Мүлiкке тыйым салу және оның тәртібі (ҚПК-нің 161, 162 баптары)
Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам үкiмнің азаматтық талап қою, басқа да мүлiктiк өндіріп алулар немесе мүлiктi ықтимал тәркiлеу бөлiгiнде орындалуын қамтамасыз ету мақсатында мүлікке тыйым салуды қолдану шараларын қабылдауға міндетті.
Егер азаматтық талап қоюды қамтамасыз ету негіздері сот тергеуі сатысында туындаса, сот үкім заңды күшіне енгенге дейін оны қамтамасыз ету шараларын қабылдауға құқылы.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам кейінге қалдыруға болмайтын жағдайларда прокурордың келісуімен, егер мүліктің меншік иесінің жеке басы анықталса, оны жиырма төрт сағат ішінде хабардар ете отырып, мүлікке билік етуге он тәуліктен аспайтын мерзімге уақытша шектеу белгілеуге құқылы.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам мүлікке билік етуге шектеу белгіленген мерзім өткен соң осы Кодекстің 162-бабында көзделген тәртіппен сот алдында мүлікке тыйым салуды қолдану жөнінде өтінішхат қозғау туралы қаулы шығаруға не белгіленген шектеуді алып тастауға міндетті.
Мүліктің меншік иесін оған тиесілі мүлікке билік етуге уақытша шектеу белгіленгені туралы хабардар ету мына жағдайларда:
1)террористік немесе экстремистік қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша;
2)қылмыстық топ жасаған қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша;
3)егер мүліктің меншік иесін мүлікке билік етуге уақытша шектеу белгіленгені туралы хабардар ету қылмыстық іс бойынша жүргізіліп жатқан жасырын тергеу іс-шаралары туралы ақпараттың ашылу қаупін туғызса, жүргізілмейді.
Мүлiкке тыйым салу оның меншiк иесiне немесе иеленушiсiне арналған, осы мүлікке билiк етуге, ал қажет болған жағдайларда оны пайдалануға тыйым салудан не мүлiктi алып қоюдан және оны сақтауға беруден тұрады.
Тәркіленуге жататын мүлікті қарап-тексеру және сақтау тәртібі осы Кодекстің 221-бабында айқындалады.
Үкімді күдіктінің, айыпталушының немесе олардың әрекеттері үшін заң бойынша материалдық жауаптылықта болатын, Қазақстан Республикасының қаржы ұйымдарының қызметін реттейтін заңдарында көзделген жағдайларда міндеттемелері қайта құрылымдануға жататын, қаржы ұйымдарының кредиторлары болып табылатын тұлғалардың мүлкіне тыйым салу туралы азаматтық талап қою бөлігінде орындауды қамтамасыз ету шараларын қолдануға жол берілмейді.
Азаматтық талапкер немесе прокурор қойған азаматтық талапты қамтамасыз ету үшін тыйым салынған мүлiктiң құны талап қоюдың бағасынан аса алмайды.
Бiрнеше күдіктінің, айыпталушының немесе олардың әрекеттерi үшін жауап беретiн тұлғалардың әрқайсысынан тыйым салынуға жататын мүлiктiң үлесiн айқындау кезiнде күдіктіге, айыпталушыға таңылған қылмыстық құқық бұзушылықты жасауға қатысу дәрежесi ескерiледi, алайда, егер басқаларда мүлік болмаса, азаматтық талап қоюды қамтамасыз ету үшiн тиiстi тұлғалардың бiрiнiң мүлкiне де толық мөлшерде тыйым салынуы мүмкiн.
Бiрiншi қажеттiлiк заттары болып табылатын мүлікке және тізбесі Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын өзге де заттарға тыйым салынбайды.
Мүлікке билік етуге уақытша шектеу, мүлікпен мәмілелер және өзге де операциялар жасауға шектеулер белгілеуге, мемлекеттік бюджеттен және (немесе) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді, тұрғын үй төлемдерін есепке жатқызуға арналған банктік шоттардағы ақшаға, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының банктік шоттардағы активтеріне, тұрғын үй төлемдерін пайдалану есебінен жинақталған тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы түріндегі тұрғын үй құрылысы жинақ банктеріндегі банктік шоттардағы ақшаға, нотариус депозиті шарттарында енгізілген, "Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жасалған білім беру жинақтау салымы туралы шарт бойынша банктік шоттардағы ақшаға, сондай-ақ уәкілетті мемлекеттік орган лицензиядан айырған және (немесе) мәжбүрлеп тарату процесінде тұрған банктердің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларының ақшасына тыйым салуға жол берілмейді.
Егер басқа тұлғалардағы мүлік күдіктінің, айыпталушының қылмыстық әрекеттері нәтижесінде алынған не қылмыстық құқық бұзушылық жасау құралы ретінде немесе экстремизмді, терроризмді, ұйымдасқан топты, заңсыз әскери құралымды, қылмыстық қоғамдастықты қаржыландыру үшін пайдаланылған не пайдаланылуға арналған деп пайымдауға жеткілікті негіздер болса, ол мүлікке тыйым салынуы мүмкін.
Басқа тұлғалар күдіктінің, айыпталушының, сотталушының әрекеттерімен келтірілген зиян үшін заңға сәйкес материалдық жауаптылықта болған жағдайларда, олардың да мүлкіне тыйым салынуы мүмкін.
Тыйым салынуға жататын мүлік жасырылуы немесе жоғалтылуы мүмкін деп пайымдауға негіз болған жағдайларда, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам соттың санкциясын алғанға дейін прокурорды және сотты жиырма төрт сағаттың ішінде хабардар ете отырып, мүлікпен мәмілелер және өзге де операциялар жасасуды тоқтата тұру туралы қаулы шығаруға құқылы не осы мүлік алып қойылуы мүмкін.
Мүлікке тыйым салу қажет болған кезде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам сот алдында күдіктінің немесе олардың әрекеттері үшін заң бойынша материалдық жауаптылықта болатын тұлғалардың мүлкіне тыйым салу туралы өтінішхатты қозғау туралы қаулы шығарады.
Қаулыға өтінішхаттың негізділігін растайтын, қылмыстық істің куәландырылған көшірмелері қоса беріледі.
Қаулыда қылмыстық құқық бұзушылықтың қысқаша фабуласы, саралануы, күдікті, айыпталушы немесе қылмыстық құқық бұзушылықпен немесе есі дұрыс емес адамның Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде тыйым салынған іс-әрекетімен келтірілген зиян үшін жауапты тұлға туралы деректер, қойылған талап болған кезде тыйым салу ұсынылатын мүліктің құны, оның тұрған жері және мүлікке тыйым салу қажеттігі туралы түйіндер қамтылады.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның мүлікке тыйым салуды қолдану жөнінде өтінішхат қозғау туралы қаулысы және оның материалдары тыйым салынуға жататын мүлік анықталған кезден бастап қырық сегіз сағаттан кешіктірілмей тергеу судьясына ұсынылуға тиіс. Қаулының көшірмесі бір мезгілде прокурорға жіберіледі.
Достарыңызбен бөлісу: |