1-БӨлім. Жалпы ережелер 1-тарау. Негізгі ережелер



жүктеу 1,72 Mb.
бет3/26
Дата21.01.2020
өлшемі1,72 Mb.
#27127
түріКодекс
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   26

  • дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды келісімшарттық өндіру (бұдан әрі – келісімшарттық өндіру) – дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды дәрілік заттар үшін тиісті өндірістік практика (GMP) талаптарының толық сақталуын қамтамасыз ететін, Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндірушілердің өндірістік қуаттарында келісімшарт негізінде өндіру;

  • дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сақтау және тасымалдау жөніндегі ұзақ мерзімді шарт – бірыңғай дистрибьютор тиісті дистрибьюторлық практика (GDP) талаптарына сәйкес келетін, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы субъектімен – Қазақстан Республикасының резидентімен жасасатын, қызметтер көрсетудің азаматтық-құқықтық шарты;

  • дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алу веб-порталы, денсаулық сақтау субъектілерінен көрсетілетін қызметтерді сатып алу – тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алудың электрондық көрсетілетін қызметтеріне бірыңғай қол жеткізу нүктесін, денсаулық сақтау субъектілерінен көрсетілетін қызметтерді сатып алуды ұсынатын ақпараттық жүйе;

  • дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы объектілер – дәріхана, оның ішінде интернет арқылы өткізуді жүзеге асыратын дәріхана, денсаулық сақтау ұйымдарындағы дәріхана пункті, шалғайдағы ауылдық жерлерге арналған, дәріханадан ұйымдастырылған жылжымалы дәріхана пункті, дәріхана (дистрибьюторлық) қоймасы, дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды уақытша сақтау қоймасы, оптика дүкені, медициналық бұйымдар дүкені, медициналық бұйымдар қоймасы, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндіру жөніндегі ұйымдар;

  • Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың мемлекеттік тізілімі – Қазақстан Республикасында тіркелген және медициналық қолдануға рұқсат етілген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар туралы мәліметтерді қамтитын ақпараттық ресурс;

  • дәрілік заттың жарамдылық мерзімі – уақыты өткеннен кейін дәрілік затты қолдануға болмайтыны белгіленген күн;

  • дәрілік заттың қаптамасы – дәрілік заттарды бүлінуден және ысырап болудан қорғау жолымен олардың айналысы процесін қамтамасыз ететін, сондай-ақ қоршаған ортаны ластанудан сақтайтын құрал немесе құралдар кешені;

  • дәрілік заттың немесе медициналық бұйымның балк-өнімі – соңғы қаптамамен орауды қоспағанда, технологиялық процестің барлық сатысынан өткен, мөлшерленген дайын дәрілік препарат немесе дайын медициналық бұйым;

  • дәрілік заттың сапасы жөніндегі нормативтік құжат – дәрілік затты тіркеу кезінде оған жүргізілген сараптама негізінде тіркеуден кейінгі кезеңде дәрілік заттың сапасын бақылауға қойылатын талаптарды белгілейтін және дәрілік заттың өзіндік ерекшелігін, талдамалық әдістемелері мен сынауының сипаттамасын немесе мұндай сынауға сілтемелерді, сондай-ақ сапа көрсеткіштері үшін қолайлылықтың тиісті өлшемшарттарын қамтитын құжат;

  • дәрілік заттың халықаралық патенттелмеген атауы - дәрілік заттың Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған атауы;

  • дәрілік нысан – дәрілік препараттың оны енгізу, қолдану тәсілдеріне сәйкес келетін және қажетті емдік әсерге қол жеткізуді қамтамасыз ететін жай-күйі;

  • дәрілік өсімдік шикізаты – дәрілік заттарды өндіру үшін пайдаланылатын жаңадан алынған немесе кептірілген өсімдіктер, балдырлар, саңырауқұлақтар немесе қыналар не олардың бүтін немесе ұсақталған бөліктері;

  • дәрілік препарат – диагностикалау, емдеу мен профилактика үшін қолданылатын, дәрілік нысан түріндегі дәрілік зат;

  • дәрілік препараттың қауіпсіздігі – дәрілік препаратты қолдану кезінде адамның өміріне, денсаулығына және қоршаған ортаға зиян келтіру мүмкіндігімен байланысты жол берілмейтін қатердің болмауы;

  • дәрілік препараттың тиімділігі – профилактикалық, диагностикалық немесе емдік әсерге қол жеткізуді не физиологиялық функцияны қалпына келтіруді, түзетуді немесе түрлендіруді қамтамасыз ететін дәрілік препарат сипаттамаларының жиынтығы;

  • дәстүрлі медицина – аурулардың алдын алу мен оларды емдеудің қоғамда жинақталған әдістері мен құралдарына негізделген, медициналық практиканың көпғасырлық дәстүрлерімен орныққан медицина саласы және медицина қызметкерлерінің қызметі;

  • дезинсекция – адамды, жануарларды, үй-жайлар мен аумақты жәндіктер мен бунақ аяқтылардан қорғау мақсатында оларды жою жөніндегі профилактикалық және қырып-жою іс-шаралар кешені;

  • дезинфекция – сыртқы ортада инфекциялық және паразиттік аурулардың қоздырғыштарын жоюға бағытталған арнайы іс-шаралар кешені;

  • денсаулық – аурулар мен дене кемістіктерінің болмауы ғана емес, тұтастай тәни, рухани (психикалық) және әлеуметтік салауаттылығының жай-күйі;

  • денсаулық сақтау – аурулардың алдын алуға және оларды емдеуге, қоғамдық гигиена мен санитарияны қолдауға, әрбір адамның тәни және психикалық саулығын сақтап, нығайтуға, оның ұзақ жыл белсенді өмір сүруін қолдауға, денсаулығынан айырылған жағдайда оған медициналық көмек ұсынуға бағытталған саяси, экономикалық, құқықтық, әлеуметтік, мәдени, медициналық сипаттағы шаралар жүйесі;

  • денсаулық сақтау жүйесі – қызметі Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтау құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік органдар мен денсаулық сақтау субъектілерінің жиынтығы;

  • денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың өңірлік перспективалық жоспары – денсаулық сақтау ұйымдарының қолданыстағы желісі, жоспарланып отырған қайта құрылымдау (ашу, біріктіру, жабу, қайта бейіндеу) жөніндегі ақпаратты, сондай-ақ денсаулық сақтаудың жаңа объектілеріне қажеттілік және инвестицияларды жоспарлау туралы ақпаратты көрсететін өңірдің инфрақұрылымын дамытудың ұзақ мерзімдік жоспары;

  • денсаулық сақтау менеджері – мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымын басқаруды жүзеге асыратын бірінші басшы;

  • денсаулық сақтау менеджерінің сертификаты – мемлекеттік медициналық ұйымды басқару жөніндегі қызметпен айналысуға арналған белгіленген үлгідегі құжат;

  • денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымы – денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандырумен (медицина) байланысты «Денсаулық сақтау» және (немесе) «Пәнаралық бағдарламалар» даярлығы бағыттары бойынша білім беру бағдарламасын іске асыратын білім беру ұйымы;

  • денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымдарының ғылыми-педагог кадрларын аттестаттау – денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымдарындағы ғылыми-педагог кадрлардың педагогикалық және кәсіби құзыретінің деңгейін айқындау рәсімі;  

  • денсаулық сақтау саласындағы кәсіптік стандарт – денсаулық сақтау саласындағы мамандардың біліктілігі деңгейіне, еңбегінің мазмұнына, сапасына және жағдайларына қойылатын талаптарды айқындайтын стандарт;

  • денсаулық сақтау саласындағы сараптама – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес денсаулық сақтау қызметінің әртүрлі салаларындағы құралдардың, әдістердің, технологиялардың, білім беру және ғылыми бағдарламалардың, көрсетілетін қызметтердің деңгейі мен сапасын белгілеуге, сондай-ақ денсаулықтың жай-күйі мен психофизиологиялық жай-күйі бойынша еңбекке уақытша жарамсыздығын, кәсіби жарамдылығын айқындауға бағытталған ұйымдастырушылық, талдамалық және практикалық іс-шаралар жиынтығы;

  • денсаулық сақтау саласындағы стандарт (бұдан әрі – стандарт) – медициналық, фармацевтикалық қызмет, денсаулық сақтау саласындағы білім беру және ғылыми қызмет, цифрлық денсаулық сақтау аясындағы денсаулық сақтау саласында стандарттауды қамтамасыз ету үшін қағидаларды, жалпы қағидаттар мен сипаттамаларды белгілейтін нормативтік құқықтық акт;

  • денсаулық сақтау саласындағы стандарттау (бұдан әрі – стандарттау) – стандарттарды, талаптарды, нормаларды, нұсқаулықтарды, қағидаларды әзірлеу, енгізу және олардың сақталуын қамтамасыз ету арқылы процестердің, денсаулық сақтау технологиялары мен көрсетілетін қызметтердің сипаттамаларын ретке келтірудің оңтайлы дәрежесіне қол жеткізуге бағытталған қызмет;

  • денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтау, медициналық және фармацевтикалық ғылым, медициналық және фармацевтикалық білім беру, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы, медициналық көрсетілетін қызметтер (көмек) сапасын бақылау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

  • денсаулық сақтау саласындағы ұлттық оператор – Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен айқындалған, денсаулық сақтау саласында, оның ішінде денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту бойынша қызметті жүзеге асыратын акционерлік қоғам;

  • денсаулық сақтау технологияларын бағалау – денсаулық сақтау технологияларының салыстырмалы дәлелденген клиникалық және клиникалық-экономикалық (фармакологиялық-экономикалық) тиімділігі мен қауіпсіздігін, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы шешімдерді қабылдау үшін жүргізілетін, оларды қолданудың экономикалық, әлеуметтік және этикалық салдарларын кешенді бағалау;

  • денсаулық сақтау технологиясы – вакциналарды, дәрілік препараттар мен медициналық бұйымдарды, ем-шараларды, манипуляцияларды, операцияларды, скринингтік, профилактикалық бағдарламаларды, оның ішінде ақпараттық жүйелерді қоса алғанда, денсаулықты нығайту, профилактика, диагностика, ауруды емдеу, пациенттерді оңалту және паллиативтік медициналық көмек көрсету үшін пайдаланылатын білім мен дағдыларды қолдану;

  • денсаулық сақтау ұйымы – денсаулық сақтау саласындағы қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға;

  • денсаулық сақтау ұйымының дәрiлiк формуляры – қазақстандық ұлттық дәрілік формуляр негізінде қалыптастырылған және уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен денсаулық сақтау ұйымының басшысы бекіткен, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсетуге арналған дәрілік заттардың тізбесі;

  • денсаулық үшін ортақ жауапкершілік – қоғамға қатысушылар арасында: мемлекеттің, жұмыс берушінің және азаматтың өзінің жеке және қоғамдық денсаулықты сақтау және нығайту, уәждемені жасау жолымен аурудың пайда болу тәуекелдерін бәсеңдету, сондай-ақ қатысушылардың Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген құқықтарын, міндеттерін және жауапкершілігін іске асыру үшін жауапкершілікті бірлесіп бөлу;

  • дератизация – кеміргіштерді жоюға немесе олардың санын азайтуға бағытталған профилактикалық және қырып-жою іс-шараларының кешені;

  • детоксикация – адам организмiнен эндоген немесе экзоген текті уытты заттарды шығаруға бағытталған медициналық iс-шаралар кешенi;

  • диагностика – аурудың болу немесе болмау фактісін белгілеуге бағытталған медициналық қызметтер көрсету кешені;

  • динамикалық байқау – пациенттің денсаулығының жай-күйін жүйелі түрде байқау, сондай-ақ осы байқаудың нәтижелері бойынша қажетті медициналық көмек көрсету;

  • донор – донорлық қан және оның құрамбөліктері, өзге де донорлық материал (оның ішінде шәует, аналық жасушалар, ұрпақты болу ағзаларының, жыныс жасушаларының, эмбриондардың тіндері) алу, сондай-ақ реципиентке транспланттау үшін тінді (тіннің бөлігін) және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөлігін), гемопоэздік дің жасушаларын алу жүргізілетін адам, адамның мәйіті, жануар;

  • донорлық ұйым – меншік нысанына қарамастан, транспланттау мақсатында мәйіттерден ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөліктерін) алу және консерваттау жүргізілетін денсаулық сақтау ұйымы;

  • донорлық функция – донордың медициналық зерттеп-қараудан ерікті түрде өтуі және қан және оның компоенттерінің аллогендік донациясын орындауы;

  • емдеу – ауру жоюға, оның бетін қайтаруға және (немесе) жеңілдетуге, сондай-ақ оның өршуінің алдын алуға бағытталған медициналық көрсетілетін қызметтер кешені;

  • емдеуші дәрігер – пациентке медициналық ұйымдарда бақылау және емдеу кезеңінде медициналық көмек көрсететін дәрігер;

  • ерікті емделу – пациенттің немесе оның заңды өкілінің келісімімен жүзеге асырылатын емдеу;

  • есептік (алдын ала) санитариялық-қорғаныш аймағы – атмосфералық ауаның ластануының шашырауы, адам денсаулығына физикалық (шу, діріл, иондамайтын сәулелену) және (немесе) радиациялық әсердің есептерімен жобаның негізінде айқындалатын санитариялық-қорғаныш аймағының аумағы;

  • жағымсыз реакция – организмнің дәрілік (зерттелетін) препаратты қолдануға байланысты және осы дәрілік (зерттелетін) препараттың қолданылуымен ықтимал өзара байланыстың болуы болжанатын байқаусызда болған, қолайсыз реакциясы;

  • жалған дәрілік зат және медициналық бұйым – құрамы немесе жинақталуы және (немесе) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндірушілер туралы, сондай-ақ дистрибьюцияның пайлаланылған арналарын қозғайтын жазбалар мен құжаттарды қоса алғанда, берілім туралы дәйексіз ақпаратпен және қолдан жасалған заттаңбамен құқыққа қайшы және әдейі жабдықталған дәрілік зат, медициналық бұйым;

  • жасөспірімдер – он жастан он бес жасқа дейінгі ерте жасөспірімдік жасты, он бес жастан он жеті жасқа дейінгі орта жасөспірімдік жасты және он жеті жастан он сегіз жасқа дейінгі ересек жасөспірімдік жасты қамтитын он жастан он сегіз жасқа дейінгі адамдар;

  • жеке медициналық кітапша – жұмысқа жіберілу туралы белгі қойылып, міндетті медициналық қарап-тексерудің нәтижелері енгізілетін жеке құжат;

  • жобалардың санитариялық-эпидемиологиялық сараптамасы – жаңа объектілер салуға немесе бұрыннан барларын реконструкциялауға (кеңейтуге, техникалық қайта жарақтандыруға, жаңғыртуға) және күрделі жөндеуге арналған ведомстводан тыс кешенді сараптама жобалары (техникалық-экономикалық негіздемелер және жобалау-сметалық құжаттамалар), қала құрылысы жобаларының қала құрылысы кешенді сараптамасының құрамында жүргізілетін жобалар сараптамасының бөлігі;

  • жоғары және (немесе) жоғары оқу орынан кейінгі ұйымның дербестігі – заңнамаға және ұйымның жарғысына сәйкес, өзінің қызметінің нәтижелері үшін қоғам алдында жоғары және (немесе) жоғары оқу орынан кейінгі білім беру ұйымының жоғары жауапкершілігі жүктелетін кадрлық саясат, білім беру, ғылыми, қаржылық-шаруашылық қызметтегі жоғары және (немесе) жоғары оқу орынан кейінгі білім беру ұйымдарының дербестігі және тәуелсіздігі).

  • жоғары технологиялық медициналық көмек – диагностика мен емдеудің инновациялық, ресурс қажет ететін және (немесе) бірегей әдістерін пайдалануды талап ететін аурулар кезінде бейінді мамандар көрсететін қызметтер;

  • жүктілікті жасанды түрде үзу – дәрі-дәрмектік немесе хирургиялық әдістерді пайдалана отырып, жоғары медициналық білімі бар бейіні сәйкес келетін медицина қызметкерлері жүргізетін шарананың өмір тіршілігі мерзімдеріне дейінгі жүктілікті үзу;

  • жылжымалы медициналық кешендер – ауылдық жерлердің және шалғайдағы елді мекендердің халқына көрсетілетін медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету және тізбесін кеңейту үшін не қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік мүддесіне орай пайдаланылатын автомобиль көлігі, базасындағы қажетті медициналық жабдықтармен жарақтандырылған мобильді клиникалар (кабинеттер);

  • жыныстық жолмен берілетін инфекциялар – неғұрлым жиі жұқтыру жолы жыныстық қатынас болып табылатын инфекциялық аурулар;

  • жыныстық идентификаттаудың бұзылуы бар адам – қарама-қайшы жыныстағы адам ретінде өмір сүруге және қабылдануға ұмтылатын адам;

  • жыныстық қатынасқа дейінгі профилактика – АИТВ инфекциясын жұқтырудың алдын алу үшін инфекция жұқтырмаған адамдарға қолданылатын ретровирусқа қарсы терапия;

    117) жыныстық қатынастан кейінгі профилактика – жұқтыру ықтималдығынан кейін АИТВ инфекциясын жұқтыру қаупін төмендету мақсатында қолданылатын ретровирусқа қарсы терапия;

    118) зертхананың биологиялық қауіпсіздік деңгейі – инженерлік, операциялық және техникалық талаптарды қамтитын биологиялық агенттер жұмысында пайдаланылатын қауіп тобына байланысты зертханалық тежеу шараларын белгілеу;



    119) иммуннологиялық типтеуді жүргізу жүйесі (бұдан әрі – HLA жүйесі) – адам лейкоциттерінде орналасқан және тіндерді (тіннің бөлігін) және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөлігін) транспланттау кезінде донор мен реципиенттің тіндік үйлесімділігін айқындайтын антигендер жүйесі;

    120) иммунологиялық дәрілік препарат (иммундық-биологиялық дәрілік препарат) – белсенді немесе пассивті иммунитетті қалыптастыруға немесе иммунитеттің бар-жоғын диагностикалауға немесе аллергия тудыратын заттарға иммунологиялық қарсылықтың өзіндік жүре пайда болған өзгерісін диагностикалауға (табуға) арналған дәрілік препарат;

    121) инвазиялық әдістер – адам организмінің ішкі ортасына ену жолымен жүзеге асырылатын диагностикалау және емдеу әдістері;

    122) инновациялық медициналық технологиялар – медицина (биомедицина) саласына, фармацияға және денсаулық сақтауды цифрландыруға олардың енгізілуі экономикалық тұрғыдан тиімді және (немесе) әлеуметтік мәні бар болып табылатын ғылыми және ғылыми-техникалық қызметтің әдістері мен құралдарының жиынтығы;

    123) интеграцияланған академиялық медициналық орталық – білім беруді, зерттеулер мен клиникалық практиканы интеграциялау арқылы медициналық көрсетілетін қызметтер сапасын жақсарту үшін ресурстарды бірлесіп пайдалану мақсатында жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейiнгi медициналық білім беру ұйымын ғылыми ұйымдармен және денсаулық сақтау ұйымдарымен біріктіру;

    124) интервенциялық емес клиникалық зерттеу – дәрілік затты немесе медициналық бұйымды мемлекеттік тіркеуден өткізгеннен кейін жүргізілетін және уәкілетті орган бекіткен медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес медициналық практика шеңберінде тағайындалатын зерттеу;



    125) интервенциялық зерттеу – зерттеу субъектісі ретіндегі адамның қатысуымен зерттеу, онда зерттеуші-дәрігер интервенциялық клиникалық зерттеу хаттамасының негізінде клиникалық зерттеулер жүргізу тәртібіне сәйкес зерттеу субъектілеріне арнайы араласу тағайындайды;

    126) инфекциялық емес ауруларды эпидемиологиялық қадағалау – мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдары мен ұйымдарының халықтың денсаулығына әсер ететін қоршаған орта объектілерінің, оның ішінде өндірістік факторлардың, еңбекке қабілеттілігін уақытша жоғалтатын кәсіптік аурулардың әсер етуінен болатын тәуекел факторларының мониторингі, созылмалы инфекциялық ауруларды басқару бағдарламаларын барынша азайту және олардың енгізілуін бақылау жөніндегі қызметі;

    127) инфекциялық және паразиттік аурулар – мекендеу ортасы биологиялық факторларының адамға әсер етуі және аурудың науқас адамнан, жануардан сау адамға берілу мүмкіндігі әсерінен болатын және таралатын адам аурулары;

    128) йод тапшылығы аурулары – организмге йодтың жеткіліксіз түсуіне және онда жеткіліксіз қорытылуына байланысты қалқанша без функциясының бұзылуынан болатын организмнің патологиялық процесі;

    129) кальян – темекінің, сондай-ақ темекі жапырағы жоқ және аэрозоль, бу немесе түтін сұйықтығы бар ыдыс арқылы өтетін өнімдердің бықсуынан және (немесе) қызуынан туындайтын аэрозольді, буды немесе түтінді жұту үшін пайдаланылатын аспап;

    130) кальян қоспасы – шикізат материалы ретінде темекі жапырағын пайдаланбай дайындалған, кальянды қолдана отырып тұтыну үшін пайдаланатындай етіп дайындалған бұйым;

    131) кальянға арналған темекі – кальянды пайдалана отырып, шегуге арналған және темекі емес шикізатты және өзге де ингредиенттерді қоса отырып немесе қоспай темекі бұйымдарын өндіруге арналған кесілген немесе жыртылған шикізаттың қоспасын білдіретін, шегуге арналған темекі бұйымының түрі;



    132) кәсіптік ауру – қызметкердің өз еңбек (қызмет) міндеттерін орындауына байланысты оған зиянды өндірістік факторлардың әсер етуінен туындаған қатты немесе созылмалы ауру;

    133) клиникаға дейінгі (клиникалық емес) және клиникалық зерттеулердің биологиялық материалы – адам мен жануарлардың клиникаға дейінгі (клиникалық емес) және клиникалық зерттеулер жүргізу кезінде алынған және зертханалық зерттеулерге арналған биологиялық сұйықтықтарының, тіндерінің, секреттері мен тіршілік әрекеті өнімдерінің үлгілері, биопсиялық материал, гистологиялық кесінділер, жағындылар, қырындылар, шайындылар;

    134) клиникаға дейінгі (клиникалық емес) зерттеу – зерттелетін затты (дәрілік затты) өзіндік ерекше әсерін зерделеу және (немесе) адам денсаулығы үшін қауіпсіздігінің дәлелдемелерін алу мақсатында бағалаудың ғылыми әдістерін қолдану арқылы зерделеу жөніндегі химиялық, физикалық, биологиялық, микробиологиялық, фармакологиялық, токсикологиялық және басқа да эксперименттік зерттеу немесе зерттеулер сериясы;

    135) клиникалық база – ғылым мен практиканың заманауи жетістіктерінің негізінде медицина кадрларын даярлау және олардың біліктілігін арттыру үшін білім беру ұйымдары пайдаланатын білім беру ұйымдарының немесе денсаулық сақтау ұйымдарының клиникасы;



    136) клиникалық зерттеу – субъект ретінде адамды қатыстыра отырып, аурулардың профилактикасы, оларды диагностикалау және емдеу құралдарының, әдістері мен технологияларының қауіпсіздігі мен тиімділігін анықтау немесе растау үшін жүргізілетін зерттеу;

    137) клиникалық мейіргер нұсқау – пациенттерді қадағалап қарауда профилактикалық, диагностикалық және оңалту іс-шараларын пайдалануды болжайтын пациенттерді күту жөніндегі мейіргер персоналына арналған ғылыми-дәлелді ұсынымдардан тұратын құжат;



    138) клиникалық фармаколог – «емдеу ісі», «педиатрия», «жалпы медицина» бейіндері бойынша жоғары медициналық білімі бар, клиникалық фармакология бойынша резидентура немесе қайта даярлау бағдарламасын игерген және клиникалық фармаколог маманының сертификаты бар маман;

    139) клиникалық хаттама – белгілі бір ауру немесе клиникалық жағдай кезінде профилактика, диагностика, емдеу, медициналық оңалту және паллиативтік медициналық көмек жөніндегі ғылыми-дәлелденген ұсынымдардан тұратын құжат;

    140) консилиум - кемінде үш дәрігердің қатысуымен диагноз қою, емдеу тактикасын айқындау және ауруды болжау мақсатында адамды зерттеу;

    141) контрафактілік дәрілік зат – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген зияткерлік меншік құқығы бұзыла отырып өндірілетін және таратылатын дәрілік зат;



    142) контрацепция – қаламаған жүктіліктің алдын алу әдістері мен құралдары;

    143) мультитәртіптік топ – медициналық оңалту кезеңдерінде көрсетілімдер болған кезде емдеуші дәрігердің тағайындауы бойынша қалыптастырылатын бейінді мамандар тобы;

    144) көтерме саудада өткізу үшін дәрілік заттың саудалық атауына арналған шекті баға – оны көтерме саудада өткізуді дәрілік заттың саудалық атауына арналған бағадан жоғары бағада жүзеге асыруға болмайтын баға;

    145) Қазақстан Республикасы фармацевтикалық инспекторларының тізілімі – уәкілетті органның Қазақстан Республикасының фармацевтикалық инспекторлары туралы мәліметтерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурсы;

    146) Қазақстан Республикасының медициналық бұйымдар номенклатурасы – медициналық бұйымдардың жаһандық номенклатурасымен (GMDN) үйлестірілген және Қазақстан Республикасында қолданылатын, медициналық бұйымдар түрлерінің жүйеленген номенклатуралық сыныптауышы;

    147) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік фармакопеясы – дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың қауіпсіздігі мен сапасына қойылатын ең төмен талаптар жинағы;

    148) Қазақстандық ұлттық дәрілік формуляр – тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық ұйымдардың дәрілік формулярларын әзірлеу және дәрілік заттарды сатып алу тізімдерін қалыптастыру үшін міндетті негіз болып табылатын, клиникалық қауіпсіздігі мен тиімділігі дәлелденген дәрілік заттардың, сондай-ақ орфандық (сирек кездесетін) дәрілік препараттардың тізбесі;

    149) қайта өндірілген дәрілік препарат (генерик) – әсер етуші заттардың сандық және сапалық құрамы да, дәрілік нысаны да бірегей дәрілік препаратпен бірдей болатын және бірегей дәрілік препаратқа биобаламалылығы тиісті биоқолжетімділік зерттеулерімен расталатын дәрілік препарат. Түрлі тұздар, эфирлер, изомерлер, изомерлер қоспалары, әсер етуші заттың жиынтығы немесе туындылары, егер олардың қауіпсіздігі мен тиімділігі айтарлықтай ерекшеленбесе, нақ сол әсер етуші зат болып танылады. Заттарды дереу босап шығарумен, ішуге арналған түрлі дәрілік нысандар биоқолжетімділікті зерттеулер шеңберінде нақ сол дәрілік нысан болып танылады;

    150) қанды және оның құрамбөліктерін аллогендік донациялау – бір адамнан басқа адамға медициналық мақсаттарда қолдануға арналған қан және оның құрамбөліктерін донациялау;

    151) қашықтан медициналық қызметтер көрсету – медицина қызметкерлерінің өзара, пациенттермен және (немесе) олардың заңды өкілдерімен қашықтан өзара іс-қимылын, аталған адамдарды идентификаттауды және аутентификаттауды, сондай-ақ олар жасайтын іс-қимылдарды құжаттауды қамтамасыз ететін цифрлық технологиялар арқылы аурулар мен жарақаттардың диагностикасын, емдеуді, медициналық оңалтуды және профилактикасын, зерттеулер мен бағалау жүргізу мақсатында медициналық қызметтер көрсетуі;



    152) қоғамдық денсаулық – азаматтардың дұрыс тамақтануын қоса алғанда, салауатты өмір сүруіне, аурулар мен жарақаттардың профилактикасына, сондай-ақ мекендеу ортасының қолайсыз факторларының әсерін болғызбауға қоғамның күш-жігер жұмсауын көрсететін, халықтың психикалық, тәни және әлеуметтік саламаттылығының кешенді сипаттамасы;

    153) қоғамдық денсаулық саласындағы зерттеу – денсаулыққа әсер ететін және денсаулық сақтау жүйесінің дамуын айқындайтын негізгі факторларды анықтау, мақсатты әсер ету және осы факторларды басқару әдістерін әзірлеу үшін клиникалық-эпидемиологиялық деректер мен өзге де медициналық ақпаратты жинау және қорыту негізінде жүргізілетін зерттеу;

    154) қолайсыз оқиға (оқыс оқиға) – медициналық бұйымның кез келген жарамсыздығы және (немесе) сипаттамаларының нашарлауы немесе жұмыс істеуінің бұзылуы немесе медициналық бұйымға ілеспе ақпараттың (құжаттаманың) жеткіліксіздігі не дұрыс еместігі, қолдану жөніндегі нұсқаулықта немесе пайдалану жөніндегі нұсқауда көрсетілмеген, пайдаланушылардың немесе үшінші тұлғалардың өліміне немесе денсаулық жағдайының елеулі нашарлауына тікелей немесе жанама түрде алып келген немесе алып келуі мүмкін жанама әсерлер немесе жағымсыз реакция;

    155) қолданбалы биомедициналық зерттеу – аурулардың диагностикасы, емделуі немесе профилактикасы, халықтың денсаулығын қамтамасыз ету саласында нақты мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған биомедициналық зерттеу;



    156) қосалқы зат – фармацевтикалық субстанцияларды (активті фармацевтикалық субстанцияларды) қоспағанда, дәрілік препаратқа қажетті қасиеттер беру үшін оның құрамына кіретін зат;

    157) қосымша төлем – халықаралық ұйымдар арқылы сатып алынатын немесе Қазақстан Республикасында халықаралық патенттелмеген атауы (құрамы) және (немесе) сипаттамасы бойынша аналогтары тіркелмеген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды, сондай-ақ отандық дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды қоспағанда тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың бағасындағы және оларды өтеудің белгіленген шекті бағасындағы айырмашылық төлемі;

    158) құпия медициналық зерттеп-қарау – дәрігерлік құпияның және тексерілетін адамның жеке басы туралы ақпараттың сақталуына негізделген зерттеп-қарау;

    159) маман сертификаты – техникалық және кәсіптік, ортадан кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық білім алған жеке тұлғалардың клиникалық мамандыққа (пациенттермен жұмыс істеуге) дайындығын растайтын белгіленген үлгідегі құжат;

    160) маманды сертификаттау – медициналық білім бағдарламаларының мамандарын және (немесе) бітірушілері біліктілігінің денсаулық сақтау саласындағы кәсіптік стандарттың талаптарына сәйкес келуін айқындау және клиникалық практикаға жіберу мақсатында жүргізілетін кәсіптік даярлығын бағалау рәсімі;

    161) мәжбүрлеп емдеу – науқасты сот шешімі негізінде жүзеге асырылатын емдеу;

    162) медицина қызметкері - кәсіптік медициналық білімі бар және медициналық қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға;

    163) медициналық авиация – әуе көлігін тарту арқылы халыққа шұғыл түрде жедел медициналық көмек көрсету;

    164) медициналық ақпарат – медициналық көмек көрсету процесінде туындайтын және медициналық құжаттарда және медициналық ақпараттық жүйелерде көрсетілген пациенттер мен аурулар туралы ақпарат, сондай-ақ денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі ақпарат;



    165) медициналық араласу – алдын алу, профилактика, диагностика, емдеу, оңалту, зерттеу мақсатында пациенттерге медициналық көмек көрсету кезінде медицина қызметкері орындайтын және пациенттің денсаулығын, еңбек қабілетін және өмір сүру сапасын қалпына келтіруге немесе жақсартуға бағытталған тікелей немесе жанама әсер ету және (немесе) өзге де манипуляция;

    166) медициналық бұйымдар – медициналық мақсаттарда жеке немесе өзара ұштастырылып, сондай-ақ арнайы бағдарламалық қамтылымды қоса алғанда, көрсетілген бұйымдарды мақсаты бойынша қолдану үшін қажетті керек-жарақтармен бірге қолданылатын, аурулардың профилактикасы, диагностикасы, оларды емдеу, медициналық оңалту және адам организмінің жай-күйін мониторингтеу, медициналық зерттеулер жүргізу, организмнің анатомиялық құрылымын немесе физиологиялық функцияларын қалпына келтіру, алмастыру, өзгерту, жүктілікті болғызбау немесе үзу үшін медициналық бұйымды өндіруші арнап шығарған және функционалдық мақсаты адам организміне фармакологиялық, иммунологиялық, генетикалық немесе метаболизмдік әсер ету жолымен іске асырылмайтын және дәрілік заттарды қолдану арқылы сүйемелденуі мүмкін кез келген құралдар, аппараттар, аспаптар, жабдық, материалдар және басқа да бұйымдар;

    167) медициналық бұйымдардың айналысы – медициналық бұйымдардың тәжірибелік үлгілерін жобалау, әзірлеу, жасау, оларды техникалық жағынан сынау, олардың биологиялық әсерін бағалауға зерттеулер (сынаулар), медициналық бұйымдарға клиникалық зерттеулер жүргізу, олардың қауіпсіздігіне, сапасына және тиімділігіне сараптама жүргізу, медициналық бұйымдарды тіркеу, өндіру (дайындау), сақтау, тасымалдау, өткізу, монтаждау, жөнге келтіру, қолдану (пайдалану), оларға техникалық қызмет көрсету, жөндеу және кәдеге жарату;

    168) медициналық бұйымдардың биологиялық әсерін бағалауды зерттеулер (сынаулар) – медициналық бұйымдардың қауіпсіздігі мен тиімділігінің жалпы талаптарына, олардың таңбалануына және оларға арналған пайдалану құжаттамасына қойылатын талаптарға медициналық бұйымдардың сәйкестігін айқындау мақсатында жүргізілетін зерттеулер (сынаулар);

    169) медициналық бұйымдардың жаһандық номенклатурасы (GMDN) – медициналық бұйымдарды идентификаттау мақсатында қолданылатын, медициналық бұйымдар түрлерінің жүйеленген номенклатуралық сыныптауышы;

    170) медициналық бұйымдар қауіпсіздігінің, сапасы мен тиімділігінің мониторингі – қолайсыз оқиғалар (оқыс оқиғалар) туралы ақпаратты жинау, тіркеу, талдау;

    171) медициналық бұйымдардың түрі – Қазақстан Республикасының медициналық бұйымдар номенклатурасында мақсаты ұқсас, қолданылу технологиялары бірдей, конструкциялық белгілері және ортақ цифрлық белгілемесі бар медициналық бұйымдар тобы;

    172) медициналық бұйымды өндіруші – медициналық бұйымды әзірлеуге және дайындауға жауапты, оны осы тұлға немесе оның атынан басқа тұлға (тұлғалар) әзірлегеніне және (немесе) дайындағанына қарамастан, оны өз атынан пайдалану үшін қолжетімді ететін және оның қауіпсіздігі, сапасы мен тиімділігі үшін жауаптылықта болатын, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы субъект;

    173) медициналық бұйымның қауіпсіздігі – медициналық бұйымды пайдалану кезінде адамның өміріне, денсаулығына, сондай-ақ қоршаған ортаға зиян келтірумен байланысты жол берілмейтін қатердің болмауы;

    174) медициналық бұйымның сапасы – медициналық бұйымның қасиеттері мен сипаттамалары жиынтығының оны пайдалануға арналған мақсаттарға сәйкестік дәрежесі;

    175) медициналық бұйымның саудалық атауы – медициналық бұйымның тіркелетін аты;

    176) медициналық бұйымның тиімділігі – медициналық бұйымды өндіруші белгілеген мақсаттарға қол жеткізуді қамтамасыз ететін және оны пайдалану практикасымен расталған медициналық бұйымның қасиеттері мен сипаттамаларының жиынтығы;

    177) медициналық білім беру – медицина қызметкерлерін даярлау және олардың біліктілігін арттыру жүйесі, сондай-ақ оқуды аяқтағаны туралы ресми құжатпен расталған медициналық мамандықтар бойынша даярлау және біліктілікті арттыру бағдарламалары бойынша оқу барысында алынған, медицина қызметкері үшін қажетті білім мен дағдылардың жиынтығы;

    178) медициналық білім беру бағдарламалары бойынша білім алушылардың білімі мен дағдыларын бағалау – білім алушылардың білім беру бағдарламаларын меңгеру сапасын және оқу кезеңдеріне сәйкес білімнің, шеберліктің және дағдылардың қалыптасуын бағалау;



    179) медициналық білім беру бағдарламаларын бітірушілердің кәсіптік даярлығын бағалау – медициналық білім беру бағдарламасын бітіруші біліктілігінің денсаулық сақтау саласындағы кәсіптік стандарт талаптарына сәйкестігін анықтау мақсатында жүргізілетін білімі мен дағдыларын бағалау рәсімі;

    180) медициналық білім беру және ғылым саласындағы стратегиялық әріптестік – шарт негізінде білім берудің, ғылым мен клиникалық практиканың халықаралық стандарттарын енгізу және бейімдеу үшін денсаулық сақтау саласындағы ғылыми ұйымдар және білім беру ұйымдары мен шетелдік жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейiнгi білім беру ұйымдары мен медициналық білім беру және ғылым саласындағы медициналық ұйымдар арасындағы орта мерзімді немесе ұзақ мерзімді ынтымақтастық нысаны;

    181) медициналық білім беру ұйымы – «Денсаулық сақтау» даярлығы бағыты бойынша білім беру бағдарламасын іске асыратын білім беру ұйымы;



    182) медициналық көмек – пациенттің денсаулығын сақтауға және қалпына келтіруге бағытталған медициналық қызметтер кешені;

    183) медициналық көмектің сапасы – көрсетілетін медициналық көмектің уәкілетті орган бекіткен және медициналық ғылым мен технологияның қазіргі заманғы даму деңгейі негізінде белгіленген стандарттарға сәйкестік деңгейі;

    184) медициналық көрсетілетін қызметтер – денсаулық сақтау субъектілерінің нақты адамға қатысты профилактикалық, диагностикалық, емдеу, оңалту немесе паллиативтік медициналық көмек бағыты бар іс-қимылы;

    185) медициналық куәландыру – жеке тұлғаны оның ауруы бар немесе жоқ болу фактісін анықтау немесе растау, оның денсаулығының жай-күйін айқындау мақсатында зерттеп-қарау;

    186) медициналық қызмет – техникалық және кәсіптік, ортадан кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық білім алған жеке тұлғалардың, сондай-ақ заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасы халқының денсаулығын сақтауға бағытталған кәсіптік қызметі;

    187) медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік орган – медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы басшылықты, медициналық қызметтер көрсетудің (көмектің) сапасын бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

    188) медициналық оқыс оқиға – медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарттарына сәйкес медициналық көмек көрсетуге және медицина қызметкерінің әдейі емес салғырттығы салдарынан болмаған қатынастарын, әрекетсіздігін қоспағанда, пациенттің өмірі мен денсаулығына зиян келтіруі мүмкін, организмнің қалыпты жұмыс істеуінің ауытқуынан туындайтын технологияларды, жабдықтар мен құралдарды пайдалануға байланысты оқиға;



    189) медициналық оңалту – пациент организмінің функцияларын сақтауға, бұзылған және (немесе) жоғалған функцияларын ішінара немесе толық қалпына келтіруге бағытталған медициналық көрсетілетін қызметтер кешені;

    190) медициналық оптика бұйымдары - көздің көру қабілетін түзеу және жарықпен емдеу үшін медицинада және фармацевтикалық қызметте пайдаланылатын бұйымдар мен материалдар;

    191) медициналық пойыздар – темір жол станцияларының (жолдардың) жанында және жақын орналасқан аумақтарда тұратын халыққа көрсетілетін медициналық қызметтердің тізбесін кеңейту және қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін пайдаланылатын қажетті медициналық жабдықтармен жарақтандырылған темір жол көлігіндегі мобильді клиникалар;



    192) медициналық ұйым – негізгі қызметі медициналық көмек көрсету болып табылатын денсаулық сақтау ұйымы;

    193) медициналық-әлеуметтік көмек – тізбесін уәкілетті орган айқындайтын әлеуметтік мәні бар аурулармен ауыратын адамдарға көрсетілетін медициналық және әлеуметтік-психологиялық көмек;

    194) медициналық-әлеуметтік оңалту – жұмысқа араластыруға, отбасылық және қоғамдық өмірге қатыстыруға арналған медициналық, әлеуметтік және еңбек іс-шараларын кешенді пайдалану арқылы науқастар мен мүгедектердің денсаулығын қалпына келтіру жөніндегі шаралар кешені;



    195) медициналық-биологиялық эксперимент – жай-күйдің пайда болу немесе аурудың даму себептерін, жағдайлары мен тетіктерін анықтау, емдеу және профилактика әдістерін әзірлеу үшін зертханалық жануарларға зерделенетін жай-күйдің немесе аурудың құрылымдық-функционалдық кешенін оңайлатылған нысанда жаңғыртуға (модельдеуге) негізделген зерттеу;

    196) мейіргер күтімі – өзіне денсаулықты насихаттауды, аурулардың профилактикасын және науқастарды, мүгедектерді және жағдайы ауыр адамдарды күтуді қамтитын барлық жастағы адамдарды, топтарды және қоғамдастықтарды, науқастар мен сау адамдарға мерйіргер және кеңейтілген практика мейіргерлері медициналық көрсетілетін қызметтер кешені;

    197) мектеп медицинасы – денсаулықты сақтау мен нығайтуға және аурулардың профилактикасына бағытталған, мектеп жасына дейінгі және мектеп жасындағы балаларға медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыруды қамтитын медицина саласы;



    198) мемлекеттік тіркеу туралы куәлік – өнімнің (тауарлардың) қауіпсіздігін растайтын, өнімнің (тауарлардың) Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламентіне және (немесе) бірыңғай санитариялық-эпидемиологиялық және гигиеналық талаптарына сәйкестігін куәландыратын және бірыңғай нысан бойынша халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган беретін құжат;

    199) мемлекеттік фармацевтикалық инспектор – уәкілетті органның Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасын бұзушылықтардың алдын алуға, оларды анықтауға, жолын кесуге бағытталған, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамы;

    200) никотин – темекі жапырақтары мен темекі түтінінде болатын алкалоид;

    201) озық терапиялық дәрілік зат – гендік терапияға, соматикалық жасушалық терапияға, тіндік инженерияға арналған препараттар мен затты қоса алғанда, аурулар мен жарақаттарды емдеу үшін жаңа мүмкіндіктер ұсынатын гендерге, тіндерге немесе жасушаларға негізделген биотехнологиялық немесе биоинженерлік жолмен алынатын дәрілік зат;

    202) оңалту әлеуеті – белгілі бір уақыт кезеңінде пациент организмінің бұзылған және (немесе) жойылған функцияларын ішінара немесе толықтай қалпына келтіру перспективаларының клиникалық тұрғыдан негізделген ықтималдығы;

    203) отбасылық дәрігер – отбасы мүшелеріне медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету жөніндегі арнайы көпбейінді даярлықтан өткен және тиісті сертификаты бар дәрігер;



    204) ошақтық дезинфекция – инфекциялық және паразиттік аурулардың профилактикасы және (немесе) оларды жою мақсаттарында олардың ошақтарында жүргізілетін дезинфекция;

    205) өнiм қауiпсiздiгiнiң мониторингi – өнімді камералдық бақылау, іріктеу және санитариялық-эпидемиологиялық сараптама жүргізу арқылы жүзеге асырылатын халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтiк құқықтық актiлердiң, гигиеналық нормативтер мен техникалық регламенттердiң талаптарына сәйкес келмейтiн өнiмдi анықтауға, әкелiнуiнiң, өндiрiлуiнiң, қолданылуының және өткiзiлуiнiң алдын алуға және жолын кесуге бағытталған iс-шаралар жүйесi;

    206) өндірушінің уәкілетті тұлғасы – Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес өндіруші өндірген дәрілік заттардың сапасын қамтамасыз етуге және бақылауға жауап беретін және дәрілік заттарды өндірушілердің уәкілетті тұлғаларының тізіліміне енген тұлға;

    207) өндірістік алаң – дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды өндірушінің дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды өндірудің бүкіл процесін немесе оның белгілі бір сатыларын орындауға арналған, аумақтық жағынан оқшауланған кешені;

    208) өндірістік бақылау – өндірілетін өнімнің, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің адам мен мекендеу ортасы үшін қауіпсіздігін және (немесе) зиянсыздығын қамтамасыз етуге бағытталған, дара кәсіпкер немесе заңды тұлға орындайтын іс-шаралар, оның ішінде зертханалық зерттеулер мен сынақтар кешені;

    209) паллиативтік медициналық көмек – ауруы емделмейтін пациенттердің ауыр ауырсынуын жеңілдетуге бағытталған медициналық көрсетілетін қызметтер кешені;

    210) парафармацевтиктер – фармакологиялық әсері бар және аурулардың профилактикасына, көмекші терапияға, ағзалар мен жүйелердің функционалдық активтілігін реттеуге бағытталған табиғи жолмен алынатын, емдік мөлшерлемедегі биологиялық активті қоспалар немесе олардың синтетикалық баламалары;

    211) патенттелген дәрілік заттар – Қазақстан Республикасының зияткерлік меншік саласындағы заңнамасына сәйкес құқықтық қорғалатын дәрілік заттар;

    212) пациент – медициналық көмек көрсетуді қажет ететін ауруларының немесе жай-күйінің болуына немесе болмауына қарамастан медициналық қызметтер көрсетудің тұтынушысы болып табылатын (болып табылған) жеке тұлға;

    213) профилактика – аурулардың пайда болуының, олардың ерте сатыда өршуінің алдын алуға және орын алған асқынуларды, ағзалар мен тіндердің бүлінулерін бақылауға бағытталған медициналық және медициналық емес іс-шаралар кешені;

    214) психикаға белсенді әсер ететін заттар – бір рет қабылдағанда адамның психикалық және дене функцияларына, мінез-құлқына әсер ететін, ал ұзақ уақыт қабылдаған кезде психикалық және тәни тәуелділік туғызатын синтетикалық немесе табиғи заттар;

    215) психикалық денсаулық – әрбір адам өзінің жеке әлеуетін іске асыра алатын, қалыпты өмірлік стрестерді жеңе алатын, нәтижелі және жемісті жұмыс істей алатын, сондай-ақ өз қауымдастығының өміріне үлес қоса алатын әл-ауқаттың жай-күйі;



    216) психикалық денсаулық саласындағы медициналық көмек – психикасы, мінез-құлқы бұзылған (ауырған) адамдардың профилактикасы, диагностикасы, оларды емдеу, медициналық-әлеуметтік көмек және медициналық-әлеуметтік оңалту;

    217) психиканың, мінез-құлықтың бұзылуы (аурулар) – экзогенді және эндогенді факторлармен байланысты адамның психикалық қызметінің және мінез-құлқының бұзылуы;



    218) психологиялық көмек – мыналарға:

    адамның психологиялық проблемалардың алдын алуына, оларды шешуіне, өмірдегі қиын және дағдарысты жағдайлар мен олардың салдарын еңсеруіне психикалық және соматикалық денсаулықты қолдауға, психикалық дамуын оңтайландыруға, өмір сүруге бейімдеуге және оның сапасын арттыруға, оның ішінде адамның жеке мүмкіндіктерін жандандыру арқылы арттыруға ықпал ететін жәрдемдесуге;

    адамдарды психологиялық проблемалардың себептері, олардың алдын алу және оларды шешу тәсілдері туралы хабардар етуге;

    жеке басты дамытуға, оның өзін-өзі жетілдіруіне және өзін-өзі танытуына бағытталған іс-шаралар кешені;



    219) психологиялық проблема – адамның өзіне, өзінің қызметіне, адамдармен арадағы қарым-қатынастарға, отбасындағы жағдайға және (немесе) жеке өміріндегі басқа да проблемаларға қанағаттанбаушылығынан туындаған ішкі күйзеліс жағдайы;

    220) радиофармацевтикалық дәрілік препарат – әсер етуші зат ретінде немесе әсер етуші заттың құрамында қолдануға дайын күйінде бір немесе бірнеше радионуклидті (радиоактивті изотоптарды) қамтитын дәрілік препарат;

    221) резидент-дәрігер – резидентураның білім беру бағдарламасы шеңберінде білім алатын және тәлімгердің қадағалауымен медициналық ұйымда жұмыс істейтін дәрігер;

    222) резидентура – мақсаты тиісті мамандық бойынша дәрігердің кәсіптік біліктілігін алу немесе өзгерту болып табылатын клиникалық мамандықтар бойынша жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық білім беру деңгейі;

    223) резидентура базасы – уәкілетті орган белгілеген тәртіппен резидентура бағдарламасын іске асыру үшін клиникалық база ретінде аккредиттелген жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымының клиникалық базасы;

    224) ретровирусқа қарсы терапия – иммундық жүйені қалпына келтіру, өмірге қатер төндіретін ауыр аурулардың даму қаупін бәсеңдету, асқынулар санын азайту және АИТВ жұқтырғандардың өмірін ұзарту мақсатында антиретровирусқа қарсы препараттарды қабылдаудың қысқа және ұзақ курстарын қолдану жолымен АИТВ инфекциясын емдеу әдісі;

    225) референс зертхана – сапаны сырттай бағалау жүйесін енгізу жөніндегі ұйымдастыру-әдістемелік жұмысты және зертханалық диагностиканың белгілі бір саласында диагностикалық күрделі және сараптамалық жағдайларда зерттеулер жүргізуді жүзеге асыратын денсаулық сақтау зертханасы;

    226) референттік дәрілік препарат – салыстыру препараты ретінде пайдаланылатын және дәрілік препараттың қасиеттері сол бойынша айқындалатын (нормаланатын) эталон болып табылатын дәрілік препарат;

    227) реципиент – донорлық қан немесе одан бөлінген құрамбөліктер және (немесе) препараттар құйылатын, еркектің немесе әйелдің донорлық материалы (шәует, аналық жасушалар, эмбриондар) енгізілетін не донордан алынған ағзаларды (ағзалардың бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін), сондай-ақ жасанды ағзаларды (ағзалардың бөлігін) транспланттау жүргізілетін пациент;

    ) санаторийлік-курорттық ем санаторийлік-курорттық ұйымдарда уақытша болу жағдайында жүргізілетін медициналық оңалту түрі;



    229) санаторийлік-курорттық ұйым – медициналық және өзге де көрсетілетін қызметтерді, курорттарда немесе емдеу-сауықтыру орындарында орналасқан табиғи факторларды пайдалана отырып сауықтыру және қалпына келтіру жөніндегі санаторийлік-курорттық қызметтерді ұсынатын ұйымдар: санаторийлер (ересектерге, ересектер мен балаларға, балаларға арналған), студенттік санаторий-профилакторийлер, балалардың оңалту-сауықтыру орталығы);

    230) санитариялық-карантиндік бақылау – адам денсаулығына қаупі әлеуетті өнімді (тауарларды) әкелуді, инфекциялық және жаппай инфекциялық емес аурулардың (улану) әкелінуіне, пайда болуы мен таралуына жол бермеу мақсатында Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде, мемлекетаралық темір жол станцияларында немесе түйіспе станцияларда адамдарға, көлік құралдарына және санитариялық-эпидемиологиялық қадағалаудың (бақылаудың) бақылауындағы өнімдерге (тауарларға) қатысты халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау түрі;



    231) санитариялық-қорғаныш аймағы – арнаулы мақсаттағы аймақтарды, сондай-ақ елді мекендегі өнеркәсіп ұйымдары мен басқа да өндірістік, коммуналдық және қоймалық объектілерді жақын маңдағы қоныстану аумақтарынан, тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы құрылысжайлар мен ғимараттардан оларға қолайсыз факторлардың әсер етуін бәсеңдету мақсатында бөліп тұратын аумақ;

    232) санитариялық-профилактикалық іс-шаралар – мекендеу ортасы факторларының адамға қауіп-қатерін, зиянды әсерін бағалауға, мұндай тәуекелді жоюға немесе бәсеңдетуге, инфекциялық және жаппай инфекциялық емес аурулардың (уланулардың) пайда болуы мен таралуын болдырмауға және оларды жоюға бағытталған ұйымдастырушылық, әкімшілік, инженерлік-техникалық, медициналық-санитариялық, профилактикалық және өзге де шаралар;

    233) санитариялық-эпидемиологиялық аудит – халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылауға және қадағалауға жататын эпидемиялық маңызы бар объектілерді санитариялық-эпидемиологиялық тәуекелдерді анықтау мен бағалау және жоғары эпидемиялық маңызды объектілерді ерекше тәртіппен жүргізілетін тексерулерден босату мақсатында көрсетілген объектілерді халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарына сәйкес келтіру жөнінде ұсынымдар әзірлеу тұрғысынан бақылаудың балама нысаны;

    234) санитариялық-эпидемиологиялық жағдай – белгілі бір аумақтағы халықтың денсаулығы мен мекендеу ортасының белгілі бір уақыттағы жай-күйі;

    235) санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды – мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау және қадағалау объектілерінің халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерге сәйкестігін (сәйкес еместігін) куәландыратын құжат;

    236) санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шаралар – халық арасында пайда болған инфекциялық, паразиттік аурулардың, уланулардың ошақтарын оқшаулау және жою мақсаттарында қолданылатын шаралар;

    237) сенім пункті – анонимдік, еріктілік және құпиялылық қағидаты бойынша тегін негізде халықтың негізгі топтарына профилактикалық қызметтер көрсетілетін, арнайы ұйымдастырылған пункт;

    238) алғашқы көмек жөніндегі сертификатталған жаттықтырушы – уәкілетті орган айқындайтын талаптарға сәйкес келетін ұйымдарда алғашқы көмек және базалық жүрек-өкпе функцияларының реанимациясы бойынша қосымша даярлықтан өткен адам;

    239) симуляциялық кабинет (орталық) – базасында симуляциялық технологияларды: манекендерді, тренажерлерді, компьютерлік модельдеуді, виртуалдық нақтылық технологияларын және пациенттерді бейнелеуге үйретілген арнайы дайындалған актерлерді қолдана отырып, оқытудың қауіпсіз ортасында клиникалық практиканы имитациялау жағдайында білім алушылардың практикалық дағдыларын пысықтау және тапсыру жүзеге асырылатын денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымының құрылымдық бөлімшесі;

    240) скринингілік зерттеулер – клиникалық симптомдары мен шағымдары жоқ халықты ерте кезеңде әртүрлі аурулардың дамуын, сондай-ақ олардың пайда болу қатерін анықтау және алдын алу мақсатында медициналық тексеру кешені;

    241) спорттық медицина – спортшыларды даярлауды медициналық-биологиялық қамтамасыз етуге жауап беретін және спортта дәрігерлік және функционалдық бақылауды, оның ішінде спортшыларды жоғары жетістіктер спортымен айналысуға жіберуді, спортшыларды функционалдық және өзіне медициналық оңалтуды, спорттық жұмыс қабілетін арттыруды, спортшылардың соматикалық ауруларының терапиясын, спорттық травматологияны, спорттағы шұғыл нысандағы медициналық көмекті және спорт гигиенасын қамтитын медицина саласы;



    242) стандарттық үлгі – өзінің қасиеттері зерттелетін дәрілік заттың қасиеттерімен салыстырылатын химиялық, физикалық және биологиялық зерттеулерде пайдалануға арналған және тиісінше қолдану үшін жеткілікті тазалық дәрежесіне ие идентификатталған біртекті зат немесе заттардың қоспасы;

    243) сүйек кемігі – сүйектің ішкі бөлігінде орналасқан және гемопоэздік дің жасушаларын, строма және басқа да микроқоршауды қамтитын, қан өндіруді жүзеге асыратын тін;

    244) тағамға биологиялық активті қоспалар – тағаммен бір мезгілде қабылдауға немесе тамақ өнімінің құрамына қосуға арналған табиғи және (немесе) табиғимен бірдей биологиялық активті заттар, сондай-ақ пробиотикалық микроорганизмдер;

    245) тағылымдама – теориялық дайындық нәтижесінде алынған кәсіби білімді, шеберлік пен дағдыларды практикада қалыптастыруға және бекітуге, сондай-ақ одан әрі кәсіби қызмет үшін жұмыстың ерекшелігін, озық тәжірибені зерделеуге бағытталған бейресми білім беру нысаны;

    246) тамақ өнімін байыту (фортификациялау) – тамақ өнімін өндіру немесе қайта өңдеу процесінде оған витаминдерді, минералдарды және басқа да заттарды тағамдық және биологиялық құндылығын арттыру, сондай-ақ адамда олардың тапшы болуына байланысты аурулардың профилактикасы мақсатында енгізу;

    247) тәлімгер (ментор) – медициналық білім беру бағдарламалары бойынша білім алушыларға және білім берудің, ғылымның және практиканың үш тұғырлылығы негізінде қызметін жүзеге асыратын жас мамандарға практикалық көмек көрсету және кәсіптік бейімделуі үшін медициналық ұйымның немесе медициналық білім беру ұйымының басшысы тағайындайтын, кемінде бес жыл еңбек өтілі бар медицина қызметкері;

    248) тәуекелге бағдарланған тәсіл – дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік орган бекіткен дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесіне сәйкес нарықтан, оның ішінде медициналық ұйымдарда жыл сайын іріктеу жолымен дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың сапасын бақылауды жүзеге асыру нысаны;

    249) тәуекелді бағалау – инфекциялық және паразиттік ауруларды қоздырғыштардың немесе жұқтырғыштардың ену және таралу ықтималдығына, сондай-ақ мекендеу ортасы факторларының халықтың денсаулық жағдайына кері әсеріне және осыларға байланысты әлеуетті медициналық-биологиялық және экономикалық салдарларға негіздеме;



    250) тәуелсіз сараптама – көрсетілетін медициналық қызметтердің тиімділік, толымдылық және стандарттарға сәйкестік көрсеткіштерін бейнелейтін индикаторларды пайдалана отырып, денсаулық сақтау субъектілері ұсынатын көрсетілетін медициналық қызметтер сапасының деңгейі жөнінде қорытынды шығару мақсатында сыртқы сараптама шеңберінде тәуелсіз сарапшылар жүргізетін рәсім;

    251) тәуелсіз сарапшы – уәкілетті орган айқындайтын талаптарға сәйкес келетін және тәуелсіз сарапшылар тізілімінде тұрған жеке тұлға;

    252) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі – Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тізбе бойынша бюджет қаражаты есебінен берілетін медициналық көмектің көлемі;

    253) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттың немесе медициналық бұйымның саудалық атауына арналған шекті баға – тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде одан жоғары бағамен сатып алуды жүргізуге болмайтын, дәрілік заттың немесе медициналық бұйымның саудалық атауына арналған баға;

    254) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттың халықаралық патенттелмеген атауына немесе медициналық бұйымның техникалық сипаттамасына арналған шекті баға – тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде одан жоғары бағамен сатып алуды жүргізуге болмайтын, дәрілік заттың халықаралық патенттелмеген атауына немесе медициналық бұйымның техникалық сипаттамасына арналған баға;

    255) темекі – темекі бұйымдарын өндіру үшін пайдаланылатын Nicotiana Tabacum және Nicotiana Rustica паслен түрлері тұқымдастарының Nicotiana түріндегі өсімдігі;

    256) темекі бұйымдары – шегу, сору, шайнау немесе иіскеу немесе тұтынудың басқа да тәсілдері үшін, оның ішінде кез келген аспаптың немесе ішке тарту жүйесінің көмегімен пайдалану үшін дайындалған шикізат материалы ретінде толық немесе ішінара темекі жапырағынан және (немесе) темекі өсімдігінің басқа да бөліктерінен жасалған өнімдер;

    257) темекі бұйымдарын тұтыну – адам организмінің никотинге тәуелділігін тудыратын, оның денсаулығына, сондай-ақ темекі бұйымдарын тұтынбайтын адамдардың денсаулығына теріс әсер ететін және қоршаған ортаны ластайтын темекі бұйымын, кльян қоспаларын және кальянға арналған темекіні, оның ішінде тұтынудың электрондық жүйелерін, темекі тұтынуға арналған кальян жүйелерін пайдалана отырып тұтыну процесі;

    258) темекі бұйымының ингредиенті – темекі бұйымдарын өндіру кезінде пайдаланылатын және дайын темекі бұйымында болатын, оның ішінде өзгертілген нысандағы (темекі жапырағын және темекінің басқа да бөліктерін қоспағанда) зат;



    259) темекі бұйымының қаптамасы – темекі бұйымының белгілі бір қорап санын қамтитын топтап тұтыну ыдысының бірлігі;

    260) темекі бұйымының қорабы – картоннан немесе қағаздан немесе өзге де материалдан жасалған, темекі бұйымының белгілі бір санын қамтитын тұтыну ыдысының бірлігі;

    261) темекі өнімі – тұтынушы қаптамасына қапталған темекі өнімі;

    262) темекіге демеушілік ету – Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген төлемдерді және жарналарды қоспағанда, темекі бұйымдарын сатуды немесе темекі тұтынуды тікелей немесе жанама ынталандырудың нәтижесін немесе ықтимал нәтижесін мақсат тұтып кез келген оқиғаға, іс-шараға немесе жеке адамға салынатын салымның кез келген түрі;

    263) темекіні тұтынуға арналған жүйе – темекіні қыздыру және (немесе) аэрозоль пайда болу үшін ол жанбай немесе бықсымай темекіге өзге де әсер ету үшін пайдаланылатын құрылғы;

    264) тиісті фармацевтикалық практикалар жөніндегі фармацевтикалық инспектор – тиісті фармацевтикалық практикалар жөніндегі фармацевтикалық инспекцияны жүргізу жөніндегі функцияларды жүзеге асыруға уәкілеттік берілген және уәкілетті орган айқындайтын тәртіпке сәйкес Қазақстан Республикасы фармацевтикалық инспекторларының тізіліміне енгізілген адам;



    265) тиісті фармацевтикалық практикалар жөніндегі фармацевтикалық инспекция (бұдан әрі – фармацевтикалық инспекция) – дәрілік заттардың айналысы саласындағы объектіні Қазақстан Республикасының және (немесе) Еуразиялық экономикалық одақтың тиісті фармацевтикалық практикалары талаптарына оның сәйкестігін айқындау мақсатында бағалау;

    266) транспланттау – ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) және (немесе) тіндерді (тіндердің бөліктерін) организмнің басқа жеріне немесе басқа организмге ауыстырып салу;

    267) транспланттауға арналған күту парағы – уәкілетті органның ақпараттық жүйелері қалыптастыратын адамның тіндік үйлесімділік жүйесі бойынша типтелген ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөліктерін) транспланттауға мұқтаж адамдардың тізбесі;

    268) туберкулездің жұқпалы түрі – науқас адамның сыртқы ортаға туберкулез бактерияларын бөліп шығаруына байланысты айналадағы адамдарға қауіп төндіретін туберкулездің түрі;



    269) түлек – медициналық және фармацевтикалық білім беру бағдарламаларын, денсаулық сақтау саласындағы өзге де білім беру бағдарламасын игерген адам;

    270) тін – құрылымы, функциялары және шығу тегі бірдей жасушалардың және жасушааралық заттың жиынтығы;

    271) тіндік үйлесімділік – ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөліктерін) транспланттау кезінде донор мен реципиенттің үйлесімділігін айқындайтын HLA-жүйесінің ерекше антигендері бойынша донор мен реципиент тіндерінің ұқсастығы;

    272) тірі организмнен тыс (in vitro) диагностикаға арналған медициналық бұйымдар – медициналық мақсаттарда жеке немесе өзара ұштастырылып, сондай-ақ арнайы бағдарламалық қамтылымды қоса алғанда, көрсетілген бұйымдарды мақсаты бойынша қолдану үшін қажетті керек-жарақтармен бірге қолданылатын және физиологиялық немесе патологиялық жай-күйге, туа біткен патологияға, белгілі бір клиникалық жай-күйге немесе ауруға деген бейімділікке, тіндердің ықтимал реципиентпен үйлесімділігіне, терапиялық әсерлерге реакцияларды болжауға, терапиялық заттарды таңдауға және (немесе) емді бақылауға қатысты ақпарат алу үшін адамның биологиялық материалдарының үлгілерін тірі организмнен тыс (in vitro) зерттеулер кезінде қолдану үшін медициналық бұйымды өндіруші арнап шығарған кез келген құралдар, аппараттар, аспаптар, жабдық, материалдар, реагенттер, калибраторлар, бақылау материалдары және басқа да бұйымдар;



    273) уақытша бейімдеу – адамды масаң күйінен шығару және оны мекендеу ортасы жағдайларына бейімдеу жөніндегі процесс;

    274) улану – мекендеу ортасының химиялық, биологиялық және өзге де факторларының адамға қатты (бірмезгілді) немесе созылмалы (ұзақ) әсер етуі кезінде туындайтын ауру (жай-күй);

    275) университеттік клиника – ғылым мен практиканың заманауи жетістіктері негізінде базасында медицина кадрларын даярлау және олардың біліктілігін арттыру жүргізілетін, медициналық көмектің барлық түрлері көрсетілетін, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейiнгi білім беру ұйымының еншілес ұйымы ретіндегі немесе сенімгерлік басқарудағы жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейiнгi білім беру ұйымының көпбейінді емдеу-профилактикалық құрылымдық бөлімшесі немесе көпбейінді емдеу-профилактикалық ұйым;

    276) ұрпақты болу денсаулығы – адамның толымды ұрпақты өмірге келтіру қабілетін көрсететін денсаулығы;

    277) ұрпақты болудың қосалқы әдістері мен технологиялары – қолдану кезінде ұрықтанудың және эмбриондардың ерте дамуының жекелеген немесе барлық кезеңі ана организмінен тыс жүзеге асырылатын (оның ішінде донорлық және (немесе) криоконсервацияланған жыныстық жасушаларды, ұрпақты болу ағзаларының тіндері мен эмбриондарды, сондай-ақ суррогат ана болуды пайдалана отырып) бедеулікті емдеу әдістері (жасанды инсеминациялау, жасанды ұрықтандыру және эмбриондарды импланттау);

    278) фармакологиялық қадағалау – дәрілік препараттарды қолданудың жағымсыз салдарын анықтауға, талдауға, бағалауға және болғызбауға бағытталған қызмет түрі;

    279) фармакологиялық қадағалау жүйесі – фармакологиялық қадағалау жөніндегі тапсырмалар мен міндеттерді орындау үшін дәрілік препараттардың тіркеу куәліктерін ұстаушылар мен уәкілетті орган ұйымдастыратын, дәрілік препараттардың қауіпсіздігін бақылауға, дәрілік препараттардың «пайда-қатер» арақатынасын бағалауда барлық өзгерістерді уақтылы анықтауға, пайдасы қатерінен асып кеткен кезде дәрілік препараттардың қолданылуын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды әзірлеуге және ендіруге арналған жүйе;

    280) фармацевтика қызметкерлері – фармацевтикалық білімі бар және фармацевтикалық қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғалар;

    281) фармацевтикалық білім – фармацевтика қызметкерлерін даярлау және олардың біліктілігін арттыру жүйесі, сондай-ақ оқуды аяқтау туралы ресми құжатпен расталған фармацевтикалық мамандықтар бойынша даярлау және олардың біліктілігін арттыру бойынша оқыту барысында алынған фармацевтика қызметкері үшін қажетті білімдер мен дағдылардың жиынтығы;

    282) фармацевтикалық көрсетілетін қызмет – тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алуды, тасымалдауды, сақтауды, есепке алу мен өткізуді қоса алғанда, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы субъектілердің халықты амбулаториялық дәрілік қамтамасыз етумен байланысты қызметі;

    283) фармацевтикалық қызмет – дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндіру және (немесе) дайындау және (немесе) көтерме және бөлшек саудада өткізу бойынша денсаулық сақтау саласында жүзеге асырылатын, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алумен (иеленумен), сақтаумен, әкелумен, әкетумен, тасымалдаумен, сапасын бақылаумен, ресімдеумен, бөлумен, пайдаланумен және жоюмен, сондай-ақ олардың қауіпсіздігін, сапасы мен тиімділігін қамтамасыз етумен байланысты қызмет;

    284) фармацевтикалық өнімге арналған сертификат (СРР) – отандық дәрілік заттарды шетелде тіркеу және олардың экспорты үшін уәкілетті орган беретін құжат;



    285) фармацевтикалық субстанция (активті фармацевтикалық субстанция) – дәрілік препараттарды өндіруге және дайындауға арналған дәрілік зат;

    286) формулярлық жүйе – дәрілік заттарды ұтымды пайдалануға бағытталған, дәрілік формулярлар үшін дәрілік заттарды мерзімді бағалау және іріктеу, дәрілік формулярларды қолдау және тиісті нұсқау мен тізбе түрінде ақпарат беру жүйесі;

    287) хабардар етілген келісім – субъектінің медициналық араласуға және (немесе) нақты зерттеуге қатысуға өз келісімін медициналық араласудың және (немесе) зерттеудің шешім қабылдауы үшін маңызы бар барлық аспектілері туралы ақпарат алғаннан кейін ерікті түрде растау рәсімі. Хабардар етілген келісім нысанына қол қою және күн қою арқылы хабардар етілген келісім құжатталады;

    288) халықтың декреттелген тобы – халыққа қызмет көрсету саласында жұмыс істейтін және айналасындағы адамдарға инфекциялық және паразиттік аурулар жұқтырудың анағұрлым әлеуетті қаупін төндіретін адамдар;

    289) халықтың денсаулығына қауіп төндіретін өнім – халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган белгілеген, қолданылуы немесе тұтынылуы кезінде адамның денсаулығына зиянды әсер етуі мүмкін өнім түрлері;

    290) халықтың негізгі топтары – өмір сүру салтының ерекшеліктеріне байланысты АИТВ жұқтырудың жоғары қаупіне ұшырайтын халық топтары;

    291) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы – мекендеу ортасы факторларының адамға зиянды әсері болмайтын және оның тыныс-тіршілігіне қолайлы жағдайлар қамтамасыз етілетін кездегі халық денсаулығының жай-күйі;



    292) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау – халықтың мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құықтық актілерді бұзушылықтардың алдын алуға, анықтауға, жолын кесуге және оларды жоюға, сондай-ақ халық денсаулығын және мекендеу ортасын сақтау және өнімдердің, процестердің, көрсетілетін қызметтердің қауіпсіздігі мақсатында олардың сақталуын бақылау мен қадағалауға бағытталған халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органдардың қызметі;

    293) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қызмет – халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы органдар мен ұйымдардың Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтауға бағытталған, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды, санитариялық-эпидемиологиялық мониторингті, санитариялық-эпидемиологиялық нормалауды, өнімді мемлекеттік тіркеуді, санитариялық-эпидемиологиялық сараптаманы, гигиеналық оқытуды, санитариялық-эпидемиологиялық аудитті, дезинфекциялық, дезинсекциялық және дератизациялық іс-шараларды жүргізуді, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы тәуекелдер дәрежесін бағалауды қамтитын қызметі;

    294) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы ұйымның мамандарын сертификаттау – біліктілігі халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы талаптарға сәйкестігін және кәсіби қызметке қол жеткізуді айқындау мақсатында жүргізілетін рәсім;

    295) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган – халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерде және өзге де заңнамалық актілерде белгіленген талаптардың сақталуын бақылауды және қадағалауды, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

    296) хирургиялық стерилдеу – нәтижесінде әйел немесе еркек ұрпақты болу қабілетін жоғалтатын, медициналық араласуды қолдану арқылы жасалатын контрацепция әдісі;

    297) шарананың тірі тууы немесе өлі тууы – жаңа туған баланың (шарананың) Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тірі туудың және өлі туудың тиісті халықаралық өлшемшарттары бойынша айқындалатын жай-күйі;

    298) шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин – инфекциялық және паразиттік аурулардың таралуын болғызбауға бағытталған әрі кәсіпкерлік және (немесе) өзге де қызметтің ерекше режимін көздейтін шаралар;

    299) іргелі биомедициналық зерттеу – базалық білімдерін кеңейту және өмірлік процестер мен аурулардың физикалық, химиялық және функционалдық механизмдерін түсіну мақсатында жүргізілетін биомедициналық зерттеу;

    300) эвтаназия – аурудың беті бері қарамайтын жағдайларда ауруы емделмейтін науқастың өлімін жеделдету туралы өтінішін қандай да бір іс-әрекетпен немесе құралдармен, оның ішінде дәрілік немесе өзге де заттарды енгізу арқылы, сондай-ақ оның өміріне дем беріп тұрған жасанды шараларды тоқтату арқылы қанағаттандыру;

    301) электрондық шегу жүйелері – құрамында никотин бар аэрозольдағы электрондық шегу жүйелері үшін сұйықтықтарды қыздыру жолымен түрлендіру үшін пайдаланылатын электрондық құрылғылар;

    302) эпидемия – инфекциялық аурулардың әдетте тіркелетін науқастану деңгейінен айтарлықтай жоғары деңгейде жаппай таралуы;



    303) эпидемиялық маңызы бар объектілер – халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптары бұзылған кезде өндіретін өнімі және (немесе) қызметі халық арасында тамақтан уланудың және (немесе) инфекциялық, паразиттік аурулардың пайда болуына әкеп соғуы және (немесе) физикалық факторлардан, өнеркәсіптік және радиоактивті ластанудан халық денсаулығына зиян келтіруі мүмкін объектілер;

    304) ядролық медицина – онкологиялық ауруларды қоса алғанда, адам ағзасы мен жүйесiнiң әртүрлi ауруларының профилактикасы, диагностикасы және оларды емдеу мақсатында радиоактивтi элементтер мен иондандырушы сәулелену қолданылатын медицина саласы;

    305) концессиялық жобаны іске асыру нәтижесінде құрылған денсаулық сақтау объектісін пайдалану (концессия объектісі) – концессия шартында айқындалған тәртіппен және шарттарда техникалық және функционалдық қызмет көрсетуді көздейтін денсаулық сақтау саласындағы концессия объектісін пайдалану;

    306) концессия объектісіне техникалық қызмет көрсету – концессия объектісінің функционалдық қызмет етуіне жарамды, қауіпсіз күйде ұстауға бағытталған технологиялық және ұйымдастырушылық іс-шаралар кешенін жүзеге асырумен концессия объектісін пайдалану, сондай-ақ концессия шартында айқындалған тәртіппен және шарттарда оны ағымдағы және (немесе) күрделі жөндеуді, басқаруды, сервистік және (немесе) қосалқы қызметті жүзеге асыру;

    307) концессия объектісіне функционалдық қызмет көрсету – концессия объектісінің нысаналы тағайындалуына сәйкес, оның ішінде концессия шартында айқындалған тәртіппен және шарттарда тауарлар өндіру және (немесе) жұмыстарды орындау және (немесе) қызметтер көрсету мақсатында концессия объектісін пайдалану;

    308) функционалдық оператор – мемлекеттік заңды тұлға не жарғылық қызметі медициналық көмек көрсету болып табылатын, концессия шартының тарапы болып табылмайтын, концессия объектісіне функционалдық қызмет көрсетуге байланысты қызметті жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын мемлекеттік заңды тұлға не мемлекет жүз пайыз қатысатын заңды тұлға немесе дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы оған меншік құқығымен тиесілі оның еншілес ұйымы;

    309) уақытша бейімделу және детоксикация орталығы - мас күйіндегі (интоксикациядағы) тұлғаларға мамандандырылған медициналық көмек көрсетуге арналған орталық және наркологиялық ұйымның құрылымдық бөлімшесі болып табылады.

    2. Өзге терминдердің мазмұны осы Кодекстің жекелеген баптарында айқындалады.


    жүктеу 1,72 Mb.

    Достарыңызбен бөлісу:
  • 1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   26




    ©g.engime.org 2024
    әкімшілігінің қараңыз

        Басты бет
    рсетілетін қызмет
    халықаралық қаржы
    Астана халықаралық
    қызмет регламенті
    бекіту туралы
    туралы ережені
    орталығы туралы
    субсидиялау мемлекеттік
    кеңес туралы
    ніндегі кеңес
    орталығын басқару
    қаржы орталығын
    қаржы орталығы
    құрамын бекіту
    неркәсіптік кешен
    міндетті құпия
    болуына ерікті
    тексерілу мемлекеттік
    медициналық тексерілу
    құпия медициналық
    ерікті анонимді
    Бастауыш тәлім
    қатысуға жолдамалар
    қызметшілері арасындағы
    академиялық демалыс
    алушыларға академиялық
    білім алушыларға
    ұйымдарында білім
    туралы хабарландыру
    конкурс туралы
    мемлекеттік қызметшілері
    мемлекеттік әкімшілік
    органдардың мемлекеттік
    мемлекеттік органдардың
    барлық мемлекеттік
    арналған барлық
    орналасуға арналған
    лауазымына орналасуға
    әкімшілік лауазымына
    инфекцияның болуына
    жәрдемдесудің белсенді
    шараларына қатысуға
    саласындағы дайындаушы
    ленген қосылған
    шегінде бюджетке
    салығы шегінде
    есептелген қосылған
    ұйымдарға есептелген
    дайындаушы ұйымдарға
    кешен саласындағы
    сомасын субсидиялау