Қазақстанда Адам құқықтары жөніндегі уәкіл А


Уәкіл мекемесіне алдыңғы жылдардағыдай Байқоңыр қаласының аумағында тіркелген Қазақстан азаматтарынан шағымдар келіп түсті



жүктеу 1,89 Mb.
бет6/8
Дата14.05.2018
өлшемі1,89 Mb.
#12638
1   2   3   4   5   6   7   8

Уәкіл мекемесіне алдыңғы жылдардағыдай Байқоңыр қаласының аумағында тіркелген Қазақстан азаматтарынан шағымдар келіп түсті.

Аталған қаланың аумағында тіркелген Қазақстан азаматтары Ресей Федерациясының федералдық бюджетінен зейнетақы алады. Алайда, басқа елді мекендерге тұрақты тұруға кеткен кезде оларға қазақстандық заңнамаға сәйкес ең төменгі зейнетақы белгіленеді. Бұл олардың қазақстандық зейнетақы қорларына ешқандай зейнетақы аудармайтындығымен байланысты. Жұмыс берушілер, керісінше, өз заңнамасына сәйкес Ресейдің зейнетақы қорларына қажетті қаражат аударады.

Байқоңыр зейнеткерлерінің проблемаларын Уәкіл өзінің есептік баяндамаларында 3 жыл бойы көтеріп келеді. Мәселен, 2006 жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне тиісті Ұсынымдар жіберілді, атап айтқанда:


  1. Байқоңыр қаласының аумағында жұмыс істейтін қазақстандық азаматтардың зейнетақы аударымдарын қазақстандық зейнетақы қорларына аударуға қатысты халықаралық шарттарға өзгерістер енгізудің мақсатқа сәйкестігін қарастыру;

  2. Ресейлік мекемелер іске асыратын әлеуметтік бағдарламаларды қазақстандық тараптың бірге қаржыландыру тәртібін нақтылау;

  3. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасында жасалған «Байқоңыр» кешенінде тұратын және/немесе жұмыс істейтін Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы азаматтарының әлеуметтік кепілдіктері туралы келісімді тараптардың әлеуметтік көмек көрсету міндеттерін бекіту бөлігінде қайта қарау ұсынылды.

Байқоңырдағы қазақстандық азаматтардың жоғарыда көрсетілген проблемаларына Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі де өзінің кезекті Жолдауында алаңдаушылық білдірді. Қазіргі күнге дейін «Байқоңыр» ғарыш айлағын жалға берудің нормативтік құқықтық базасын құрайтын келісімдерді Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келтіру процесі аяқталмағанын атап өтті.

Зейнеткерлердің өз өтініштерінде алаңдаушылық туғызатын тағы бір проблемасы жинақтаушы зейнетақы қорларында қалыптасып келе жатқан ахуал болып табылады. Банк саласындағы дағдарыстан туындаған осы қорлардың табысының түсуіне байланысты олардың кейбіреулері өз салымшыларына инвестициялық табыс аударуды қойды. Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының ресми тұжырымына сәйкес жекелеген зейнетақы қорларының активтері клиент алдындағы міндеттемелерді жаппайды. «Панорама» газетінде берген өз сұхбатында «Ұлар Үміт» ЖЗҚ АҚ басқарма төрағасы жалпы республикада соңғы он жылда жұмыс істеп келген қор мен зейнетақы жүйесіндегі дағдарыс 2008 жылдың қазанында сезіліп, қордың табысы 10 %-ға түскенін мойындады.



2.10. Денсаулық сақтау құқығы
Денсаулық сақтау құқығы Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактінің 12-бабында және Қазақстан Республикасы Конституциясының 29-бабында танылған.

2008 жылы республиканың денсаулық сақтау саласы жұртшылық пен мемлекет Басшысының ерекше назарында тұрғаны белгілі.

Көптеген тексерулер денсаулық сақтау саласында заңдылықты бұзушылық жүйелі әрі күнделікті фактіге айналғанын көрсетті. Осыған байланысты қарашада ел Президенті денсаулық сақтау жүйесін дамыту мәселелері жөніндегі республикалық кеңесте саланың жұмысын қатты сынады және қалыптасқан ахуалды түзету жөніндегі бірқатар түбегейлі бағдарламалық міндеттерді жеке қойды.

Уәкілдің атына былтырғы жылы келген денсаулыққа конституциялық құқықтарын бұзғандығы туралы 31 өтініш жоғарыда жазылғандарды толық растайды.

Өз өтініштерінде арыз иелері негізінен алған ем-домдарының сапасына, диагноздың қойылуына, МӘСК-тің мүгедектік тобын тағайындаудан бас тартуына келіспейтіндіктерін көрсеткен.

Әйелдер мен олардың жақын туыстарынан жас босанған аналардың өліміне әкеп соқтырған перзентханалардың жұмысына және медқызметкерлердің әрекеттеріне, сондай-ақ емдеу барысында жол берілген санитарлық-гигиеналық нормалар мен ұйғарымдардың бұзылуына, мемлекет кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде көрсетілетін қызметтер үшін заңсыз ақы алуға шағымдар келіп түсті.

Бұқаралық ақпарат құралдары беттеріне шыққан мақалалар мониторингінің, сондай-ақ әйелдер мен балалардың денсаулық сақтау құқықтарына қатысты мәселелер бойынша нақты адамдардың шағымдарын зерделеу негізінде 2008 жылғы қазанда Уәкіл Денсаулық сақтау министрінің атына балалар өлімінің алдын алу және перзентханаларда медициналық қызмет көрсетуді жақсарту бойынша жедел шаралар қабылдау туралы ұсыным жіберді.

Ұсынымда 2008 жылдан бастап елде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының стандарттарына сәйкес тірі туудың жаңа өлшемдерінің енгізілуі денсаулық сақтау жүйесінің нәрестелерді күтуге дайын еместігін, сондай-ақ медқызметкерлердің біліктілігі мен қажетті медициналық жабдықтардың жоқтығын анықтағаны атап айтылды. Ана мен бала өлімі фактілерін жасыру практикасы, медицина саласын коммерцияландырудың теріс әсері де көрсетілді.

Аталған ұсынымдарда Уәкіл жалпы қабылданған әлемдік стандарт талаптарына сәйкес лайықты денсаулық сақтауға азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі ұсыныстар кешені жазылды.

2.11. Мүгедек және психикасы бұзылған

адамдардың құқықтары
БҰҰ Бас Ассамблеясы 2006 жылдың желтоқсанында дене, ақыл-ой және сенсорлық ауытқу түрлерімен ауыратын адамдардың құқықтарын қорғайтын әлемдегі алғашқы жан-жақты халықаралық-құқықтық құжат деп танылған Мүгедек адамдардың құқықтары туралы конвенцияны мақұлдады.

Конвенция осы ең осал топтағы азаматтардың құқықтарын қорғау мен қолдауға, кемсітушілікті жоюға, жұмыс істеу, денсаулық сақтау, білім алу құқығын қамтамасыз етуге және қоғам өміріне толық қатысуға, сот төрелігіне қол жеткізуге, жеке басына қол сұғылмауына, пайдалану бостандығын және теріс пайдаланудан, жүріп-тұру бостандығын қорғауға бағытталған 50 бапты қамтиды.

БҰҰ-да Конвенцияның орындалуын қадағалайтын орган құрылды. Мүгедектердің құқықтары жөніндегі комитетке Конвенцияға қатысушы мемлекеттердің баяндамаларын қарауға, ол бойынша ұсыныстар мен жалпы ұсынымдар енгізуге, сондай-ақ Конвенция қатысушыларының баяндамаларын, бұзушылықтар туралы хабарламаларды қарауға және ол бойынша ұсыныстар мен жалпы ұсынымдар енгізуге уәкілдік берілген.

Қазіргі кезде Қазақстанда 414 мыңға жуық мүгедек бар деп есептеледі, оның ішінде 43472-сі – 16 жасқа дейінгі балалар.

Есептік жылы Премьер-Министрдің өкімімен аталған Конвенция мен оған Факультативтік хаттаманы имплементациялау үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз ету бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін жұмыс тобы құрылды. Конвенция мен оған Факультативтік хаттамаға Қазақстан 2008 жылдың желтоқсанында БҰҰ-ның штаб-пәтерінде қол қойды.

Осы саладағы ұсынымдық сипаттағы басқа да халықаралық стандарттардан ерекшелігі Конвенцияны ратификациялау қатысушы мемлекеттерге заңдық міндеттемелер жүктейді.

Қазіргі кезде Қазақстанда мүгедек және психикалық ауытқуы бар адамдардың құқықтары «Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» және «Психиатриялық жәрдем және оны көрсеткен кезде азаматтардың құқықтарына берiлетiн кепiлдiктер туралы» ұлттық заңдармен қорғалған. Былтырғы жылы Үкімет 2006-2008 жылдарға есептелген Мүгедектерді оңалту бағдарламасын іске асырды. Осындай өңірлік оңалту бағдарламалары әр облыста жүзеге асырылды.

Денсаулық сақтау министрлігі Уәкілдің алдыңғы жылғы есебінде қамтылған мүгедектерге қатысты емдеу және өзге де шараларды жақсарту мәселелері жөніндегі Ұсынымды орындау үшін мүгедектiкке әкелiп соғатын патологиялары бар балалар мен ересектер (диабет, онкогематология, гемофилия, бронх демікпесі және басқалары) республикалық бюджет қаражатының есебінен дәрі-дәрмектермен толықтай қамтамасыз етілгендігін хабарлады.

Ересектердің арасында мүгедекке алғаш шығу құрылымындағы негізгі себептері қан айналымы жүйесіндегі аурулар, қатерлі ісіктер, алып тасталатын барлық жарақаттар, психикалық бұзылулар болып табылады. Осы көрсеткіш белгілі бір шамада медициналық ұйымдар жүргізетін емдеу және оңалту әрекеттерінің тиімділігін сипаттайды.

Балалар мүгедектігінің құрылымында бірінші орында жүйке жүйесінің аурулары (32%) тұр, оның ішінде БОП 19 %, екінші орында - туа біткен ауытқулар (даму кемістігі), деформациялар және хромосомдық бұзушылықтар (25 %), үшінші орында - психикалық бұзылулар мен мінез-құлықтың бұзылуы (14%).

Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда соңғы жылдары балалар жарақатының көрсеткіші 5 % артық өскендігін де хабарлады. Қазіргі кезде осы көрсеткіш 100 мың балаға шаққанда 2246,9 оқиғаны құрайды. Балалар жарақытының жартысынан жуығын тұрмыстық, үштен бірін – көшедегі жарақат, 4 % - жол-көлік оқиғасының салдары, мектеп және спорт жарақаты тиісінше 6,2 және 5,2 пайызды құрайды.

Барлық науқастар мүгедектердің арбаларымен қамтамасыз етілген.

Есептік жылы Уәкілдің атына мүгедек адамдардың құқықтарын мәселелері бойынша 30-дан астам өтініш келіп түсті. Оның 25-і бойынша еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау министрліктеріне және әкімдіктерге сауалдар жіберілді. Жекелегендері бойынша заңнама нормалары түсіндірілді.

Мүгедекті белгілеу мәселелері және қойылған медициналық диагноздарға келіспейтіндіктері жөніндегі өтініштердің тұрақты беталысы сақталып келеді. Мұндай өтініштен 13-і келді, соның ішінде 9 шағым - Шығыс Қазақстан облысынан МӘСК нәтижесімен келіспейтіндіктері, өтініш иелерінің Семей ядролық сынақ алаңының иондаушы әсерінен ауруының себеп-салдар байланысын анықтаудан бас тартуы туралы. Осы оқиғалардың барлығында мүгедектік тобын анықтаудан бас тарту өтініш иелерінің мүгедектігі бойынша жәрдемақы алуға, не отбасы мүшелеріне қайтыс болғандардың мемлекеттік жәрдемақысын төлеуге наразы болуына байланысты.

Өтініш иелері Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 13 қаңтардағы № 34 қаулысымен бекітілген Иондаушы сәулелендіру әсерiне байланысты аурулардың тiзбесiн және иондаушы сәулелендiру әсерi бар аурулардың себептiк байланысын анықтау ережесi медициналық әлеуметтік сараптама комиссиясына олардың ауруларының себебін полигонда болу салдарынан деп тануға ерікті түрде негіз деп түсіндіруге мүмкіндік береді деп есептейді.



Мүгедек балалардың білім және білікті медициналық көмек алуға құқықтарын бұзғандығы туралы шағымдар да орын алды.

Уәкілдің атына өз шағымында аз. С. өзінің жүріп-тұруға мүмкіндігі жоқ, мектепке бара алмайтын кәмелетке толмаған мүгедек қызының білім алу құқығына қысым жасалғандығы туралы хабарлады. Оның тиісті жергілікті сатыларға жазған бірнеше мәрте өтініштері нәтиже берген жоқ.

Уәкілдің сауалы бойынша қабылданған шаралардың нәтижесінде Білім және ғылым министрлігі өтініш иесінің баласын үйде оқытуды ұйымдастырды.

Осыған байланысты Қазақстанның көптеген облыстарында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталықтары жұмыс істейтіндігін атап өту қажет. 2006-2008 жылдарға арналған мүгедектерді оңалту бағдарламасында мүмкіндіктері шектеулі балалар үшін арнайы ұйымдар желісін дамыту, атап айтқанда оңалту орталықтарын салу көзделді.

Алайда, мүгедек балалардың ата-аналарының хаттарынан мұндай Орталықтың Семей қаласында жоқтығы белгілі болды. Осыған байланысты олар өз балалары үшін пансионат ұйымдастыруға жәрдемдесуді өтінді. Балаларды үйлерінде әлеуметтік қызметкерлердің аптасына 2 рет 1,5 сағаттан бару тәжірибесі оларды әлеуметтік оңалту үшін жеткіліксіз болып табылады.

Уәкілдің сауалына қала әкімдігі Семейде Оңалту орталығын 2009-2011 жылдар кезеңінде салу жоспарланып отырғандығын хабарлады.

Азаматтардың шағымдарында көрсетілген белгіленген мүгедектік топтарымен не топты екіншіден үшіншіге төмендетуге өтініш иелерінің келіспейтіндіктері мүгедектік бойынша әлеуметтік төлем мөлшерінің азаюынан болып отыр. Осыған байланысты жекелеген мүгедектердің шағымдары бойынша медициналық мекемелердің жауаптарын зерделеу тек құқықтарының бұзылуы емес, жекелеген өтініш иелерінде асырап бағудағы көңіл күйлеріне сылтау екендіктерін көрсетті.

Құқық бұзушылықтарды, соның ішінде сыбайлас жемқорлықты болдырмау мақсатында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау және денсаулық сақтау министрліктеріне МӘС комиссияларына мүгедектік тобын тағайындау туралы щещімдерді қабылдауда айқындылықты қамтамасыз ету, сондай-ақ олардың жұмысына көрсетілген проблемалар бойынша маманданып жатқан ғылыми қызметкерлерді тарту ұсынылды.



Мүгедек адамдарды әлеуметтік қамтамасыз етудің жеткіліксіздігіне шағымдар олардың пікірі бойынша негізді болып отыр. Өйткені денсаулығына байланысты қосымша пайда табуға мүмкіндігі жоқ адамдар үшін 16 мыңнан астам теңге мөлшеріндегі әлеуметтік төлем сомасы жеткіліксіз болып табылады.

Мүгедек адамдардан олардың еңбек құқықтарының бұзылуы туралы өтініштердің келуі жалғасуда.



БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитеті № 5 жалпы тәртіптегі ескертуінде БҰҰ Бас Ассамблеясының 48/96 қарарымен бекітілген Мүмкіндіктері бірдей мүгедектерді қамтамасыз етудің стандарттық ережелеріне сәйенм қандай да бір мүгедектік түріндегі адамның табыс әкелетін еңбек қызметімен айналысуға бірдей мүмкіндігі болуға тиіс. Елде мүгедектер үшін мұндай мүмкіндікті қамтамасыз ету үшінолардың заңды құқықтарын іске асыру жолында жасанды кедергілерді жойған маңызды.

Мәселен, Уәкілдің атына бірінші топтағы мүгедек Г-тен арнайы көлік құралы түрінде техникалық көмек алу құқығы бұзылғандығы туралы шағым келді. Бұл оның еңбек қызметін жүзеге асыру жолында кедергі болып отыр. Өтініш иесі 1975 жылы өндірісте жарақат алып, екі аяғын кесуге тура келді. Алайда ол «Мүгедектерді қорғау туралы» ҚазКСР Заңына сәйкес тиесілі мотоарбаның орнына төленген жәрдемақыға бұрын сатып алған қолмен басқарылатын арнайы автомобильмен жеткенше аудандық кітапханада жұмыс істеуді жалғастырды.

2005 жылы жарақат алған жеріндегі ұйымға жәрдемақы алу үшін жүгінгеннен кейін оған «Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» жаңа Заңда (бұдан әрі - Заң) аталған көмек түрінің жоқтығынан бас тартылды.

Ақмола облысы бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау департаменті оның сауалына жауабында «бүгінгі қолданыста,ы заңнамада мүгедектерді автокөлікпен қамтамасыз ету көзделмегендігін» көрсетті. Оның жарақаты Үкіметтің 20.07.2005 жылғы № 750 қаулысымен бекітілген Мүгедектерді жүріп-тұру құралдарымен қамтамасыз ету үшін медициналыө көрсеткіштер тізбесінің 3-тармағында да жоқ.

Сонымен бірге Азаматтық кодекстің (Ерекше бөлім) 93-бабынан мүгедек азаматтардың денсаулығының бұзылуына әкелген шығыстардың өтелуіне, соның ішінде, егер зардап шегуші осы ккөмек түрлері мен бағып қағуға мұқтаждығы және оларды тегін алмайтындығы танылса, арнайы көлік құралын сатып алуға құқығы бар екендігі туындайды.

ҚР Үкіметінің 25.11.1997 жылғы № 1650 қаулысымен бекітілген Жол жүру ережесіне сәйкес көлік құралы ретінде адамдарды, жүктерді жолда тасымалдауға арналған құрылғы немесе оған орнатылған жабдық танылады.

Осылайша, «Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Заңда көзделген арнайы жүріп-тұру құралы жолда жүруге арналмаған ретінде көлік құралы бола алмайды. Сонымен бірге ҚР Үкіметінің 20.07.2005 жылғы № 754 қаулысымен бекітілген Мүгедектерді арнайы жүріп-тұру құралдарымен қамтамасыз ету ережесінің
2-тармағында техникалық көмек ретінде арнайы жүріп-тұру құралы ретінде тек кресло-арба ғана танылады.


Өтініш иесі Медициналық көрсеткіштер тізбесінің негізінде де автокөлікті ала алмайды. Көрсетілген Тізбенің 2-тармағы 5) тармақшасына сәйкес ол диагнозымен тек серуендеуге арналған кресло-арбамен тегін қамтамасыз етілуге құқылы.

Жоғарыдағы құқықтық кедергілерге байланысты, сондай-ақ өзінің көлік құралын сатып алуға мүмкіндігі жоқ өтініш иесі қоғамнан оқшау қалды және өзінің жетуіне мүмкіндігі болмағандықтан, жұмыстан бас тартуға мәжбүр.

Заңнамада «арнайы жүріп-тұру құралы» анықтамасының көмескілігі және мүгедектерге арнайы көлік құралдарын бөлудің нормативтік реттелген тетігінің болмауы олардың мемлекеттік бюджеттің осы көмек түрін заттай немесе ол үшін ақшалай жәрдемақы түрінде алу құқығына қысым жасайды. Осыған байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің атына қолданыстағы заңнамалық және заңға тәуелді актілердің нормаларын Азаматтық кодекстің 37-бабына сәйкес келтіру шараларын қабылдау қажеттігі туралы ұсыным жолданды.

Уәкілдің 2007 жылғы есебіндегі ұсынымдарында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне мүгедектердің ақпарат алу құқығын қамтамасыз ету шараларын қабылдау ұсынылды.

Осы жауалға жауапта 2008 жылдың қазанында министрліктің Ақпарат және мұрағат комитеті мынадай қабылданған шаралар туралы Уәкілге хабарлады:


  1. «Қазақстан» телеарнасында күніне 2 рет шығатын жаңалық бағдарламалары жүгіртпе жолмен және сурдоаудармамен қайталанады.

  2. «Хабар» телеарнасында қазақ және орыс тілдерінде шығатын 7 ақпараттық бағдарлама күніне 2-ден 9 ретке дейін жүгіртпе жолмен, ал «Жаңалықтар» - «Новости» бағдарламасы – сурдоаудармамен көрсетіледі.

Мүгедек адамдардың ақпарат алу құқықтарын толық қамтамасыз ету мақсатында министрлік мемлекеттік тапсырыс шеңберінде алдағы уақытта қосымша шаралар қабылдайтын болады.

Психикасы ауытқыған адамдар кейде дауазымды адамдардың заңсыз әрекеттерінен жәбір шегеді. Өздерінің кемдігіне байланысты олар өз бетімен көмекке жүгіне алмайды. Сондықтан оларды қорғау үшін үкіметтік емес ұйымдар мен сенім білдірілген адамдар өтініш береді.

Есептік жылы осындай шағымдардың көбейгендігі байқалды.



Мәселен, қарқынды қадағалайтын Республикалық мамандандырылған үлгідегі психиатриялық аурухана пациенттерінің мүддесі үшін олардың әлеуметтік қамтамасыз ету құқықтары бұзылғандығы туралы аз. Т. жүгінді.

Өтініштің мазмұнынан, 2008 жылдың басында қамқорлыққа алынғандардың мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақысы мен зейнетақысы жинақталған және науқастардың жеке қажеттіліктеріне қаражат бөлінетін аталған мекеменің банктік шотының жабылғандығы белгілі болды.

Нормативтік құқықтық базаны талдау Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі міндетін атқарушының 01.12.2005 жылғы № 306 бұйрығымен бекітілген Психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемелерде әлеуметтік қызмет көрсетудің үлгілік ережесінде қамқорлыққа алынған адамдардың зейнетақысы, жәрдемақысы және өзге де әлеуметтік төлемдер қолданыстағы заңнамаға сәйкес төленетіндігі бекітілгендігін көрсетті.

Алайда, Бюджет кодексінде, «Психиатриялық көмек және оны көрсету кезінде азаматтардың құқықтарының кепілдіктері туралы», «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» және «Қазақстан Республикасында мүгедектiгi бойынша, асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берiлетiн мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақылар туралы» заңдарда психиатриялық мекемелердегі адамдар үшін зейнетақылар мен жәрдемақылар төлеу тәртібінің ерекшеліктері белгіленбеген.

Сол кезде қолданыстағы Бюджет кодексіне сәйкес «жеке және заңды тұлғалардың уақытша орналастырылған қолма-қол ақшаларын бақылау шоттары» (ҚАБШ) ретінде аталған шот 2006 жылдың шілдесіне дейін ғана заңдыболған. Әзірге аталған Кодекске мемлекеттердің мекемелер шотының тізбесінен ҚАБШ-ты алып тастайтын түзетулер енгізілген жоқ.

Шотты жауып тастау салдарынан, науқастардың өз зейнетақыларын, жәрдемақыларын иеленуге, аурухана ұсынуға құқылы ақылы қызметтерді төлеуге (мерзімді басылымдарға жеке жазылу, байланыс қызметтері және басқалары) төлеуге мүмкіндігі болмай қалды.

Осы өтініш бойынша уәкіл Қаржы министрлігіне сауал жолдады. Қаржы министрлігі шотты ашу мәселесі бойынша өз жауабында Бюджет кодексіне үшінші адамдардың қаражатын қайта аударуды регламенттейтін түзетулер енгізілетінін және «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 99-бабында мемлекеттік әлеуметтік және арнайы жәрдемақылар бойынша операцияларды жүзеге асыру үшін ҚАБШ ашу, пациенттердің ақшалай қаражатын психиатриялық мемлекеттік мекемелердің бірыңғай қазынашылық шотында есебін жүргізу де көзделеді.

Алайда, аталған Кодекстерге санамаланған түзетулер қабылданған жоқ, ал басқа заңнамалық актілерде ҚАБШ мәселесі реттелмеген. Министрлік жыл басынан бері осы аурухана пациенттерінің заңды кепілдендірілген әлеуметтік төлемдерді алуға мүмкіндіктері жоқтығын мойындады.

Осындай ахуал 2008 жылы барлық мамандандырылған медициналық мекемелерде орын алды және осыған байланысты сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол берілген.

Уәкілдің ұсынысы бойынша Қаржы министрлігі Үкіметке жаңа Бюджет кодексі қабылданғанға және күшіне енгенге дейін ҚАБШ-ты қолдану мерзімін ұзарту туралы қолдаухат енгізді. Омбудсменге ҚР Премьер-Министрі Орынбасарының Қаржымині мен Денсаулықтауминіне жоғарыда аталған клиникалар үшін 2008 жылғы 1 шілдеден бастап ҚАБШ ашуды тапсырғандығын хабарлады.

2008 жылы Уәкіл мекемесі Қапшағай қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйінде, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысы психоневрологиялық диспансерінде мүгедектер мен психикасы ауытқыған адамдардың құқықтарын сақтауға мониторинг жүргізді.

Мысалы, Қапшағай интернат үйінде қамқорлыққа алынғандарда жеке бөлмелерде тұруға мүмкіндіктері жоқ. Бұл қарттардың әлеуметтік мекемелерде тұрудың жалпы қабылданған әлемдік нормаларына сәйкес келмейді. Сонымен бірге мүмкіндігі шектеулі адамдарды қарттармен, бірақ дені сау адамдармен бірге тұруына жол берілген. Халықаралық стандарттаға сәйкес бұған жол беруге болмайды.

Екінші диспансерді аралау нәтижесі бойынша оны қалдық қағидаты бойынша қаржыландырылуына, ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізу және құрал-жабдықтарды ауыстыру қажеттігіне назар аударылды. Осы клиникада бір дәрігердің жүктемесі мен нормативтері сәйкес келмейді. Мысалы, бір әйелдер бөлімшесінде 75 адамнан небәрі 2 дәрігер жұмыс істейді. Республикалық норматив бойынша бір дәрігердің жүктемесі 30 науқастан аспауға тиіс.



    1. Балалардың құқықтары

1994 жылы Қазақстан Бала құқықтары туралы БҰҰ Конвенциясын ратификациялады. Қазіргі күнге дейін осы құжаттың шеңберінде қабылданған міндеттемелердің орындалуы туралы 3 мерзімді баяндаманы БҰҰ Бала құқықтары жөніндегі комитетке беріп отырды.

Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің (бұдан әрі – Балалардың құқықтарын қорғау комитеті) ақпаратына сәйкес 2007 жылы мамырда тыңдалған жиынтық екінші және үшінші баяндамалардың нәтижесі бойынша БҰҰ Комитеті балалардың құқықтарын қамтамасыз ету саласында республиканың қабылдаған шараларына жоғары баға берді, атап айтқанда ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды баламалы күтіп-бағу саласындағы тәжірибесі атап көрсетілді, отбасында тәрбиелеудің жаңа нысандарын дамыту бастамасын қолдады. Конвенциядан туындайтын міндететемелерді орындау үшін қабылданған мемлекеттің заңнамалық, институционалдық, қаржылық және өзге де шаралар кешені оң деп танылды.

Бала құқықтары туралы конвенцияға балалардың қарулы қақтығыстарыға қатысуына қатысты Факультативтік хаттаманың нормаларын бала құқықтары туралы ұлттық заңға имплементациялануы да атап өтілді.

Қазіргі кезде Қазақстанда балалардың құқықтарын реттеу мен қорғаудың нормативтік-құқықтық базасын мынадай арнайы заңнамалық актілер: «Қазақстан Республикасында бала құқықтары туралы», «Отбасы үлгiсiндегi балалар ауылы және жасөспiрiмдер үйлерi туралы», «Кемтар балаларды әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы», «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы» заңдар және одан туындайтын басқа да заңға тәуелді нормативтік актілер құрайды.

Балалармен құқық қатынастары саласында мемлекеттің міндеттемелерін, сондай-ақ балалардың құқықтарын реттейтін нормалар Еңбек кодексінде, «Білім туралы», «Неке және отбасы туралы», «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» заңдарда және басқаларында қамтылған.

Конвенциялық міндеттемелерді қамтамасыз ету мақсатында Үкімет ең осал санаттағы балаларды қорғауға ерекше көңіл бөлінген 2007-2011 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» бағдарламасын бекітті.

Республикада есептік жылы БҰҰ комитетінің соңғы ұсынымдарын орындау үшін Қазақстан Республикасында ювенальды әділет жүйесін дамытудың 2009 - 2011 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды. Қорғаныс министрлігі әскери оқу орындарының оқу бағдарламаларына балалардың құқықтары саласындағы халықаралық стандарттарды оқып үйрену енгізілді.

Отандық техникалық және кәсіптік білім беружүйесінің құрылымы Халықаралық білім берудің стандарттық классификациясына сәйкес келтірілді.

Халықаралық тәжірибе ескеріліп, елде кәсіби даярлығы мен біліктілік беру сапасын тәуелсіз бағалау жүйесі енгізілуде.

«Білім туралы» заңға сәйкес Үкімет жыл сайын жоғары оқу орындарына түсу кезінде осы санаттағы балалар үшін мүгедектерге, ауыл балалары мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жыл сайын квота белгілейді.

Үкімет былтырғы жылы ЮНИСЕФ-пен жасалған 2005-2009 жылдарға арналған негізгі келісімді іске асыру шеңберінде отбасы мен қоғамның әлеуетін нығайту және әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру бойынша белгілі бір шаралар қабылдады.

Бас прокуратура Халықаралық еңбек ұйымымен, Жұмыс берушілер конфедерациясымен және Кәсіподақтар федерациясымен бірлесіп, Балалар еңбегінің ең жаман түрлерін жою жөніндегі жоспарға қол қойып, іске асырды.

2008 жылы елде 125 мыңға жуық балаларға әлеуметтік көмек көрсетілді.

2006 жылдан бастап диспансерлік есепте тұрған балалар дәрі-дәрмектермен тегін қамтамасыз етілуде.

2008-2009 оқу жылының басындағы жай-күй бойынша республикада 2515563 оқушы оқыған 7620 жалпы білім беретін мектеп бар.

Қазақстанда отбасы мен балаларды әлеуметтік және құқықтық қорғау жүйесінің жай-күйін және проблемаларын егжей-тегжейлі талдау БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) қолдауымен Республика Үкіметі жүргізген Балалардың құқықтарын қорға жөніндегі бірінші форумның Есебінде көрсетілді.

Дегенмен, мемлекеттің елдегі балалардың құқықтарын қорғау және қолдау үшін жағдайлармен қамтамасыз ету бойынша елеулі шаралар қабылдағанына қарамастан, балалардың өздері қоғамның басқа мүшелерінің құқықтарын және қоғамдық тәртіпті бұзушыларға айналған үрейлі беталыс байқалады.

Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің келесі статистикасы айғақтайды.

Мәселен, 2008 жылдың 9 айында жасөспірімдердің қылмысы 29,2 % құрайжы. Осы кезеңде кәмелетке толмағандар 1334 ауыр қылмыс түрін жасаған, 6125 бала қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Ішкі істер органдарына әкімшілік құқық бұзушылықтар жасағаны үшін 55231 бала жеткізілді, КТУООБ-қа 7193 кәмелетке толмағандар орналастырылды.

Балалардың қадағалаусыз қалуы, сондай-ақ балаларға арналған көптеген ойын-сауық орындарының аздығы мен қымбат болуына байланысты олардың демалысын ұйымдастыру проблемалары өзекті болып отыр.

Осыған байланысты, сондай-ақ балалардың заңды өкілдері мен кәмелетке толмағандарды құқық бұзушылықтар немесе қоғамға қарсы әрекеттер жасауға итермелеген адамдардың жауапкершілігін күшейту мақсатында 2008 жылы кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу және болдырмау мәселелері бойынша заңнама түзетілді.

Мәселен, «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы» заңда кәмелетке толмағандар үшін (он бірден он сегіз жасқа дейін), әкімшілік ықпал ету шараларына әкеп соқтыратын жиі құқық бұзатын, бастауыш және орта білім алудан қасақана жалтаратын, отбасынан және балалардың оқу-тәрбие ұйымдарынан өз бетімен жиі кететін, өзге де қоғамға қарсы әрекеттер жасайтын кәмелетке толмағандар үшін арнайы білім беру ұйымдарын құру көзделеді.

Жоғарыда аталған заңға сәйкес осы мекемелерге балаларды жіберу кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның, не жергілікті ішкі істер органының ұсынысы бойынша сот шешімінің негізінде ғана жүзеге асырылады. Осы білім беру ұйымдарының жұмыс тәртібі мен шарттары Білім және ғылым министрі міндетін атқарушының 27.01.2005 жылғы № 42 бұйрығымен бекітілген Арнайы білім беру ұйымдары туралы ережемен реттеледі.

Алдыңғы жылдары арнайы мекемеге орналастырылатын балалар контингентіндегі құқық проблемалары Уәкілдің назарынан тыс қалғандығы ескеріліп, «Қазақстан балалары» бағдарламасының 19-тармағын орындау үшін есептік жылы Уәкіл мекемесінің өкілдері мынадай арнайы білім беру ұйымдарын мониторингілік аралауды ұйымдастырды:

Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында, Павлодар қаласында девианттық мінез-құлықты жас балаларға арналған арнайы кәсіби мектептер, сондай-ақ Шығыс қазақстан облысы Белоусовка кентіндегі қылмыстық жазаланатын әрекет жасаған кәмелетке толмағандарға (қылмыстық жауапкершілік белгіленетін жасқа толғанға дейін) арналған облыстық мектеп-интернаттың ерекше ұстау режиміндегі білім беру ұйымдары.

Бұдан басқа, Уәкіл балаларды тәрбиелеу колониясын (Алматы қаласы мен Алматы облысы бойынша Әділетмині ҚАЖКБ ЛА-155/8 мекемесі) және Астана қаласы психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік балалар мекемесін аралады.

Осы мекемелерге орналасқан балалардың құқықтарын сақтаудың жай-күйін, сондай-ақ оларды ұтсау жағдайларының қолданыстағы заңнама мен талаптарға сәйкестігін зерделеу нәтижесінде мыналар анықталды:



  1. Арнайы білім беру ұйымдары туралы ереженің 47-тармағына сәйкес кәсіби оқыту процесінде осы мекемелердің тәрбиеленушілері оларға ақы төленетін оқу бағдарламаларының талаптарына жауап беретін өндірістік тапсырыстарды орындай алады.

Практикада көрсетілген арнайы мекемелердің әкімшілігі осындай тапсырыстарды қабылдаумен айналысқысы келмейді. Өйткені қызметтің осы түрі, оның пікірі бойынша, бақылаушы органдар тарапынан тексерулердің көбеюіне әкеледі.

  1. Үкіметтің 17.05.2000 жылғы № 738 қаулысымен бекітілген Мұқтаж азаматтарға олардың білім алу кезеңінде берілетін әлеуметтік көмектің мөлшерлері мен көздері туралы нұсқаулықтың 5-тармағына сәйкес арнайы мекеме тәрбиеленушілері үшін олардың киім-кешекпен, аяқ-киіммен және жұмсақ заттармен қамтамасыз ету нормалары белгіленеді.

Сонымен бірге мекетептің лауазымды адамдары «Мемлекеттік сатып алулар туралы» заңның шығыны аз тауарларды сатып алу қажеттігі туралы 16-17-баптарына сүйене отырып, балаларға тез тозатын және жараспайтын ең арзан киім-кешек пен аяқ киім сатып алады.

  1. Көрсетілген арнайы мекемелердің түлектерін тезіреу бейімдеуді қамтамасыз ететін кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның, қорғаншылық пен қамқоршылық, ішкі істер органдарының Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің аумақтық бөлімшелерінің жұмысы барыншы жеткіліксіз болып отыр.

Балаларды тәрбиелеу колониясы бойынша (ЛА – 155/8) тексеру күні колонияға 350 ажам жиналатын лимитте 87 кәмелетке толмағандар бас бостандығынан айыру түрінде жазасын өтегендігі анықталды.

Колонияда арнайы білімі бар психолог жұмыс істейтін психологиялық релаксацияға арналған үй-жай бар. Оның пікірінше, тәрбиеленушілер үшін негізгі проблема колониялардағы жағдайға беймідеу және өзара қарым-қатынас проблемалары болып табылады.

Колонияларды аралау кезінде медициналық қызмет көрсету талаптары зерттелді. Медициналық қызметкерлердің контингенті тұрақты. Науқастарды қабылдауға арналған бөлме жабдықталған. Негізгі қажетті дәрі-дәрмектердің саны жеткілікті қамтамасыз етілгендігі байқалады. Колонияда стоматология және флюорография кабинеттері жұмыс істейді. Мекемеде жеке ғимаратта орналасқан монша-жуу кешені бар.

Тамақтану рационы Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің 25.02.2008 жылғы № 76 бұйрығымен бекітілген. Науқас тәрбиеленушілер күшейтілген тағаммен қамтамасыз етіледі.

Колонияның барлық тәрбиеленушілері мекеме аумағындағы кешкі орта мектепте оқиды. Мектепте белгіленген талаптарға сәйкес жабдықталған 13 кабинет бар. Жаңа ұрпақтың 10 компьютерімен жинақталған компьютер сыныбы бар. Осы колонияда ұзақ уақыттан бері жұмыс істейтін директормен бірге 18 адаммнан тұратын педагогтар штаты жұмыс істейді. Сабақ күн сайын 5 сабақтан екі ауысымда қазақ және орыс тілдерінде өтеді.

Колонияда тағы № 2 кәсіби мектеп 1973 жылдан бері жұмыс істейді және тәрбиешілерді өзекті мамандықтарға үйретеді (ЭЕМ операторы, механика жинақтау жұмыстарының слесарі, ағаш шебері). Оқу мерзімі – 10 ай.

Колонияларда спортпен айналысу үшін және мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізу үшін қанағаттанарлық жағдай жасалған, кітапхана жұмыс істейді.

Балалар тәрбиелеу колониясын аралау нәтижесі бойынша Әділетмині ҚАЖК басшылығының назары колониядағы штат қызметкерлерінің саны (157 адам, нақтығында 141 адам жұмыс істейді) колониядағы тәрбиеленушілердің санынан екі есеге жуық асатындығына аударылды.

Сонымен бірге колония қызметкерлерін пенитенциарлық мекемелерде жазасын өтеп жатқан кәмелетке толмағандармен қарым-қатынас жасау жүйесіндегі халықаралық стандарттар негізіне оқытатын семинарлар өткізу ұсынылды.

Арнайы білім беру мекемелеріне мониторингілік тексерулер нәтижесі бойынша Уәкіл:



  1. Білім және ғылым министрлігіне:

  • Мектептің атауынан Қазақстанның үшіші ұлттық баяндамасына БҰҰ Бала құқықтары комитетінің ұсынымдарында айтылған «девианттық мінез-құлықтағы балаларға арналған» деген анықтаманы алып тастаудың мақсатқа сәйкестігін қарауды;

  • Мұқтаж азаматтарға олардың білім алу кезеңінде берілетін әлеуметтік көмектің мөлшерлері мен көздері туралы нұсқаулықтың 5-тармағын өзгерту туралы Үкіметке ұсыныс енгізудің мақсатқа сәйкестігін қарауды;

  • Нәрестелер үйінде 3-тен 4 жасқа дейінгі балаларды ұстау мерзімдерін ұзартуға бағытталған «ҚР бала құқықтары туралы» заңға толықтыру енгізудің мақсатқа сәйкестігін қарауды;

  1. Білім және ғылым министрлігіне Ішкі істер министрлігімен бірлесіп:

  • мектеп полицейлерінің және бала бөлмесі инспекторларының құқықтық және педагогикалық білім деңгейін арттыру курстарының арнайы бағдарламаларын әзірлеудің мақсатқа сәйкестігін қарауды;

  1. Денсаулық сақтау министрлігіне:

  • Қолданыстағы заңнамаға балалар психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемелерге орналастырылатын 18-ден 23жасқа дейінгі балалардың жасын ұзарту туралы жаңа норма енгізудің мақсатқа сәйкестігін қарауды ұсынады.

Есептік жылдың екінші жартыжылдығында Уәкіл республиканың баспа және электрондық БАҚ-та жария етілген балалар үйінде тәрбиеленуші балалардың тұрғын үй құқықтарын бұзу фактілеріне мониторинг нәтижелері бойынша Бала құқықтары жөніндегі комитетке және Бас прокуратураға ақпарат алғаны туралы тиісті сауалдар жолдады.

Комитеттің мәліметтеріне сәйкес қазіргі кезде Қазақстанда 48 456 жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар бар, олардың 14 мыңға жуығы балалар үйлерінде тәрбиеленеді.

Соңғыларының ішінде тек әрбір оныншы балада меншік иелерінің атында кәмелет жасына толғанға дейін қорғаншылық және қамқоршылық органдары қорғайтын тұрғын үйлері бар.

Бас прокуратурадан алынған ақпаратқа сәйкес қорғаншылық және қамқоршылық органдарының қызметкерлері өздеріне жүктелген міндеттерді тиісінше орындамайды және балалар үйінде тәрбиеленетін балалардың тұрғын үй құықтарын қорғау шаралары қабылданбайды. Прокуратура органдары балалар үйінің тәрбиеленушілерін әкімдіктерде уақытында есепке қоймау, балалар үйі директорларының лауазымдық міндеттеріне кіретін мұрагерлік құқығы бойынша тұрғын үй алуға тәрбиеленушілердің құқықтарын қорғауды қамтамасыз етпеу фактілерін анықтады. Қорғаншылық және қамқоршылық органдарының келісімінсіз балалар үйінде тәрбиеленушілердің пәтерлерін иеліктен айыру оқиғалары да анықталды.

Соңғы үш жылдың өзінде қорғаншылық және қаморшылық органдарының келісімінсіз жетім балаларға тиесілі Қарағанды облысында 27 пәтер, Оңтүстік Қазақстан облысында 8 пәтер иеліктен айырылған.

Прокурордың тексеру барысында аудандық әділет органдарында балалар үйі тәрбиеленушілерінің немесе қорғаншылық және қамқоршылықпен отбасында, немесе патронаттық отбасыларында тұратын жетім балалардың жылжымайтын мүлкін табу туралы хабарламалар жоқтығы анықталды.

Бас прокуратураның мәліметі бойынша балалар үйінің директорлары тәрбиеленушілердің тұрғын үй құқықтарын қорғау, немесе жеңілдікпен тұрғын үй алу үшін әкімдіктерге өз түлектерін есепке қою шараларын әрқашан қабылдай бермейді.


Мысалы, Уәкілдің атына жетім балалар И. мен оның інілерінің мүддесі үшін Парламент Мәжілісінің депутаты Т.И.Яковлева жүгінді. Балаларды балар үйіне орналастырғаннан кейін олардың ата-аналарына 2 бөлмелі үй жергілікті атқарушы органның шешімімен бір бөлмеге пәтерге айырбасталды. 2006 жылы балалар үйінің түлегі И. осы шешімді заңсыз деп тану туралы талап арызбен Астана қаласы алматы аудандық сотына жүгінді. Талапкердің талаптары қағанаттандырылып, Астана қаласының әкімдігіне жетім балаларға екі бөлмелі тұрғын үй бөлуді міндеттейтін шешім шығарылды. Алайда әкімдік екі жыл бойы сот шешімін орындаған жоқ.

Уәілдің Жоғарғы Сот жанындағы Сот әкімшілігі комитетіне сауалы бойынша борышкердің заңды күшіне енген сот шешімін орындаудан жалтаруына байланысты сот орындаушысы Ішкі істер департаментіне әкімдіктің лауазымды тұлғаларын ҚР ҚК-нің 362-бабындағы тәртіппен (сот шешімін қасақана орындамау) қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы ұсыным жібереді. Сонымен бірге Уәкіл Астана қаласының прокуратурасына заңнаманы бұзушылықты жою туралы ұсынымды Астана әкімдігіне енгізуі туралы сауалмен жүгінді.

Жалпы жетім балалардың тұрғын үй құқықтарын бұзу олардың қолындағы мүліктерін қорғауды қамтамасыз ету саласында ғана емес, сонымен бірге заңда көзделген тұрғын үй алуға құқықтарын іске асыруда да анықталды.

Мәселен, Бас прокуратураның мәліметтеріне сәйкес, 2007 және 2008 жылдары республикадағы балалар үйлері мен интернаттардан 3741 бала шықты, бұл ретте олардың ішінде тұрғын үйге 2109-ы мұқтаж болды. Көрсетілген балалардың ішінен «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 68-бабына сәйкес жоғарыда аталған кезеңде тек 58 адам тұрғын үй алды.

Бұл ретте аталған заңға сәйкес балалар үйінің түлектері жиырма жасқа толған соң жеңілдікпен тұрғын үй алуға өз құқығын мүлдем жоғалтады.

Балалар үйінің тәрбиеленушілерінің тұрғын үй құқықтарын қорғау мақсатында Уәкіл Білім және ғылым министрлігіне:


  • Министрліктің арнайы алқа отырысында жетім балалардың және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, балалар үйінде, Қазақстан азаматтарында, патронаттың тәрбиедегі отбасыларында тәрбиеленіп жатқан балалардың тұрғын үй құқықтарын қамтамасыз ету мәселелерін қарау, сондай-ақ олардың құқықтарын қорғау жөніндегі шаралар кешенін әзірлеуді;

  • Осы санаттағы балалардың тұрғын үй құқықтарының есебін және өзгеруін көрсететін бірыңғай республикалық электрондық базаны жасаужы ұсынды.

Орталық Қазақстанда балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі алғашқы форум есебінің қорытындыларында мемлекеттің назар аударуын талап ететін проблемалардың қатарына ерекше талапты балаларды жұмысқа орналастыруды қамту, оларды әлеуметтік бейімдеу және қоғамға кәсіби талап ету тетіктерін әзірлеу проблемалары жатқызылғандығын атап өту қажет.

Аталған қорытындыларда Үкіметтің назары ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үй құқықтарын қорғауға бағытталған әлеуметтік бағдарламаларды әзірлеу және іске асыру қажеттігіне де аударылды.

Есептік жылы түрлі салаларда балалардың құқықтарын бұзу туралы Уәкілдің атына нақты адамдардан келіп түскен шағымдарды жалпы шолу мынадай түрде:

Жыл басынан бері осы проблема жөнінде 71 өтініш келіп түскен, оның 7-еуі ұжымдық түрде жазылған.

Атап айтқанда, Оітүстік Қазақстан облысынан келген үш ұжымдық шағымда балалардың ата-аналары мектеп директорларының ақшалай қаражат жинауда көрінген сыбайлас жемқорлықпен бұзушылыққа шағымданады. Ұжымдық шағымдар оқу туралы шарттардан туындайтын өз міндеттемелерін басшылықтың орындамауына ҚазМЗУ студенттерінен де келіп түсті.

Білім беру мәселелері жөніндегі әрбір үшінші шағым мектептерде балалардың алатын білім сапасына әсер ететін оқу және тәрбие процесін ұйымдастырудағы олқылықтарды көрсетеді. бұл ретте жекелеген ата-аналар – шағым авторлары Уәкілдің назарын «Білім туралы» заңға сәйкес білім сапасы осы салада мемлекеттік кепілдіктердің қатарына жататындығын аударды.

Азаматтардың жекелеген өтініштері өтініш иелерінің мемлекеттік жәрдемақы тағайындауымен немесе балаларына алатын әлеуметтік жәрдемақы мөлшерімен келіспейтіндігін қамтиды. Олардың бір бөлігін балаларына санаторияда емделуге жолдама алуына немесе балаларды мектепке дейінгі мекемелерге орналастыруға жәрдемдесу туралы өтінген өтініштерге топтастыруға болады.

Үкіметтік емес ұйымдардан балалардың мүддесі үшін алған 3 шағым бірыңғай ұлттық тестілеуді тиісінше үйымдастырылмауынан және өткізілмеуінен, 2-еуі - құқық қорғау органдарындағы лауазымды адамдардың әрекетінен, 3-еуі – балаларды асырауға алименттер бойынша сот шешімдерінің орындалмауынан туындаған.



жүктеу 1,89 Mb.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©g.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
рсетілетін қызмет
халықаралық қаржы
Астана халықаралық
қызмет регламенті
бекіту туралы
туралы ережені
орталығы туралы
субсидиялау мемлекеттік
кеңес туралы
ніндегі кеңес
орталығын басқару
қаржы орталығын
қаржы орталығы
құрамын бекіту
неркәсіптік кешен
міндетті құпия
болуына ерікті
тексерілу мемлекеттік
медициналық тексерілу
құпия медициналық
ерікті анонимді
Бастауыш тәлім
қатысуға жолдамалар
қызметшілері арасындағы
академиялық демалыс
алушыларға академиялық
білім алушыларға
ұйымдарында білім
туралы хабарландыру
конкурс туралы
мемлекеттік қызметшілері
мемлекеттік әкімшілік
органдардың мемлекеттік
мемлекеттік органдардың
барлық мемлекеттік
арналған барлық
орналасуға арналған
лауазымына орналасуға
әкімшілік лауазымына
инфекцияның болуына
жәрдемдесудің белсенді
шараларына қатысуға
саласындағы дайындаушы
ленген қосылған
шегінде бюджетке
салығы шегінде
есептелген қосылған
ұйымдарға есептелген
дайындаушы ұйымдарға
кешен саласындағы
сомасын субсидиялау