42
кәсіп», «ата-баба кәсібі», «ата-баба өнері», «жеті атасынан айтулы шебер»
ұғымдары осы дәстүрге байланысты аталған. «Балам өнерлі болсын десең,
аталық айтар ісің болсын» деген халық мақалы да тектен текке айтылмаса
керек. Ұрпақтың осылайша әке жолын, ана жолын қууы – осы кәсіптің ұзақ та
табысты дамуына, сондай-ақ ұжымда ұлттық мәдениет негіздеріне
жауапкершілікпен қарап, аялы қарым-қатынастар жасайтын көркемдік
талғамның қалыптасуына себепші болды [33].
Ал біздің зерттеуіміз үшін осы кәсіпшіліктің дамуымен қалыптасқан
шәкірт тәрбиелеу жүйесі. Қазақ халқының қолөнер кәсіпшілігінде шәкірт
тәрбиелеу дәстүрлерін педагог ғалым Ұ.М.Әбдіғапбарова өзінің«Қазақ
халқының қолөнерінде шәкірт тәрбиелеу» атты 2005 жылы жарық көрген
еңбегінде жан-жақты сипаттап, ғылыми тұрғыдан негіздеген. Ал біз, өз
зерттеуімізде Ұ.М.Әбдіғапбарованың ойын әрі қарай дамытып, қазақтың
қолөнерінің дамуында дуальді оқыту көрініс табатынын және ол кәсіби білім
берудің бастауына негіз болатынына мән бердік.
Ертедегі белгілі шеберлер өзінің шығармашылық жолын әңгімелегенде
өзінің кәсібінің алғашқы дағдыларына отбасында бала кезінен-ақ үйренгенін
айтады. Олардың басым көпшілігі зергерлік, ұсталық, тоқыма кәсіпшілігі
істерін 7-8 жасынан бастап үйреніп, 11 - 15 жас аралығында айтулы шебер,
аймаққа белгілі ұста атанғандары белгілі. Мысалы, Бимағамбетов Тапай шебер
арғы аталары Құлмұрат, Есжан зергерлерден мұра болып келген шеберлікті, өз
әкесі Бимағамбет ұстадан қабылдап, 13-14 жасынан бастап-ақ өз
талпынысының зейінділігінің арқасында белгілі зергер атанған [34,б. 84].
Отбасында үйретуде үлкендердің барлығы бірдей балаларын, өзінен
кейінгі туыстарын нағыз шебер етіп шығара алмады. Олар өздеріне сенімді
көмекшілер даярлауды мақсат тұтты. Бірақ барлық ата-аналар мен үлкендер
қолөнер кәсібіндегі көркемдік мотивтер әсемдігін және онда айтылар ойдың
мәнін балаларының түсінуі үшін олардың өз ісіне сын көзбен қарауын қатаң
қадағалады. Балалар үлгілермен жұмыс істеу барысында бейнелеу өнерінің
негіздерін меңгеруге қол жеткізді. Қарапайым суреттерді көшіру арқылы
қолөнеріндегі дәстүрлі әдістерді, ою-өрнектерге тән мотивтерді, бояуларды
үйлестіру тәсілдерін және осы өнердің басқа да қыр-сырларын меңгерді.
Қолөнер кәсібіне отбасында үйретуді шәкірт тәрбиелеудің ежелгі
формасы деп толық айтуға болады. Осы форма қолөнер кәсібінде бірнеше
ғасырлар бойы шеберлер даярлаудың негізгі жүйесі болып саналды.
Дейтұрғанмен, оның мамандар даярлаудың ең үлгілі формасы еместігін
ертедегі шеберлердің өзі-ақ түсіне бастады. Отбасында балалардың барлығын
ата кәсібін үйренуге баулу, оны құрметтеуге тәрбиелеу әбден мүмкін, бірақ
бәрін бірдей асқан шебер етіп даярлап шығару мүмкін бола бермейді.
Сондықтан да ата-аналар, үлкендер баланың дарындылығын байқаған жағдайда
оларды ең жақсы шеберге шәкірттікке беруге тырысты. «Балаңды өнерлі
болсын десең, ұстаға қос» осы дәстүрдің дәлелі болса керек. Ата-анасы баласын
ұстазға алып келгеннен кейін, оның ұстаз тәрбиесінде бірнеше жыл болуы тиіс
болған. Шәкірт ұстазға ақы төлеп оқымаған. Ұстаз да шәкіртіне ақы төлемеген.
43
Әр шәкірт өз қабілетіне қарай өнер үйреніп, ұстаз өнерін толық меңгергенде
ғана өз алдына жұмыс істеуге бөлініп шыққан, ұстазынан бата сұраған.
Ұстазынан бата алған шәкірт дүкен құрып, шеберхана ашып өз жұмысын
жүргізген, шеберлігі асқанда ол да шәкірт даярлаған. Осындай тәртіп Орта Азия
мен Қазақстан шеберлерінің арасында кезінде кең тараған. Бұған мына деректер
мысал бола алады: «Бес ұста» - отырықшы жағдайда тұрған шеберлер. Олардың
әрқайсысы жылына 5-6 жас шәкірт ұстап, оларға өз өнерлерін үйретіп отырған.
Шәкірттеріне ақы төлемеген, шәкірттер де ұстаздарына жалынбаған. Ұстазына
көмектесе жүріп, іс үйренгені мен ішкен-жеген дәм-тұзына риза болатын да бір
жылдан соң өз алдына бөлініп, үйренген шеберлігі бойынша кәсіп етеді. Қолы
жеткенде ғана ұстазын қонаққа шақырып, сый-сияпатын көрсетіп, батасын
алады екен» [35, б. 34].
Шеберлердің шәкірт тәрбиелеуі ата-аналардың сұранысынан ғана емес,
шеберлердің шәкірттерге қажеттілігінен де туындаған. Олай дейтініміз қолөнер
кәсібіндегі жетекші шеберлер өздерінің жолын қуушы ізбасарлар тәрбиелеуді
мақсат тұтып көршілерінің балалары арасынан осы кәсіпке қабілетті дегендерді
шәкірттікке алды. Мысалы, «шебер әрі зергер Көшебенов Оспан жеті жастан
Жұмақымет етікшіге етік піштіріп алып, етік тігіп, өсе келе, 11-12 жасында
айтулы етікші атанады. Осы кезде атақты зергер Жұмкей Кенжебаев зерделі
баланың зейінін танып, зергерлік өнерге баулиды. 13-14 жасында Оспан
Орталық Қазақстан мен Орта Азияға, Омбыға атағы жайылған зергер, қолынан
келмейтіні жоқ шебер аталады». Сондай-ақ зергерлік өнерінде өзінің
қолтаңбасын қалдырған «Берсүгіров Палжігіт шебер жас шағынан өнерге бір
табан жақын жүріп, әйгілі зергер Жолтайдан 12 жасында зергерлік өнерін
үйреніп шығады. Палжігіт келе-келе ою-өрнектерді өз ойынан шығаратын
болды. Кеңестер Одағының тұсында «Орақ балға», «Бесжұлдыз сырға»,
«Мөрше» өрнектерін дүниеге әкелді» [36].
Осы айтылғандардан басқа күн көрісі үшін зергерлерге көмекші бола
жүріп, шеберліктің қыр-сырын үйреніп шыққандар да жоқ емес. Осы
айтқанымыздың дәлелі ретінде мына мәліметті келтіруге болады: «Әкеден
жастай жетім қалған Қобан атақты зергер Қарамырзаның көрігін басып, көмірін
жаға жүре, зейінділік пен зерделіліктің нәтижесінде бұл өнерді үйреніп алып,
он тоғыз жасынан өз алдына дүкен (ұстахана Ұ.Ә.) құрып, көрік басып халық
арасына атағы шығады. Алғаш сақина, жүзіктен бастаған Қобан Ақмешіт
төңірегіне белгілі зергер атанады» [37].
Айта кететін бір жәйт үйретуші-ұстаздар шәкірттеріне шеберліктің
құпияларын ғана үйретіп қоймаған, сонымен қатар өздерінің құрал-
саймандарын да оларға мирас еткен. Қазіргі дәуірдің бесаспап шебері атанған
Дәркембай Шоқпарұлының «Көрік –түрлі металдарды балқытып, қыздырып
өңдеу барысында отыққа жел беріп тұру үшін қолданылатын құрал...
Алдамберді ұстаның (Алматы облысы, Еңбекші қазақ ауданы, Қазатком
селосы) төрт өгіздің терісінен жасаған көрігін Алдекең дүние салғаннан соң
Нұрқожаұлы Ержұма ұстап, ол кісі құрметті демалысқа шыққанда шәкірті
Алдамбердиев Темірбай 1960 жылдарға дейін ұстады.» деп айтқаны осы
Достарыңызбен бөлісу: |