291-бап. Борышты төлеу арқылы міндеттемені орындау
Ескерту. 291-баптың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР 02.07.2018 № 166-VІ (01.07.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
1. Егер борышқор:
1) несие берушiнiң немесе орындалған iстi қабылдауға өзi уәкiлдiк берген адамның мiндеттеме орындалуға тиiстi жерде болмауы;
2) несие берушiнiң әрекет қабiлетсiздiгi және оның өкiлiнiң болмауы;
3) мiндеттеме бойынша, атап айтқанда, бұл мәселе жөнiнде несие берушi мен басқа адамдар арасындағы дауға байланысты несие берушiнiң кiм екенi жайында анық айқындық болмауы;
4) несие берушiнiң орындалған iстi қабылдаудан жалтаруы немесе оның тарапынан өзге мерзiмiн өткiзiп алушылық салдарынан борышқор мiндеттеменi орындай алмаса, борышқор мiндеттемелерiн орындау үшiн өзiнен алынатын ақшаны депозит шарттарында, ал бағалы қағаздарды - нотариустың атына сақтау шарттарында, ал заң құжаттарымен белгiленген жағдайларда соттың атына орналастыруға құқылы.
Егер борышкер мен кредитор арасындағы нотариат куәландырған шартта міндеттемені орындау тәсілі ретінде нотариус депозитіне ақша орналастыру көзделген болса, борышкер міндеттемелерін орындау үшін өзінен алынатын ақшаны депозит шарттарында нотариустың атына орналастыруға да құқылы.
2. Ақша сомасын немесе бағалы қағаздарды депозит шарттарында салу немесе нотариустың немесе соттың атына сақтау мiндеттеменiң орындалғаны болып есептеледi.
Ақша немесе бағалы қағаздар атына салынған нотариус немесе сот бұл туралы несие берушiлерге хабарлайды.
Борышкердің ақшаны және бағалы қағаздарды нотариустың атына орналастыру, оларды кредиторға беру шарттары, сондай-ақ депозит пен сақтаудың басқа да шарттары Қазақстан Республикасының нотариат туралы заңнамасында белгіленеді.
3. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген негіздердің салдарынан орындалуы мүмкін емес бағалы қағаздар нарығындағы жекелеген міндеттемелерді орындау ерекшеліктері Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.
Ескерту. 291-бапқа өзгерістер енгізілді – ҚР 1997.07.11. N 154, 1998.03.02. N 211; 21.01.2019 № 217-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.07.2018 № 166-VІ (01.07.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
18-тарау. Міндеттеменің орындалуын қамтамасыз ету
Параграф 1. Жалпы ережелер
292-бап. Мiндеттеменiң орындалуын қамтамасыз ету әдiстерi
1. Мiндеттеменi орындау, заңдарда немесе шартта көзделген айып төлету, кепiл, борышқордың мүлкiн алып қалу, аманат, кепiлдiк, кепiлпұл, кепілдік жарна және басқа да әдiстер арқылы қамтамасыз етiлуi мүмкiн.
Бағалы қағаздар бойынша мiндеттемелердiң орындалуын қамтамасыз ету тәсiлдерi Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногындағы қызметтi реттейтiн заң актiлерiнде белгiленедi.
2. Мiндеттеменi қамтамасыз ету туралы келiсiмнiң жарамсыздығы бұл мiндеттеменiң (негiзгi мiндеттеменiң) жарамсыздығына әкелiп соқтырмайды.
3. Негiзгi мiндеттеменiң жарамсыздығы оны қамтамасыз ететiн мiндеттеменi жарамсыз етедi.
4. Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, негізгі міндеттеменің тоқтатылуы оны қамтамасыз ететін міндеттеменің тоқтатылуына алып келеді.
Ескерту. 292-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2005.07.08 N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 24.11.2015 № 422-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Параграф 2. Айып төлеу
293-бап. Айып төлеу ұғымы
Борышқор мiндеттемесiн орындамаған немесе тиiсiнше орындамаған ретте, атап айтқанда, орындау мерзiмiн өткiзiп алған ретте несие берушiге төлеуге мiндеттi, заңдармен немесе шартпен белгiленген ақша сомасы айып төлеу (айыппұл, өсiм) деп танылады. Айып төлеу туралы талап бойынша несие берушi оған келтiрiлген залалдарды дәлелдеуге мiндеттi емес.
Ескерту. 293-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.03.02. N 211 Заңымен.
294-бап. Айып төлеу туралы келiсiмнiң нысаны
Айып төлеу туралы келiсiм, негiзгi мiндеттеменiң нысанына қарамастан, жазбаша түрде жасалуға тиiс.
Жазбаша нысанды сақтамау тұрақсыздық айыбы туралы келiсiмнiң маңызсыздығына алып келеді.
Ескерту. 294-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 27.02.2017 № 49-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
295-бап. Заңды айып төлеу
1. Несие берушi тараптардың келiсiмiнде айып төлеу мiндетi көзделген-көзделмегенiне қарамастан, заңдарда белгiленген айып төлеудi (заңды айып төлеудi) талап етуге құқылы.
2. Егер заңдарда тыйым салынбаса, тараптардың келiсiмiмен заңды айып төлеу мөлшерi көбейтiлуi мүмкiн.
296-бап. Айып төлеу мөлшерi
Айып төлеу мөлшерi нақты ақша сомасында немесе орындалмаған не тиiсiнше орындалмаған мiндеттеме сомасына шаққандағы процентпен белгiленедi.
Достарыңызбен бөлісу: |