Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысы.
Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысының ұғымы.
Қазақстан Республикасының экономикалық негіздері.
Қазақстан Республикасының саяси негіздері.
Қазақстан Республикасы – зайырлы, демократиялық,құқықтық және әлеуметтік мемлекет.
Конституциялық құрылыс – бұл мемлекетті құқыққа бағындыруды қамтамасыз ететін және оны конституциялық мемлекет ретінде сипаттайтын мемлекетті ұйымдастыру формасы.
Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысы – мемлекетті ұйымдастыру тәсілдеріне, оның тұлғамен қатынасына негіз болатын, Конституция нормаларымен бекітілген және оны конституциялық мемлекет ретінде сипаттайтын қоғамдық қатынастардың жүйесі.
Конституцияда Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысына негіз болатын барлық принциптер бекітілген. Олар:
халықтық билік,
мемлекеттік егемендік,
біртұтастық,
биліктерді бөлу принципі,
құқықтың үстемдігі,
мемлекеттік өмірдің аса маңызды мәселелерін демократиялық жолмен шешу,
идеологиялық және саяси әр алуандылық және т.б.
Қазақстан Республикасының мемлекеттілігін құру концепциясында Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысының негізгі белгісі ретінде халықтық билікті атап айтуға болады. ҚР Конституциясында «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» деп бекітілген (3-бап). Халық билікті республикалық референдум және еркін сайлау арқылы жүзеге асырады. Сондай-ақ халық өз билігін жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға береді.
Мемлекеттің егемендігі конституциялық құрылыс негіздерінің бірі ретінде Конституциямен жария етіледі. Егемендік республиканың бүкіл аумағын қамтиды, өз аумағында және одан тысқары жерлерде, Қазақстан Республикасы халқының ерік-жігері негізінде, басқа мемлекеттерге тәуелсіз жағдайда, өз алдына дербес мемлекет қызметтерін жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасы егемендігінің негізін оның аумағы, жері, қойнауы, табиғат байлықтары, мәдени құндылықтары және барлық экономикалық негіздері құрайды. Егемендіктің бастауы - халық, сонымен қатар егемендік Қазақстан Республикасының әр бір азаматына таратылады. Мемлекеттік егемендік ең алдымен мынадан көрініс табады: Қазақстан Республикасы ішкі құрылымға қатысты және басқа мемлекеттермен арадағы қатынастарға байланысты барлық мәселелерді өз алдына дербес шешуге хақылы. Егемендік идеясы 1995 жылғы ҚР-ның Конституциясында да алдыңғы қатарда тұр.
Конституцияға сәйкес Қазақстан Республикасы – президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет болып табылады (2-бап). Біртұтастық Қазақстан Республикасы конституциялық құрылысының маңызды бір белгісі болып табылады. Қазақстан Республикасында билік біртұтас, дегенмен ол Конституция мен заңдар негізінде заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөліну, олардың тежемелік және тепе-теңдік жүйесін пайдалану арқылы, өзара іс-қимыл жасау принципіне сәйкес жүзеге асырылады (4-б. 3-т.).
Қазақстан Республикасының экономикалық құрылымы негізінде меншік нысандарының әр алуандылығы жатыр, сөйтіп нарықтық қатынастар конституциялық түрде бекітілген. Қазақстан Республикасының Конституциясы бірдей дәрежеде мемлекеттік меншік пен жеке меншікті таниды және қорғайды (6-б.1-т.). Қазақстан Республикасының Конституциясының 6-бабының 3-тармағы «Жер заңда белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жеке меншікте де болуы мүмкін» деп мойындайды.
Меншіктің барлық нысандарын кімнің тарапынан болсын заңсыз араласушылығынан қорғай отырып, мемлекет оларды пайдалану, кеңейту үшін қолайлы жағдай жасайды. Мемлекеттік органдар заңдарда меншіктің субъектілері мен объектілерін, меншік иелерінің өз құқықтарын жүзеге асыру көлемі мен шегін белгілейді. Сондай-ақ мемлекет мемлекеттік кәсіпорындардың экономикалық қызметін тура және тікелей реттейді, мемлекеттік меншік объектілерін пайдаланудың құқықтық режимін айқындайды.
Конституцияға сәйкес жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар мемлекет меншігінде болады. Меншік міндет жүктейді, оны пайдалану сонымен қатар қоғам игілігіне де қызмет етуге тиіс (6-б. 2-т.). Мемлекет аталған экономикалық қатынас саласын тікелей басқару мен реттеуді жүзеге асырады.
Конституция қоғамдық қатынастарды ұйымдастырудың негізгі принциптерін белгіледі. Оларға қоғамдық келісім және саяси тұрақтылық, идеологиялық және саяси әр алуандылық, қоғамдық және мемлекеттік интститтутарды бөлу сияқты принциптерді жатқызуға болады.
Қазақстан Республикасының саяси жүйесін билік үшін күресті, оны ұйымдастыруды және қызмет етуін жүзеге асырушы сан-салалы ұйымдар, институттар және мекемелер құрайды. Конституция ең алдымен мақсаты мен іс-әрекеті конституциялық құрылысты күштеп өзгертуге, оның тұтастығын бұзуға, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге, т.б. бағытталған қоғамдық бірлестіктер құруға және олардың қызметіне тиым салады (5-б. 3-т.). Саяси әр алуандылық деп қоғамда өмір сүруші түрлі әлеуметтік-саяси құрылымдардың болуы ұғынылады. Саяси әр алуандылық негізінде Қазақстан Республикасындағы экономикалық қызмет нысандарының сан алуандылығы да жатады.
Қазақстан Республикасындағы қоғамдық құрылыстың негізін қалаушы принциптердің бірі қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық болып табылады. Саяси жүйенің кез келген институтының қызметі қоғамдағы саяси тұрақтылыққа қол жеткізуге бағытталуға тиіс. Қазақстан Республикасының бір ерекшелігі оның көп ұлттылығы, сондықтан қоғамдық бірлестіктер өз қызметтерінің нысандары мен бағыттарын белгілеген кезде осы жағдайды есепке алуға және қоғамдық келісім орнатуға ұмтылуға тиіс.
ҚР Конституциясына сәйкес (1-б.) Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет деп бекітеді.
Қазақстан Республикасы демократиялық мемлекет деп жариялайды (ежелгі грек сөзі «демократия» аударғанда халық билігі). Оның демократиялық сипаты келесіден көрінеді: онда халық билігін қамтамасыз ету; биліктің заң шығарушы, атқарушы, сот тармақтарына бөлінуі; идеологиялық және саяси әр-алуандылық; меншіктің барлық формасын тану және тең қорғау.
Демократиялық мемлекетте биліктің бірден-бір бастауы және қорғаушысы халық болады. Бүкіл биліктің қорғаушысы халық деп тану халық егемендігін көрсетеді. Халық егемендігі халықтың толық билігін көрсетеді, яғни қоғам мен мемлекеттің істерін басқаруға халықтың шынайы қатысуы үшін халықтың әлеуметтік-экономикалық және саяси құралдарды иеленуі.
Халық өзінің билігін тікелей республикалық референдум және сайлау арқылы жүзеге асырады. Қазақстан Республикада ешкім билікке иелік ете алмайды. Халық пен мемлекет атынан билік жүргізу құқығы Президентке, сондай-ақ оның конституциялық өкілеттілігі шегінде Республика Парламентіне берілген. Республика Үкіметі мен өзге де мемлекеттік органдар мемлекет атынан оларға берілген өкілеттіктері шегінде ғана билік жүргізеді.
Қазақстан Республикасы зайырлы мемлекет болып табылады. Қазақстан мемлекетінің зайырлық сипаты онда ресми, мемлекеттік діннің болмайтындығынан – көптеген діни уағыздардың бірде бірінің міндетті немесе басым болып табылмайтындығынан көрінеді. Қазақстандағы діни бірлестіктер мемлекеттің саясатына, мемлекеттік құрылысқа, мемлекеттік органдардың және оның лауазымды адамдарының қызметіне ықпал етпеуі тиіс. Қазақстан мемлекетінің зайырлық сипаты діни бірлестіктердің мемлекеттен бөлінуімен сипатталады. Бұл сонымен бірге мемлекет органдарының діни бірлестіктердің қызметіне заңсыз араласуға, сондай-ақ діни бірлестіктерге мемлекеттік органдардың қызметін жүктеуге жол бермеу қажеттігін білдіреді.
Мемлекеттің зайырлылық сипатын мемлекеттің діни ұйымдарды қаржыландырмауынан да көруге болады.
Одан әрі, Қазақстан мемлекетінің зайырлық сипаты саяси партиялардың діни негіздегі қызметіне жол бермеуден де көрінеді. Заң алдындағы діни ұйымдардың теңдігі ешқандай дін немесе діни ұйымдар ешқандай артықшылықты пайдаланбайтындығынан және басқамен салыстырғанда ешқандай шектеуге тартылмайтындығынан көрінеді.
Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес Қазақстан өзін құқықтық мемлекет деп бекітеді. Құқықтық мемлекет мемлекеттік органдар, лауазымды тұлғалар, қоғамдық ұйымдар мен азаматтар түгелімен бағынуға міндетті әрекет ететін құқықтық нормалармен өзін шектеумен сипатталады. Осыған байланысты құқықтық мемлекеттің жұмыс істеуінің негізгі принципі құқық жоғарылығы болып табылады. Бұл ең алдымен Конституция мен заңдардың жоғарылығын көрсетеді.
Құқықтық мемлекеттің мәні – оның жүйелі демократизмі, билік көзі ретіндегі халық егемендігін бекіту, мемлекетті қоғамға бағындыру құқықтық мемлекет болып өзінің міндетті ерекшелік қасиетін танитын және билікті бөлу институтын, соттың тәуелсіздігін, басқарудың заңдылығын, азаматтардың құқығын мемлекеттік биліктің бұзуынан оларды құқықтық қорғауды танитын мемлекет есептеледі.
Құқықтық мемлекеттің қалыптасуының маңызды алғы шарты мен оның шегінің сипаты қоғам өмірінің барлық сферасын қамтитын толық заң шығару жүйесінің болуы. Сонымен қатар барлық нормативтік актілер ҚР Конституциясына қайшы келмеуі қажет.
Демократиялық мемлекетте құқық нормасы барлық азаматтар үшін тең болуы қажет, сондықтан шынайы құқықтық мемлекет болып, оның заңдарының алдында оның барлық азаматтарының теңдігін қамтамасыз ететін мемлекет есептелінеді.
Қазақстан Республикасы әлеуметтік мемлекет. Әлеуметтік мемлекет – бұл әлеуметтік саясаты адамның өмір сүруі мен оның еркін дамуына материалдық қатынастың еркін дамуына, ақталмаған әлеуметтік айырмашылықты жеңуде лайықты қамтамасыз етуге бағытталған мемлекет.
Әлеуметтік мемлекет өзінің әр бір азаматына адамға лайықты тіршілік минимумын қамтамасыз етуге ұмытылады және осыған байланысты әр бір есейген адамның өзін және өзінің отбасын асырауға ақша табу мүмкіндігі болуы қажет. Егер әр түрлі себептерге байланысты мұндай мүмкіндік жүзеге асырылмаса және адам қажеттілігі тиісті деңгейде қанағаттандырылмаса ғана мемлекет араласады.
Әлеуметтік мемлекеттің маңызды бір мақсаттарының бірі әлеуметтік теңдікті қамтамасыз ету болып табылады. Мемлекеттің әлеуметтік теңсіздікке қарсы тұру құралы әлеуметтік қамтамасыз ету.
Әлеуметтік мемлекеттің ерекше сипатын, оның адамның еркін дамуы мен лайықты өмірін қамтамасыз етуге бағытталған әлеуметтік саясатынан көруге болады.
Әлеуметтік саясат қоғамның әлеуметтік құрылымындағы өзгерістермен, азаматтардың жақсы тұрмысының өсуімен, олардың өмірінің жақсаруымен, олардың материалдық және рухани қажеттіліктерін қанағаттандырумен, өмір түрін жоғары көтерумен байланысты әлеуметтік топтардың, қоғам мен оның мүшелерінің арасындағы қатынасты реттейтін мемлекеттің жалпы саясатының бір бөлігін көрсетеді.
Әлеуметтік саясаттың басты мақсаты адам мен қоғамның жақсы тұрмысына жету, тұлғаның дамуы үшін тең және әділетті мүмкіндіктерді қамтамасыз ету болып табылады.
Бақылау сұрақтары
Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысының ұғымын түсіндіріңіз.
ҚР-ның конституциялық құрылысының принциптерін атаңыз.
Қазақстан Республикасының экономикалық негіздеріне нелер жатады?
Қазақстан Республикасының саяси жүйесі туралы айтыңыз.
Қазақстан Республикасы – демократиялық мемлекет ретінде нені білдіреді?
Қазақстан Республикасының зайырлы мемлекет ретіндегі сипаттамасын айтыңыз.
Қазақстан Республикасы – құқықтық мемлекет ретінде нені білдіреді?
Қазақстан Республикасының әлеуметтік мемлекет ретіндегі сипаттамасын айтыңыз.
5-тақырып
Қазақстан Республикасы азаматтығының конституциялық-құқықтық негіздері.
Қазақстан Республикасының азаматтығы ұғымы.
Қазақстан Республикасы азаматтығын алу негіздері.
Қазақстан Республикасы азаматтығын тоқтату негіздері.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының азаматтық мәселелер жөніндегі өкілеттіктері.
Азаматтық – бұл адамдардың дара құқықтары мен міндеттерінің жиынтығын көрсететін адам мен мемлекет арасындағы тұрақты саяси – құқықтық байланысы.
«Азаматтық ұғымы заң бойынша үш элементтен тұрады: 1) адамның мемлекетпен байланысы уақытша емес, тұрақты болуы тиіс. Адам өз қалауы бойынша азаматтықты біресе қабылдап, біресе одан бас тарта алмайды; 2) адамның мемлекетпен байланысы саяси-құқықтық сипатта болады; 3) мемлекет пен азаматтың арасында өзара құқық пен міндеттемелер белгіленеді.
Қазақстан Республикасы өзінің органдары мен лауазымды адамдары атынан өз азаматтары алдында жауапты, Ал Қазақстан Республикасы азаматтары өзінің республикасы алдында жауапты.
Қазақстан Республикасы азаматтығының негізгі мәселелері Конституциямен және 1991 жылы 20 желтоқсанда қабылданған «ҚР-ның азаматтығы туралы» Заңымен реттеледі. Конституцияға азаматтық туралы негізгі қағидалар:
барлық азаматтардың теңдігі туралы;
азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілдігі туралы;
құқықтар мен бостандықтардың шектелуіне жол берілмейтіндігі туралы;
азаматтықтан айыруға, республика шегінен қуғындауға және басқаларына жол берілмейтіндігі туралы қағидалар енгізілген.
Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы Заң: қандай адамдардың Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатынын, олардың құқықтық жағдайларын, азаматтықты алу және тоқтату тәртіптерін, ата-аналардың азаматтығы өзгерген және бала етіп асырап алған кездегі олардың балаларының азаматтығын, азаматтық мәселелері бойынша мемлекеттік органдардың өкілеттігін, азаматтық мәселелері бойынша арыздар мен ұсыныстарды қарау, шешімдерді орындау тәртібін, сондай-ақ азаматтық мәселелері жөніндегі шешімдерге шағымдану тәртібін белгілейді.
Азаматтық туралы Заңға сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтығын алған адамдар Қазақстан Республикасының азаматы болып табылады.
Қазақстан аумағында тұратын, Қазақстан Республикасы азаматы болып табылмайтын және шетелдің азаматтығына жататындығына дәлелдемелері жоқ адамдар азаматтығы жоқ адамдар деп аталады.
Қандай да бір болсын шет мемлекетке жататындығына дәлелдемесі бар адамдар шетел азаматтары болып есептеледі.
Қазақстан Республикасы азаматының басқа мемлекеттің азаматтығында болуы танылмайды.
Қазақстан Республикасының азаматтығы:
тууы бойынша;
Қазақстан Республикасы азаматтығына қабылдану нәтижесінде;
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында қарастырылған негіздер бойынша;
Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы Заңда қаралған негіздер бойынша алынады.
Бала өмірге келген кезде ата-анасының екеуі де Қазақстан Республикасының азаматы болса, ол туған жеріне қарамастан Қазақстан Республикасының азаматы болып табылады.
Ата-анасының азаматтығы әртүрлі болып, бала туған кезде олардың біреуі Қазақстан Республикасының азаматы болған жағдайда бала:
Қазақстан Республикасының территориясында туса;
Қазақстан Республикасынан тыс жерде туса, бірақ, ата-анасының немесе олардың біреуінің бұл кезде Қазақстан Республикасы территориясында тұрақты тұрғылықты жері болса, ол Қазақстан Республикасының азаматы болып табылады.
Ата-анасының азаматтығы әртүрлі болып, бала туған кезде олардың біреуі Қазақстан Республикасының азаматы болған жағдайда, егер осы кезде ата-анасының екеуінің де Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұрақты тұрғылықты жері болса, Қазақстан Республикасынан тыс жерде туған баланың азаматтығы ата-анасының жазбаша түрде білдірген келісімі бойынша анықталады.
Бала туған кезде ата-анасының біреуі Қазақстан Республикасының азаматтығында болып, ал екіншісі азаматтығы жоқ адам болса, не оның азаматтығы белгісіз болса, бала қай жерде туғанына қарамастан Қазақстан Республикасының азаматы болып табылады.
Қазақстан Республикасы территориясында тұрақты тұрғылықты жері бар, азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасы территориясында туған баласы Қазақстан Республикасының азаматы болып табылады.
Шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар олардың өтініштері бойынша ҚР Азаматтық туралы Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы азаматтығына қабылдануы мүмкін.
Қазақстан Республикасының азаматтығына:
Қазақстан Республикасының аумағында заңды негізде кемінде бес жыл тұрақты тұратын не Қазақстан Республикасының азаматтарымен кемінде үш жыл некеде тұратын адамдар қабылданатын болады.
Жоғарыда аталған шарттардың болуы мынадай тұлғалар үшін талап етілмейді:
- кәмелетке жасы толмағандар;
- әрекетке қабілетсіздер;
- Қазақстан Республикасына ерекше еңбек сіңіргендер;
- Қазақстан аумағынан кеткен адамдар мен олардың ұрпақтары, егер олар тарихи Отаны ретінде тұрақты тұру үшін Қазақстан Республикасына қайтып орлағандар.
Қазақстан Республикасы азаматтары ішінде жақын туыстарының бірі – баласы (оның ішінде асырап алған баласы), жұбайы (зайыбы) және ата-анасының біреуі (асырап алушысы), апа-қарындасы, аға-інісі, атасы немесе әжесі бар, Қазақстан Республикасына тұрақты тұру мақсатымен келген, бұрынғы одақтас республикалардың азаматтары, Қазақстан Республикасында тұру мерзіміне қарамастан, қабылданатын болады.
Егер Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау туралы өтініш жасаушы адам:
1) азаматқа қарсы халықаралық құқықта көзделген қылмыс жасаса, Қазақстан Республикасының егемендігі мен тәуелсіздігіне әдейі қарсы шықса;
2) Қазақстан Республикасы территориясының бірлігі мен тұтастығын бұзуға шақырса;
3) мемлекет қауіпсіздігіне, халықтың денсаулығына нұқсан келтіретін құқыққа қарсы іс-әрекет жасаса;
4) мемлекетаралық, ұлтаралық және діни араздықты қоздыратын болса, Қазақстан Республикасы мемлекеттік тілінің қолданылуына қарсы әрекет жасаса;
5) лаңкестік әрекеті үшін сотталған болса;
6) сот ерекше қауіпті баукеспе деп таныса;
7) басқа мемлекеттің азаматы болса, оның өтініші қабылданбайды.
Бұрын Қазақстан Республикасының азаматы болған адамның өтініші бойынша Қазақстан Республикасының Азаматтық туралы Заңына сәйкес оның Қазақстан Республикасы азаматтығы қалпына келтірілуі мүмкін.
Қазақстан Республикасының азаматтығы:
Қазақстан Республикасы азаматтығынан шығу;
Қазақстан Республикасы азаматтығынан айырылу салдарынан тоқтатылады.
Азаматтықтан шығу – бұл ҚР Президентінің атына берілген өтініш бойынша жүзеге асырылатын, өз еркімен азаматтықты тоқтату.
ҚР азаматтығынан шығар кезде, егер өтініш беруші адам республика алдындағы міндеттемелерін немесе республика аумағындағы азаматтардың, кәсіпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің алдындағы мүліктік міндеттемелерін орындамаса, онда азаматтықтан шығуға рұқсат етілмеуі мүмкін.
Егер шығу туралы өтініш жасаушы адам айыпкер ретінде қылмыстық жауапқа тартылған болса не заң жүзінде күшіне енген сот үкімі бойынша жазасын өтеп жүрсе, немесе ол адамның Қазақстан Республикасы азаматтығынан шығуы Қазақстан Республикасының мемлекет қауіпсіздігі мүдделеріне қайшы келсе, Қазақстан Республикасы азаматтығынан шығуға жол берілмейді.
Қазақстан Республикасы азаматтығынан:
1) адамдардың, ҚР мемлекетаралық шарттарында көзделгеннен басқа жағдайларды қоспағанда, басқа мемлекеттің әскери қызметінде, қауіпсіздік, әділет органдары немесе өзге де мемлекеттік өкімет және басқару органдарына орналасуы салдарынан;
2) егер Республика азаматтығы теріс мәліметтер немесе жалған құжаттар ұсыну нәтижесінде алынса;
3) Қазақстан Республикасының мемлекетаралық шарттарында көзделген негіздер бойынша;
4) егер Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұрақты тұратын адам дәлелсіз себептермен үш жыл бойы консулдық есепке тіркелмесе;
5) егер адам басқа мемлекеттің азаматтығын алған болса, айырылады.
Қазақстан Республикасының заңдылықтары Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы істерді шешу тәртібін және азаматтық туралы істерді жүргізетін мемлекеттік органдардың шеңберін анықтайды.
Қазақстан Республикасыеда азаматтық мәселелер жөнінде шешім қабылдайтын лауазымды адам Қазақстан Республикасының Президенті болып табылады.
Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстан Республикасының азаматығына қабылдау туралы;
Қазақстан Республикасы азаматтығын қалпына келтіру туралы;
Қазақстан Республикасы азаматтығынан шығару туралы шешімдер қабылдайды.
Басқа мемлекеттік органдар дайындық жұмыстарын жүргізеді. Бұл органдар – Ішкі істер министрлігі, Сыртқы істер министрлігі, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы азаматтық мәселелері жөніндегі комиссия.
Азаматтық мәселелері бойынша арыздар Қазақстан Республикасы Президентінің атына жазылады. Арыздарды қарау мерзімі алты айдан аспауға тиіс.
Бақылау сұрақтары
Азаматтық дегеніміз не?
Азаматтық мәселелері қандай заңмен реттеледі?
Азаматтық алу негіздеріне не жатады?
Қазақстан Республикасы азаматының басқа мемлекеттің азаматтығында болуы мүмкін бе?
Қазақстан Республикасының азаматтығын алу үшін Қазақстан Республикасының аумағында заңды негізде кемінде қанша жыл тұрақты тұру қажет?
Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау туралы өтініш қандай жағдайларда қабылданбайды?
Азаматтықты тоқтату негіздеріне не жатады?
Қазақстан Республикасының азаматтығынан қандай жағдайларда айырады?
Қазақстан Республикасының азаматтық мәселелері жөнінде түпкілікті шешімді кім қабылдайды?
Азаматтық мәселелері бойынша жұмыстар жүргізетін органдарды атаңыз.
6-тақырып
Қазақстан Республикасында адам және азаматтың
құқықтық мәртебесі.
1. ҚР адам және азаматтың құқықтық мәртебесінің түсінігі.
2. ҚР адам және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтар жүйесі.
3. ҚР адам және азаматтың конституциялық міндеттері.
4. ҚР шетел азаматтарының құқықтық жағдайлары.
Тұлғаның құқықтық дәрежесі әрекет ететін құқықтың барлық салаларының нормаларында көрсетілген адам мен азаматтың құқығының бүкіл жиынтығымен анықталады. Тұлғаның құқықтық мәртебесі өз бойына Конституция арқылы бекітілетін құқықтар мен бостандықтарды қамтиды. Осы қамтылған бөлігі барлық құқықтар мен бостандықтардың шағын бір бөлігін өз бойына жинақтайды.
Негізгі құқықтар мен бостандықтарға тән заңдық ерекшеліктер мыналар:
Конституциялық құқықпен бостандық, тұлғаның құқықтық мәртебесінің негізін қалайды және басқа құқық салаларында бекітілген құқықтардың барлығына негіз әрі бастау болады.
Негізгі құқықтар мен бостандықтар әрбір азамат пен адамға беріледі.
Негізгі құқықтар мен бостандықтардың өзіне тән бір сипаты – бұл олардың ортақтығымен бейнеленеді. Олар барлық адамдар үшін бірдей әрі тең деп есептеледі.
Азаматтардың негізгі құқықтары мен бостандықтары өзінің пайда болуы және қалыптасуымен ерекшеленеді. Оған жалғыз ғана негіз ретінде оның ҚР-ның азаматтығына қатыстылығы бола алады.
ҚР-ның азаматының негізгі құқықтары мен бостандықтары азаматтың еркі бойынша алынбайды немесе кері қайтарылмайды. Бұл құқықтар оған азаматтығына байланысты беріледі, бұл құқықтар азаматтығы жоғалтылған жағдайда бірге өз күшін жояды.
Негізгі құқұқтар мен бостандықтар оларды іске асыру механизміне байланысты ерекшеленеді. Барлық өзге құқықтары мен міндеттері нақты бір құқықтың қатынас барысында, құқықтық қабілеті арқылы өзінің жетістігі болып қалады.
Негізгі құқық, бостандық және міндеттерге тән тағы бір ерекшелік, мұнда олардың заңды түрде бекітілуіне де байланысты. Олар мемлекеттің құқықтық актілерінде тіркеледі, бұл құжат әрине жоғарғы заңды күші бар ел Конституциясы болып көрініс табады.
Жоғарыда айтылған белгілер, адам мен азаматтың негізгі құқықтары мен бостандықтары ұғымының ерекшеліктерін сипаттайды.
Бірінші рет Қазақстан Республикасының Конституциясы жеке тұлғаның табиғи шығу төркінін бекітті, сөйтіп 12-баптың 2-тармағында «адам құқықтары мен бостандықтары әркімге тумысынан жазылған, олар абсолютті деп танылады, олардан ешкім айыра алмайды» деп жариялады.
Жеке тұлға мен мемлекеттің, сондай-ақ адамдардың өздерінің арасында пайда болатын қарым-қатынастардың сипатына орай конституциялық құқықтар мен бостандықтар түрлі салаларға бөлінеді.
Конституциялық құқықтар мен бостандықтар үш топқа бөліп қарастырылады: жеке; әлеуметтік-экономикалық; саяси.
Жеке бас құқығы мен бостандықтары іс-жүзінде әрбір адамның жеке құқығы болып есептеледі, оның тұлғаның мемлекетке қаншалықты байланысы барына ешқандай қатысы жоқ. Бұл құқықтар әрбір адамның бөлінбес құқығы, ол құқық оған туылған кезінен бастап тиісті болады. Адамның жеке құқығы болып есептелетін құқықтарға адамның табиғи құқығы жатады. Бұл құқық адамның жеке басы өмірімен байланысты көрінеді.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 15-бабына сәйкес әркімнің өмір сүру құқығы бар. Ешкімнің өз бетінше адам өмірін қиюға хақысы жоқ.
Адамның жеке басытың бостандығы (16-бап) және еркін жүріп тұру құқықтары (21-бап) конституциялық түрде бекітілген. Кез келген конституциялық мемлекеттердегі сияқты Қазақстан Республикасында заңда көрсетілген реттерде ғана және тек соттың санкциясымен тұтқындауға және қамауда ұстауға болады, тұтқындалған адамға шағымдану құқығы беріледі. Соттың санкциясынсыз адамды жетпіс екі сағаттан аспайтын мерзімге ұстауға болады.
Конституциялық құқықтарда бекітілгентағы бір жаңалыққа Қазақстан Республикасы аумағында заңды түрде жүрген әрбір адамның оның аумағында еркін жүріп-тұруға және тұрғылықты мекенді өз қалауынша таңдап алуға құқығы барлығын жатқызуға болады.Әрбір адамның Республикадан тыс жерлерге кетуіне және Республика азаматтарының Республикаға кедергісіз қайтып оралуына құқығы бар (21-бап).
Адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмаушылық құқығы (17 бап) конституциялық құқық болып табылады. Адамдық қадір-қасиеттерге құрметпен қарау азаматтық қоғамның басты белгілерінің бірі.
Жеке құқықтар мен бостандықтар саласына адамның жеке өміріне, өзінің және отбасының құпиясына қол сұғылмауына, абыройы мен ар-намысының қорғалуына конституциялық құқығы барлығын жатқызуға болады (18-бап).
Адам мен азаматтың құқықтық мәртебесінің маңызды конституциялық принциптерінің бірі заң мен сот алдында жұрттың бәрі бірдейлігі танылады. Ол тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне,ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайтындығы жайындағы конституциялық құқықтан анық көрінеді (14-бап).
Сондай-ақ жеке құқықтар мен бостандықтарға әркімнің өзінің қай ұлтқа, қай партияға және қай дінге жататынын өзі анықтауға және оны көрсету-көрсетпеуге хақылылығы да жатады (19-бап).
Адам мен азаматтың негізгі құқығы мен бостандығының ерекше тобын әлеуметтік-экономикалық құқықтар құрайды. Конституциялық құқықтардың бұл тобы жеке тұлғаның азаматтық қоғамның мүшесі ретіндегі құқықтық жағдайын анықтайды. Әлеуметтік-экономикалық құқықтардың маңыздылығы оның жеке меншікті иемдену және ұстау құқығы болып табылады. Конституцияның 26-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтары заңды түрде алған қандай да болсын мүлкін жеке меншігінде ұстай алады. Бірінші рет 1995 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциясы жерге жеке меншік құқығын бекітті (6-бап, 3-тармақ). Конституцияда меншікке, оның ішінде мұрагерлік құқыққа заңмен кепілдік беріледі. Соттың шешімінсіз ешкімді де өз мүлкінен айыруға болмайды. Заңмен көзделген ерекше жағдайларда мемлекет мұқтажы үшін мүліктен күштеп оның құны тең бағамен өтелген кезде жүргізілуі мүмкін.
Еңбек ету бостандығы – азаматтардың негізгі құқықтарына жатады. Бұл құқық еңбекке қабілетті адамның өз еңбегімен өз өмірін асырауға заңды мүмкіндігі бар екендігін білдіреді.
Әркімнің еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауына құқығы бар (24-бап).
Азаматтардың тынығуға құқықтары бар. Тынығу уақыты – қызметкердің өзінің еңбек ету міндеттемесін орындаудан босаған кездегі уақыттарын оны өзінің қалауы бойынша пайдаланатын уақыты.
Қазақстан Республикасы азаматтарына әлеуметтік қамсыздандырылуға конституциялық құқық беріледі. Қазақстан Республикасының азаматы жасына келген, науқастанған, мүгедек болған, асыраушысынан айырылған жағдайда және өзге де заңды негіздерде оған ең төменгі жалақы мен зейнетақының мөлшерінде әлеуметтік қамсыздандырылуына кепілдік беріледі (28-бап)
Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулық сақтауға құқығы бар (29 бап). Республика заматтары заңмен белгіленген кепілді медициналық көмектің көлемін тегін алуға хақылы. Сондай-ақ мемлекеттік және жеке меншік емдеу мекемелерінде, жеке медициналық практикамен айналысушы адамдарда ақылы медициналық жәрдем алу заңда белгіленген негіздер мен тәртіп бойынша жүргізіледі.
Денсаулықты сақтау құқығы, сондай-ақ азаматтардың әр түрлі жолдарды (бұқаралық ақпарат құралдары, өтініш, хат және т.б.) пайдаланып, халықтың қамтылуын жақсарту мәселесін көтере алатындығын білдіреді. Халықтың денсаулығының негізі – қоршаған табиғи орта. Оның жағдайы қандай болса, адамдардың денсалығы да сондай. Сондықтан Қазақстан Республикасы Конституциясының 31-бабына сйкес мемлекет адамның өмір сүруі мен денсаулығына қолайлы айналадағы ортаны қорғауды мақсат етіп қояды.
Әлеуметтік-экономикалық құқықтар мен бостандықтарға азаматтардың мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім алуларына кепілдік берілу құқығы жатады (30-бап). Бұл ретте орта білім алу міндетті. Ата-аналар орта білім алуды қамтамасыз етуге міндетті.
Саяси құқықтар мен бостандықтар – бұл тек мемлекеттің азаматтарына берілетін және оларға елдің қоғамдық және саяси өміріне қатысуға мүмкіндік беретін конституциялық құқықтар мен бостандықтардың бір тобы.
Саяси құқықтардың ең маңыздысы азаматтардың белсенді және бәсең сайлау құқығынан тұратын сайлаушылық құқық субъектісі болып табылады. Республика азаматтарының мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға, сондай-ақ республикалық референдумға қатысуға құқығы бар (33-бап, 2-тармақ). Сайлау құқығына тек сот әрекетке қабілетсіз деп таныған, сондай-ақ сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың сайлауға және сайлануға, республикалық референдумға қатысуға құқықтары жоқ (33-бап, 3-тармақ).
Саяси құқықтар мен бостандықтар қатарына Республика азаматтарының мемлекеттік істі басқаруға қатысу құқығы жатады (33-бап, 1-тармақ). Азаматтар бұл құқықты әр түрлі жүзеге асырады. Азаматтардың белсенділігін танытудың, қоғам мүдделеріне ынтасын арттырудың бір құралы олардың мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына тікелей өзі жүгінуге, сондай-ақ жеке және ұжымдық өтініштер жолдауға құқығы барлығы болып таыбалды.
Мемлекеттік қызметке кіруге тең құқық Қазақстан Республикасы азаматтарының саяси құқықтарының бірі болып табылады (33-бап, 4-тармақ). Қазақстан Республикасының Конституциясында мемлекеттік қызмет туралы бірқатар негіз боларлық идеялар беріледі. Онда мемлекеттік қызмет лауазымына кандидатқа қойылатын талап тек лауазымдық міндеттер сипатымен ерекшеленіп, заңмен белгіленетіні көрсетілген.
Саяси құқықтар мен бостандықтар қатарына жатқызылатын Қазақстан Республикасы азаматтарының маңызды құқықтарының бірі бірлесі бостандығы құқығы болып табылады (23-бап).
Республика Конституциясы азаматтардың бейбіт әрі қарусыз жиналуға, жиналыстар, митингілер мен демонстрациялар, шерулер өткізуге және тосқауылдарға тұруға құқығын таниды. Дегенмен бұл құқықты пайдалану мемлекеттік қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп, денсаулық сақтау, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мүдделері үшін заңмен шектелуі мүмкін екендігі ескертіледі.
Адам мен азаматтарға көптеген құқықтық міндеттер жүктеледі. Адамдардың конституциялық міндеттері мыналар болып табылады:
Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын сақтау;
Басқа тұлғалардың құқықтары, бостандықтары, ар-қжданы мен қадір қасиетін құрметтеу;
Республиканың мемлекеттік рәміздерін құрметтеу;
Заңды түрде белгіленген салықтарды, алымдарды және өзге де міндетті төлемдерді төлеу.
Ал азаматтрадың конституциялық міндеттеріне мыналар жатады:
Қазақстан Республикасын қорғау және әскери қызмет атқару;
Тариха және мәдени мұралардың сақталуына қамқорлық жасау;
Табиғатты сақтау және табиғат байлықтарына ұқыпты қарау.
Бір қарағанда конституциялық міндеттер соншалықты көп емес сияқты көрінуі мүмкін, дегенмен олар қоғам мен мемлекеттің қалыпты дамуы үшін қажетті негізгі, маңызды салаларды қамтиды.
Қазақстан Республикасының Конституциясы Республика аумағына келген шетел азаматтарының және азаматтығы жоқ адамдардың құқықтық мәртебесін белгілейтін негізгі принциптерді бекітті. Сондай-ақ шетелдіктердің және азаматтығы жоқ тұлғалардың құқықтық жағдайы Қазақстан Республикасының 1995 жылы 19 маусымда қабылданған «Қазақстан Республикасындағы шетелдік азаматтардың құқықтық жағдайы туралы» Заңымен реттеледі. Конституцияда, заңдарда және халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар Республика азаматтары үшін белгіленген құқықтар мен бостандықтарды пайдаланады, сондай-ақ міндеттер атқарады. (12-бап, 4-тармақ).
Бақылау сұрақтары
Негізгі құқықтар мен бостандықтарға тән заңдық ерекшеліктерді атаңыз.
Конституциялық құқықтар мен бостандықтар нешеге бөлінеді?
Жеке құқықтар мен бостандықтарға қандай құқықтар жатады?
Әлеуметтік-экономикалық құқықтар мен бостандықтарға қандай құқықтар жатады?
Саяси құқықтар мен бостандықтарға қандай құқықтар жатады?
Адамдардың конституциялық міндеттерін атаңыз.
Азаматтардың конституциялық міндеттерін атаңыз.
ҚР аумағындағы шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың құқықтық жағдайлары қандай заңнамалармен реттеледі?
7-тақырып
Достарыңызбен бөлісу: |