Ќан жїйесі физиологиясы



жүктеу 6,9 Mb.
бет2/14
Дата14.11.2018
өлшемі6,9 Mb.
#19686
түріОқулық
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14

Жүрек жұмысының реттелуі. Құс жүрегінің жұмысы сүтқоректілер жүрегінің жұмысы сияқты гуморальды жолмен және жүйке жүйесі арқылы реттеледі.

Жүрек жұмысын орталық жүйке жүйесі симпатикалық және парасимпатикалық жүйкелер арқылы рефлекторлы реттейді. Аталған жүйкелер рефлекс доғасының афференттік бөлімін құрайды және олар екі нейроннан құралады. Парасимпатикалық жүйкенің бірінші нейроны сопақша мида орын тебеді де, оның өсінділері жүректің интрамуральды ганглияларында аяқталады. Осында орналасқан екінші нейрон өсінділері импульсті синоартриальдық, атриовентрикулярлық түйіндерге және жүрекшелер миокардына бағыттайды. Қарыншаға парасимпатикалық жүйке талшықтары жетпейді.

Симпатикалық жүйке жұлынның көкірек бөлігінің бүйір мүйіздерінде орналасқан жүйке орталықтарынан бастау алады. Осы нейрондар талшықтары импульсті симпатикалық бағанның соңғы мойындық және бірінші көкіректік түйіндеріне бағыттайды.
Көбінесе жұлдызша түйінге бірігетін осы түйіндер нейрондарының өсінділері (постганглийлік талшықтар) импульстерді жүрекке жеткізеді.

Симпатикалық және парасимпатикалық жүйке талшықтары жүрекке әр түрлі әсер етеді. Парасимпатикалық жүйкені тітіркендіргенде жүректің жиырылу күші азаяды (теріс инотропты әсер), жүрек жұмысының ырғағы сирейді (теріс хронотропты әсер), жүрек етінің қозғыштығы төмендейді (теріс батмотропты әсер), жүрек етінің өткізгіштігі баяулайды (теріс дромотропты әсер), жүрек етінің тонусы төмендейді (теріс тонотропты әсер). Парасиппатикалық (кезеген) жүйке тітркенгенде жүрекше еттерінің рефрактерлік кезеңі қысқарады. Бұл жүйкені күшті тітіркендіргенде жүрек жұмысы тоқтап қалады.

Симпатикалық жүйкені тітіркендіргенде жүрек етінің жиырылу күші артады (оң инторопты әсер), жұмыс ырғағы жиілейді (оң хронотропты әсер), қозғыштығы жоғарылайды (оң батмотропты әсер), өткізгіштігі шапшаңдайды (оң дромотропты әсер), тонусы жоғарылайды (оң тонотропты әсер).

Жүрек жұмысын рефлекторлы реттеуде қан тамырларының белгілі бір аймақтарында орналасқан сезімтал жүйке ұштары маңызды рөл атқарады. Қан тамырларының рецепторлар шоғырланған учаскелерін рефлексогенді аймақтар дейді. Бұл рецепторлар не қан қысымының өзгерістерін сезінеді (прессорецепторлар), не қан құрамындағы химиялық заттардың өзгерістерін сезінеді (хеморецепторлар).

Қазіргі кезде үш түрлі рефлексогендік аймақтың маңызы жақсы зерттелген, олар: күре тамырдың ішкі және сыртқы тармақтарға ажыраған жерінде орналасқан сино-каротид аймағы, қолқа доғасының аймағы және қуыс веналар оң жүрекшеге жалғасқан жерде орналасқан Бейн-бридж аймағы. Сонымен қатар өкпе артерияларында, ішкі ағзалар және сүйек кемігі тамырларында да сезімтал аймақтардың болатыны дәлелденген. Аталған аймақтардың рецепторлары организмдегі қан қысымын, жүрек жұмысын рефлекс арқылы реттеуде маңызды рөл атқарады.

Қолқа мен күре тамырда қан қысымы жоғарыласа, прессорецепторлар (барорецепторлар) тітіркеніп, рефлекторлы түрде кезеген жүйкенің тонусы жоғарылайды да, жүрек жұмысы баяулайды, қан тамырлары кеңейіп, қан қысымы төмендейді.

Оң жүрекшедегі аймақ тітіркенсе, симпатикалық жүйкенің тонусы жоғарылап, жүрек жұмысы жиілейді, күшейеді, қуыс веналардағы қысым төмендейді.

Жүректі жүйкелендіретін жүйкелер қозғанда олардың ұшынан ерекше химиялық заттар – медиаторлар бөлінеді. Парасимпатикалық жүйке ұшынан ацетилхолин бөлінеді. Ол тежеуші медиатор болып табылады. Симпатикалық жүйкеден – үдеткіш медиатор – норадреналин (симпатин) бөлінеді. Медиаторлар әсері шектеулі болады, олар түзілген жерінде ғана әсер етеді. Ацетилхолин қанға сіңсе, оны холинэстераза ферменті жойып жібереді. Симпатинге аминоксидаза ферменті қарсы әсер етеді. Айта кетер жайт, норадреналин баяу бұзылады, сондықтан оның әсері ұзақтау болады.

Жүрек жұмысына қан құрамындағы химиялық заттар да әсер етеді. Адреналин – бүйрек үсті бездің бозғылт затынан бөлінетін гормон, жүрек етінің жиырылу күшін арттырып, жүрек жұмысының ырғағын жиілетеді, демек симпатикалық жүйке сияқты әсер етеді. Тироксин – жүрек етінің қозғыштығын жоғарылатады.

Жүректің қалыпты жұмысы қанның электролиттік құрамына да, атап айтқанда натрий, калий және кальций иондарының ара қатынасына байланысты. Қанда натрийдің мөлшері жоғарыласа, жүректің жиырылу күші артып, жұмыс ырғағы жиілейді, жүрек тонусы жоғарылайды. Бұл ионның мөлшері төмендесе, жүрек жұмысының ырғағы сиреп, жиырылу күші әлсірейді.

Калий иондарының шамадан артық мөлшері жүрек етінің қозғыштық, өткізгіштік, жиырылғыштық қасиеттерін нашарлатады. Мұндай жағдайда жүрек жұмысының ырғағы баяулап, жүрек диастола сатысында тоқтап та қалады. Қанда калий мөлшерінің төмендеуі де теріс әсер етеді.

Кальций иондары натрий мен калийдің кереғары (антогонис) болып табылады. Кальцийдің тапшылығы жүрек жұмысының ырғағын сиретіп, жиырылу күшін әлсіретеді. Кальций жетіспесе жүрек еті босаңсып, диастола сатысында тоқтап қалады. Кальций мөлшері шамадан артып кетсе, жүрек етінің қозғыштығы, өткізгіштігі, жиырылғыштығы артып, жүрек жұмысы жиілейді, тіпті жүрек систола сатысында тоқтап қалады.

Демек, жүрек қалыпты жұмыс істеу үшін натрий мен калий және осы иондар мен кальций иондары белгілі бір ара қатынаста болу керек. Олардың ара қатынасы өзгерсе, жүрек жұмысында ауытқулар байқалады. Бұл иондардың балансы минералды заттардың зат алмасуы бұзылғанда өзгереді.

Қан тамырының физиологиясы. Қан тамырларындағы қан қозғалысы (қанқозғалым) гидродинамика заңына сәйкес атқарылады. Қан қозғалым (гемодинамика) деп тамырлармен қанның ағуының себептерін, заңдылықтарын және тетігін зерттейтін ілімді айтады. Қан қозғалым заңдылықтары бойынша организмдегі қан тамырдың басы мен соңындағы қысым айырмасына байланысты жылжиды. Қысым айырмасы (градиенті) қанның жылжуына ықпал етсе, гидродинамикалық кедергі – оған бөгет болады. Ал гидродинамикалық кедергі қан тамырлары арнасының мөлшеріне, қанның тұтқырлығына және ағу сипатына қарай өзгеріп отырады. Демек, денеде қанның қозғалысын қамтамасыз ететін негізгі фактор - қан тамырларындағы қысым айырмасы.

Тамырларда қысым жүрек жұмысына байланысты пайда болады. Ол жүректің қанға берген потенциалдық энергиясының бейнесі. Тамыр жүректен алшақтап, тарамданған сайын ондағы қысым төмендей түседі. Оған себеп, потенциалдық энергияның белгілі бір мөлшері қанның жылжу жылдамдығын қалыптастыруға, ал қалған бөлігі ішкі (қан торшаларының бір-бірімен) және сыртқы (қанның тамыр қабырғасымен) үйкеліс күшін жеңуге жұмсалады.

Қан айналым жүйесінің тамырлары құрылысы мен қызметі жағынан әртүрлі болып келеді. Атқаратын қызметіне қарай қан тамырлары амортизациялық (магистральдық), кедергілік, сфинктерлік (қысқыш), алмасу, сиымдылық және төте (шунттық) тамырлар болып 6 топқа бөлінеді.

Денеде қанды таратуда, тамырлар жүйесіндегі қысымды қалыптастыруда магистральдық және кедергілік тамырлар маңызды рөл атқарады. Ал ұсақ артериялар, артериолалар, метартериолалар, капиллярлар, венулалар, ұсақ веналар мен төте тамырлар микроайналымдық арна деп аталады. Микроайналымдық арнаға лимфа капиллярларын да жатқызуға болады.

Жүрек жұмысына байланысты қанның сығылу дәрежесінің артериялар қабырғасына кернеу әсерін артериялық қысым деп атайды. Қан қысымы тамырлар қабырғасының керілуге қарсы бағытталған серпімділігінің, қан ағынына көрсететін шеткі кедергісінің, қанның тұтырлығының әсерлерінен пайда болады.

Ірі және орташа артериялар қабырғасының керілгіштік және серпімділік қасиеттері жақсы дамыған. Сондықтан қан жүректен қуылған кезде қан тамырлары қабырғасы керіліп, олар жүректен айдалған қанды сыйдырып алады. Диастола кезінде тамыр қабырғалары тартылып, қанды капиллярлар бағытында сыға ығыстырады.

Тамырлардағы қанның қысымы жүрек айналымының сатыларына қарай өзгеріп отырады. Қарыншалардың жиырылуы кезінде қан қысымы жоғарылайды, оны максимальды немесе систолалық қысым деп атайды. Қарыншалардың босаңсуы кезінде қан қысымы төмендейді, оны минимальды немесе диастолалық қысым дейді. Максимальды және минимальды қысымдар айырмасын пульстық қысым деп атайды. Пульстық қысым жүрекке жақын орналасқан артерияларда жоғағырақ болады. Систолалық қысым сол жақ қарынша еттерінің физиологиялық жағдайын сипаттаса, диастолалық қысым - артериялар қабырғасының тонусының деңгейін көрсетеді.

Тамырлардағы қан қысымы жүректен тамырларға өткен қан мөлшеріне, тамырлардың сиымдылығына, олардың қабырғасының тонусына, қанның тұтқырлығына, жүрек жұмысының жиілігіне байланысты өзгеріп отырады. Жаспен байланысты қысым жоғарылайды. Аталық құстарда қысым жоғарырақ болады.

Артериялар мен веналардағы қысым айырмасы жүректің қолқа жүйесіне қанды айдау, ал вена жүйесінен – сору қызметіне байланысты қалыптасады. Систола кезінде қолқада қысым жоғары деңгейге көтеріледі. Одан әрі қысым артериялар, артериолалар, капиллярлар, веналар бағытында біртіндеп төмендейді де, ірі веналарда нөлге дейін жетеді. Бұл қанның оң жүрекшеге оралуына себепкер болады.

Жүректен қан артериялар жүйесіне тек систола кезінде қуылады. Осыған қарамай артериялар бойымен қан іркілмей толассыз ағады. Оған қан тамыры қабырғасының серпімділік қасиеті себепкер болады. Ірі артерия серпімді (эластикалық топтағы) тамырларға, ал орташа және майда артериялар – етті тамырлар тобына жатады. Систола кезінде серпімділік қасиетінің нәтижесінде керілген артериялар қабырғасы диастола кезінде тартылады да, қабылданған қанды тамырлар бойымен толассыз жылжытып отырады.

Тамырлардағы қан ағысының көлемдік және сызықтық жылдамдықтары болады. Көлемдік жылдамдық – белгілі бір уақыт аралығында қан-тамыр жүйесінен өткен қан мөлшерімен сипатталады. Ол бір секунд не бір минут ішінде тамырдан өткен қан мөлшерімен (мл/мин немесе мл/с) өлшенеді. Қан айналым жүйесі тұйық жүйе болғандықтан көлемдік жылдамдық өзгермейді: белгілі мерзім ішінде қолқадан қанша қан өтсе, сонша қан артериялардан, капиллярлаардан, веналардан өтіп үлгереді.

Сызықтық жылдамдық деп белгілі уақыт ішінде тамыр бойымен қанның өткен жолын айтады. Ол см/с не мм/с өлшемімен өлшенеді. Сызықтық жылдамдық тамырлар арнасына кері пропорционалды өзгереді: тар тамырларда ол жоғары, кең тарымларда – төмен. Қолқада сызықтық жылдамдық капилярмен салыстырғанда 600-800 есе шапшаң.

Организмдегі қан айналым қарқынын сипаттайтын тағы бір ұғым бар, ол қан айналым мерзімі. Қанайналым мерзімі деп қанның тамырлар жүйесінен (үлкен және кіші шеңберден) толық өтіп шыққан уақытын айтады. Ол құста – 2,9 с.

Организмдегі қан айналым қарқыны қан қысымының деңгейне қарай өзгеріп отырады. Қан қысымының жоғарылауы қан айналымын шапшаңдатады. Ал қан қысымының деңгейі нервпен және гуморальды факторлармен реттеледі.

Тамырлар тонусын сопақша мида орналасқан тамыр қозғағыш орталық реттейді. Бұл орталық тамыр тарылтқыш және тамыр кеңейткіш бөлімдерден тұрады. Артериялардағы қысым жоғарыласа, тамырлардың сезімтал аймақтарындағы барорецепторлар тітіркеніп, олардан орталыққа бағытталған импульстер әсерінен тамыр тарылтқыш бөлімнің тонусы төмендейді де, артериялар кеңейеді, жүрек жұмысы бәсеңдейді, содан қан қысымы төмендейді (депрессорлық әсер). Тамырлардағы қысым төмендеп кеткен жағдайда, тамыр тарылтқыш бөлімнің тонусы жоғарылап, жүрек жұмысы күшейеді, содан қысым көтеріледі (прессорлық әсер).

Орталық тамырларға симпатикалық және парасимпатикалық нервтер арқылы әсер етеді. Симпатикалық нервтер тамырларды тарылтады, ал парасимпатикалық нервтер – кеңейтеді.

Тамырлар арнасына қан құрамындағы биологиялық белсенді заттар да әсер етеді. Адреналин, норадреналин, вазопрессин гормондары және бүйректе түзілетін ренин қан тамырларын тарылтады. Ацетилхолин, гистамин, сүт қышқылы, аденозинүшфосфор қышқылы, көмір қышқылы тамырларды кеңейтеді.



Лимфа және лимфа айналымы. Ұлпа торшалары тұйық жүйеде айналымда болатын қанмен еш уақытта тікелей жанаспайды. Олар қанмен тек торшааралық кеңістікті толтырып тұратын ұлпалық сұйық арқылы байланысады. Ұлпа сұйығы қанның сұйық бөлігі мен ондағы заттардың капиллярлар арқылы сүзіліп шығуының нәтижесінде пайда болады. Осы ұлпа сұйығынан торша өзіне қажет қоректік заттарды сіңіріп, оған өзінде пайда болған алмасу өнімдерін бөліп отырады. Организмдегі мөлшері жағынан ұлпа сұйығы қаннан 2 есе көп болады. Оның құрамы толассыз жаңарып тұрады. Оған қанның сұйық бөлігі үзілмей өтіп отырады да, ұлпа сұйығы организмде білтелік (дренаждық) қызмет атқаратын лимфа тамырымен ағып кетіп отырады. Ұлпа сұйығының бір бөлігі капиллярға кері сіңіп те кетеді. Осыдан оның құрамы тұрақты болмайды.

Лимфа тамырындағы ұлпа сұйығын – лимфа деп атайды. Лимфа – түссіз немесе сарғыштау сұйық. Ол физикалық қасиеттері мен химиялық құрамы жағынан қан плазмасына ұқсас. Онда белок мөлшері плазмамен салыстырғанда 2 есе аз, судың мөлшері 94-95 %, құрғақ зат 5-6 % құрайды. Осыдан оның тұтқырлығы мен тығыздығы плазмамен салыстырғанда төмен. Лимфаның әрекетшіл ортасы (рН) – әлсіз сілтілік.

Лимфаға ұйығыштық қасиет тән болады, себебі оның құрамында фибриноген белогы бар. Лимфада эритроцит жоқ, аз шамада түйіршікті лейкоциттер болады. Көп мөлшерде лимфоциттер кездеседі. Бұл торшалар лимфа түйіндерінде түзіліп, олардан лимфамен шайылып шығады.

Түрлі органдардан ағып шығатын лимфаның құрамы бірдей болмайды. Ол органдар қызметінің ерекшеліктеріне, олардағы зат алмасу қарқынына байланысты өзгеріп отырады. Мысалы, бауырдан ағып шыққан лимфа құрамында белок, ал ішектен ағып шыққан лимфа құрамында - эмульсияланған май көбірек болады.

Лимфаның түзілу қарқыны тамырлардағы қан қысымының деңгейі және қан мен ұлпа сұйығы арасындағы онкостық қысым айырмасына қарай өзгеріп отырады. Қан қысымы жоғарыласа, лимфа түзілу қарқындайды. Лимфа бауырда қарқынды түзіледі, себебі оның капиллярларының өтімділігі жоғары болады. Түрлі заттардың (микроб токсиндерінің, гистаминнің) әсерімен капиллярлар өтімділігі жоғарыласа, лимфа түзу процесі күшейеді.

Лимфа жүйесі ұлпаларда тармақтала орналасқан лимфа капиллярларынан бастау алады. Лимфа капиллярлары бір қабат эндотелийден құралған бітеу құрылым. Олардың қабырғасының өтімділігі өте жоғары, сондықтан лимфаға торшааралық қуыстан коллоидты ерітінділер мен жүзгіндер (взвесь) оңай өтеді. Лимфа лимфа капиллярларынан майда, орташа, ірі лимфа тамырларына өтеді де, негізгі лимфа өзектеріне қарай жылжиды. Құстарда артқы аяқтардан, дененің артқы жағынан, жыныс бездерінен, бүйрек үсті бездерден, ішек-қарыннан, ұйқы безі, бауыр, көк бауыр, өңештің төменгі бөлігінен шыққан лимфа омыртқаны бойлай орналасып, бір-бірімен көлденең тармақтармен жалғасып отыратын қос көкіректік өзекке жиналады. Бұл өзектер жоғарғы қуыс венаның бұғаналық және ойыс веналар бірлесе жалғасқан жеріне келіп құяды. Осы көкіректік өзектер аяқталар тұста оларға бас, мойын, бөтеге, жүрек, өкпе, қанаттардан бастау алған лимфа тамырлары келіп жалғасады.

Лимфа тамырының бойында лимфоидты ұлпалардан түзілген лимфа түйіндері орналасады. Құстарда бұл түйіндер бозғылт зат пен қыртыстық қабаттарға анық бөлінбейді. Түйіндер биологиялық сүзгі (фильтр) рөлін атқарады, оларда лимфа бөгде заттардан, микробтардан тазарып, лимфоциттермен байып отырады.

Құстарда лимфа түйіндері орналасу жағдайына қарай мойын-көкіректік және белдеулік немесе жамбас бөлімдік болып жіктеледі. Үйрек пен қазда лимфа түйіндерінің осы екі түрі де кездеседі, ал тауықта белдеулік түрі болмайды. Сонымен қатар, құс денесінде түйін құрмаған лимфоидты ұлпалар элементтері де кездеседі. Бұл құрылымдар да лимфа түйініне тән қызметтер атқарады.

Лимфаның қозғалуына (жылжуына) бұлшық еттің жиырылуы және ауа қапшықтарындағы қысым деңгейі әсер етеді. Ірі лимфа тамырында арнаулы қалталы қақпақшалар болады, олар лимфаның бір бағытта жылжып, кері ығысуына мүмкіндік бермейді. Сонымен қатар кейбір ірі өзектер бойында бұлшық ет ұлпасынан тұратын, ұршық іспеттес құрылымдар - «лимфалық жүрек» болады. Ол жүрек тәрізді жиырылып, лимфаның жылжуына көмектеседі. Көптеген құстарда «лимфалық жүрек» тек эмбриондық даму кезеңінде ғана іске қосылады. Су құстарында бел жағында екі «лимфалық жүрек» орын теуіп, тұрақты қызмет атқарады. Тауықта бұл «жүректер» тек эмбриналдық және бастапқы постэмбриналдық кезеңде ғана жұмыс істейді.

Лимфоидтық органдарға көкбауыр (талақ) та жатады. Дегенмен, көк бауыр көпқырлы қызмет атқарады. Ол қан депосы болып табылады. Онда эритроциттер жойылып, лимфоциттер түзіліп отырады. Лимфа түйіндері сияқты ол да биологиялық сүзгі рөлін атқарады, организмді бөгде заттардан, токсиндерден, кездейсоқ еніп кеткен микробтардан тазартады. Инфекциялық ауру кезінде көкбауырдың көлемі ұлғаяды.


Бақылау сұрақтары. 1. Жүрек жұмысы қалай атқарылады, жүрек айналымы қандай сатыларға бөлінеді? 2. Жүрек жұмысының ырғағы қалай қалыптасады? 3. жүрек жұмысына симпатикалық және кезеген нервтердің әсері қандай? 4. Қанның тамырлармен жылжуының себебі неде? 5. Қан ағынының көлемдік және сызықтық жылдамдығы деген не, олардың түрлі тамырлардағы шамалары (көрсеткіштері) қандай? 6. Капиллярларда қан ағынының баяулауының биологиялық маңыз неде? 7. Қан қысымы деген не, оған қандай факторлар әсер етеді? 8. Тамырларда қан қысымының айырмасы қалай пайда болады? 9. Ұлпа сұйықтығы және лимфа деген не? 10. Лимфа қалай түзіледі, лимфа айналымы қалай атқарылады?
3-тарау.Тыныс алу жүйесінің физиологиясы

Тыныс алудың мәні мен маңызы. Тыныс алу деп организмнің оттегіні пайдаланып, көмір қышқыл газын, су буын сыртқа шығаруын қамтамасыз ететін процестердің жиынтығын айтады. Демек, тыныс алудың мәні – оттегіні қабылдап, көмір қышқыл газын бөліп шығаруда. Осы газдардың алмасуы организмнің тіршілігін сақтау үшін өте қажет. Себебі организмінде оттегінің қатысуымен биологиялық тотығу процестері жүріп, энергия (қуат) бөлінеді. Ал органикалық заттардың тотығуының нәтижесінде соңғы ыдырау өнімі ретінде көмірқышқыл газ бен су бөлінеді.

Организмде газ алмасу процесі (отегінің қабылдануы және көмір қышқыл газдың бөлінуі) тыныс алу мүшелері арқылы іске асады. Тыныс алу процесі бірнеше сатыда атқарылады. Оның бірінші сатысын сыртқы тыныс дейді. Оның нәтижесінде дем алу-дем шығару процестері атқарылады, организм мен сыртқы ортаның арасында газ алмасу процесі жүреді. Екінші саты - өкпедегі газ алмасу. Оның нәтижесінде өкпе капиллярларындағы оттегі қан капиллярларына, ал қан құрамындағы көмір қышқыл газ өкпе капиллярларына өтеді. Келесі сатыда (газдардың қанмен тасымалдануы) қан арқылы оттегі ұлпа капиллярларына, ал ұлпадан шыққан көмір қышқыл газ өкпеге тасымалданады. Осыдан соң қан капиллярлары мен ұлпа сұйығы арасында газ алмасу процесі жүреді (ішкі тыныс): қаннан ұлпа сұйығына оттегі, ал ұлпа сұйығынан қанға - көмір қышқыл газ өтеді. Соңғы сатыда торшаға жеткізілген оттегі пайдаланылып, көмір қышқыл газ бөлінеді (торшалық тыныс).

Құстарда сүт қоректілермен салыстырғанда зат алмасу процесі қарқынды жүреді. Демек, олардың оттегіге сұранысы өте жоғары. Осымен байланысты олардың организмінде газ алмасу процесінің қарқынды жүруін қамтамасыз ететін арнаулы механизмдер пайда болған. Атап айтқанда, құстардың көкірек қуысы ерекше құрылған: көкірек пен құрсақ қуыстары бөлінбеген, өкпе онша үлкен емес, бірақ ол ауа қапшықтарымен толыққан, тынас жолы ұзынырақ. Осындай морфологиялық өзгерістердің салдарынан функционалдық ерекшеліктер туындаған.

Құстың тыныс алу мүшелері ауа өткізетін тыныс жолдарынан және газ алмасу мүшесі өкпе мен ауа қапшықтарынан тұрады. Құс өкепесі көлемі шағын ғана, бөлімдерге бөлшектенбеген, серпімділігі төмен мүше. Ол дененің көкірек бөлігінің 1/4 бөлігін ғана алып, омыртқаның астында, қабырғаның жоғарғы бөлігіне жабыса орналасады. Өкпенің алдыңғы шегі бірінші қабырға тұсында жатады да, артқы ұшы бүйрекке дейін созылады. Құста плевра болмайды. Өкпенің жоғарғы (дорсо-латералдық) бөлігі ерекше ойыстар түзе қабырғамен тығыз жанасады, ол төменгі бөлігі көкет жұрнағымен (рудиментімен) байланысқан дәнекер ұлпалы қабықшамен көмкерілген. Өкпе мен төс сүйегі арасындағы көкірек орталығында (средостение) жүрек пен ірі қан тамыры орналасады.

Әр өкпеге төменгі жағынан енген негізгі бронх өзінің шеміршекті сақинасын жоғалтып, мезобронх түрінде өкпені бойлай өтеді. Мезобронхтан өкпеде екінші реттік вентральды – эктобронх және дорсальды – энтобронхтар тарамдалады.

Бронхылардың вентральдық жүйесі 4-6 эктобронхтан құралады. Олар өкпенің төменгі бөлігінде орын теуіп, олардың соңғы бөліктері өкпеден шыққаннан соң алдыңғы көкіректік, мойындық және бұғаналық ауа қапшықтарымен жалғасады. Бронхылардың дорсальдық жүйесі 6-8 энтобронхтардан тұрады. Олар өкпенің ортаңғы және жоғарғы бөліктерін бойлай өтеді.

Дорсальдық бронхылар жүйесі ауа қабылдау, ал вентральдық бронхылар жүйесі – дем шығару өзектерін құрайды. Аталған екі жүйенің бронхыларының арналары өзара қатарласа орналасқан түтікшелермен – парабронхылармен жалғасады. Парабронхылардан майда түтікшелер – бронхолалар шашырай тарап, олар тұйық қапшықтармен – ауа капиллярларымен аяқталады. Осы құрылым сүт қоректілер өкпесінің альвеолаларының қызметін атқарады. Ауа капиллярлары мен парабронхылар құс өкпесінде газ алмасу беткейін құрайды. Ауа капиллярлары мен парабронхылар сырт жағынан қан тамырларының торымен тығыз жанасады да, олардың арасында газ алмасу процесі жүреді.

Ауа қапшықтары бас және екінші реттік бронхылар қабырғасынан томпайып шыққан жұқа құрылымдар болып табылады. Қызметіне қарай оларды дем алдыратын және дем шығартатын деп жіктейді. Алғашқы топтың қапшықтары дем алынғанды, ал екінші топтың қапшықтары - дем шығарылғанда толады. Жалпы құста 9 ауа қапшығы болады. Олардың төртеуі жұптасып, симметриялы орналасады да, біреуі тақ болады (2- сурет).









2- сурет. Құстың тыныстық аппаратының схемасы:

1- бұғанааралық қапшық; 2- иық сүйегіне жалғасатын жол; 3- мойын, 4- алдыңғы көкіректік, 5- артқы көкіректік, 6- құрсақтық қапшықтар; 7- өкепелер; 8- бас бронхылар; 9- құрсақтық қапшықтың эктобронхылары; 10- артқы көкіректік және 11- құрсақтық қапшықтардың бронхылары.


Құрсақтық және артқы көкіректік ауа қапшықтар жұп болып келеді. Ең көлемді құрсақтық қапшықтар бас бронхының өсіндісі болып табылады. Оң жақ қапшық сол қапшықпен салыстырғанда көлемдірек келеді. Аталған екі қапшықтан да өсінділер шығып, олар ортан жіліктің, жамбастың, бел-құйымшақ сүйектерінің қуыстарымен жалғасады.

Артқы көкіректік қапшық көкіректің артқы жағында орналасып, бауырға дейін жетеді. Алдыңғы көкіректік қапшық көкіректің бүйір жағын ала өкпе астында орналасып, ол соңғы қабырғаға дейін созылады.

Мойындық жұп қапшық мойынды бойлай 3-4 мойын омыртқаларына дейін созылып, кеңірдек пен өңештің үстінде орналасады. Олардың ұзына бойынан шыққан өсінділер мойын және көкірек омыртқаларымен, қабырғалармен жалғасады. Мойындық қапшықтармен бұғанааралық тақ қапшық байланысады. Осы тақ қапшық екі түтікше арқылы оң және сол өкпемен жалғасады. Тақ қапшықтан үш жұп өскіндер (дивертикулалар) тарап, олар бірінші жұбы арқылы қапшық топшы (иық) сүйектерімен байланысады да, қалған екі жұбы тиісінше қарға сүйек (каракоид) сүйектер мен омыртқалар арасындағы қуысты, топшы және төс еттері аралығын толтырады.

Артқы көкіректік және құрсақтық қапшықтарда ауа әкелетін бронхылармен қатар ауа әкететін бронхылар да болады. Олар арқылы дем шығарылған кезде қапшықтардағы ауа өкпеге ығысады. Әкеткіш бронхтар бастау алар тұста дем алынған кезде жабылып, дем шығарылған кезде ашылып отыратын қақпақшалар (клапан) не қысқыштар (сфинктер) орналасады. Ауа қапшықтарының жалпы сыйымдылығы тауықтарда 130-150 см3, бұл өкпе сыйымдылығынан 10-12 есе көп.

Құстар үшін ауа қапшықтарының маңызы өте зор. Олар жылу реттеуге қатысады да, организмді шамадан тыс қызып кетуден, немесе салқындаудын сақтайды. Түрлі мүшелер мен терінің астын кеулей орналасып, сүйектер қуысын толтырып, дененің тығыздығын азайтады. Суда жүзетін құстарда газ алмасу процесін ұзартады. Соның нәтижесінде үйрек су астында 15 минут бола алады.



жүктеу 6,9 Mb.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14




©g.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
рсетілетін қызмет
халықаралық қаржы
Астана халықаралық
қызмет регламенті
бекіту туралы
туралы ережені
орталығы туралы
субсидиялау мемлекеттік
кеңес туралы
ніндегі кеңес
орталығын басқару
қаржы орталығын
қаржы орталығы
құрамын бекіту
неркәсіптік кешен
міндетті құпия
болуына ерікті
тексерілу мемлекеттік
медициналық тексерілу
құпия медициналық
ерікті анонимді
Бастауыш тәлім
қатысуға жолдамалар
қызметшілері арасындағы
академиялық демалыс
алушыларға академиялық
білім алушыларға
ұйымдарында білім
туралы хабарландыру
конкурс туралы
мемлекеттік қызметшілері
мемлекеттік әкімшілік
органдардың мемлекеттік
мемлекеттік органдардың
барлық мемлекеттік
арналған барлық
орналасуға арналған
лауазымына орналасуға
әкімшілік лауазымына
инфекцияның болуына
жәрдемдесудің белсенді
шараларына қатысуға
саласындағы дайындаушы
ленген қосылған
шегінде бюджетке
салығы шегінде
есептелген қосылған
ұйымдарға есептелген
дайындаушы ұйымдарға
кешен саласындағы
сомасын субсидиялау