Кіріспе
Зоогигиена — мал денсаулығын сақтауға бағытталған ғылым. Себебі оның атауы грек сөздерінен алынған: zoon — жануар және hygieinos — сау деген мағынаны білдіреді. Зоогигиена малдарға қоршаған орта жағдайы және тіршілік шарттарының әсерін зерттеп, оларды дұрыс күтіп бағу, азықтандыру, ұстау және пайдалану (эксплуатация) әдістерін жасап шығарады, жағымсыз факторларды жоюға және жағымды факторларды барынша қолдануға ұсыныс жасайды.
Ауыл шаруашылығы жануарларының денсаулығы — бұл ағзаның қоршаған ортамен тепе -теңдіктегі және қандай да болмасын патологиялық өзгеріссіз, яғни ағзаның құрылымы және қызметі бір біріне сай, реттеуші жүйелері ішкі ортаның тұрақтылығын (гомеостаз) сақтау қабілетіне ие болуымен сипатталатын ағзаның табиғи физиологиялық күй-жағдайы деп білеміз, міне сондықтан зоогигиенаны көбінесе практикалық физиология деп атайды.
Сыртқы немесе қоршаған орта — бұл жануарды қоршаған ауа, су, топырақ, азықтар мен ғимараттар. Қоршаған орта ағза үшін пластикалық (құрылыс), энергетикалық және ақпараттық материалын алу көзі болып табылады. Қоршаған орта мен ағзаның бірлігі олардың арасында үздіксіз өтетін зат және энергия алмасу үрдісімен нақтыланады.
Сыртқы орта факторлары ағзаға тікелей және жанама: тыныс алуға, қоректенуге, жылу реттелуіне әсерін тигізеді. Сондықтан сыртқы орта факторлары тірі ағза үшін патогенді болып табылуы мүмкін. Мысалға, ауаның төменгі температурасында және суық су ішкенде суық тиюі мүмкін; ауру туғызатын ағзалармен зарараланған ауа, су және азық жануарларда жұқпалы және инвазиялық ауруларды туғызуға жағдай жасайды; ауа, су және азықтың химиялық құрамының сәйкессіздігі зат алмасу бұзылуына, улануға душар етуі мүмкін.
Зоогигиенаны мал ағзасы мен қоршаған ортаның өзара байланыс заңдылықтарын зерттейтін ғылым ретінде профилактикалық ветеринария деп те санауға болады. Себебі гигиеналық мәліметтердің негізінде жұқпалы, паразитарлық және жұқпайтын аурулардан жалпы сауықтыру профилактикалық және көптеген ветеринариялық күрес шараларын жасап шығарады. Зоогигиенаның талаптарын сақтау адам мен жануарларға ортақ жұқпалы аурулардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Зоогигиена биология, физиология, микробиология, зоотехния, ветеринария, механизация, ауыл шаруашылығы өндірісінің экономикасы сияқты негізгі және қолданбалы ғылымдармен тығыз байланысты.
Қазіргі кезде ірі өндірістік кешен, ұсақ фермалар, жеке шаруа қожалықтары жағдайларында зоогигиеналық, ветеринариялық -санитариялық ережелер мен малдарды азықтандыруға, ұстауға және аурулардың алдын алуға көп көңіл бөлінуде. Бұл малдардың денсаулығын сақтап қана қоймай, олардың өнімділігі мен өсімталдығын арттырады.
Назарларыңызға ұсынылып отырған практикумда ауаға, суға, топыраққа, азыққа қойылатын ветеринариялық-санитариялық талаптар туралы мәліметтер мен олардың құрамындағы өзгерістерді анықтау әдістері келтірілген. Оқу құралында 12 сурет, 48 кесте бар. 050208 — «Зоотехния» мамандығында оқитын студенттерге арналған. Бұл оқу құралын сонымен қатар, практикалық зоотехниктер, малдәрігерлері, жеке шаруа қожалары, жеке мал ұстаушылар, фермерлер де қолдана алады.
1 Зогигиена зертханасында студенттердің еңбек қауіпсіздігі техникасы бойынша нұсқаулық
1.1 Студент зертхана қондырғысына ұқыпты қарауға міндетті.
1.2 Зертханада әрбір студентке тұрақты жұмыс орыны бекітіледі. Оқытушының рұқсатынсыз бір орыннан екінші жұмыс орынына ауысуға, сондай ақ зертхана қондырғысын жылжытуға болмайды.
1.3 Зертханада студенттер халат киюі қажет.
1.4 Студенттерге үстел мен аралықтарды жеке заттарымен үйіп тастауға тиым салынады, жұмыс орынындағы реттілікті сақтау қажет.
1.5 Жұмыс істеп тұрған электр құралдарын, қайнап жатқан сұйықтықтарды, реактив құйылған ашық ыдысты қараусыз қалдырмау қажет, реактив қосылған сұйықтарды канализацияға құюға тиым салынады, күкірт қышқылы ертіндісін даярлағанда күкірті қышқылын суға құю керек, керісінше жасауға болмайды.
1.6 Реактивтерді аудиториядан шығаруға, оқытушының рұқсатынсыз оларды араластырып, тәжірибе жасауға болмайды.
1.7 Өткір иісті реактивтермен жұмысты тек сорғыш шкафта, күйдіргіш реактивтермен жұмысты ыдысқа еңкеймей, қыздырылатын материалмен жұмысты қызуға төзімді заттарды қолданып, қызған сұйық төгіліп қалмау үшін олардың саңылауын өзінен және қатар жұмыс атқарып жатқан басқа студенттерден аулақ ұстап жүргізу қажет.
1.8 Шыны ыдысты, кескіш құралдарды, электр қондырғыларын қолданғанда жарақаттануды болдырмау үшін сақтану қажет.
1.9 Берілген тақырыпқа қатысты емес заттарды алмау, жұмыс істегеннен кейін қолды жуу сияқты жеке бас гигиенасы мен жалпы мәдениет ережелерін сақтау керек.
1.10 Жарақат алынса; күйік шалса; теріге, көзге, ауызға реактивтер тиген жағдайда пайда болған қауіп түріне байланысты алғашқы медициналық көмек беру және басқа да әрекеттер жасау үшін бірден оқытушыға хабарлау қажет.
1.11 Сабақ аяқталғанда жұмыс орынын бастапқы ретке келтіру керек.
2 Жануарларға арналған қоралардағы микроклиматты бақылау әдістері
Мал қораларының микроклиматы деп жануарларға арналған белгілі бір жеке орынның климатын айтады.
Микроклиматтың аса маңызды көрсеткіштері – температура, ылғалдылық, ауа қозғалысы жылдамдығы, атмосфералық қысым, жарық, шу, көмірқышқыл газының, аммиак пен күкіртсутегінің концентрациясы, ауадағы шаң мен микроағзалар мөлшері болып табылады.
Микроклимат жағдайын көзбен және құралдар арқылы жүргізу қажет. Құрал қолданып жүргізілетін әдіс микроклиматты жүйелі зерттеуді үлкен дәлдікпен жүргізуге мүмкіндік береді. Микроклиматтың кейбір көрсеткіштерінің жағдайын бақылауды үнемі және қажетті талаптарды қатаң сақтап жүргізу керек.
Жұмыстың мақсаты:
1) жануарлар ағзасына температураның әсерін зерттеу;
2) мал қораларында ауа температурасын өлшеу құралдарының құрылысымен және жұмыс істеу ретімен танысу;
3) мал қораларындағы ауа температурасын бақылау әдістерін меңгеру.
2.1.1 Ауа температурасын анықтау
Ауа температурасы Цельсий градусымен өлшенеді. 1 Цельсий градусы (оС) судың қайнау (100 оС) және қату (0 оС) нүктелері арасындағы температуралық шкаланың жүзден бір бөлігіне тең. Мәні бойынша Цельсий градусы Кельвин (К) градусына – температураны өлшеудің қазіргі бірлігіне тең. СИ жүйесі бойынша 0 оС – 273,15 К, ал 100 оС – 373,15 К тең.
Фаренгейт бойынша шкала градусын Цельсий градусына айналдыру үшін келесі формулаларды қолданады:
F = 9/5 · C + 32
С = 5/9 · (F - 32)
2.1.2 Мал қораларындағы ауа температурасын анықтауға арналған құралдар
Қоралар мен сырттағы ауа температурасын анықтау үшін сынапты, спирттік және электрлі термометрлерді қолданады.
Сынапты термометрлер кең тараған, олардың дәлдігі өте жоғары және –35 тен 375оС аралығындағы температураны өлшеуге болады. Спирттік термометрлердің дәлдігі төменірек, бірақ сынапты термометрлермен анықтауға мүмкін болмайтын (сынап –37,4оС температурада қатып қалады) –70оС дейінгі төменгі температураларды өлшеуге мүмкіндік береді.
Кез-келген уақыт аралығында барынша жоғары және ең төмен температураны тіркеу үшін арнайы минимальды, максимальды және аралас максимальды-минимальды термометрлер болады.
Максимальды термометрлер (сынапты) бақылау кезеңінде ауаның максимальды температурасын көрсетеді.
Сынапты максимальды термометрлер резервуардың капиллярға өтетін жерінде тарылады. Температура жоғарылауы кезінде сынап кеңейе отырып капиллярмен жылжиды. Ал егер температура төмендесе сынап бағанасы капиллярда қалады, өйткені тарылған жердегі кедергіні жеңе алмайды.
Сынапты резервуарға қайтару үшін термометрді қолданар алдында қатты сілкиді.
Минимальды термометр (спиртті) бақылау кезеңіндегі минимальды температураны көрсетеді. Бұл термометрдің резервуарын ауамен шектесу ауданын үлкейту үшін шаңышқы түрінде істейді. Термометр капилляры саңылауында шыны штифтик – көрсеткіш болады, оны температура өлшеуді бастар алдында спирттің жоғарғы деңгейіне апарып қояды. Спирт, температура жоғарылауы кезінде кеңейіп, орнында қалатын көрсеткіш жанынан еркін өтеді. Температура төмендегенде спирт сығылады да, үстіңгі тартылысқа байланысты, көрсеткішті өзімен ілестіріп әкетеді. Сондықтан көрсеткіштің жоғарғы ұшы әрқашан минимальды температураны бекітеді.
Аралас максимальды минимальды термометр мал қораларындағы температура ауытқуларын өлшеу үшін қолданылады. Термометр екі жағы иілген түтік түрінде болады, оның оң жақ ұшы шар тәрізді кеңейген, ал сол жағы цилиндр тәрізді болады.
Түтіктің ортаңғы (төменгі) бөлігі сынаппен, сол жақ тізесі – спиртпен, ал оң жақ тізесі спиртпен шар тәрізді кеңейген жерінің ортасына дейін ғана толтырылған. Бұл кеңейген жерінің екінші жартысында спирт буы болады. Екі тізесінде де сынапты менискілерінің үстінде болаттан жасалған қылшықты көрсеткіштері болады. Температураны өлшер алдында екі көрсеткішті де магниттің көмегімен сынап бағанасының менискілеріне олардың төменгі ұштары сынапқа тиіп тұратындай етіп жақындатады.
Температура төмендегенде сол жақ тізедегі спирт кеңейеді, сынап бағанасына күш түсіре отырып, оны түтіктің оң жақ тізесінде жылжытады. Бірмезгілде температура көрсеткіші де жоғары жылжиды. Температура төмендегенде және спирт пен сынаптың теріс жылжуы барысында көрсеткіш қылшықтары үйкелуі нәтижесінде орынында қалады да максимальды температураны көрсетеді. Мұнда сол жақ тізедегі сынап бағанасы көтеріліп, көрсеткішті итереді, сонда ол бақылау кезеңіне минимальды температураны көрсетеді.
Тегіс беттердегі (қабырға, еден және т.б.) температураны өлшеу үшін бетпен жанасу ауданын ұлғайтатын резервуарлары тегіс, спираль тәрізді иірілген термометрлерді қолданады. Ыңғайлы болу үшін термометр шкаласы спираль жазығына 90о бұрышта орналасқан. Термометр көрсеткішіне қораның ауа температурасының әсерін болдырмау үшін оның спиралін мауыт немесе тығыннан жасалған дөңгелекпен қорғайды. Бұл термометрді қабырғадағы немесе едендегі өлшеу нүктесіне канифольді балауыздан жасалған жапсырмамен бекітеді.
Электротермометрлер қорадағы ауаның, қоршау конструкцияларының (қабырға, төбе, еден), төсеніш, т.с.с температурасын өлшеу үшін қолданылады. Құралдардың жұмыс істеу принципі микротермисторлардың ауаның аздаған ауытқуларында кедергіні өзгертуіне негізделген. Олар әртүрлі типті болады: 1) ЭТП-М, ТЭМП-60, АМ-2М, ЭВМ-2 электротермометрлері қорадағы ауа температурасын, беттер мен қоршаулар, т.б. температурасын өлшеуге арналған.; 2) ЭА-2М электротермоанемометрі температураны, ауа қозғалысы жылдамдығы мен ауа ағындарының бағытын өлшейді.
Кез-келген уақыт аралығында (тәулік, апта) ауа температурасын тіркеу үшін термографтарды қолданады.
Термограф температуралық көрсеткіштен, биметаллды тақтадан, берілу механизмінен, қауырсынды тілден, сағаттық механизмді барабан мен корпустан тұрады.
Термографтың жұмыс істеу принципі биметалл тақтаның ауа температурасына байланысты қисығын өзгерту қасиетіне негізделген. Биметалл тақтаның бүгілуінің өзгеруі берілу механизмі арқылы арнайы сиямен қайықша тәрізді толтырылған қауырсынды тілшеге беріледі, ол өз кезегінде көтеріліп-түсіп, барабанның айналмалы таспасына температуралық қисықты (термограмманы) сызады. Термограф таспасы көлденеңінен апталарға, күндер мен сағаттарға, ал тігінен - 30о до +40оС аралығындағы температура көрсеткіштеріне бөлінген.
Сурет 1 – М-16А типті термограф.
1 – корпусы; 2 – корреляциялық бұранда; 3 – биметалл тақта (температура көрсеткіші); 4 – қауырсынды тілше; 5 – сағаттық механизмді және диаграммалық таспалы барабан.
2.1.3 Температураны өлшеу ережелері:
1) қорадағы ауа температурасын тәулігіне үш рет (таңертең, кешке және түсте) дәл бір уақытта үш нүктеде (қораның ортасы мен диагональ бойынша екі бұрышында) ұзынша қабырғалардан 3м және шеттерден 0,8-1,0 м қашықтықта өлшейді. Тігінен жануарлардың жату, тұру және малшылардың бойының деңгейінде:
а) сиыр қораларында – еденнен 0,5 - 1,2м және төбеден 0,6м;
б) шошқа және сиыр қораларында – еденнен 0,3 - 0,7м және төбеден 0,6м;
в) құс қораларында: еденде ұстағанда – еденнен 0,2 – 1,5 м және төбеден 0,6; торда ұстағанда – өлшеу нүктелерін батарея арасындағы жолда төменгі, ортаңғы және жоғарғы қабат клеткалары аймағында таңдайды.
2) термометр немесе термографты тікелей күн сәулесі түспейтіндей, жылыту қондырғылары мен құралдарынан жылу, терезе мен желдету каналдарынан суық келмейтіндей етіп орналастыру қажет, термографты жануарлардан оқшау ұстайды.
3) әрбір нүктеде температураны өлшеу ұзақтығы термометрді орнатқаннан бастап, 10-15 мин кем болмауы керек.
1-кесте – Зерттеу нәтижелерін жазу
Қора________________________________
|
Зерттеу аймақтары
|
Температура, оС
|
еденнен 0,5 м биіктікте
|
|
еденнен 1,2 м биіктікте
|
|
төбеден 0,6 м арақашықтықта
|
|
Орташа температура
|
|
Достарыңызбен бөлісу: |