Күдік бойынша ұстап алынған адамды босату негіздері
Заң күдіктіні босатудың мынадай негіздерін қарастырады: (ҚПК-нің 133-бабы):
1)қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік расталмаса;
2)ұстап алынған адамға күзетпен ұстау түрiндегi бұлтартпау шарасын не қамаққа алу не Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге шығарып жіберу түріндегі жазаны қолдануға негiздер болмаса;
3)ұстап алу осы Кодекстiң 131-бабының талаптарын елеулі түрде бұза отырып жүргiзiлген болса;
4)ұстап алу үшін заңды негіздер болмаса.
Егер нақты ұстап алынған кезден бастап – қырық сегіз сағат ішінде, ал кәмелетке толмағандарға қатысты жиырма төрт сағат ішінде ұстап алынған адамды ұстау орнының бастығына күдіктіні күзетпен ұстауды санкциялау туралы сот қаулысы келiп түспесе, ұстап алынған адамды ұстау орнының бастығы, осы Кодекстің 131-бабы төртінші бөлігінің 1) – 6) тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, оны өзiнiң қаулысымен дереу босатады және бұл туралы іс жүргізуінде іс жатқан адамды және прокурорды хабардар етеді.
Ұстап алынған адам босатылған кезде оған оны кiмнің ұстап алғаны, ұстап алудың, жеткізудің негiздерi, орны мен уақыты, босатудың негiздерi мен уақыты көрсетiлген анықтама берiледi.
Бұлтартпау шаралары
Процестік мәжбүрлеу шараларының бір түрі бұлтартпау шаралары болып табылады. Олар, басқа мәжбүрлеу шаралары сияқты, қылмыстық-процестік міндеттерді орындауды қамтамасыз ету мақсатында және заңмен белгіленген тәртіп бойынша қолданылады (ҚПК-нің 18-тарауы).
Бұлтартпау шаралары жалпы ереже бойынша күдіктіге, айыпталушыға, сондай-ақ сотталушыға қолданылады. Осыған сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде бұлтартпау шарасын қолдануды қылмыстық қудалау органы шешетін болса, ал соттағы өндіріс кезінде бұл мәселені сот (судья) шешеді.
ҚПК-нің 136-бабында бұлтартпау шараларын қолданудың негіздері туралы былай деп жазылған: күдікті, айыпталушы қылмыстық қудалау органдарынан немесе соттан жасырынып жүр не iстi объективтi тергеп-тексеруге немесе сотта талқылауға кедергі келтіреді не қылмыстық әрекетпен айналысуды жалғастырады деп пайымдауға жеткiлiктi негiздер болған кезде, сондай-ақ қылмыстық процестi жүргізетін орган үкiмнiң орындалуын қамтамасыз ету үшiн өз өкiлеттiктерi шегiнде осы адамдарға ҚПК-нің 137-бабында көзделген бұлтартпау шараларының бiрiн қолдануға құқылы.
Яғни, қылмыстық процестің міндеттерін орындауға кедергі келтіретін жағдайларды болғызбау бұлтартпау шараларын қолданудың тікелей мақсаты болып табылады. Ал бұл мақсаттың орындалуы ҚПК-нің 8-бабында көрсетілген қылмыстық процестің тікелей міндеттерін орындауға мүмкіндік туғызады.
Сонымен, бұлтартпау шаралары қылмыстық процесті жүргізетін органның жалпы ереже бойынша күдіктіге, айыпталушыға немесе сотталушыға занда көрсетілген тәртіп бойынша қолданатын мәжбүрлеу шараларының жеке тобы болып табылады.
Күдіктіге, айыпталушыға қатысты бұлтартпау шарасын таңдау кезінде, егер қатаңдығы неғұрлым жеңіл бұлтартпау шарасы болса, мұндай шараны қолдану мүмкіндігін қарау қажет.
Қылмыстық процесті жүргізетін орган әрбір жеке жағдайда бұлтартпау шарасының түрін тандау үшін ҚПК-нің 138-бабында көрсетілген мән-жайларды ескереді.
Бұл бапта былай деп айтылған: бұлтарпау шарасын және оның дәл қайсысын қолдану қажеттiлігi туралы мәселені шешкен кезде осы Кодекстің 136-бабында көрсетілген негіздерден басқа, сондай-ақ осы Кодекстің 137-бабының 2-бөлігінде көрсетілген қосымша шектеулерді белгілеген кезде сондай-ақ мыналар: жасалған қылмыстың ауырлығы; күдіктінің, айыпталушының жеке басы, оның жасы; денсаулық жағдайы; отбасы жағдайы, отбасында асырауындағы адамдардың бар-жоғы; күдіктінің, айыпталушының әлеуметтік байланысының орнықтылығы; күдіктінің, айыпталушының беделі; айналысатын ісі; күдіктінің, айыпталушының тұрақты жұмыс орнының немесе оқуының бар-жоғы; мүлiктiк жағдайы; тұрақты тұрғылықты жерiнiң бар-жоғы және басқа да мән-жайлар ескерiлуге тиiс.
Бұлтартпау шараларының бірнеше түрлері бар. Олар ҚПК-нің 137-бабында аталып көрсетілген:
1)ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлқы туралы қолхат;
2)жеке кепiлгерлік;
3)әскери қызметшiнi әскери бөлiм қолбасшылығының байқауда ұстауына беру;
4)кәмелетке толмаған адамды қарауда ұстауға беру;
5)кепiл;
6)үйқамақ;
7)күзетпен ұстау
Бұл аталған шараларды, олардың сипатына қарай және кімдерге қолданылатындығын ескере отырып, екі топқа бөлуге жатады:
1) бұлтартпау шараларының жалпы түрлері;
2) бұлтартпау шараларының арнайы түрлері.
Бірінші топқа мына шаралар жатқызылады: ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат, жеке кепілгерлік, кепіл, үйқамақ, күзетпен ұстау. Бұл топқа жататын шараларды қолдану үшін айрықша талаптар қойылмайтын болғандықтан, оларды бұлтартпау шараларының жалпы түрлері деп атаймыз.
Екінші топқа жататын бұлтартпау шараларының түрлері: әскери қызметшіні әскери бөлім қолбасшылығының байқауда ұстауына беру, кәмелетке толмаған адамды қарауда ұстауға беру.
Бұл шаралардың ерекшелігі олардың аталған субъектілер үшін көзделгендігі болып табылады. Дегенмен, бұл субъектілерге де қажет болған жағдайда бұлтартпау шараларының жалпы түрін қолдануға тыйым салынбайды. Мәселен, әскери қызметші ауыр қылмыс жасаған жағдайда тергеуші оған күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын қолданады. Ал, кәмелетке толмағандарға мүмкіндігінше ата-анасының немесе сенімге ие басқа адамдардың қарауына беру шарасы кеңірек қолданылуға тиіс.
ҚПК-нің 140-151 баптарында бұлтартпау шараларының түрлерін қолданудың тәртібі реттелген, соның ішінде: ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат қылмыстық процесті жүргізетін органның күдіктіден, айыпталушыдан анықтаушының, тергеушінің немесе соттың рұқсатынсыз тұрақты немесе уақытша тұрғылықты жерінен (елді мекеннен) кетпеуі, істі тергеп-тексеруге және сотта талқылауға кедергі келтірмеуі, қылмыстық процесті жүргізетін органның шақыруы бойынша белгіленген мерзімде келуі жөнінде жазбаша міндеттеме алуынан тұрады. (ҚПК-нің 141-бабы).
Егер күдікті немесе айыпталушы тұратын жердің аумағында қоныс аударатын болса, бұл жөнінде бұлтартпау шарасын қолданған қылмыстық процесті жүргізетін органға хабардар етуге міндетті болып табылады. Бұл шараны қолдану екі процестік құжат жазу арқылы рәсімделеді: бұлтартпау шарасын қолдану туралы қаулы шығару және қолхат алу.
Бұлтартпау шарасы ретінде жеке кепілгерлікті қолданудың тәртібі ҚПК-нің 142-бабымен белгіленген, яғни жеке кепiлгерлік күдіктінің, айыпталушының тиісті мінез-құлқын және олардың қылмыстық процестi жүргізетін органның шақыруы бойынша келуін сенiмге лайық адамдардың өз жауапкершілігіне алатыны туралы жазбаша мiндеттеме қабылдауынан тұрады.
Бұлтартпау шараларының бұл түрін қолданудың мынадай шарттары бар:
кепілгерлердің саны екеуден кем болмауы тиіс;
кепілгерлердің бұл жөнінде өздерінің жазбаша өтінішхаты болуы қажет;
бұл шараны қолдануға күдіктінің, айыпталушының келісімі болуы тиіс;
кепілгерлер қылмыстық процестің барысында кепілдігінен бас тартуға құқылы.
Жеке кепілгерлікті қолдану туралы қылмыстық процесті жүргізетін орган тиісті қаулы шығарады. Сонымен қатар, кепілгерлердің әрқайсысы жеке кепілгерлік туралы қолхат береді. Бұл қолхатта ол өзi кепiлгер болып отырған адамға қатысты күдіктің мәні, күдікті, айыпталушы алдын алу үшін осы бұлтартпау шарасы қолданылған әрекеттерді жасаған жағдайда кепілгердің өзіне ақшалай өндіріп алуды қолданудан тұратын жауапкершілігі түсіндірілгендігін растайды.
Күдікті, айыпталушы алдын алу үшiн жеке кепiлгерлік қолданылған әрекеттердi жасаған жағдайда, сот әрбiр кепiлгерге осы Кодекстiң 160-бабында көзделген тәртіппен ақшалай өндіріп алуды қолдануы мүмкiн (ҚПК-нің 142-бабының 5-бөлігі).
ҚПК-нің 143-бабында бұлтартпау шарасы ретінде күдіктіні немесе айыпталушыны әскери қызметшiнi әскери бөлiм қолбасшылығының байқауда ұстауына беру көзделген. Оның мәні әскери бөлім қолбасшылығының әскери қызметшiлер немесе оқу жиынына шақырылған әскери мiндеттiлер болып табылатын күдіктілерді, айыпталушыларды байқауда ұстауы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының жарғыларында көзделген және осы адамның тиісті мінез-құлқын және оның қылмыстық процестi жүргізетін органның шақыруы бойынша келуiн қамтамасыз ете алатын шараларды қолданудан тұрады.
Қылмыстық процесті жүргізетін орган бұлтартпау шарасын қолдану туралы қаулы шығарып, оны орындауды әскери бөлім қолбасшылығына тапсырады. Онымен бірге осы бұлтартпау шарасы таңдалған күдіктің мәні хабарланады және әскери бөлім қолбасшылығының міндеттері түсіндіріледі.
Әскери бөлiмнің басшылығы осы бұлтартпау шарасын таңдаған органға байқауда ұстаудың орнатылғаны туралы жазбаша хабарлайды. Күдікті, айыпталушы алдын алу үшін осы бұлтартпау шарасы таңдалған әрекеттердi жасаған жағдайда, әскери бөлiмнің қолбасшылығы ол туралы осы бұлтартпау шарасын таңдаған органға дереу хабарлауға мiндеттi.
Өздерiне жүктелген байқауда ұстау жөнiндегi мiндеттердiң орындалмауына кiнәлi адамдар заңнамада көзделген тәртiптiк жауаптылықта болады (ҚПК-нің 143-бабының 4-бөлігі).
Кәмелетке толмаған адамды қарауда ұстауға беру (ҚПК-нің 144-бабы). Кәмелетке толмаған адамды ата-анасының, қорғаншыларының, қамқоршыларының немесе басқа да сенiмге лайық адамдардың, сондай-ақ ол тұрып жатқан, бала құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды заңға сәйкес жүзеге асыратын ұйым әкiмшiлiгiнiң қарауда ұстауына беру көрсетілген адамдардың қайсыбiрiнiң өзіне кәмелетке толмағанның тиісті мінез-құлқын және оның қылмыстық процестi жүргізетін органның шақыруы бойынша келуiн қамтамасыз ету, оның ішінде оның үйден тыс жерде болуын шектеу және қылмыстық процесті жүргізетін органның рұқсатынсыз басқа жерге баруына жол бермеу жөнінде жазбаша мiндеттеме қабылдауынан тұрады.
Кәмелетке толмаған адамды ата-анасының немесе басқа тұлғалардың қарауда ұстауына беру тек олардың жазбаша өтінішхаты бойынша ғана мүмкін болады.
Бұл шараны қолдану туралы қылмыстық процесті жүргізетін орган қаулы шығарады. Онымен қатар, кәмелетке толмаған адамды қарауда ұстауына алған адам (ата-анасы немесе қамқоршысы, қорғаншысы, арнаулы балалар мекемесі әкімшілігінің лауазымды адамы) қолхат беріп, онда қылмыстық құқық бұзушылықтың сипаты туралы және олардың қарауда ұстау бойынша өздерiне қабылдаған мiндеттерiн бұзған жағдайдағы жауаптылығы туралы хабардар етiледi.
Қарауына кәмелетке толмаған адам берiлген тұлғалар өздері қабылдаған мiндеттемелерді орындамаған жағдайда, оларға осы Кодекстiң 160-бабында көзделген тәртіппен ақшалай өндіріп алу қолданылуы мүмкін.
Кепiл сотқа дейiнгi тергеп-тексерудi жүзеге асыратын адамның, прокурордың немесе соттың шақыруы бойынша оларға күдiктiнiң, айыпталушының келуi жөнiндегi мiндеттерiн орындауын қамтамасыз ету үшiн сот депозитiне күдiктiнiң, айыпталушының өзiнiң не басқа адамның ақша енгiзуiнен тұрады (ҚПК-нің 145-бабы).
Тыйым салынатын басқа да құндылықтар, жылжитын және жылжымайтын мүлiк кепiл ретiнде қабылдануы мүмкiн. Кепiлдiң құндылығын және ауыртпалықтың жоқ екендiгiн дәлелдеу кепiлгерге жүктеледi. Кепiл тергеу судьясының санкциясымен не соттың қаулысы бойынша ғана қолданылады.
Бұлтартпау шарасы ретінде кепілді таңдау кезінде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам осы Кодекстің 140-бабына сәйкес сот алдында осы шараны қолдануға санкция беру жөнінде өтінішхат қозғау туралы қаулы шығарады және оны сотқа жібереді. Қаулыға өтінішхаттың негізділігін растайтын қылмыстық іс материалдарының куәландырылған көшірмелері қоса беріледі. Қаулының көшірмесі бір мезгілде прокурорға жіберіледі.
Кепiлдiң мөлшерi күдіктің ауырлығы, күдіктінің, айыпталушының жеке басы, қылмыстық іс-әрекеттің сипаты, кепіл берушінің мүліктік жағдайы ескеріле отырып айқындалады:
|