Интенсивті егіншілікжүйелері – өзінің жоғарғы ғылыми-технологиялық деңгейімен ерекшеленетін, өңдеуге жарайтын жердің барлығына дерлік егіс егілген, оның көлемі өңделетін жердің көлемінен кейде артық болып келетін жоғарғы өнімді, экономикалық тұрғыдан тиімді дақылдар мен олардың құнды сорттары өсірілетін, алдыңғы қатарлы технология мен техникада қолданатын, топырақ құнарлылығы көбінесе өндірістен алынатын заттардың көмегімен арттырылатын, топырақты, қоршаған ортаны қорғай алатын егіншілік жүйелері.
Топырақты эрозиядан сақтау және ортаны қорғау шаралары. Қоршаған ортаны сақтау - топырақты, суды, орманды қорғауға, органикалық, минералдық тыңайтқыштарды және басқа егін шаруашылығын химизациялауда қолданылатын заттарды дұрыс сақтап, қолдануға бағытталған шаралар мен оларды бақылап, іске асыру жұмыстарының жиынтығы. Олардың қатарына топырақты эрозиядан сақтау шаралары да жатады. Бұл қолайсыз процестің елімізде кең орын алуына мүмкіндік бермеу егіншілік жүйесінің жауапты міндеттерінің бірі деп санау қажет.
Адам неғұрлым көп өнім алу үшін қоршаған ортаға, оны құрайтын барлық бөлімдеріне бірдей көңіл аударып, бақылау және күресу жолдарын жетілдіре беру керек.
Егіншілік жүйелерін таңдау - табиғи, экономикалық, техникалық, әлеуметтік және басқа факторларға байланысты болып келеді. Қазақстан топырақ-климаттық жағдайларына сәйкес 10 аймаққа бөлінеді және осы аймақтар бойынша егіншілік жүйелері де әр түрлі болып келеді, бірақ олардың бәріне ортақ көрсеткіш интенсивтілігі болып табылады.
Климат жағдайы қуаң болып келетін далалық, құрғақ далалық аймақтарда оңтүстік, оңтүстік-шығыста орналасқан тәлімі жерлерде егіншілік жүйелерінің негізгі міндеті ылғалды көбейту мен эрозиямен күресу болып келеді. Сондықтан егіншілік жүйелерінің өзіндік ерекшеліктері болады. Бұл жерлерде кең тараған жүйелерінің бірі дәнді-парлы егіншілік жүйесі – егістіктің негізгі көлеміне астық дақылдары егілетін, оның біраз көлемін таза пар алып жататын, ал топырақ құнарлылығын арттыру үшін оны дұрыс өңдеу арқылы,тыңайтқыштар қолдану арқылы және басқа агротехникалық шаралардың көмегімен жүзеге асатын егіншілік жүйесі.
Жоғарыда аталған жүйеден басқа бұл аудандарда дәнді - отамалы-парлы егіншілік жүйесі – негізінен астық дақылдары өсірілетін, олармен қатар отамалы дақылдар және пар болатын, топырақ құнарлылығы жоғары мөлшердегі органикалық және минералдық тыңайтқыштардың, пестицидтердің, басқа да шаралардың көмегімен жүзеге асатын егіншілік жүйесі.
Достарыңызбен бөлісу: |