Ләззат Әділбекова, филология ғылымдарының кандидаты, профессор м.а.,
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті
Патриоттық тәрбие беруде қанатты сөздерді тиімді қолдана білу туралы
Күні бүгін қанатты сөздер ауызша әрі жазбаша әдебиетімізде кеңінен қолданылатын жанрға айналды. Жаһандану ағымында ұлт мәдениетін, әдебиетін, дәстүрін өркендетуде әдебиет теориясының зерттеле қоймаған осы бір саласы өз үнін ұтымды естіртіп, өз үлесін қосуда. Соңғы кездерде кез-келген ақпарат құралы “оймақтай ой”, “газеттің афоризмі” айдарымен қанатты сөздерді өз беттерінде үздіксіз қолданатын болса, күнделікті телеарналардан да бұл үрдіс жалғасын табуда. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін беретін, халық ауыз әдебиеті жанрына жатқызылатын мақал-мәтелдердің ой теңін көтерісетін парасатты жүгінің бір қоржынын қанатты сөздер толтыра бастағандай. Қанатты сөздер құрылымына қарай бірде ырғақты-жинақты болып келсе, бірде бірді-екілі немесе одан да көп сөйлеммен беріледі. Әйтсе де, айтылатын ойының тереңдігіне қарай оларды қанатты сөз ретінде қолдану бүгінде үрдіске айналды. Афоризмдер - қазіргі кезеңде әдеби шығармашылықтағы негізгі жанрлардың біріне айналып отырған, қоғамдағы түрлі идеялар мен көзқарастардың мазмұнын тобықтай түйін етіп бере алатын сыйпатымен халықтың терең сүйіспеншілігіне бөленген. Бұл мақалада басты мақсат қанатты сөздерді педагогикалық тұрғыдан қарастыру болғандықтан, осы туралы төмендегі мәселелерді айтуды жөн санадық.
Тәрбие жұмысы күрделі жан-жақты, шетсіз де шексіз сала. Оқытушының кез-келген тақырыпты түсіндірудегі әдістемесінен бастап, сынып жетекшісі, тәрбие саласын жүргізуші ретінде де атқаратын жұмыстарында қанатты сөздерді орынды, ұтымды қолдана білсе өз жемісін берері анық. “Бостандық пен тәуелсіздікті жеңіп алу жеткіліксіз, оны табанды түрде қорғап, нығайтып, ұрпақтарға қалдыру қажет” – деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзін жалау етіп ұстай отыра, өскелең ұрпақ бойында отаншылдық, ұлтжандылық сынды патриоттық сезімдерді шыңдауда Қорқыт атадан бастап, бүгінгі күннің аты аңызға, әрбір сөзі қанатты ойға айналған алып батыры Бауыржан Момышұлына дейінгі аралықта айтылған ақын-жазушыларымыздың, ойшылдарымыз бен қайраткерлеріміздің сөздері телегей теңіз екендігін ескеруіміз керек.
Алдымен, патриотизм ұғымы туралы. Патриотизм - өте көне ұғым. Шығу тегі герктің patris сөзінен, яғни отан деген мағына береді.
Патриотизм - өте жаңа ұғым. Өйткені, суверенді мемлекеттің егемендігін қорғайтындар - өз Отанын, өз ұлтын, жерін, тілін, дәстүр-мәдениетін мақтан тұтатын өз елінің патриоттары.
Қазіргі кезеңдегі Қазақстан Респуликасының егемен мемлекет ретіндегі нығаюы, өркендеуі жолында қазақстандық патриотизм мәселесінің өз дәрежесінде жете қалыптаспағандығы байқалып отыр. Ал патриотизмге көңіл бөлмеудің мемлекеттің әлсіреуіне әкеліп соғатындығы әркімге аян. Сондықтан да, бұл мәселе кезек күтпейді, себебі қазақстандық патриотизм қоғамның бірігуі үшін, халықтың бірлігі мен мемлекеттің тұтастығы үшін ең басты фактор болып табылады.
Күнделікті жұмыстан жоспарланған іс-шара бағдарламасын дайындау барысына дейін жастарда отансүйгіштік, адамгершілік, қайрат, намыс сезімдерін ұштауда пайдалануға көмегін тигізетін төмендегідей қанатты сөздерді көрсете кетуді жөн көрдік.
“Атасының атын шығармаған жігерсіз ұлдың туғанынан тумағаны игі”, “Шіріген мақтадан мата шықпайды, Ескілікті жаудан дос шықпайды”, “Қыз анадан үйренбей өнеге алмас, Ұл атадан үйренбей сапар шекпес”, - дейді дана Қорқыт. “Қазынаға қарауыл болсаң, хас адалдық қасиетің болсын”, “Қылыш елді күзейді, қалам елді түзейді”, “Тіл – емшінің қылышы” – деген Ж.Баласағұн. “Жауың барда қанжарыңды қайрап жүр, қастық етсе не істеуді ойлап жүр” – дейді М.Қашқари.
Ал “қазақ кім?” - деген сұрауға Бұқар жыраудың, Қаз дауысты Қазыбектің, Шоқан Уалихановтың, Міржақып Дулатовтың, Бауыржан Момышұлының мына бір сөздерін ұсынған болар едік. Бұхар жырау:
Қиядан қиқу төгілсе,
Атының басын тарпаған,
Қисапсыз жау көрінсе,
Түршігіп беті қайтпаған,
Батыр шыққан қалпынан,
Қазақ атты халқыңнан.
Қаз дауысты Қазыбек би: “Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз. Ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзды ақтай білген елміз, асқақтаған хан болса, хан ордасын таптай білген елміз. Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды. Анадан қыз туса, күң боламын деп тумайды. Ұл мен қызды қаматып, отыра алмайтын елміз. Сен қалмақ болсаң, біз қазақ, қарпысқалы келгенбіз, сен темір болсаң, біз көмір, еріткелі келгенбіз. Танымайтын жат елге танысқалы келгенбіз, танысуға көнбесең шабысуға келгенбіз. Сен - қабылан болсаң, мен - арыстан алысқалы келгенбіз. Жаңа үйреткен жас тұлпар, жарысқалы келгенбіз, тұтқыр сары желіммін, жабысқалы келгенбіз. Берсең жөндеп бітіміңді айт, не тұратын жеріңді айт!”
Шоқан Уалиханов: “…Қазақ барлық сенім, әдетімен де, ойын-сауығымен де әркезде де жасаған адамдарының тарихи мәні бар оқиғаларды баяндайтын поэтикалық құны күшті аңыздар, өлең-жырлар жасауымен де, сауыққа құмарлығымен де, халықтық заңның көптеген кодекстерін сақтауымен де, соттық шешімдерімен де полициялық шараларымен де ең ақылдылардың қатарына қосылады.”
Бауыржан Момышұлы:
Мен қазақпын жаралған сүйек – еттен,
Меде ар бар, менде ой бар жан тебіренткен.
Халқымның қарапайым бір ұлымын
Жанымды арым үшін құрбан еткен.
Шешендіктің шыңына шыққан Төле бидің төмендегі сөздері тәрбие бұрыштарына іліп қоюға лайық:
Бір үйдің баласы болма,
Көп үйдің санасы бол!
Бір елдің атасы болма,
Бар елдің данасы бол!
Бір тонның жағасы болма,
Көп қолдың ағасы бол!
Ақты ақ деп бағала,
Қараны қара деп қарала.
Өзегің талса өзен бойын жағала,
Басыңа іс түссе көпшілікті сағала.
Өзіңе-өзің кәміл бол,
Жауыңа қатал бол,
Досыңа адал бол!
Ер жігіттің мінез, ақылы, өнері туралы Махамбеттен, Ақан сері мен Біржан салдан, Тұран елі, алаш жері туралы Мағжан, Сәкен мен Ілиястан молынан табуға болады. Отанға деген сүйіспеншілік ана тіліңнен бастау алары анық. Бұл туралы Мағжан Жұмабаев:
Ерлік, елдік, бірлік, қайрат, бақ, ардың,
Жауыз тағдыр жойды бәрін не бардың…
Алтын Күннен бағасыз бір белгі боп,
Нұрлы жұлдыз, бабам тілі, сен қалдың
Жарық көрмей жатсаң да ұзақ, кен-тілім,
Таза, терең, өткір, күшті, кең тілім.
Тарап кеткен балаларыңды бауырыңа
Ақ қолыңмен тарта аларсың, Сен, тілім! – деп
жырласа, Бауыржан Момышұлының: “Ана тілімізге мән бермеушілік, оны құрметтемеушілік-шынайы патриоттарды тәрбиелеу жұмысына үлкен зиян.
…Қазақ тілі… өткірлігімен бой балқытып, тамыр шымырлатып, жан жүйеңді жандырып, құлақ құрышнын қандырып, ұғымына қонымды, жүрегіңе тиімді…қысылтаяң қатал жағдайда қайрап, егеп /сөз тапқанға қолқа жоқ/ дегендейін ерге, елге медет болып, адам түгіл жағдайдың көмейіне құм құйып, аузын аштырмай, үнін шығармай қоятын тіл…
Қазақ тілі еш уақытта өзімен көршілес халықтың тілдерінен сорлы болып, қатардан қалып өмір сүрмегендігі, өз сыбағасын ешкімге жібермегендігі – мыңдаған жыл тарихында айқындалған,”- сынды аталы сөздері бар.
Отанды сүю, қорғау - әрбір азаматтың парызы. Қазақ ақын – жазушыларының ішінен әрбір сөзі отты да ойлы болып келетін Бауыржан Момышұлының қанатты сөздері түгелдей дерлік патриотизм патшалығын құрайды десек, оқырман келісер. Қазақстандық патриотизм сынды күрделі де үлкен тақырыптың бір тамшысы боларлық патриоттық қанатты сөздер туралы шағын мақаламызды осы салада ізденген азаматтарға өз көмегін тигізер деген оймен ұсындық.
Достарыңызбен бөлісу: |