14-тақырып: Қ.Жұбановтың әдістемелік мұрасы. Қ.Жұбанов еңбектеріндегі антрополингвистикалық өзек.
Сағат саны -1
Тақырыптың негізгі сұрақтары/ жоспары:
1. Қ.Жұбановтың әдістемелік мұрасы.
2. Қ. Жұбанов - Қазақстанда лингводидактика ғылымының негізін қалаған ғалым.
3. Қ.Жұбанов еңбектеріндегі антрополингвистикалық өзек.
4. Қ.Жұбановтың тілдік құралдарды танымдық тұрғыда саралауы.
Дәріс тезисі
Қ.Жұбановтың «Қазақ тілінің програмы» – қазіргі оқу бағдарламаларын жасаудың алғашқы үлгісі. Ол – қазірге дейін дидактикалық, әдістемелік тұрғыдан құнын жоймаған, теориялық білім берудің классикалық негізін қалаған, ғылыми-зерттеу жұмыстарының дұрыс жолға қойылып, дамуына жол салған еңбек. Ғалымның әдістемелік еңбектерін зерделеу барысында блоктік-модульдік оқыту, дамыта оқыту, қашықтан оқыту, қатысымдық оқыту, сатылы кешенді талдау сияқты оқытудың жаңа технологиялары ретінде танылып жүрген әдістерді көруге болады. Бұл ғалымның әдістемелік идеясының өміршеңдігін, болашақты болжай білген көрегендігін көрсетеді. Қ.Жұбановтың әдістемелік еңбектері – өз уақыты талаптары тұрғысынан озық туған, қазақ тілін оқыту әдістемесі ғылымының бастау көзі болып саналатын әдістемелік мұра.
Қ.Жұбанов – өткенге байыппен қарап, халықтың, ұлттың мұрасы мен мүддесін кейінгі ұрпаққа жеткізуде дәстүрлер сабақтастығын сақтай білген ғалым. Оның еңбектерінде кездесетін оқыту ұстанымдары мен әдістері өз заманында ғана жаңалық болып қалмай, қазір де құндылығын жойған жоқ. Олай болса, ғалымның әдістемелік мұрасы жалпы қазақ тілін оқыту әдістемесі ғылымының даму тарихын зерделеуге, оның болашағын болжауға, сөйтіп, ХХІ ғасырда білім мен тәрбие беру ісін жүзеге асыруда дәстүрлі әдіс-тәсілдермен қатар жаңа ізденістер жүргізуге жол ашады. Сондықтан профессор Құдайберген Қуанұлы Жұбановты Қазақстанда лингводидактика ғылымының негізін қалаған ғалым-ұстаз, ірі қайраткер деп тануға болады.
Қазақ тілін өз табиғатына сай зерттеуді мақсат еткен проф. Қ.Жұбановтың ғылыми парадигманы анықтаған топшылаулары мен тұжырымдарын бүгінгі күнгі тіл ғылымы кеңістігіне сай былай деп көрсетуге болады: Осы мақсаттағы зерттеу барысында парадигмалық өлшемдерді құрайтын мәселелер келесі үлгіде жинақталады: 1) парадигманың хронотопиялық шектер арқылы дәйектелуі уәжделеді, яғни белгілі бір ғылыми парадигманың дүниеге келуін анықтайтын маңызды көрсеткіштер қатарында уақыт пен орын (мекен-жай) ерекше қызмет атқарады. Ал тарих қойнауына еніп, алыстап кеткен парадигмалар салыстырмалы түрде айқындалады; 2) парадигманың пайда болуын түсіндіретін шарттар, алғышарттар мен уәждер болатыны «еш нәрсе бос жерде дүниеге келмейді, нөлден басталмайды, барлық білім тарихи тұрғыдан шартталған және байланысқан негізде дамиды» деген қағидаға сүйенеді; 3) ғалымның пікіріне сәйкес, көзделген мақсаттар мен міндеттер, көп жағдайда, парадигманың аты мен бағыт-бағдарын нақтылайды; 4) тілші-ғалым парадигманы нақтылау барысында талдауға негіз болған пәндік аялар мен нысандардың да ескерілуіне мән береді; 5) қолданылатын әдіс-тәсілдер арқылы автор парадигмалық тұжырымдардың ерекшелігін сұрыптайды; 6) тілші-ғалым эволютивті аспект арқылы немесе бағалау әрекетінің көмегімен тіл білімін жаңа сатыға көтеріп, тіл туралы деректер аса құнды сипаттамалар мен түсініктемелерге жол ашады деген көзқарасты ұстанады. Проф. Қ.Жұбанов қазақ лингвистикасына тілдік құралдарды танымдық тұрғыдан саралаудың жаңа үлгісін ұсынумен қатар, маңызды ұстанымдардың дүниеге келуін дәйектеді. Ол кез келген шығармаға тек құрылымдық сипаттама беріп қана қоймай, сонымен қатар тілдік құралдар арқылы берілетін идеялық ерекшеліктерге, адамзат табиғатын айқындар фактілерге, оның сыртқы ортамен, табиғатпен байланысар мүмкіндіктеріне мән берді, оларды уақыт таразысымен өлшей келе, халықтық дүниетанымның қалыптасу тарихы туралы сөз қозғады. Зерттеуші әр тілдік материалды елдің салтын, әдет-ғұрпын пайымдап түсіндірудің, танымдық қорды жинақтаудың көзі деп қабылдады. Қ.Жұбанов қазақ тіл білімінде бірінші болып қазіргі тілдік деректерді тарихи қағидаға сүйене отырып қайта жаңғыртуды ұсынады. Әрине, Қ.Жұбанов өмір сүрген заманда аталған ұстаным дәл қазіргідей антропологиялық (антропоцентристік) принцип немесе лингвомәдениеттаным деп аталмаса да, ғалым ұстанған негізгі қағида осыған саятын.
Достарыңызбен бөлісу: |