157-1-бап. Мәміленің жарамсыздығының салдарлары туралы жалпы ережелер
1. Маңызсыз мәміленің жарамсыздығы салдарларын қолдану туралы талапты мәміле тарапы не осы Кодекстің 157-бабының 3-тармағында белгіленген тұлғалар қоюға құқылы.
2. Жарамсыздығына байланысты және жасалған кезінен бастап жарамсыз болған мәмiлелерді қоспағанда, егер осы Кодексте, Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерінде өзгеше көзделмесе немесе мәмiленiң мәнiнен немесе мазмұнынан өзгеше туындамаса, жарамсыз мәмiле заңдық салдарларға алып келмейді.
3. Егер мәміле жарамсыздығының өзге де салдарлары осы Кодексте немесе Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде көзделмесе, мәміле жарамсыз болған кезде тараптардың әрқайсысы – екінші тарапқа мәміле бойынша алынғанның барлығын қайтарып беруге, ал заттай қайтарып беру мүмкін болмағанда (оның ішінде, алынғандар мүлікті пайдалану, орындалған жұмыс немесе көрсетілген қызмет түрінде болғанда) қайтарылуға жататын мүліктің құнын, мүлікті пайдаланудың, орындалған жұмыстардың немесе көрсетілген қызметтердің құнын ақшалай өтеуге міндетті.
4. Сот мәмiленiң жарамсыздығын тудырған әрекеттердi жасауға кiнәлi тараптан екiншi тараптың пайдасына мәмiленi жарамсыз деп тануға байланысты оған келтірілген залалды өндiрiп алуы мүмкiн.
5. Егер мәмiле қылмыстық мақсатқа жетуге бағытталса, оның құқыққа қайшылығы сот үкімімен (қаулысымен) белгіленсе, онда екi тараптың да теріс пиғылы болған кезде олардың мәмiле бойынша алғандарының немесе алуға арналғандардың барлығы соттың шешiмi немесе үкiмi бойынша тәркiленуге жатады. Мұндай мәмiленi бiр тарап орындаған жағдайда оның екiншi тараптан алғандарының барлығы және одан мәмiле бойынша бiрiншi тарапқа тиесiлiнiң барлығы тәркiленуге жатады. Егер тараптардың бір де біреуі орындауға кiрiспеген болса, мәмiледе орындалуы көзделгеннiң барлығы тәркiленуге жатады.
6. Қылмыстық мақсатқа жетуге бағытталған теріс пиғыл тараптардың бiрiнде ғана болған, оның құқыққа қайшылығы сот үкімімен (қаулысымен) белгіленген жағдайда, оның мәмiле бойынша алғандарының барлығы екiншi тарапқа қайтарылуға жатады, ал соңғысының алғаны не оған мәмiле бойынша тиесiлiсi тәркiленуге жатады.
7. Нақты мән-жайларды ескере отырып, сот осы баптың 5 және 6-тармақтарында көзделген салдарларды, жарамсыз мәмiле бойынша алынған не алынуға тиiс мүлiктi тәркiлеу бөлiгiнде iшiнара не толық қолданбауға құқылы. Бұл бөлiкте осы баптың 3-тармағында көзделген салдарлар басталады.
8. Сот мәмiленi жарамсыз деп тани отырып, нақты мән-жайларды ескеріп, оны одан әрi орындауға тыйым салумен шектелуге құқылы.
Ескерту. 4-тарау 157-1-баппен толықтырылды - ҚР 27.02.2017 № 49-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
Достарыңызбен бөлісу: |