Мүлікке тыйым салуды санкциялау тәртібі және оған шағым жасау
Мүлікке тыйым салуды санкциялау құқығы – тергеу судьясына, ал осы Кодекстің 107-бабы жетінші бөлігінің 2) және 3) тармақтарында көзделген жағдайларда облыстық және оған теңестірілген соттың судьяларына тиесілі.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның мүлiкке тыйым салуды қолдану жөнінде өтінішхат қозғау туралы қаулысы материалдар сотқа келіп түскен кезден бастап жиырма төрт сағат ішінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілген жер бойынша не күдіктінің, айыпталушының мүлкі табылған жер бойынша тергеу судьясының жеке-дара қарауына жатады.
Тергеу судьясы мүлікке тыйым салуды санкциялау туралы өтінішхатты қарап, мүлікке тыйым салуды санкциялау туралы не санкциялаудан бас тарту туралы қаулы шығарады.
Мүліктің ықтимал тәркіленуін қамтамасыз ету үшін мүлікке тыйым салу туралы мәселені шешу кезінде тергеу судьясы мүліктің күдіктіге, айыпталушыға тиесілі екенін және оның қылмыстық құқық бұзушылық жасау кезінде пайдаланылғанын не қылмыстық құқық бұзушылық жасау нәтижесінде алынғанын куәландыратын нақты мән-жайларды көрсетуге тиіс.
Мүліктің қылмыстық жолмен алынғаны туралы анық деректер бар болған, бірақ бұл мүлікті анықтау мүмкін болмаған кезде тергеу судьясы оған құны бойынша баламалы басқа мүлікке тыйым салуға құқылы.
Мүлiкке тыйым салу туралы қаулыда тыйым салынуға жататын мүлiк, сотқа дейінгі iс жүргiзу барысында оның қаншалықты анықталғаны, сондай-ақ азаматтық талап қоюды қамтамасыз етуде тыйым салу жеткiлiктi болатын мүлiктiң құны, іс бойынша түпкілікті шешім қабылданғанға дейін мүлікті сақтау орны туралы мәлімет көрсетiлуге тиiс.
Қажет болған кезде мүлікке тыйым салу туралы қаулы орындалуы үшін тиісті уәкілетті органға жіберілуі мүмкін.
Тергеу судьясының мүлікке тыйым салу туралы қаулысы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамға, күдіктіге немесе қылмыстық құқық бұзушылықпен немесе есі дұрыс емес адамның Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде тыйым салынған іс-әрекетімен келтірілген зиян үшін жауаптылықта болатын тұлғаға, сондай-ақ прокурорға, азаматтық талапкерге, жәбірленушіге жіберіледі.
Судьяның мүлiкке тыйым салу туралы қаулысын сот орындаушысы орындайды.
Сот орындаушысы судьяның мүлiкке тыйым салу туралы қаулысын орындау үшін мүліктің бар-жоғын тексереді, оның тізімдемесін жасайды, билігінде осы мүлік жатқан тұлғаларға мүлікті талан-таражға салуға немесе онымен өзге де әрекеттер жасауға жол берілмейтіні туралы жазбаша түрде ескертеді не тыйым салынуы мүмкін мүліктің жоқ екені туралы акт жасайды.
Мүлiкке тыйым салған кезде мүлiктiң құнын айқындайтын маман қатысуы мүмкін.
Мүліктің меншiк иесi немесе иеленушiсі қандай нәрселерге бiрiншi кезекте тыйым салу қажеттiгiн ұсынуға құқылы.
Тыйым салынған мүлiк алып қойылуы не тергеу судьясының қалауы бойынша жергiлiктi әкiмшiлiктiң, тұрғынжай-пайдалану ұйымының өкiлiне, осы мүлiктiң иеленушiсіне немесе өзге де тұлғаға сақтауға берiлуi мүмкiн, оларға мүлiктiң сақталуына жауапты екендігі ескертiлуге тиiс, бұл туралы қолхат алынады.
Банктердегi және кредиттік мекемелердегi шоттар мен салымдардағы ақшаға және өзге де құндылықтарға тыйым салу кезiнде осы шот бойынша шығыс операциялары тыйым салынған қаражат шегiнде тоқтатылады.
Мүлікке тыйым салуға қажеттілік жойылған кезде бұл шараның күші жойылады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезеңінде тергеу судьясы санкциялаған мүлiкке тыйым салудың күшін жою қылмыстық қудалау органының уәжді қаулысы негізінде прокурордың келісімімен жүргізіледі.
Тергеу судьясының күдіктінің, айыпталушының, оның әрекеттері үшін заң бойынша материалдық жауаптылықта болатын тұлғаның мүлкіне тыйым салуды санкциялау немесе одан бас тарту туралы қаулысына осы Кодекстің 107-бабында көзделген тәртіппен шағым жасалуы, сондай-ақ ол прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қаралуы мүмкін.
Тергеу судьясының мүлiкке тыйым салуды санкциялаудан бас тарту туралы қаулысының күші жойылған жағдайда, облыстық немесе оған теңестірілген соттың мүлiкке тыйым салуды санкциялау туралы мәселені қарауы осы Кодекстің 107-бабында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
Достарыңызбен бөлісу: |