12 ЖЫЛДЫҚ БІЛІМ БЕРУДЕН ЖОҒАРЫ БІЛІМГЕ ӨТУ КЕЗЕҢІНДЕГІ ПӘНДЕРДІҢ МОДУЛЬДІК ЖОБАЛАНУЫ
Оразбекова Лязат Ниязбекқызы,
(Қазақстан Республикасы, Алматы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, orazbekova_ln@mail.ru)
Қазақстанның дүниежүзілік білім беру кеңістігіне енгеннен кейінгі дамуындағы басты бағыттардың бірі Қазақстанның білім беру жүйесін дүниежүзілік стандарттарға сәйкестендіру болып табылады. Бұл сәйкестік бір жағынан еліміздегі жас тұлғаның дүниежүзіндегі өз құрбыларымен қатар артық кедергісіз білім алуына мүмкіндік берсе, екінші жағынан көптеп келіп жатқан қандастарымызға отандық білім беру жүйесіне жатырқамай енуіне қолайлы жағдай жасайды.
Білімнің берілуі қоғам мен ғылым дамуының талаптарына сай болуы үшін педагогикалық қызмет үнемі шығармашылық-зерттеулік деңгейде болуы керек. Яғни, түрлі деңгейдегі білім беру бағдарламалары халықаралық талаптарға сәйкес болуы, білім беру сатыларындағы пәндердің мазмұндық сабақтастығы, еңбек нарығына бейімделу тұрғысындағы бірқатар жұмыстар зерттеуші-ғалымдардың, оқытушы-педагоктердің еншісінде.
12 жылдық орта білім беру базасында оқытылатын төрт жылдық бакалаврлық оқыту нәтижесінде берілген диплом иегері еңбек нарығында толыққанды маман болып даярлануы тиіс. Маманды қалыптастыруға қажетті пән мазмұны білім берудің жаңа жүйесіне сәйкес өзгереді. Мектептегі мазмұн өзгерген жағдайда жоғары оқу орнындарындағы мазмұн бұрынғысынша қала алмайтыны сөзсіз. Олай болса, кәсіптік білім беру мәселесін жекеше қарастырудан гөрі, жоғары білім берумен сабақтастыра қарау қажеттілігі туындайды. Сонымен қатар, бұрын мектеп түлектерінің алдымен мектеп бағдарламасындағы білімді меңгеріп, оқу еңбегіндегі білік пен дағдыны қалыптастыру негізгі мақсат болып келсе, жаңа жүйеде алдымен оқушының өз бетімен білім алуын қалыптастыру, жекеше іздене білуін, қажетті ақпаратты таба білуін, дағдысын қалыптастыра білуін негізі мақсат етіп отыр. Бұл мақсаттар түлектің құзіреттіліктері түрінде анықталып, білім беру үдерісінің соңғы мақсаты өзі таңдаған салада құзіретті тұлғаны тәрбиелеп шығару болып отыр [1].
Маман болып қалыптасуға қажетті білім мазмұнын, құзіреттіліктерін қалыптастыратын әдіс-тәсілдерді толықтай жобалап қарауға мүмкіндік беретін түрлі жүйелерді талдау барысында педагогикалық зерттеулерде оң бағасын алған модульдік оқыту жүйесінің артықшылығы байқалады.
Модульде мақсатты әрекет ету жоспары, сұрыпталған нақты мазмұн, қойылған мақсатқа жетудің әдістемелік нұсқаулары көрсетіледі, сондықтан да модуль - модульді оқыту құралы ретінде көрініс табады. Модульді оқытудың басқа оқыту жүйелерінен өзгешелігі оның жүйелілігінде (модуль білім беру жүйесінің барлық белгілерін қамтыған), құрылымдық жобаланғандығында (модуль білім беру мазмұнын толықтай жобалайды), түзетіп жөндеуге болатындығында (әрбір оқытушы өз жағдайына икемдей алады), жоспарлау тиімділігінде [2].
Модульдің әдістемелік ұйымдастыру құрылымына дидактикалық мақсат, логикалық аяқталған оқу материалы және оқыту процесін ұйымдастыру тәсілі (әдістемелік нұсқау мен бақылау жүйесін) жатқызамыз.
Педагогикалық әдебиеттерде дидактикалық мақсатты деңгейлері (жалпы педагогикалық, пәндік, ағымдық деңгейлер) және дидактикалық функцияларына (танымдық, операциялық) байланысты екі бағытта қарастырады. Жалпы педагогикалық мақсат маманның классификациялық сипатын беріп, кәсіптік білім біліктерді сипаттайды. Пәндік мақсат пән мазмұны мен пән ерекшеліктерін сипаттаса, ағымдық мақсат нақты бір оқу материалын меңгертуге бағытталып, оқу процесін ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Ал дидактикалық функцияларына байланысты танымдық мақсат оқу материалының теориялық мазмұнына байланысты қойылып, тұлғаның фундаментальді білімдер жүйесін қалыптастыруға бағытталса, операциялық мақсаттар оқу материалының практикалық мазмұнына байланысты қойылып, тұлғаның білім, білік, дағдыларын қалыптастыруға бағытталған.
Модульдің логикалық аяқталған оқу материалы немесе оқу мазмұны қойылған мақсатқа сәйкес мазмұнды таңдау критерийлері мен ұйымдастыру принциптеріне сүйеніп модульге жоспарланады.
Мазмұнды таңдау критерийлері ретінде мыналар анықталған:
1. Мазмұнның толықтық критерийі - бар мазмұнды, оның жетілдірілуін және сол арқылы тұлғаның жан-жақты дамуын білім мазмұнында толықтай бейнелеу критерийі.
2. Білім мазмұнының негізгісі мен мәндісін бөліп көрсету критерийі, яғни ең қажетті, әмбебап, болашақтағы қолданысы бар элементтерді бөліп көрсету.
3. Мазмұнның жас ерекшеліктеріне сәйкес болу критерийі.
4. Мазмұнның оқу жоспарындағы бөлінген уақытпен сәйкестік критерийі.
5. Мазмұнды қалыптастырудағы отандық және дүниежүзілік тәжірибені ескеру критерийі.
6. Мазмұнның материалды техникалық және әдістемелік базаға сәйкестік критерийі [3].
Көрсетілген критерийлер негізінде таңдалған мазмұнды жекелеген модульге жобалау модульдік оқыту жүйесінің негізгі жұмысы. Бұл жұмыстар оқыту мен тәрбиелеу мақсатына сәйкес оқыту процесінің заңдылықтарын ғылыми талдау нәтижесінде анықталатын дидактикалық принциптер негізінде жасалады. Өз кезегінде дидактикалық принциптер атқарылатын жұмыстың бағытын мазмұнын, ұйымдастыру тәсілдерін анықтайды.
Дидактикада жинақталған (оқытудағы ғылымилық принципі, жүйелілік пен бірізділік принципі, саналылық принципі, белсенділік принципі, теория мен практиканың байланыс принципі, көрнекілік принципі, білімнің ұзаққа сақталу принципі, нақтылық пен абстрактіліктің бірлігі принципі және т.б.) принциптерді модульдік оқыту жүйесіне қатысты былайша топтастыруға болады:
- құрылымдық принциптер модуль мазмұнына қойылатын бірізділік, бүтіндік, автономдық сияқты талаптарды қамтамасыз ете отырып нақты қойылған дидактикалық мақсатқа жетуді көздейді;
Құрылымдылық принциптер мынадай істердің атқарылуын міндеттейді: модульді оқытудың жалпы дидактикалық мақсатын анықтап алу; қарастырып отырған пән мазмұнын құрайтын ұғымдар, заңдар, заңдылықтар, бір сөзбен айтқанда теориялық материалды жинастыру; таңдалған теориялық материалды меңгеруге, қолданысын көрсетуге, сол материал көлеміндегі білік, дағдыларын қалыптастыратын практикалық материалдарды жинастыру; теориялық және практикалық материалдарды блоктардағы модульдерге бөлу; модульдің логикалық құрылымын немесе оқу траекториясын жасау.
- кәсіптік қолданбалық бағытта болу принципінің мазмұны тұлғаның алдын болжай білуін, мәселені қоя білуін, мативациясын, танымдық активтілігін арттыруға саяды;
Кәсіптік қолданбалық бағытта болу принциптері мынадай істердің атқарылуын міндеттейді: мазмұнды кәсіптік бағытағы қолданыстарын көрсететін материалдарды жинастыру; осы материалдың оқушының мәселені қоя білуіне, мативациясын, танымдық, шығармашылық қызметін арттыруға тигізетін әсерін талдау; осы материалдың әр модульдегі орнын анықтау.
- бейімдеу принципі мазмұнды деңгейлік және кәсіптік дифференцациялауға бағытталған. Модульдік оқытудағы модуль ақпараттық блок түрінде оқу процесін басқару функциясын да атқаратындықтан, мұнда оқытудың түрлі әдіс тәсілдерін, құралдарын және олардың өзара ұтымды ұштастыруларын бейнелейді;
Бейімдеу принциптері мынадай істердің атқарылуын міндеттейді: білімнің оқу кезеңдеріндегі сабақтастығын анықтау; әр модульдегі мазмұнды қиындық деңгейіне қарай және оқыту түріне қарай саралау; мазмұнды кәсіптік бағыттағы қолданысына қарай саралау; мазмұнды меңгертудің қолайлы әдіс тәсілдерін айқындау.
- байланыс орнату принципі бақылау, өзін-өзі бақылау жүйесін құру арқылы модульдегі оқу материалының қаншалықты меңгерілгендігін қамтамасыз етеді.
Байланыс орнату принциптері мынадай істердің атқарылуын міндеттейді: әр модульді меңгеру нәтижесінде қалыптасатын оқушылардың құзіреттіліктерін тұжырымдау; модульді қаншалықты меңгергенін тексеретін тапсырмалар топтамасын құру; білімін бағалау жүйесін анықтау.
Осы принциптер міндеттейтін істердің атқарылуы 12 жылдық мектептің бейіндік оқуды ұйымдастыру ережелерін барынша қанағаттандырады. Бейіндік оқытудағы жоспарланған әр пән мазмұны жағынан негізгі үш бағытта жоспарланған. Мысалы, математика әлеуметтік-гуманитарлық бағытта базалық (аптасына 3 сағат) компонент болып жоспарланса, технологиялық бағыт (аптасына 4 сағат) пен жаратылыстану-математикалық бағытта (аптасына 6 сағат) кәсіптік компонент болып жоспарланған [4].
Жүргізілген зерттеулер нәтижесінде модульді оқыту жүйесінің маман болып қалыптасуға қажетті мазмұнды толықтай жобалауға мүмкіндік беретіні айқындалды. Және осылай жобалау ең тиімді деп санаймыз. Өйткені, пәннің сәйкес бағыттағы жобаланған мазмұны бейіналды математикалық мазмұнды келесі деңгейдегі (орта, жоғары кәсіптік) оқу орнында өтілетін мазмұнмен сабақтастыра жалғайды, яғни, маман болып қалыптасуға қажетті математикалық мазмұн толығымен жобаланады. Бұл мазмұн бейінді мектептің 11-12 сыныптарында, болмаса жоғары оқу орнына дейінгі кәсіби оқу орындарында (арнаулы кәсіби мектептер, колледждер), одан кейін жоғары оқу орындарының 1-2 курстарында меңгеріледі. Ал бұл мазмұнның меңгерілуі, басқаша айтсақ оқыту процесін ұйымдастыру, модульдік оқыту жүйесіндегі жасалатын іс-әрекеттердің келесі кезеңі болып табылады.
Модульдік жүйеде математиканы оқыту процесін ұйымдастыру үшін мынадай міндеттер шешілуі керек деп санаймыз: 1) Математиканы меңгеруге келген оқушының немесе студенттің өз бетімен жұмыс жасауын, нақтылы жағдайда шешім қабылдай алуын, оқу үрдісіне талап қоя білуін қаматамасыз ететін субъективті көзкарасын қалыптастыру керек. Ол үшін модульдегі мазмұн студенттің өз оқу бағытын, деңгейін, көлемін таңдауға, оны меңгеру уақытын мөлшерлеуге, нәтижеге жетуіне жауапты болуына мүмкіндік беретіндей етіп құрылуы керек. 2) Студенттің қойылған мақсатқа жетуі үшін модульдегі әрбір жаңа ақпарды бұрынғы бар біліммен ұштастыра отырып жобалау қажет. 3) Студентті дамыту технологиясын іске асыру, яғни модульдегі мазмұн студенттің ақпарды жинауына, саралауына, нақтылы жағдайға бейімдеуіне, кәсіптік мәселені шешуіне бағытталып құрылған болуы керек. 4) Модуль кезекті деңгейді меңгергендігін тексеретін механизм ұсынумен қатар, студентті кәсіптік қабілеттілігін бағалауға мүмкіндік беретіндей материалмен қамтамасыз етуі керек.
Практикалық зерттеулер кәсіптік бағдарлаудың психологиялық-педагогикалық негізі оқушылардың мүмкіндіктері мен қабілеттерінің түрліше болатындығында екенін көрсетіп отыр. Бастауыш сыныптарда оқушылар арасындағы өзгешелік айтарлықтай үлкен емес болғандықтан бұл мәселені пәнді саралап оқыту арқылы немесе оқушыға жекеше көзқарас деңгейінде, үйірме сабақтарында шешуге болады. Ал жоғары сыныптарда бұл өзгешелік үлкен көрініс береді. Сондықтан олардың талаптарын ескермей оқыту педагогикалық тұрғыдан мақсатсыз болып қалады. Енді дамып келе жатқан тұлғаның талаптарын қанағаттандыратын оқыту үрдісінің жаңа түрлерін табу мәселесі туындайды. Осы мәселенің бір шешімі – бейінді оқытуда деп санаймыз.
Психологтардың пайымдауынша дені сау кез келген адам қандай да бір қызметке бейім болады, ештеңеге ыңғайы не бейімдігі жоқ адам жоқ. Бейімдік дайын күйінде адамға берілмейді, ол жеке адамның өзіндік ерекшеліктеріне байланысты өмір сүру кезінде, оқу барысында қалыптасады. Ал қоғамның қазіргі даму кезеңінде жоғары оқу орнына келген жастың бойында жалпы білімімен қатар, өзі таңдаған кәсіби бағытында белгілі бір көлемдегі білімдердің бар болу қажеттігі айқындалуда.
Жоғары сыныптардағы математиканың кәсіптік бағдарлануы мынадай шарттардан туындайды:
- жоғары сынып оқушыларының нақтылы бір қызмет түріне деген тұрақты қызығушылығының бар болуы;
- осы тұрақты қызығушылықты оқыту және тәрбиелеу мақсатында қолдану қажеттігі;
- оқушының икемі мен қабілетін дамытуға қолайлы жағдай жасау қажеттігі;
- оқушыларды артық жүктемеден құтқару;
- оқушыларды кәсіптік бағдарлау қажеттігі.
Математиканы кәсіптік бағыттау құралдары кәсіптік тәрбие мен білім беру болып табылады. Оқушыларды кәсіптік тәрбиелеу мақсаты, міндеті, мазмұны, түрі мен әдістері мәселесін шешудің ғылыми жолдарын негіздегенде оқушылардың жас ерекшелігі, қоғамдық және отбасылық тәрбиелерінің қазіргі жағдайы, олардың кәсіптік мәдениет деңгейі ескеріледі.
Кәсіптік бағыттағы математика мақсаты - оқытуды оқушылардың барлық танымдылық қабілеттерін, ойлауын барынша дамытатындай етіп ұйымдастыру, оларды ойлауға үйрету. Оқушылардың математикалық білім жүйесін меңгеруі және оған сәйкес белгілі бір біліктер мен дағдыларды игеруі математикалық білім берудің күрделі міндеттерінің бірі болып табылады. Меңгерілген білім күнделікті өмірде қолданысын таппаса, тез ұмытылатыны белгілі. Сондықтан, кәсіптік мектептің міндеті оқушының математикалық ойлауын мүмкіндігінше кәсіптік бағытқа, шығармашылық деңгейде ойлай білуге бейімдеу.
Маман болып қалыптасуға қажетті пән мазмұнның бірыңғай модульдік жобалануының өзіндік тиімдіктерін көрсетсек:
Біріншіден, оқушы (ата-анасы) немесе студент таңдаған мамандығындағы өзінің математикалық білім көлемін мөлшерлеп, даму траекториясын көре алады. Аяқталған модульдер түрінде берілген мазмұнның қандай деңгейде, қанша уақытта меңгерілуі өзіне байланысты.
Екіншіден, бейіндік мектептердегі пән мұғалімдері оқу әдістемелік материалмен қамтамасыз етіледі. Өз оқу орнындағы оқу формасына, материалды техникалық жағдайына байланысты бейімдеуіне мүмкіндігі бар. Осы жерде модульдік оқытудың артықшылығы байқалады, себебі модульдік оқытуда мұғалімнің оқыту процесін ұйымдастыруға шектеу қойылмайды, өз идеясын шығармашылық жетіктігін көрсетуге мүмкіндік алады.
Үшіншіден, білімнің сабақтастығы сақталады, бірнеше модуль 11-12 сыныптарда немесе колледжде меңгерілсе, жоғары оқу орнында келесі модульдар меңгерілінеді.
Төртіншіден, қажетті мазмұнның оқытылмай қалып қою мүмкіндігі жойылады, бірізділік сақталады.
Бесіншіден, оқу кезеңдеріндегі материалдардың қайталанып берілуі жойылады, яғни уақыт үнемделеді.
Алтыншыдан, жоғары оқу орындарындағы оқытушы алдына келген студенттің осы жүйеде жобаланған мазмұнның қанша бөлігін меңгергендігін біліп, келесі модульдерді үйретуге кедергісіз кірісуіне мүмкіндік туады.
Жетіншіден, жекелеген мұғалімдердің және мұғалімдер коллективінің тәжірибе алмасу мүмкіндігі қалыптасады.
Сегізіншіден, бір бағыт көлеміндегі модульдің ішкі кәсіптік мазмұндағы материалдармен толығып, нақты бір мамандыққа арналған оқулықтың (мысалы, химиктерге, биологтерге, экономистерге, т.б. арналған математика) негізі жасалады.
Тоғызыншыдан, бір мамандық бойынша жасалған осындай пәндік жобаланған модульдер жиынтығы оқу процесіндегі пәнаралық байланыс ретін қамтамасыз етеді.
Бейінді оқытудың бірқатар мәселелерінің, алдымен бейінді оқытудың ережесі анықталуына, негіздеме ретінде алып жүрген жоба құжат мәртебесіне жетуіне осындай жобаланған модульдердің тікелей ықпалы бар. Нақты бір мамандыққа қажетті барлық пәндердің толығымен жобалануы, оқыту процесін ұйымдастырудың келесі кезеңіндегі жұмыстарды атқаруға мүмкіндік береді.
Білім беру жүйесіндегі оқытушылардың, педагог-мамандардың, зерттеуші-ғалымдардың бірнеше рет талдауынан өткен, сұрыпталған модульдік жобалар негізінде ғана маманды қалыптастырудың оқу әдістемелік, нормативтік құжаттары дайындалады, жалпы алғанда бейінді оқыту іске асады.
Қолданылған әдебиеттер:
1. Қазақстан Республикасы 2005-2010 жылдарға арналған білім дамуының мемлекеттік бағдарламасы \\ Казакстанская правда.-16.10.2004.-7б.
2. Қ.Қабдықайырұлы, В.М.Монахов, Л.Н.Оразбекова, Т.Ә.Әлдібаева. Оқытудың педагогикалық жаңа технологиясы. –Алматы, РИК, 1999.
3. Бабанский Ю.К. Избранные педагогические труды/ Сост. М.Ю.Бабанский. - М.: Педагогика, 1989.
4. Қазақстан Республикасының 12 жылдық жалпы білім беру Концепциясы. 12 жылдық білім. №12, 2006 ж.
Резюме
Рассмотрены возможности использования модульной технологии и особенности проектирования содержания в условиях профильного обучения.
Summary
The possibility of using modular technology and design features of the content in profile school education.
Достарыңызбен бөлісу: |