1. Үстеме жұмыстарға:
1) жүктi әйелдер;
2) он сегiз жасқа толмаған қызметкерлер жiберiлмейдi.
2. Осы Кодекстiң 90-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, үстеме
жұмыстарға тартуға қызметкердiң жазбаша келiсiмiмен ғана жол берiледi.
89-бап. Үстеме жұмыстардың шектi саны
1. Үстеме жұмыстар әрбiр қызметкер үшiн тәулiк iшiнде - екi сағаттан,
ал ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) және (немесе)
қауiптi жұмыстарда бiр сағаттан аспауға тиiс.
2. Үстеме жұмыстардың жалпы ұзақтығы айына он екi сағаттан және жылына
жүз жиырма сағаттан аспауға тиiс.
3. Үстеме жұмыстардың шектi санын шектеу осы Кодекстiң 90-бабының 1)
тармақшасында көзделген жағдайлардағы жұмыстарға қолданылмайды.
90-бап. Қызметкерлердiң келiсiмiнсiз үстеме жұмыстарға
жол берiлетiн ерекше жағдайлар
Қызметкерлердiң келiсiмiнсiз үстеме жұмыстарға тек қана мынадай
жағдайларда:
1) ел қорғанысы үшiн, сондай-ақ төтенше жағдайларды, дүлей зiлзаланы
немесе өндiрiстiк аварияны болдырмау не олардың зардаптарын дереу жою үшiн
қажеттi жұмыстар жүргiзу кезiнде;
2) сумен жабдықтаудың, газбен жабдықтаудың, жылумен жабдықтаудың,
энергиямен жабдықтаудың және тiршiлiктi қамтамасыз етудiң басқа жүйелерiнiң
қалыпты жұмыс iстеуiн бұзатын өзге де мән-жайларды жою үшiн;
3) егер үзiлiс жасауға болмайтын жұмыста ауыстыратын қызметкер келмей
қалғанда, басқа қызметкермен ауыстыру шарасын дереу қолдана отырып, жұмысты
жалғастыру үшiн жол берiледi.
91-бап. Жұмыс уақытын есепке алуды жүргiзу тәртiбi
1. Жұмыс берушi қызметкердiң нақты жұмыс iстеген жұмыс уақытын есепке
алуды жүзеге асыруға тиiс.
2. Қызметкер жұмыс iстеген және жұмыс iстемеген уақыт қамтылатын нақты
жұмыс уақыты есепке алынуға тиiс.
3. Жұмыс iстелген уақыт құрамында нақты жұмыс iстелген жұмыс уақыты
және жұмыс уақытына жатқызылатын өзге де уақыт кезеңдерi есепке алынуға тиiс.
Бұл ретте үстеме жұмыстар уақыты, түнгi уақыттағы, демалыс, мереке күндердегi
жұмыстар, iссапар күндерi бөлек есептеледi.
4. Жұмыс iстелмеген уақыт құрамында ақы төленетiн және ақы төленбейтiн
уақыт, сондай-ақ қызметкердiң және (немесе) жұмыс берушiнiң кiнәсiнен
жоғалтылған жұмыс уақыты есепке алынуға тиiс.
5. Жұмыс уақытын есепке алу жұмыс берушi айқындаған құжаттарда
жүргiзiледi.
6. Қызметкердiң жұмыс уақытына жұмыстарды жұмыс орнынан тыс жерлерде
орындаған не олардың орындалуын жұмыс берушi нақты уақытпен тiркей алмайтын
кезеңдер қосылатын жағдайларда, бұл кезеңдер жұмыс уақытын есепке алу
құжаттарында еңбек шартында белгiленген жұмыстар көлемiн орындау ретiнде
белгiленедi.
8-тарау. ТЫНЫҒУ УАҚЫТЫ
92-бап. Тынығу уақытының түрлерi
Тынығу уақытының түрлерi:
1) жұмыс күнi (жұмыс ауысымы) iшiндегi үзiлiстер - тынығуға және
тамақтануға арналған үзiлiс; ауысымiшiлiк және арнаулы үзiлiстер;
2) күнделiктi (ауысымаралық) тынығу;
3) демалыс күндерi (апта сайынғы үздiксiз тынығу);
4) мереке күндерi;
5) демалыстар болып табылады.
93-бап. Тынығуға және тамақтануға арналған үзiлiс
1. Қызметкерге күнделiктi жұмыс (жұмыс ауысымы) iшiнде тынығуға және
тамақтануға арналған ұзақтығы жарты сағаттан кем болмайтын бiр үзiлiс
берiлуге тиiс.
2. Осы баптың 3-тармағында белгiленген жағдайларды қоспағанда, тынығуға
және тамақтануға арналған үзiлiс күнделiктi жұмыс (жұмыс ауысымы)
басталғаннан кемiнде үш сағат өткеннен кейiн және төрт сағаттан кешiктiрiлмей
белгiленуге тиiс.
3. Ұзақтығы 8 сағаттан асатын күнделiктi жұмыста (жұмыс ауысымында)
жұмыс уақытының икемдi жиынтық есебi режимi кезiнде тынығуға және тамақтануға
арналған үзiлiс күнделiктi жұмыс (жұмыс ауысымы) басталғаннан кемiнде төрт
сағат өткеннен кейiн белгiленуi мүмкiн.
4. Тынығуға және тамақтануға арналған үзiлiс беру уақыты, оның ұзақтығы
еңбек тәртiптемесi ережелерiнде, еңбек шартында, ұжымдық шартта белгiленедi.
5. Тынығуға және тамақтануға арналған үзiлiс уақыты жұмыс уақытына
қосылмайды. Өндiрiс жағдайлары бойынша үзiлiс беру мүмкiн болмайтын
жұмыстарда жұмыс берушi қызметкердi жұмыс уақытында арнаулы жабдықталған
орында тынығу және тамақтану мүмкiндiгiмен қамтамасыз етуге мiндеттi. Мұндай
жұмыстардың тiзбесi, тынығудың және тамақтанудың тәртiбi мен орны ұжымдық
шартта немесе жұмыс берушiнiң қызметкерлер өкiлдерiмен келiсе отырып
шығарылған актiлерiнде белгiленедi.
94-бап. Ауысымiшiлiк және арнаулы үзiлiстер
1. Жұмыстың жекелеген түрлерiнде қызметкерлерге технологияға және
өндiрiс пен еңбектi ұйымдастыруға байланысты, жұмыс уақытына қосылатын
ауысымiшiлiк үзiлiстер берiледi. Бұл жұмыс түрлерi, мұндай үзiлiстер берудiң
ұзақтығы мен тәртiбi ұжымдық шартта немесе жұмыс берушiнiң қызметкерлер
өкiлдерiмен келiсе отырып қабылданған актiлерiнде белгiленедi.
2. Жылдың суық мезгiлiнде ашық ауада немесе жылытылмайтын жабық үй-
жайларда жұмыс iстейтiн, сондай-ақ тиеу-түсiру жұмыстарында iстейтiн
қызметкерлерге жылыну және тынығу үшiн жұмыс уақытына қосылатын арнаулы
үзiлiстер берiледi. Жұмыс берушi қызметкерлердiң жылынуы мен тынығуына
арналған үй-жайлардың жабдықталуын қамтамасыз етуге мiндеттi.
3. Бiр жарым жасқа толмаған балалары бар жұмыс iстейтiн әйелдерге
тынығуға және тамақтануға арналған үзiлiстен бөлек, осы Кодекстiң 188-бабына
сәйкес баланы тамақтандыруға арналған қосымша үзiлiстер берiледi.
95-бап. Күнделiктi (ауысымаралық) тынығудың ұзақтығы
Қызметкердiң жұмыстың аяқталуы мен оның келесi күнi басталуы (жұмыс
ауысымы) арасындағы күнделiктi (ауысымаралық) тынығуының ұзақтығы он екi
сағаттан кем болмауға тиiс.
96-бап. Демалыс күндерi
1. Қызметкерлерге апта сайын демалыс күндерi берiледi.
2. Бес күндiк жұмыс аптасында қызметкерлерге аптасына екi демалыс күнi,
ал алты күндiк жұмыс аптасында - бiр күн берiледi.
3. Бес күндiк және алты күндiк жұмыс аптасында жексенбi жалпы демалыс
күнi болып табылады. Бес күндiк жұмыс аптасындағы екiншi демалыс күнi жұмыс
берушiнiң актiсiнде немесе ауысым кестесiнде белгiленедi. Егер ұжымдық
шартта, еңбек шартында өзгеше белгiленбесе, екi демалыс күнi қатар берiледi.
Достарыңызбен бөлісу: |