ІІ-Бөлім.Қазақстаның мәдени ланшафтардағы атқарылып жатқан қолдаулары
2.1. Мәдени мұра аясындағы атқарылып жатқан шаралар
Мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаевтың баяндамасы әсерлі шықты. Биылғы жылдың өзінде мәдениет мәселесінің Үкімет деңгейінде екінші рет қаралып отырғандығын, бұл Үкіметтің мәдениетті дамытуға деген ынтасын айғақтайтындығын айтқан Ермұхамет Қабиденұлы өзінің саланың қайраткерлері, шығармашылық одақтардың өкілдерімен кездесуі барысында Елбасының бастамасымен қолға алынған “Мәдени мұра” бағдарламасының аясында атқарылып жатқан істерді қызу қолдап, ризашылық білдірілгендігін жеткізді.
– Тарихи-мәдени мұраны сақтау стратегиялық маңызы бар мемлекеттік мәселе, – деді министр. – Ұлттық дәстүр, әдеби және мәдени құндылықтар, тарихи тәжірибе – ұрпақтан ұрпаққа ауысып отыратын қазына. Елбасымыз бастамашы болған “Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасының бірінші кезеңі табысты аяқталды. Мемлекет басшысы бағдарлама мерзімін екінші кезеңге бөліп, 2007-2009 жылдарға іс-шаралар белгілеуді тапсырды. Министрлік тапсырма бойынша биыл көлемді қаржы игерді. Енді бірінші кезекте мемлекеттік маңызы бар бірқатар ескерткіштерді қалпына келтіру; ежелгі және орта ғасырлық тарихи қалалық орталықтарға археологиялық-этнографиялық зерттеулер жүргізу; қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде әдеби, ғылыми, жазба мұраның озық үлгілерін насихаттау және тарату; жаңа ғылыми-зерттеу, этно-мәдени, тарихи орталықтар мен қорық-мұражай базаларын ұйымдастыруды жүзеге асыру сияқты мәселелер шешімін табуға тиіс.
Ермұхамет Қабиденұлы алда тұрған міндеттерді орындауға қатысты мәдени мұраны сақтау қазіргі заманда елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына әсері бар факторлардың қатарына қосылып отырғандығын еске сала келе осы жалпыұлттық мәселені шешуге кедергі келтіретін бірқатар проблемалық мәселелерге де тоқтала кетті. Олар – азаматтардың жаңа мәдени кеңістікте жаңа технологиялар арқылы кірігуінің рухани қажетін жоғары деңгейде өтей алмауы; тарихи-мәдени ескерткіштер негізінде біртұтас туристік инфрақұрылым жүйесінің, сондай-ақ тарихи-мәдени нысандарды қорғау жөнінде келісілген Бас жоспардың жоқтығы; мәдени мұралық, археологиялық және басқа да нысандарды қорғау аумағының айқындалмағандығы, күзету, абаттандыру нысандарының толық зерттелмегендігі; кітап шығаруға, құрастыруға, аударуға қатысты шығармашылық еңбек өкілдерінің еңбегінің төмен бағалануы, кітаптардың аз таралыммен шығуы; көне дәуірлік түркі жазбаларынан бастап, рухани жәдігерлерді зерттеп, пайдалану деңгейінің төмендігі және басқалар.
Министрдің айтуынша, аталған мәселелерді шешу мақсатында заңнамалық негіздер нығайтылып отыр. Тарихи-мәдени мұраны пайдалану және қорғау жөнінде арнайы бір заң және 11 нормативтік-құқықтық актілер әзірленді. Әрине, олардың өз әсерін тигізетіні айқын. Бірақ Үкімет қолдауын қажет ететін жайттар да бар екен.
Осы ретте либералды нарықта мәдени нысандарды сақтауға мемлекеттік емес инвестиция тартудың маңызын пайымдаған министр мәдени мұраларды сақтау, қайта жаңғырту шараларына кейбір облыстар тарапынан бөлініп отырған қаржының мардымсыздығы осы салада ұзақ мерзімді бюджеттік саясатты жасақтауды қажет ететіндігін, сонымен оған үкіметтік емес ұйымдарды тарта отырып бірлескен жобалар құрып, әріптестік ынтымақтастықты қалыптастыру керектігін атап көрсетті. Мұның барынша ықтимал әрі тиімді жолдарының бірі мәдени-тарихи мұраларды туризм дамыту ісіне белсенді пайдалану болып табылады. Мәселен, тарихи-мәдени ескерткіштерді халықаралық туристік маршрут жүйесіне кіріктіре отырып жаңғырту туризмді дамыту ісіне де үлкен ықпал етпек. Ақыр аяғында мұның өзі тек “мәдени туризмді” құрып, дамыту ғана болып шықпайды, сонымен қатар көптеген жаңа жұмыс орындарының ашылуына, яғни әлеуметтік-экономикалық жағдайдың жақсаруына да мүмкіндіктер туғызатын болады. Мәдени-тарихи мұраларды сақтауды, туристік сұранысқа ие ұлттық бұйымдар жасайтын халықтық қолөнер кәсіпшілігін дамытуды, жақсы дәстүрді жаңғыртуды қамтамасыз етеді. Астана әкімдігімен бірлесе отырып, тарихи-мәдени кешендер салуды ойластыру, Бұзоқ қалашығының негізінде ашық аспан астындағы танымдық мұражай жасау елорда имиджін тартымды ете түсетіндігі айқын. Министрлік Президенттік мәдениет орталығы негізінде Қазақстан мемлекеттілігі мұражайын ашу, археология және этнография мұражайын жасау бастамасын да қолдап отыр. Бұл нысанның техникалық-экономикалық негіздемесі де бар. Ермұхамет Ертісбаев тарихи-мәдени мұраны қалың бұқараның күнделікті рухани қажетіне айналдыру мақсатында деректі, ғылыми-көпшілік, танымдық теле және мультфильмдер циклы мен гуманитарлық факультеттерге дәріс курстарын таспаға басып шығару, Ақпараттандыру және байланыс агенттігімен, әкімдерімен бірлесе отырып, мұражай, кітапхана, галереялардың интернет-порталдарын жасау міндеттері тұрғандығын ауызға алды. 2004-2006 жылдары шығарылған сериялар электрондық түрде сақталған. Осыған сәйкес, Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада “Мәдени мұра” аясында шыққан кітаптардың электрондық нұсқасын Интернетке енгізу жұмысы басталып кетті. Алыс және таяу шетелдердегі Қазақстан тарихына тікелей қатысты тарихи-мәдени мұраларды зерттеу ісі жалғаспақ. Осы ретте 2008 жылы автор, құрастырушы, аудармашы, суретші және басқа шығармашылық қызметкер санаттарын қолдау үшін қосымша 200 миллион теңге қаржы қажет.
Мәдениет және ақпарат министрі “Ежелгі Отырардың қайта өрлеуі” бағдарламасы бойынша атқарылар жұмыстарға кеңірек тоқталып, Отырар оазисіндегі қалыптасқан проблемаларға орай жеке салалық бағдарлама қабылданғандығын айтты. Онда археологиялық ескерткіштерді зерттеп, консервациялау, сәулет ескерткіштерін жаңғырту және қалпына келтіру, әлеуметтік-мәдени құрылыстар салу және туризм инфрақұрылымын дамыту міндеттері қойылған. Бағдарламаға 2005-2007 жылдары бюджеттен 212,6 миллион теңге бөлінді. Отырар қорық-мұражайын сақтаудың қағидаттары айқындалған менеджмент-жоспар әзірленді. Арыстанбаб кесенесінің күмбезі мен ішкі қабырғалары қайта жөндеуден өтті. Қорық-мұражай қасбетін қайта жаңғыртып, экспозиция бөлімдеріне безендіру жұмыстары жүргізілді. Ал таяудағы уақытта ескерткіштерді пайдалану жүйесі әзірленіп, көне ескерткіштер мен цитадельдерді, шығыс моншасын, қала орамдары мен басқа да нысандарды мұражайлау ісі жүзеге аспақ. Сондай-ақ Суздаль, Самарқанд, Афрасиаб, Турфан және Мохенджо-Даро тәжірибесімен Арыстанбаб кесенесінің жанынан құрылыс нысандарын салудың экономикалық негіздемесін дайындау, Отырарды Ұлы Жібек жолындағы ірі туризм орталығына айналдыру үшін қажетті инфрақұрылым жасау қолға алынбақ.Ермұхамет Ертісбаев Қазақстан халықтарының тілдерінде шығатын бұқаралық ақпарат құралдарын қолдау мәселесіне жеке тоқталды. Қазақстанда бұқаралық ақпарат құралдары он үш тілде қызмет етеді. Қазақ және орыс тілін қоспағанда, бұлардың бәрі қазақстандық диаспоралар тілдері. Олардың бәрі медианарықта алуан қатынастарда берілген. Елдегі екі жарым мыңнан астам ақпарат құралдарының 469-ы қазақ тілінде, 856-ы орыс тілінде, 879-ы қазақ және орыс тілдерінде шығады. Этникалық топтардың ақпарат құралдарының жалпы саны – 28. Олардың 11-і ұйғыр, 8-і өзбек, екі-екіден украин және түрік тілінде болса, қалғаны бір-бірден жеті тілде шығарылады. Биыл мемлекет тапсырысымен жұмыс істейтін ұлттық ақпарат құралдарына бөлінген қаржы 2005 жылғы 19 миллионға қарағанда, 36 миллионға дейін өсті, яғни, екі жылда екі есе көбейді. Бұл үрдіс кейін де жалғаса береді және ол қызмет сапасын арттыруға септігін тигізеді.Ермұхамет Ертісбаевтың кеңейтілген мәжіліске қатысушылар – Бердібек Сапарбаевтың, Зағипа Балиеваның, Бақыт Оспановтың сұрақтарына қайтарған жауаптары да салмақты, орнықты шықты.
Мәдени-тарихи ескерткіштерді туризм негізінде жаңғырту тақырыбына қосымша баяндама жасаған Туризм және спорт министрінің орынбасары Қайырбай Өскенбаев осы ведомствоның мәдени-тарихи мұраларды жаңғырту бағытында қабылдап отырған шараларына және олардың орындалу барысына тоқталды. Вице-министрдің айтуынша, Ұлы Жібек жолының қазақстандық бөлігін, соның ішінде оңтүстік өңірлердегі мәдени-тарихи ескерткіштерді қайта қалпына келтіріп қана қоймай, оларды туристік инфрақұрылымдармен қабаттастыра дамыту мәселесі қарастырылуда. Отырар ауданында кәдесый өндірісін дамыту, алпыс орындық қонақ үй салу, Арыстанбаб кесенесі мен Отырар қорғаны аралығындағы бос жатқан жерлерге тарихи-мәдени ескерткіштерден тұратын туристік инфрақұрылымдарды дамыту, Түркістан қаласында ашық аспан даласындағы мұражай ашу, қонақ үй салу, Қожа Ахмет Ясауи мавзолейінің қасынан туристік орталық пен мамандар дайындайтын оқу орнын ашу осы мақсатқа бағындырылып отыр.
Вице-министрдің хабарламасына орай мынандай ойды ортаға салғымыз келеді. Бізде туризм тақырыбы тілге тиек етілсе-ақ, елдегі тарихи-мәдени нысандарды тамашалауға шетелден туристерді ағылтып келтіру мәселесі кесе-көлденең тұра қалады. Әрине, бұл әбден ұмтылатын-ақ мақсат. Жеріміздің көрікті орындарына, еліміздің сәулетті ескерткіштеріне әлемнің әр елінен қалталы қонақтар қаптап, еуро мен долларға қарқ етіп кетіп жатса, осы арқылы Қазақстанның атағы алысқа жетіп жатса ғанибет. Бірақ, ондай күн әлі біразға дейін туа қоюы неғайбыл. Бұл бағыттағы министрлік ізденістерін қолдай отырып, мәселенің мына жағына баса назар аударғымыз келеді. Қай елде де туризмнің негізгі бөлігі – ішкі туризм. Қай мемлекеттің астанасына барсаңыз да сондағы музейлерді, тарихи орындарды тамашалап жүргендердің дені сол елдің өз азаматтары екенін көреміз. Солай болуы заңды да. Ең алдымен ел қадірін елдің өз азаматтары білуге тиіс. Бізде де елім дейтін, жерім дейтін жандардың алдымен өзіміздегі көрікті орындарды тамашалауы, өзіміздегі ерен ескерткіштерге таңданып, таңдай қағуы, осы арқылы өз Отанына деген перзенттік сүйіспеншілігі арта түсуі бәрінен маңызды. Демек, министрлік атынан айтылған сөзде осы мәселелер алдыңғы қатарға шығарылғаны жөн еді.
Үкіметтің аталған бағытта атқарып жатқан жұмыстарына пікір білдіріп, өз ұсыныстарын ортаға салған мәдениет қайраткерлері мен тарихшы ғалымдар да бірқатар мәселелерге тоқталды. Парламент Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан нан тәннің азығы болса, мәдениет жанның азығы екендігін айта келе, түркі дүниесінің астанасы деп есептелетін қарт Түркістанды көркейтудің қажеттігін айтты. Қытайда, Ресейде және басқа елдерде қалып кеткен ұлттық тарихи құндылықтарымызды жинақтау, тым болмағанда олардың көшірмелерін жеткізу мәселесіне, басқа тілдерден тікелей аударатын аудармашылар дайындауға мән берді.
Білім және ғылым министрлігінің Археология институтының директоры Карл Байпақов осы уақытқа дейін ХV ғасырдан бастау алып келген мемлекеттігімізді одан да әрі жылжытудың тарихи негіздері қалыптасып жатқандығын, қазіргі Қазақстан аумағындағы археологиялық қазба жұмыстары бұған дәлелдер тауып отырғандығын айтып берді. Мәселен, біздің дәуірімізге дейінгі VІІ ғасырдың тарихи ескерткіштері, осы өңірде жасалып, әлемнің басқа елдеріне тараған қола бұйымдар Қазақстандағы металлургия өнеркәсібінің тарихи негізі ежелгі замандарда қалыптасқандығын, өңірімізде гүлденген өркениеттің орнағанын білдіретін болса керек. Осыған орай ғалым Алматы облысындағы Боралдай өңірінен табылған 48 сақ қорғанын есепке ала отырып, сақ мәдениетінің айшықты көрінісі ретінде ашық аспан астындағы мұражай ашу, Тараз қаласындағы VІІІ ғасырда салынған мешітті қайта қалпына келтіру жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды. М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, академик Сейіт Қасқабасов институт мамандары осы уақытқа дейін халық ауыз әдебиетінен тұратын 100 томдық “Бабалар сөзі” сериясының 32 томын шығарып үлгергендігін, сондай-ақ 10 томдық қазақ әдебиеті тарихының 7 томы, бес томдық қазақ музыкасы антологиясының 4 томы жарық көргендігін айтты. Мұның сыртында басқа да көптеген құнды тарихи-әдеби шығармалар әзірленіп баспаға дайындалу үстінде. Сонымен қатар көрнекті ғалым осыдан 100-200 жыл бұрын жарық көрген көптеген қолжазбалардың тозып бара жатқандығын, оларды қайта өңдеу қажеттігін айтып, осы мақсатта электронды кітаптар жариялау ісіне мән беруді ұсынды. Сондай-ақ Мәдениет және ақпарат министрлігінің “Қазқайтажаңғырту” кәсіпорнының директоры Қанат Тұяқбаев, “Қазақ энциклопедиясының” бас редакторы Бүркітбай Аяған, республикалық орталық кітапхананың директоры Мұрат Әуезов өз ұсыныстарын ортаға салды. Осылардың арасында Мұрат Әуезовтің сөзі бірқатар пікірталасқа арқау болды. Атап айтқанда, оның кейбір экспедицияларды үкіметтік деңгейде ұйымдастырудың қажеті жоқ, оларды жеке қорлардың атынан жүргізген жөн деген ойына Парламент депутаттары Бекболат Тілеухан мен Камал Бұрханов өз қарсылықтарын білдірді. Бұл арада ғылыми дауға шұғыл араласып, тез төрелік айта қоюдан аулақпыз, әйтеуір, Мұрат Әуезовті Кенесарының мәйітін табуға, бас сүйегін қайтаруға қарсы адамдай етіп көрсетудің қажеттігі шамалы. Елбасымыздың Орталық Азия мемлекеттері одағын құру жөніндегі бастамасын мәдени терең тамырластық тұрғысынан тарихи негіздеу қажеттігін айтқаны орынды екені анық. Бірақ, Мұрат Мұхтарұлының қазірдің өзінде әлемдік деңгейде танылған, мойындалған, ЮНЕСКО шеңберінде тұсаукесері өткізілген “Мәдени мұра” бағдарламасының жұмысында жүйелілік жоқ дегені қалайда артықтау айтылғаны анық.
Отырысты қорытындылаған Премьер-Министр Кәрім Мәсімов аталған мәселеге қолға алынып, орындалып жатқан шараларға және алдағы жоспарларға қатысты қолдау білдірді. Соның ішінде Қазақстанда мәдени және тарихи мұраларды сақтауды туризм негізінде дамыту ісі өте қажет деп тапты. Осыған орай тиісті шешім қабылданды.
Достарыңызбен бөлісу: |