1 бөлiм. Жалпы ережелер 1-тарау. Азаматтық-құқықтық қатынастарды реттеу


-бап. Шартқа қатысушылардың ортақ iстерiн жүргiзу



жүктеу 1,33 Mb.
бет10/12
Дата29.05.2020
өлшемі1,33 Mb.
#30710
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12
азаматтық кодекс

229-бап. Шартқа қатысушылардың ортақ iстерiн жүргiзу

      Бiрлескен қызмет туралы шартқа қатысушылардың ортақ iстерiн жүргiзу олардың ортақ келісімi бойынша жүзеге асырылады. Өзара келісу бойынша олар бiрлескен қызметке басшылық етудi және ортақ iстердi жүргiзудi, бұл жағдайда шартқа қалған қатысушылар берген сенімхат негiзiнде әрекет ететін қатысушылардың бiрiне немесе осы Кодекстің 823-бабында көзделген жағдайда үшінші тұлғаға тапсыра алады.

      Ескерту. 229-бап жаңа редакцияда - ҚР 02.07.2018 № 166-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
230-бап. Шартқа қатысушылардың ортақ мүлкi

      1. Бiрлескен қызмет туралы шартқа қатысушылар өз мақсаттарына жету үшiн жарналарын ақшалай немесе басқа мүлiкпен, не еңбек үлесi арқылы қосады.

      2. Шартқа қатысушылардың ақшалай немесе өзге де мүлiктiк жарналары, сондай-ақ олардың бiрлескен қызметi нәтижесiнде жасалған немесе сатып алынған мүлiк олардың ортақ үлестi меншiгi болып табылады.

      3. Алынып тасталды - ҚР 1998.03.02 N 211 Заңымен.
      4. Шартқа қатысушылардың мүлкiне осы Кодекстiң ортақ үлестi меншiк туралы қалыптары қолданылады, егер осы тараудың нормаларында өзгеше көзделмесе, басқа заң актiлерiмен немесе бiрлескен қызмет туралы шартпен.

      Ескерту. 230-бапқа өзгеріс енгiзiлдi - ҚР 1998.03.02 N 211 Заңымен.
     
231-бап. Шартқа қатысушылардың ортақ шығындары мен залалдары

      Бiрлескен қызметi бойынша ортақ шығындарды және соның нәтижесiнде пайда болған залалдарды жабу тәртiбi қатысушылардың шартымен белгiленедi. Егер шартта мұндай тәртiп көзделмесе, ортақ шығындар мен залалдар шартқа қатысушылардың ортақ мүлкi есебiнен жабылады, ал жетпей қалған сомалар олардың арасында осы мүлiктегi үлестерiне қарай бөлiнiп салынады.



      Ескерту. 231-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 1998.03.02. N 211 Заңымен.
     
232-бап. Бiрлескен қызметке қатысу құқығын беру және қатысудан бас тарту

      1. Бiрлескен қызметке қатысу құқығын беру бiрлескен қызмет туралы шартқа (жай серiктестiк шартына) қатысушылардың келiсiмiмен ғана жүзеге асырылуы мүмкiн.

      2. Бiрлескен қызмет туралы шартқа (жай серiктестiк шартына) қатысушы өз қалауы бойынша бiрлескен қызметке қатысудан бас тартуға құқылы.

      3. Бiрлескен қызметке қатысушылардың қайсы бiреуiнiң қатысудан бас тартуы салдарынан келтiрiлген залалдар, егер бiрлескен қызмет туралы шартта (жай серiктестiк шартында) өзгеше көзделмесе, толық көлемiнде өндiрiлiп алынады.

233-бап. Консорциум

      1. Консорциум - бiрлескен шаруашылық қызмет туралы шарт негiзiнде заңды тұлғалар нақты шаруашылық мiндеттерiн шешу үшiн белгiлi бiр ресурстарды бiрiктiрiп, күш-жiгердi үйлестiретiн ерiктi түрде тең құқықты уақытша одақ (бiрлестiк).

      2. Консорциумға қатысушылар өздерiнiң шаруашылық дербестiгiн сақтап қалады және басқа консорциумдардың, қауымдастықтардың қызметiне қатыса алады.

      Консорциумға қатысушылардың арасындағы қатынастар шарт негiзiнде құрылады.

      3. Консорциумды басқару консорциумға қатысушылардың консорциалдық келiсiмiне сәйкес жүзеге асырылады.

      4. Консорциумға қатысушылар, егер консорциалдық келiсiмде өзгеше ескертiлмесе, консорциум қызметiне байланысты мiндеттемелер бойынша ортақ жауапты болады.

      5. Консорциум өз қызметiн алдына қойған мiндеттерiн орындағаннан кейiн немесе оған қатысушылардың шешiмi бойынша тоқтатады.

      Ескерту. 233-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 1998.03.02. N 211 Заңымен.
     
234-бап. Бiрлескен қызметтiң жекелеген түрлерi туралы ережелер

      Бiрлескен қызметтiң жекелеген түрлерi осы Кодекске Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес реттеледi.

13-тарау. Меншік құқығына және өзге
де заттық құқықтарға ие болу

235-бап. Меншiк құқығына ие болу негiздерi

      1. Егер шартта немесе заңдарда өзгеше көзделмесе, жаңа затқа меншiк құқығы оны дайындаған немесе жасаған тұлғаға тиедi.

      Мүлiктi пайдалану нәтижесiнде алынған жемiстерге, өнiмге, табысқа меншiк құқығы осы Кодекстiң 123-бабына сәйкес алынады.

      2. Меншiк иесi бар мүлiкке меншiк құқығына басқа адам сатып алу-сату, айырбастау, сыйға тарту немесе осы мүлiктi иелiктен айыру туралы өзге мәмiленiң негiзiнде ие болуы мүмкiн.

      Азамат қайтыс болған ретте оған тиесiлi мүлiкке меншiк құқығы өсиетке немесе заңға сәйкес мұрагерлiк бойынша басқа адамдарға көшедi.

      Заңды тұлға қайта ұйымдастырылған ретте оған тиесiлi мүлiкке меншiк құқығы қайта құрылған заңды тұлғаның құқықты мирасқорларына - заңды тұлғаларға көшедi (осы Кодекстiң 46-бабы).

      Меншiк иесiнiң мүлкiн меншiк иесiнiң еркiнен тыс басқа тұлғаға беруге осы Кодексте көзделгеннен басқа реттерде жол берiлмейдi.

      3. Осы Кодексте көзделген реттер мен тәртiп бойынша тұлға меншiк иесi жоқ мүлiкке, меншiк иесi белгiсiз мүлiкке, не меншiк иесi бас тартқан немесе өзге негiздер бойынша ол меншiк құқығын жоғалтқан мүлiкке меншiк құқығын алуы мүмкiн.

      3-1. Мемлекет Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда және тәртіппен жер учаскесін реквизициялау, мемлекет меншігіне алу, оның ішінде мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп алып қою кезінде, сондай-ақ жер учаскесін алып қоюға байланысты жылжымайтын мүлікті иеліктен шығару кезінде мүлікке меншік құқығына ие болады.

      4. Тұтыну (тұрғын үй, тұрғын үй-құрылыс, саяжай, гараж немесе өзге) кооперативiнiң мүшелерi, жарна жинақтауға құқығы бар, пәтер, саяжай, гараж және кооператив осы адамдардың пайдалануына берген өзге де үй-жай үшiн өзiнiң үлестiк жарнасын толық төлеген басқа да адамдар аталған мүлiктiң меншiк құқығына ие болады.

      Ескерту. 235-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
236-бап. Жаңадан жасалып жатқан қозғалмайтын мүлiкке меншiк құқығының пайда болуы

      1. Жаңадан тұрғызылған жылжымайтын мүлiкке меншiк құқығы мемлекеттік тіркеу кезінен бастап туындайды.

      2. Егер заң құжаттарында немесе шартта құрылысы аяқталған объектiлердi қабылдап алу көзделген болса, онда тиiстi мүлiктi жасау осылайша қабылдап алынған кезден бастап аяқталған болып есептеледi.

      3. Алып тасталды - ҚР 27.02.2017 № 49-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      4. Жаңадан тұрғызылған жылжымайтын мүлiкке құқықты мемлекеттік тіркеу кезіне дейін мүлікке материалдар мен жылжымайтын мүлік тұрғызылатын басқа мүлікке меншік құқығы туралы қағидалар қолданылады.

      Ескерту. 236-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 27.02.2017 № 49-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
237-бап. Өңдеу

      1. Шартта өзгеше көзделмегендiктен, адам өзiне тиесiлi емес материалдарды өңдеу арқылы дайындаған жаңа қозғалатын затқа меншiк құқығын материалдардың меншiк иесi алады.

      Алайда, егер өңдеу құны материалдардың құнынан едәуiр асып кетсе, жаңа затқа меншiк құқығын адал жұмыс iстеп, өңдеудi өзi үшiн жүзеге асырған адам алады.

      2. Егер шартта өзгеше көзделмесе, өз материалдарынан дайындалған затқа меншiк құқығын алған материалдардың меншiк иесi ол затты өңдеудi жүзеге асырған адамға оның құнын өтеуге, ал ол адам жаңа затқа меншiк құқығын алған ретте соңғысы материалдардың меншiк иесiне олардың құнын қайтаруға мiндеттi.

      3. Өңдеудi жүзеге асырған адамның ықылассыз әрекеттерiнiң нәтижесiнде материалынан айрылған меншiк иесi жаңа затты өз меншiгiне берудi және өзiне келтiрiлген залалдардың орнын толтыруды талап етуге құқылы.

238-бап. Шарт бойынша мүлiк алушының меншiк құқығы пайда болатын кез

      1. Шарт бойынша мүлiк алушының меншiк құқығы, егер заң құжаттарында немесе шартта өзгеше көзделмесе, зат берiлген кезден бастап пайда болады.

      1-1. Егер шарт бойынша мүлікті иеленушінің меншік құқығы мемлекеттік тіркелуге жататын болса, онда мүлікті иеленушінің меншік құқығы, егер заңнамалық актілерде өзгеше көзделмесе, осындай тіркеу жасалған кезден бастап туындайды.

      2. Егер мүлiктi иелiктен айыру туралы шарт мемлекеттiк тiркеуге немесе нотариалдық куәландыруға жататын болса, алушының меншiк құқығы тiркелген немесе нотариат куәландырған кезден бастап, ал шартты нотариаттың куәландыруы да, мемлекеттiк тiркеу де қажет болған жағдайда ол тiркелген кезден бастап пайда болады.

      Ескерту. 238-бапқа өзгеріс енгiзiлдi - ҚР 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
     
239-бап. Заттардың берiлуi

      1. Заттардың алушыға тапсырылуы, сол сияқты, егер заңдарда немесе шартта өзгеше көзделмесе, алушыға жөнелту үшiн көлiк ұйымына өткiзу және иелiктен айырылған заттарды жеткiзiп беру мiндеттемесiнсiз алушыға салып жiберу үшiн почтаға өткiзу-берiлу деп танылады.

      2. Егер затты иелiктен айыру туралы шартты жасасу кезiнде-ақ ол алушының иелiгiнде болса, зат оған сол кезден бастап берiлген деп танылады. Затқа коносамент немесе өзге де өкiмшi құжат беру заттарды беруге теңестiрiледi.

240-бап. Иелену мерзiмi

      1. Мүлiктiң меншiк иесi болып табылмайтын, бiрақ өзiнiң жеке қозғалмайтын мүлкiндей жеті жыл бойы, не өзге мүлiктi кем дегенде бес жыл адал, ашық және ұдайы иеленген азамат немесе заңды тұлға ол мүлiкке меншiк құқығын (иелену мерзiмiн) алады.

      Мемлекеттiк тiркеуге жататын қозғалмайтын және өзге де мүлiкке меншiк құқығы бұл мүлiктi иелену мерзiмiне сәйкес алған тұлғада осындай тiркеу кезiнен бастап пайда болады.

      2. Мүлiкке меншiк құқығын алғанға дейiн оларды өз мүлкiндей иеленушi азамат немесе заңды тұлға өз иелiгiн мүлiктiң меншiк иелерi болып табылмайтын, сондай-ақ заң құжаттарында немесе шартта көзделген өзге де негiздерге сәйкес оларды иеленуге құқығы жоқ үшiншi жақтардан қорғауға құқылы.

      3. Иелену мерзiмiне жүгiнетiн азамат немесе заңды тұлғаның өздерi құқықты мирасқорлары болып табылатын тұлғаның осы затқа иелiк еткен уақытының бәрiн өз иелiгiне қосып алуына болады.

      4. Иелену мерзімінің өтуі затты иеленген кезден басталады.

      5. Алып тасталды - ҚР 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      Ескерту. 240-бапқа өзгеріс енгiзiлдi - ҚР 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2011.07.22 № 479-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
     
241-бап. Жинауға не аулауға арналған көпшiлiк қолды заттарды меншiкке айналдыру

      Заңдарға, жергiлiктi әдет-ғұрыпқа немесе меншiк иесi берген жалпы рұқсатқа сәйкес ормандарда, бөгендерде немесе басқа аумақта жидек теруге, балық аулауға, аң аулауға, басқа нәрселердi жинауға немесе аулауға жол берiлген ретте, тиiстi заттарға меншiк құқығын оларды жинауды және аулауды жүзеге асырған адам алады.

242-бап. Иесiз заттар

      1. Меншiк иесi жоқ немесе меншiк иесi белгiсiз зат не меншiк иесi оның меншiк құқығынан бас тартқан зат иесiз болып табылады.



      2. Егер меншiк иесi бас тартқан заттарға меншiк құқығын алу туралы (осы Кодекстiң 243-бабы), олжа туралы (осы Кодекстiң 245-бабы), қараусыз жануарлар туралы (осы Кодекстiң 246-бабы) және қазына (осы Кодекстiң 247-бабы) туралы ережелер терiске шығармаса, иелену көнелiгiне (осы Кодекстiң 240-бабы) сәйкес иесiз қозғалмалы заттарға меншiк құқығы алынуы мүмкiн.

      3. Иесi жоқ жылжымайтын заттарды олар табылған аумақтағы республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының өтініші бойынша жылжымайтын мүлiктi мемлекеттiк тiркеудi жүзеге асыратын орган есепке алады. Жергілікті атқарушы орган иесi жоқ жылжымайтын зат есепке алынған күннен бастап бiр жыл өткен соң бұл затты коммуналдық меншiкке түстi деп тану туралы талап қойып сотқа жүгiнеді.

      Егер меншік иесі бұл туралы жариялау арқылы меншік құқығынан бас тартқан жағдайда, жергілікті атқарушы орган бас тарту туралы жарияланған кезден бастап бұл затты коммуналдық меншiкке түстi деп тану туралы талаппен сотқа жүгiнеді.

      Коммуналдық меншікке түскен мүлікті есепке алу, сақтау, бағалау, одан әрі пайдалану және өткізу жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруды жергілікті атқарушы орган жүзеге асырады.

      Осындай мүлікті өзінің меншігі ретінде иеленетін азаматтардағы немесе мемлекеттік емес заңды тұлғалардағы иесі жоқ жылжымайтын заттар есепке алынбайды және коммуналдық меншікке берілмейді.

      Мемлекеттік меншікке түскен мүлікті есепке алу, сақтау, бағалау, одан әрі пайдалану және өткізу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

      Осындай мүлікке басқа тұлғаның меншік құқығы туындағанға дейін кез келген уақытта меншік иесі өзіне тиесілі жылжымайтын затты иесі жоқ зат ретінде есептен шығару туралы өтініш жасауға және оны өзінің іс жүзіндегі иелігіне қайта алуға құқылы.

      Ескерту. 242-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2001.12.24 № 276 (2002.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2004.12.20. № 13 (2005.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2006.06.22. № 147, 2007.01.12 № 225, 2011.03.01 № 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі), 2011.07.22 № 479-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
     
243-бап. Меншiк иесi бас тартқан жылжымалы заттар

      1. Меншiк иесi тастаған немесе оларға меншiк құқығынан бас тарту мақсатымен өзгеше түрде қалдырып кеткен жылжымалы заттар (тасталған заттар) осы баптың 2-тармағында көзделген тәртiппен басқа адамдардың өз меншiгiне айналдырылуы мүмкiн.

      2. Меншiгiнде, иелiгiнде немесе пайдалануында құны жиырма айлық есептiк көрсеткiшке сәйкес сомадан көрiнеу төмен тасталған мүлiк не тасталған металл сынықтары, жарамсыз өнiм жатқан жер учаскесi бар адамның ол заттарды пайдалануға кiрiсiп немесе осы заттарды меншiгiне қаратқандығына куә болатын өзге де iс-әрекет жасап, оларды өз меншiгiне айналдыруға құқығы бар.

      Басқа тасталған заттар, егер осы адамның арызы бойынша оларды сот иесiз деп таныса, оларды иеленуге кiрiскен тұлғаның меншiгiне кiредi.



      Ескерту. 243-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 1998.03.02. № 211 Заңымен.
     
244-бап. Өз бетiмен салынған құрылыс

      1. Мемлекетке тиесілі, жер учаскелері болып қалыптаспаған жерде, құрылысты жүзеге асырған тұлғаға тиесілі емес жер учаскесінде салынған, сондай-ақ бұл үшін Қазақстан Республикасының жер заңнамасына, Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамаға және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасына сәйкес қажетті рұқсат алынбай салынған тұрғын үй, басқа да құрылыс, ғимарат немесе өзге де жылжымайтын мүлік өз бетінше салынған құрылыс болып табылады.

      2. Өз бетiмен құрылыс салуды жүзеге асырған адам оған меншiк құқығын алмайды. Оның құрылысқа билiк етуге - сатуға, сыйға тартуға, жалға беруге, басқа да мәмiлелер жасауға - құқығы жоқ.

      Өз бетiмен салынған құрылыс, осы баптың 3 және 4-тармақтарында көзделгеннен басқа реттерде, оны жүзеге асырған адамның есебiнен бұзылуға тиiс.

      3. Өзiне тиесiлi емес жер учаскесiне құрылысты жүзеге асырған адамға бұл учаске салынған құрылысты орналастыру үшiн осы адамға белгiленген тәртiп бойынша берiлген жағдайда ғана өз бетiмен салынған құрылысқа меншiк құқығы танылады.

      Құрылыс салушының өзiне тиесiлi емес жер учаскесiнде, мемлекетке тиесілі жерлерді қоспағанда, өз бетімен құрылыс салуға меншік құқығын сот Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасының талаптарына құрылыс сәйкес келген жағдайда жер учаскесі иесіне өтемақы төлене отырып, соңғысының бұған келісімі болған кезде тануы мүмкін.

      Сот сондай-ақ құрылыс салынған жер учаскесi өзiнiң заңды пайдалануында болған адамның өз бетiмен салынған құрылысқа меншiк құқығын тануы мүмкiн. Бұл ретте құрылысқа меншiк құқығы танылған адам оны жүзеге асырған адамды сот белгiлеген мөлшерде құрылысқа жұмсаған шығындарын өтейдi.

      Егер құрылысты сақтап қалу басқа адамдардың құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерiн бұзуға әкелiп соқтырса не азаматтардың өмiрi мен денсаулығына қауiп төндiретiн болса, аталған адамдардың өз бетiмен салынған құрылысқа меншiк құқығын тануға болмайды.

      4. Мемлекетке тиесілі және жер пайдалануындағы емес жер учаскелерінде (жер учаскелері болып қалыптаспаған жерде) тұлға өз бетінше тұрғызған құрылыс әлеуметтiк-экономикалық тұрғыдан орындылығы ескерiле отырып, құрылыс шығындары сот айқындаған мөлшерде өтеліп, коммуналдық меншiкке берiледі.

      Мемлекеттік жер пайдаланушылардың жер пайдалануындағы жер учаскесінде өз бетінше құрылыс салуды жүзеге асырған кезде өз бетінше салынған құрылыс әлеуметтiк-экономикалық тұрғыдан орындылығы ескерiле отырып, құрылыс шығындары сот айқындаған мөлшерде бюджет қаражатынан өтеліп, коммуналдық меншiкке берiледі.



      Ескерту. 244-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі), 2012.04.27 N 15-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
     
245-бап. Олжа

      1. Жоғалған затты тауып алушы бұл туралы оны жоғалтқан адамға немесе заттың меншiк иесiне немесе оны алуға құқығы бар өзiне белгiлi басқа адамдардың бiреуiне дереу хабарлауға және табылған затты оған қайтаруға мiндеттi.

      Егер зат үй-жайдың iшiнде немесе көлiкте табылған болса, ол сол үй-жайдың немесе көлiктiң иесi болып табылатын адамға тапсырылуға тиiс. Мұндай ретте осы иеленушi затты тапқан адамның құқықтарын иеленiп, оның мiндеттерiн мойнына алады.

      2. Егер табылған затты алуға құқығы бар адамның өзi немесе оның тұрған жерi белгiсiз болса, затты тауып алушы олжа туралы iшкi iстер органдарына немесе республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарына мәлiмдеуге мiндеттi.

      3. Затты тауып алушы оны өзiнде сақтауға не iшкi iстер органдарының, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының немесе олар көрсеткен адамның сақтауына тапсыруға құқылы. Тез бұзылатын затты немесе сақтауға кететiн шығындар оның құнына сәйкес келмейтiн затты тауып алушы түсiм сомасын растайтын жазбаша дәлелдемелер алып, сата алады. Табылған затты сатудан түскен ақша сақталуға және затты алуға заңды құқығы бар адамға қайтарылуға немесе бұл заттың өзi үшiн белгiленген тәртiп пен жағдайларда басқа адамдардың меншiгiне берiлуге тиiс.

      Затты тауып алушы оның жоғалтқаны немесе бүлдiргенi үшiн өзiнiң жасыру ниетi болған немесе өрескел абайсыздық жасаған ретте ғана және сол заттың құны шегiнде жауапты болады.

      4. Егер олжа туралы iшкi iстер органдарына немесе республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарына мәлiмденген кезден бастап алты ай өткенше жоғалған затты алуға заңды құқығы бар адам анықталмаса және затқа өзiнiң құқығы туралы оны тапқан адамға не iшкi iстер органдарына немесе республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарына мәлiмделмесе, затты тауып алушы оған меншiк құқығын алады.

      Егер затты тауып алушы тапқан затын меншiгiне алудан бас тартса, ол коммуналдық меншiкке өтедi.

      5. Затты тауып алушы және оны алуға заңды құқығы бар адамға қайтарып берушi ол адамнан, ал зат коммуналдық меншiкке өткен ретте - тиiстi жергiлiктi атқару органынан затты сақтауға, өткiзуге, сатуға байланысты қажеттi шығындарды және затты алуға заңды құқығы бар адамды табуға кеткен шығындарды өтетiп алуға құқылы.

      6. Затты тауып алушы затты алуға заңды құқығы бар адамнан зат құнының отыз процентi мөлшерiнде сыйақы алуға құқылы. Егер табылған зат оны алуға заңды құқығы бар адам үшiн ғана құнды болса, сыйақының мөлшерi тараптар есептеп шығарған баға бойынша белгiленедi.

      Егер затты тауып алушы өзiнiң олжа туралы мәлiмдеу мiндетiн орындамаса немесе олжаны жасырып қалуға өзге де әрекеттер жасаса, сыйақы алу құқығы туындамайды.

      Ескерту. 245-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2004.12.20 N 13 (2005.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
     
246-бап. Қараусыз жануарлар

      1. Қараусыз немесе қаңғып жүрген малды және басқа да үй жануарларын немесе қолға үйретiлген жануарларды ұстап алған адам оларды меншiк иесiне қайтаруға, ал егер оның өзi немесе тұрған жерi белгiсiз болса, осындай жануарларды ұстаған кезден бастап үш күннен кешiктiрмей табылған жануарлар туралы iшкi iстер органдарына немесе республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарын мәлiмдеуге мiндеттi, олар меншiк иесiн iздестiру шараларын қолданады.

      Жануарлардың меншiк иесiн iздестiру кезеңiнде жануарларды ұстаушы адам оларды өзiнiң бағуында және пайдалануында қалдыруы, не ол бағу мен пайдалану үшiн қажеттi жағдайы бар басқа адамға тапсыруы мүмкiн. Жануарларды ұстап алған адамның өтiнiшi бойынша оларды бағу мен пайдалану үшiн қажеттi жағдайы бар адамды iздеп табуды және оларға жануарларды берудi республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары жүзеге асырады.

      2. Жануарларды ұстап алған адам және олар бағуы мен пайдалануына берiлген адам жануарлардың өлiм-жiтiмi мен iске жарамай қалғаны үшiн бұған кiнәсi болған кезде ғана және сол жануарлардың құны мөлшерiнде жауапты болады.

      3. Егер жұмыс малы мен iрi қараны ұстап алғаны туралы мәлiмделген кезден бастап алты ай iшiнде және басқа үй жануарлары жөнiнде - екi ай iшiнде олардың меншiк иесi табылмаса және оларға өзiнiң құқығы туралы мәлiмдемесе, бұл жануарларға меншiк құқығы жануарларды баққан және пайдаланған адамға көшедi.

      Бұл адам бағуында болған жануарларды меншiгiне алудан бас тартқан жағдайда олар коммуналдық меншiкке түседi және республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың тиісті жергілікті атқарушы органдары белгiлейтiн тәртiп бойынша пайдаланылады.

      4. Жануарларды меншiк иесiне қайтарған ретте жануарларды ұстап алған адам және жануарларды бағып, пайдаланып келген адам сол меншiк иесiнен жануарларды пайдаланудан алынған пайданы есепке жатқыза отырып, оларды бағуға байланысты өз шығындарына өтем алуға құқылы.

      5. Қараусыз немесе қаңғып жүрген малды және басқа да үй жануарларын немесе қолға үйретiлген жануарларды ұстап алған адам олардың меншiк иесiнен осы Кодекстiң 245-бабының 6-тармағына сәйкес сыйақы төлеудi талап етуге құқылы.

      6. Жануарлар басқа адамның меншiгiне көшкеннен кейiн олардың бұрынғы меншiк иесi келген ретте сол жануарлардың өзiне үйiрсектiгi сақталғанын немесе жаңа меншiк иесiнiң оларға қатал не өзгедей мейiрiмсiз қарағанын дәлелдейтiн жағдайлар болған кезде меншiк иесi жаңа меншiк иесiмен келiсiм бойынша белгiленетiн шарттармен, ал келiсiмге келмеген кезде - сот арқылы оларды өзiне қайтарып берудi талап етуге құқылы.

      Ескерту. 246-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2004.12.20 N 13 (2005.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2007.01.12. N 225, 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
     
247-бап. Көмбе

      1. Көмбе, яғни жерге көмiлген немесе басқа әдiспен жасырылған, меншiк иесiн анықтау мүмкiн болмайтын не Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оларға құқығынан айрылған ақша немесе өзге де бағалы заттар көмбе жасырылған жер учаскесi меншік иесінің немесе қозғалмайтын затты меншiктенушiнiң және көмбенi тапқан адамның, егер олардың арасындағы шартта өзгеше белгiленбесе, меншiгiне тең мөлшерде түседi.

      Көмбе жасырылған жер учаскесiн пайдаланушының (жер пайдаланушының) немесе жылжымайтын затты меншiктенушiнiң келiсiмiнсiз қазған немесе бағалы заттар iздестiрген адам көмбенi тауып алған жағдайда көмбе меншiк иесiне берiлуге тиiс.

      2. Мәдени құндылықтарға жататын заттардан тұратын көмбе табылған ретте олар Қазақстан Республикасының меншiгiне берiлуге тиiс. Бұл орайда ондай көмбе табылған жер учаскесінің меншік иесі немесе қозғалмайтын мүлiктi меншiктенушi және көмбенi тапқан адам осы көмбе құнының елу процентi мөлшерiнде сыйақы алуға құқылы. Сыйақы бұл адамдар арасында осы баптың 1-тармағында көзделген ережелер қолданыла отырып бөлiнедi.



      Ескерту. 247-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
248-бап. Меншiк иесiнен алынған мүлiктi иелену

      Егер адам заң құжаттарында белгiленген тәртiп пен жағдайлар бойынша меншiк иесiнен заңды негiздерде алынған мүлiктi иеленсе, бұл адам мүлiкке меншiк құқығына ие болады.

14-тарау. Меншік құқығы мен өзге де
заттық құқықтардың тоқтатылуы

249-бап. Меншiк құқығының тоқтатылу негiздерi

      1. Меншiк құқығы меншiк иесi өз мүлкiн басқа адамдарға берген, меншiк иесi меншiк құқығынан бас тартқан, мүлiк қираған немесе жойылған және заң құжаттарында көзделген өзге де реттерде мүлiкке меншiк құқығынан айрылған жағдайда тоқтатылады.

      2. Мүлiктi меншiк иесiнен мәжбүрлеп иеліктен шығаруға жол берiлмейдi, бұған мына реттер:

      1) меншiк иесiнiң мiндеттемелерi бойынша мүлiкке өндiрiлiп алынған ақы айналымға түскен;

      2) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес белгiлi бiр адамға тиесiлi бола алмайтын мүлiктi ықтиярсыз иелiктен айырған;

      3) реквизицияланған;

      4) тәркiлеген;

      5) жер учаскесiн алып қоюға байланысты қозғалмайтын мүлiктi мәжбүрлеп иеліктен шығарған;

      6) күтiмсiз ұсталған тарих және мәдениет ескерткіштерін, мәдени құндылықтарды алып қойған;

      7) мемлекет меншігіне алып қойған;

      8) осы Кодекстің 218-бабына сәйкес ортақ мүлiктi бөлу не одан үлестi бөлiп шығару мүмкiн болмаған жағдайда соттың шешімі бойынша жария саудада мүлікті сатқан реттер кірмейді.

      3. Мемлекеттік меншіктегі мүлік:

      1) азаматтар мен заңды тұлғаларға Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамалық актісінде көзделген жағдайларда, шарттарда және тәртiппен;

      2) мемлекеттік меншік объектілерін заңды тұлғалардың жарғылық капиталдарын төлеуге (қалыптастыруға немесе ұлғайтуға) беру арқылы;

      3) Қазақстан Республикасының заңдарында тікелей көзделген өзге де жағдайларда иеліктен шығарылып, жеке меншікке беріледі.

      3-1. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тек мемлекеттік меншікте ғана болатын мүлік, сондай-ақ мемлекеттік меншіктегі және Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне сәйкес иеліктен шығаруға жатпайтын мүлік иеліктен шығару объектісі бола алмайды.



      4. Азаматтар мен заңды тұлғалардың жеке меншiгiндегi мүлiктi мемлекеттiк меншiкке айналдыру туралы Қазақстан Республикасының Заңы қабылданған ретте (ұлт меншiгiне алу) осы Кодекстiң 266-бабында белгiленген тәртiп бойынша оларға шығындары өтеледi.

      Ескерту. 249-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2008.12.11 № 102-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2011.03.01 № 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 27.02.2017 № 49-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
250-бап. Меншiк құқығынан бас тарту

      Азамат немесе заңды тұлға өзiне тиесiлi мүлiкке меншiк құқығынан бас тарта алады, бұл жөнiнде ол ауызша немесе жазбаша нысанда жариялайды не бұл мүлікке қандай да болсын құқықтарын сақтау ниетінсіз өзінің мүлікті иеленуден, пайдаланудан және оған билік етуден шеттетілетіні туралы айқын куәландыратын басқа әрекеттер (әрекетсіздік) жасайды.

      Меншiк құқығынан бас тарту құқыққа сыйымды, ерікті болуға және онда меншік иесінің мүлікті иеленуден, пайдаланудан, оған билік етуден бас тартатыны көрсетілуге тиіс.

      Меншiк құқығынан бас тарту меншік иесінің ерікті білдіруі болып табылады. Заңда белгіленген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттің және оның органдарының меншік құқығынан бас тартуға құқығы жоқ.

      Меншiк құқығынан бас тарту осы мүлiкке басқа тұлға меншiк құқығын иеленген кезге дейiн тиiстi мүлiкке қатысты меншiк иесiнiң құқықтары мен мiндеттерiн тоқтатуға алып келмейді.

      Ескерту. 250-бап жаңа редакцияда - ҚР 27.02.2017 № 49-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
251-бап. Меншiк иесi мүлкiнен ақы өндiрiп алу

      1. Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде немесе шартта өзгеше көзделмесе, меншiк иесiнiң мiндеттемелерi бойынша мүлiкке өндiрiп алуды қолдану сот тәртiбiмен жүргiзiледi.

      2. Ақы өндiрiлiп алынатын мүлiкке меншiк иесiнiң меншiк құқығы заңдарда көзделген тәртiп бойынша меншiк құқығы көшетiн адамның алып қойылған мүлiкке меншiк құқығы пайда болған кезден бастап тоқтатылады.

      Ескерту. 251-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1998.03.02. N 211; 27.02.2017 № 49-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
252-бап. Заң құжаттарына сәйкес өзiне тиесiлi бола алмайтын мүлiкке адамның меншiк құқығының тоқтатылуы

      1. Егер заң құжаттарымен жол берiлетiн негiздер бойынша заң құжаттарына сәйкес адамның өзiне тиесiлi бола алмайтын мүлiк оның меншiгiнде болып шықса, бұл мүлiктi меншiк иесi, егер заң құжаттарында өзге мерзiмдер белгiленбесе, осы мүлiкке меншiк құқығы пайда болған кезден бастап бiр жыл iшiнде иелiктен айыруға тиiс. Егер меншiк иесi мүлiктi көрсетiлген мерзiмде иелiктен айырмаса, ол сот шешiмiмен иелiктен ықтиярсыз айырылуға тиiс, бұл орайда меншiк иесiне мүлiктi иелiктен айыру жөнiндегi шығындары шегерiлiп, оның құны өтеледi.

      2. Егер азаматтың немесе заңды тұлғаның меншiгiнде заң құжаттарымен жол берiлген негiздер бойынша сатып алуға арнайы рұқсат қажет етiлетiн зат азаматтың немесе заңды тұлғаның меншiгiнде болып шықса, ал меншiк иесiне оны беруден бас тартылса, бұл зат осы меншiк иесiне тиесiлi бола алмайтын мүлiк үшiн белгiленген тәртiп бойынша иелiктен айырылуға тиiс.

253-бап. Реквизициялау

      1. Дүлей апаттар, авариялар, жұқпалы аурулар, iндеттер, соғыс жағдайындағы іс-қимыл кезеңінде немесе соғыс уақытында және төтенше сипаттағы өзге де жағдайлар болған ретте мүлiк қоғам мүддесi үшiн мемлекеттiк органдар шешiмi бойынша Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiп пен жағдайларда меншiк иесiнен оған мүлiктiң құны төлене отырып алып қойылуы мүмкiн (реквизиция).

      2. Меншiк иесiне реквизицияланған мүлiктiң құны өтелген бағаны оның сот тәртiбiмен даулауына болады.

      3. Мүлкi реквизицияланған адам реквизиция жүргiзуге байланысты жағдайлар тоқтатылған кезде сақталған мүлiктi өзiне қайтарып берудi сот арқылы талап етуге құқылы.

      Ескерту. 253-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 1998.03.02 N 211, 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
     
254-бап. Тәркілеу

      Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларда, мүлiк меншiк иесiнен әкімшілік немесе қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшiн санкция түрiнде сот тәртiбiмен өтеусіз алып қойылуы (тәркiленуі) мүмкiн.



      Ескерту. 254-бап жаңа редакцияда - ҚР 03.07.2014 № 227-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
     
255-бап. Жер учаскесін және басқа да табиғи ресурстарды алып қоюға байланысты жылжымайтын-мүлікке меншік құқығының тоқтатылуы

      Ескерту. 255-баптың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      1. Мемлекеттiк органның меншiк иесiнен мүлiктi алып қоюға тiкелей бағытталмаған шешiмiне, соның iшiнде меншiк иесiне тиесiлi үй, өзге де қора-қопсы, құрылыстар немесе өсiмдiктер бар жер учаскесiн алып қою туралы шешiмiне байланысты қозғалмайтын мүлiкке меншiк құқығының заң құжаттарымен белгiленген реттер мен тәртiп бойынша ғана меншiк иесiне құны тең мүлiк берiп және өзге де келтiрiлген залалдарын өтей отырып немесе меншiк құқығының тоқтатылуынан келтiрiлген залалдарын толық көлемiнде өтей отырып тоқтатылуына жол берiледi.

      2. Меншiк иесi меншiк құқығын тоқтатуға әкелiп соқтыратын шешiммен келiспеген жағдайда оны дау сот тәртiбiмен шешiлгенге дейiн жүзеге асыруға болмайды. Дауды қарау кезiнде меншiк иесiне келтiрiлген залалдарды өтеудiң барлық мәселелерi де шешiледi.

      3. Осы баптың ережелерi мемлекеттiк органның мүлiк орналасқан тау баурайларын, су айдыны учаскелерiн және басқа учаскелердi алып қою туралы шешiмiне байланысты тиiсiнше қозғалмайтын мүлiкке меншiк құқығы тоқтатылған кезде қолданылады.



      Ескерту. 255-бапқа өзгеріс енгiзiлдi - ҚР 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
     
256-бап. Күтiмсiз ұсталған тарих және мәдениет ескерткіштерін, мәдени құндылықтарды алып қою

      Ескерту. 256-баптың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР 2011.03.01 N 414-IV Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ерекше бағалы әрi мемлекет қорғайтын тарих және мәдениет ескерткіштерінің, мәдени құндылықтардың меншiк иесi бұл ескерткіштер мен құндылықтарды күтiп ұстамай, бұл олардың өз мәнiн жоғалту қатерiн төндiрген реттерде мұндай қазыналарды мемлекет меншiк иесiнен сот шешiмi бойынша сатып алу арқылы алып қояды немесе жария сауда-саттықта сатылады.

      Тарих және мәдениет ескерткіштері, мәдени құндылықтар сатып алынған кезде меншiк иесiне - тараптардың келiсуiмен, ал дау туған ретте сот белгiлеген мөлшерде олардың құны өтеледi. Жария саудаға салып сатқан кезде меншiк иесiне сатудан түскен сома сауданы өткiзу шығындары шегерiлiп берiледi.

      Ескерту. 256-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
     
257-бап. Меншiк құқығы тоқтатылған кезде мүлiктi бағалау

      Меншiк құқығы тоқтатылған кезде, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгiленбесе, мүлiк оның нарықтық құны негiзге алына отырып бағаланады.



      Ескерту. 257-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
     
258-бап. Меншiк иесi емес адамның заттық құқығының тоқтатылуы

      Меншiк иесi емес адамның заттық құқықтары осы Кодекстiң 249-257-баптарында белгiленген ережелер бойынша, сондай-ақ заң құжаттарында, заңды тұлғаның жарғысында немесе меншiк иесiнiң мүлiк иесiмен жасасқан шартында белгiленген тәртiп бойынша меншiк иесiнiң шешiмiмен тоқтатылады.

15-тарау. Меншік құқығы мен өзге де заттық құқықтарды қорғау

259-бап. Меншiк құқығын тану

      Меншiк иесi меншiк құқығын тануды талап етуге құқылы.

260-бап. Меншiк иесiнiң мүлiктi өзгенiң заңсыз иеленуiнен талап етуi

      Меншiк иесi өзгенiң заңсыз иеленген өз мүлкiн талап етуге құқылы.

261-бап. Адал алушыдан мүлiктi талап етiп алдыру

      1. Егер мүлiк оны иелiктен айыруға құқығы болмаған адамнан өтеулі түрде алынып, алушы мұны бiлмесе және бiлуге тиiс болмаса (адал алушы), мүлiктi меншiк иесi немесе меншiк иесi мүлiктi иеленуге берген адам жоғалтқан, не мұның екеуiнен де ұрланған, не олардың иеленуiнен бұлардың еркiнен тыс өзге жолмен шығып қалған ретте ғана меншiк иесi бұл мүлiктi алушыдан талап етiп алдыруға құқылы.

      2. Егер мүлiк оны иелiктен айыруға құқығы жоқ адамнан өтеусіз түрде алынса, меншiк иесi барлық ретте мүлiктi талап етiп алдыруға құқылы.

      3. Егер мүлiк сот шешiмдерiн атқару үшiн белгiленген тәртiп бойынша сатылған болса, осы баптың 1-тармағында көрсетiлген негiздер бойынша мүлiктi талап етiп алдыруға жол берiлмейдi.

      Ескерту. 261-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1998.03.02. № 211; 17.07.2015 № 333-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
     
262-бап. Ақша мен бағалы қағаздарды талап етiп алдыруды шектеу

      Ұсынушыға берiлетiн ақшаны, сондай-ақ бағалы қағаздарды адал иеленушiден талап етiп алдыруға болмайды.

263-бап. Заттарды заңсыз иеленуден қайтарып алу кезiнде есеп айырысу

      1. Меншiк иесi осы Кодекстiң 260, 261-баптары негiзiнде мүлiктi талап ете отырып, арам ниеттi иеленушiден бүкiл иеленген кезiнде өзi алған немесе алуға тиiс болған табыстардың бәрiн қайтаруды немесе өтеудi; адал иеленушiден иеленуiнiң заңсыздығы туралы бiлген немесе бiлуге тиiс болған немесе меншiк иесiнiң мүлiктi қайтару туралы талап қою жөнiндегi хабарламасын алған кезден бастап өзi алған немесе алуға тиiс болған табыстардың бәрiн талап етуге де құқылы. Адал иеленушi өз кезегiнде меншiк иесiнен мүлiктен табыс есептелетiн уақыттан бастап ол мүлiкке жұмсаған қажеттi шығындарды меншiк иесiнiң өтеуiн талап етуге құқылы. Арам ниеттi иеленушi мұндай өтемдi иеленушiнiң талабын сот негiздi деп тапқан реттерде толық немесе iшiнара алуға құқылы.

      2. Заңсыз иеленушi өзi жасаған жақсартуларды, егер олар затқа зақым келтiрмей бөлуге келсе, өзiнде қалдыруға құқылы. Егер жақсартуларды бұлайша бөлу мүмкiн болмаса, адал иеленушiнiң жақсартуға жұмсаған шығындарын өтетудi талап етуге құқығы бар, бiрақ ол зат құнының ұлғайтылған мөлшерiнен аспауы керек. Арам ниеттi иеленушiнiң мұндай құқығы жоқ.

264-бап. Меншiк иесi құқықтарын иеленуден айыруға байланысы жоқ бұзылудан қорғау

      Меншiк иесi, өз құқықтарының бұзылуы иелiктен айыруға байланысты болмағанымен, оларды бұзудың қандайын болса да жоюды талап етуге құқылы.

265-бап. Меншiк иесi емес адамның заттық құқықтарын қорғау

      Меншiк иесi болмағанымен, шаруашылық жүргiзу, оралымды басқару, тұрақты жер пайдалану құқығымен не заң құжаттарында немесе шартта көзделген өзге де негiзбен мүлiктi иеленушiнiң де осы Кодекстiң 259-264-баптарында көзделген құқықтары болады. Бұл адамның өз иелiгiн меншiк иесiнен де қорғауға құқығы бар.

266-бап. Заңда көзделген негiздер бойынша меншiк иесiнiң құқықтары тоқтатылған кезде оның мүдделерiн қорғау

      Қазақстан Республикасы меншiк құқығын тоқтататын заң құжаттарын қабылдаған ретте, осы құжаттарды қабылдау нәтижесiнде меншiк иесiне келтiрiлген залалдарды меншiк иесiне Қазақстан Республикасы толық көлемiнде өтейдi.

267-бап. Меншiк иесiнiң құқықтарын және басқа заттық құқықтарды бұзатын мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар құжаттарының жарамсыздығы



      Ескерту. 267-баптың тақырыбына өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.03.01 N 414-IV Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      1. Егер мемлекеттік органның не лауазымды адамның заңдарға сәйкес келмейтiн қалыпты немесе жеке құжат шығаруы салдарынан меншiк иесiнiң және басқа адамдардың өзiне тиесiлi мүлiктi иелену, пайдалану және оған билiк ету жөнiндегi құқықтары бұзылса, мұндай құжат меншiк иесiнiң немесе құқығы бұзылған адамның талап қоюы бойынша сот тәртiбiмен жарамсыз деп танылады.

      2. Нақты iс бойынша сот шешiм шығарған жағдайда мемлекеттік органдардың заң құжаттарына қайшы келетiн құжаттары қолданылмайды.

      Көрсетілген актілерді басып шығару салдарынан меншiк иесiне келтiрiлген залалдар осы Кодекстің 922-бабы 1-тармағының қағидаларына сәйкес тиiстi мемлекеттік органның тиiстi бюджет қаражатынан толық көлемде өтеуіне жатады.

      Ескерту. 267-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.03.01 № 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 17.07.2015 № 333-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
3 бөлiм. Міндеттемелік құқық
1-бөлiмше. Міндеттеме туралы жалпы ережелер
16-тарау. Міндеттемелер ұғымы және
олардың пайда болу негіздері

268-бап. Мiндеттеме

      Мiндеттемеге сәйкес бiр адам (борышкер) басқа адамның (кредитордың) пайдасына мүлiк беру, жұмыс орындау, ақша төлеу және тағы да сол сияқты белгiлi бiр әрекеттер жасауға не белгiлi бiр әрекет жасаудан тартынуға мiндеттi, ал кредитордың борышкерден өз мiндеттерiн орындауын талап етуге құқығы бар. Кредитор борышкерден атқарылғанды қабылдауға мiндеттi.

      Егер осы Кодекстің Ерекше бөлімінде өзгеше көзделмесе, міндеттемелерге осы кіші бөлімнің ережелері қолданылады.



      Ескерту. 268-бап жаңа редакцияда - ҚР 27.02.2017 № 49-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
269-бап. Мiндеттеме тараптары

      1. Алынып тасталды - ҚР 1998.03.02 N 211 Заңымен.

      2. Мiндеттемеде оның әр тарабы - несие берушi немесе борышқор ретiнде бiр мезгiлде бiрнеше адам қатыса алады. Мұндай реттерде осы Кодексте белгiленген ережелерге сәйкес үлестi, ынтымақты немесе жәрдем берушiлiк мiндеттеме пайда болады (осы Кодекстiң 286-288-баптары).

      Борышқор жағынан мiндеттемеге қатысушы адамдардың бiрiне несие берушi қойған талаптардың жарамсыз болуы, сол сияқты мұндай адамға қойылатын талап бойынша талап қою мерзiмiнiң өтiп кетуi несие берушiнiң өзге де осындай адамдарға қоятын талаптарына өздiгiнен әсер етпейдi.

      3. Егер мiндеттемеге сәйкес тараптардың әрқайсысы басқа тараптың пайдасына мiндет алса, бұл оның пайдасына жасауға мiндеттi басқа тараптың борышқоры және сонымен бiрге оған талап қоюға құқығы бар оның несие берушiсi болып есептеледi.

      Ескерту. 269-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.03.02. N 211 Заңымен.
     
270-бап. Мiндеттемеге қатысушылар

      1. Тараптар (борышқор мен несие берушi) және үшiншi жақ мiндеттемеге қатысушылар болып табылады.

      2. Үшiншi жақ ретiнде мiндеттеме тараптарының бiреуiне мiндеттемелер немесе өзге де құқық қатынастары арқылы байланысты жақтар қатысады.

      3. Мiндеттеме үшiншi жақ үшiн мiндеттер туғызбайды. Заңдарда немесе тараптардың келiсiмiнде көзделген реттерде мiндеттеме үшiншi жақтар үшiн мiндеттеменiң бiр немесе екi тарапына да қатысты құқықтар туғызуы мүмкiн.

271-бап. Мiндеттеменiң пайда болу негiздерi

      Мiндеттемелер осы Кодекстiң 7-бабында көрсетiлген шарттан, зиян келтiруден немесе өзге де негiздерден пайда болады.

17-тарау. Міндеттемені орындау

272-бап. Мiндеттеменi тиiсiнше орындау

      Мiндеттеме - мiндеттеме шарттары мен заң талаптарына сәйкес тиiсiнше орындалуға тиiс, ал мұндай шарттар мен талаптар болмаған жағдайда - iскерлiк қызмет өрiсiндегi әдеттегi құқықтарға немесе әдетте қойылатын өзге де талаптарға сәйкес орындалуға тиiс.

273-бап. Мiндеттеменi орындаудан бiржақты бас тартуға жол берiлмеуi

      Заңдарда немесе шартта көзделгеннен басқа реттерде мiндеттеменi орындаудан бiржақты бас тартуға және оның шарттарын бiржақты өзгертуге жол берiлмейдi.

274-бап. Мiндеттеменi бөлшектеп орындау

      Егер мiндеттеме шарттарында, заңдарда өзгеше белгiленбесе немесе iскерлiк қызмет өрiсiндегi әдеттегi құқықтардан немесе мiндеттеме мәнiнен өзгеше туындамаса, несие берушi мiндеттеменi бөлшектеп орындауды қабылдамауға құқылы.

275-бап. Мiндеттеменi тиiстi адамның орындауы

      Егер тараптардың келiсiмiнде өзгеше көзделмесе және iскерлiк қызмет өрiсiндегi әдеттегi құқықтардан немесе мiндеттеме мәнiнен өзгеше туындамаса, борышқор мiндеттеменi орындау кезiнде несие берушiнiң өзi немесе бұған ол уәкiлдiк берген адам орындауға қабылдайтын нәрсенi талап етуге құқылы және мұндай талап жасалмауының зардабын тартуға тәуекел етедi.

276-бап. Мiндеттеменi үшiншi жақтың орындауы

      1. Егер заңдарда немесе шартта көзделсе, сол сияқты үшiншi жақ тиiстi шарт арқылы тараптардың бiрiмен байланысты болса, мiндеттеменi орындау түгелдей немесе бөлшектеп үшiншi жаққа жүктелуi мүмкiн.

      2. Егер заңдардан, мiндеттеме шарттарынан немесе оның мәнiнен борышқордың мiндеттеменi жеке өзi орындау мiндетi туындамаса, несие берушi борышқор үшiн үшiншi жақ ұсынған орындау iсiн қабылдауға мiндеттi.

      3. Несие берушiнiң борышқор мүлкiнен ақы өндiрiп алуы салдарынан өзiнiң бұл мүлiкке құқығынан (иелену, пайдалану, кепiлге салу құқығы және басқа құқықтары) айрылу қаупi төнген үшiншi жақ несие берушiнiң талабын борышқордың келiсiмiнсiз өз есебiнен қанағаттандыра алады. Бұл ретте мiндеттеме бойынша несие берушiнiң құқығы үшiншi жаққа көшедi және осы Кодекстiң талапқа көну туралы ережелерi (осы Кодекстiң 339-347-баптары) қолданылады.

277-бап. Мiндеттеменi орындау мерзiмi

      1. Егер мiндеттемеде ол орындалатын күн немесе ол орындалуға тиiстi уақыт кезеңi көзделсе немесе анықтауға мүмкiндiк берсе, мiндеттеме сол күнi немесе тиiсiнше сол кезең iшiнде кез келген уақытта орындалуға тиiс.

      2. Мiндеттемеде ол орындалатын мерзiм көзделмесе және бұл мерзiмдi анықтауға мүмкiндiк беретiн шарттар болмаса, ол мiндеттеме пайда болғаннан кейiн ақылға қонымды мерзiмде орындалуға тиiс.

      Ақылға қонымды мерзiмде орындалмаған, сол сияқты орындалу мерзiмi талап етiлетiн кезбен белгiленген мiндеттеменi, егер заңдардан, мiндеттеме шарттарынан, iскерлiк қызмет өрiсiндегi әдеттегi құқықтардан немесе мiндеттеме мәнiнен басқа мерзiмде орындау мiндетi туындамаса, борышқор несие берушi оның орындалуын талап еткен күннен бастап жетi күн мерзiмде орындауға мiндеттi.

278-бап. Мiндеттеменi бiрқалыпты орындау жөнiндегi талаптар

      Ұзақ мерзiмде орындалатын болып есептелген мiндеттемелер, егер заңдарда немесе мiндеттеме шарттарында өзгеше көзделмесе, не мiндеттеме мәнiнен немесе iскерлiк қызмет өрiсiндегi әдеттегi құқықтардан туындамаса, бiрқалыпты, мiндеттеменiң осы түрi үшiн ақылға қонымды кезеңдерде (күн, онкүндiк, ай, тоқсан және т.б.) орындалуға тиiс.

279-бап. Мiндеттеменi мерзiмiнен бұрын орындау

      1. Егер заңдарда немесе мiндеттеме шарттарында өзгеше көзделмесе және оның мәнiнен туындамаса, борышқор мiндеттеменi мерзiмiне дейiн орындауға құқылы.

      2. Кәсiпкерлiк қызметке байланысты мiндеттемелердi мерзiмiнен бұрын орындауға мiндеттеменi мерзiмiне дейiн орындау мүмкiндiгi заңдарда немесе мiндеттеме шарттарында көзделген, не iскерлiк қызмет өрiсiндегi әдеттегi құқықтардан немесе мiндеттеменiң мәнiн туындаған реттерде ғана жол берiледi.

280-бап. Мiндеттеменiң орындалу барысы туралы ақпарат

      Заңдарда немесе мiндеттеме шарттарында борышқордың несие берушiге мiндеттеменiң орындалу барысы туралы хабарлап отыру мiндетi көзделуi мүмкiн.

281-бап. Мiндеттеме орындалатын жер

      Егер мiндеттеме орындалатын жер заңдарда немесе оның шарттарында белгiленбесе немесе мiндеттеме мәнiнен немесе iскерлiк қызмет өрiсiндегi әдеттегi құқықтардан көрiнбесе, ол:

      1) мiндеттеме бойынша қозғалмайтын мүлiктi беру - мүлiк орналасқан жерде;

      2) мiндеттеме бойынша тауарды немесе өзге де мүлiктi тасымалдауды пайдалана отырып беру - мүлiктi несие берушiге жеткiзу үшiн оны бiрiншi тасымалдаушыға тапсыратын жерде;

      3) егер бұл жер мiндеттеме пайда болған кезде несие берушiге белгiлi болса, кәсiпкердiң басқа мiндеттемелерi бойынша тауар немесе өзге де мүлiктi беру - мүлiк дайындалған немесе сақталатын жерде;

      4) ақшалай мiндеттеме бойынша - несие берушiнiң мiндеттеме пайда болған кездегi тұрғылықты жерiнде, ал егер несие берушi заңды тұлға болса - мiндеттеме пайда болған кезде оның болған жерiнде; егер несие берушi мiндеттеменiң орындалу кезiнде тұрғылықты жерiн немесе тұрған жерiн өзгертiп, бұл туралы борышқорға хабарласа - орындалатын жердiң өзгертiлуiне байланысты барлық шығындарды соның есебiне жатқыза отырып, оның жаңа тұрғылықты жерiнде немесе тұрған жерiнде;

      5) басқа да барлық мiндеттемелер бойынша - борышқордың тұрғылықты жерiнде, ал егер борышқор заңды тұлға болса - оның орналасқан жерiнде орындалуға тиiс.

      Ескерту. 281-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.03.02. N 211 Заңымен.
282-бап. Ақшалай мiндеттеме

      1. Ақшалай мiндеттемеге байланысты бiр адам (борышкер) екiншi адамға (кредиторға) ақша төлеуге мiндеттi, ал кредитордың борышкерден ақша төлеу жөнiндегi мiндеттерiн (ақша қарызы және басқа да мiндеттемелер) орындауын талап етуге құқығы бар. Өтеу туралы шарт, залалды өтеу және тұрақсыздық айыппұлын төлеу туралы мiндеттемелер, сондай-ақ зиян келтiру не негiзсiз баю салдарынан туындаған мiндеттемелер бойынша ақша төлеу жөнiндегi мiндеттерге, егер осы Кодексте, Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде өзгеше белгiленбесе немесе мiндеттеме мәнiнен туындамаса, ақшалай мiндеттемелер туралы ереже қолданылады.

      Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында ақшалай мiндеттемелер теңгемен (осы Кодекстiң 127-бабы) көрсетiледi.

      Қазақстан Республикасының аумағында мiндеттемелер бойынша есеп айырысуды жүзеге асыру кезiнде шетел валютасын, сондай-ақ шетел валютасындағы төлем құжаттарын пайдалануға Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде айқындалған жағдайларда және шарттарда немесе оларда белгiленген тәртiппен жол берiледi.

      Төлемдер мен аударымдарды жүзеге асыру тәртiбi мен тәсiлдерi Қазақстан Республикасының төлемдер және төлем жүйелері туралы заңнамасында белгiленедi және оларды тараптар тиiстi шартта айқындайды.

      2. Ақшалай мiндеттеменi орындау үшiн жеткiлiксiз төленген төлемнiң сомасы тараптардың өзге келісімi болмаған жағдайда, ең алдымен негізгі борыш және сыйақы (мүдде) бойынша берешекті, ағымдағы кезеңдегі негізгі борышты және сыйақыны (мүддені), ал қалған бөлігінде – кредитордың орындауды алу бойынша тұрақсыздық айыбы мен шығасыларын өтейдi.

      Банктік қарыз шарттары немесе микрокредит беру туралы шарттар бойынша төлемдерді өтеу ерекшеліктері Қазақстан Республикасының банк заңнамасында не Қазақстан Республикасының микроқаржылық қызмет туралы заңнамасында белгіленеді.

      3. Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, ұзақ мерзiмдi мiндеттемелерде тараптар келіскен шарттарда төлемдi индекстеу көзделуi мүмкiн.



      Ескерту. 282-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1997.07.11 N 154, 1999.07.16 N 436, 2001.12.24 N 276(2002.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2003.07.10 N 483(2004.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2007.01.12 N 225, 2011.02.10 N 406-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 24.11.2015 № 422-V (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 26.07.2016 № 12-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.07.2019 № 262-VI (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
283-бап. Азаматты асырап-бағуға төленетiн сомаларды ұлғайту

      Азаматты тiкелей асырап-бағуға ақшалай мiндеттеме бойынша төленетiн сома (өмiрiне немесе денсаулығына келтiрiлген зиянды өмiр бойы асырап-бағу шарты бойынша өтеу және басқалары) инфляцияның болжамды деңгейінің орташа мәніне пропорционалды түрде жыл сайын ұлғайтылады.



      Ескерту. 283-бап жаңа редакцияда - ҚР 27.04.2015 № 311-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
284-бап. Өзара мiндеттердiң орындалуы

      1. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасынан, шарттан, iскерлiк айналым ғұрыптарынан, мiндеттеме шарттарынан немесе оның мәнiнен өзгеше туындамайтын болса, тараптар өзара мiндеттердi бiр мезгiлде орындауға тиiс.

      2. Тараптардың бiрi мiндеттеменi орындамаған немесе тиiсiнше орындамаған жағдайда, екінші тарап өз мiндеттемесiн орындауды тоқтата тұруға не осы мiндеттемесiн орындаудан бас тартуға және залалды өтеуін талап етуге құқылы.

      Ескерту. 284-бап жаңа редакцияда - ҚР 27.02.2017 № 49-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
285-бап. Балама мiндеттеменiң орындалуы

      Екi немесе бiрнеше әрекеттiң бiрiн жасауға мiндеттi борышқорға, егер заңдардан немесе мiндеттеменiң шарттарынан өзгеше туындамаса, таңдау құқығы берiледi.

286-бап. Бiрнеше несие берушi немесе бiрнеше борышқор қатысатын мiндеттеменiң орындалуы

      Егер мiндеттемеге бiрнеше несие берушi немесе бiрнеше борышқор қатысса (адамдар көп болған мiндеттеме), несие берушiлердiң әрқайсысы мiндеттеменi орындауды талап етуге құқылы, ал борышқорлардың әрқайсысы заңдардан немесе мiндеттеме шарттарынан өзгеше туындамайтындықтан, басқалармен тең үлестi орындауға мiндеттi (үлестi мiндеттеме).

287-бап. Ортақтасқан мiндеттеменiң орындалуы

      1. Несие берушiлердiң әрқайсысы мiндеттеменi толық атқаруды талап етуге құқылы, ал борышқорлардың әрқайсысы орындауға мiндеттi болуына сәйкес көп жақтар қатысатын мiндеттеме ортақтасқан мiндеттеме деп танылады.

      Егер бұл шартта көзделмесе немесе заң құжаттарында белгiленбесе, соның iшiнде мiндеттеменiң мәнi бөлiнбейтiн кезде ортақтасқан мiндеттеме немесе ортақтасқан талап пайда болады.

      2. Кәсiпкерлiк қызметпен байланысты мiндеттеме бойынша бiрнеше борышқордың мiндеттерi, сол сияқты мұндай мiндеттемелердегi бiрнеше несие берушiнiң талаптары, егер заңдарда немесе мiндеттеме шарттарында өзгеше көзделмесе, ортақтасқан мiндет болып табылады.

      3. Борышқорлар ортақтасып мiндеттi болған жағдайда несие берушi барлық борышқорлардан да, жеке-жеке алғанда олардың кез келгенiн де, оның үстiне борышты түгелдей де, бөлшектеп те орындауды талап етуге құқылы. Ортақтас борышқорлардың бiрiнен толық қанағаттанбаған несие берушi алынбағанды ортақтас борышқорлардың қалғандарынан талап етуге құқылы.

      Ортақтас борышқорлар мiндеттеме толық орындалғанға дейiн мiндеттi болып қала бередi.

      Борышқорлардың бiрiншi ортақтастық мiндеттi толық орындауы қалған борышқорларды несие берушi үшiн орындаудан босатады.

      4. Талаптар ортақ болған жағдайда ортақтас несие берушiлердiң кез-келгенi борышқорға толық көлемiнде талап қоюға құқылы.

      Ортақтас несие берушiлердiң бiреуiне мiндеттеменi толық орындау борышқорды өзге несие берушiлерге оны орындаудан босатады.

      5. Ортақтасқан мiндет болған ретте борышқордың несие берушiнiң талаптарына қарсы басқа борышқорлардың осы борышқор қатыспайтын несие берушiге осындай қатынастарына негiзделген қарсылық бiлдiруге құқығы жоқ.

      Талаптар ортақ болған жағдайда борышқордың ортақтас несие берушiлердiң бiреуiнiң талабына қарсы осы несие берушi қатыспайтын борышқордың басқа ортақтас несие берушiмен осындай қатынастарына негiзделген қарсылық бiлдiруiне құқығы жоқ.

288-бап. Субсидиялық мiндеттеменi орындау

      Негiзгi борышқор несие берушiнiң мiндеттеменi орындау туралы талабын қанағаттандырмаған жағдайда бұл талап орындалмаған бөлiгiнде басқа борышқорға (субсидиялық борышқорға) мәлiмдеуi мүмкiн екендiгi заң құжаттарында немесе несие берушi мен борышқордың арасындағы мiндеттеме ережелерiнде көзделуi мүмкiн.

289-бап. Регрестiк талаптар

      1. Басқа адамның мiндеттемесiн орындаған борышқор орындалған мiндеттеме мөлшерiнде сол адамға керi талап (регресс) қоюға құқылы.

      Үшiншi адамның әрекеттерi салдарынан мiндеттеменi орындамаған борышқор осы адамнан залалдарын талап етуге құқылы.

      2. Ортақтасқан мiндеттеменi орындаған борышқор қалған борышқорлардың әрқайсысына оның өзiне тиесiлi үлесiн шегерiп, тең үлеспен керi талап қоюға құқылы.

      Борышқорлардың бiреуi ортақтасқан мiндеттi орындаған борышқорға төлемегенi осы борышқорға және қалған борышқорларға тең үлесте түседi.

      Осы тармақтың ережелерi борышқорлардың бiреуiнiң қарсы талабы есептеле отырып, тиiсiнше ортақтасқан мiндеттемелердi тоқтату кезiнде қолданылады.

      3. Борышқордың орындағанын қабылдаған ортақтас несие берушi басқа несие берушiлерге, егер олардың арасындағы қатынастардан өзгеше туындамаса, оларға тиесiлi үлестерiн өтеуге мiндеттi.

290-бап. Мiндеттеменiң орындалғанын куәландыру

      1. Мiндеттеменiң орындалғанын қабылдай отырып, несие берушi борышқордың талап етуi бойынша оның толық немесе бiр бөлiгi орындалғаны жөнiнде оған қолхат беруге мiндеттi.

      Егер борышқор мiндеттеменi куәландыру үшiн несие берушiге борыш құжатын берсе, несие берушi оның орындалғанын қабылдай отырып, құжатты борышқорға қайтаруға тиiс. Қайтарып беру мүмкiн болмаған жағдайда ол мұны өзi беретiн қолхатта көрсетуге мiндеттi.

      Қолхат борышқорға қайтарылған борыш құжатындағы жазумен алмастырылуы мүмкiн.

      2. Борышқорда борыш құжатының болуы, өзгеше дәлелденгенге дейiн мiндеттеменiң тоқтатылғанын куәландырады.

      3. Несие берушi мiндеттеменiң орындалғаны туралы қолхат беруден, борыш құжатын қайтарудан немесе оны қайтарудың мүмкiн еместiгiн қолхатта атап көрсетуден бас тартқан жағдайда борышқор оны орындауды кiдiрте тұруға құқылы. Бұл ретте несие берушi мерзiмiн өткiзiп алушы деп есептеледi.


жүктеу 1,33 Mb.

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12




©g.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
рсетілетін қызмет
халықаралық қаржы
Астана халықаралық
қызмет регламенті
бекіту туралы
туралы ережені
орталығы туралы
субсидиялау мемлекеттік
кеңес туралы
ніндегі кеңес
орталығын басқару
қаржы орталығын
қаржы орталығы
құрамын бекіту
неркәсіптік кешен
міндетті құпия
болуына ерікті
тексерілу мемлекеттік
медициналық тексерілу
құпия медициналық
ерікті анонимді
Бастауыш тәлім
қатысуға жолдамалар
қызметшілері арасындағы
академиялық демалыс
алушыларға академиялық
білім алушыларға
ұйымдарында білім
туралы хабарландыру
конкурс туралы
мемлекеттік қызметшілері
мемлекеттік әкімшілік
органдардың мемлекеттік
мемлекеттік органдардың
барлық мемлекеттік
арналған барлық
орналасуға арналған
лауазымына орналасуға
әкімшілік лауазымына
инфекцияның болуына
жәрдемдесудің белсенді
шараларына қатысуға
саласындағы дайындаушы
ленген қосылған
шегінде бюджетке
салығы шегінде
есептелген қосылған
ұйымдарға есептелген
дайындаушы ұйымдарға
кешен саласындағы
сомасын субсидиялау