Бірінші бөлім
Уақыт тағылымы
(Өмірбаяндық деректер және тіл туралы зерттеулер мен толғаныстар)
ҚЫСҚАША ӨМІРБАЯН1
Ата-анамның айтуынша мен, Нұртас Дәндібайұлы Оңдасынов, 1904 жылдың 26 қазанында Түркістан ауданындағы «Үшқайық» ауылында кедей шаруасында дүниеге келіппін. Туған анам – Жұмагүл менің 3-4 жасымда дүние салыпты. Мен екінші анам – Дәрігүлдің қолында тәрбиелендім. Ол топырағы торқа болғыр өте жақсы кісі еді, сондықтан мен туған ана мен өгей ананың айырмашылығын білмей өстім.
Бір күні анам бір таба нан пісіріп, оның үстіне сомдық күміс ақша салып, оларды орап, мені қолымнан жетектеп ауыл молдасына алып барды. «Мынау біздің кенжеміз. Біз қартайдық. Үйде хат танитын ешкім жоқ. Баланың сүйегі біздікі, еті сіздікі, оған құран оқуын үйретіңіз», – деп өтінішін білдірді. Бұл жағдай осы уақытқа дейін менің өмірімдегі бірінші күрделі оқиға ретінде жадымда сақталып келді. Екі жылда хат танып, қисса сияқты кітаптарды оқуды үйрендім. Сол кезде алған білімім пенсияға шыққаннан кейін қазақ тіліне енген араб-парсы сөздерінің түсіндірме сөздіктерін жазуға нақтылы көмегін тигізді.
Бірінші жаһангерлік соғысы жүріп жатты. Қалың бұқараның ауыр хал-жағдайы күн сайын нашарлана түсті. Оның үстіне 1916 жылдың 25 маусымдағы патша жарлығына сәйкес бұратана халықтардың жұмысқа жарайтын азаматтары майдандағы қара жұмысқа алынды. Байлардың, төрелердің балалары үйлерінде қалды. Барлық қиындық жүгінің салмағы кедейлердің мойнына түсті. Біз де кебенегін киген Көбелек деген ағамызды қиыр жолға шығарып салып, жылап-сықтап қала бердік.
1917 жылы бір тамшы жауын болмай, қатты құрғақшылық болды. Жылына екі рет таситын Сырдарияның суы сағасынан шықпай қалды. Қанша елді және оның миллиондаған бас малын асырап келген егістіктері, майса шабындықтары, байтақ жайылымдары шөлге айналды, қыс аса қатты болды. Осылар сияқты жағымсыз құбылыстардың салдарынан тұрақты суармалы жері жоқ қазақтар адам айтқысыз жұтқа ұшырады, қара шыбындай қырылды. Біздің әкеміз де бірнеше балалары – немерелерімен сол жұттың құрбаны болды. Бұл сұмдық қара жыл «Ақтабан шұбырындыдай» қазақ халқының есінде «Жылан жылы», – деп аталып қалды.
Жаппай ашаршылықтан тірі қалғандары жан-жаққа босып кетті. Біз де Ташкент тарапына қарай көшіп кеттік. Бір мезгіл «Келес» деген жерде аттарға жәрдем пунктінде тамақтанып, әліміз келгенше мақта теріп, қыста байлардың қорасын тазалап, бос уақытта күнде болып жатқан тойлардан қосымша нәр алып, өлімнен аман қалдық.
Өзінің сәулесін мол шашып көктем де келді, жылындық. Жүн заводына, одан кейін Ташкент темір жолының қыш заводына қара жұмысшы болып орналастым.
Ташкентте жетім балаларға арналған мектептер ашылыпты деген ұзын құлақ хабары бізге де жетті. Мен 1920 жылдың тамыз айында солардың бірі – 14 интернатқа барып, оқуға түстім.
Кейін білдік бұл интернаттар Ғани Мұратбаев бастаған сол кездегі зиялы жастардың күшімен ұйымдастырылған екен. Бізге интернатта орыс тілінен тұңғыш сабақты Ғани ағай берді. Ол қасиетті Лениннің аты-жөнін дұрыс жазуды үйретті.
Мен 1921 жылы сәуір айында интернат жанында Ғани Мұратбаев ұйымдастырған комсомол ұясында мүшелікке қабылдандым. Коммунистік партия қатарында 1926 жылдан берімін. Міне, содан бері аттай 60 жыл өтті.
1927 жылы Ташкенттегі Қазақ орман шаруашылығы техникумын тамамдап, 1930 жылға дейін орман және су шаруашылықтары салаларында өз мамандығым бойынша қызмет атқардым.
1930-1934 жылдар арасында Ташкенттегі ортаазиялық су инженерлері институтында оқыдым, одан практикалық қызметке ауыстырылдым. 1934-1938 жылдары Қазақстанда қайтадан орман шаруашылығында басшы қызметте болдым.
1938 жылдың ақпан айында совет жұмысына алынып, Шығыс Қазақстан облыстық Советтер атқару комитетін басқаруға Семейге бардым. Онда Қазақстан КП облыстық комитетінің бюро мүшесі, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты, Қазақстан КП ІІ съезіне делегат болып сайландым.
Сол жылғы шілде айында Қазақстан КП ОК Бюро мүшелігіне өтіп, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің бірінші сессиясында Қазақ ССР Үкіметінің Төрағасы болып тағайындалдым. Бұл қызметті 1951 жылдың қазан айына дейін атқардым.
1951-1953 жылдары КПСС ОК жанындағы Жоғарғы партия мектебінде оқыдым.
1954 жылдың наурыз айында Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының Төрағалығына сайландым. Қалың бұқараға жақынырақ жерге сұранып, бұл қызметтен босандым.
Кейінгі 7 жылым Гурьевте өтті. Онда 2 жыл облыстық Советтер атқару комитетінің төрағалық, 5 жыл Қазақстан КП Гурьев облыстық комитетінің бірінші хатшы қызметін атқарып, содан, аман-есен партия және халық алдында есебімді беріп, 1962 жылы пенсияға шықтым.
Сөйтіп, 25 жылдай өмірім совет – партия қызметіне жұмсалды. Шүкір, партия мен халықтың сеніміне бөлендім. 25 жыл (1938-1963) Қазақ ССР Жоғарғы Советінің, 18 жыл (1940-1958) ССР Жоғарғы Советінің депутаты, СССР Ұлттар Советі Председателінің орынбасары (1946-1950), СССР Жоғарғы Советі Президиумы Председателінің орынбасары (1954-1958) болдым.
26 жыл Қазақстан КП (1938-1964) ОК және 14 жыл (1938-1951, 1954-1955) оның бюро мүшесі, КПСС ХVІІІ, ХХІІ, ХХІІІ съездері мен оның ХVІІІ конференциясының делегаты, 13 жыл (1939-1952) КПСС Орталық Тексеру Комиссиясының мүшесі.
Сүйікті Отаным мені үш рет Ленин орденімен, екі рет Еңбек Қызыл Ту орденімен, көптеген медальдармен, Құрметті грамоталармен наградтады.
Пенсияға шыққаннан бері ғылыми-әдеби жұмыспен шұғылданудамын. ІІІ томдық «Парсыша-қазақша түсіндірме сөздіктерінің» қолжазбалары аяқталынды, 30 шамалы әдеби-ғылыми мақалалар газет-журнал беттерінде жарық көрді. Әлі де еңбек үстіндемін.
Осымен қатар, елдің қоғамдық өміріне қадари-хал қатынасып отырамын. Қазір КПСС ОК жанындағы марксизм-ленинизм институты жанындағы қарт коммунистер Тарихи-әдеби бірлестігінің бюро мүшесімін және оның Қазақ секциясының бастық міндеттерін атқарамын.
Н.Оңдасынов, Москва қаласы, 20.11.86.
(өз қолымен жазылған)
НҰРТАС ОҢДАСЫНОВ:
МЕН ТҮРКІСТАННЫҢ ТҮЛЕГІМІН
«Әлқисса, көнекөз қариялардың айтуына қарағанда әкем мен шешемнің Түркістан темір жол станциясы құрылысында істеп жүрген кездерінде, яғни, 1904 жылы қазан айының 26 жұлдызында мен дүниеге келіппін. Бүгінгі уақыт төрінен қарап отырсам, мен сол станциямен түйдей құрдас екенмін.
Өткен күннің бәрі елес, естелік. Балалық шақтың, жігіттік дәуірдің әр күні қызық-ау. Өйткені, өмірдің шыжығынан көрі қызығы молдау кезең ғой ол бір.
Алайда, мен өмірдің қайғылы оқиғасымен де ерте жолықтым. Ол оқиға — туған анам Жұмагүлдің бір түннің ішінде дүниеден өтуі еді...
Қыстың күні болуы керек, күн салқындау болатын. Біз бала-шаға ошақ басында жылынып отырған болатынбыз. Бір кезде анам қатты сырқаттанып тұрмын деп, құманда қайнап тұрған ыстық суға шайдың орнына дермене салып ішті. Ал, дермене дегеніңіз тек Оңтүстік Қазақ-станның Бөген ауданында өсетін, халық арасында емдік, дәрілік қасиетімен жоғары бағаланатын жусан текті өсімдік.
Біз — балалар ымырт үйірілісімен жатып қалдық. Түн ортасында ақырзаман келгендей у-шудан оянып кеттік. Көзімді ашсам, анам керулі арқанға асылып тұр екен. Біз, балалары шу етіп жылап жібердік, бізге қосылып үлкендер де көзіне жас алды. Байғұс анам жаны қиналып тұрса да бізге жаутаң-жаутаң қарап, бір нәрсе айтқысы келгендей қарағыштай берді. Ересек адамдар бізді жұбатып қайта жатқызды. Таңертең тұрсақ, үй толған адам. Апам қамыс кепенің оң жағында, ақ киізбен жабулы жатыр екен. Біз, балалары "Апалап!" айқайлап жылап жібердік. Жылап отырған әйелдер мені қолма-қол көтеріп алып, бірі маңдайымнан сипап, енді бірі арқамнан қағып аяушылық білдіріп, аяулы анамның орнын толтырмақ болып, бар мейірім-шапағатын төгіп жатыр. (Иманды болғырлар, бұл күнде олар да дүниеден өтіп кетті). Амал не? Осылай ойламаған жерден ең жақын, ең қымбат, бұл дүниеде еш нәрсемен орны толмайтын, ақ сүтін берген аяулы анамыздан айырылып қала бердік.
Бір өкінерлік жағдай – анамның түр-келбеті есімде қалмапты. Туған ауылға барған сайын Ақмолаға барып, зиратты баппен аралап шығамын. Өзіме ғана аян сан арман, мың қиял. Анамның ақ дидарын көріп қалам ба деген шындыққа жанаспайтын шайтан үміт солай қарай жетелейді де тұрады мені. Қанша есейіп кетсең де ананың аяулы алақанын аңсап тұратының адамдық қасиет болар, сірә бұл.
Біздің ата-аналарымыз Мырзакүлдің қыстауында қыстайды екен. (Қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан ауданы, Нұртас атындағы ауылдың күнбатыс тұсы). Ол – Жайылма мен Сырдың арасын алып жатқан шаруаға аса қолайлы жер. Оның Жайылма жағы егістікке, қыр жағы – малға, әсіресе, Шопан ата мен Ойсыл қараға қысы-жазы бірдей жақсы жайылым.
Бұл жақтың қысы кей жылдары қатты болып, қара суықтан қара жердің өзі тілген қауындай тілім-тілім болып, жарылып кетеді. Ақпанның аяқ кезінде желдің бағыты өзгереді. Қызылқұмнан соққан қоңыр жел бірнеше күннің ішінде қыстай үйіліп, қатып жатқан қарды жоқ қылады. Ондай желді қазақтар "Алтын күрек!" дейді. "Алтын күрек" желі табиғаттың ерекше құбылысы — "асыға күткен көктемің келді, оны жарқын жүзбен қарсы ал!" — деген хабаршыдай.
Түркістанның түстік жағы — Сыр бойына басқалардан көрі көктем ерте келеді. Өте қысқа мерзімде ауа райы ысып, жазға айналып кетеді. Сол аз күндік көктемде жер нұрланып, қызғалдақ, сарғалдақ, жабайы жуа, алуан түрлі өсімдіктер қаулап шығады да, дала шебер қолдан шыққан кілемдей жайнап-ақ кетеді. Сөйтіп, дала тіршіліктің жұмағына айналады. Қыс бойы көкті сағынған барлық жан-жануарлар қыр-қыратты қуалай жайылады.
Әлі есімде сондай күндері балалар топ-топқа бөлініп, қырға шығып, көкке аунап-қунап, қаулап шыққан жас жуаны жарыса теріп, оны құмарта жеп, тағы керегінше үйге де ала келіп, турап, айранға қосып жейтінбіз. Жуа — құрқұлақ, тіс етінің қабыну ауруларына бірден-бір емдік қасиеті бар өсімдік. Оның бұл қасиетін халық бағзы замандарда-ақ білген, әрі пайдаланған.
Үлкен атамыз Дәндібай – жамағатымен бақытқа бөленіп, көп жасап өткен кісі. Менің анам Жұмагүл сол атамыздың сүйікті келіндерінің бірі болған. Анамыз Жұмагүлдің бірінші күйеуі дүниеден қайтып, Мәрия, Бәтима деген екі қызымен және Қозыбай деген ұлымен жесір қалады. Кейіннен қазақтың әмеңгерлік салтына сәйкес қайнағасы, яғни, менің әкем — Оңдасынмен қосылады.(Түсініктеме. Нұртастың өз әкесі Оңдасын, ал, Дәндібай – атасы. Кезінде қате кетіп, ауысып жазылған. Авт.Г.О.) Онымен тату-тәтті тұрады.
Күндердің күнінде апам жалғыз ұлынан айырылып, зарлап қалады. Оның орнын толтыратын ұл тілейді құдайдан. Бірақ, ұлдың орнына Әлима, одан кейін Сәлима әпкелерім өмірге келеді. Анам арманына жете алмай қатты қиналады, сары уайымға батады. Үмітсіз шайтан ғана ғой, апам арманының ертелі-кеш орындалатынына сенеді, болашақтан күдер үзбейді. Сөйтіп, қиналып жүргенде байғұс анамның ақ тілегі қабыл болып, екі қыздан кейін Оңдасыннан үшінші перзент — мені табады. Менің ата-анамның естен кетпес бұл қуанышына барлық ағайын-туыстары өздерінің шын ниеттерін білдіріп, ақ баталарын беріп, Құдайдың берген ұлы ғой, оның ең сенімді елшісі болғай деп маған "Нұрмұхаммед" — деп, азан шақыртып ат қояды. Қазекем оны күнде шұбалтып айтып жатсын ба, "Нұр" деген түбірін қалдырып, өмірі тастай берік болсын деген ниетпен "Нұртас" атап кеткен екен. Кейін осылай болып құжатқа жазылып кетті.
Сөйтіп, бір түнде дүниеден өткен Жұмагүлдің жетім ұрпақтарын өгей анамыз — Дәрігүл өз тәрбиесіне алды. Туған ананың жөні басқа ғой, бірақ біз ол кісіден бір ретте өгейшілікті сезген емеспіз. Дәрекең (Дәрігүл) жаратылысынан аналық мейірімі мол адам еді, өмірінің соңына дейін сол қасиетінен айнымай-ақ кетті. Алғашқы күннен бастап өз анамыздай жылы құшағына алып, аялы алақанының ыстық табын аяған емес бізден. Әр кез асыл ананың аруағынан айнала отырып еске аламын.
Ол анамның бір қасиеті – өзі қайда барса да мені қасынан тастамайтын. Бір жерге қонаққа немесе қыдырып барғанда: "Мынау қай балаң?" — деп сұрайтындарға Дәкеңнен бұрын өзгелер: "Ақ қатынның баласы ғой", – деп, жауап қайырып жататын. Ондайда: "Е, айналайын-ай, ержетіп қалыпты ғой, жасы ұзақ болсын!" — деп, ақ жаулықты аналар ықыласын аямайтын. Мен болсам алғашқы кезде "ақ қатын" сөзіне мән беріп, түсіне қойған жоқпын. Кейін есейіп ес кіргенде бұған ой жіберіңкіреп қарасам, Жұмагүл анама ел-жұрттың өзінше көрсеткен құрметі екен. Жұрттың айтуына қарағанда анамның адамгершілігі мол, сонымен қатар он саусағынан өнері тамған шебер де болыпты. Тон, киім-кешекті пішіп, тігу, үй мүлкін, жиһазын жасау, алуан түсті жез ши орау, бау-басқұр, кілем тоқудың асқан шебері болыпты. Мұны көз көрген абысын-ажындары бүгінге дейін аңыз етіп айтып отырады. Сол өнерінің арқасында ауылдастарына аса құрметті, сыйлы болыпты да.
Күндер өтіп жатты. Анау-мынау дегенше мен жеті-сегізге келіп қалыппын. Бір күні шешем бір таба нан пісіріп, оның үстіне бір сом ақша қойып, таза орамалға орап, мені жетектеп, жеті-сегіз шақырымдай жердегі мешіт имамы Керімқұл молдаға алып барды. Сәлемдесіп болғаннан кейін шешем: "Молдеке! Біздің көп жанды үйімізде бірде-бір сауатты адам жоқ. Біз болсақ қартайдық. Мына кенжетайымыздың "еті сіздікі, сүйегі біздікі" дегендей, қалай болғанда да қара танытып, келешекте ата-анасына құран түсіре алатындай етіп, сауатын ашып беріңіз", — деп, өтінішін айтты. Сол күннен бастап менің ата мен ана, содан кейін келе халық алдындағы перзенттік парызым, жауапкершілігім басталған еді. Келесі жылы әкем мен шешем мектепке жақын деп әдейі Ақжігіттің қыстауына келіп қоныстанды. Бұл менің оқуға қатты кірісіп кетуіме мүмкіндік берді.
Молдекең шәкірттеріне хат жазуды үйретпейді. Арабша әліпбиді өткеннен кейін, бірден әптиектің, одан әрі құранның сүрелерін оқытып, жаттатуға кіріседі екен. Мен мектеп сабағын ойдағыдай игеріп жүрдім. Оның үстіне менің тағы бір жолымның болғаны – біздің ауылда хат танитын бір ғана Әділбек деген немере ағамыз болды. Ауылдастары оған түрлі хат жаздырып алатын, қыстың ұзақ түндерінде қисса оқытатын. Мен сабақтан қолым босағанда оның жазған хаттарына үңіліп, қиссаларын жалықпай тыңдайтынмын. Әріптерге көзім қанып, дауыстап оқылған кітаптардың мазмұны құлағыма сіңіп, бара-бара Әділбек ағай жазуды да, оқуды да маған тапсыратын болды. Оны әсте-әсте үйрене бастадым, сөйтіп, бір-екі жылдың ішінде сауатым ашылып, жазуды айтарлықтай меңгердім, кітапты суылдатып оқитын дәрежеге жеттім. Бала кезімде-ақ "Алпамыс", "Қыз-Жібек", "Айман-Шолпан", "Көрұғлы", "Дариға", "Ләйлі-Мәжнүн", "Зарқұм" сияқты қиссаларды, Молда Мұса және басқа ақындардың өлеңдерін оқып, ауыл адамдарын қарық қылып жүрдім. Ондайда үлкендер батасын аямай-ақ жаудыратын. Менің сол кездегі білімім кейіннен Ахмет Байтұрсыновтың жасаған жаңа қазақ емлесін тез игеруіме септігін тигізді.
Жарты ғасырдан соң, пенсияда жүріп, "Арабша-қазақша түсіндірме сөздік" пен "Парсыша-қазақша түсіндірме сөздіктерді" жазып шығуыма сол алған білімім негіз болды.
Енді ұстазым Керімқұл молда жөнінде бір-екі ауыз сөз. Молдекең сол жердің адамы, бірақ қайда оқыды, қайдан білім алды бізге белгісіз. Біз оқып жүрген кезде ұстазымның бір ат, бір сиыры, он шақты қой-ешкісі болды. Кедей бола тұрса да адал адамның жат жолмен дүние жиғанын сезіп те, көрген де емеспін. Бір кісінің аузынан Керімқұл молдаға бағышталған: "Молданың істегенін істеме, айтқанын істе", — деген сияқты уытты, астарлы сөзді есіткен емеспіз. Жұртты алалаған емес, үйіне шақырғандарға бар-жоғына қарамай шын ықыласымен баратын, артық талап етпейтін, бергендерін ризалықпен алатын. Қысқасы, Керекең өзінің кішіпейілдігімен, сыпайылығымен, адалдығымен, үлкен адамгершілігімен қалың бұқараның құрметтісі болып дүниеден өтті. Кейінгі кезде біз "молда" деген сөзді естісек, денеміз түршігіп, жек көретін болдық. Оның басты себебі — арабтың бұл сөзін тек дін қызметкері деген мағынада бір жақты түсінгендігімізден.
Ал, бұл сөз өз мағынасында сауатты, оқымысты, білімді, ұстаз деген кеңірек мағынаны білдіреді. Мысалы, Мұса ақын молдашылық қылмаған, сауатты, білімділігіне қарап халық "Молда Мұса" деп атап кеткен. Айталық, хат жазу мен кітап оқуды үйренгеннен кейін-ақ, мен де ауылда "молда бала" атанып кеткенмін.
Үлкен кісілер балаларға жақсы ниет білдіргенде білімді бол деген мағынада "Молда бол!" деп бата береді. Арабша молданың көпше түрі — "улама (ұлама)", оның қазақшасы— "ғұлама". Біздіңше ғұлама сөзінің үлкен ғалым мағынасында жүретінін елдің бәрі де біледі. Бұл мысалды жоғарыда айтылған ойымды айқындай түсу үшін келтіріп отырмын.
Молдалар да адам. Ал, адамға пендешілік, күпірлік тән. Олардың бәріне бір биіктен қарауға болмайды, әрине. Дегенмен, олар қазақ халқының мәдениеті мен әдебиетінің дамуына өзіндік үлес қосты. Бір кездері қазақ даласында революциядан бұрын екі-ақ процент сауаттылар болған деген жаңсақ пікір айтылды. Бұған мен еш қосыла алмаймын. Ол – ұйысқан қазақ арасында жүрген әлгі Керімқұл сияқты ауыл молдаларын санатқа алмай айтылған жаңсақ пікір. Сондай ауыл молдаларынан сабақ алып шыққан шәкірттер қаншама. Олардың бәрі араб, парсы, қытай халықтарының мәдениеті, әдебиеті, өнерінің қазақ арасына кеңінен таралуына септігін тигізіп, ұлттық өнердің баюына үнемі ықпал етіп отырған. Қорыта келгенде менің айтайын дегенім, имам-молланы құбыжық көрмей, қайта олардың қызметінің мән-мағынасын жақсы түсініп, көне сөздердің бәрінен үрікпей, дұрыс та, орынды пайдалана білу керек.
Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, біздің бабаларымыз Сырдария, Қаратауға Жиделі-Байсыннан көшіп келген екен. Бала кезімде осындай әңгімелерді көп есіткен едім. Бірақ, қарттар қай заманда, қалай, неге қоныс аударды, оның себептерін ашуға онша бара бермейтін. Онысы тарихты жете білмегендіктен болар деп топшылаймын, өз басым.
Осымен қатар, мен үшін өте бір қызықты жайт — ауыл қарттарының өткен-кеткен оқиғаларды ұзақ-сонар әңгіме-дүкен етіп отыратыны. Сондай аңыз-әңгімелердің бірі — "Өгіз арық". Ол былай басталады. Бір замандарда Сырдың сол жағында Шыназдан (Ташкенттің түстік жағында) Арал теңізіне дейін созылған аса үлкен "Өгіз арық" деген болыпты дейді сол аңызда.
Ал, жергілікті халықтың ұғымынша "Өгіз арық" әуелде былайша пайда болған деседі.
Шыназдықтар көктемде егін салып жатқанда, түс әлетінде бір дихан қос өгізін дамылдатып, шөпке қояды. Өзі де шамалы демалмақ болып қисаяды да, сол күйі ұйықтап кетеді. Біраздан кейін қожасыз қалған өгіздер жер-ағашты сүйреп, төмен жаққа қарай жүріп кетеді. Содан Аралдың жанына барып бір-ақ тоқтайды. Жерағаштың тісімен жыртылған жер арнаға айналады. Онымен Сырдың суы аға бастайды. Халық суға қарық болып, оның айналасына егін, мал өсіріп, мәз-мейрам болады да қалады. Сол үлкен арнаны ел "Өгіз арық" деп атап кетеді. Ел арасындағы осы арыққа байланысты аңыз-әңгіменің ұзын ырғасы осы ғана.
Бір кездері Орталық Қазақстан мен Орта Азияда (Оғыз) түркі тайпаларының өмір сүргені тарихтан белгілі. Олай болса жоғарыда әңгіме болған "Өгіз арықтың" аталуы "өгіз" жануарына емес, сол "Оғыз" тайпасына тікелей байланысты ма деймін. Кім білсін, ғасырлар қойнауына кеткен ол күндердің шындығына көңіл жеткенмен көз жеткізу қиындау ғой бізге...
Бірде мен 11-12 жасымда шешеммен Қызылқұм жақтағы жекжаттарға қонаққа бара жатқанда, қанша ғасырдан бері құм басып жатқан сол арықтың арнасына түсіп кеткенімде бойым көрінбей кеткен еді. Кезінде ол арықтың айналасы жайнаған егін, халық жиі-жиі қоныстанатын мекен-жай, кент, қалалар болған екен. Олардың көбісінің орындары осы уақытқа дейін сақталған, олардың біразын мен өз көзіммен көрдім. Аңызға сүйенсек, бұл елдің халқы үлкен ынтымақ-бірлікте өмір сүрген. Адам қай заманда да, қандай жағдайда да әрекетсіз, амалсыз болған ба?! Заманның талабына сай шаралар тауып, "бір жеңнен қол, бір жағадан бас" дегендейін, дұшпандарына бірігіп, тойтарыс беріп, ауызбірлікте болыпты. Егер бір жерге қауіп төнсе, дереу төбелерге түтін түтетіп, айналасына хабарлап отырған. Ондай хабарлар сонау Шардарадан Аралға бір күнде-ақ жетіп, іле жауға аттанып отырған.
Қазақ ұғымында жаз жайлауға көше алмай, Сырды мекендеп қалғандарды халық "жатақ" дейді. Біздің тұқым сол жатақтан өсіп-өнгенбіз. Өткен аталарымыздың қонысы кең болған. Оған Сырдың оң жағындағы Көкжиде, Аққұм, Қаракемер, Жайылма, Сырт сияқты танаптар кіретін. Бұрын Сыр жылына екі рет таситын. Тасығанда да мол таситын. Бірінші рет ерте көктемде, мұз түстік жақтан бұзылып, сең жүргенде, екінші рет — шілдеде, дарияның басталар жағындағы биік таулардың қары мен мұзы қатты ерігенде.
Тасқын су Сырдың бойына кең де мол жайылатын. Жер суға мейлінше қанатын, одан артылған су Аралға құйылып, оның деңгейін бұрынғыдан да көтеріп кететін. Тасқын сумен ағып келген қою сорпадай лайсаң тұнба жерді жаңартып, өңдейтін. Су тартылған кезде неше алуан өсімдіктер қаулап шығып, айнала жайнап кететін. Сырдың тасуы – жан-жануарға да, адамға да үлкен байлық, өмір бұлағы. Парсыша "дария" — теңіз. Иә, айналасындағы мыңғырған мал мен миллиондаған халықты өз "мырзалығымен" асырап келген Сыр өзені теңізден бірде-бір кем емес еді.
Ілгеріде, осыдан қырық-елу жыл бұрын-ақ Сырдың жағасы қалың орман тоғай болатын. Онда жиде, тал, тораңғылдан ит тұмсығы батпайтын тоғайлар болатын еді-ау. Ол ағаштардың қауқарына қарай үй-жай, қора-қопсы, қайық, жерағаш, киіз үй, тұрмысқа керекті түрлі бұйымдар (аяқ-табақ, күбі, келі-келсап) басқа да жергілікті халықтың қажетіне жарайтын заттар жасайтын. Олар халықты толық қамтамасыз етіп отырған.
Осы жерде баса айтып кеткен жөн, осындай дүниелерді, әсіресе, киіз үйді шебер жасайтын халық арасында бірінен-бірі асып түсетін шеберлер, ұсталар, яғни, үйшілер болатын. Мен бала кезімде сондай шебер үш үйшіні көріп, шеберханаларында болдым. Бірде әкем сондай шебердің бірін шақырып, жаңа үй жасап беруін өтінді. Сол жолы үйшінің өнерімен жақын таныстым. Оның әрбір қимылынан көз аудармай, күн ұзақ отырушы едім. Сондағы бір оқиға күні кешегідей есімде. Балалығым болар, жай отырмай үйшіге ақырында: "Ана жерін үйтпейсіз бе, мына жерін бүйтпейсіз бе?" — деп, ақыл айта бастадым. Мұныма қатты ашуланған үйші: "Білгіш болсаң, сен істей ғой!" — деп, қолындағы аспабын менің алдыма лақтырып жіберді. Мен ұялғаннан жерге кіріп кете жаздадым. Есімді жиып, үлкен кісіден кешірім сұрадым. Осы оқиғадан кейін өзім білмеген іске еш уақытта араласпауға ант бердім. Сол антты осы уақытқа дейін есімде сақтап, оны бұлжытпай орындап та келемін.
Өткен бір оқиға. Сырдария жылдағысындай мезгілінде тасыды. Сол кезде Сырдың сырын білмейтін басқа жақтан келген біреу Қызылорда облысын басқарады екен. Тасынды судың қарқынынан зәресі ұшқан ол: "...Облысты топан су басып кетті, содан сақтайтын Нұхтың кемесіндей жәрдем керек", — деп, Орталық Комитетке жар салады. Тез арада Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Ибрагим Тәжиевтің басқаруында комиссия құрылып, аудандармен байланысады. Ол: "Үлкен қауіптің үстінде отырсыңдар, неге дер кезінде нақтылы шара қолданбайсыңдар?" — деп дүрсе қоя бергенде, Жаңақорған аудандық партия комитетінің хатшысы: "Қадірлі Ибеке! Тиісті шаралар жасалып жатыр, су жақсы тасыса, ол – халықтың ырысы, одан соншалықты қорқатын ештеңе де жоқ. Бұдан көп болса бір жаман үй құлар, бір соқыр есек немесе ауру сиыр құрбан болар. Су тоғайға, далаға кең жайылса, малға құнарлы жайылым, шабындық және дақылдардан көп өнім аламыз. Адам үшін керегі сол емес пе!" — депті. Бұл кеше ғана, 1954 жылы болған оқиға. Өкінішке орай Сырдарияның сол мол дәрі суы кейінгі ширек ғасыр ішінде улы суға айналып, Сыр бойы өртсіз-ақ күнге күйіп, нағыз шөлге айналып барады.
Тоғайда жиде ағашы сыңсып өсетін. Ол гүлдегенде әтір шашқандай дала жұпар аңқитын, әсем, хош иістен ләззат алып, бір жасап қалатынсың. Жиденің сырты жылтыр, қызыл-қоңыр түсті, балдыры жұқа, дәмді жемісі болады. Жиде ағашының бір қасиеті — жемісті көп салады. Ол құстарға, әсіресе, қырғауылға таптырмайтын қорек. Сондықтан болар, ол кезде Сыр бойы тоғайдың төресі әрі көркі қырғауылға толып кетеді. Оны атып та алады, тұзақ құрып та, құс салып та ұстайтын. Бірақ, одан саны азайған емес. Кедейлер көктемде, қатты тарыққан кезде Ресейден арнайы келетін агенттермен қырғауыл басына 10-15 тиыннан баға қойып, шарт жасасатын. Ал, олар қыс бойы дайындалған қырғауылды Мәскеу, Петерградқа апарып, ресторандарда баптап, жеңсік тағам (деликатес) дайындап, оның әрбір мүшесін бір сомнан сатады екен. Мінекей, әрекетте берекет бар деген!
Өкінішке орай, қазір Сырдың жидесі құрыды, онымен бірге қырғауыл да азайды. Енді оны "Қызыл кітаптан" ғана кездестіруге болады.
Қалың нулы тоғайдың сырт жағында әдемі гүлді жыңғыл және шеңгел өсетін. Олар қыста жауған қарды ұстап, жердің дымқылдығын арттырып, оны ұзағырақ сақтауға әсерін тигізетін. Жыңғыл қызуы күшті отын да. Жыңғыл-шеңгелді жерлер қоянның ордасы деуге болады.
Сырдарияның қос қапталы қаптаған қамыс болады. Тұрғындар үшін қамыстың қасиеті айрықша. Жақса отын, үй де болып шығады. Сондықтан да болар бұл өңірде қамысқа байланысты небір аңыз-әңгімелер көп. Сондай аңыздың бірі — ерте-ерте ескі заманда, дариядан өту үшін жуан да ұзын қамысты Сырдарияның үстіне көлденең тастапты-мыс. Сөйтіп, сол қамыстың қуысы арқылы халық арлы-берлі өтіп, қарым-қатынаста болыпты. Осыған байланысты болар халық аузында: "жандының үлкені — балық, жансыздың үлкені — қамыс" деген де сөз бар.
Қамысты орсаң — пішен. Ол – малға, әсіресе, Зеңгі бабаға таптырмайтын азық. Сиыр қысы-жазы бірдей қамысты жерде жайылады. Қамыс мал мен аңға қыста ықпа. Сондықтан да дария бойы үнемі мыңғырған малға бөгіп жататын. Жазда қалың қамыс іші үйрек, қаз, аққу, ләйлек сияқты жыл құстарына толып кетеді. Олар көктем шыға "некелік тойларын" тойлап, тоғайды құс базарына айналдырады. Ұя салып, балапан басып, өсіп-өрбиді. Қысқасы, қамыс сатсаң ақша, жақсаң отын, соқсаң үй, қора-қопсы...
Қамыстан бойра, ши тоқиды, сыбызғы (қамыс-қурай) сияқты музыкалық аспап, қамыс қалпақ, басқа да көптеген бұйымдар да жасайтын болған.
Жатақтар жер-судың жағдайына қарай, шамасы келгенше мал ұстап, диханшылықпен айналысқан. Жатақтар өміріндегі ең қиын мәселе — олардың қарамағында, жеке меншігінде егінді, бау-бақшаны суаратын бұлақ болмаған.
Жауын-шашыны аз Орта Азия, түстік Қазақстан сияқты ыстық жақта бұлақтар, тау өзендері алтыннан да қымбат бағаланады. Бұлағы бар өңірлерді келімсек күштілер иеленіп, көшпелі қазақтарды қырға қарай ығыстырып отырған. Жатақтар дақылдарын тек тасқын су жайлаған жерге ғана егетін, олардың өнімі әлбетте, онша болмайтын. Күші келгендер дақылдарын Сырға шығыр орнатып суғаратын болған.
Күн жылына ери бастайтын тау қарына көктемде нөсерлей жауған жаңбыр суы қосылып, сел немесе тасқын болады. Оны қазақтар "қызыл су" деп атаған. Сол қызылсуды егінге пайдалану үшін біздің бабаларымыз көлемі әжептәуір шымнан тоған салады екен. Тоғанға су көбірек жиылған жылы егінді екі рет суарғанын мен өзім көргенмін. Тасыған су қайтқан соң ол жерлерге алуан-түрлі шөптер, ал-қызыл гүлдер шығып, Жер жаннатқа бөленетін. Қыстың қытымыр күнінен әбден шаршаған халық көк майсаға шығып, таза ауада масайрап, көңілдері жадырап қалатын. Содан ел жайылмада маса-сонадан арылғанша отыратын.
Жатақтар қанша тырысқанмен қолындағы малының, салған егінінің өнімдері олардың жылдық мұқтажын қамтамасыз ете алмаған. Сондықтан еңбекке жарайтын жас азаматтар шеттен жұмыс іздеуге мәжбүр болған. Олардың бірсыпырасы Қызылқұмдағы байлардың қойын баққан, қалғандары жаздай Ташкент өңіріндегі мақтаның шабығында, күздей күріштің орағында, қыстай мал бордақылау жұмысында болатын. Ал мұндай ауыр жұмысқа шамасы келмейтіндері жазғы орақ кезінде Қаратау етегінде отыратын диханшыларға қолғабыс етіп, өздеріне ас-ауқат табатын. Сорлы жатақтар қыста да қарап отыра алмайтын. Қыстай Түркістан қаласына қамыс, сабан, отын алып барып, оны азын-аулақ пұлдап, күн көрісіне жұмсайтын.
Оңдасынның отбасы көп жанды, кедей тұрмысты болған. Менің есім кіргеннен кейін көріп-білгенім — бір қазаннан он төрт жан ас ішетінбіз. Кедей шаруаға сонша жанды асырау оңай емес екендігі айтпаса да түсінікті. Қалай болса да адамға лайықты күн көру үшін алдымен берекелі ынтымақ керек. Біздің үй сондай ауызбірліктің жарасымды үлгісі болды. Ата-ананың бір ауыз сөзі аяқсыз қалмайтын, әркім өз міндеттерін айтқызбай, қайталатқызбай орындайтын.
Үлкен ағамыз Дүйсен Ташкент жақта жаздай мақта шабығында жалданып, күздей күріш орағында, қыстай мал бордақылау жұмысында болатын. Ол тапқан табысын әкесіне әкеліп беретін, елде біраз күн демалып, той-тойлап, шілдехана болса соған барып, не керек ел қызығын тамашалап, сағынышын, мауқын басқан соң сол жұмысына қайыра қайтатын.
Осы жерде жол-жөнекей айта кететін қызық жайт бар, ол — ел арасына: "Дүйсен қатынын ұнатпайтын көрінеді, болмаса оның бір мәрте де ұрғанын көргеніміз жоқ", — дегендей қауесет әңгіме тарайды. Бұл әңгіме оның құлағына жетіп, ар-намысына тисе керек. Бір күні Дүйсен көкем жеңешемді үйді айналдыра қуып жүр. Жеңгейдің шырқыраған даусын естіген жұрт есіктерінен сығалап, оларға қарап тұр. Көкем мен жеңгейдің бұл әрекетінен келісіп алғандары байқалып қалды. Жеңгей жүгіргенде оның кең көйлегі желмен үрген местей күмпиіп кетеді де, қамшы денеге жетпей күшін азайтады. Мұның әлгі өсекке қарсы көрсетіліп жатқан "спектакль" екені айдан анық көрініп тұрды. Рас, Дүйсекең әкеміздей мейірбан, адал, жаманшылық қолынан келмейтін бірадар жан еді.
Кіші ағамыз Көбелек жастайынан байлардың малын бағып өсті. Әкеміз Оңдекең аса бейнетқор, момын, өте мейірбан жан еді. Сондықтан болар үй билігін балаларына ерте берген. Үй шаруасын есепке жүйрік, шаруақор, ұйымдастыруға шебер ортаншы ағамыз Исабек басқарды. Әкеміз өзінің, балаларының тапқан табысын жиып-теріп соған беретін. Ол үй шаруашылығын басқарумен қатар, кімге не керек, оны айтқызбай-ақ, өзі де дәл кезінде орындап отыратын.
Шешеміз Дәрігүл де әйелдерге тән үй тіршілігін атқаруды Исабектің үйіндегі келініне тапсырған. Жеңгей өзбектер арасында өскен жан екен, қазақ тағамдарымен қатар өзбекше ас пісіруді жақсы білетін. Оның жасаған тұшпарасына (пельмен) адам тоймайтын. Дала қазағының өмірінде болмаған тандырға нан жабуды да біздің жеңгей ауылға тұңғыш рет әкелді. Жеңгей барлық жұмысын өз бетімен істейтін, кейде ғана енесінің құлағына бір нәрсе сыбырлайтын, шешем басын изесе болғаны, ар жағы түсінікті. Жеңгей өте жігерлі жан екен! Ол сонша жанның ас-суын дайындап әзірлеумен бірге, үйді отын-сумен қамтамасыз етіп, басқа да мұқтаждарын бір өзі атқарып отырды. Қысқасы, екі балалы жеңгейдің қашан жатып, қашан тұратынын мен көрген емеспін. Менің осы уақытқа шейін айрықша таңғалатыным, ол күн сайын қаншама ауыр жұмысты атқара жүріп, бір рет те болса, "уһ" деп күрсінгенін есіткен емеспін. Қадірлі жеңгей — біздің үйдің ырысы үшін жаралған жан болып шықты. Ол аспаздығы мен бейнетқорлығы, сыпайылығының арқасында тіптен ауыл адамдарының да құрметіне бөленді!
Қайырымды шешеміз келіндерін ерте төрге шығарып, аналық сезімін көрсетіп, олармен әрдайым тату-тәтті тұрды. Келіндеріне риза болып, шаруаны сеніп тапсырған анам барлық бос уақытын қыздарына халық өнерін үйретуге, немерелерін тәрбиелеуге бағыштап өтті. Біздің әкеміз жеке өзіне тән суармалы егістігі болмаса да диханшылыққа берілген, оны ізденіп істейтін, жатақтар арасында белгілі дихан болған. Бірақ, жеке жер алып диханшылық жасауға өз күші жетпеген, сондықтан Өтенбай деген кісінің қосын ұстаған. Келісім бойынша қосын, қожасының екі өгізінің күшін, бір сауын сиырдың сүтін пайдаланған, тұқымнан қалған егіннің өнімін тең бөліп алатын. Ол жайылмаға ақ егін-бидай, арпа егетін. Көк егінді — жүгері (мекейі жүгері, ақ жүгері), тарыны көп еккен. Егер жердің ылғалдығы жеткілікті болса, жүгері мол өнім беретін болған. Сондықтан кедейлер оны көбірек егуге тырысқан. Содан болу керек Орта Азияда жүгеріні "кедейдің асы" деп те атаған.
Ұқыпты әйелдер жүгеріден талай-талай дәмді тағамдар жасай білген. Жүгерінің ұнына бидайдың ұнын қосып, нан жабатын, оны түйіп, жүгері көже (әсіресе, жазда ашытқан жүгері көженің орны айрықша, оны шілдеде ішсең — әрі сусын, әрі тамақ), ботқа, бөкпен жасайтын, жүгері талқанын майға, сүтке қарып жейтін. Н.С. Хрущев бізге жүгері егуді "үйреткенге" дейін-ақ, Оңтүстік қазақтары жүгеріден 16 түрлі тағам жасауды білген.
Құрғақ жүгеріні ыстық құмға араластырып, қазанда қуырса, ол шырт жарылып, молдалардың сәлдесіндей аппақ болып, жайнап шыға келеді. Оны, әсіресе, балалар жақсы көреді. Соны ұққандар әжептәуір бизнес жасап, көп пайда табатын. Қуырған жүгеріні сатушылар көшелерде: "Жареная кукуруза!" — деп, айқайлап жүреді. Оны есіткен балалар үйіндегі бос шөлмекті ала жүгіреді, өйткені олар жүгерісін ақшаға сатпайды. Қампиып тұрған бір стакан жүгеріні бір шөлмекке айырбастайды. Сондықтан жас баласы бар үйден бос шөлмек табу оңайға түспейтін. Ал, бір стакан жүгері мен бір шөлмектің бағаларының айырмашылығынан қандай пайда шығатынын аңғару қиынға соқпайды.
Жемдік қасиетін түсінгендер соғыс жылдары өздерінің бақша-бауларында жүгері екті, сөйтіп, оның нақтылы пайдасын көрді.
АҚШ-тың вице-президенті Ұлы Отан соғысы жылдары Қиыр шығыс арқылы КСРО-ға келді. Жолшыбай Алматыға тоқтады. Мен оны аэропорттан қонақханаға алып келе жатқанымда, ол қалада өсіп тұрған жүгеріні көргенде: "Е, бұл жеңіс дақылы!" — дегені әлі менің есімде. Бұл сөзде үлкен мағына бар. Рас, соғыс жылдарында жүгеріні жаппай еккендіктен Совет халқын аштықтан аман алып қалдық.
Біздің елде майлы дақылдан: күнжіт, күнбағар, ыңдау егетін. Күнжітті тәтті тағамдарға пайдаланатыны белгілі. Күнжіттің пісуі балаларды қуантатын. Олар оны тойғанша шайнайтын. Ыңдаудың майы ащы болады, оның әр түрлі қасиеттерінің бірі — емдік қасиеті. Ыңдау майын екі-үш рет жақса, кімде-кім қотырдан тез айығып кетеді.
Оңдасынның диханшылығының ең қызығы – басқалар кәсіп етпеген сары мақта егу. Жұртқа белгілі, мақта-сусамыр дақыл. Әкеміздің қарамағында мақта өсіруге қолайлы, сулы жері болмаған. Ол мақтаны амалдап үлкен қазанның формасындай бір көлемді шұқырға егетін. Біздің аймақтың қары көбіне аз болатын, сонда да үрген жел қыс бойы шұқырды қарға толтыратын. Қалың қардың суы басқа жаққа шықпайтын, түгелдей шұқырға сіңетін. Бұл жағдай онда мақта өсіріп, одан өнім алуға мүмкіндік беретін. Сол шұқыр осы уақытқа дейін "Оңдасынның шұқыры" — деп аталатын көрінеді.
Біздің үйдің 2-3 қана түйесі болатын, көп жанды шекпенмен қамтамасыз етуге олардың жүні жетпейтін. Шешеміз қыздарымен, келіндерімен қосылып сары мақтаны шитінен айырып, оның талшығынан түйе жүнінің жібіндей етіп иіріп, бір жібін жүн, бір жібін немесе екі жібін мақта етіп шекпен тоқитын. Бұның бір ғажабы — мақта мен жүннен тоқылған шекпеннің түрі бірдей болып, қабысып, келісті шығатын. Оңдекеңнен кейін бұл кәсіппен айналысқан ешкім болған жоқ. Өкінішке орай осының салдарынан сары мақтаның тұқымы да жоғалып кетті.
Шілдеде Оңтүстікте күні-түні бірдей оттай ыстық жел-керімсал соғады. Ол даланың көгін қуартып, жерді тілім-тілім етіп, әлемнің нұрлы кейпін қашырып, жандылардың тіршілігіне берекесіздік әкелетін. Ол аз болғандай біздің бала кезімізде ораза шілдеде келетін. Бұл кем-кетігі көп кедейдің жағдайын төмендетіп кететін.
Амал не? Өмір — өмір ғой, барлығына көнуге тура келеді. Қолында жоқ дәулетті Құдайдан күткен оразашыл сорлы кедейлерге отыз күн бойы сәресіден кейін күн батқанша ас-су ішпеу, онсыз да сіңірі шиқылдап, тұралап жүрген олар үшін оңай шаруа болмайтын. Оразаның қағидасының қатаңдығы сондай, тіпті ауызға келген түкірікті қайта жұтуға рұқсат етілмейді.
Әкеміз ораза тұтып жүріп, күн шықпай орағына немесе пішен шабығына кететін. Оның бұл кезде шабатыны жантақ, ал балаларының оратыны — тоғайдың көк балауса құрағы. Жантақты шабу оңайға түспейді, ол тікенді өсімдік, сондықтан күннің ыстығына қарамай, тікен өтпейтін мықты етік пен қалың шекпен кию керек. Оның қиындығына қарамай әрбір шаруа жантақты қысқа көбірек даярлауға тырысатын. Шілденің аптабына да, анталап соққан керімсалға да сыр бермей, әрін де бермей далада көгеріп тұратын өсімдік — жантақ. Оның тамыры өте тереңге кетеді. Сондықтан да болар қазан ұрғанша осы түрін жоймайтын. Бұл шаруаның уақытын кеңейтіп, олар жантақ оруды қара күзге дейін соза беретін. Жантақ-жусан сияқты жазда да, қыста да малға, әсіресе, түйе мен ешкі малына таптырмайтын өте сапалы да, құнарлы қорек. Олар бұл шөпті үнемі құныға, сүйсіне жейді.
Оңдекең түсте демалу үшін үйге қайтатын. Ол келгенше шешем үйдің ішіне мықтап су сеуіп, оның үстіне ши және суға малынған жүн қап төсеп қоятын. Ол келгеннен кейін шешініп, үстіне тағы бір дымқыл қапты жамылып, дамбалшаң даяр төсекте жайлы тынығып алып, кешке жуынып, дәретін алып, намазын оқып, содан кейін аузын ашатын. Асықпай отырып, әбден сусыны қанғанша шай ішіп, сонан соң ғана тамақтанатын. Әкем сөз арасында: "Пайғамбар жасына келдім", — деп, айтып отыратын. Ол 63 жас деген сөз. Осы жасында шілденің аптабына тайсалмай төтеп бере алған, ауыр бейнеттен бас тартпаған адамның күш-куатының қандайлық екенін бағалап, бағдарлау қиынға түспесе керек.
Біздің жерде диханшылық қауын-қарбыз егумен аяқталатын. Тасыған сумен келетін пайдалы заттар жерге бөгетін, олар жердің сапасын, құнарлығын арттыратын. Қаракемер танабы сондай нәрлі жер болатын, оған арамшөп шықпайтын. Ол жерді ерсілі-қарсылы екі рет айдап, біздің аталарымыз оған ұялап қауын, қарбыз, асқабақ егетін.
Бұл дақылдар қолайлы ауа райына байланысты тез өседі. Алдымен олардың тұқымдарын көгертіп алып, ұяларға үш-үштен мұртталған шопақ салады да, дымқыл, майда топырақпен көмеді. Дымқылды ұзағырақ сақтау және өсімдік қосымша нәр алу үшін ұялардың үстіне бір-екі уыс ылғалды көңмен жабатын. Жақсы бапталған шопақтар үш-төрт күннен кейін-ақ екі құлақ боп жер бетіне шығатын. Шамамен бірер аптадан кейін жас өсімдіктердің тамыры қатаяды, содан соң оларды жегенелеп, әр ұяда бір көшеттен ғана қалдырады. Дақылдардың пәлегі тез жайылып, жердің бетін жапқан соң, бақшаға ешкім келіп, араламайды. Олардың пісуін күтеді. Қалың да биік пәлектің астында жатқан қауынның піскенін адамдардан бұрын иттер біледі. Иттер қауындыққа жүгірсе, ол қауынның піскенінің белгісі. Сөйтіп, сарғайған, хош иісті әңгелектер бірінші итке бұйырады.
Бақшада алдымен қауын, одан кейін қарбыз, күзге қарай асқабақ піседі. Асқабақты асқа да, мал азығына да кең пайдалануға болады. Асқабақтың қабығы қалың болады, ол келесі көктемге дейін таза күйінде кәміл сақталады, одан түрлі тағамдар жасалады. Асқабақтың шопағы ірі, толық, тәтті, оны қуырып шақса тамақ болады.
Қарбыз да қыста сақтауға қауыннан гөрі шыдамдырақ. Біздің үйдің тәжірибесі қауын мен қарбызды айдалған майда сабанның арасына ұқыпты сыйыстырып, қауынды жаңа жылға, қарбызды наурызға дейін сол күйінде сақтайды. Шіркін-ай, қыс айларында жеген кауын мен қарбыздың бал дәмі көпке дейін аузыңнан кетпейтін. Адамның одан алатын ләззатын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес!
Оңдекең бақша дақылдарын аса шебер өсіретін деп айттым ғой жоғарыда. Оның қауын, қарбыз, асқабақтары өте дәмді болатын. Ауылдастары оның мән-сырын сұрап, ақыл-кеңес тәжірибе алмасып жататын. Өз басым әкемнің бақшасының жақсы болуын күтіп-баптағаннан шығар деп ойлаймын. Өйткені, кетпенін арқалап әкем кей күндері күн ұзақ қауын арасында жүретін.
Бала кезімде әкемнің көп қауынының аттарын, олардың пісетін мезгілін жақсы білетін едім. Қазір солардың он шақтысының ғана атауы есімде қалыпты. Олар: ақ қауын, әміре (әміркен), әңгелек, басыбалды, күләбі, қара қауын, қыш қауын, патсай, торлама, шыртылдақ.
Піскен бақша балалар үшін — базар. Жақсы көретін қауындарын тойғанша жеп, қамсыз балауыз бал күндерін өткізетін.
Бақша басы молшылық берекеге айналып, жұрт бір-бірімен кең араласып, оның үстіне Қаратау жайлауынан Сырға қайта оралған көшпенділер қосылып, еруліктер басталып, әңгіме-дүкен көбейіп, Сыр бойы көпке дейін думан-сауыққа айналып кететін. Сөйтіп, жүргенде нағыз күз де келіп қалатын. Алдағы қысқа мұқият даярлану бірінші кезектегі мәселе боп алға тартылатын. Қысқа дайындық жатақ кедейлерге оңайға түспейтін, ауыр жұмыс болатын. Сонда да "әрекетте-берекет" дегендей, үй ішіндегі тірі жанның бәрі қадари-халдеріне қарай үлес қосатын.
Бақшадағылар ертелі-кеш қауыннан қауын-қақ, аса пісіп кеткендерінен қауын-құрт жасайтын, оларды қап-қап етіп даярлайтын. Өйткені, кедейлердің күн көруіне бұл тағамдардың орны бөлекше. Ол заманда қант өте қымбат болатын. Мысалы, базарда бір қой екі сом тұрса, дүкенде бір қадақ қант — 22 тиын тұратын. Әлбетте, оған кедейлердің қолы жетпейтін. Адамдар, әсіресе, балалар, организміне керек тәтті затты үш ай жеген жас қауын-қарбыздан, қысымен жеген қауын-қақ, қауын-құрт, асқабақтан алатын. Расына келгенде, кедейлердің балаларын түрлі витамин жетіспегеннен туындайтын аурулардан сақтап қалған бау-бақша дақылдарының балдай шырын жеміс-жидегі еді. Сондай балалардың біріне мен өзімді қосамын.
Айта берсең, шіркін, қауынның қасиеттері таусылмайды. Солардың бірі - шопағының майлылығы. Сондықтан қауынның шопағын бақшашылар өте ұқыпты пайдалануға тырысатын. Оны кәдеге асыру үшін арнайы шұқыр қазып, оның қабырғасын сылайды. Сосын шопақтарды соған жинайды, ол шұқырда жатып ашиды. Ашыған шопақтарды қауын етінен ажыратып, тазалап, кептіріп жинап алатын. Керегінде оны келіге түйіп, одан кейін қайнататын. Қайнаманың бетіне шыққан майды қалқып алатын. Қауынның шопағының майы тәтті әрі үнемді болады. Оған піскен бауырсақ пен шелпек нарттай қып-қызыл болып шығатын. Бұл да кедейлердің сыбағасына табиғаттың тартқан сыйлығының бірі.
Әкеме қолғабыс етіп жүріп, диханшылықтың осындай көп сырын білдім, кейін оның пайдасы көп тиді де.
Қазақтар бау-бақшаның артық өнімін базарға апарып сатуды намыс көретін. Келіп-кеткендер оны тойғанынша жеп, көтергенінше алып кететін. Бақшашылар Сырға күздеуге келген көшпенділерге тоғыздап қауын-қарбыз тарататын, олар бірен-саран кәрі саулықтарын беретін. Кедейлер үйтіп-бүйтіп 3-4 қойдың басын қосып, оларды және шамасы келсе бір жылқыны қауын-қарбызға бордақылайды. Қыс алдында, бақша дақылдарын қазан ұрған соң, семіз бордақы қойларды сойып, үйітіп, олардың етін тұздап, тобылғының түтініне керегінше ұстап, хош иісті ыс сіңіріп, дәмін сапаландырып, қыс бойы бұзылмайтын етіп, қақтап, сүрлейтін. Осылайша жылқы етін де баптап, қазы-қартасын, шұжығын жасап алатын. Бұл сүрленген қой, жылқы еттері жатақтардың қысқы соғымының негізі болып табылатын.
Үй, қора-қопсыны жөндеу, уақтылы малға керек шөбін жеткізу, қысқа жарайтын отын даярлау — кедейдің көп уақытын алатын жұмыс. Сонымен қатар үйінде жас азаматтары жоқ қарттарға, мүгедек-кіріптар немесе әлі басында панасы жоқ жас отбасыға көмектесу Оңтүстік Қазақстан аймағында айнымас дәстүр болатын. Ауыл ақсақалдары жастармен ақылдасып, кімге қандай жәрдем керек екенін анықтап, жаппай асарға шығатын. Ауылда ешкім ескерусіз қалмайды, асарға бір кісідей жұмыла кіріседі. Асар — қазақ халқының аса жоғары адамгершілік қасиетінің бірі. Асарды сақтау, оны адамның мұқтажына кеңінен пайдалану – қазіргі заманға сай келетін, жарасатын ұлттық әдет-ғұрып. Тек соны дамыту, дәріптеу жағы жетіспей ме деп ойлаймын.
Күз бен күзем сөздерінің мағыналары бір-біріне жуық.
Көшпенділер күздің аяқ кезінде бағып-қағып семірткен, тауарлы малын, күзем жүнін, басқан киізін, жаздай базарға даярлаған заттарын Түркістан шаһарына апарып, алып барған дүниелерін делдал арқылы сатып, асықпай базарлап, қысқа керек киім-кешегін, астығын, жемісін, қант-шайын толық альп қайтатын. Жерге алғашқы қырау түскеннен кейін көшпенділер Сырдан өтіп, мал қыстату үшін Қызылқұмға көшіп кететін.
Оңтүстікке қыс та өзінің ерекшеліктерімен келеді. Шаруалар жылдық еңбегін қорыта, келешегін болжап, әрі қарай өмір кешін тоқтатпай, жазда істелмей қалған кейбір жұмыстарды қайта қолға алып, тіршіліктің басқа да жақтарына ойысатын. Мысалы: бойжеткен қыздарын өз ұясына қондыру, ер жеткен ұлдарын үйлендіру, құда шақыру, той өткізу сияқты адамзатқа әу бастан тән адами қуаныштарға бөленетін.
Тойға жұрт зор ықыласпен жан-жақты даярланатын. Алдымен бәйге, көкпар аттарын баптайтын. Біздің елде бәйге аттарын жасына қарай: тай бәйге, құнан бәйге, дөнен бәйге, бесті бәйге, жорға бәйге деп бөлетін.
Қамбар атаның малы қай елде болса да жоғары бағаланған, қадірленген. Қазақтар да жылқыны, әсіресе, оның жүйрігін аса жоғары бағалаған. Атсыз ерді қанаты қайырылған құсқа теңеген. Ілгеріде өткен батырлардың бақытын биіктеткен де астындағы хас жүйріктері екеніне ешкімнің дауы жоқ. Айталық, әйгілі Алпамыстың Байшұбары, Қобыландының Тайбурылы, Қамбардың Қарақасқасы мен Назымның Сандалкөгі, Ақан серінің Құлагері қазақ тарихында мәңгіге жазылып қалды емес пе?!
Менің әлі есімде 1914—1917 жылдары Қызылқұмның "Қарагері" Оңтүстік Қазақстан мен бүкіл Орта Азияны шулатқан. Қарагерге құмарлар қоралап малын берсе де, оған қосып қыз берсе де, ешкім оны қолына түсіре алмаған. Қарагер бір тайпа елдің мақтанышына айналып, ұры-қарыдан ауыл-ел боп қорғаған, не керек қазақ үшін жылқы малының қандайлық қымбат екенін сұлу сөзбен өрнектеп жеткізу мүмкін емес. Ол үшін, оны түсіну үшін қазақ болып туу керек. Атсыз қазақ қанша ақылды, кемеңгер болса да адам қатарына қосыла алмаған. Бала кезімде тайым болмай, қатарымнан қалып, көз жасымды аз төккенім жоқ. Арманыма өте кеш, тек 25 жасымда ғана жеттім.
Әрине, жүйрік жылқылар қазірде де аз емес, оларды шаруашылықтардан, аудан, облыстардан табуға болады. Дүлдүл, арғымақ, тұлпар-аламан бәйгеде, дүбірлі додада ғана танылады. Бізде бұған жүйелі түрде жарыс өткізіп жатқан ешкім жоқ. Бұл мәселені газет-журналдар өте сирек көтереді. Жақсы киноленталар да жоқ.
Енді әуелгі әңгімеге оралайын. Тойға келгендер күндіз күресті, теңге алу, жамбы ату сияқты ұлттық ойындарды тамашалайды. Көкпарға қатысады. Көкпар аттары үш топқа бөлінеді. "Додакеш" — қайыспайтын, аса мықты, қалың топтан көкпарды жарып алып шығатын шабандоз ат, "Қашқыр" — артқы екі аяғына шыр айналып, жаңа қолайлы бетбұрыстарды тез табатын, сөйтіп, оңайлықпен ұстатпайтын машықты ат, "Ұшқыр" — шапқан сайын шабысын үдете беретін жүйрік ат.
Көкпар — ауыр ойын. (Қазір, әрине, одан он есе ауыр ойындар бар). Сөзсіз оған қатынасатын аттар мен адамдар түрлі қауіптерден бос емес, бірақ одан қырылып жатқандарды өмірімізде көргеніміз жоқ. Көкпар – өте ерте замандарда ел арасында кең жайылған ұлттық, қызық ойын. Ол — жігіттерді мықтылыққа, тапқырлыққа, айлакерлікке, батыл-батыр қимылға баулыған.
Көкпар — тек қазақтардың ғана емес, басқа көптеген халықтардың ең жақсы көретін ойындарының бірі. Бірақ оның тәрбиелік мән-мағынасын білмейтіндер, білгісі келмейтіндер, "Көкпар" десе ат-тонын ала қашатындар бар, ондайлар бұл аса "қауіпті ойын" деп тыйым салғылары келеді де.
Ұлы Отан соғысында бір айлакер шабандоз қазақ жігіті бес фашисті бір өзі жоқ қылады. Ол оқиғаны совет баспасөзі кезінде мақтаныш етіп жазды. Соғыс аяқталып, халық есін жиып, ұлттық ойын-сауықты, дәстүр-салтты жандандыра бастады. Қазақ, өзбек арасында көкпар шабу қайта орнады. Ел іші болған соң әр түрлі әңгіме бола береді ғой, бірде көкпардың зияндылығы туралы, оған тосқауыл жасау керектігі жөнінде Алматыда жоғарғы мәжілісте үлкен мәселе көтерілді. Мен қатты қарсы болдым. Сол күні Ташкенттен келе жатқан автобус қырдан құлап, отыз адам апатқа ұшыраған...
Иә, ат ойынының бар түрлерін дамыту керек. Ол жастарымызды ептілікке, батылдыққа тәрбиелесе, дене құрылысының шымыр, денінің сау болып өсуіне ықпал етеді. Қазір балалар, әсіресе, қала балалары аттың жанына барудан қорқады. Бұған айыпты біз — аға ұрпақ. Енді бұл айыпты ел болып жөндейік, жақсылар! Ат үйірмелерін қалада да ашуға болады, егер ниеттенсек.
Тойдың қызығы кешке қарай басталады. Шаршы топтың алдына нағыз айтымпаз жыршылар, қиссашылар шығады. Ал, айтыс әманда киіз үйде өтетін. Үйдің үзігі көтеріліп, жігіттер қыздардың тұүсынан үй сыртынан орын алатын. "Құдаша қыз, құдаша қыз, тұсыңа құда келді ұнатсаңыз", —деген сияқты сөдермен айтыс басталып кететін.
Айтыстың өзіне тән ғасырлар бойы халық жасаған қағидасы бар. Айтыста әркім аузына келгенін айта салмайды. Айтыс бір тақырыптың айналасында жүйелі, тәртіппен өрбиді. Мысалы, қойылған сұраққа жауап беру, сынға сын қайыру, мақтан тұтар жерін өздерінше бағалап, көтере айту. Тәжірибелі, айтыста төселген қыздар мен жігіттер мазмұнды, ұзақ, қызықты айтысатын болған.
Айтыс — сөз жарысының бәйгесі, айтысушылардың қай жағы болса да жеңіп шығуға тырысады. Әлбетте, бұл заңды құбылыс. Мысалы, айтысып жатқан жігіттер дер кезінде сөз таба алмай қалса, айтысуды күтіп, кезекте тұрған басқа жігіттер қыздардың тұсынан оларды қуып шығады. Кейде өздерінің ұтылып бара жатқанын сезе қалса алдын-ала даярлап алып келген тәберігін қыздарға тез ұстата салады да айтысты әрі қарай жалғастыра береді. Шын айтыскерлер тез көзге түсіп, ел назарына ілінеді.
Көпшілік оларды: "Ақын қыз", "Ақын жігіт" атап, құрметке бөлейді.
Жастар айтысы — мәдениет мектебі. Бұрын қалаларда да, далаларда да айтысқа қатыспаған жас ұрпақ қалмаған. Қосылып өлең айтуға зауқымның барлығын сезген Әлима жеңгем мені әпкелеріммен бірге тойға алып барып, қыз ретінде өлең айтқызатын. Менің астыма жастық қойып, орамалмен бетімді жартылай жауып отыратын. Менің даусымды бірінші есіткен жігіттер: — "Әу, мынау кімнің қызы?" — деп, өзара сыбырласып жатқанды өз құлағыммен есіткенмін.
Айтыстың ең қызық түрі — бәдік айтысы. "Бәдік" — малға, адамға келетін жұқпалы ауруға қарсы сиқырлау, арбау нанымынан туған айтыс. Бәдік — ащы да, өткір айтылатын айтыстық жанр. Ол айтысушылардан шыдамдылықты, жігерлілікті, тапқырлықты талап етеді. Ол былай басталады: Қойдың бір кұлағына мақта тыға салса, қой айнала береді, оны "бәдік болыпты" деп жариялайды да, ортаға алып, содан жеті күн бәдік айтысады. Жетінші күнгі бәдіктен кейін қойдың құлағындағы мақтаны алып тастайды, сол-ақ екен қой айналуын доғарады. "Бәдік қой жазылды" десіп, келесі бәдікке дейін жастар көңілді тарқасады.
Әсіресе, ораза және кұрбан айттарда жастардың айтысы қайта жанданып, қызықты бір шаққа айналатын. Бұл кезде қыз-келіншектер мен жігіттердің көңілдері дариядай тасып, бір жасап қалатын. Отыз күн оразада рамазан немесе жарапазан айту – халық арасында кең жайылған дәстүр. Рамазан — қазақ ауыз әдебиетінің бір жанры. Оның сыртқы түрі қарапайымдау келгенмен, халық өмірінің қайбір құбылыстарын әдемі, сұлу, пәк жеткізеді. Сондықтан да оның өміршең болып, халықтың өзімен бірге жасасып келе жатқандығы.
Таңғалмасқа болмайды. Қалай біздің сауатсыз ата-бабаларымыз, олардың ұрпақтары ғасырлар бойы небір бұралаң, шырғалаңы көп жолдармен жүрсе де ана тілін, дәстүрін, салтын көркейтіп, тынымсыз байытып отырған. Біз солардың кейбіреулерін ғана еске түсірдік.
Ал, ән-күй, бақсы сарыны, бейнелеу өнері, беташар, жаңылтпаш, жоқтау, жұмбақ, той бастар, той тарқар, тұсау кесер, шешендік сөздер, шілдехана. Бұлардың бәрі де бәтуәлі, баянды әңгіме етуге тұрарлық. Халықтың өзі өмірге әкелген, тіршілігіне серік еткен салт-дәстүрлері...
Міне, Нұртас Дәндібайұлы Оңдасыновтың өзі туралы енді ғана бастаған "Өмірнамасы " осы жерден үзілді. Амал қанша, әл-дәрменін, буын-буынын алған ауыр науқас қолына қалам алғызбады. Әрі қарай айтарын ауызша айтты. Біз оны таспаға жазып алдық. Соған құлақ түріңіз...
— Ауылдағы науқандық жұмыстар бітісімен Ташкент жаққа барып, өзбектерге жалданып жұмыс істейміз. Ол жақта қара күзге дейін күн жылы, мақта теріле береді. Бір пұт мақтаға он тиын ақша береді. Оған өзбекше бір тандыр нан алуға болады. Қыс бойы өстіп жан сақтаймыз да, ерте көктемде ауылға — Түркістанға келіп, өз шаруашылығымызбен: жер жырту, егін егу, мал бағумен айналысамыз. Бірақ, мен соңғы рет 1919 жылдың көктемінде ауылға қайтпай Ташкентте қалып қойдым. Себебі, көп жұмыс табылды. Өзбектердің арығының басында өсіп тұрған талдарды кестік, кейбірінің басын қырықтық. Неге? Жауап берші осыған сен.
— Бау-бақша егу үшін қажет болған шығар. Күн түсірмей тұрды ма...
— А, жоқ, арықтың басындағы аз жер немене дейсің. Кескен ағаштардың қабығын сыпырып алып, кептіріп, буып жинай береміз. Бұл неге керек десек, одан тері бояйтын бояу жасайды екен. Ол кезде бұл күнгідей түрлі-түсті бояу жоқ қой.
Бұл жұмыс аяқтала бергенде жем жуу басталады. Арықтың бойына қатар-қатар төменнен жоғары қарай сетка құрылады. Адамдар да сетка қасына катар-қатар тұрады да қапталған жемді төменнен жоғары қарай су арқылы қолдан-қолға бере береді. Қалың кір сумен төмен қарай ағып кетеді. Жуылған жемді кептіріп, қапқа салып буып, содан керекті жеріне жібере береді.
Ал күзде күн салқындағанда бұл жұмысты істеуге болмайды. Содан Тәшкеннің қасындағы Келес кірпіш зауытына жұмысқа кірдім. Міне, сол жерде қысты өткіздім. Осында естідім жетім балалар үшін Ғани Мұратбаев деген адам мектеп-интернат ашып жатыр дегенді. Үлкен ағам: "Ауылға қайтамыз, ауылда бір дүйім ағайын-туғандарың отырғанда жетім балалар үйіне барған деген не сұмдық!" — деп қатты реніш білдіргеніне қарамастан екі-үш баланы қасыма ертіп қашып кеттім.
Шынында да бұл балалар үйі Тәшкеннен Ғани Мұратбаевтың бастамасымен ашылған екен. Мемлекет өзі оқытады, өзі тамақтандырады, өзі киіндіреді. Ал, жататын жеріміз жұмақ десе де болғандай. Кейбір кеше ғана көшеде қайыр сұрап, үңгір мен вокзалда ұйықтап жүрген балалар үшін нағыз жұмақ болғаны анық еді.
Мен үшін: "Шіркін оқысам ғой, білім алсам ғой" деп түн ұйқымды төрт бөліп, армандап, қиялдап жүргенімде мынау бір көктен түскендей болды. Ол күнгі қуанышымды айтып жеткізу қиын. Өміріме өзгеріс, өзіме құлшыныс әкелген күн болды ол.
Ғани ағамен қалай танысқаным, алғаш лекциясын тыңдағаным жөнінде газеттерге мақала жазғанмын, оны содан оқып біліп аларсыңдар...
Көп үнсіздіктен кейін:
— Балам, ұзақ әңгіме айтуға атаңның күш-қуаты азайды, ертерек келуің керек еді... Біраз жазған-сызғандарым міне тұр, соны өзің қарай бер...
Сұқ саусағымен столды біраз тықылдатып отырды да, орнынан ақырын, ауырлау көтеріліп, төсегіне барып жантайды.
Одан кейін әңгімеміз келесі күні түске қарай басталды.
— Біздің шешеміз Жұмагүл екі күйеуге шыққан. Алғашқы күйеуінен екі қыз — Мәриям апай, Фатима апай, сосын Қозыбай деген ұл тапқан. Бірақ алғашқы күйеуі қайтыс болады да Жұмагүл Оңдасынға (менің әкем) күйеуге тиеді. Оңдасынның алғашқы әйелінен үш бала—Дүйсен, Исабек, Көбелек туады. Ал, Жұмагүлден үш перзент көрген. Үлкені Әлима апай, одан кейін Сәлима апай. Ол ерте өліп кетті. Үшінші баласы — мен. Анамыз мені — ұл баланы асыға, зарыға күткен екен.
— Неге, сізден бұрын ұл баласы болды ғой?
— Болды, жаңа айттым ғой аты Қозыбай деп, ол – бірінші күйеуінен туған бала. Бірақ, ол да жас кезінде қайтыс болады. Сөйтіп, Әлима мен Сәлима апайларымнан кейін ұл балаға зарығып жүргенде мені көреді анамыз. Ауыл молдасын шақырып, атымды "Нұрмұхамед" деп қояды. Кейіннен жеңгелерім қазақ салтымен атымды атамай "Нұртас" дейді де, ақырында документке солай жазылып кете береді. Шын мәнінде фамилиям да ауысып жазылған, дұрысында Оңдасынұлы Дәндібаев болуым керек еді.
Ал, шешем марқұм менен кейін төртінші баласын босана алмай бала үстінде қайтыс болады. Қайран қазақтың қаншама әйелі дүниеден осылай өтпеді дейсің. Қазір бұл жөнінен медицина мықты болып тұр ғой...
Ауыр күрсініс. Үнсіздік.
Одан кейін өгей шешем Дәрігүлдің қолында тәрбиелендім. Ол, топырағы торқа болғыр, өте жақсы кісі еді, сондықтан мен туған ана мен өгей ананың айырмашылығын білмей өстім. Бұл жөнінде саған бергелі отырған естелігімде жаздым...
Шаршаңқырап қалғанын сезгендіктен ол кісіге қосалқы сұрақ қоймадым. Ұзақ үнсіздіктен кейін барып өзі әңгімесін жалғады.
— Балам, менің балалық шағым тәтті болған жоқ, біздер қиындықты көп көріп өстік. Совет мемлекетінің жас кезі, бір формациядан екінші формацияға өтіп жатқан өтпелі кезең, халық ештеңені түсініп-біліп жатқан жоқ. Ақыр аяғында солақай басшылықтың салдарынан халық аштыққа келіп ұрынды, басы ауған жаққа күнкөріс, бір үзім нан үшін ел босып кетті. Бұл әңгімені мен саған жай айтып отырған жоқпын. Кедей-шаруа үйінде дүниеге келген мен де сондай қиындықтың ортасында болдым. Жас шағымда әкем де, анам да, өгей анам Дәрігүл де қайтыс болды. Бір үзім нан ұсынатын ағайынның өз халі нашар. Бірақ қанша аш-жалаңаш қалсам да мен ешкімге алақан жаймадым. Өз еңбегіме, өзіме сендім. Ауылда егін ектік, мал бақтық, кейіннен Тәшкен ауып, өзбектерге жалданып, не керек өз нанымды өзім тауып жеп жүрдім. Осындай тәрбиеден шыққандікі ме, әлде, қанағатшылдығым ба, білмеймін кейіннен каншама лауазымды жұмыс істесем де: "Мүмкіндігім бар-ау, қолымнан келіп тұр ғой, пайдаланып қалайын", — деген ой келіп, дүние-мүлік, қымбат заттар жинауға құмарланбадым. Мыңнан бір емес-ау, миллионнан біреуге бұйыратын ел басқаруды — "халыққа барынша адал қызмет ету" деп түсіндім. Онсыз да сол қызметімнің арқасында ел ілтипатына бөленіп, машина мініп, дайын асқа, дайын үйге ие болып жүргенімді қанағат тұттым. Үй-ішімді еркелетіп, еркінсітпедім. Аш құрсақ болып жүрген күндерімді ешқашан есімнен шығармауға тырыстым. Сол арқылы әр күніме, тіршілігіме қанағат таптым.
— Шынымен-ақ ешкімнен ештеңе алмадыңыз ба? Қойыңызшы... (өзімше әзіл айтқан болдым).
— Сенсең де, сенбесең де осы. Мен саған бар шынымды айтып отырмын ғой. Жалғыз-ақ бір сұраған жерім бар, оны жасырмаймын.
— Бәсе, бір рет болса да...
— Қоя тұр, сен менің әңгімемді бөлме, — деді де өзі аз-кем үнсіз қалды,
— бір ретте Мәскеуге пойызбен іссапарға баратын болдым. Тамыз айы болатын. Білемін, елде қауынның пісіп жатқан шағы. Бала кезімде жеген дәмі аузымда. Содан Қызылордаға телефон шалып, пойызға біраз қауын алып шығуларын өтіндім. Жігіттер біраз бал шырын қауын алып шығыпты. Өзіміз әбден жеп тойдық. Қалғанын Мәскеудегі Қазақстан постпредставительствосының қорасындағы соғыс кезінде қазылған ұраға-подвалға салып қойдық. Қайтқанша өзіміз қауын жедік. Және жора-жолдастарға қыдырып барсақ ала бардық. Олар: "деликатес" деп өле жаздап жейді. Міне, менің сұрап жеген нәрсем осы. Кейіннен, сол қауындардың дәмі аузыма үйірілгенде осында — Мәскеуде отырып Алматыға Құбашев Сағидоллаға телефон шалып: "Қауынның рахатын көріп жатқан боларсыңдар", — деймін ғой. Сөйтсем ол: "Жоқ", — дейді. Мен: "Неге?" — деймін. "Біз қауын жемейміз. Қазір қауын жесек, аллергия боламыз. Қазіргі қауын, қарбыздар химияланып кеткен, жеуге қорқамыз", — дейді Сағидолла.
Міне, балам, өзім-өз болып елге, елдегі жігіттерге еркелеген жерім. Мұнымды артық көрсеңдер кешірім сұраудан арланбаймын.
Мен: "Ата!" — деп бір сұрақ қоюға ыңғайлана беріп едім: "Тоқта, тоқта, балам, ойымды бөлме!" — деп, тосқауыл қойды.
— Әлбетте, көбіне қазақтар көшпенді болған, тек мал бағумен ғана айналысқан деген жаңсақ пікір айтылады. Өз басым бұған толық қосыла бермеймін. Өйткені, менің ата-бабам ықылым замандардан бері Сыр бойын мекен еткен. Ал, Сыр бойында отырған елдің, халықтың көбі егін шаруашылығымен айналысқан. Бидай, яки, мақта еккен, қауын-қарбыз өсірген. Есіңде болар, естелігімде "Өгіз арық" деген аңыз-әңгіме айттым ғой, ол соның дәлелі. Және сонау көне ғасырлардан жеткен, қыштан жасалынған су құбырлары Түркістандағы Қожа Ахмет Йассауи мавзолейінде тұр. Бұл да менің ойымды айғақтайды... Қызық... Адамзат тарихында мұндай жаңсақ пікірлер, бұрмалаушылықтар көп бола береді екен.
— Ата, өзіңіз айтқандай "бұрмалаушылық" дегеннен ойыма оралып отыр, сізден көптен сұрасам деп жүрген сұрағым бар еді...
— Е, сұра!
— Төтелей сұрасам — "Халық жауы" деген кімдер? Сталинді біреулер мақтайды, ал, екінші біреулер даттайды. Сіз қандай пікірдесіз?
Әдетінше сұқ саусағымен жазу үстелін тықылдатып біраз отырды да:
— Бұл енді біраз әңгіме. Сондықтан шешеңнің шайын ішіп алып барып бастайық... Жүр ас үйге...
— Балам, есіңде болсын, өзінің өскен, туған жерін бағаламайтын, қастерлемейтін халық болмайды. Ханына-патшасына қанша наразы болса да сол еліне, жеріне, халқына төтеннен қауіп төне қалса өзінің патриоттығын көрсетеді. 1937 жылы — "Халық жауы" деп, ақ-қарасын анықтамай небір адал азаматтарды қырып жібергеніне іштей наразы болса да, ел басына қауіп төнгенде, неміс-фашистері шабуыл жасағанда халық "ханына" — Сталинге деген өкпе-ызасын ысырып қойып, ел қорғауға шықты. Халық өзінің туған жерін, елін қашанда қастерлейтінін, патриоттығын тағы да бір дәлелдеді.
1937 жылы мен Республикалық орман шаруашылығы басқармасында бастық болып қызмет еттім. Сонда біздің арамыздан да талай-талай адамдар ұсталып жатты. Шынымды айтайын, сол уақытта өз басым Сталин адасады, партия адасады деген ойыма келген емес. Бірақ, бір таңғалатын нәрсем — күнде араласып, әңгімелесіп, туыстай сөзіміз жарасып, ісіміз жарасып жүген адамдар бір күннің ішінде халық жауы болып шыға келеді. Біз оны автоматически партиядан шығарамыз. Сонда ойлаймын — бір адам қанша көзқараста өмір сүруге болады, как может человек жить двойной душой. Біздің алдымызда ғой ең адал, таза адам бола отырып, былай шыға бере қалай халықтың жауы болуға болады деп.
Рас айтамын, мен ойлаған емеспін партия адасады деп, сөйтсем адасыпты, қатты адасыпты.
Мақтап, марапаттап депутатқа сайлаған адамдарымыз 2-3 айдан кейін "халық жауы" болып шығады. Ол жөнінде дәлелдермен "Правда" газеті майын тамыза жазады. Оған сенесіз. Сенбейін десеңіз басқа мәлімдеме жоқ. Қарсы дау айтып, оны ақтап жатқан тағы да ешкім жоқ.
Біздің Орман шаруашылығы министрі Спабеков те және Құлымбетов те "халық жауы" деп атылып кетті. Қандай тамаша азаматтар еді. Бірнеше рет ашық сот болды. Жаман болды, жаман болды...
Ол үнсіз ұзақ отырды. Сөз жоқ, дәл осы кезде аты шулы 37-нің сұсты суреті — жымысқы-жылпың кез, үрей, дәрменсіздік, шырылдаған шындық, ерте қиылған небір ғұлама ғұмыр, не керек бәрі-бәрі көз алдынан өтіп, санасында сәулеленіп жатқаны анық еді. Ойын бөлмедік. Әлден уақытта өзі әңгімесін жалғады.
— Қазір де республикаларда ұлтшылдық, жершілдік жайлаған. Қалай ол? Күнде "Правда" шулатып жазып жатыр, сынап жатыр. Тағы да қатесін мойындап, кешірім сұраған ешкім жоқ. Тағы да сол бар кінәні өлген Брежневке жауып, басқалары бастарын бұғып отыр.
Ал, Хрущевтің заманында: "Родители сами должны выбирать на каком языке обучать детей", — деген принцип пайда болған. Жаппай қазақтар балаларын орысша мектепке бере бастады. Хрущев басқарған партияның лозунгісі мынадай болды: "...национальный вопрос в Советском Союзе окончательно и навсегда решен. Мы приближаемся к тому, что будет только одна национальность — советский народ". Но никто, никогда не задавался вопросом в чем выражается это сближение? Орыс тіліне көшкенімізді "интернациональное явление, сближение народов" деп, халықтың санасына сіңдіріп жатты. Бірақ бұдан біздің халықтардың арасы жақындаған жоқ, қайта қашықтай берді. Жарайды, Сталин, Брежнев, Хрущев қателесті дейік, ал, Орталық Комитет қайда қарап отырды?! Ол жабылған жоқ қой! Ендігі жерде ана тілін сақтап қалғылары келсе, екі мәселені кәдімгідей Үкімет қаулы шығарып, көтеруі керек.
Біріншіден, начальное образование дети национальных меньшинств должны получать на родном языке, я имею ввиду школу заканчивать на родном языке, а потом, пожалуйста, маған десе шүршіттің тілінде оқысын!
Екіншіден, тоғыз қазақ бір орыс отырып, жиналыс, кеңестерді орысша өткізуді үзілді-кесілді тоқтату керек! Міне, сонда ғана қазақ тілі өлмейді...
Осы тұста Нұртас ата меңдеген ауруын да жеңіп алды. Дауысы да жоғары, қызына-қызына сөйлеп, сұқ саусағымен үстелді соғып-соғып қояды. Кім білсін, өз қателігі — өзге ұлттан әйел алып, балаларының ана тілін — қазақ тілін білмей, дәмін татпай, тұшынбай өскендігі өзегін өртеп отыр ма?! Әлде, өзі Үкімет басында отырғанда қазақ тілінің мәртебесін бір де түсірмей, қайта "власть — өкімет, правительство — үкімет" деп оны қаулымен бекітіп, алғаш терминология комитетін құрғызған, тапжылмай 25 жыл "Арабша-парсыша-қазақша түсіндірме сөздік " жазып, тіл ғылымына ұшан-теңіз үлес қосқан адам ана тілінің бүгінгі мүшкіл халіне күйіне ме қалай?! Әйтеуір, кеудеде күңіреніс, іште бір шердің барлығы сезіліп тұр. Қызына сөйлеймін деп қалжырап та қалды. Әңгімені ертеңге дейін доғардық...
— Қазір Мағжан, Шәкәрім, Байтұрсыновтарды ақтап, шығармаларын жарыққа шығарып жатыр. Солардан көргеніңіз бар ма?
— Жоқ. Олармен тікелей кездескен емеспін, естелігімде айттым ғой, мен сауатымды ауыл молдасынан аштым деп. Сондықтан арабша, парсыша ептеп оқи да, жаза да алатынмын. Кейін балалар үйінде Байтұрсынов емлесімен оқыдым. Бұл да бір өз алдына олжа болды маған. Интернатта Әмин деген кісі сабақ берді. Кейіннен білдім, сөйтсем ол белгілі Машһүр Жүсіптің баласы екен. Өте сауатты, білімді адам еді. Неге екенін білмеймін, Әминді біреулер өлтіріп кетті...
Ал, Сіз білсеңіз, Абайдың, Мағжанның шығармасымен Орта Азияда бірінші болып танысқан біз — интернат балалары болдық. Олардың кітабы алғаш Ташкенде басылып шығып, бізге Әуезов әкеп берді, жастығымыздың астына тығып қойып оқитынбыз.
— Әуезов пен Сәтбаевты жазғырып, жұмыстан шығарып, айналасындағыларын соттап жатқанда арашаға түсе алмадыңыз ба ?
— Ол кезде мен Мәскеуде Жоғарғы партия мектебінде оқуда болатынмын. Бұл 1952 жылдарда болған оқиға ғой. Әрине, бұл тұста көп бұрмалаушылық болған, кейіннен оның бәрі ашылды ғой...
— Менің білуімше, Сіздің өміріңіздің бір белесі — Арыс-Түркістан каналын қазғызу емес пе?!
Бұл сұрағым жүрегіне жылылық ұялатты білемін, маған мейірлене, ақырын жымиып қарап отырды да:
— Арыс-Түркістан каналы ма? Ә, ол былай болған. Мен өзі Түркістанның түлегі болғандықтан ол аймақты жақсы білемін. Түркістан, Төрткөл, Арыс, Шаян, Шәуілдір аймағы су жоқтан сарғайып, қаншама жер шөлді аймаққа айналып, ел қажетіне жарамай жататын. «Су болса егін егіп, бау-бақша өсіруге болар еді-ау» деген ақсақалдардың өкінішін талай естігенмін. Әкем ше, шұқырға жинап алған аз суын үнемдеймін деп күні бойы атыз жағалайтын. Ойда пісіп жүрген арман ғой, Үкімет пен партия алдына мәселе етіп қойып едім, сол кездегі Қазақстан Коммунистік Партиясының бірінші хатшысы Шаяхметов қолдай кетті.
Саясатта мынадай тәртіп бар, үлкен басшының алдына жылтыңдап кіре беруге болмайды. Күрмеуі қиын жағдайда ғана болмаса, қалған кезде орынбасарлар мен министрлер арқылы шешеміз ғой, бар істі. Ал, бұл жолғы тапқан айла-шарғым КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты Шарап Ниязовты Үкімет атынан дайындалған хатпен Сталинге кіргізу болды. Министрлер мен орынбасарларды жағаласаң іс ұзаққа созылады. Ал, су Оңтүстік өңірге ауадай қажет болып барады. Тез шешу керек.
Сонымен, Мәскеуге келдік. Біз Сталинге Шарапты кіргіздік те өзіміз, Шаяхметов екеуміз қабылдау бөлмесінде күтіп қалдық. Әрине, тағатсыздана, "не болар екен?" — деп отырмыз. Әлден уақытта Шарап: "Вода будет!" — деп Сталин кабинетінен айқайлай шықты. Жапырлап үшеуміз бір-бірімізді құттықтап жатырмыз.
Сол жылы көктемде Бөген су қоймасы салынып, Түркістан, Төрткөл, Арыс, Шаян, Шәуілдір өңіріне су жеткізетін Арыс-Түркістан каналы қазыла бастады. Халық үшін қаншалық қажет екенін басқа емес сен жақсы түсінуің керек. Өйткені сен де сол жақтың баласысың, каналдың қазіргі қызметін, пайдасын көзіңмен көріп жүрсің.
Әрине, Орталықтан ақша сұрау, техника табу деген қиындықтар болды. Енді соны табу, ұйымдастыру үшін бастық болып отырмадық па! Сұрадық. Таптық. Табылды!
Басқа әңгіме артық...
Достарыңызбен бөлісу: |