Тақырыбы:Жүрек-қан тамырлары жүйесінің қызметтері бұзылғанда
қолданылатын дәрілік заттар.
Ақбас шөп – Желтушник левкойный.
Химиялық құрамында эризимин және эризимозид гликозидтері бар.
Қолданылуы. Жүрекке әсер ететін және зәр айдайтын дәрі ретінде ертеден қолданылып келе жатқан дәрілік шөп. Орталық нерв жүйесін тыныштандырады. Жүректің систолалық жирылуын жақсартады, диастоланы ұзартады, жүректің минуттық көлемі ұлғаяды, қан қысымы жоғарылайды.
Терапевтік тиімділігі жағынан строфанттан кем емес: әсері жұмсақтау, ұзағырақ және улылығы төмен, кумулятивтік қасиеті жоқ.
Шикізаттың тұнбасын 1:20 қатынасында дайындайды. Бұзауларға 1 ас қасығынан күніне 3-4 рет ішкізеді.
Бес салалы сасық шөп – Пустырник пятилопастной.
Химиялық құрамында леонурин, кверцетин, стахидрин, рутин, сапониндер, эфир майлары, илік заттар А және С витаминдері бар.
Қолданылуы. Мал дәрігерлік тәжірибеде жүрек неврозын емдеуге, тер, зәр шығаратын дәрі ретінде пайдаланады.Оның малдың нерв жүйесін тыныштандыратын қасиеті дәрілік шүйгін шөптен екі есе артық. Сол себептен де ол жүрек неврозында артериялық қан қысымын төмендетуге, қан тамырларының өзегін кеңейтуге пайдаланылады.
Малға ұнтақталған дәрілік шикізатты жеммен араластырып береді. Беру мөлшері: ірі қара мен жылқыға -5-10 г, қой мен бұзауға 1-2 г.
Оны тұнба түрінде де қолдануға болады. Ол үшін 40 г кептірілген шөп ұнтағы қайнап тұрған 500-600 мл суға салынып, 15-20 минут тұндырылады. Сиырға -50-80 мл, бұзау мен қойға - 20-30 мл мөлшерінде күніне 3 рет ішкізіледі.
Спирттік тұнба жасау үшін майдаланған 50 г дәрілік шөп 40* 200 мл спиртте 7-8 күн ашытылады. Ірі малға 3-5 мл-ден күніне 3 рет ішкізіледі.
Бөдене шөп – Вероника ненастоящая.
Химиялық құрамында ааздаған алкалоидтар, флавоноидтар, гликозидтер, сапониндер бар.
Қолданылуы. Мал дәрігерлік тәжірибеде суық тиіп ауырғанда, зәр шығаратын, жыныс ағзаларының ауруларында; жүрек ауруларында тыныштандыратын дәрі ретінде; сырттай тері ауруларында, қотырда қолданылады. Тыныс жолдарын тазалайды, ішкі секреция бездерінің жұмысын қуаттандырады, қабынуға қарсы әсер етеді, ауырсынғандықты басады, жаралардың жазылуын тездетеді. Жүректің тонусын жақсартады.
Шөптің өзін және оның тұнбасын малға 0,1 г құрғақ шикізатты 1 кг салмағына есептеп, күніне 2-3 рет, 7-10 күндей ішкізеді.
Дәрілік қырлы шөп – Кулена лекарственная.
Химиялық құрамында С витамині, қант, шырышты заттар көп. Ал жемісінің құрамында жүрекке әсер ететін гликозидтер бар.
Қолданылуы. Құрамында улы заттар жоқ болғандықтан тамырын еркін қолдана беруге болады. Тамырының тұнбасы жүрек, өңеш, өкпе ауруларында қолданылады. Сабағы мен жапырағының тұнбасы суық тиіп ауырған малдың қызуын түсіреді.
Тамыр тұнбасы 1:10 қатынасында жасалады. Ол үшін 100 г майдаланған шикізат 1 л суға тұндырылып, ірі қараға -250-300 мл, ұсақ малға -100-125 мл-ден күніне 3 рет ішкізіледі.
Дәрілік шүйгін шөп – Валериана лекарственная. Халық арасында бұл өсімдікті аптекалық шүйгін шөп, мысық шөбі, мысық-тамыр, дене қыздыратын тамыр деп атайды.
Химиялық құрамында эфир майлары; алма, құмырсқа, сірке қышқылдары; стеарил; изовалериан; пальметин қышқылдары; шайырлы, илі заттар; крахмал; қант бар. Валериан, хатинин алкалоидтары; сапониндер; гликозид-валерид деген заттар бар.
Қолданылуы. Тамырының тұнбалары жүректің жұмысын жақсарту, нерв жүйесінің ауруларын емдеу үшін қолданылады. Малдың жүрек соғуы жақсарады, қан тамырларының өзегі кеңейеді, қан айналымы жақсарады.
Тұнба 1:10 қатынасында жасалады. Ол үшін ұсақталған 100 г тамыр қайнаған 1200 мл суға -15-20 минут тұндырылады. Жылқы мен ірі қараға -250-600 мл, қойға -50-150 мл, бұзауға -60-150 мл, қозыға -30-40 мл мөлшерінде күніне 2-3 рет ішкізіледі.
Спирттік тұнба жасау үшін 100 г тамыр 70* 350-400 мл этил спиртінде 5 күн ашытылады. Ірі малға -25-30 мл, ұсақ малға -5-10 мл-ден күніне 3 рет ішкізіледі.
Жылқының іші түйіліп шаншу пайда болғанда 0,5 литр шүйгін шөп тұнбасына 10 мл ихтиол және 10 мл этилдік эфир ертінділерін араластырып, ішкізеді. Ол сақа жылқыға -250-300 мл, құлын мен тайға -100-120 мл мөлшерінде күніне екі рет беріледі.
Дәрілік түйетабан – листовень лекарственный.
Химиялық құрамында винцетоксин, сапонин гликозидтері бар.
Қолданылуы. Жүректің жұмысының нашарлауы салдарынан пайда болатын ісіктерді қайтару үшін қолданылады.
Тұнба 1:10 қатынасында дайындалады. Ол үшін 40 г шикізат қайнаған 400-500 мл суға 20-30 минут тұндырылып, сүзіледі. Сиырға -20-40 мл, бұзауға -10-25 мл, қойға -5-10 мл мөлшерінде күніне 3 рет ішкізіледі.
Спирттік тұнбасын жасау үшін 20 г ұсақталған тамыр 40* 130-150 этил спиртіне салынып, 10 тәулік тұндырылады. Ірі қара малына 20-25 тамшыдан күніне 3 рет беріледі. Дозасы артық кеткенде малды уландырады, құстырады. Дәріні тек мал дәрігерінің рұқсатымен ғана беру керек.
Зығыр (қарапайым, жабайы) – лен обыкновенный, дикий. Көпжылдық шөп тектес өсімдік.
Химиялық құрамында алкалоид 1-пеганин, флавоноид гликозидтері, фитостерин, аскорбин қышқылы т.б. заттар бар.
Дәрілік шикізат ретінде гүлдеп тұрған кезде жиналып алснған өсімдіктің жер бетіндегі бөлігі пайдаланылады.
Қолданылуы. Жүрек, тері ауруларында көбінесе зәр айдайтын, іш өткізетін дәрі ретінде қолданады. Улылығы аз, жақсы кардиотоникалық және руминотоникалық қасиеттері бар. Қанның қысымын жоғарылатады, жүректің жирылуын жақсартады, систолалық көрсеткіш азаяды, диастола ұзарады. Әсіресе жүрек еттерінің қажуынан болатын жеткіліксіздіктерде көмегі жақсы. Мес қарын мен ащы ішектердің жирылуын үдетеді. Асқазан сөлі көбейеді, оның ас қорыту күші жоғарылайды.
Мал дәрігерлік тәжірибеде жүрек-қан тамылары мен ас қорыту жүйелерінің жұмыстарын қатарынан қуаттандыратын дәрілік заттар сирек кездеседі. Сондықтан да бұл дәрілік заттың маңызы зор. Оймақгүл және жалынгүл препараттарына қарағанда өсімдіктің галенді түрінің тітіркендіру қасиеті жоқтың қасы.
Өсімдіктің шөбін немесе тұнбасын құрғақ затына есептегенде 0,05 – 0,06 г мөлшерінде ауру малдың 1 кг салмағына есептеп ауыз қуысы арқылы береді.
Қаратау томаға шөбі – Шлемник Каратауский.
Химиялық құрамында сабағында 7-10 %-ке жуық скутеллярин деп аталатын флавоидтық гликозид бар, ал тамырының құрамында вагонин, байкалин гликозидтері, илік заттары және аздаған қара май бар.
Қолданылуы. Қан тамырларының өзегін кеңейтеттін, қан қысымын төмендететін, нерв жүйесін тыныштандыратын, жүрек еттерінің жирылуын қалпына келтіретін қасиеттері бар. Осы қасиеттеріне сәйкес малдың жүрегі мен нерв жүйесінің ауруларын емдеу үшін қолданылады.
Халық емшілері оны ішектегі гельминт құрттарын түсіруге және қан тоқтату үшін де қолданған.
Тұнбасы ірі қараға -10-40 г, қойға -5-8 г мөлшерінде беріледі.
Кіші қабыр шөп – Барбинок малый.
Химиялық құрамында қан тамырларының өзегін кеңейтетін мипорин, винин, пубесцин, викалин алкалоидтары; урсол қышқылы; рутин және илік заттар бар.
Қолданылуы. Малдың жүрек ауруларын емдеуге, қан тоқтатуға және денедегі әртүрлі жараларды емдеуге қолданылады.
Өсімдік улы өсімдіктердің қатарына жатады. Тек мал дәрігерінің рұқсатымен қолданылады. Дәрілік тұнба 1:20 қатынасында дайындалады. Ол үшін 20-25 г өсімдік ұнтағы 0,5 л суға салынып, 15-20 минут ақырындап қайнатылады да, суытылып, сүзіледі. Дайын тұнба ірі малға -50-70 мл, ұсақ малға -20-30 мл мөлшерінде күніне 2-3 рет ішкізіледі.
Денедегі және терідегі іріңді жараларды емдеу үшін тұнба 1:8 қатынасында жасалады. Ол үшін 10 г дәрілік шикізат қайнатылған 70-80 мл суға 15-20 минут тұндырылады да, сүзіледі. Дайын тұнба жараға дәкемен жағылады. 3-4 рет жаққаннан кейін жара тез жазылады.
Қосүйлі мысықтабан – Кошачья лапка двудольная.
Химиялық құрамында шайырлы, илі заттар, сапониндер, С витамині, эфир майлары, фитостерин, смолалы заттар болады.
Қолданылуы. Халық тәжірибесінде шөптің тұнбасы малдың танауынан, ішектен, асқазаннан аққан қанды тоқтату үшін қолданылған.
Өсімдіктің гүлінің өт жүргізетін қасиетінің күшті болуына байланысты оны мал дәрігерлері малдың бауыр, өт жолдарының ауруларын емдеу, асқазан-ішек жұмыстарын жақсарту үшін қолданады.
Тұнба жасау үшін екі шай қасық гүл ұнтағы қайнаған жарты литр суға салынып, 15-20 минут тұндырылады. Ірі малға -150-200 мл, ұсақ малға -50-70 мл мөлшерінде күніне 2 рет ішкізіледі.
Қан тоқтату үшін қоюлау шөп тұнбасын (1:5) жасап, қан ағып тұрған жерге жағады немесе сонымен жуады.
Қызыл және алтайлық долана – Бояршник кровяно-красный или алтайский.
Химиялық құрамы. Гүлінің құрамында эфир майлары, холин және ацетилхолин, хлороген қышқылдары бар. Жемісінде аскорбин және лимон қышқылдары, флавоноидтар, каротин, ацетилхолин, илік заттар, эфир майлары, гиперозид, қант және басқа да заттар болады.
Қолданылуы. Мал дәрігері тәжірибесінде доланадан жасалған дәрілер жүрек ауруларын емдеуге, қан қысымын төмендетуге, орталық нерв жүйесін тыныштандыруға қолданылады.
Дәрілік тұнба жасау үшін долана гүлінің 5 ас қасығын 1 л қайнап тұрған суға салып тұндырады. Ауру бұзауға 200 мл, қойға -100 мл, қозыға -50 мл мөлшерінде күніне 3 рет ішкізіледі.
Долананың кептірілген жемісінің 40 грамын қайнап тұрған 1 л суға салып, 15-20 минут тұндырады да, дәкемен сүзеді. Малға берілу мөлшері гүл тұнбасының берілу мөлшерімен бірдей.
Мал дәрігерлік тәжірибеде көбінесе долана жемісінің спирттік тұнбасы жиі қолданылады. Ол үшін 50 г долана жемісі 70* 0,5 л этил спиртіне салынып, 4-6 күн бойы жылы жерде ашытылады. Ірі малға 15-20 тамшыдан, ал ұсақ малға 10-15 тамшыдан күніне 3 рет ішкізіледі.
Меруертгүл – Ландыш майский.
Химиялық құрамында глюкозидтер – конваллотоксин, конваллозид, конваллотоксол және сапониндер, эфир майлары, крахмал, алма лимон қышқылдары, жапырақтарында С витамині бар.
Қолданылуы. Малдың жүрек-қан тамырлары жүйесінің жұмысын жақсарту, денедегі сулы ісіктерді кетіру, зәр шығуын үдету үшін қолданылады. Оны шүйгін шөппен қосып қолданғанда өте нәтижелі болады. Меруертгүл улы өсімдік, малға аса сақтықпен береді. Оны 1:30 қатынасындай тұнба ретінде ішкізеді.
Дәрілік шикізаттың құрғақтай берілу мөлшері: жылқыға -5-15 г, ірі қараға -5-20 г, қойға 2-8 г мөлшерінде.
Көктемдік жанаргүл – Адонис весенний горицвет.
Химиялық құрамында цимарин және адонитоксин гликозидтері бар. Сондай-ақ К-строфантин, адиновернит деген флавоноидтық гликозидтер де бар.
Қолданылуы. Мал дәрігерлік тәжірибеде жүрек неврозына қарсы, орталық нерв жүйесін тыныштандыратын, бүйректердің жұмысын жақсартатын дәрі ретінде қолданады. Ауру малға тұнба және болюс түрінде ішкізіледі. Мөлшері: жылқыға -5-10 г, ірі қараға -5-15 г, қойға -1-3 г, тауыққа -0,1-0,2 г.
Дәрілік тұнба жасау үшін 30 г құрғақ шикізат қайнап тұрған 0,5 л суға салынып 15-20 минут тұндырылады. Дайын тұнба жылқы мен ірі қараға -75-100 мл, қойға -20-30 мл мөлшерінде күніне үш рет ішкізіледі.
Көктемдік жанаргүлдің аздап улылығы бар, қалай болса солай қолдана бкруге болмайды. Оның берілу мөлшерін анықтағанда малдың тірідей салмағын, қоңдылығын ескеру қажет.
Оймақгүл ірі гүлді – Наперстянка крупноцветная.
Химиялық құрамының негізінде глткозидтер – дигитоксин мен гитоксин болады. Сондай-ақ сапониндер, флавоноидтар, калий тұздары және т.б. заттар анықталған.
Қолданылуы. Өте маңызды дәрілік шикізат ретінде өте ертеден қолданылып келе жатқан өсімдік. Алғаш рет қолдануды ғылыми негізге қойғандар С.П.Боткин мен И.П.Павловтар. Оймақгүл гликозидтерінің негізгі бағалылығы олардың жұмысы нашарлаған жүрекке жақсы әсер етуінде. Жүректің систолалық жирылуын күшейтеді, жүрек еттерінің тонусын жоғарылатады, диастолалық период ұзарады, қан айналысы жылдамдайды. Қан қысымы қалыпқа келеді.
Құрсақ қуысындағы ағзалардың қан тамырларының өзектері тарылады, ал бұлшық еттің, терінің, мидың және бүйректердің қан тамырларының өзектері, керісінше, кеңейеді. Онымен қатар зәр айдайтын, ас қорытуды жақсартатын қасиеттері де бар. Қайталап қолданғанда кумулятивтік әсері бар. Сондықтан оны мал дәрігерінің үлгісімен ғана қолданған дұрыс.
Жүрек ақауларында, жүрек қызметінің жеткіліксіздігінде, эндокардиттің, миокардиттің жіті түрлерінде, жүректің өткізгіштігі бұзылғанда қолдануға болмайды.
Оймақгүлдің жапырағын ұнтақ, тұнба, экстракт түрлерінде қолданады. Одан дайындалған препараттар: дигитоксин, кордигит, дигоксин, целанид, лантозид, дигален-неолар дәріханаларда дайын түрінде рецептер арқылы босатылады.
Сақаушөп (қансиген) – Мытники.
Химиялық құрамындағы нағыз әсер ететін заттар толық анықталмаған. Сазды түрінде аукубин гликозиді, алкалоидтардың іздері анықталған. Басқа түрлерінен флавоноидтар мен гликосапониндер бөлініп алынған.
Қолданылуы. Сазды түрі зәр айдайтын, қанның ағуын тоқтататын дәрілік зат ретінде; нашар жазылатын жараларда сырттай жағу арқылы қолданады. Инсектицид ретінде қайнатпасын пайдалануға болады. 1:2000 – 1:5000 концентрациясы теңіз шошқа жатыр мүізшесінің жекеленген бөлігінің жирылуын күшейткен. Шөбінің тұнбасы аздап қан тамырларының өзегін тарылтады және иттерде зәр шығаруды үдетеді.
Айдарлы және түкті түрлерінің кардиотоникалық әсерлері жақсы білінеді. Өсімдіктің тұнбасын тері астына жібергенде жүректің жирылуының амплитудасы ұлғаяды, темпі азаяды. Өсімдіктің галенді түрін 0,1 – 0,2 г/кг мөлшерінде қолданады.
№7-8 Дәріс
Малдың тыныс алу мүшелерінің ауруларын емдеу үшін
қолданылатын дәрілік заттар.
Айдар шөп – Шток роза.
Химиялық құрамында кілегейлі, илік, түрлі бояғыш, т.б. заттар бар.
Қолданылуы. Өкпесі ауыратын малдың қақырығын түсіру үшін, өңештің қабынуын емдеу үшін қолданылады.
Дәрілік шикізаттың 10-15 грамы қайнаған 250 мл суға салынып, 5-8 минут тұндырылады. Тұнба ауру бұзау мен құлынға -15-30 мл, қозыға -5-15 мл мөлшерінде күніне 3 рет ішкізіледі.
Ақ тауқалақай – Крапива глухая и яснотка белая.
Химиялық құрамында флавоноидтар, эфир майлары, гитоминдер, алкалоидтар, илік заттар, холин және кілегейлі заттар бар.
Қолданылуы. Мал дәрігерлік тәжірибеде малдың жоғарғы тыныс алу жолдары қабынғанда дәрілік шикізаттың тұнбасы қолданылады. Тұнба жасау үшін 50 грамм дәрілік гүлді қайнаған 600-700 мл суға салады да, 5-10 минут тұндырады. Ауру бұзау мен құлынға -150-200 мл, қозыға -50-70 мл мөлшерінде күніне 2-3 рет ішкізеді.
Андыз – Девясил высокий.
Химиялық құрамында эфир майлары, сапониндер, смола, кілегейлі және ащы заттар, қант, инулин, инулинге ұқсас заттар, аздаған алкалоидтар және т.б. заттар бар.
Қолданылуы. Мал дәрігерлік тәжірибеде шикізаттың қайнатпасы қақырық түсіру, зәр шығару, өт айдау және қан тоқтату үшін пайдаланылады. Сондықтан оны бронхитте, бүйректер мен бауыр ауруларында, ас қорыту жүйесінің ағзаларының қабыну процесстерінде қолданады. Сырттай жағу арқылы іріңді және ойық жараларды, бөртпені емдейді.
Қайнатпаны 1:10 қатынасында дайындайды. Оны салқын жерде 2 тәуліктей сақтауға болады. Бұзауларға ¼ стакан мөлшерінде күніне 2-3 рет азықтандырудан 30-60 минуттай бұрын ішкізеді.
Асқазан мен 12-тұтам ішектің ойық жараларын емдеу үшін қолданылатын аллантон препаратының құрамында да андыз тамырының лактондары бар. Ол препарат 0,1 г таблетка түрінде, бір бумада 100 таблеткадан шығарылады.
Аюқұлақ – Коровяк.
Химиялық құрамында кілегейлі заттар, көмірсутегі, алкалоидтар, флавоноидтар, сапониндер, эфир майлары, каротин, С витамині, алма және фосфор қышқылдары бар.
Қолданылуы. Шикізаттың тұнбасы тыныс алу жолдарының қабынуында, түберкүлезде, ас қорыту жүйесінің ауруларында, бүйектерде тас түзіліп ауырғанда, күйіктерде қолданылады. Құрамында сапониндер мен кілегейлі заттардың болуына байланысты құрғақ жөтелде жақсы көмектеседі. Бронхылардың қабынуында, демікпеде, астмада қолданады. Галенді түрі артериалық қысымды жоғарылатады, жүректің қызметін қуаттандырады. Сия түсті аюқұлақ тұнбасы ащы ішектердің қызметін белсендендіреді. Оны 0,1 г/кг мөлшерінде тағайындайды.
Дәрілік жалбыз тікен – Алтей лекарственный.
Химиялық құрамында 35 % қоймалжың заттар, 37 % -дай крахмал, 10 % -ға жуық сахароза, майлар, бетален деген заттар бар.
Қолданылуы. Мал дәрігерлік тәжірибеде негізінен қақырық түсіруге; өкпенің, өңештің қабынуларына қарсы және орталық нерв жүйесін тыныштандыру үшін қолданылады.
Тұнба 1:10 қатынасында жасалады. 100 г ұнтақталған тамыр қайнап тұрған 1,5 л суға салынып, 15-20 минут тұндырылады. Суытылып, сүзілген тұнба жылқы мен сиырға -250-300 мл, қойға -100-150 мл, бұзау мен құлынға -150-200 мл мөлшерінде күніне 2-3 рет ішкізіледі.
Жалпы таза дәрілік шикізаттың берілу мөлшері: жылқыға -20-80 г, ірі қараға -30-150 г, қойға -10-15 г, тауыққа -0,5-2 г.
Дәрілік жөтел шай – Буквица лекарственная.
Химиялық құрамында бетоницин, холин, илік заттар, стахидрин және әртүрлі алкалоидтар бар.
Қолданылуы. Мал дәрігерлік тәжірибеде өкпесі ауыратын малдың жөтелін басуға, қақырық түсіруге қолданады. Қан қысымын төмендететін, орталық нерв жүйесін тыныштандыратын, организмдегі зат алмасу процессін жақсартатын қасиеттері де бар. Өкпеден, танаудан аққан қанды тоқтату үшін де қолданады.
Дәрілік тұнба 1:10 қатынасында жасалады. Ол үшін 100 г ұнтақталған дәрілік шикізатты 1 л суға салып, 15-20 минут бүлкілдетіп қайнатады. Суытылып, тұндырылған тұнбаны бұзау мен құлынға -150-200 мл, қозыға -20-30 мл мөлшерінде күніне 2-3 рет ішкізіледі.
Емен ағашы – Сосна лесная.
Химиялық құрамында эфир майлары, дубильдік заттар, С және К витаминдері, каротин, фитонцидтер, ащы зат – пиницикрин және минералды тұздар бар.
Қолданылуы. Емен бүршігінің қайнатпасы мен тұнбасы бронхитте, жоғарғы тыныс алу жолдары мен өт қабы қабынғанда қолданады. Шошқа майына араластырып жараларды емдеуге болады. Қақырық түсіру үшін, залалсыздандыратын, зәр айдайтын зат ретінде, С гиповитаминозының алдын алу үшін қолдануға болады. Бүршігінің дозасы: ірі малға -15-20 г, ұсақ малға -1,5-2 г. Қайнатпасы 1:20 қатынасында жасалады. Оны салқын жерде 2 күннен артық ұстауға болмайды. Бұзауларға ¼ - 1/3 стакан мөлшерінде күніне 2-3 рет малды азықтандырғаннан кейін береді.
Жабайы жоңышқа – Клевер луговой, дикий клевер.
Химиялық құрамында трифолин гликозиді, эфирлік майлар, аскорбин қышқылы, каротин, В тобындағы витаминдер, алкалоидтар, смолалық заттар, изофлавоноидтар, биохинон деген заттар бар.
Қолданылуы. Мал дәрігерлік тәжірибеде тыныс алу ағзалары ауыратын бұзаулардың, қозылардың қақырығын түсіру үшін қолданады. Тұнба 1:10 қатынасында жасалып, бұзауға -150-200 мл, қозыға -25-50 мл мөлшерінде күніне 3-4 рет ішкізіледі. Сақау ауруына шалдыққан құлынға жоңышқаның 1:5 қатынасында дайындалған ертіндісін ішкізсе, жалпы күйі жақсарып, тез оңалады.
Жолжелкен (бақажапырақ, иманжапырақ)– Подорожник большой.
Химиялық құрамында аукубин гликозиді, ащы және дубильді заттар, каротин, С витамині, сапониндер, кілегейлі заттар т.б. бар.
Қолданылуы. Мал дәрігерлік тәжірибеде тыныс алу жолдары қабынғанда қақырық түсіру үшін, қабынуға қарсы әсер ететін дәрі ретінде, асқазан мен ішектердің қабынуында, шаншу құбылысымен сипатталатын ауруларда қолданады.
Тұнбасы 1:20 қатынасында жасалады. Бұзауларға ауыз қуысы арқылы бір шай қасықтан күніне 3-4 рет азықтандырардан бір сағат бұрын ішкізеді. Қойлар мен шошқаларға дозасы 3-10 г, иттерге -1-3 г.
Құрамында фитонцидтердің болуына байланысты микробтарға қарсы әсері жақсы білінеді. Сондықтан оны іріңді ойық жараларды емдеу үшін де қолданады. Ол үшін жақсы жуылған жапырақтарын ұсақтап бес есе көп мөлшерде ас тұзының изотоникалық ертіндісімен тұндырады. Бірнеше қабат марлі арқылы сүзеді. Дайын тұнбаны ашық жараларды емдеу үшін пайдаланады.
Шикізаттан экстракт дайындап, оны асқазан мен он екі тұтам ішектің қабынуында, оларда ойық жара болғанда ауыз қуысы арқылы тағайындайды. Иттерге – 0,5- 1 г; мысықтарға - 0,1- 0,3 г.
Жөке ағашы – Липа сердцевидная.
Химиялық құрамында эфир майлары, илік заттар, шырыш, воск, гесперидин, қант, аскорбин қышқылы, каротин және т.б. заттар бар.
Қолданылуы. Малдың тыныс алу ағзалары қабынғанда, жөтелді басу, тер шығару, дене қызуын төмендету, ішектің түйнеп ауыруын басу үшін қолданады. Бүйректерде, қуықта пайда болған тастарды, құмдарды айдап шығару үшін де қолданады.
Дәрілік тұнба 1:10 қатынасында жасалып, ауыз қуысы арқылы беріледі. Тұнба жасау үшін 5 ас қасық кептірілген гүл қайнап тұрған 1 л суға салынып, 5-10 минут тұндырылады да, ірі малға -150-200 мл, қойға -50-75 мл, құлын мен бұзауға -70-100 мл, қозыға -10-20 мл мөлшерінде күніне 3 рет ішкізіледі.
Малдың іріңді жараларын жұмсарту үшін ағаштың жапырақтары мен бүршіктерін пайдаланады.
Халықтар жөке ағашының гүлін шай ретінде де пайдаланады, аралар гүлінен бал жинайды.
Жөке ағашының медицинада да, мал дәрігерлік тәжірибеде де, жалпы халық шаруашылығында маңызы өте зор.
Киікоты – Душица обыкновенная.
Химиялық құрамында дубильді заттар, аскорбин қышқылы, эфир майлары бар. Эфир майларының құрамында фенол, тимол, басқа да иісті қосылыстар, флавоноидтар болады.
Қолданылуы. Оның қақырық түсіретін қасиетіне байланысты бронхитті және басқа да тыныс алу жүйесінің ағзаларының ауруларын емдеуде кеңінен қолданады. Сондай-ақ орталық нерв жүйесін тыныштандыратын, ас қорыту жүйесінің, бронхы және тер бездерінің секретін үдететін, ішектердің жирылуын жақсартатын әсерлері бар. Оның ішек құрттарын шығаратын әсері фармакологиялық тұрғыдан дәлелденген. Микробтарға қарсы әсер етеді.
Өсімдіктің шөбі және шөбінің тұнбасы пайдаланылады. Тұнбасын 1:20 қатынасында дайындайды. Ол үшін алынған шикізатты шыны ыдысқа орналастырып, оған стакан қайнатылған су құяды да 15-20 минуттай бетін жауып қояды. Одан кейін сүзеді. Бұзауларға 1-2 шай қасық мөлшерінде күніне 2 рет азықтандырар алдында береді. Шөбінің мөлшері 2-3 г.
Көкбас шөп – Синеголовник плосколистый.
Химиялық құрамында дубильдік заттар, эфир майлары, сапониндер бар.
Қолданылуы. Қатты жөтел тудыратын ауруларда қақырық түсіру үшін; жүрек қызметі нашарлағанда; бүйректерде тас пайда болғанда; асқазан, ішек, бауыр ауруларында қолданады.
Тұнбасын 1:20 қатынасында дайындап, қақырық түсіретін дәрі ретінде ірі малға -200-700 мл, қойлар мен шошқаларға -50-400 мл, бұзауларға -150-200 мл мөлшерінде ауыз қуысы арқылы береді.
Сондай-ақ тұнбасының ауырсынғандықты басатын, қабыну процессінің жазылуын жақсартатын, организмнің улануына қарсы әсер ететін қасиеттері де бар.
Көкшегүл – Синюха голубая.
Химиялық құрамында үштерпен сапониндері, эфир майлары, органикалық қышқылдар және смола бар.
Қолданылуы. Қайнатпа және тұнба ретінде бронхитте, бронхопневмонияда және орталық нерв жйесін тыныштандыратын дәрі ретінде қолданады. Қақырық түсіру әсері басқа дәрілік заттарға қарағанда әлдеқайда күштірек. Седативтік әсері валериананың әсерінен 8-10 есе күштірек. Бронхының кілегей қабығын тітіркендіру арқылы оның секрет бөлуін үдетеді де, қақырықтың бөлінуін жақсартады. Жөтел құрғақ, ауырсындыратын түрінен ылғалды түріне ауысып, ауырсынғандық азаяды.
Шикізатты қайнатпа, быламық, болюс түрлерінде тағайындайды. Ауыз қуысы арқылы жылқыларға -10-20 г, қойлар мен шошқаларға -3-5 г, иттерге -1-2 г мөлшерінде құрғақ затқа есептеп береді.
Қайнатпаны дайындау үшін 6 г ұнтақталған шикізатқа 200 мл су құю арқылы іске асырады. Оны салқын жерде 2 күннен артық ұстауға болмайды.
Достарыңызбен бөлісу: |