Баланың құқықтарын қорғауға байланысты заңдар және олардың мазмұны
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынандай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала – ата-ана құқықтарының шектелуіне немесе олардан айрылуына, ата-анасы хабар-ошарсыз кетті деп танылуына, олардың қайтыс болды деп жариялануына, әрекетке қабілетсіз (әрекет қабілеті шектеулі) деп танылуына, ата-анасының бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеуіне, ата-анасының баласын тәрбиелеуден немесе оның құқықтары мен мүдделерін қорғаудан жалтаруына, оның ішінде ата-анасының өз баласын тәрбиелеу немесе емдеу мекемелерінен алудан бас тартуына байланысты, сондай-ақ ата-анасы қамқорлық жасамаған өзге де жағдайларда жалғызбасты ата-анасының немесе екеуінің де қамқорлығынсыз қалған бала;
2) бала – он сегіз жасқа (кәмелетке) толмаған адам;
3) бала құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдар – бұл балаларды әлеуметтік қолдауды, әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық-әлеуметтік, әлеуметтік-педагогикалық, психологиялық-педагогикалық, құқықтық қызметтер көрсету мен материалдық көмек көрсетуді, өмірде қиын ахуалға тап болған балаларды әлеуметтік оңалтуды, мұндай балалар еңбекке қабілетті жасқа жеткенде олардың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етуді жүзеге асыратын ұйымдар;
4) баланы әлеуметтік оңалту – бала жоғалтқан әлеуметтік байланыстар мен функцияларды қалпына келтіру, тұрмыс-тіршілікті қамтамасыз ету ортасын толықтыру, оған қамқорлық жасауды күшейту жөніндегі іс-шаралар;
5) баланың әлеуметтік бейімделуі – өмірде қиын ахуалға тап болған баланың қоғамдағы құндылықтарды, мінез-құлық қағидалары мен нормаларын игеру және қабылдау арқылы әлеуметтік ортаның жағдайларына белсенді түрде бейімделу процесі, сондай-ақ басынан кешірген психологиялық және (немесе) моральдық зардаптарды еңсеру процесі;
6) баланың заңды өкілдері – ата-ана, бала асырап алушылар, қорғаншы, қамқоршы, патронат тәрбиелеуші, баланы қабылдайтын ата-аналар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес балаға қамқорлық жасауды, білім, тәрбие беруді, оның құқықтары мен мүдделерін қорғауды жүзеге асыратын олардың орнындағы басқа да адамдар;
7) баланы экономикалық жағынан қанау – бұл бала еңбегінің ең нашар нысандары, оның ішінде кәмелетке толмағандармен сауда жасау, оларды қылмыстық әрекетке немесе қоғамға жат іс-әрекеттер жасауға, жезөкшелікпен айналысуға, порнографиялық суреттер шығаруға немесе кәмелетке толмағандарды порнографиялық сипаттағы ойын-сауық іс-шараларына қатысуға тарту, сондай-ақ жұмысқа қабылдау үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген ең төменгі жастан кіші балалардың еңбегі;
8) жетім бала – ата-анасының екеуі де немесе жалғыз басты ата-анасы қайтыс болған бала;
9) қамқоршылық – он төрт жастан он сегіз жасқа дейінгі балалардың құқығы мен заңды мүдделерін қорғаудың құқықтық нысаны;
10) қорғаншылық – он төрт жасқа толмаған балалардың құқығы мен заңды мүдделерін қорғаудың құқықтық нысаны;
11) мемлекеттік ең төменгі әлеуметтік стандарттар – мемлекет белгілеген әлеуметтік қызметтер көрсетудің, нормалар мен нормативтердің ең төменгі көлемін қамтитын, балалар өмірінің сапасын қамтамасыз ететін негізгі көрсеткіштер;
12) мүгедек бала – тіршілік етуінің шектелуіне және оны әлеуметтік қорғау қажеттігіне әкеп соқтыратын аурулардан, жарақаттардан, олардың салдарынан, кемістіктерден организмінің функциялары тұрақты бұзылып, денсаулығына зақым келген он сегіз жасқа дейінгі адам;
12-1) өмірлік қиын жағдайда жүрген бала (балалар) – "Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген қалыптасқан мән-жайлардың салдарынан тыныс-тіршілігі бұзылған және осы мән-жайларды өз бетінше немесе отбасының көмегімен еңсере алмайтын бала (балалар);
13) патронат – ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы уәкілетті мемлекеттік орган мен баланы тәрбиелеуге алуға тілек білдірген адам (патронат тәрбиелеуші) жасасатын шарт бойынша азаматтардың отбасына тәрбиелеуге берген кездегі тәрбиенің нысаны;
14) алып тасталды - ҚР 01.04.2019 № 240-VIЗаңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
15) Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары жөніндегі уәкіл – Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайтын, өзіне балалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің негізгі кепілдіктерін қамтамасыз ету, сондай-ақ мемлекеттік және қоғамдық институттармен өзара іс-қимыл жасай отырып, балалардың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіру жөніндегі функциялар жүктелетін адам.
Достарыңызбен бөлісу: |