05.05.2010 / 20:05
Қазақстанның Болон үрдісіне қосылуы - студенттерге білімдерін шетелдік ЖОО-ларда жалғастыруға және қатысушы елдер дипломдарының өзара танылуына жол ашты
АСТАНА. Мамырдың 5-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Жоғары білім берудің ұлттық үлгісін еуропаның білім жүйесіне жақындату бағытындағы республикамыздың мақсатты әрі жүйелі жұмыстары, оны Болон үрдісіне қосылуға әкелді. Үстіміздегі жылғы наурыздың 12-сі күні Қазақстан да Ресей сияқты 47 мемлекетпен құрылған - жоғары білімнің еуропалық кеңістігінің толыққанды мүшесі болды. Бұл үрдіс ең алдымен, қазақстандық студенттерге білімдерін шетелдік ЖОО-ларда жалғастыруға және Қазақстан мен өзге де елдер дипломдарының өзара танылуына жол ашты.
Еуропалық білім стандарттарының артықшылықтары мен оның Қазақстанда қажеттілігі туралы айтып беру үшін, Болон үрдісіне отандық ЖОО-лардың арасында алғашқылардың бірі болып қосылған Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры Айтбай Бұлашевпен сұхбаттасқан едік.
- Айтбай Қабыкешұлы, Қазақстан Болон үрдісіне екі ай бұрын қосылғанымен, бұл ықпалдастыққа дайындық одан ерте басталды ғой. Отандық білім беру стандарттарына өзгерістер де енгізілген шығар?
- Иә, өзгерістер бар. Болон декларациясы постулаттарының бірі - білім беру ісін жалпыдан жалқыға бағыттауды қарастыратын: бакалавриат-магистратура-докторантура бағдарламалары бойынша білім берудің көп деңгейлі жүйесін жүзеге асыру болып табылады. Яғни, адам алдымен белгілі бір ғылым бойынша жалпылай жоғары білім алады да, кейіннен мамандыққа бейімделген білім беру бағдарламалары бойынша барынша тар бағыттағы дайындықтан өтеді.
Негізінен, Қазақстан бұл үлгілерге көшуді 2003 жылы бастаған болатын. Сол жылы әуелі экономикалық, гуманитарлық және педагогикалық, ал келесі жылдан бастап басқа да мамандықтар бойынша төрт жылдық бакалавриатураға студенттер қабылданды. Тек медицина және ветеринария мамандықтары бойынша оқыту мерзімі 5 және одан да көп жыл болып сақталып қалды.
Реформа аясында мемлекеттік білім беру стандартына тиісті өзгертулер де енгізілді. Атап айтсам, бакалавриат бағдарламасының барлық пәндері еуропалық стандартқа сай үш топтамаға біріктірілді: жалпы білім беру пәндерінің топтамасы (оның бакалавриаттағы үлесі - 25 пайызды құрайды), негізгі (50 пайыз) және бейінді пәндер топтамалары (25 пайыз).
Сондай-ақ, олардың барлығына бірдей міндетті және таңдамалы пәндер енгізілді. Міндеттілері - мамандықтың типтік оқу жоспарына енгізіледі де, оларды игеру міндетті болады, ал таңдамалы пәндерді студент ЖОО ұсынған каталогтан өз қалауы бойынша таңдап ала алады. Қазіргі таңда пәндердің бұл екі тобының ара салмағы тең деуге болады, ал 2020 жылға қарай Білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес бакалавриатурадағы таңдамалы пәндер үлесі - 65, магистратура мен докторантурада сәйкесінше 85 және 95 пайыздарға жеткізілетін болады деп күтілуде. Менің ойымша, мұндай академиялық еркіндік оқу орындарына еңбек нарығындағы сұранысты есепке ала отырып, білім беру бағдарламаларының ауқымды көлемін ұсынуға мүмкіндік бермек. Басқаша айтқанда, жаңа модель оқыту үрдісін жұмыс берушінің талабына бағыттайды.
- Жаңа жүйе кредиттік технология бойынша жүзеге асырылатынын білеміз. Оның дәстүрлі білім беру стандарттарынан айырмашылығы қандай?
- «Кредит» терминінің өзі - «сенім» деген мағынаны білдіреді, яғни білім мекемесі оқытушы мен оқушының кәсіби білім аясында бірлесе атқаратын жұмысына сенім артады. Мұндағы басты шарт - студентке дайын күйінде ұсынылатын ақпараттардың үлесін азайтып, оның өздігінен іздену талпынысын арттыруға септігін тигізу. Дәрісханадағы сабақтарды қысқарту арқылы оқытушылар, бір жағынан, оқу-әдістемелік құралдарды даярлауға көбірек уақыт бөле алатын болады. Бұрынғы дәстүрлі жүйе бойынша студент, пәнді меңгеру үшін өзіндік жұмысқа оқу сағатының 33 пайызын жұмсап келсе, кредиттік технологияда барлық уақыттың 66 пайызын бөлуге тура келеді.
- Сіз басшылық етіп отырған ЖОО еуропалық білім беру үлгісі бойынша мамандар мен ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлай бастаған алғашқы оқу орындардың бірі. Дегенмен, сіздердің байланыстарыңыз ТМД елдеріне қарағанда, алыс шет елдердің жоғары оқу орындарымен тығызырақ секілді?
- Иә, расымен, қазір бізде бұл бағыттағы тәжірибенің айтарлықтай қоры бар және олармен Кедендік одақ елдеріндегі әріптестерімізбен бөлісуге даярмыз. Өз кезегімізде біртұтас экономикалық кеңістікте жұмыс істейтін ЖОО-лармен және Ғылыми-зерттеу институттарымен шығармашылық ынтымақтастық орнатуға ниеттіміз.
Қазіргі таңда біз Вайенштефан (Германия) қолданбалы ғылымдар университеті, Моңғолия, Франция және Бельгия аграрлық университеттерімен бірлесіп, «Менеджмент» мамандығының «Аграрлық менеджмент» және «Мал шаруашылығындағы менеджмент» бағыттары бойынша магистратураның оқу жоспары мен бағдарламаларын әзірледік. Соңғы үш жылда аталмыш мамандықтардың бірқатар түлектері екі ел дипломдарына ие болды. Сондай-ақ қазір университетіміз жанында аграрлық мамандықтар бойынша магистратураның білім беру бағдарламаларын байланыстыру мақсатында студенттермен және оқытушылармен алмасу үшін қазақ-қытай ғылыми-білім орталығы жұмыс істейді.
Өкінішке қарай, мұндай қоян-қолтық ықпалдастық туралы посткеңестік елдерге қатысты айта алмаймын. Біздің бастамамызбен қазір Новосібір мемлекеттік аграрлық университетімен келісімшарттар жасалып, «Агроинженерия» және «Агрономия» мамандықтары бойынша магистратураның оқу жоспарын біріздендіру жұмысы жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ қазір Сібір мемлекеттік телекоммуникация және ақпарат университетімен (Новосібір қаласы) бірлесіп «Есептеу техникасы, радиотехника және телекоммуникация» мамандығы бойынша магистранттарға екі дипломды білім беру механизмі қарастырылуда. Өткен жылдың соңында Беларусь мемлекеттік аграрлық-техникалық университетімен және Украина Ұлттық биоресурстар мен табиғатты қолдану университетімен келісімшарт жасалды.
- Еуропаны былай қоя тұрып, Ресей, Беларус және Қазақстан арасындағы Кедендік одақ шеңберінде жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімді ықпалдастырудың қандай жолдары бар?
- Мен айтып отырған жаңа оқу стандартының икемділігі сол, ол шетелдік университетте міндетті деп саналған пәндерді өз елінде таңдамалы пән ретінде оқуға мүмкіндік береді. Осыған сәйкес, екі жақтың университеттері өздерінің таңдамалы пәндер топтамасына әріптес-университеттің міндетті пәндер тізімін енгізуі керек. Ал КО-ға қатысушы елдердегі жоғары мектептердің аграрлық мамандықтар бойынша міндетті пәндері ұқсас болып келгендіктен, таңдамалы пәндер ретінде - білім алып жатқан елдегі ауылшаруашылық өндірістерін жүргізудегі ерекшеліктерді игеру ұсынылатын болады. Менің пікірімше, таңдамалы пәндерді анықтау мәселесі - Кедендік одақ елдерінің аграрлық университеттері арасындағы диалогты қажет етеді.
Байқап отырсаңыздар, біз екі дипломдық білім беруді бакалавриаттан емес, магистратура мамандықтарынан бастадық. Оның бірінші себебі, магистратураның оқу жоспарында гуманитарлық бағыттағы пәндерді оқыту қарастырылмаған, екіншіден, академиялық тұрғыдан алғанда - өте еркін (оқу бағдарламасының үлкен бөлігін таңдамалы пәндер құрайды) және үшіншіден, бұл үрдіс шетелдік университеттермен ғана емес, сондай-ақ ҒЗИ-мен де тығыз байланыс жасауға ықпал етеді.
Бүгінгі күні ҚР Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен тәжірибе ретінде жүзеге асырылып жатқан қашықтықтан оқыту технологиясы - осы екі дипломды білім беру үрдісінің Қазақстанға сіңісуіне негіз бола алады. Ал әріптес-елдердің агроөнеркәсіптік ерекшеліктерін жіті меңгерген мамандар мен ғылыми-педагогикалық кадрларды бірлесе даярлау - біртұтас экономикалық кеңістікте ауыл шаруашылығын тұрақты дамытуға ықпал ететіні сөзсіз.
- Сұхбатыңызға рахмет.
Достарыңызбен бөлісу: |