметінде болған. Партия жұмысын жақсы білетін, мол тәжрибесі бар, әбден ысылған маман.Мықты ұйымдастырушы екенін бірден көрсетті.Тапсырған тапсырманы әрі тез, әрі тап-тұйнақтай етіп бітіретін. Ол табиғатынан кішіпейіл,адамгершілігі мол, еңбеққор адам еді.Оны осы қасиеттері коллективте қадірлі етті.Біздің сорымызға Ивен Семенович жауапты қызмет үстінде апатқа ұшырады. Оның жарқын бейнесі туған-туыстарының ғана емес, Отанның болашағы үшін бірге күрескен пікірлестерінің, барлық адал достарының есінде мәңгіге сақталып қалады.
Совет басшы қызметкерлерінің ішінде совет жұмысынан тәжірибесі көбірек Ибрагим Тәжиев жолдас еді. Ол – дарынды инженер, техника ғылымдарының кандидаты.Республикада энергетика шаруашылығының дамуы оның атымен тікелей байланысты. Ол ең үлкен Қарағанды электростанциясын салды. Ол Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеттің хатшысы болып сайлануымен байланысты 1955 жылы партия жұмысына ауысты.
«Жалғыз ағаш орман болмайды», Халық Комиссарлар Кеңесінің жұмысын біз көп болып атқардық. Коллективте іскер, білімді, халыққа жаны аши білетін нағыз таза азаматтар көп болды..
Мен Халық Комиссарлар Кеңесі, кейіннен (1946 ж.) Министрлер Кеңесінің коллективін дайымы есімде сақтап келемін. Асылы жеке адам болсын, бір тұтас коллектив болсын оның қадір-қасиетін, қолынан не келеді, не келмейді дегенді анықтайтын – сын сәт, сын оқиға!
Міне, біздің коллективтің сондай бір сараланып, сомданып көрінген кезі – Ұлы Отан соғысының қаһарлы жылдары. Біз ол тұста мейрам, демалыс, курорт, санаторий дегенді мүлдем ұмытқан болатынбыз. Қызметкерлер уақытының көбін мекемеде өткізетін, үйлеріне аз ғана дем алу үшін қайтатын. Бәрімізді жұмыс бабымен біріктіріп,тәрбиелеген коллектив-Халық Комиссарлар Кеңесі. Бұл бәрімізге қара шаңырақ болып қалды. Үлкен ордалы семьяда тату=тәтті өскендей сезінетінбіз онда.
Адамның табиғатында күш-жігері шексіз болады екен, оны өмір дәлелдеп келеді екен. Егер ол--күш-жігер қиындыққа қарамай алдына қойған мақсатқа сөзсіз жету үшін жұмсалса, ол тіпті мұқалмайды екен, қайта асылдана түседі екен. Совет халқы аса қауіпті неміс фашистерін зор қиындықпен болса да жеңіп шығатынына кәміл сенген. Бұл үлкен сенім адам бойынан жаңа күш-жігерді туғызды.Соғыс жылдарында әрбір совет адамы төрт-бес кісінің жұмысын атақарды десем ешбір өтірігі жоқ.
Коллективтің қызу жұмысымен қатар, партия ұйымы мен жергілікті комитет қызметкерлерінің семья мүшелері де қарап қалған жоқ. Олар мектептерде, балалар мекемелерінде, госпитальдарда кең жұмыс жүргізіп, қамқорлықтарын аямады. Комиссарлар Кеңесінде істейтін қызметкерлер өз әйелдерінің қатысуымен Кеңес құрды, олар майдангерлерге жылы киімдер тоқып, іш киімдер тігіп, жөнелтті. Ақы-пұлсыз ұшан –теңіз жұмыстар атқарып, жұршылықтың ағысына мықтап бөленді.Сондай отаншылдық қимылға белсенді қатысқан азаматшалар КСРО медальдарымен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет грамоталарымен наградталды.
Ұлы Отан соғысы кезінде еліміздің Шығыс аудандарына аса жауапты міндеттер жүктелген болатын. Олардың негізгілері әскери бөлімдерді дер кезінде жасақтау, Батыс аудандардан көшірілген кәсіпорындар мен халықты уақтылы қабылдап дұрыс орналастыру, әскери құрылыс объктілерін белгіленген мерзімде іске қосу, еңбек қорын дұрыс есепке алып, халық шаруашылығы мен еңбек әскерін жұмысшы күшімен толықтырып отыру, ең керегі майданның мұқтажын дер кезінде орындау болды.
Партия ұымдарының басшылығымен Республика еңбекшілері соғыс жылдарындағы қиын да жауапты міндеттерді абыроймен орындап шықты. Мұнда Советтердің сүбелі үлесі бар. Бұл алапат жылдары Коммунистік партия мен Совет Үкіметі тарапынан Советтік Қазақстанның адірісіне елеулі ескертулер болған жоқ. Соғы жылдарындағы барша қазақстандықтардың қажырлы еңбегі адам сүйсінерліктей болды.
Адам дүниеге келгенде елге басшылық ете алатын қабілеттерін ала келмейтіні белгілі. Адамзаттың тіршілігінің әрбір саласын қалай дұрыс басқару керек екені жөнінде әзірше арнайы оқу құралы жоқ. Сондықтан басшы қызметке лайықты кадрларды даярлау ісі өте маңызды мәселе. Ондай кадрларды ұқыпты тәрбиелеп шығару -- әрбір коллективтің борышы. Осы тұрғыдан алғанда Советтер--басшы қызметкерлерді баулуға ылайықты мектептің бір түрі. Біз осы жағдайды есте тұта отырып, билік орындарына қызметкерлерді партия принциптерін айнытпай, аса жауапкерлікпен сұрыптап алуға барынша тырысып отырдық.
Жұмыс үстінде керекті тәжірибелерін байытуға аянбай ұмтылған Совет қызметкерлеріне қолайлы жағдайлар жасалынды, күннен күнге өрлеуіне бар жағдай жасалынды. Іс жүзінде өздерін көрсете алған азаматтар дербес жауапты қызметке батыл көтерілд. Тек Министрлер Советінің коллективінен Ө.Д.Атамбаев, Я.Е.Морозов, А.М.Рыбаков, М.С.Сапарғалиев, Д.А.Сырцов, Л.Е.Тәжібаев, А.В.Тулинов, Ж.Т.Шалабаев және басқалары Үкімет мүшелері, ал Ш.Б.Бөрібаев, С.Ж.Жақыпов, С.Е.Ержанов, Н.К.Кузембаев облыстық совет атқару комитетінің председательдігіне өсті..
Қажырлы зерттеу жүргізу арқасында кейбір жолдастар кандидат және доктор деген ғылыми атақтарға ие болды. Бұлар коллективтің мақтанышына айналды. Олардың арасынан Д.А.Қонаев және Т.Тәжібаев жолдастар Қазақ КСР Ғылым Академиясының акдемиктері болып сайланды.
Сол он үш жыл ішінде Қазақ КСР Министрлер Советінде Иван Семенович Климентьев, Ыбырайым Тәжиев, Төлеген Тәжібаев, Шынқожа Бөрібаев, Сейітқали Жақыпов, Нұрдәулет Күзембаев, Дмитрий Александрович Сырцов, Александр Васильевич Тулинов, Жамалбек Шалабаев сияқты азаматтармен қызметтес болдым. Сол кезде «Республиканың Халық Комиссарлар Советі» деп аталатын бұл коллектив онда онша үлкен емес, әйтсе де ынтымақшыл, тынымсыз, ізденістен танбайтын шығармашылық коллектив еді.
Біздің қымбатты Х.Әбілғазин, А.Аманжолов, Ж.Ү.Бегімбетов, К.Л.Бенклиянц, А.М.Басин, В.И.Вяжевич, М.З.Иванов, М.Ж.Жарасов, П.П.Кияткин, М.И.Першин, С.И.Рудый, М.М.Рутман, В.А.Степанов, М.П.Татаренко, И.М.Хымрев, И.Д.Яковлев, өздерінің адал да шығармашылық еңбектерімен көп жылдар бойы коллективті зейнеттеді. Сол үшін олар айрықша алғыс, құрметке ие болды.Бұл жерде жай қызметші персоналдар жөнінде үндемей өтуге болмайды. Олар мінсіз қызметтерімен Үкімет аппаратының жұмысын ширақ ұйымдастыруға қолқабысын нақтылы тигізіп отырды..
Министрлер Советінің аппаратынан біраз азаматтар өз еріктерімен майданға аттанды. Олар коллективтің сенімін абыроймен атқарды, сүйікті Отанының алдындағы патриоттық борыштарын бұлжытпай орындап шықты. Танк командирі Шалабаев Орынбек Отан үшін аяулы өмірін құрбан етті. Ол 1945 жылы апрель айының ақырғы күндерінің бірінде Берлин қаласында ерлік үстінде шейіт болды. Ал, Шеглав С.М. жеңіспен өзінің туған коллективіне қайта оралды.
Бізді өне бойы қуантып жүрген бір керемет жағдай бар. Біздің қырқыншы жылдардағы әріптестеріміздің кейбірі осы уақытқа дейін еңбектеніп келеді.Олар келешек үшін өздерінің өмірден жиған бай тәжрібелерін бөлісіп келеді.Бұрынғы жауынгер, кейін осы коллективте тәрбиеленгенВ.П.Кондратев қатардағы қызметкерліктен Кеңестің іс басқармасы қызметіне өсті.
Көп жылдар бойы Халық Комиссарлар Советінің – Министрлер Советінің Іс басқарушысы Дмитрий Александрович Сырцов болды. Ол жұмыс жағынан өзіне де, істес жолдастарына да қатал, совет заңына жетік, өзінің ісіне шебер адам еді. Он үш жылдан астам уақыт ішінде республика Үкіметінің қабылдаған қаулы-қарарлары жөнінде жоғарғы заң орындарынан бірде-бір ескерту болған емес. Қазақстан Үкіметінің бұл абыройында Сырцов жолдастың айтарлықтай еңбегі бар.
Тарих Төлеген Тәжібаев туралы бір-екі ауыз сөз айтуды талап етеді. Төкең – белгілі мемлекет қайраткері, көрнекті ғалым, Қазақ КСР Сыртқы істерінің тұңғыш министрі. Төлеген Тәжібайұлы бірнеше рет КСРО делегациясының құрамында Біріккен Ұлттар Ұйымының жұмысына қатынасты, Үндістандағы КСРО елшілігінде жауапты қызмет атқарды.
1941 жылы Д.А. Қонаев жолдас өндірістен тікелей Қазақ КСР халық Комиссарлар Советі Председателінің ауыр өнеркәсіп жөніндегі орынбасары қызметіне шақырылды. Он жыл осы қызметті атқарды. Содан бері қарай ол Қазақстанның экономикасында, мәдениетінде, ғылымында болған ғажайып өзгерістерді ұйымдастырушылардың бірі. Қазақстанның кейінгі отыз жылдық тарихы бұрынғы біздің әріптесіміз, бүгінгі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші секретары, КПСС Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев жолдастың атымен тікелей байланысты.
Туған Қазақстанның гүлденуіне аянбай еңбек еткен, «туған коллектив» мүшелерінің көбі қазір біздің арамызда жоқ. Бірақ олардың сіңірген еңбегі, жарқын жүздері мәңгі есімізде. Ол достардға деген рақымды сезіміміз айнымайды,олардың игі істері, есімдері қашан да жерлестерінің есінде сақтаулы екенін тағы да қайталап айтамыз.
НҰРТАС ОҢДАСЫНОВ.
(Москва, 28.05.80.)
КЕҢЕСІП ПІШКЕН ТОН КЕЛТЕ БОЛМАЙДЫ
Адамға ауа қандай үздіксіз керек болса, қоғам өмірінде тіл де сондай екені баршаға мәлім. Қоғам тіл қызметіне аса мұқтаж. Сондықтан болар, тіл мәселесі баспасөз бетінен түспей келеді, келешекте де түспейтіні анық. Бірақ, бұл жөніндегі кейбір игі бастамалар тәжірибеде кең қолдау таппай келеді. Оның себептерін алыстан іздеудің қажеті жоқ сияқты. Біреулер білімге сүйеніп пікір айтса, енді біреулер жалпы долбармен жоққа шығарып жатады. Бұл жағдай бос ерегіске, жөнсіз таласқа әкеп соғады, сөйтіп игі бастама пәтуа таба алмай көңілсіз аяқталады.
Кімге де болса белгілі, қандай іс болса да, әсіресе, тіл мәселелері сияқты күрделі істер ашу-аяңды көтере алмайды. Оларды науқандық жолмен шешуге болмайды. Мұндай мәселелер «ашу – дұшпан, ақыл – дос» дегендей, он рет өлшеп, бір рет кесуді талап етеді; кең де сыпайы түрде пікір алысуды қалайды. Сондықтан бей-берекет кетпей, әрбір пікірдің илеуі қанған соң оны ғылым таразасына салып, ең керегін сұрыптап алып, тиісті орындар ресми қабылдағаннан кейін ғана оны жалпы ұлттық термин, яки сөз ретінде қолдану үшін көпшілікке ұсыну керек. Сонда ғана «кеңесіп пішкен тон келте болмас» дегендей, тіліміз дұрыс бағытта, ойдағыдай даму жолын таба алады.
«Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған «Сөз маржаны – тереңде» атты мақаласында Б.Сарбалаев біраз сөздер төңірегінде ой қозғапты. Соған байланысты қадари-хал көмейде жүрген кейбір пікірлерімізді жұртшылық алдына тартуды біз де мақұл көрдік.
Осы жолдарды жазу алдында бірқатар елдердің сөздіктерін қарап шықтық. Одан байқалғаны – күрделі ғылым атаулары интернационалдық терминдерге айналып, олардың көбісі қазақ тіліне әлдеқашан сіңіп кеткен. Олар уақыт өткен сайын өзгере келіп, ғылымның белгілі салаларын толық қамтитын терминге айналған. Осымен қатар тағы бір айта кететін нәрсе – ғылым дамыған сайын оның салалары жіктеле беретіндігі. Бұл процесс алуан түрлі ғылымдардың өзара байланыстары мен қатынастарын (биология, биомеханизм, биомеханика, биофизика, биохимия) тереңдете түседі.
Әлбетте, ғылым аттарын ешкім қияли ойдан шығарған емес. Олардың түбірі ғылым пайда болғанға дейін халықтардың тілдерінде болған сөздер. Оларға түбір жағынан болсын, мағына жағынан болсын қай тілде болса да лайықты баламалар табуға әбден болады. Бірақ, жоғарыдағы жағдайларды еске алсақ, барлық ғылыми терминдерді қазақшалау қажет емес пе? Сәтті қалыптасып келе жатқан тілімізге оның әсері қандай болады деген заңды сұрақтар туады. Сондықтан, алдымен жақсылап кеңесіп, интернационалдық принципке сүйене отырып, бұрыннан қазақтарға белгілі (жағрафия, фәлсәфә, үнем, т.б.) терминдерді еске ала отырып, ана тілдің заңына сиятын, оның дамуына үлес қоса алатындарын сұрыптап алып, соларды ғана қазақшалау жөн сияқты.
Мәселен, поселкені қыстақ, қалашық деп алса қалай болар еді деген пікір жөнінде әлі де ойлаңқырау керек. Қазіргі кезде қалашықты «городок» мәнінде қолданып жүрміз. Бұл қай жағынан болса да дұрыс сияқты, сондықтан оны өзгертудің қажеті бар ма?
Қазақ тілінде «қыс» сөзінен шыққан қыстақ, қыстау деген екі сөз бар. Көшпелі халық қысты бір жерде өткізу мекенін қыстау деп атаған (бұл түсінік әлі де мағынасын жойған жоқ), ал отырықшы түрік халықтары далалық тұрақты мекендерін кишлак, қышлақ дейді. Осыған қарағанда, қыстақ поселкеден гөрі селоға (село – большая деревня) жақынырақ сияқты. Егер осы айтылу орынды болса, қыстақ селоның баламасына жарап қалмас па екен?
Орыс тілінде «рабочий поселок», «рабочий поселок городского типа» сияқты тіркестер бар. Бұдан поселок қалаға ұқсас елді мекен деген ұғым шықса керек. Осылай болса, онда поселок орнына қалаша (кішкентай қала) немесе кент деп алса қалай болар еді?
Көптеген елдердің тілінде «кент» – қала, қалашық, бекніс, елді мекен дегендей кең мағынада қолданылады. Қазақстандағы Манкент сияқты село, қыстақ аттары осы күндері де Орта Азияда көп кездеседі. Олар өсе келе Шымкент, Ташкент сияқты өз аттарымен қалаға айналады. «Ой ойдан шығады, ойламаса қайдан шығады» дегендей, жұмыла ойласақ поселкеге де лайықты балама табылатыны сөзсіз.
Баланың жас шақтарын сипаттайтын нәресте, бөбек, сәби, перзент сөздері құлын, тай, құнан, дөнен сияқты жас мөлшерлерін онша анық шектемеген. Оның себебі, бұл бір-біріне жақын мағыналы сөздердің түрлі тілдерден алынғандығынан болса керек. Нәресте парсыша – піспеген, жетілмеген (бала) мағынасында болса, сәби арабша ер бала, сәбия – қыз бала, перзенттің түпкі мағынасы парсыша – ұрпақ.
Кейбір сөз тіркестеріне үңілсек, олардың айырмашылығын анығырақ ажыратуға болатын сияқты. «Жасар едім жақсы той, шақырар ем Ленинді. Нәрестемнің атын қой, көр дер едім жерімді», – дейді ақын Ә.Тәжібаев. Осыған қарағанда нәресте орысша «малютка» деген мағынаны толық беріп тұр. «Ұйықтасын деп бөбегім, домбыраның қос шегін Жамбыл бабаң қағады» деген жолдардан бөлек – нәрестенің есейіңкіреген шағы екенін көреміз. Осы айтылғандар балалар мекемелерінің атауларына лайықты баламалар табуға көмектеседі. Мысалы, «детский сад» – бала бақшасы болып тілімізде қалыптасып кетті. Енді «дом малюток» – нәрестехана «детские ясли» – бөбекхана дәлме-дәл келіп тұр.
Өзбектер, қырғыздар «родильный дом» дегенді туухана деп алыпты. Қазақтар әйелді туды демейді, босанды дейді. Егер осы тәсілді қолдансақ, «родильный домның» баламасы қазақша «босанухана» болып шығар еді. Бірақ, жақында ғана ол перзентхана болып ресми қабылданды, ал Б.Сарбалаев айтқан «анаханасы» «дом матери» деген ұғымның баламасы болуы мүмкін.
Кейбір елдерде «букетті» гүлдесте дейді. Ол «гүл» және «десте» (буда гүл, байлам гүл, шоқ гүл) сөздерінен алынған. Қазақ тілінде бұлар бұрыннан бар сөздер. Гүлдесте сол даяр түрінде біздің тілімізге енген.
Букет әңгіме болғанда «венок» еске түседі. Венок – гүлдерден оралған шеңбер. Кейбіреулер оны азагүл деп жүр. Егер осылай болып алынса, венок қаралы гүл мағынасын иеленеді де, оның шеңберіне «лавровыый венок» (лавр жапырақтарынан өрген шеңбер) сыймай қалады. Веноктың ұғымы азагүлден кеңірек, сондықтан оны басқа елдердегідей шеңбергүл деп алған бәрінен де қолайлы ма деп ойлаймыз. «Сөз маржаны тереңде» деген мақалада «беседка» сөзіне «саябан» тамаша табылған балама деп ойлаймыз» делінген екен, бұл біздің көңілімізді бір жадыратып тастады. «Саябан» ана тілдің қоймасынан орын алуына әбден татырлық балама. Мұнда айта кететін бір жағдай, «саябан» кең мағыналы сөз.
Пляж – суға шомылуға қолайлы жайпақ жаға. Сабат – бастырма, жабық галерея, екі үйдің арасындағы жабық жол; 2) ауыспалы мағынада – салқын орын. «Кигізген олар тонды тоғыз қабат, жай беріп жоғарыдан салқын сабат...» (Тұрмағамбет). «Бұрын көктем шыға қалың елмен қаптай көшіп, кең жайлау, салқын сабатқа үй тігетін (Ә.Нұрпейісов). Сабат бұрыннан қазақтарға өз мағынасымен белгілі сөз, сондықтан ол пляжға балама бола алмайды, егер оған басқа келісімді сөз табылмаса, онда жағажай деп алса ерсі емес. Осы пікірді «Социалистік Қазақстанның» (5 август, 1975 ж.). «Анау күміс топырақты қайраңдағы жағажай сансыз адамнан, балалардан босамайдысы» дәлелдеп тұрған сияқты.
Дача – дать, давать – беру етістігінен шыққан көп мағыналы сөз. Оның бір мағынасы – қаланың сыртындағы жазда тұратын, демалатын үй, жай. Дачаны мағына жағынан болмаса, түбіріне қарап аударуға болмайды. Көп елдерде оны жазғы үй деп атаулары осы пікірді қуаттап тұрғандай. Қорыта келгенде, қазақ тілінде дачаға ең қолайлы балама – жазхана.
Гүлзар оазиске келмесе керек. Оның себебі: гүлзардағы «зар» – бір нәрсенің көптігін, молдығын көрсететін сөз, жұрнақ. Алмазар (алма бағы), тұтзар (тұт ағаштарының плантациясы), көшетзар (көшеттер өсетін орын, гүл өскен жер, алаң). Көп елдерде, сондай-ақ қазақ тілінде «гүлзар» – «цветник» мағынасында қолданылып кеткен. Оазис – шөлдегі, сахарадағы көгі және суы бар жер. Оазис шын мәнінде көгал, көгалдыр деп алса дәлме-дәл келеді.
Енді жоғарыдағы айтылғандарға қосымша, халықтың кәдесіне жарап қалар ма екен деген ниетпен, һәм жұртшылықпен кең пікір алысу мақсатымен көптен бері жиналған материалдардан қазақ сөздіктерінде жоқ кейбір сөздердің баламаларын ұсынғымыз келеді.
Әскерхана – әскерлер тұратын арнайы ғимарат, жай, казарма.
Бағанама – сатылатын нәрселердің атын және бағасын көрсететін тізім, прейскурант.
Бажхана – мемлекет шекарасынан өтетін товар-мүліктерді тексеріп, ол үшін белгіленген баж салығын алып тұратын мекеме, жай, таможня.
Бұлқын – су, әуе кемелерінің және автомашинаның жүрісін басқаратын тетік, руль, кормило. Сыр қазақтары қайықтың рулін бұлқын дейді. Осыдан: бұлқыншы – кормчий, рулевой.
Гүлқағаз – үйдің қабырғасына жапсыратын әшекейлі қағаз, кейде мата, обои.
Дәріс – оқытушының белгілі бір тақырыпқа арнаулы оқыған сабағының баяндалуы, лекция.
Дәрісхана – дәрістерге, баяндамаларға арналған үлкен бөлме, аудитория, лекторий.
Жарақхана – қару-жарақ сақтайтын орын, қойма, арсенал.
Жылыхана – қыста, күзде түрлі өсімдіктерді өсіретін жылы жай, теплица.
Зертас – жеке-жеке алуан түсті, әр түрлі материалдан жасалған және бір-біріне тығыз қалап салынған нақыш, бір нәрсенің суреті, мозайка.
Кәсіби – бір іспен тұрақты шұғылданушы, сол істі өзінің кәсібіне айналдырған адам, профессионал.
Көшетхана – өсімдіктердің ұрығынан көшеттер өсіретін жай, орын, рассадник.
Керней – мұржа, труба. Қазақстанның кейбір облыстарында, әсіресе, Оңтүстік қазақстары самаурынның, пештің трубаларын ежелден керней дейді. «Ерте тұрған Елекең екі пештің кернейін оңдап қойыпты» (Ғ.Ибрагимов). Кернейдің кішірейген түрі – кернейше – түтік, трубочка, трубка.
Қарабура – құрылыс жұмыстарында сазды, батпақты жерге жол төсеуге, суды тоқтату үшін тоған, бөгет салуда қолданылатын, арасына тас, топырақ салған бума қамыс, шыбық, фашина. Түстік Қазақстанда қарабураны білмейтін адам жоқ.
Мәлік – кейбір буржуазиялық мемлекеттердегі патшаның бір атағы, патшалық титул, монарх титулы, король. Мәлік қазақтарға бұрыннан таныс сөз.
Мәлике – әйел патша, мәліктің әйелі, королева.
Парадоз – 1) ысып жылтырату, қырып өңдеу, әдемілеу, ажарлау; 2) опа-бояу, беттің әрін, ажарын кіргізетін бояу, косметика. «Оның табиғи нұры пардозбен он рет арта түсті», («Мың бір түн»). Түстікте пардоз дейді.
Нарықнама – товарлардың сатып алу және сату бағасын есептеу, калькуляция.
Себет – зат салу үшін арнайы жас шыбықтардан өрілген бұйым, корзина. «Қолдағы толы себеттерін төбесіне қойған адамдар» (Айбек). «Ол себетін алып, базарға барып ет, сәбізін әкелді» («Мың бір түн»).
Сүдігер – келесі көктемде егілетін тәліми дақылдар үшін күзде айдалған жер, зябь. «Қырбық қардың әр жерінен сүдігердің қара кесектері қылтиды» (Бек). «Қыстыгүні.., панасы жоқ сүдігер жайсыз еді» (М.Әуезов).
Тамақхана – тамақ, ас, тағам қабылдайтын орын, столовая. Бұрынғы көшпелі халықтың барлық үй-тіршілігі бір ғана киіз үйдің шеңберінде атқарылған. Енді қаланың да, даланың да қазақтары көп бөлмелі пәтерлерде, үйлерде тұрады, әр бөлмені арнайы пайдалнады. Олардың өздеріне лайықты атаулары бар. Бірақ та осы күнге дейін «кухня» мен «столоваяны» айыра алмай, екеуін де «асхана» деп жүрміз. Осы 8 августа «Лениншіл жас» бетінде «асханасы мен кухнясы жаңа талапқа сай» деген жолдарды оқыдық, оларға айдар тағу уақыты жеткен сияқты. Кейбір түркі елдерінде «кухня» – ашпазхана, «столовая» – ашхана». Оқылған қазақ әдебиеттерінде «аспазхана» кездеспеді. «Жұлдыздың» (1сан, 144-бет, 1975 ж.) бетінде «столовая» мағынасында «тағамхана» деген сөзге бір-ақ рет кездестік. Осы айтылғандарды қорыта келе, «кухня» – «асхана», «столовая» – «тамақхана» деп алынса дұрыс болмас па екен деген пікір туады. Асханаға қарсылық болмаса керек, ол халыққа бұрыннан белгілі сөз, ал тамақхана туралы ұсыныс әдеби тілімізде әбден қалыптасып кеткен «тамақ өнеркәсібі», «қоғамдық тамақтандыру» сияқты ұғымдарға сүйеніп жасалуы мүмкін нәрседей көрінеді.
Талапнама – 1) бірдемені хат арқылы талап ету; 2) келісе алмауға байланысты мекеме, мемлекет тарапынан қойылатын ресми талап, требование.
Тамашахана – ойын-сауық көрсететін, тамашалайтын орын – место зрелищ; тамашаханалар – зрелищные предприятия.
Танап – жердің бір бөлек кесіндісі, участок. Тәнаб арабша – жіп, арқан. Ол Орта Азияға жер өлшейтін өлшем мағынасында келді. Қазіргі қазақ тілінде танап,, жер бөлшегі, участок мағынасында қолданылып кетті. «Әлішер бірнеше танап жерді алып жатқан үлкен гүл алаңына жетті» (Айбек). «Сырбай алдағы жылда егін себетін танабына су апаратын арықты қазуға кірісті» (С.Мұқанов).
Тәбәрік – ұмытылмас үшін беретін сыйлық, сувенир.
Тәбәррок арабша – 1) бата сұрау; 2) ауыспалы мағынада – аса құрметті (кітап); 3) есте қалатын (құрметті кісіден қалған, немесе сауғаға берген зат, бұйым). «Американдарды ежелгі заман ескерткішіне апарыпты, оларға перғауын заманынан қалған бұйымдардан тәбәрік алып қайтуына көмектесіпті» («Түн сыры»). «мырзалар тойға келген тамақ ішті, той асын тәбәрікке балап ішті» (К.Әзірбаев). Қазақ тілінде тәбәріктің кейде тәбәрік, теберік деген нұсқалары да кездеседі. «Әрине әулет болсаң, теберіксің» (Қаңлы Жүсіп). «Науанның алғаш рет мөр басқан жері соңынан теберік орын болып қалған» (Айбек).
Тілекнама – 1) бір нәрсеге өзінің правосы жөнінде мәлімдеу; 2) өзіне қажет нәрсе туралы (ақша, материал) өтініш білдіру, заявка.
Ұстын – ғимараттың жоғарғы, ішкі жағының және маңдайшаның салмағын көтеріп тұратын дөңгелек биік сәулетті бина, колонна. «Ұстын мешітке түзу керек, қисық ағаш бұралар неше бөлек» (Молда Мұса).
Шипахана – санаторий сияқты сауықтандыратын орын, здравница.
Біз бұл сөздерді көпшілік кәдесіне жарап қалар деген ниетпен ұсынып отырмыз. Ал, әдебиетшілер, тіл мамандары тарапынан пікір білдіретіндер болса, ортақ іске пайдасы тиері де ақиқат.
«Қазақ әдебиеті», 3 қазан, 1975 жыл. Москва қаласы.
ТАҒЫ ДА ТІЛ МӘДЕНИЕТІ ЖАЙЫНДА
«Жері байдың – тілі бай» дегендей, қазақ халқының тілі өзінше бай тіл екені бұрыннан белгілі. Енді сол тіліміз совет дәуірінде мықтап өскеніне қазіргі ұрпақтың өзі куә, ал оның әрі қарай қарыштап дами берері де даусыз.
Қазақ тілінің ғылыми-теорилық дамуы жолында тіл мамандары көптеген игі жұмыстар атқарды. Ғалымдарымыздың өздері өскен сайын тіл ғылымының да сапасы артып, мәдениеті көтеріле бермек.
Қазір қазақтың әдеби тілі қалыптасып, бір үлкен арнаға түскені сөзсіз. Бірақ, солай бола тұрса да ойлап қарасақ, тіл мәдениетін көтеру, оның теориясын шыңдау жолында әлі де істелетін көп жұмыстар бар сияқты.
Біз бүгінде үлкен мәдениетті ел болдық. Мәдениетті халыққа жарасымды мәдени тіл және ат төбеліндей, айқын жазба лайық. Уақыт талабына сай бұл мәселе күн тәртібіне нақтылы қойылып отыр.
Өзін сыйлайтын, ана тілін қадірлейтін әрбір азамат мәнерлі сөйлеуге, сауатты жазуға тырысады. Сол тілдің ғылым негізінде жасалған емле ережелерін басшылыққа алады. Біздің жазуда қолданатынымыз қазақ тілінің заңдары мен нормаларына сәйкес Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумы 1957 жылы бекіткен «Қазақ тілі орфографиясының ережелері» және соларға сүйеніп жасалған «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі».
Қолдағы бар ғылыми жүйеленген емле ережелері сауатты жазуға толық мүмкіндік туғызады. Осыған қарамастан баспа беттерінде жазудың алақұлалығы жиі кездесіп жүр. Бұл жағдай жалпы оқырмандарды адастырып болды, әсіресе, мектептерде мұғалімдер мен оқушыларға кешірмес обал жасап келеді.
«Қазақ мектептерінде оқыту жұмыстары нашар, оларды бітіргендер шала сауатты болып шығады» деген сияқты сөздерді жиі естиміз. Расында, олардың жұмыстарында әлі де болса кемшіліктер аз емес. Бірақ, солардың бәріне мұғалімдер мен шәкірттер ғана айыпты ма? «Не ексең, соны орасың» деп бекерге айтылмаған. Баспа беттерінде жазу бірыңғайлы болмайынша, ешкімнен сауатты жазуды талап ету мүмкін емес.
Достарыңызбен бөлісу: |