72
73
әңгімелерінде еппен көрініс тауып отырады. Адам да жалғыз,
ай да жалғыз, аспан да жалғыз.
«Тауда айды тамашалаған түн» әңгімесіндегі қалада
тұратын кейіпкерлер қалада емес, арнайы түрде тау жаққа
барып, айды тамашалағысы келеді. Бұл кейіпкерлер үшін ай
– жанарын суырып, көзін жасаурататын, күндіз де, түнде де
шайдай ашық шілденің аспанындағы аппақ нұр, алқаракөк биік
күмбездің астына ілінген аппақ, сиқырлы шам секілді айнала-
төңірекке жарығын аямай сеуіп тұрған дөп-дөңгелек, топ-
толық ай. Ерке қызға айда бір кісі оларға қарап күліп тұрған
тәрізді. Айдың бетіндегі жердің көлеңкесіне қараған олар
әр түрлі кескін, әр түрлі суреттерді көреді. Ол жақтан біреу
оларға қарап жымиып, енді бірде мұңайып, жылап отырған
секілді. Басты кейіпкерге айға тіктеп қарау қорқынышты
болды, үрей тудырды. Таудағы айды көрмекші болып ынтығуы
– жиырмасыншы ғасырдағы жапон әдебиетінің көрнекті
өкілдерінің бірі Иасуси Иноуэннің әңгімелерінің әсері болса
керек. Күншығыс елінде жұрт күзге салым Обасутэяма тауына
әдейілеп сапар шегіп барып, сол жерден Айды тамашалап
барып, қызықтап қарайтын бір дәстүр бар екен. Сол дәстүр
алғашында сондай қызық көрініп, түнде тау шоқыларының
бірінде тұрып, аспандағы топ-толық, дөп-дөңгелек айға қарау
тілмен жеткізе алмайтындай эстетикалық ләззаты бар тамаша
көрініс сияқты болып елестейді. Бірақ ешқандай эстетикалық
ләззат ала алмайды, керісінше, анау алқаракөк кеңістіктегі
аппақ ай мәңгілік жалғыздықтың мұңды бейнесіндей, бақилық
белгісіндей көрініп, тіктеп қарауға дәті шыдамайды.
Енді бірде жер бетіндегі мынау қыз-қыз қайнаған тіршілікке
қызыға қарап, мұңаяды. Бастарына кенеттен келіп қонған бақ
құсын Айдан келгеніне жориды.
«Бақ құсы» әңгімесіндегі кейіпкерлер – мейрамханадан
керемет көңілді, шат-шадыман шыққан Айгүл мен Мұхит
үшін ай – айнала-төңіректі аппақ нұрға шомылып жатқандай
арайландырған сүттей жарық ай. Айгүлге ай әдемі көрінеді.
Шынында да, олар ай – ғажап, биік таудың үстіндегі дөп-
дөңгелек алып жұмыртқа...жо-жоқ, айрықша жарқырап,
беймезгіл түн қатып жүрген пенделерді өзіне қарап шақырып,
қызықтырып тұрған өзгеше бір аппақ әлем. Келесіде Мұхитқа
демін ішіне тартып, сілтідей тына қалған түнгі дүниенің
қойнауында жасырынып жатқан беймәлім бір құбыжықты
көріп, түсін суытып, қыбыр етпей қадала қарап тұрған ай.
Өзі айтқандай, алтын сарайдың кілтін қолына ұстаған ағаш
қуыршақ болып қалғысы келмеген және бала күнгі ғашығын
кездестірген, одан айырылғысы келмеген, жалғыздықтан
қорқатын, ай сияқты жалғыз Айгүл үшін ай – аянышты,
жалғыз, мына Дүние қорқынышты. Ал Айгүлден сытылып
шығып, ұрлана басып қашып бара жатқан Мұхитқа түндегі
тау үстінде қалқыған дөп-дөңгелек Ай – аппақ, сұп-суық әрі
тым алыста.
«Түндегі жетім тамшылар» әңгімесінде қарапайым ауыл
адамы – Жаңбырбай мен оның екі баласын қасына ертіп,
жемшөп ұнтақтайтын кешеннің жанына жиналған маядан
шөп ұрлауға келе жатқан Жаңбырбайға көптен бері дәл
осындай көзге түртсе көргісіз қараңғы түннің сәті түсуі.
Төрткүл дүниеде толық салтанат құрып, ың-шыңсыз билеп-
төстеп алған – тастай қараңғы түн патшалығы. Қараша
үйдің жалғыз қара қазанының түп күйесіндей қап-қара, ай
көрінбейтін,жұлдызы да жоқ, аспаны аласарып кеткен, дем
жетпей тұншығатын ауасы қапырық, төңкерілген түпсіз
шыңыраудай көк жүзінен жаңбыр иісі сезілетін, көзге
көрінбейтін қою бұлттардың желіні сыздап, сәт сайын мезгілі
жақындап, иіп келе жатқандай,бірақ әзірге жер бетіне жалғыз
тамшы да тамбаған.
Күнделікті тіршіліктің қамын жеп жүрген қарапайым
шөпші Жаңбырбай тырс-тырс жауған тамшылардың ескі әуе-
нін тыңдап жатып, адамдардың колхоз болып, мемлекет болып
қауымдасып өмір сүріп келеміз дегенімен, осы тамшылар
сияқты екендігі,сырттай қарағанда толассыз құйған жаңбыр-
дай тіршілік, ал іштей зер салып, үңіле қарасаң, әрқайсысы
жеке-жеке үзіліп түскен тамшыға ұқсайтыны, әркімнің
74
75
қуанышы да, қайғысы да, күлкісі де, көз жасы да – бәрі-бәрі
өзіне тән,өзіне ғана тиесілі екендігі, біреудің ерте, біреудің
кеш үзіліп түсетін және адамдардың бәрінің де жалғыз,
бәрі де жетім екендігі, бірақ тіршіліктің жаңбыры бәрібір
толастамайтыны жөніндегі мәңгілік мәселелерді ойлайды.
«Жылқының көз жасы» әңгімесінде Абат қарттың
жануарымен қоштасуы да мәңгілік сұрақтарға жауап тәрізді.
Жануар болса да қасқа биесінің тәнін арулап, жерлемекші
болғанда, қарияның ойына жануардың жанының...бәлкім,
қазір сона-а-ау көкте, жеті қат аспанның ар жағында ұшып
бара жатқаны түседі.
«Биіктегі сұлулық» әңгімесінде қаладан жазғытұрым
алыстан кіре тартып келе жатқан түйекештердей тізбек-
тізбек болып көрінетін тау шоқыларының бір түкпіріндегі
үркердей бір ауылға, жаңа ғана қосылған екі жастың үйлену
тойына барғанда, тілмен жеткізе алмайтын керемет, көптен
бері кеуде толтыра жұтпаған таза ауа, көк майса шалғындағы
алуан түрлі гүлдердің хош иісінен басы айналып, көзінің
алды қарауытады. Көгілдір дүние – ашық аспан түстес. Бұл
дүние бұрын-соңды есітіп, білмеген мүлде бір жұмбақ әуенге,
әлдеқалай бір сиқырлы үндерге толып кетеді. Олар қоршап
алып, алыс жаққа, көз көріп, құлақ естімеген таңғажайып бір
әлемге шақырады.
Сонымен, Нұрғали Ораз әңгімелерінде адам мен
табиғат арасындағы қарым-қатынас – жазушының өзіндік
көзқарасымен, тұжырымымен көрінеді. Табиғаттың ішкі де,
сыртқы да сыры, қыры, құпиясы, сиқыры мол, сонымен қатар
жалғыз да, жетім екендігі, ал адам өзін осындай табиғаттың
бөлшегі екендігін сезінгенде ғана үндестікке, жауабынан
сұрақтары көп мәңгілікке қол жеткізетіні жөніндегі ойлары
берілген. Тілі тартымды, сезімі нәзік, ойлары қызық.
Пайдаланған әдебиеттер:
1. Э.Фромм. Душа человека. М,, 1992. С.84.
2. Ш.Уәлиханов. Алтын шаһарға сапар. А., «Атамұра».
3. Н.Ораз. Түнгі жалғыздық. А., «Атамұра», 2008. 256-б.
Бижомарт ҚАПАЛБЕК,
Мемлекеттік тілді дамыту институтының директоры,
филология ғылымдарының кандидаты.
ЛИНГВИСТИКАЛЫҚ
МЕКТЕПТЕР ТАРИХЫ
Тіл білімінің зерттелу тарихында тілдің грамматикалық
құрылысын, жалпы тілдің өзін психологиялық аспектіде
қарастыратын бағыт бар екендігі белгілі. Бұл мектептің
тұжырымдамалары мен тілді тану ұстанымдары логикалық
және құрылымдық бағытқа қарсы. Алдыңғы екі бағыттан кейін
қалыптасқандықтан, психологиялық бағыт логикалық және
құрылымдық көзқарастарға оппозиция ретінде дамыды деуге
болады. Зерттеушілері әдіснамалық негізі етіп психологиялық
категорияларды алғанымен, бұл бағыттың артықшылығы
тіл құралдарын қолданым, жұмсалым үстінде қарастыруға
тырысады. Психолингвистика тілді сөйлеушімен бірге тұтас
алып зерттейді, мұнда тіл құралдарының қолданылу мен
жұмсалуына негіз болатын әлеуметтік факторлар да есепке
алынады.
Психологиялық ағымның негізін салушы Хайман Штейнталь/
Штайнталь (1823-1899) болды. Ол В.Фон Гумбольдтың
идеясын әрі қарай дамытты және А.Шлейхердің натурализмін
қатты сынға алды. Оның негізгі еңбектері: «Грамматика,
логика и психология, их принципы и взаимоотношения»
(1855), «Введение в психологию и языкознание» (2-е изд.,
1881), сонымен қатар «Происхождение языка» (4-е изд., 1888),
«Классификация языков как развитие языковой идеи» (1850),
«Характеристика важнейших типов строя языка» (1860),
«Произведения В.Гумбольдта по философии языка» (1848),
«История языкознания у греков и римлян» (2-е изд., 1890-1891).
Және де ғалым М.Лацаруспен бірігіп, этникалық психология
және тіл білімінің «Характеристика важнейших типов строя
языка» (1860) деген журнал шығарды.