Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2018 жылғы « » №_____
қаулысымен бекітілген
Астана агломерациясын қалыптастырудың
2030 жылға дейінгі ұзақ мерзімді жоспары
1-тарау. Ағымдағы жағдай
Астана агломерациясы, оның құрамына Астана қаласынан басқа Ақкөл қаласы және Ақкөл ауданының 4 ауылдық округі, Аршалы ауданының 13 ауылдық округі, Целиноград ауданының 18 ауылдық округі, Шортанды ауданының 11 ауылдық округі кіретін моноцентрлік агломерацияны білдіреді. Аталған аумақтар, Астана қаласынан көліктік қажетімдімділіктің 1,5 сағаттық изохронасына кіреді (яғни магистральдық жолдардың бойымен 110 км артық емес жолдар немесе өзге де учаскелерде 75 км артық емес).
Астана агломерациясы аймағына енген елді мекендер тізбесі және 2030 жылға дейінгі Астана агломерациясының халық санының болжамы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 8 қарашадағы № 726 қаулысымен бекітілген Астана агломерациясын аумақтық дамытудың өңіраралық схемасында көрсетілген.
Қала маңы аймағының шекаралары және Астана қаласының қала құрылысын ерекше реттеу аймақтары Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2012 жылғы 16 қаңтардағы № 71 қаулысымен белгіленген.
Қазіргі уақытта Астана агломерациясының 70 елді мекені бас жоспарлармен қамтамасыз етілген.
Астана агломерациясының халық саны 2018 жылғы 1 қаңтардағы жағдай 1 237 мың адамды құрайды, оның ішінде 1 029 мың адам Астана қаласында тұрады. Бұл ретте Астана қаласындағы халық санының жыл сайынғы өсу қарқыны өзек қаланың агломерациялық ықпал ету аймағындағы ұқсас өсу қарқынынан айтарлықтай асты.
Астана қаласы Батыс Сібірдің және Оралдың миллионер қалаларымен салыстырғанда 0-15 жас аралығындағы халықтың үлесі бойынша ұзақ мерзімді перспективада біршама басымдықтарға ие немесе Қазақстанның астанасында 27,8%, Жаңа Сібір, Челябинск, Омбы қалаларында – 17,4 – 18,3 %.
Астана қаласының Батыс Сібір мен Орталық Азиядан талантты кәсіпқойлар үшін өзіне магнит қала мәртебесін иелену әлеуеті бар (2016 жылы Биллетер индексі 19,4%).
Астана агломерациясы бойынша көші-қон сальдосы соңғы 10 жылда 3 еседен астам өсіп, негізінен Астана қаласына келетіндер санының өсуі есебінен оң серпіні бар. Осылайша 2017 жылдың қорытындысы бойынша астанаға оң көші-қон сальдосы 35,5 мың адамды құрады. Агломерация құрамына кіретін Ақмола облысының ауылдық аудандарының арасында осы кезеңде оң көші-қон серпіні тек қана Целиноград ауданында бар.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 30 желтоқсандағы № 1434 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы аумағын ұйымдастырудың бас схемасында елде 2020 жылы 18 847,2 мың адам тұратын болады деп болжануда, оның ішінде Астана агломерациясында – 1 328 мың адам, 2030 жылы – 20 888,2 мың адам, оның ішінде Астана агломерациясында – 1 584 мың адам. Осылайша, еліміздің халық санында Астана агломерациясының үлесі 2020 жылы 7,1 % және 2030 жылы 7,7 % құрайды. Алайда астанадағы халықтың мүмкін болатын саны 2030 жылға қарай 2 млн. адам болады деген оптимистік болжамдар бар.
Қазіргі уақытта еліміздің қала халқының 9,8 % Астана қаласында тұрады. Астана агломерациясы халқының өсу үрдісі болашақта да сақталатын болады. Күтіліп отырғандай, негізгі көші-қон ағыны бұрынғысынша Астана қаласына тиесілі және астанадан 30 км радиустағы Целиноград ауданының ауылдарына тиесілі.
Астана агломерациясының жалпы аумағы 2016 жылы 2 177 мың га құрады, оның ішінде елді мекендер – 284 мың га, ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлер – 1 556,7 мың га, өзгелер – 336,3 мың га.
Астана қаласының жалпы өңірлік өнімінің (бұдан әрі – ЖӨӨ) көлемі 2016 жылы 5 139,2 млрд. теңгені құрады (соңғы 10 жылдағы өсу 5,4 есе). Халықтың жан басына шаққандағы ЖӨӨ көрсеткіші 1 193,6 мың теңге және республика бойынша орташа көрсеткіштен 2,1 есеге асып түседі (581,2 мың теңге).
Астана ЖӨӨ-сіне негізгі салымды көрсетілетін қызметтер және сауда саласы (85 %), сондай-ақ құрылыс (10,8 %) саласы қосады, өндіру секторы жоқ, ал өңдеу өнеркәсібі 3,82% қосады, ең аз салымды ауыл шаруашылығы қосады – 0,1 %. Астана қаласында көрсетілетін қызметтер және сауда саласындағы негізгі үлесті көлік-логистикалық қызметтер және құрылыс жұмыстары, мемлекеттік басқару және қаржы секторы алып жатыр.
Астана қаласында 2001 жылдан бастап 327 жобаға жалпы салынған инвестициялар көлемі 2 трлн. теңге болатын «Астана – жаңа қала» АЭА жұмыс істейді. «Астана-Жаңа Қала» АЭА-ның ең ірі қатысушылары: «Назарбаев Университеті» ДББҰ, «Локомотив Құрыстыру Зауыты» АҚ және басқалары болып табылады.
Сондай ақ ауданы 598,1 га, 150,7 млрд. теңге жалпы инвестициялар сомасына арналған жоба саны 155 болатын № 1 Индустриялық паркі бар. Индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасы бойынша шамамен 3 мың жұмыс орны құрылып, 232,6 млрд. теңге сомасына 24 жоба пайдалануға берілген.
Индустриялық парк аумағында жаңа кәсіпорындарды пайдалануға енгізу, сондай-ақ ИИДМБ Индустрияландыру картасының шеңберінде өңдеу секторында әртараптандыру деңгейінің ұлғаюына ықпал етті. Астанадағы өңдеу секторы өнімінің 45,8 %-ден астамын түрлі-түсті металлургия саласы қамтамасыз етеді 19,7 % машина жасау құрайды, жиһаз, резеңке және пластмасса бұйымдары өндірісіне, жеңіл өнеркәсіпке 5,9 % тиесілі.
Астана қаласының инновациялық белсенді кәсіпорындарының саны 2017 жылы 543 бірлікті құрады, 120,6 млрд.теңгеге инновациялық өнім шығарылды.
Астана қаласы бойынша 2017 жылы өнеркәсіп өнімдерін (тауарларды, қызметтерді) өндіру көлемі 549,4 млрд. теңгені немесе өткен жылмен салыстырғанда 107,8 % құрады.
Агломерацияның орталық қаласында және шеткері аймағында жалпы және жан басына шаққандағы бөлшек сауда тауар айналымының көрсеткіштері біршама ерекшеленеді, бұл ретте оның негізгі көлемі астанаға тиесілі (98,4%).
Сонымен бірге, соңғы жылдары Астана қаласында тікелей шетелдік инвестициялардың ЖӨӨ-нің 1,4 %-ына дейін және негізгі капиталға инвестициялардың төмендегені байқалады (бұрынғы жылдардағы ЖӨӨ-нің шамамен 30%-ның жуығының орнына 17,5 %). Сондай ақ сыртқы сауданың алғашқы теріс сальдосы байқалады (сауда айналымының - 9,4 %-ы). Көрсетілетін қызметтер саласының дамуы халық санының өсуінен артта қалуда.
Жалпы алғанда агломерацияның еңбек нарығы экономикалық белсенді халық санының өсуімен сипатталады. Экономикалық белсенділік деңгейі 2016 жылы 72,6%, оның ішінде Астана қаласы бойынша – 76,7 % құрады.
Агломерацияның жұмыссыздық деңгейі 5,2 %-ға тең (Астана қаласы – 4,6 %, Ақкөл ауданында – 5,0 %, Аршалы ауданында – 2,1, Целиноград ауданында – 5 %, Шортанды ауданында – 4,9 %).
Ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен кірісі бар халық саны жалпы агломерация бойынша сандық (2006 жылғы 36 мың адамнан 2016 жылы 6 мың адамға) сол сияқты салыстырмалы мәнде төмендеді (2006 жылы 20,6 %-дан, 2016 жылы 3,5 % - ға дейін). Бұл ретте Астана қаласы бойынша экономикада өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдардың саны 30,9 %-ды құрады.
Ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен кірісі бар халықтың үлесі Астана қаласы бойынша 2016 жылдың IV тоқсанында 0,9 % құрады.
Соңғы 10 жылда номиналды жалақы Астана қаласында 3,4 есеге өсті, Ақкөл ауданында – 3,9 есе, Шортанды ауданында – 5,3 есе, Целиноград ауданында – 5,4 есе, Аршалы ауданында – 4,4 есеге өсті. Агломерацияның шеткері аймағының аудандарында номиналды жалақы Ақмола облысы бойынша орташадан төмен (83,9 мың теңге).
2017 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша астана тұрғындарының тұрғын үймен орташа қамтамасыз етілуі 1 адамға шаққанда 21 шаршы метрді құрады. Бұл ретте коммуналдық тұрғын үй секторы астанадағы бүкіл тұрғын үй қорының небәрі 3%-ын құрайды, өзге 97 %-ы негізінен жекеменшік көп пәтерлі құрылыс болып табылады.
Көші-қон ағынына және халықтың өсуіне байланысты Астана қаласында мектепке дейінгі және жалпы білім беру мекемелерінде орындардың тапшылығы байқалады.
Қалада медициналық кластер құрылған, оның шеңберінде медициналық қызметтердің 6 заманауи орталығы жұмыс істейді – Ұлттық ана мен бала ғылыми орталығы, Республикалық балаларды оңалту орталығы, Республикалық диагностикалық орталығы, Республикалық нейрохирургия ғылыми орталығы, Республикалық жедел медициналық жәрдем ғылыми орталығы және Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталық.
Астана қаласы мәдениет және спорт мекемелерімен жеткілікті қамтамасыз етілген. Қалада 23 кітапхана, 6 театр және мәдениет үйі, 7 мұражай, 5 концерт залы, 7 кинотеатр жұмыс істейді. Астанада көптеген халықаралық іс-шаралар өткізіледі және белсенді мәдени және ғылыми алмасу жүріп жатыр.
Астана қаласы Қазақстанның атмосфераның ластану деңгейі ең жоғары 5 қала топына кіреді. Бұл автокөлік санының өсуіне, ЖЭО-нің көмірмен жұмыс істеуіне байланысты. Астана агломерациясы қысқы уақытта температурасы - 51С-ке дейін жететін күрт континенталды климатқа ие. Қала аумағында ауыз су қорлары шектелген, өңірді газдандыру жоқ және тыныс-тіршілік және өндіріс үшін энергия шығындылығы жоғары болып табылады.
Агломерацияның сыртқы шекараларына жақын орналасқан Қорғалжын қорығы, «Бурабай» мемлекеттік ұлттық саябағы, Ерейментау және Атбасар қаумалдары.
2-тарау. Пайым
Астана агломерациясы өмір сүру сапасы және қоршаған ортасы жоғары еларалық және өңіраралық байланыстар жүйесіне интеграцияланған бәсекеге қабілетті экономикасы бар көпфункционалды өңір ретінде дамитын болады.
3-тарау. Мақсаттары мен стратегиялық міндеттері
Ұзақ мерзімді жоспардың негізгі мақсаты Астана агломерациясын Қазақстанның және басқа да мемлекеттердің халқы үшін, ең алдымен жаңа білім, идеялар (талант) иелері және оларды іске асыруға қабілеттілер үшін тартымды болатын, еуразиялық құрлықтың экономикалық орталығы ретінде қалыптастыру болып табылады.
Қойылған мақсатқа қол жеткізу үшін мынадай стратегиялық бағыттар бойынша міндеттерді шешу көзделеді:
1) адами капиталды және өмір сүру сапасын дамыту;
2) бәсекеге қабілетті экономиканы дамыту;
3) экологиялық тұрақтылық және ресурстар;
4) агломерацияны дамытуды басқару.
1-стратегиялық бағыт. Адами капиталды және өмір сүру сапасын дамыту
Жоғары адами капитал агломерациялардың экономикалық дамуын және бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етеді. Адами капиталды дамытудың негізгі факторлары сапа және білім берудің, денсаулық сақтаудың, тұрғын үйдің қол жетімділігі, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және басқалары болып табылады.
1-міндет. Білім беруді және денсаулық сақтауды дамыту
Астана агломерациясы халықаралық деңгейдегі ғылыми-білім беру, жоғары мамандандырылған медициналық, мәдени қызметтер орталығы ретінде позицияланады.
Ғылыми-білім беру кластерін дамыту шеңберінде астананың жоғары оқу орындарын (Назарбаев Университеті, Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университеті, С.Сейфуллин атындағы Қазақ Агротехникалық Университеті және тағы басқалары) халықаралық деңгейге ілгерілету бойынша шаралар кешені қабылданады. Әрбір университет бойынша оларды мамандандыру және белгілі бір мамандану бойынша әлемнің жетекші университеттерімен әріптестік орнату жөніндегі шаралар қабылданады. Қалаға әлемге әйгілі мамандандырылған университеттердің филиалдарын тарту жөніндегі шаралар кешені қабылданады. Сондай-ақ қазіргі университеттерді Назарбаев Университетінің моделі бойынша зерттеу университеттеріне көшіру бойынша шаралар қабылданады. Бұл ретте магистранттар мен докторанттарды дайындауға ерекше көңіл бөлінетін болады. Астанада адами капиталды одан әрі дамыту үшін AstanaBusinessCampus инновациялық кластері іргетас болады, ол өзіне Назарбаев Университетінің Технопаркін, Коммерцияландыру кеңсесін, Бизнес-инкубаторын, Тәжірибе-эксперименттік цехын және Зерттеулерді қолдау кеңсесін қамтиды. Осы конгломераттың базасында Орталық-Азия өңірлік ғылыми-білім беру хабы құрылады. Жалпы, жоғары оқу орындарындағы студенттердің үлесін астананың жалпы халық санының кемінде 10%-ына дейін ұлғайту шаралары қабылданады.
Бұдан басқа, астанада және оған іргелес ірі елді мекендерде, бірінші кезекте, ауылдық жердің, моно- және шағын қалалардың жастары үшін техникалық және кәсіптік білімді дамыту жөніндегі шаралар кешені қабылданатын болады.
Орта білім беру саласында PISA жүйесі бойынша құзыреттерді экономикалық жоғары дамыған елдердің параметрлеріне дейін жеткізу мақсатында оқу бағдарламаларын көшіру жөніндегі шаралар кешені қабылданады.
Медициналық кластер шеңберінде Астана қаласында заманауи медициналық ғылымның жетістіктерін, ауруханалық менеджменттің халықаралық қағидаттары трансфертін (импортын), озық медициналық технологиялар мен стандарттарды енгізу қамтамасыз етіледі. Қазақстан азаматтарына және сол сияқты шетелдік азаматтарға жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсетуге тартымды жағдай жасай отырып, астаналық – AstanaMedicalPark клиникалар базасында медициналық туризм жобасы іске асырылады. Сондай-ақ, паллиативтік көмек көрсетуге арналған мекемелерді (хоспис) құру жоспарланып отыр. Коронарлық стенттерді, биоыдырайтын хирургиялық тігін материалдарын (жіптер), қан құю жүйелерін басқа да инновациялық жобаларды шығару бойынша шаралар қабылданады.
Тұтастай алғанда, агломерацияға әлеуметтік қызмет көрсетудің аумақтық-сараланған жүйесі бас орталық, агломерацияның кіші орталықтары және жергілікті маңызы бар жергілікті орталықтар құрамында қалыптасады. Әрбір елді мекенде күнделікті қызмет көрсетудің әлеуметтік обьектілері орналасатын болады (мектеп, балабақша, медициналық пункттер мен амбулаториялар, дене шынықтыру-емдік мақсаттағы бастапқы объектілер, клубтар). Агломерацияның кіші орталықтарында – аудан орталықтарында және ірі ауылдық елді мекендерде қызметтерін барлық ауданның тұрғындары мезгіл мезгіл қолданатын қызмет көрсетудің барынша деңгейіндегі мекемелер (ауруханалар, жедел медициналық жәрдем станциялары, мәдениет үйлері, техникалық және кәсіби білім беру ұйымы, ортақ пайдалантылатын спорт залдары және т.б.) орналастырылады. Қызмет көрсету объектілерінің барынша толық кешені бар бас орталықтың функцияларын агломерация орталығы ретінде Астана қаласы атқарады.
Қала құрылысы кадастрының құрамына тарихи-мәдени мұра объектілерінің тізілімі енгізілетін болады. Мәдени-ойын-сауық және спорттық-демалыс объектілерінің желісін кеңейту жоспарланған.
2-міндет. Тұрғын үй құрылысын дамыту
Тұрғын үй құрылысы барлық мемлекеттік қолдау шараларымен– жер учаскелерін бөлу, инженерлік инфрақұрылымды жүргізу, құрылысты индустрияландыру, авариялық тұрғын үйді бұзу және басқаларымен қамтамасыз етіледі. Қараусыз қалған өндірістік аймақтардың аумағында жеке инвесторларды тарта отырып, ескі және аз қабатты тұрғын үй қорының орнына заманауи тұрғын үй құрылысы ұйымдастырылады (Мәскеу тәжірибесі бойынша).
Астана қаласының шет аймақтарында өмір сүру сапасын қала орталығының жағдайларына келтіру бойынша шаралар кешені қабылданады (тұрғын үй сапасы, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымның жай-күйі және басқасы). Сондай ақ қала халқының тығыздығын бір шаршы метрге шаққанда 1000 адамнан аз болмайтын деңгейге жеткізе отырып, өзек қаланың - және басқа да елді мекендердің ауылшаруашылығы және рекреациялық мақсаттағы жерлердің есебінен кеңеюіне жол бермеу жөніндегі шаралар қабылданады.
Жалпы агломерация аумағындағы тұрғын үй құрылысы астанаға және оған іргелес, перспективалық елді мекендерге талантты жастардың жаппай келуі үшін тартымды жағдай (пәтерлердің сапасы мен саны) жасауға бағытталатын болады.
3-міндет. Халық үшін көлік инфрақұрылымын дамыту
Астанада жеке автокөлік санының өсуіне тиетін теріс әсерді азайту үшін интеграцияланған көлік жүйесін құру бойынша ауқымды жұмыс жүргізіледі (қоғамдық көліктің жылжымалы құрамын жаңарту, электрондық төлемақы жүйесін енгізу; қоғамдық көліктің белгіленген жолақтарын енгізу, мектеп тасымалдарын (SchoolBus) енгізу және басқалары). Астана қаласын қоса, агломерацияның ірі елді мекендерінің ішінде қоғамдық көлікті дамытуға (LRT, BRT жүйелері және басқалары), жаяу жүргінші және велосипед қозғалысын қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінетін болады.
4-міндет. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 2030 жылға қарай агломерация аумағында табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мен жоюдың толыққанды инфрақұрылымын қалыптастыру үшін, маусымдық су тасқыны мен су басуға, өртке, төтенше жағдайлардың медициналық-санитариялық салдарына қарсы іс-қимыл инфрақұрылымының объектілерін реконструкциялау және салу бойынша жобалар іске асырылатын болады.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар жөніндегі комитеті Орталық өңірлік Аэроұтқыр жедел-құтқару жасағына арналған және басқа да су үнемдеу станцияларының ғимараттар мен құрылыстарды, жедел-құтқару станциясын салуды және өзгелер көздейді.
Жалпы агломерацияның негізгі капиталын – адами капиталды дамыту бойынша шаралар кешені қабылданады.
2-стратегиялық бағыт. Бәсекеге қабілетті экономиканы дамыту
1-міндет. Экономикалық мамандандыру
Астананың және жалпы Қазақстанның экономикалық әлеуетін дамыту қазіргі уақытта және одан әрі өндіріс үшін технологиялық тұғырнаманы түбегейлі өзгерту аясында болады. Бұл ақпараттық технологиялардың енгізілуіне, экономикадағы цифрлық технологиялардың өсуіне, балама энергия көздерінің ауқымды енгізілуіне және басқаларға байланысты.
Жалпы алғанда, Астана агломерациясының экономикасын дамытуды оның ЕАЭО-ң жақын өңірлерінің арасындағы бәсекеге қабілеттілігі (Батыс Сібірдің ірі миллионер-қалалары) және көршілес елдердің ең ірі нарықтарымен тауар айналымының көлемдері (Мәскеу макроөңірі және басқалары) тұрғысынан қарастыру қажет.
Астана агломерациясы экономикасының бәсекеге қабілеттілігі, оның күрделілігі (экономикалық күрделілік индексі, ЕСІ) сауда жүргізу кластерлерінің болуына және дамуына, сырттан тартылған талантты мамандардың санына, инновацияларға, инфрақұрылым сапасына, мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге және көрсетілетін бизнес қызметтерге байланысты болады.
Астана агломерациясының экономикалық мамандануы – қаржылық, әлемдік деңгейдегі жоғары мамандандырылған медициналық, білім беру қызметтерін ұсыну, сондай-ақ жоғары технологиялық өндірістерді дамыту болып табылады.
Агломерацияда шағын және орта бизнесті дамыту үшін жағдай жасалады. 2030 жылға қарай № 2 Индустриялық паркі (433,1 га) жұмыс істейтін болады, онда жоғары және «жасыл» технологиялар бұйымдарының (күн панельдері, желэнергиягенераторлары, медициналық аппаратура және т. б.), ғарыштық аспап жасау (ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешені) және экономиканың басқа да жоғары технологиялық секторлары өнімінің өндірісін ұйымдастыру жоспарлануда.
Индустриялық-инновациялық дамуға байланысты жұмыспен қамтудың жаңа көздері ынталандырылатын болады. Агломерацияның аумағында үш индустриялық аймақ құрылады: Аршалы ауданында - Аршалы кентінде (энергетикалық және құйылма машина жасау), Целиноград ауданында – Максимовка ауылдық округінде (химия өнімі, техногендік қалдықтарды және ҚТҚ өңдеу), Шортанды ауданында – Төңкеріс станциясында (тамақ өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы және көліктік машина жасау, құрылыс материалдарын шығару).
Астана қаласының қала маңы аймағында, әсіресе Ақмола облысы Целиноград ауданының аумағында перспективті ауылдық елді мекендердің экономикалық мамандануын айқындау бойынша жұмыс жүргізілетін болады. Ауылдар арасындағы аумақты дамыту кезінде үш өзара байланысқан еңбектің күш жұмсайтын бағыттарына – тамақ өнеркәсібі, оны жайластыру құрылыс индустриясының және көлік-логистика жүйесінің дамуы арқылы анықталады. Бұл аудан орталықтарында ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бойынша агроөнеркәсіптік кешендерді, ал ауылдық округ орталықтары мен тірек ауылдарда сервистік-дайындау орталықтарымен кешенді түрде бастапқы өңдеу кәсіпорындарын орналастыра отырып, Астана қаласының жанынан азық-түлік белдеуін құруды қамтамасыз етеді.
Астана агломерациясы Ақмола облысының іргелес аумақтарымен бірге (Бурабай, Зеренді, Қорғалжын, Сандықтау, Ерейментау, Бұланды және басқалар) халықаралық деңгейдегі туристік-рекреациялық қызметтердің орталығы ретінде позицияланады. Оларға қызмет көрсету міндетті түрде инфрақұрылымдарды (кірме жолдар, су құбырлары және т. б.) құрумен экологиялық ауылдар құру үшін бос жерлерді пайдалануға ерекше назар аударылатын болады.
Салықтық, валюталық және визалық ерекше режимі бар, сондай-ақ орталық органдары мен қатысушыларының шетелдік жұмыс күшін тартудың ерекше режимі бар «Астана» халықаралық қаржы орталығының толыққанды жұмыс істеуі үшін шаралар қабылданады. Ерекше толыққанды жұмыс істеуі бойынша шаралар қабылданады. АХҚО сондай ақ елімізде сақтандыру, банк қызметтері және исламдық қаржыландыру нарықтарын дамытады.
«Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының аумағында болашақ ұрпақтың бірегей мәдени ескерткіштерін сақтауға, сондай-ақ Астана қаласының туристік мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтуге мүмкіндік беретін келу-орталығы құрылады. Ғылыми-зерттеу, консервациялық, археологиялық, ағарту және білім беру бағдарламаларын жүргізу үшін жағдайлар жасалады.
2-міндет. Көлік-логистикалық кешенді дамыту
Астана агломерациясы географиялық тұрғыдан тиімді орналаса отырып, барлық Қазақстанның көлік жүйелерін одан әрі дамытуға ықпал ететін ірі хабқа айналуы тиіс. Мұндай ірі инфрақұрылымдық жобаларды: «Астана – Алматы», «Астана – Өскемен» автожолдарының құрылысын, жаңа әуежай мен теміржол вокзалының құрылысын іске асыру республиканың көліктік қаңқасын астанадан бастап шалғайға одан әрі дамытуға бағытталған.
2030 жылға қарай Астана қаласынан 30 км радиуста көлік-коммуникациялық дәлізін – «кіші шеңберді» құру жоспарлануда, сондай-ақ агломерацияның сыртқы шекарасына жақын орналасқан ірі елді мекендер(шағын қалалар) арасында сенімді көлік қатынасын қамтамасыз ету. Щучье-Бурабай курорттық аймағынан бастап Қарағанды функционалды қалалық ауданына дейін аумақтардың жоғары жылдамдықты байланыстылығы қамтамасыз етілетін болады (Астана арқылы, сол сияқты айналып өтіп).
Астана қаласының айналасында техникалық жүктерді және азық-түлік қорларын сақтау үшін көліктік-логистикалық орталықтарды салу жоспарланған.
3-міндет. Инженерлік инфрақұрылымды дамыту
Агломерация аумағында инженерлік инфрақұрылымды дамыту бөлігінде заманауи жаңа технологияларды қолдана отырып, дәстүрлі энергетиканың инфрақұрылымын жаңғырту, энергияны үнемдеу және энергияның тиімділігін арттыруда смарт-технологияларды қолдану, сондай-ақ баламалы энергетиканы дамыту басымдыққа ие болады.
2030 жылға қарай Астана агломерациясының елді мекендерін табиғи газбен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданады.
Агломерацияның елді мекендерін сумен жабдықтау топтық су құбырларына қосылған су құбырлары жүйесінің құрылысы арқылы, сондай-ақ жер асты суларының жаңа учаскелерін барлау есебінен жергілікті сумен жабдықтау көздерінің көмегі арқылы шешіледі. Агломерация аумағында кәріздік тазарту құрылыстарын салу жаңа жүйелерді және тиімді технологияларды (биоблоктар, MBR`(Membranebioreactor), SBR (Sequencing Batch Reactor), USBF (Up flow Sluge Blanket Filtration) және басқалары) қолдана отырып, жүзеге асырылатын болады.
3-стратегиялық бағыт. Экологиялық тұрақтылық және ресурстар
Халықтың өмір сүру сапасын жақсарту үшін Агломерацияның барлық аумағында қызмет көрсетуге есептелген заманауи қоқыс өңдеу зауыты салынады. Жергілікті атқарушы органдар пайда болу көздерінде қалдықтарды бөлек жинауды жаппай енгізе отырып, «жасыл» экономиканы дамыту қағидаттары мен тұжырымдамасын насихаттауды жүргізеді.
Ресурс үнемдеу технологияларын енгізу (энергетикадағы ЖЭК үлесін арттыру, энергия тиімді құрылыс) және жергілікті климатты жақсартуға бағдарланған, астананың ФГА төңірегіндегі рекреациялық аймақтар мен орман алқаптарын дамыту бағдарламаларын дамыту бойынша шаралар қабылданады.
2030 жылға қарай агломерация аумағында экологиялық сауықтыру бойынша шаралар кешенінмен Астана агломерациясының табиғи-экологиялық қаңқасы құрылатын болады. Агломерацияның табиғи-экологиялық қаңқасының құрамына экологиялық белгісі бар және олардың өзгерістерінің болжамы бойынша қала құрылысын реттеудің ерекше мәртебесі бар барлық негізгі аумақтар енгізілетін болады. Үш жобаны іске асыруға ерекше назар аударылатын болады: 1) Астана–Бурабай «жасыл дәлізін» құру (шамамен 137,0 мың га), 2) Астана қаласының «жасыл белдеуін» құру - (шамамен 100,0 мың га), 3)–«Ақкөл» Ұлттық табиғи паркі (жалпы ауданы 167,8 мың га) және «Сандықтау» Ұлттық табиғи паркі (жалпы алаңы-84,0 мың га) – екі жаңа ерекше қорғалатын табиғи аумақтар ұйымдастыру.
4-стратегиялық міндет. Агломерацияны дамытуды басқару
Агломерацияны аумақтық-кеңістіктік дамытуды жоспарлау өндірістік қуаттарды, рекреациялық және өзге де жоспарлау аймақтарын, көліктік-логистикалық және өзге де коммуникациялық инфрақұрылымның тірек қаңқасын сауатты орналастыру Астана агломерациясын аумақтық дамытудың өңіраралық схемасы негізінде 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған жобалық шешімдермен жүргізілетін болады.
Астана қаласының маңындағы аймағында әр ірі және экономикалық жағынан перспективалық ауылдық елді мекеннің, бірінші кезекте Акмола облысының Целиноград ауданының егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларының болуына ерекше назар аударылатын болады.
Өңіраралық схеманы және Ұзақ мерзімді жоспарды бақылау, қала және облыс әкімдіктер маңында консультативтік-кеңес орган ретінде Астаналық агломерацияны басқару жөніндегі арнайы Кеңес құрылатын болады.
Кеңес құрамына облыс және қала әкімдерінен басқа, әкімдердің орынбасарлары, барлық орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің басшылары, мәслихат хатшылығының және өзге де мүдделі ұйымдардың өкілдері кіреді. Бұдан басқа, Кеңес құрамына тұрақты немесе уақытша негізде әкімдіктердің басқарма басшылары, аудандардың және шағын қалалардың әкімдері кіреді.
Бұл ретте Кеңес отырыстары жүйелі сипатта болады (мысалы, айына кемінде 1 рет).
Кеңестің негізгі міндеті (өкілеттіктері) Ұзақ мерзімді Жоспарды, Өңіраралық схеманы, агломерацияның ағымдағы мәселелерін шешуді тиімді іске асыру болады.
Агломерацияларды дамытудың мәселелері (қала құрылысы, жер, көлік-логистикалық т. б.) бойынша қала және облыс әкімдері шешім қабылдау алдында Кеңеспен келісілуі тиіс.
Кеңестің тиімді қызметі үшін жұмыс органы – Хатшылық құралады (құрамында 10-15 адам), оның негізгі міндеті –қоғаммен жұмыс істеу, Кеңес отырысына материалдар мен құжаттарды дайындау.
Кеңес шешімдері консенсуспен қабылданады. Консенсуске қол жеткізілмеген жағдайда мәселе өңірлік даму саласындағы уәкілетті орган бекіткен комиссияның ережесін басшылыққа алумен Астана мен Алматы агломерацияларын дамыту мәселелері жөніндегі комиссия қарауына шығарылады.
Кеңеспен бір мезгілде Астана агломерациясының Іскерлік Кеңесі құрылады, оның құрамына өңірлік кәсіпкерлер палатасының, «Даму» қорының, кәсіпкерлердің салалық одақтардың және т. б. басшылары кіреді.
Астана агломерациясының Іскерлік Кеңесін құру мақсаты - Астана қаласы мен Ақмола облысының бизнес құрылымдарын Астана қаласын дамытудың ең өзекті мәселелерін талқылау және шешу үшін тарту.
Осы Ұзақ мерзімді жоспарды іске асыру нәтижесінде талантты мамандарды, тікелей инвестицияларды тартуға және индустриялық-инновациялық дамуға жағдай жасалатын болады, көліктік-коммуникациялық, сауда-логистикалық, инженерлік-коммуналдық және әлеуметтік инфрақұрылымның бірыңғай кешені, агломерацияның (қала құрылысы, көлік және экологиялық-табиғи) қаңқасы құрылады, қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйелері және тұтастай Астана агломерациясын дамытуды басқару қалыптасады.
Достарыңызбен бөлісу: |