24
25
ХІХ ғасырдың соңы ХХ ғасырдың басында мысал айтыстың
үлгісінде жазылып, қазақ арасында кеңінен тараған Шораяқтың
Омарының «Қара шекпен мен қасқырдың» айтысы туындысын,
М.Дулатұлының «Қарақұс һәм адамын», С.Дөнентаевтың «Жан
мен тәнін», М.Көпейұлының «Шабдар атпен, тырнамен, ала
қарғамен айтысы» деп бұл жанрда қалам тартқан ақындар мен
шығармалар шоғырын ұзынсонар тізе беруге болады.
Осылардың ішінде ауыз әдебиетіндегі айтыс үлгісін шебер
пайдаланған С.Торайғыровтың «Айтыс» поэмасы – біз жоғарыда
сөз еткен әдеби айтыстың ең шоқтығы биік, озық үлгісі деуге
болады. Кеңестік кезеңде бұрынан қалыптасқан осындай әдеби
үлгі І.Жансүгіровтың «Бай, Бәйбіше айтысы» шығармасында
және С.Сейфуллиннің «Қызыл ат» поэмасында (ақ аю мен
қара аюдың сөз тартысы) көрініс табуы айтыс жанрының
көркем туындыларға арқау болуы – қазақ әдебиетінде жаппай
қолданысқа түскенін байқататын әдеби құбылыс екендігін
аңғартты.
Одан әріге ой жүгіртсек, ғұлама Абайдың «Жігіт сөзі»
мен «Қыз сөзі» өлеңдері де айтыс түрінде жазылғандығын
М.Әуезов те: «Бұл өлеңдерде ішкі сырларын сәлем хатпен,
делдал арқылы айтысып отырған жастар көрінеді... Бұл
өлеңдегі асықтар – қазақтың анық Абай тұсындағы ауыл
жастары. Солардың ішінде құда мен құдаша, бозбала мен
бикеш сәлемдемесі» [8,144-б] жоққа шығармайды.
Айттым сәлем, Қаламқас,
Саған құрбан мал мен бас.
Сағынғаннан сені ойлап
Келер көзге ыстық жас,-
деп үздіккен жігітке назды қыз өзінің де соны қалай-
тынын сездіреді:
Қиыстырып мақтайсыз,
Ойласаң не таппайсыз?!
Бізде ерік жоқ, өзің біл,
Әлденеге бастайсыз.
Махаббат арлы жолында ибалы бойжеткеннің нақсүйері –
бозбалаға қояр талабы:
Үйір қылма бойыңа,
Шыны, жақсы көрмесең,-
болып табылады. Біз келтіріп отырған екі өлең тіні өз
бойына қазақ өміріндегі жастық лебі мен ғашықтық іңкәрлігін
сыйдырған айтыс элементтерін сіңірген. Оның тінін қыз бен
жігіттің жауаптасуы құрып отыр.
Ауыз әдебиетінің озық үлгісі айтыс жанрын өздерінің
туындыларына
өзек
етуі
Абайдың
шәкірттерінің
шығармашылығына да жат емес. Оған мысал ретінде,
Шәкәрім Құдайбердіұлының «Жайлаубайдың баласымен
айтысы», Тұрағұл Абайұлының «Тұрағұлдың Матай елінің
қызымен жауаптасуы», Әубәкірдің «Қайырбек пен келіннің
айтысы», «Қыз бен өзі», «Бүркітімен айтысы» сияқты
жанрлық жағынан мысал айтысқа жататын өлеңдерімен
қоса, Әріп Тәңірбергенұлының «Тәуке мен Ұрқия», Уәйіс
Шондыбайұлының «Тәуке мен Жікібай» сияқты айтыс негізінде
жазылған көлемді поэмаларының да дүниеге келуі – олардың
айтыс жанрын шығармашылық үдеріс үстінде терең игеріп қана
қоймай, өзінше авторлық ізденістер жасағандығының орынын
айқындайды.
1920-шы жылдары жазған «Қазақ әдебиетінің қазіргі
дәуірі» деген мақаласында М.Әуезов: «Айтыс өлеңдерінің
ерте күндегілері, ауызша әдебиетке кірсе де, бергі замандағы
айтыстың ішінен ұзақ әңгіме тудыратын Наурызбай мен
Біржан – Сара сияқтылары жазба әдебиетке кіреді. Екі кісінің
айтысуынан немесе екі кісінің жайынан туатын әңгімелер
ертерек уақытта ағылшын әдебиетінде Грандисон, Ричардсон,
Достаевскийдің уақыттарында туылған. Орыстардың «Бедные
люди» деген кітабында бар. Мұндай әңгімелерді эпистолярный
роман деп атаған. Біздің айтыстардың көбі – осы эпистолярный
роман түріндегі өлеңдер»[9,79-80б.] деп салыстырмалы түрде
сол кездегі өзі куә болған әдеби-көркемдік ізденістерге берген
пікірінің жаны бар.
26
27
Ағартушылық ағым өкілдері және Абайдың ақын шәкірттері
айтыс жанрын өз шығармаларына арқау ете отырып, өлеңінің
бұрын жөнді игерілмеген жаңа бір қырына түрен салып, ұлттық
әдебиетіміздегі соны бір әдіске жаңартпашылық тұрпатта бара
алды. Осы арқылы біз атап көрсеткен дәуірде шығармашылық
ғұмыр кешкен ақындардың айтқан сөзі мен өмірден қорытқан
ойының әлеуметтік салмағы арта түсті.
Әдеби айтыс жанрына өзіндік қаламгерлік үлесін сол дәуірде
қоспаған ақын өте аз болды. Бұған мысал ретінде Шәкәрімнің
1880 жылдары жазылған «Жайлаудың баласы мен айтысқан
өлеңі» деген туындысын дәлел ретінде келтірсек те жетіп жатыр.
Ақын кішкентай ойын баласымен айтыса отырып, ойын қуған
балалардың күнәсіз тентектігі мен мал деп, дүние деп бір-бірін
қорқауша талаған ересектерді қарсы қоя, антизелей отырып, өз
заманының қалыбынан сыр танытады. Автор айтыс жанрына
жататын бұл өлеңін үш бөлікке бөліп, бірінші кірістірме
шоғырында «өзінің балалардан алдануын» сөз етіп, негізгі
шоғырда баланың ауызына авторлық ұстанымы тұрғысынан
ересектердің көкейіндегі ойын салып, сөз таластыру негізінде
шындықтың шымылдығын түреді. Жауаптасудың салмағы өте
ауыр, онда сол дәуірдің ащы әлеуметтік салмағы жатыр. Бала:
- Бұл заман біз түзелер заман ба еді,
Күнәдан үлкен кісі аман ба еді?!
Сөз сөйлесең, мал демей сөйлемейсің,
Мал сенің атаң ба еді, бабаң ба еді? [10,327-б.]- деп
замана тірлігін танытады.
Айтыстың жазылмаған заңы – жеңілген ақынның өз
ұтылғандығын мойындауы – осындай әдеби мойындау Шәкәрім
жырымен төмендегіше төгіледі:
...Үйтсем де, бар мінімді бетке басып,
Бала қылды бетімді қара қотыр [10,329-б.].
«Жайлаудың баласы мен айтысқан өлеңі» мынандай
түйіндеумен аяқталады:
Бұл өлеңді жақтырмас замандасым,
Заманыма байлаулы менің басым.
Ойласам, өзімнің де қылығым сол,
Өкпелеме бұл сөзге, үш құрдасым.
Одан автордың айтыс элементін, ондағы аты аталған үш
кейіпкерді (Әбдіахмет, Таңсық қожа, Байділданы) неліктен
оқиғалы өлеңіне арқау еткенін ұғынамыз.
Шәкәрім оқиғалы өлең тініне айтыс элементін енгізе
отырып, бала мен ересекті жауаптастыру арқылы елі ішін ен
жайлаған қулық пен зорлықтың бетін ашуға тырысады. Ақ пен
қараны, жақсылық пен жамандықты қатар бірлікте ала отырып,
бір-біріне шендестіре қарсы қоя суреттеу негізінде алашына
ғибадаттық жол көрсетеді.
Шәкәрімнің тағы бір оқиғалы өлеңі «Бай мен қонақ» үй иесі
мен қонақ арасындағы айтыс негізінде өрбиді. Автор ел арасын
жайлаған орынсыз қыдырмашылық пен сұрамшақтықты сын
садағына алу үшін айтыс элементін шығарма тінінде сәтімен
пайдалады. Бай үйіне келген құдайы қонақ қарынын тойғызып
алғаннан кейін, байдан ақша сұрап, одан болмаған соң бір жыл
мінуге аттың майын қолқалап, байды әбден мезі етіп, соңында
сұрамшақтығынан ештеңе шықпаған соң, байға өкпелеп,
кектеніп аттанып кетеді.
Шәкәрім тармақ соңындағы «дейді» қайталама референіне
стильдік салмақ түсіре отырып, сұрамшақ жанның портретін үй
иесі мен қонақты айтыстыра отырып тамаша сомдап шығады.
Өлеңнің финалдық шоғырын:
Байда жазық, немене, малын сойды,
Қымыз ішті, шайменен етке тойды.
Қонағыңыз тым арсыз болды білем,
Бай бермесе – өз малын бермей қойды,-
деп тамаша түйіндейді.
Шәкәрімнің айтыс элементтері араласқан өлеңдері
осылайша автор ұйғарымымен адам бойындағы жағымсыз
мінезді ашуға келгенде тағылымдық ауыр ой арқалап, ғибадатқа
толы сөздермен түйінделіп отыратынын сезінеміз.
Абай айналысындағылар үшін айтыс элементін тиімді
пайдалану өзіндік бір үрдіс еді деуге негіз бар. Ол тек