15-тарау. Инфекциялық және инфекциялық емес аурулардың профилактикасы
1-параграф. Инфекциялық аурулардың профилактикасы
100-бап. Халықты гигиеналық оқыту
1. Халықтың декреттелген тобын гигиеналық оқыту – инфекциялық және паразиттік, кәсіптік аурулардың профилактикасы, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілер (объектілерді ұстау, пайдалану және орналастыру, жеке және қоғамдық гигиенаны сақтау) бойынша білім алушылардың мамандықтарына сәйкес оқыту.
Гигиеналық оқытуға жататын халықтың декреттелген тобының тізбесін халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган айқындайды.
2. Дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар өздері жүзеге асыратын қызметке сәйкес декреттелген топ қызметкерлерін гигиеналық оқытуды қамтамасыз етуге міндетті.
Гигиеналық оқытуға ақы төлеуді декреттелген тұлғалар өз бетінше немесе тараптардың келісімі бойынша жұмыс беруші жүзеге асырады.
3. Халықтың декреттелген тобына гигиеналық оқытуды жүргізу сапасын бақылауды мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдары:
қызметінің басталғаны және тоқтатылғаны туралы хабарламаларға мониторинг;
гигиеналық оқытуды жүргізу тәртібі мен бағдарламасының сақталуын тексеру;
тексеру, профилактикалық бақылау және қадағалау барысында декреттелген контингенттің білімін тексеру арқылы жүзеге асырады.
101-бап. Гигиеналық оқыту жөніндегі қызметті жүзеге асыратын адамдарға қойылатын талаптар
1. Халықтың декреттелген топтарын гигиеналық оқыту жөніндегі қызметті санитариялық-гигиеналық (медициналық-профилактикалық) бейіндегі жоғары білімі бар жеке тұлғалар немесе заңды тұлғалардың өкілдері жүзеге асырады.
2. Жеке және заңды тұлғалар гигиеналық оқытуды жүргізу жөніндегі қызмет басталғанға дейін және тоқтатылғаннан кейін бұл туралы «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның аумақтық бөлімшелерін хабардар етуге міндетті.
3. Гигиеналық оқыту жөніндегі қызметті жүзеге асыратын адамдар:
1) оқытудың сапалы жүргізілуін қамтамасыз етуге;
2) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарын сақтауға;
3) халықтың декреттелген топтарының кәсіптеріне сәйкес келетін оқыту бағдарламаларына сәйкес мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық нормалау құжаттарының негізінде оқытуды жүргізуге;
4) гигиеналық оқытуды жүргізу тәртібін сақтауға;
5) халықтың әртүрлі декреттелген топтарын гигиеналық оқытуды біріктіруге жол бермеуге міндетті.
102-бап. Туберкулез профилактикасы
1. Туберкулез профилактикасы жөніндегі іс-шаралар:
1) халықтың арасында туберкулездің таралуына эпидемиологиялық қадағалау жүргізу;
2) Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес вакцинациялауды қамтитын ерекше профилактика;
3) туберкулезді ерте анықтау;
4) активті туберкулез және латентті туберкулез инфекциясын емдеу;
5) қоршаған ауа арқылы өмір сүру ортасына туберкулез қоздырғышының берілуін болғызбауға бағытталған инфекциялық бақылау шаралары кешенін қолдану;
6) әлеуметтік профилактика: халықтың тұрмыстық жағдайын және тамақтану сапасын жақсарту; алкоголизмге, нашақорлыққа, уытқұмарлыққа, темекі шегуге қарсы күрес; халыққа тұрмыста жеке гигиена дағдыларын дарыту; дене шынықтыру мен спортты дамыту;
7) халықты бұқаралық ақпарат құралдары арқылы туберкулез бойынша эпидемиялық жағдай туралы және профилактикалық шаралар туралы хабардар ету;
8) халықтың әртүрлі топтары үшін, оның ішінде әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы туберкулездің профилактикасы жөніндегі ақпараттық материалдарды әзірлеу және тарату арқылы жүзеге асырылады.
2. Туберкулездің профилактикасы жөніндегі іс-шараларды жүргізу уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
103-бап. АИТВ инфекциясының профилактикасы
1. АИТВ инфекциясының профилактикасы жөніндегі іс-шаралар:
1) халық, оның ішінде халықтың негізгі топтары арасында АИТВ инфекциясының таралуына эпидемиологиялық бақылау жүргізу;
2) халықтың әртүрлі топтарын ақпараттық материалдар, әлеуметтік желілер және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы АИТВ инфекциясы мәселелері жөнінде хабардар ету;
3) АИТВ инфекциясының профилактикасы мәселелерін білім беру жүйесіне және жұмыс орындарына интеграциялау;
4) халықтың негізгі топтарына емдеу-профилактикалық қызметтерді сенім пункттерінде, достық кабинеттерінде ұсыну;
5) мемлекеттік әлеуметтік гранттарды және мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды үкіметтік емес ұйымдар арқылы орналастыру және іске асыру;
6) донорлықтың және транспланттаудың инфекциялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ халыққа тері қабаттары мен сілемейдің бүтіндігінің бұзылуына байланысты қызметтер көрсету;
7) АИТВ инфекциясының анадан ұрыққа және балаға берілуінің алдын алу;
8) контактіге дейінгі және контактіден кейінгі профилактиканы ұсыну;
9) диагноз қойылған кезден бастап АИТВ инфекциясының берілу қаупін азайту үшін антиретровирустық терапия беру арқылы жүзеге асырылады.
Достық кабинеті – еріктілік және құпиялық қағидаты бойынша тегін негізде АИТВ жұқтырған және халықтың негізгі топтарына жыныстық жолмен берілетін инфекциялық аурулар кезінде профилактикалық және емдеу-диагностикалық көмек көрсетудің арнайы ұйымдастырылған пункті.
2. АИТВ инфекциясының профилактикасы жөніндегі іс-шараларды жүргізу уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
104-бап. Медициналық қалдықтардың айналысы
1. Медициналық қалдықтар медициналық қызмет көрсету және медициналық манипуляциялар жүргізу процесінде пайда болатын өндіріс және тұтыну қалдықтарының бір түріне жатады.
2. Медициналық қалдықтар қауіптілік дәрежесі бойынша қауіптіліктің 5 класына бөлінеді:
А класы – тұрмыстық қатты қалдықтарға ұқсас қауіпсіз медициналық қалдықтар;
Б класы – қауіпті (эпидемиологиялық) медициналық қалдықтар;
В класы – төтенше (эпидемиологиялық) қауіпті медициналық қалдықтар;
Г класы – құрамы бойынша токсикологиялық қауіпті медициналық қалдықтар;
Д класы – радиоактивті медициналық қалдықтар.
Б-Д класының медициналық қалдықтары қауіпті қалдықтар болып табылады.
3. Медициналық қалдықтарды жинауға, тасымалдауға, сақтауға, залалсыздандыруға, пайдалануға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган бекітетін санитариялық қағидаларда айқындалады.
4. Қалдықтардың меншік иелері Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің 296-бабына және 19-тарауына сәйкес медициналық қалдықтар Өндіріс және тұтыну қалдықтарының мемлекеттік кадастрына енгізу үшін жұмыс істеу саласындағы жыл сайынғы есеп (бұдан әрі – есеп) түрінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға ақпарат береді.
5. Медициналық қалдықтар жөніндегі ақпараттар жыл сайын 1 қаңтардағы жағдай бойынша есепті жылдан кейінгі жылдың 1 наурызына дейін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға электрондық және (немесе) қағаз жеткізгіштерде ұсынылады.
6. Қалдықтардың меншік иелері есептер деректерінің толықтығын, үздіксіздігін және дұрыстығын қамтамасыз етеді.
7. Медициналық қалдықтар бойынша ақпарат беру тәртібін халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган айқындайды.
105-бап. Медициналық қалдықтарды жинау, тасымалдау, сақтау, залалсыздандыру, көму және (немесе) пайдалану жөніндегі қызметті жүзеге асыратын тұлғаларға қойылатын талаптар
1. Медициналық қалдықтарды жинау, тасымалдау, сақтау, залалсыздандыру, пайдалану жөніндегі қызметті медициналық қалдықтарды жинау, тасымалдау, сақтау, залалсыздандыру, көму және пайдалану жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар жүзеге асырады.
2. Медициналық қалдықтарды жинау, тасымалдау, сақтау, залалсыздандыру, көму және пайдалану жөніндегі жеке және заңды тұлғалар қызмет басталғанға дейін «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен рұқсат беру құжаттарын алуға міндетті.
3. Медициналық қалдықтарды жинау, тасымалдау, сақтау, залалсыздандыру, көму және пайдалану жөніндегі субъектілерге қойылатын біліктілік талаптарын халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган белгілейді.
106-бап. Санитариялық-эпидемияға қарсы, санитариялық-профилактикалық іс-шаралар
1. Инфекциялық және паразиттік аурулардың пайда болуы мен таралуының, халықтың улануының алдын алу мақсатында санитариялық-эпидемиологиялық нормалаудың мемлекеттік жүйесінің құжаттарында көзделген санитариялық-эпидемияға қарсы, санитариялық-профилактикалық іс-шаралар, оның ішінде Қазақстан Республикасының аумағын санитариялық қорғауды жүзеге асыру, шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантинді енгізу бойынша, инфекциялық және паразиттік аурулармен ауыратын адамдарға қатысты шектеу іс-шараларын, медициналық қарап-тексерулерді, профилактикалық егуді жүргізу бойынша іс-шаралар, халықтың декреттелген топтарын және ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарда істейтін адамдарды гигиеналық оқыту жүргізіледі.
2. Санитариялық-эпидемияға қарсы, санитариялық-профилактикалық іс-шаралар Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жоспарлау жүйесі әзірлейтін құжаттарға енгізілуге жатады.
3. Инфекциялық және паразиттік аурулармен ауыратын адамдар, сондай-ақ инфекциялық және паразиттік аурулармен ауырады деп күдік туғызатын адамдар, бактерия таратушылар оқшаулауға және (немесе) емдеуге, ал олармен байланыста болған адамдар – медициналық бақылауға және қажет болған кезде оқшаулауға және (немесе) емдеуге жатады.
4. Созылмалы инфекциялық және паразиттік аурулармен (АИТВ инфекциясын қоспағанда) ауыратын адамдар, айналасындағыларға қауіп төндіретін созылмалы бактерия таратушылар Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жұмыстан уақытша шеттетілуге жатады.
107-бап. Қазақстан Республикасының аумағын санитариялық қорғау
1. Автомобиль өткізу пункттерін қоспағанда, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасымен тұспа-тұс келетін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде жолаушыларға, экипаждарға, пойыз бригадаларына, көлік құралдарына, халықтың денсаулығына қауіп төндіретін жүктерге санитариялық-карантиндік бақылауды жүзеге асыру үшін санитариялық-карантиндік пункттер ұйымдастырылады.
2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде (санитариялық-карантиндік пункттерде) санитариялық-карантиндік бақылауды халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның аумақтық бөлімшелері жүргізеді.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы автомобиль өткізу пункттерінде санитариялық-карантиндік бақылауды кеден ісі саласындағы уәкілетті орган жүргізеді.
3. Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге тыйым салынған қауіпті жүктер мен тауарларды, сондай-ақ оларға қатысты санитариялық-карантиндік қадағалау жүргізу кезінде оларды Қазақстан Республикасының аумағына әкелу инфекциялық аурулардың немесе жаппай инфекциялық емес аурулар мен уланулардың пайда болуы мен таралуына қатер төндіретіні белгіленген жүктер мен тауарларды әкелуге жол берілмейді.
4. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде жүк пен тауарға, жолаушыларға радиологиялық бақылауды Қазақстан Республикасының мемлекеттік кіріс органдары жүргізеді.
108-бап. Инфекциялық аурулар эпидемиясының пайда болу қаупі төнген жағдайда шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантинді жүзеге асыру тәртібі
1. Инфекциялық және паразиттік аурулардың әкеліну және таралу қаупі төнген жағдайда халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасымен тұспа-тұс келетін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде және тиісті аумақтарда кәсіпкерлік және (немесе) өзге де қызметтің және халықтың өмірінің ерекше жағдайлары бар шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантинді енгізеді.
2. Шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин енгізілген жағдайларда орталық және жергілікті атқарушы органдардың, жеке және заңды тұлғалардың қызметін үйлестіру жөніндегі жедел басшылық төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі ведомствоаралық мемлекеттік комиссияға және төтенше жағдайлар жөніндегі аумақтық комиссияға жүктеледі.
3. Шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин жекелеген объектілерде тиісті аумақтың (көліктегі) бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің немесе оның орынбасарларының шешімімен, сондай-ақ өзге де мемлекеттік органдардың ведомстволық объектілерінде халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың құрылымдық бөлімшелерінің бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің шешімімен енгізіледі (жойылады).
4. Шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантинді жүзеге асыру тәртібін және пайда болу және таралу қаупі төнген кезде шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин енгізілетін инфекциялық аурулардың тізбесін халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган белгілейді.
109-бап. Инфекциялық, паразиттік аурулар және (немесе) улану жағдайларын тіркеу және тергеп - тексеру
1. Инфекциялық және паразиттік аурулар және (немесе) уланулардың, иммундаудан кейінгі қолайсыз көріністердің барлық жағдайларын денсаулық сақтау субъектілері олардың анықталған жері бойынша тіркеуге, мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдары мен ұйымдары мемлекеттік есепке алуға және есептілікті жүргізуге тиіс.
2. Халықтың инфекциялық және паразиттік аурулары және (немесе) улануы жағдайларын халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның мамандары тергеп - тексеруге тиіс.
3. Инфекциялық, паразиттік, аурулар және (немесе) улану, иммундаудан кейінгі қолайсыз көріністер жағдайларын тіркеу және тексеру, есепке алу мен есептілікті жүргізу уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүргізіледі.
4. Халықтың арасында АИТВ инфекциясының жағдайларын
тергеп-тексеруді уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен АИТВ инфекциясының профилактикасы саласындағы қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау субъектілерінің мамандары жүргізеді.
5. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қызметті жүзеге асыратын өзге де мемлекеттік органдардың құрылымдық бөлімшелері шұғыл хабарлама келіп түскен күннен бастап күнтізбелік жеті күн ішінде инфекциялық және паразиттік аурулардың және (немесе) халықтың улануының жағдайларына эпидемиологиялық тергеп - тексеру жүргізеді.
6. Әскерлерде, бөлімшелерде және ведомстволық ұйымдарда карантиндік және аса қауіпті аурулар тіркелген жағдайда уәкілетті орган бекітетін эпидемиологиялық тергеп - тексерулер жүргізу мерзімдері тіркелген жеріне қарай халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қызметті жүзеге асыратын өзге де мемлекеттік органдардың бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлерінің шешімімен өзгертілуі мүмкін.
110-бап. Кәсіптік аурулар және (немесе) улану жағдайларын тіркеу және тергеп - тексеру
1. Кәсіптік аурулардың және (немесе) уланулардың, оның ішінде қызметкердің өз еңбек (қызметтік) міндеттерін не жұмыс берушінің мүддесінде өз бастамасы бойынша өзге де іс-әрекеттерді орындауына байланысты қызметкерге зиянды өндірістік факторлардың әсер етуіне байланысты кәсіптік ауруларға күдікті және (немесе) уланулардың барлық жағдайларын денсаулық сақтау субъектілері уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен олардың анықталған жері бойынша тіркеуге тиіс.
2. Кәсіптік аурулар және (немесе) улану жағдайлары кәсіптік патология және сараптама саласында мамандандырылған медициналық көмек көрсететін мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында есепке алуға және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдары мен ұйымдарының мемлекеттік есепке алуына және есептілікті жүргізуіне жатады.
3. Қызметкердің өз еңбек (қызметтік) міндеттерін, не жұмыс берушінің мүддесінде өз бастамасы бойынша өзге де іс-әрекеттерді орындауына байланысты қызметкерге зиянды өндірістік факторлардың әсер етуіне байланысты кәсіптік аурулар және (немесе) улану жағдайлары тергеп-тексеруге жатады.
4. Жұмыс беруші қызметкердің өз еңбек (қызметтік) міндеттерін не жұмыс берушінің мүддесінде өз бастамасы бойынша өзге де іс-әрекеттерді орындауына байланысты кәсіптік аурулардың және (немесе) уланудың барлық жағдайлары туралы еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген нысан бойынша бір тәулік ішінде дереу халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органға хабарлайды.
5. Жұмыс беруші кәсіптік ауруларды және (немесе) өндірістегі улануды тексеруді ұйымдастыруға жауапты болады.
6. Жұмыс беруші кәсіптік ауруларға және (немесе) улануға тергеп-тексеру жүргізу үшін халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның лауазымды адамдарын кедергісіз кіргізеді.
7. Іссапарға жіберілген қызметкерлермен болған кәсіптік аурулар және (немесе) улану жағдайларын тергеп-тексеруді ұйымдастыру жұмыс берушінің өкілін қатыстыра отырып қызметкер іссапарға жіберілген заңды тұлғаға жүктеледі.
8. Сараптамалық қорытындыны талап ететін мәселелерді шешу үшін кәсіптік ауруларды және (немесе) улануларды тергеп-тексеру жөніндегі комиссияның жұмысына жұмыс берушінің қаражаты есебінен кәсіптік патология және сараптама саласында мамандандырылған медициналық көмек көрсететін ғылыми-зерттеу ұйымдарының және (немесе) денсаулық сақтау ұйымдарының мамандары тартылады.
9. Тергеп-тексеру кезінде зиянды өндірістік фактормен байланысы жоқ адамдарда, оның ішінде жұмыс істемейтін адамдарда созылмалы кәсіптік аурудың және (немесе) уланудың пайда болу мән-жайлары мен себептерін тергеп-тексеру барлық жұмыс берушілердің әрбір жұмыс берушідегі зиянды жағдайлардағы жұмыс өтіліне тепе-тең жауапкершілігі ескеріле отырып, зиянды өндірістік факторы бар бұрынғы жұмыс орны бойынша жүргізіледі.
10. Кәсіптік аурулар және (немесе) улану жағдайларын тіркеу және тергеп-тексеру, есепке алу мен есептілікті жүргізу халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен жүргізіледі.
11. Режимдік объектілерде еңбек қызметіне байланысты кәсіптік ауруларды және (немесе) улануларды тергеп-тексеру шарттары осы объектілерде болу үшін оған кіру ерекшеліктері ескеріле отырып айқындалады.
111-бап. Дезинфекциялық, дезинсекциялық және дератизациялық іс-шаралар
1. Инфекциялық және паразиттік аурулардың пайда болуының, таралуының алдын алу мақсатында дара кәсіпкерлер, жеке және заңды тұлғалар өз қаражаты есебінен мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық нормалау құжаттарына сәйкес жүйелі негізде профилактикалық, сондай-ақ эпидемиологиялық көрсетілімдер (санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің лауазымды адамдарының ұйғарымдары, қаулылары) бойынша инфекциялық және паразиттік аурулардың қоздырғыштарын жоюға (дезинфекция), жәндіктерді, басқа да буын аяқтыларды (дезинсекция) және кеміргіштерді жоюға (дератизация) бағытталған шаралар кешенін жүргізуге міндетті.
2. Эпидемиялық төтенше жағдайлар туындаған кезде бюджет қаражаты есебінен мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдарының ұсынуы бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарының шешімі бойынша кезектен тыс міндетті дезинфекциялық, дезинсекциялық және дератизациялық іс-шаралар жүргізіледі.
3. Профилактикалық дезинсекция мен дератизацияны (инфекциялық аурулардың табиғи ошақтарының аумағындағы, сондай-ақ инфекциялық аурулардың ошақтарындағы дезинсекция мен дератизацияны қоспағанда) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары жүргізеді.
4. Адамның инфекциялық және паразиттік аурулары ошақтарындағы және инфекциялық және паразиттік аурулардың табиғи ошақтарындағы ошақты дезинфекциялауды, дезинсекциялауды, дератизациялауды инфекциялық және паразиттік аурулардың профилактикасы және (немесе) оларды жою мақсатында санитариялық-эпидемиологиялық қызмет ұйымдары мен медициналық ұйымдар жүргізеді.
2-параграф. Инфекциялық емес аурулардың профилактикасы
112-бап. Инфекциялық емес аурулардың, оның ішінде кәсіптік аурулардың және жарақаттанудың профилактикасы
1. Инфекциялық емес аурулардың, оның ішінде кәсіптік аурулардың профилактикасы:
1) мынадай:
саламатты өмір салтын және дұрыс тамақтануды насихаттау;
аурулардың профилактикасы мәселелері бойынша оқыту бағдарламаларын енгізе отырып, халықты бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабардар ету арқылы аурулар қатерінің мінез-құлық факторларының профилактикасын және халықтың хабардар болуын арттыруды;
2) созылмалы инфекциялық емес ауруларды басқару бағдарламаларын енгізуді;
3) медициналық-санитариялық алғашқы көмек мамандарының бекітілген халықтың аурулар қатері факторларына, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласында қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік органдар мамандарының – жұмыс істейтіндердің кәсіптік ауруларына жүргізетін мониторингін;
4) мемлекеттік органдардың өз өкілеттігі шегінде, өзге де органдар мен ұйымдардың, сондай-ақ дара кәсіпкерлердің аурулар қатерінің өндірістік факторларының әсерін барынша азайту өндірістік зиянды/қауіпті факторлардың бағалануын ескере отырып, олардың әсер етуі салдарынан денсаулық қаупін бақылау;
5) скринингтік зерттеулер, халыққа профилактикалық медициналық қарап-тексеру жүргізу, ерте қарап – тексеруге ынталандыру арқылы созылмалы инфекциялық емес, оның ішінде кәсіптік аурулары бар адамдарды анықтауды;
6) Қазақстан Республикасы азаматтарының жекелеген санаттарын амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді, қалпына келтіру емін және медициналық-әлеуметтік оңалтуды қоса алғанда, созылмалы, оның ішінде кәсіптік аурулары бар адамдарды динамикалық байқауды және уақтылы сауықтыруды;
7) денсаулық жағдайы бойынша медициналық қорытындыда көрсетілген мерзімге уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен неғұрлым жеңіл жұмысқа уақытша ауыстыруды қамтиды.
2. Жарақаттану профилактикасын сектораралық деңгейде мемлекеттік органдар өз өкілеттіктері шегінде, жеке және заңды тұлғалар жүзеге асырады.
3. Кәсіпорынның медицина қызметкері:
еңбек гигиенасы, қызметкерлердің кәсіби қызметімен және еңбек жағдайларымен байланысты кәсіптік аурулар бойынша білімінің болуына;
уақытша еңбек қабілетінен айырылуға қатысты сырқаттанушыларға талдау жүргізуге;
міндетті алдын ала және кезеңдік медициналық қарап-тексерулерге жататын қызметкерлердің кәсіби қызметінің сипаттамасын және еңбек жағдайын, міндетті медициналық қарап-тексеруді жүзеге асыратын медициналық ұйымға ұсынуға міндетті.
113-бап. Дұрыс тамақтану саясатын қалыптастыру
1. Дұрыс тамақтану саясатын қамтамасыз ету бойынша міндеттер:
1) дұрыс тамақтану саясатын қалыптастыру;
2) халықты дұрыс және ұтымды тамақтануға оқытып-үйрету;
3) тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі саласындағы саясатты үйлестіру;
4) халықтың тамақтану жай-күйіне мониторинг жүргізу және бағалау, оны жақсарту бойынша іс-шараларды әзірлеу;
5) тамақтану, тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі саласында ғылыми зерттеулер жүргізу;
6) тиімсіз және дұрыс емес тамақтанумен байланысты созылмалы инфекциялық емес аурулардың таралу деңгейін төмендету;
7) бір жасқа дейінгі балаларды емшек сүтімен қоректендіруді қалыптастыру және көтермелеу;
8) тамақ өнімдерімен және ауыз сумен байланысты аурулардың таралу деңгейін төмендету;
9) тамақ өнімдері рецептурасының өзгеруі есебінен тұз бен қантты тұтынуды қысқарту;
10) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында тыйым салынбаған өзге де шараларды қолдану.
2. Денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарында тамақтану стандарттарын уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.
3. Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін бақылауды уәкілетті органдар құзыреті шегінде жүзеге асырады.
Достарыңызбен бөлісу: |