54-бап. Заңды тұлғаға қатысты оңалту рәсімдері
Борышкер – заңды тұлғаның таратылуын болғызбау мақсатында оған төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге бағытталған, Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтiн кез келген шаралар қолданылуы мүмкiн.
Бұл шаралар оңалту рәсiмi шеңберiнде iске асырылады, оны жүзеге асыру тәртiбi мен мерзiмдерi Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасында айқындалады.
Ескерту. 54-бап жаңа редакцияда - ҚР 26.12.2019 № 290-VІ Заңымен(алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
54-1. Сырттай байқау
Ескерту. 54-1-бап алып тасталды - ҚР 07.03.2014 № 177-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
55-бап. Банкроттық рәсімін қозғау салдарлары
1. Сот борышкерді банкрот деп тану және банкроттық рәсімін қозғау туралы шешім шығарған күннен бастап:
1) банкрот мүлкінің меншік иесіне (ол уәкілеттік берген органға), банкрот-заңды тұлғаның құрылтайшыларына (қатысушыларына), барлық органдарына мүлікті иеліктен шығаруға және міндеттемелерді өтеуге тыйым салынады;
2) банкроттың барлық борыштық мiндеттемелерiнiң мерзiмдерi өткен деп саналады;
3) банкрот берешегінің барлық түрлерi бойынша тұрақсыздық айыбы мен сыйақыны (мүдденi) есептеу тоқтатылады;
4) банкроттың қатысуымен сотта қаралатын мүліктік сипаттағы даулар, егер олар бойынша қабылданған шешімдер заңды күшіне енбеген болса, тоқтатылады;
5) үшінші тұлғалардың кепілдіктер мен кепілгерліктерді орындау жөніндегі талаптарын, сондай-ақ үшінші тұлғалар кепіл беруші ретінде әрекет ететін жағдайларда кепіл затына өндіріп алуды қолдануды қоспағанда, банкроттық рәсімі шеңберінде ғана банкротқа талаптар қойылуы мүмкін;
6) уақытша немесе банкроттықты басқарушының өтініші және борышкерді банкрот деп тану туралы сот шешімінің ұсынылған көшірмесі негізінде банкроттың мүлкіне барлық шектеулер мен ауыртпалықтар (борышкердің шоттарына қаржылық және мемлекеттік органдардың инкассолық өкімдері, сот орындаушылары тағайындаған мүлікке тыйым салу және басқалар) оларды салған органдардың тиісті шешімдері қабылданбастан алып тасталады;
7) банкроттың мүлкіне жаңа тыйым салуларға және банкроттың мүлкіне иелік етудегі өзге де шектеулерге мәмілені жарамсыз деп тану және мүлікті бөгденің заңсыз иеленуінен талап ету туралы банкротқа қойылатын қуынымдар бойынша ғана жол беріледі;
8) банкроттық рәсімі қозғалған кезде сатып алушыға берілмеген банкроттың мүлкі банкроттың мүліктік массасының құрамына енгізіледі, ал кредитор немесе орындалмаған міндеттеме бойынша дәрменсіз болған сатып алушы банкроттық рәсімі шеңберінде борышкерге өзінің талаптарын қоюға құқылы.
Ескерту. 55-бап жаңа редакцияда - ҚР 07.03.2014 N 177-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
56-бап. Дәрменсiз борышқорды борыштардан босату
1. Мүлiктi сатқаннан кейiн және сатудан түскен ақшаны несие берушiлердiң арасында бөлгеннен кейiн дәрменсiз борышқор қалған мiндеттемелер мен орындауға ұсынылған және заңды тұлғаны банкрот деп тану кезiнде есепке алынған өзге де талаптарды орындаудан босатылады.
2. Дәрменсiз борышқор, егер өзiнiң мүлкiнiң бiр бөлiгiн тарату iс басталғанға дейiнгi үш жыл iшiнде жасырса немесе жасыру мақсатымен басқа адамға берiп жiберсе, бухгалтерлiк кiтаптарды, шоттарды, құжаттарды қоса алғанда, қажеттi есеп-қисап ақпаратын жасырса немесе қолдан жасаса мiндеттемелерiн орындаудан босатылмайды.
Ескерту. 56-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1998.03.02. N 211, 2001.07.11. N 239, 2006.01.10. N 115(ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
57-бап. Банкрот болған заңды тұлға қызметiнiң тоқтатылуы
1. Заңды тұлғаны соттың банкрот деп тануы оның таратылуына әкелiп соқтырады.
2. Банкрот-заңды тұлға Бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмiнен алып тасталған кезден бастап оның қызметi тоқтатылды деп есептеледі.
Ескерту. 57-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.12.24 N 60-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
II. Шаруашылық серiктестiк
1. Жалпы ережелер
58-бап. Шаруашылық серiктестiк туралы негiзгi ережелер
1. Жарғылық капиталы құрылтайшылардың (қатысушылардың) үлесiне (салымдарына) бөлiнген коммерциялық ұйым шаруашылық серiктестiк деп танылады. Құрылтайшылардың (қатысушылардың) салымдары есебiнен құрылған, сондай-ақ шаруашылық серiктестiк өз қызметi үрдiсiнде өндiрген және алған мүлiк меншiк құқығы бойынша серiктестiкке тиесiлi болады.
2. Шаруашылық серiктестiктер толық серiктестiк, сенiм серiктестiгi, жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк, қосымша жауапкершiлiгi бар серiктестiк нысандарында құрылуы мүмкiн.
3. Толық және сенiм серiктестiгiнен басқа, шаруашылық cepіктестікті бiр тұлға құра алады, ол оның жалғыз қатысушысы болады.
Толық серiктестiктiң қатысушылары және сенiм серiктестiгiндегi толық серiктер азаматтар ғана бола алады.
4. Құрылтай шарты мен жарғы шаруашылық серiктестiктiң құрылтай құжаттары болып табылады.
Жарғы бiр адам (бiр қатысушы) құрған шаруашылық серiктестiктiң құрылтай құжаты болып табылады.
5. Алып тасталды - ҚР 2012.12.24 N 60-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
6. Шаруашылық серiктестiктiң құрылтай құжаттарында осы Кодекстiң 41-бабының 4 және 5-тармақтарында аталған мәлiметтерге қоса әрбiр қатысушының үлес мөлшерi туралы; серiктестiктiң жарғылық капиталына олар салатын салымның мөлшерi, құрамы, мерзiмi және тәртiбi туралы; серiктестiктiң жарғылық капиталына салым салу жөнiндегi мiндеттердi бұзғаны үшiн қатысушылардың жауапкершiлiгi туралы ережелер, сондай-ақ заң құжаттарында көзделген өзге де мәлiметтер болуға тиiс.
7. Алып тасталды - ҚР 1998.03.02 N 211 Заңымен.
8. Шаруашылық серiктестiк, заң құжаттарында көзделген реттердi қоспағанда, басқа шаруашылық серiктестiктердiң құрылтайшысы болуы мүмкiн.
9. Алып тасталды - ҚР 02.07.2018 № 166-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Ескерту. 58-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1997.07.11 № 154, 1998.03.02 № 211, 1998.07.10 № 282, 2003.05.16 № 416, 2005.07.08 № 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.01.12 № 225, 2010.01.20 № 239-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз), 2011.12.28 № 524-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.12.24 № 60-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 02.07.2018 № 166-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
59-бап. Шаруашылық серiктестiктiң жарғылық капиталына салым салу. Шаруашылық серiктестiктiң жарғылық капиталындағы және мүлкiндегi қатысушының үлесi
1. Ақша, бағалы қағаздар, заттар, зияткерлiк қызмет нәтижесi құқығын қоса алғанда, мүлiктiк құқықтар және өзге де мүлiк (жарғылық капиталы тек қана ақшамен қалыптастырылатын, Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру және секьюритилендiру туралы заңнамасына сәйкес құрылатын арнайы қаржы компанияларын, Қазақстан Республикасының микроқаржылық қызмет туралы заңнамасына сәйкес құрылатын, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдарды және Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығы туралы заңнамасына сәйкес құрылатын исламдық арнайы қаржы компанияларын қоспағанда) шаруашылық серiктестiктiң жарғылық капиталына салынатын салым бола алады.
Құрылтайшылардың (қатысушылардың) жарғылық капиталға заттай нысанда немесе мүлiктiк құқықтар түрiнде салған салымдары барлық құрылтайшылардың келiсiмi бойынша немесе серiктестiктiң барлық қатысушыларының жалпы жиналысының шешiмi бойынша ақшалай нысанда бағаланады. Егер мұндай салымның құны жиырма мың айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiне барабар сомадан асып кетсе, оның бағасын бағалаушы растауға тиiс.
Шаруашылық серiктестiгiн қайта тiркеген кезде оған қатысушының салымын ақшалай бағалау серiктестiктiң бухгалтерлiк құжаттарымен не аудиторлық есеппен расталуы мүмкiн.
Серiктестiктiң құрылтайшылары (қатысушылары) осындай баға берiлген кезден бастап бес жыл бойы серiктестiктiң несие берушiлерi алдында салым бағасы арттырылған сома шегiнде бiрлесiп жауап бередi.
Серiктестiкке салым ретiнде мүлiктi пайдалану құқығы берiлетiн жағдайларда бұл салымның мөлшерi құрылтай құжаттарында көрсетiлген барлық мерзiмге есептелген осы мүлiктi пайдалану төлемiмен анықталады.
Жеке мүліктік емес құқықтар және өзге де материалдық емес игіліктер түрінде салымдар енгізуге жол берілмейді. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, серіктестікке қатысушылардың талаптарын есепке жатқызу жолымен салымдар енгізуге жол берілмейді.
2. Егер құрылтай құжаттарында өзгеше көзделмесе, жарғылық капиталдағы барлық қатысушылардың үлестерi және тиiсiнше олардың шаруашылық серiктестiгi мүлкiнiң құнындағы үлестерi (мүлiктегi үлес) жарғылық капиталдағы салымдарына барабар болады.
Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерінде немесе құрылтай құжаттарында өзгеше көзделмесе, шаруашылық серiктестiгіне қатысушының серiктестiк мүлкіндегі (жарғылық капиталындағы) өз үлесін немесе оның бір бөлігін кепілге салуға және (немесе) сатуға құқығы бар.
Тарапы жеке тұлға болып табылатын шаруашылық серiктестiгінің шығатын қатысушысының серіктестік мүлкіндегі (жарғылық капиталындағы) үлесіне немесе оның бір бөлігіне құқығын иеліктен шығару (басқаға беру) шарты нотариаттық куәландырылуға жатады.
3. Жарғылық капиталға салым салудың тәртiбi мен мерзiмi, сондай-ақ жарғылық капиталды құру жөнiндегi мiндеттердi орындамағаны үшiн жауапкершiлiк заң құжаттарында және (немесе) құрылтай құжаттарында белгiленедi.
4. Шаруашылық серiктестiгiнiң жарғылық капиталын азайтуға оның барлық несие берушiлерiне хабарланғаннан кейiн жол берiледi. Олар бұл жағдайда серiктестiктiң мерзiмiнен бұрын тоқтатылуын немесе тиiстi мiндеттемелерiн орындауын және оның зиянды өтеуiн талап етуге құқылы.
Осы тармақта белгiленген тәртiптi бұза отырып жарғылық капиталды азайту мүдделi адамдардың арызы негізінде сот шешiмiмен серiктестiктi таратуға негiз болып табылады.
Ескерту. 59-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1996.07.15 № 30, 1997.07.11 № 154, 1998.03.02 № 211, 2006.02.20 № 127 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2006.05.05 № 139, 2009.02.12 № 133-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2011.03.25 № 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.01.12 № 539-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 2012.11.26 № 57-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.12.24 № 60-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 24.11.2015 № 422-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 27.02.2017 № 49-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 21.01.2019 № 217-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.07.2019 № 262-VI (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
60-бап. Шаруашылық серiктестiктi басқару
1. Шаруашылық серiктестiктiң жоғары органы оның қатысушыларының жалпы жиналысы болып табылады.
Толық серiктестiктен және сенiм серiктестiгiнен басқа, бiр тұлға құрған шаруашылық серiктестiктерде жалпы жиналыстың өкiлеттiгi оның бiрден бiр қатысушысына тиесiлi болады.
2. Шаруашылық серiктестiкте оның қызметiне күнделiктi басшылық жасайтын және оның қатысушыларының жалпы жиналысына есеп берiп отыратын атқарушы орган (алқалық және (немесе) жеке-дара құрылады). Жеке-дара басқару органы оның қатысушылары арасынан сайланбауы мүмкiн.
Серiктестiктiң алқалы органдары ретiнде:
1) басқарма (дирекция);
2) байқаушы кеңес;
3) заң актiлерiнде немесе шаруашылық серiктестiгi қатысушыларының жалпы жиналысының шешiмiнде көзделген жағдайларда басқа да органдар құрылуы мүмкiн.
2-1. Шаруашылық серіктестігі банкрот деп танылған немесе оңалту рәсімі қолданылған және заңда белгіленген тәртіппен уақытша не банкроттықты немесе оңалтуды басқарушы тағайындалған жағдайда, оны басқару жөніндегі барлық өкілеттік тиісінше уақытша не банкроттықты немесе оңалтуды басқарушыға өтеді.
3. Шаруашылық серiктестiктiң органдарының құзыретi, оларды сайлау (тағайындау) тәртiбi, сондай-ақ олардың шешiмдер қабылдау тәртiбi осы Кодекске, заң құжаттарына және құрылтай құжаттарына сәйкес белгiленедi.
4. Шаруашылық серiктестiгi қаржы есептерiнiң дұрыстығын тексеру және растату үшiн серiктестiкпен немесе оның қатысушыларымен мүлiктiк мүдделер жөнiнен байланысы жоқ аудиторлық ұйымды тарта алады (сыртқы аудит).
Шаруашылық серiктестiгiн аудиторлық тексеру серiктестiк бiр немесе бiрнеше қатысушысының талап етуi бойынша соның (солардың) есебiнен кез келген уақытта жүргiзiлуге тиiс.
Шаруашылық серiктестiгiнiң қызметiне аудиторлық тексерудi жүргiзу тәртiбi заңдармен және серiктестiктiң құрылтай құжаттарымен белгiленедi.
Ескерту. 60-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1998.03.02. № 211, 1998.04.22. № 221, 2006.05.05. № 139, 2007.01.12. № 225; 07.03.2014 № 177-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
61-бап. Шаруашылық серiктестiкке қатысушылардың құқықтары мен мiндеттерi
1. Шаруашылық серiктестiкке қатысушылардың:
1) құрылтай құжаттарында белгiленген тәртiппен шаруашылық серiктестiктiң iстерiн басқаруға қатысуға;
2) шаруашылық серiктестiктiң қызметi туралы ақпарат алуға және құрылтай құжаттарында белгiленген тәртiппен оның құжаттамаларымен танысуға;
3) таза табысты бөлiсуге қатысуға құқығы бар. Құрылтай құжаттарының бiр немесе бiрнеше қатысушыны таза табысты бөлiсуге қатысудан шеттетудi көздейтiн талаптары маңызсыз болады;
4) шаруашылық серiктестiк таратылған жағдайда несие берушiлермен есеп айырысқаннан кейiн қалған серiктестiк мүлкiндегi өздерiнiң үлесiне сәйкес мүлiктiң бiр бөлiгiн немесе оның құнын алуға.
Шаруашылық серіктестікке қатысушылардың заң құжаттарында және құрылтай құжаттарында көзделген басқа да құқықтары болуы мүмкін.
2. Шаруашылық серiктестiкке қатысушылар:
1) құрылтай құжаттарының талаптарын сақтауға;
2) салымдарды құрылтай құжаттарында көзделген тәртiп, мөлшер, әдiстер және мерзiмдер бойынша салып отыруға;
3) шаруашылық серiктестiк коммерциялық құпия деп жариялаған мәлiметтердi жария етпеуге мiндеттi.
Шаруашылық серiктестiктiң қатысушылары Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде және құрылтай құжаттарында көзделген басқа да мiндеттердi атқаруы мүмкiн.
Ескерту. 61-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1997.07.11. № 154, 1998.03.02. № 211, 2007.02.19. № 230 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 27.02.2017 № 49-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
62-бап. Шаруашылық серiктестiктердi қайта құру
1. Шаруашылық серiктестiктер заң құжаттарында белгiленген реттер мен тәртiп бойынша қатысушылардың жалпы жиналысының шешiмiмен шаруашылық серiктестiктiң бiр түрiнен екiншi түрi не акционерлік қоғамдар немесе өндiрiстiк кооперативтер болып қайта құрылуы мүмкiн.
2. Толық серiктестiк немесе сенiм серiктестiгi акционерлiк қоғам, жауапкершiлiгi шектеулi немесе қосымша жауапкершiлiгi бар серiктестiк болып қайта құрылған жағдайда акционерлiк қоғамның, жауапкершiлiгi шектеулi немесе қосымша жауапкершiлiгi бар серiктестiктiң қатысушысы болған әрбiр толық серiктес толық серiктестiктен немесе сенiм серiктестiгiнен акционерлiк қоғамға, жауапкершiлiгi шектеулi немесе қосымша жауапкершiлiгi бар серiктестiкке көшкен мiндеттемелер бойынша екi жыл бойы өзiнiң барлық мүлкiмен субсидиялық жауапты болады. Бұрынғы толық серiктестiң өзiне тиесiлi акцияларды (үлестердi) иелiктен шығаруы оны мұндай жауапкершiлiктен босатпайды.
Ескерту. 62-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1996.07.15. N 30-I, 1999.07.16. N 436-I Заңдарымен.
2. Толық серiктестiк
63-бап. Толық серiктестiк туралы негiзгi ережелер
1. Толық серiктестiктiң мүлкi жеткiлiксiз болған жағдайда қатысушылары серiктестiктiң мiндеттемелерi бойынша өзiне тиесiлi барлық мүлкiмен ортақ жауапкершiлiкте болатын серiктестiк толық серiктестiк деп танылады.
2. Азамат бiр ғана толық серiктестiктiң қатысушысы бола алады.
64-бап. Толық серiктестiктiң жарғылық капиталы
Толық серiктестiктiң жарғылық капиталының мөлшерiн оның құрылтайшылары айқындайды, бiрақ ол Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгiленген ең төменгi мөлшерден кем болмауы керек.
Толық серiктестiк нысанында құрылған, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың жарғылық капиталының ең төменгі мөлшерi Қазақстан Республикасының микроқаржылық қызмет туралы заңнамасында айқындалады.
Ескерту. 64-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.11.26 N 57-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен; өзгеріс енгізілді - ҚР 03.07.2019 № 262-VI (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
65-бап. Толық серiктестiктiң iсiн жүргiзу
1. Толық серiктестiктiң ең жоғары органы қатысушылардың жалпы жиналысы болып табылады. Толық серiктестiктiң iшкi мәселелерi жөнiндегі шешiм барлық қатысушылардың жалпы келiсiмi бойынша қабылданады. Серiктестiктiң құрылтай шартында қатысушылардың көпшiлiк даусымен шешiм қабылданатын реттер көзделуi мүмкiн. Егер құрылтай шартында оның қатысушыларының дауыс санын анықтаудың өзгеше тәртiбi көзделмесе, толық серiктестiктiң әрбiр қатысушысының бiр даусы болады. Құрылтай шартында қатысушылар алатын дауыс санын олардың жарғылық капиталдағы үлесiне сай белгiленетiндiгi көзделуi мүмкiн.
2. Толық серiктестiктi осы баптың 1-тармағының ережелерiн ескере отырып басқаруды толық серiктестiктiң атқару органдары жүзеге асырады. Басқару органдарының түрлерi, құрылу тәртiбi және олардың құзыретi құрылтай құжаттарында белгiленедi.
3. Толық серiктестiкке қатысушының қалған қатысушылардың келiсiмiнсiз өз атынан және өз мүдделерi немесе үшiншi жақтардың мүдделерi үшiн серiктестiк қызметi мәнiмен бiртектес мәмiлелер жасасуға құқығы жоқ. Бұл ереже бұзылған жағдайда серiктестiк өз қалауы бойынша мұндай қатысушылардан не серiктестiкке келтiрiлген залалдың орнын толтыруын, не осындай мәмiлелерден тапқан бүкiл пайданы серiктестiкке беруiн талап етуге құқылы.
4. Серiктестiктiң iсiн жүргiзу тапсырылған толық серiктестiктiң органдары барлық қатысушыларға олардың талап етуi бойынша өз қызметi туралы толық ақпарат берiп отыруға мiндеттi.
5. Өкiлеттiгi болмаса да ортақ мүдделер үшiн әрекет жасаған қатысушы, оның әрекеттерiн қалған қатысушылар мақұлдамаған жағдайда, егер өз әрекеттерiнiң арқасында серiктестiк құны жөнiнен серiктестiк шеккен шығындардан асып түсетiн мүлiктi сақтап қалғандығын немесе тиiсiнше сатып алғандығын дәлелдеген жағдайда серiктестiктен өзi жасаған шығындардың орнын толтыруды талап етуге құқылы.
Ескерту. 65-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1997.07.11 N 154 Заңымен.
66-бап. Толық серiктестiкке қатысушы үлесiнiң (үлесiнiң бiр бөлiгiнiң) ауысуы
1. Толық серiктестiкке қатысушының өз үлесiн (үлесiнiң бiр бөлiгiн) оның басқа қатысушыларына немесе үшiншi жақтарға қалған барлық қатысушылардың келiсiмiмен ғана беруiне болады.
2. Үлес (үлестiң бiр бөлiгi) үшiншi жаққа берiлген жағдайда сонымен бiрге толық серiктестiктен шыққан қатысушыға тиесiлi құқықтар мен мiндеттердiң бүкiл жиынтығы соған ауысады.
3. Толық серiктестiктiң қатысушысы қайтыс болған ретте қалған барлық қатысушылардың келiсуiмен құқықты мирасқор (мұрагер) серiктестiкке кiре алады.
4. Құқықты мирасқор (мұрагер) қатысушының толық серiктестiк алдындағы борыштары бойынша, сондай-ақ серiктестiктiң үшiншi жақтар алдындағы бүкiл серiктестiк қызметi кезiнде пайда болған борыштары бойынша жауапты болады.
5. Құқықты мирасқор (мұрагер) толық серiктестiкке кiруден бас тартқан немесе құқықты мирасқорды (мұрагердi) қабылдаудан серiктестiк бас тартқан жағдайда оған қатысушы қайтыс болған күнi белгiленген серiктестiк мүлкiндегi үлестiң құқықты мирасқорлық негiзiнде өзiне тиесiлi құны төленедi.
Бұл реттерде тиiсiнше құрылтай құжаттарында (жарғысында) көзделген мерзiмде құрылтай шартында (жарғысында) аталған серiктестiк мүлкiнiң мөлшерiне азайтылады, бiрақ ол үш айдан кешiктiрiлмеуге тиiс.
67-бап. Қатысушының толық серiктестiктен шығуы
1. Толық серiктестiктiң қатысушысы оның өзге де қатысушыларына заң құжаттарында немесе құрылтай шартында көзделген мерзiмнен кешiктiрмей ескерте отырып, серiктестiктен кез-келген уақытта шыға алады.
2. Егер қатысушы шығып кеткен уақытта толық серiктестiк сақталып қалса, оның шығып кеткен күнiнде жасалған балансқа сәйкес шығып кететiн қатысушыға серiктестiк мүлкiндегi үлесiнiң салған салымына тең құны төленедi. Қатысушының талабы бойынша және серiктестiктiң келiсуiмен салымды толық немесе iшiнара заттай түрде қайтарылуы мүмкiн. Шығып кеткен қатысушыға оның осы жылы серiктестiкте болған кезеңiнде серiктестiктiң сол жылы алған таза табысының оған тиесiлi бiр бөлiгi де төленедi.
Серiктестiкке қатысушының пайдалануға ғана берген мүлкi сыйақы төленбей заттай түрде қайтарылады.
Ескерту. 67-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1997.07.11. N 154 Заңымен.
68-бап. Қатысушыны толық серiктестiктен шығару
1. Толық серiктестiкке қатысушылар қалатын қатысушылардың бiрауыздан қабылдаған шешiмi бойынша және оған дәлелдi себептер болған жағдайда, атап айтқанда, оның (олардың) өз мiндеттерiн дөрекi бұзуы немесе iс жүргiзу қабiлетсiздiгi байқалған жағдайда қатысушылардың бiреуiн немесе бiрнешеуiн серiктестiктен сот тәртiбiмен шығаруды талап етуге құқылы.
2. Толық серiктестiктен шығарылған қатысушыға осы Кодекстiң 67-бабының 2-тармағында белгiленген тәртiп бойынша мүлiктiң бiр бөлiгiнiң құны төленедi.
69-бап. Қатысушының толық серiктестiктегi үлесiн өндiрiп алуға өтiнiш жасауы
1. Қатысушының толық серiктестiктiң жеке борыштары бойынша өз үлесiн өндiрiп алуға өтiнiш жасауына борыштарды өтеу үшiн оның басқа мүлiктерi жеткiлiксiз болған жағдайда ғана жол берiледi. Мұндай қатысушының несие берушiлерi толық серiктестiктен серiктестiк мүлкiнен ақы өндiрiп алу мақсатымен борышқордың жарғылық капиталдағы үлесiне сәйкес мүлiктiң бiр бөлiгiн бөлiп берудi талап етуге құқылы. Серiктестiк мүлкiн бөлiп берiлуге жататын бөлiгi немесе оның құны несие берушiлердiң бөлiп беру туралы талаптары қойылған кезде жасалған баланс бойынша анықталады.
2. Қатысушының толық серiктестiк мүлкiндегi үлесiнен ақы өндiрiп алу оның серiктестiкке қатысуын тоқтатады және осы Кодекстiң 70 және 71-баптарында көзделген салдарға әкелiп соқтырады.
Ескерту. 69-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1997.07.11. N 154 Заңымен.
70-бап. Қатысушылардың толық серiктестiктiң борыштары бойынша жауапкершiлiгi
1. Егер толық серiктестiк таратылған жағдайда оның барлық борыштарын өтеу үшiн нақтылы мүлкi жетпейтiн болса, серiктестiк үшiн жетiспейтiн бөлiгi жөнiнен оған қатысушылар ортақ жауапкершiлiктi өздерiнiң заң құжаттарына сәйкес ақы өндiрiп алынатын барлық мүлкiмен өз мойнына алады.
Толық серiктестiктiң қатысушысы серiктестiктiң борышы бойынша егер заң құжаттарында өзгеше көзделмесе, оған өз кiргеннен кейiн немесе кiргенге дейiн пайда болғанына қарамастан жауап бередi.
2. Серiктестiк мүлкiндегi өз үлесiнен астам бөлiгiндегi толық серiктестiктiң борыштарын өтеген қатысушы өзiнiң алдында серiктестiк мүлкiндегi өз үлесiнiң мөлшерiне тең үлестiк жауапкершiлiктi мойнына алатын өзге де қатысушыларға тиiстi бөлiгiнде керi талап қоюға құқылы.
3. Толық серiктестiктен өз қалауымен шыққан немесе серiктестiктен соттың шешiмi бойынша шығарылған қатысушы, сондай-ақ қайтыс болған қатысушының серiктестiкке кiруден бас тартқан құқықты мирасқоры (мұрагерi) серiктестiктен өздерi шыққан кезге дейiн пайда болған серiктестiк мiндеттемелерi бойынша серiктестiктiң өздерi серiктестiктен шыққан жыл iшiндегi серiктестiк қызметi туралы есеп бекiтiлген күннен бастап екi жыл бойы жауап бередi.
4. Өз үлесiн бiр қатысушыға немесе үшiншi жаққа беру арқылы, серiктестiк мүлкiндегi өз үлесiнен несие берушi (несие берушiлер) ақы өндiрiп алу арқылы шыққан қатысушы, сондай-ақ қайтыс болған қатысушының серiктестiкке қабылдаудан қалған қатысушылар бас тартқан құқықты мирасқоры (мұрагерi) серiктестiк мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi.
5. Толық серiктестiк тоқтатылғаннан кейiн қатысушылар серiктестiк тоқтатылған күннен бастап екi жыл бойы ол тоқтатылған кезге дейiн пайда болған серiктестiк мiндеттемелерi бойынша жауапты болады.
6. Толық серiктестiктiң мiндеттемелерi бойынша өздерiнiң жауаптылығының осы бапта көзделген тәртiбiн өзгертетiн қатысушылардың келiсiмдерi маңызсыз болып табылады.
Ескерту. 70-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 27.02.2017 № 49-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
71-бап. Толық серiктестiктi тарату
1. Толық серiктестiк осы Кодекстiң 49-бабында аталған негiздерден басқа серiктестiкте жалғыз қатысушы қалып, ол алты ай iшiнде серiктестiктi қайта құрмаса немесе жаңа қатысушылар қабылдамаған жағдайда да таратылады.
2. Толық серiктестiкке қатысушылардың қайсы бiреуi шығып кеткен немесе қайтыс болған жағдайда, олардың бiрi хабар-ошарсыз кеттi, әрекет қабiлеттiгi жоқ немесе әрекет қабiлеттiгi шектеулi, не банкрот деп танылған немесе несие берушi бiр қатысушы жарғылық капиталдағы оның үлесiне сәйкес келетiн мүлкiнен ақы өндiрiп алған реттерде, егер ол серiктестiктiң құрылтай құжаттарында көзделсе немесе қалған қатысушылар келiсетiн болса, серiктестiк өз қызметiн жалғастыра бередi.
3. Егер қатысушылардың бiрi осы баптың 2-тармағында аталған негiздер бойынша серiктестiктен шығып кетсе, серiктестiктiң жарғылық капиталындағы өзге де қатысушылардың үлестерi, егер құрылтай құжаттарында өзгеше көзделмесе, олардың салымдарына қарай көбейедi.
Ескерту. 71-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1997.07.11. N 154 Заңымен.
3. Сенiм (коммандиттiк) серiктестiгi
72-бап. Сенiм серiктестiгi туралы негізгі ережелер
1. Серiктестiктiң мiндеттемелерi бойынша өзiнiң бүкiл мүлкiмен (толық серiктерiмен) қосымша жауап беретiн бiр немесе одан да көп қатысушылармен қатар, серiктестiктiң (салымшылардың) мүлкiне өздерi салған салымдардың жиынтығымен шектелетiн бiр немесе одан көп қатысушыларды да енгiзетiн және серiктестiктiң кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруға қатыспайтын серiктестiк сенiм серiктестiгi деп танылады.
2. Сенiм серiктестiгiне қатысатын толық серiктердiң құқықтық ережесi және олардың серiктестiк мiндеттемелерi бойынша жауапкершiлiгi толық серiктестiктiң қатысушылары туралы ережемен белгiленедi.
3. Азамат тек бiр ғана сенiм серiктестiгiнiң толық серiктесi бола алады.
Сенiм серiктестiгiндегi толық серiктес толық серiктестiктiң қатысушысы бола алмайды.
4. Сенiм серiктестiгiне осы Кодекстiң сенiм серiктестiктерi туралы ережелерiне қайшы келмейтiндiктен, осы Кодекстiң толық серiктестiк туралы ережелерi қолданылады.
Ескерту. 72-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1998.03.02. N 211 Заңымен.
73-бап. Сенiм серiктестiгiнiң салымшысы
1. Сенiм серiктестiгiнiң салымшысы алғашқы салымын және қосымша жарналарын (салымдарын) құрылтай құжаттарында көзделген мөлшерде, әдiс пен тәртiп бойынша салуға мiндеттi.
2. Командиттік серiктестiк салымшысының:
1) серiктестiктің таза табысының жарғылық капиталдағы өзіне тиесілі үлесiнің бөлігін құрылтай құжаттарында көзделген тәртiппен алуға;
2) серiктестiктiң қаржылық есебімен танысуға, сондай-ақ оның дұрыс жасалуын тексеру мүмкiндiгiн қамтамасыз етудi талап етуге;
3) жарғылық капиталдағы өз үлесiн немесе оның бiр бөлiгiн Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде және серiктестiктiң құрылтай құжаттарында көзделген тәртiппен басқа салымшыға немесе үшiншi тұлғаға беруге құқығы бар. Салымшының өзінің бүкіл үлесiн өзге тұлғаға беруi оның серiктестiкке қатысуын тоқтатады;
4) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде және құрылтай құжаттарында көзделген тәртiппен серiктестiктен шығуға құқығы бар.
Командиттік серiктестiктің құрылтай құжаттарында салымшының өзге де құқықтары көзделуі мүмкін.
Командиттік серiктестiктің салымшылары үшін осы Кодексте және Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актілерінде көзделген құқықтардан бас тартуы немесе оларды шектеуі, соның ішінде салымшылар мен толық серіктестіктердің келісімі бойынша шектеуі маңызсыз болады.
3. Егер салымшы сенiм серiктестiгiнiң мүдделерiн көздеп тиiстi өкiлеттiксiз мәмiле жасаса, оның әрекеттерiн серiктестiк мақұлдаған жағдайда мәмiле бойынша ол несие берушiлердiң алдында толық көлемiнде жауап бередi. Егер ол мақұлданбаса, салымшы үшiншi жақтың алдында заңдар бойынша өзiнiң ақы өндiрiп алынатын бүкiл мүлкiмен жеке жауап бередi.
Ескерту. 73-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1997.07.11. № 154, 1998.03.02. № 211; 27.02.2017 № 49-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
74-бап. Сенiм серiктестiгiнiң жарғылық капиталы
1. Сенiм серiктестiгiнiң жарғылық капиталы оның қатысушылары салатын салымнан құралады. Шаруашылық үрдiсiнде жарғылық қор өзгертiлуi мүмкiн. Салымшылардың салымдарын есептемегенде, жарғылық капитал толық серiктестердiң сенiм серiктестiгi мүлкiндегi үлесiн белгiлейдi.
2. Жарғылық капиталдың мөлшерiн сенiм серiктестiгiнiң толық серiктестерi белгiлейдi және ол заң құжаттарында белгiленген ең төменгi мөлшерден кем болмауы керек.
Коммандиттік серiктестiк нысанында құрылған, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың жарғылық капиталының ең төменгі мөлшерi Қазақстан Республикасының микроқаржылық қызмет туралы заңнамасында айқындалады.
3. Сенiм серiктестiгiнiң жарғылық капиталын азайтуға оның барлық несие берушiлерiне хабарланғаннан кейiн жол берiледi. Несие берушiлер бұл ретте тиiстi мiндеттемелердiң мерзiмiнен бұрын тоқтатылуын немесе орындалуын және өздерi шеккен залалдың орны толтырылуын талап етуге құқылы. Осы бапта белгiленген тәртiптi бұзып жарғылық капиталды азайту мүдделi адамдардың арызы бойынша сот шешiмiмен сенiм серiктестiгiн таратуға негiз болады.
Ескерту. 74-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1997.07.11 № 154, 1998.03.02 № 211, 2012.11.26 № 57-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.07.2019 № 262-VI (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
75-бап. Сенiм серiктестiгiнiң iсiн басқару
Сенiм серiктестiгiнiң iсiн басқаруды толық серiктестер жүзеге асырады. Сенiм серiктестiгiнiң iсiн оның толық серiктестерiнiң басқару және жүргiзу тәртiбiн олар толық серiктестiк туралы ережелер бойынша белгiлейдi. Салымшылардың сенiм серiктестiгi iсiн басқаруға қатысуға, сондай-ақ сенiмхат бойынша болмаса, оның атынан әрекет жасауға құқығы жоқ. Сенiм серiктестiгi салымшыларының серiктестiк iсiн басқару жөнiнде толық серiктестердiң әрекеттерiне дау жасауға құқығы жоқ.
76-бап. Сенiм серiктестiгiнiң тоқтатылуы
1. Сенiм серiктестiгi оған қатысушы барлық салымшылар шығып кеткен жағдайда тоқтатылады. Толық серiктестер сенiм серiктестiгiн таратудың орнына оны толық серiктестiк етiп қайта құруға құқылы. Сенiм серiктестiгi толық серiктестiктi тарату үшiн көзделген негiздер бойынша да таратылады.
2. Салымшылар сенiм серiктестiгi таратылған кезде оның несие берушiлерiнiң талаптары қанағаттандырылғаннан кейiнгi қалған серiктестiк мүлкiнен салымдарды алуға толық серiктестер алдында артықшылық құқығы болады. Сенiм серiктестiгiнiң бұдан кейiнгi қалған мүлкi толық серiктестер мен салымшылар арасында, егер құрылтай құжаттарында өзгеше тәртiп белгiленбесе олардың серiктестiк мүлкiне қосқан үлесiне қарай бөлiнедi.
4. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк
77-бап. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк туралы негiзгi ережелер
1. Бiр немесе бiрнеше адам құрған, жарғылық капиталы құрылтай құжаттарымен белгiленген мөлшерде үлеске бөлiнген серiктестiк жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк деп танылады; жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiкке қатысушылар оның мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi және серiктестiктiң қызметiне байланысты залалдарға өздерiнiң қосқан салымдарының құны шегiнде тәуекел етедi. Осы ережеден өзгеше жағдайлар осы Кодексте және заң актiлерiнде көзделуi мүмкiн.
Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң салымдарды толық қоспаған қатысушылары оның мiндеттемелерi бойынша әрбiр қатысушының салым салмаған бөлiгiнiң құны шегiнде ортақ жауапты болады.
2. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiкке қатысушылардың саны шектелмейдi.
Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң жалғыз қатысушы ретiнде бiр адамнан тұратын басқа шаруашылық серiктестiгi бола алмайды.
3. Өзiнiң кез-келген қатысушыларының талабы бойынша жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк қызметiне аудиторлық тексеру жүргiзiлуге тиiс.
Заңдарда немесе құрылтай құжаттарында көзделгеннен басқа реттерде жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктен көпшiлiк алдында есеп беру талап етiлмейдi.
4. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк оған қатысушылардың қабылдаған шешiмi бойынша өз еркiмен қайта құрылуы немесе таратылуы мүмкiн. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктi қайта құру мен таратудың өзге негiздерi осы Кодекспен және заң құжаттарымен белгiленедi.
Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк өзге де шаруашылық серiктестiк акционерлік қоғам немесе өндiрiстiк кооператив болып қайта құрылуға құқылы.
6. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң құқықтық ережесi, оған қатысушылардың құқықтары мен мiндеттерi осы Кодекспен және заң құжаттарымен белгiленедi.
Ескерту. 77-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1996.07.15. № 30-I, 1997.07.11. № 154, 1998.03.02. № 211, 1998.04.22. № 221, 1999.07.16. № 436-I, 2003.05.16. № 416 Заңдарымен.
78-бап. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң жарғылық капиталы
Жарғылық капиталдың мөлшерiн жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің құрылтайшылары (қатысушылары) айқындайды және ол Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгiленген ең төменгi мөлшерден кем болмауы керек.
Жауапкершілігі шектеулі серiктестiк нысанында құрылған, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың жарғылық капиталының ең төменгі мөлшерi Қазақстан Республикасының микроқаржылық қызмет туралы заңнамасында айқындалады.
Ескерту. 78-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.11.26 № 57-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен; өзгеріс енгізілді - ҚР 03.07.2019 № 262-VI (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
79-бап. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктегi басқару
1. Серiктестiк органдарының құзыретi, сондай-ақ олардың серiктестiк атынан шешiмдер қабылдау немесе әрекет ету тәртiбi осы Кодекске, заң актiлерiне және серiктестiк жарғысына сәйкес белгiленедi.
2. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк қатысушыларының жалпы жиналысының айрықша құзыретiне мыналар жатады:
1) серiктестiктiң жарғысын өзгерту, соның iшiнде оның жарғылық капиталы мөлшерiн өзгерту;
2) атқарушы органның мүшелерiн (мүшесiн) сайлау (тағайындау) және олардың (оның) өкiлеттiктерiн мерзiмiнен бұрын тоқтату, сондай-ақ серiктестiктi немесе оның мүлкiн сенiмгерлiк басқаруға беру туралы шешiм қабылдау және осындай беру шарттарын айқындау;
3) серiктестiктiң қаржылық есебiн бекiту және оның таза табысын бөлу;
4) серiктестiктi қайта құру немесе тарату туралы шешiм шығару;
5) серiктестiктiң байқау кеңесiн және (немесе) тексеру комиссиясын (тексерушiсiн) сайлау және өкiлеттiгiн мерзiмiнен бұрын тоқтату, сондай-ақ серiктестiк тексеру комиссиясының (тексерушiсiнiң) есептерi мен қорытындыларын бекiту;
6) iшкi ережелердi, оларды қабылдау рәсiмдерiн және серiктестiктiң iшкi қызметiн реттейтiн басқа да құжаттарды Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда бекiту;
7) серiктестiктiң өзге де шаруашылық серiктестiктерге, сондай-ақ коммерциялық емес бiрлестiктерге қатысуы туралы шешiм шығару;
8) тарату комиссиясын тағайындау және тарату баланстарын бекiту;
9) осы Кодекстiң 82-бабына сәйкес жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк қатысушысынан үлестi мәжбүрлеп сатып алу туралы шешiм шығару.
3. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, серіктестік қатысушыларының жалпы жиналысының айрықша құзыретiне жатқызылған мәселелердi ол серiктестiктiң атқарушы органының шешуiне бере алмайды.
Ескерту. 79-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1997.07.11. N 154, 1998.03.02. N 211, 1998.04.22. N 221, 2007.01.12. N 225, 2007.02.19. N 230 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 28.10.2019 № 268-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
80-бап. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң жарғылық капиталдағы үлесiнiң басқа адамға ауысуы
1. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң қатысушысы, осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, серiктестiктiң жарғылық капиталындағы өз үлесiн немесе оның бiр бөлiгiн өз қалауынша осы серiктестiктiң бiр немесе бiрнеше қатысушысына сатуға немесе басқа түрде беруге құқылы.
2. Егер серiктестiктiң құрылтай құжаттарында не заңнамалық актілерде өзгеше көзделмесе, жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiкке қатысушының өз үлесiн (оның бiр бөлiгiн) үшiншi адамдарға беруiне болады.
Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiкке қатысушылар, осы Кодексте және "Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларды қоспағанда, үшiншi тұлғалар алдында үлестi немесе оның бiр бөлiгiн сатып алуға басым құқықты пайдаланады. Егер құрылтай құжаттарында немесе серiктестiкке қатысушылардың келiсiмiнде өзгеше көзделмесе, үлестi (оның бiр бөлiгiн) сатып алуға басым құқықты қатысушылар серiктестiктiң жарғылық капиталындағы өз үлестерiнiң мөлшерiне барабар жүзеге асырады.
Үлесті (оның бiр бөлiгiн) сатып алуға басым құқықты бұза отырып сатқан кезде жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң кез келген қатысушысы сатылған күннен бастап үш ай iшiнде өзiне сатып алушының құқықтары мен мiндеттерiн аударуды сот тәртiбiмен талап етуге құқылы.
3. Егер жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң құрылтай құжаттарына сәйкес қатысушының үлесiн (оның бiр бөлiгiн) үшiншi жақтарға беру мүмкiн болмаса, ал серiктестiктiң басқа қатысушылары оны сатып алудан бас тартса, серiктестiк қатысушыға оның нақты құнын төлеуге не оған сондай құнға сәйкес заттай мүлiк беруге мiндеттi.
4. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк қатысушысының үлесi оны толық төлеп болғанға дейiн оның төленген бөлiгi мөлшерiнде ғана бөлiп берiлуi мүмкiн.
5. Қатысушының үлесiн (оның бiр бөлiгiн) жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң өзi сатып алған ретте ол оны басқа қатысушыларға немесе үшiншi жаққа заң құжаттары мен серiктестiктiң құрылтай құжаттарында көзделген мерзiм мен тәртiп бойынша сатуға не өзiнiң жарғылық капиталын азайтуға мiндеттi. Осы кезең iшiнде түскен таза табысты бөлу, сондай-ақ жоғары органда дауыс беру жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң сатып алған үлесi есептелмей жүргiзiледi.
6. Егер серiктестiктiң құрылтай құжаттарында мұндай ауысуға тек серiктестiктiң қалған қатысушыларының келiсiмiмен ғана рұқсат етiлетiндiгi көзделмесе, жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң жарғылық капиталындағы үлес серiктестiктiң қатысушысы болған азаматтардың мұрагерлерiне және заңды тұлғалардың құқықты мирасқорларына ауысады. Үлестiң ауысуына келiсiм беруден бас тарту серiктестiктi қатысушының мұрагерлерiне (мирасқорларына) заң құжаттары мен серiктестiктiң құрылтай құжаттарында көзделген тәртiп пен жағдайлар бойынша үлестiң нақты құнын төлеуге немесе оларға құны сондай заттай мүлiк беру мiндетiне әкелiп соқтырады.
Заң актiлерiнде үлестiң заңды тұлғалардың құқықтық мұрагерлерiне ауысу ерекшелiктерi көзделуi мүмкiн.
Ескерту. 80-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1997.07.11. № 154, 1998.03.02. № 211, 2007.08.07. № 321 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 21.04.2016 № 504-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
81-бап. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк қатысушыларының қосымша жарналары
Егер жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң жарғысында өзгеше көзделмесе, қатысушылардың жалпы жиналысы серiктестiк мүлкiне қатысушылардың қосымша жарналар енгiзуi туралы шешiм қабылдай алады. Шешiм серiктестiктiң барлық қатысушыларының төрттен үш көпшiлiк дауысымен қабылданады.
Ескерту. 81-бап жаңа редакцияда - ҚР 1998.04.22. № 221 Заңымен.
82-бап. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң қатысушысынан үлестi мәжбүрлеп сатып алу
Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестіктiң қатысушысы заң актiлерiнде немесе құрылтай құжаттарында белгiленген серiктестiк алдындағы өз мiндеттерiн бұзған жағдайда серiктестiк жалпы жиналыстың шешiмiне сәйкес сот бойынша осындай қатысушының үлесiн Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен мәжбүрлеп сатып алуды талап етуге құқылы.
Ескерту. 82-бап жаңа редакцияда - ҚР 1998.03.02. № 211 Заңымен; өзгеріс енгізілді - ҚР 21.01.2019 № 217-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
83-бап. Қатысушының жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктегi үлесiнен ақы өндiрiп алу
Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiкке қатысушының өз борыштарын өтеу үшiн мүлкi жеткiлiксiз болған жағдайда несие берушiлер борышқор-қатысушының үлесiн белгiленген тәртiп бойынша бөлiп берудi талап етуi мүмкiн.
Ескерту. 83-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1998.03.02. № 211 Заңымен.
5. Қосымша жауапкершiлiгi бар серiктестiк
84-бап. Қосымша жауапкершiлiгi бар серiктестiк туралы негiзгi ережелер
1. Қатысушылары серiктестiк мiндеттемелерi бойынша өздерiнiң жарғылық капиталға салымдарымен жауап беретiн, ал бұл сомалар жеткiлiксiз болған жағдайда өздерiне тиесiлi мүлiкпен оған өздерi еселенген мөлшерде енгiзген салымдар арқылы жауап беретiн серiктестiк қосымша жауапкершiлiгi бар серiктестiк деп танылады.
2. Қатысушылар жауапкершiлiгiнiң шектi мөлшерi жарғыда көзделедi.
Қатысушылардың бiрi банкрот болған жағдайда оның серiктестiк мiндеттемелерi жөнiндегi жауапкершiлiгi, егер құрылтай құжаттарында жауапкершiлiктi бөлудiң өзгеше тәртiбi көзделмесе, қалған қатысушылар арасында олардың салымдарына қарай бөлiнедi.
3. Қосымша жауапкершiлiгi бар серiктестiкке, осы бапта өзгеше көзделмегендiктен, осы Кодекстiң жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк туралы ережелерi қолданылады.
Ескерту. 84-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1997.07.11. N 154, 1998.04.22. N 221 Заңдарымен.
III. Акционерлiк қоғам
Ескерту. 6-бөлiмше "Акционерлiк қоғам" деген III бөлiк болып есептелсiн - ҚР 1998.07.10 № 282 Заңымен.
85-бап. Акционерлiк қоғам ұғымы
1. Өзiнiң қызметiн жүзеге асыру үшiн қаражат тарту мақсатында акциялар шығаратын заңды тұлға акционерлiк қоғам болып танылады. Акционерлiк қоғамның акционерлерi осы заң актiлерiнде көзделгеннен басқа жағдайларда оның мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi және өзiне тиесiлi акциялар құнының шегiнде қоғамның қызметiне байланысты шығындар тәуекелiн көтередi.
2. Акционерлiк қоғамның өз қатысушыларының мүлкiнен оқшауланған мүлкi болады, өз мiндеттемелерi бойынша өз мүлкi шегiнде жауапты болады және өз қатысушыларының мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi.
3. Қоғамның барлық акцияларын бiр акционер сатып алған жағдайда акционерлiк қоғам бiр адамнан құрылуы немесе бiр адамнан тұруы мүмкiн, егер заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе.
4. Акционерлiк қоғамның құқықтық ережелерi, акционерлердiң құқықтары мен мiндеттерi осы Кодекске, заң құжаттарына сәйкес белгiленедi. Мемлекеттiк кәсiпорындарды жекешелендiру жолымен құрылған немесе акцияларының бақылау пакеті мемлекетке тиесілі акционерлік қоғамдардың құқықтық жағдайының ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының заң актілерімен айқындалады.
5. Заңдарда көзделген жағдайларда, акционерлiк қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында коммерциялық емес ұйымдар құрылуы мүмкiн.
Ескерту. 85-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1997.06.19 № 134-I, 1997.07.11 № 154, 1998.03.02 № 211, 1998.07.10 № 282; 2003.10.13 № 486, 2011.12.28 № 524-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
86-бап. Ашық және жабық акционерлiк қоғамдар
Ескерту. 86-бап алып тасталды - ҚР 2003.05.16 № 416 Заңымен.
87-бап. Акционерлiк қоғамның құрылтай құжаттары
1. Құрылтай шарты (жалғыз құрылтайшының шешiмi) мен жарғы акционерлiк қоғамның құрылтай құжаттары болып табылады.
Акционерлiк қоғамның құрылтай құжаттарында осы Кодекспен және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiмен айқындалған мәлiметтер болуға тиiс.
Акционерлiк қоғамның құрылтай құжаттары нотариаттық куәландырылуға жатады.
2. Құрылтай шартының күшi (жалғыз құрылтайшының шешiмi) жарияланған акциялар шығарылымы мемлекеттiк тiркеуден өткiзiлген күннен бастап тоқтатылады.
3. Акционерлiк қоғамның жарғысын бекiту тәртiбi Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен белгiленедi.
Ескерту. 87-бап жаңа редакцияда - ҚР 2003.05.16. № 416 Заңымен.
88-бап. Акционерлiк қоғамның жарғылық капиталы
Акционерлiк қоғамның жарғылық капиталының ең төменгi мөлшерi және оны қалыптастыру тәртiбi, сондай-ақ оны ұлғайту тәртiбi Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен айқындалады.
Ескерту. 88-бап жаңа редакцияда - ҚР 2003.05.16. № 416 Заңымен; өзгеріс енгізілді - ҚР 2005.07.08 № 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
89-бап. Жарияланған, шығарылған (төленген) жарғылық капиталды арттыру
Ескерту. 89-бап алып тасталды - ҚР 2003.05.16 № 416 Заңымен.
90-бап. Жарияланған, шығарылған (төленген) жарғылық капиталды азайту
Ескерту. 90-бап алып тасталды - ҚР 2003.05.16 № 416 Заңымен.
91-бап. Бағалы қағаздарды шығару және орналастыру
1. Акционерлiк қоғам шығаратын бағалы қағаздардың түрлерi заң актiлерiнде белгiленедi.
2. Жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттiк тiркеу және оларды орналастыру Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес айқындалады.
3. Акционерлік қоғам, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, қамтамасыз етілген облигациялар және қамтамасыз етілмеген облигациялар шығаруға құқылы. Акционерлiк қоғам купондық және дисконттық облигациялар шығаруға құқылы. Облигациялар шығарудың шарттары мен тәртiбi бағалы қағаздар рыногы туралы заңдармен белгiленедi.
4. Бағалы қағаздар бойынша табысты төлеудiң нысаны, тәсiлi және тәртiбi акционерлiк қоғамның жарғысымен немесе бағалы қағаздар шығарылымы проспектiсiмен заң актiлерiнде көзделген ерекшелiктер ескерiле отырып белгiленедi.
5. Акционерлiк қоғам қоғамның мынадай акциялары бойынша:
1) өз капиталының терiс мөлшерi кезiнде немесе, егер қоғамның өз капиталының мөлшерi дивидендтердi оның акциялары бойынша төлеу нәтижесiнде терiс болса;
2) егер ол Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасына сәйкес төлем қабiлетсiздiгi немесе дәрменсiздiк белгiлерiне сай келсе не көрсетілген белгiлер қоғамда дивидендтердi оның акциялары бойынша төлеу нәтижесiнде пайда болса, дивидендтер төлеуге құқылы емес.
Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен акционерлiк қоғамдарға акциялар бойынша дивидендтер төлеуге тыйым салатын өзге де негiздер көзделуi мүмкiн.
6. Акционерлiк қоғам заңдарда белгiленген тәртiппен туынды бағалы қағаздар, опциондар мен айырбасталатын бағалы қағаздар шығаруға құқылы.
Ескерту. 91-бап жаңа редакцияда - ҚР 1998.07.10. N 282 Заңымен; өзгерістер енгізілді - ҚР 2003.05.16. N 416, 2006.02.20. N 127(қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.02.19. N 230(қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2010.07.15 № 338-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз); 07.03.2014 N 177-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
92-бап. Акционерлiк қоғамды басқару
1. Акционерлiк қоғамның жоғары органы оның акционерлерiнiң жалпы жиналысы болып табылады.
2. Акционерлердiң жалпы жиналысының айрықша құзыретi заң актiлерiмен белгiленедi.
3. Акционерлердiң жалпы жиналысының айрықша құзыретiне жатқызылған мәселелердi шешудi акционерлiк қоғамның өзге органдарына беруге болмайды.
4. Акционерлiк қоғамда директорлар кеңесi құрылады, осы Кодексте, заң актiлерiнде және акционерлiк қоғамның жарғысында акционерлердiң жалпы жиналысының айрықша құзыретiне жатқызылған мәселелердi шешудi қоспағанда, ол қоғамның қызметiне жалпы басшылықты жүзеге асырады. Осы Кодексте, заң актiлерiнде және акционерлiк қоғамның жарғысында директорлар кеңесiнiң айрықша құзыретiне жатқызылған мәселелердi акционерлiк қоғамның атқарушы органының шешуiне беруге болмайды.
5. Акционерлiк қоғамның атқарушы органы алқалық (басқарма) немесе жеке дара (директор, бас директор, президент) болуы мүмкiн. Ол акционерлiк қоғам қызметiне күнделiктi басшылықты жүзеге асырады және директорлар кеңесi мен акционерлердiң жалпы жиналысына есеп бередi.
Қоғам басқа да органдарының заңдармен немесе құрылтай құжаттарымен белгiленген ерекше құзыретiне кiрмейтiн барлық мәселелердi шешу акционерлiк қоғамның атқарушы органының құзыретiне жатады.
6. Акционерлердiң жалпы жиналысының акционерлiк қоғамның жылдық қаржы есебiн тексеру комиссиясының (тексерушiнiң) қорытындысынсыз бекiтуге құқығы жоқ.
Акционерлiк қоғамда заң актiлерiне сәйкес өзге де органдар құрылуы мүмкiн.
6-1. Акционерлік қоғам банкрот деп танылған немесе оңалту рәсімі қолданылған және заңда белгіленген тәртіппен уақытша не банкроттықты немесе оңалтуды басқарушы тағайындалған жағдайларда, оны басқару бойынша барлық өкілеттіктер тиісінше уақытша не банкроттықты немесе оңалтуды басқарушыға өтеді.
7. Акционерлiк қоғам органдарының құзыретi, сондай-ақ олардың шешiм қабылдау және қоғам атынан әрекет жасау тәртiбi осы Кодекске, заңдарға және құрылтай құжаттарына сәйкес белгiленедi.
8. Алып тасталды - ҚР 2003.05.16 № 416 Заңымен.
Ескерту. 92-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1997.07.11. № 154, 1998.03.02. № 211, 1998.07.10. № 282, 2003.05.16 № 416, 2011.12.28 № 524-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 07.03.2014 № 177-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
93-бап. Акционерлiк қоғамды қайта құру және тарату
1. Акционерлiк қоғам акционерлер жиналысының шешiмi бойынша қайта құрылуы немесе таратылуы мүмкiн. Акционерлiк қоғамды қайта құрудың және таратудың өзге негiздерi мен тәртiбi осы Кодекспен және өзге де заң құжаттарымен белгiленедi.
2. Акционерлік қоғам шаруашылық серiктестiгi, өндiрiстiк кооператив немесе "Назарбаев Университеті", "Назарбаев Зияткерлік мектептері" және "Назарбаев Қоры" мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес дербес білім беру ұйымы, сондай-ақ "Инновациялық технологиялар паркі" инновациялық кластері туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес дербес кластерлік қор болып қайта құрылуға құқылы.
Ескерту. 93-баптың 2-тармағы жаңа редакцияда - ҚР 1996.07.15 N 30 Заңымен, өзгерту енгізілді - 2003.05.16 N 416, 2011.01.19 N 395-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 10.06.2014 № 208-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
IV. Еншiлес және тәуелдi акционерлiк қоғам
94-бап. Еншiлес ұйым
1. Шешімдерін жарғылық капиталға қатысудың басым үлесі болуы не олардың арасында жасалған шарт негізінде не өзгеше түрде басқа заңды тұлға (бұдан әрі – негізгі ұйым) айқындайтын заңды тұлға еншілес ұйым болып табылады.
2. Еншiлес ұйым өзiнiң негiзгi ұйымының борыштары бойынша жауап бермейдi.
Еншiлес ұйыммен жасасқан шарт бойынша (не өзгедей түрде) оған мiндеттi нұсқаулар беруге құқылы негiзгi ұйым онымен осындай нұсқауларды орындау үшiн жасалған мәмiлелер бойынша еншiлес ұйыммен бiрге субсидиарлық жауапты болады.
Негiзгi ұйымның кiнәсiнен еншiлес ұйым банкрот болған жағдайда негiзгi ұйым оның борыштары бойынша субсидиарлық жауапты болады.
Негізгі ұйымның акцияларын осындай ұйымның дауыс беретін акцияларының он пайызынан аспайтын мөлшерде иелену құқығы бар қаржы ұйымдарын қоспағанда, еншілес ұйым негізгі ұйымның акцияларын сатып ала алмайды.
3. Егер заң актiлерiнде өзгеше белгiленбесе, еншiлес ұйымның қатысушылары негiзгi ұйымнан оның кiнәсiнен еншiлес ұйымға келтiрiлген зиянды өтеудi талап етуге құқылы.
4. Еншiлес ұйымдар ережелерiнiң осы бапта көзделмеген ерекшелiктерi заң актiлерiмен айқындалады.
Ескерту. 94-бап жаңа редакцияда - ҚР 1998.07.10. № 282 Заңымен, өзгерістер енгізілді - ҚР 2003.05.16. № 416; 22.04.2015 № 308-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.02.2017 № 49-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
95-бап. Тәуелдi акционерлiк қоғам
1. Егер акционерлiк қоғамның дауыс берушi акцияларының жиырма проценттен астамы, басқа (қатысушы, басымырақ) заңды тұлғанiкi болса, ол тәуелдi қоғам деп танылады.
2. Алып тасталды - ҚР 2011.12.28 № 524-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
3. Алып тасталды - ҚР 2011.12.28 № 524-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
4. Бiр-бiрiнiң жарғылық капиталына тәуелдi және өзара қатысатын акционерлiк қоғамдардың осы бапта көзделмеген жағдайының ерекшелiктерi заң актiлерiмен айқындалады.
5. Қатысушы (басымырақ) заңды тұлға заңдарда көзделген тәртіппен акционерлік қоғамның дауыс беретін акцияларының жиырма пайызынан астамын сатып алуы туралы ақпаратты жариялауға міндетті.
Ескерту. 95-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1997.07.11. № 154, 1998.07.10. № 282, 2003.05.16. № 416, 2011.12.28 № 524-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.02.2017 № 49-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
V. Өндiрiстiк кооператив
96-бап. Өндiрiстiк кооператив туралы жалпы ережелер
1. Азаматтардың бiрлескен кәсiпкерлiк қызмет үшiн мүшелiк негiзде олардың өз еңбегiмен қатысуына және өндiрiстiк кооператив мүшелерiнiң мүлiктiк жарналарын бiрiктiруiне негiзделген ерiктi бiрлестiгi өндiрiстiк кооператив деп танылады.
2. Кооператив мүшелерi екеуден кем болмауға тиiс.
3. Өндiрiстiк кооперативтiң мүшелерi кооператив мiндеттемелерi бойынша Өндiрiстiк кооператив туралы заңда көзделген мөлшер мен тәртiп бойынша қосымша (жәрдем беру) жауапты болады.
4. Өндiрiстiк кооперативтiң және оның мүшелерiнiң құқықтық жағдайы осы Кодекске, заң құжаттарына сәйкес белгiленедi.
5. "Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларды қоспағанда, өндірістік кооператив нысанында құрылатын ауыл шаруашылығы кооперативінің құқықтық жағдайы, сондай-ақ оның мүшелерінің құқықтық жағдайы, құқықтары мен міндеттері осы кодекспен және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарымен айқындалады.
Ескерту. 96-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 1998.03.02 № 211; 29.10.2015 № 373-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
97-бап. Өндiрiстiк кооперативтiң жарғысы
Өндiрiстiк кооперативтiң жарғысында осы Кодекстiң 41-бабының 5-тармағында көрсетiлген мәлiметтерден басқа кооператив мүшелерi жарнасының мөлшерi туралы; кооператив мүшелерiнiң құрамы мен жарна қосу тәртiбi және олардың жарналарды енгiзу жөнiндегi мiндеттемелердi бұзғаны үшiн жауапкершiлiгi туралы; кооператив қызметiне оның мүшелерiнiң еңбекпен қатысу сипаты мен тәртiбi және олардың жеке еңбекпен қатысуы жөнiндегi мiндеттемелердi бұзғаны үшiн жауапкершiлiгi туралы; кооперативтiң таза табысын бөлу тәртiбi туралы; кооперативтi басқару органдарының құрамы мен құзыретi және олардың шешiмдер қабылдау, соның iшiнде шешiмi бiрауыздан немесе бiлiктi көпшiлiк дауыспен қабылданатын мәселелер жөнiндегi шешiмдер қабылдау тәртiбi туралы ережелер болуға тиiс.
Ескерту. 97-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1997.07.11. N 154, 1998.03.02. N 211 Заңдарымен.
98-бап. Өндiрiстiк кооперативтiң мүлкi
1. Өндiрiстiк кооперативтiң меншiгiндегi мүлiк, егер кооперативтiң жарғысында өзгеше көзделмесе, оның мүшелерiнiң пайларына олардың жарналарына барабар бөлiнедi.
2. Кооператив таза табысы оның мүшелерi арасында, егер кооператив жарғысында өзгеше тәртiп көзделмесе, олардың еңбекке қатысуына сәйкес бөлiнедi.
3. Өндiрiстiк кооператив таратылған немесе кооператив мүшесi одан шыққан жағдайда кооператив мүшесiнiң өз пайын бөлiп алуға құқығы бар.
Ескерту. 98-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1997.07.11. N 154, 1998.03.02. N 211 Заңдарымен.
99-бап. Өндiрiстiк кооперативтi басқару
1. Өндiрiстiк кооперативтiң жоғары органы оның мүшелерiнiң жалпы жиналысы болып табылады.
Өндiрiстiк кооперативте кооперативтiң атқарушы органының қызметiне бақылау жасауды жүзеге асыратын байқаушы кеңес құрылуы мүмкiн. Байқаушы кеңестiң мүшелерi өндiрiстiк кооператив атынан әрекет жасауға құқылы емес.
Кооперативтің басқармасы немесе төрағасы кооперативтiң атқарушы органы болып табылады. Атқарушы орган кооператив қызметiне ағымдағы басшылықты жүзеге асырады және байқаушы кеңес пен кооператив мүшелерiнiң жалпы жиналысына есеп бередi.
Тек кооператив мүшелерi ғана байқаушы кеңес пен өндiрiстiк кооператив басқармасының мүшелерi бола алады. Кооператив мүшесi бiр мезгiлде байқаушы кеңестiң мүшесi және басқарма мүшесi (кооператив төрағасы) бола алмайды.
2. Өндiрiстiк кооперативтi басқару органдарының құзыретi, сондай-ақ олардың шешiм қабылдау және кооператив атынан әрекет жасау тәртiбi заң құжаттары мен құрылтай құжаттарында белгiленедi.
3. Өндiрiстiк кооператив мүшелерiнiң жалпы жиналысының ерекше құзыретiне мыналар жатады:
1) кооператив жарғысын өзгерту;
2) атқарушы органды, тексерушi органдарды және қадағалау кеңесiн құру мен олардың мүшелерiн керi шақырып алу;
3) кооператив мүшелерiн қабылдау және шығару;
4) кооперативтiң қаржы есебiн бекiту және оның таза табысын бөлу;
5) кооперативтi қайта құру мен таратуды шешу.
Жалпы жиналыстың ерекше құзыретiне заң құжаттары мен құрылтай құжаттарында басқа мәселелердi шешудi де жатқызуы мүмкiн.
Жалпы жиналыстың немесе кооперативтiң қадағалау кеңесiнiң ерекше құзыретiне жатқызылған мәселелердi олар кооперативтiң атқарушы органының шешуiне бере алмайды.
3-1. Өндірістік кооператив банкрот деп танылған немесе оңалту рәсімі қолданылған және заңда белгіленген тәртіппен уақытша не банкроттықты немесе оңалтуды басқарушы тағайындалған жағдайларда, оларды басқару жөніндегі барлық өкілеттіктер тиісінше уақытша не банкроттықты немесе оңалтуды басқарушыға өтеді.
4. Жалпы жиналыс шешiмдер қабылдаған кезде кооператив мүшесiнiң бiр даусы болады.
Ескерту. 99-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1997.07.11. N 154; 07.03.2014 N 177-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.02.2017 № 49-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
100-бап. Өндiрiстiк кооперативке мүшелiктiң тоқтатылуы
1. Өндiрiстiк кооперативтiң мүшесi кооперативтен өз қалауымен шығуға құқылы. Бұл ретте оған оның жарнасы төленуге немесе берiлуге, сондай-ақ жарғыда көзделген басқа төлемдер төлеу жүзеге асырылуға тиiс.
Кооперативтен шығатын мүшеге жарна мен басқа мүлiк есептi кезең аяқталып, кооперативтiң қаржы есебi бекiтiлгеннен кейiн берiледi.
2. Өндiрiстiк кооперативтiң мүшесi өзiне кооператив жарғысында жүктелген мiндеттердi орындамаған немесе тиiсiнше орындамаған ретте, сондай-ақ заң құжаттары мен құрылтай құжаттарында көзделген басқа да реттерде жалпы жиналыстың шешiмi бойынша кооперативтен шығарылуы мүмкiн.
Өндiрiстiк кооперативтiң мүшелiгiнен шығарылғаны үшiн сотқа шағым жасалуы мүмкiн.
Өндiрiстiк кооперативтiң мүшесi кооперативтен соған ұқсас кооперативке мүше болуына байланысты жалпы жиналыстың шешiмi бойынша шығарылуы мүмкiн.
Өндiрiстiк кооперативтiң одан шығарылған мүшесi өз жарнасын және осы баптың 1-тармағына сәйкес кооператив жарғысында көзделген басқа да төлемдердi алуға құқылы.
3. Өндiрiстiк кооперативтiң мүшесi өз жарнасын немесе оның бiр бөлiгiн, егер осы Кодексте, өзге де заң құжаттары мен құрылтай құжаттарында өзгеше көзделмесе, кооперативтiң басқа мүшесiне беруге құқылы.
Өндiрiстiк кооперативтiң мүшесi болып табылмайтын азаматқа жарнаны (оның бiр бөлiгiн) беруге, егер заңнамалық актілерде өзгеше көзделмесе, кооперативтiң келiсуiмен ғана рұқсат етiледi. Бұл ретте осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, кооперативтiң басқа мүшелерi мұндай жарнаны (оның бiр бөлiгiн) сатып алуды басым құқықты пайдаланады.
4. Өндiрiстiк кооперативтiң мүшесi қайтыс болған жағдайда оның мұрагерлерi, егер кооперативтiң жарғысында өзгеше көзделмесе, кооператив мүшесi етiп қабылдануы мүмкiн. Қайтыс болған кооператив мүшесiнiң мұрагерi кооперативке кiруден бас тартқанда немесе кооператив мұрагердi қабылдаудан бас тартқанда оған мүлiктегi қайтыс болған кооператив мүшесiнiң пайына бара-бар үлес, сондай-ақ кооперативтiң таза табысының қайтыс болған адамға тиесiлi бөлiгi және кооператив қызметiне қосқан жеке еңбегi үшiн сыйақы төленедi.
5. Өндiрiстiк кооператив мүшесiнiң жарнасынан оның жеке борышын өндiрiп алуға оның мұндай борышты заң құжаттары мен кооперативтiң құрылтай құжаттарында көзделген тәртiп бойынша жабу үшiн басқа мүлкi жетпеген жағдайда ғана жол берiледi.
Ескерту. 100-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.03.02. N 211, 2007.08.07. N 321(ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
101-бап. Өндiрiстiк кооперативтi қайта құру және тарату
1. Өндiрiстiк кооператив өз мүшелерiнiң жалпы жиналысының шешiмi бойынша ерiктi түрде қайта құрылуы және таратылуы мүмкiн.
Өндiрiстiк кооперативтi қайта құрудың және таратудың өзге негiздерi мен тәртiбi осы Кодексте және басқа заң құжаттарында белгiленедi.
2. Өндiрiстiк кооператив өз мүшелерiнiң бiрауызды шешiмi бойынша шаруашылық серiктестiгi болып қайта құрылуы мүмкiн.
VI. Мемлекеттiк кәсiпорын
102-бап. Мемлекеттiк кәсiпорын туралы негiзгi ережелер
1. Мемлекеттiк кәсiпорындарға:
1) шаруашылық жүргiзу құқығына негiзделген;
2) оралымды басқару құқығына негiзделген (қазыналық кәсiпорын) кәсiпорындар жатады.
2. Мемлекеттiк кәсiпорынның мүлкi бөлiнбейдi және оны салымдар (үлестер, жарналар) бойынша, соның iшiнде кәсiпорын қызметкерлерiнiң арасында бөлуге болмайды.
3. Мемлекеттiк кәсiпорындардың фирмалық атауында оның мүлкiн меншiктенушi көрсетiлуге тиiс.
РҚАО-ның ескертпесі!
4-тармақтың осы редакциясы ҚР 11.07.2017 № 90-VI Заңына сәйкес (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптың 1-т. 1) тармақшасынан қараңыз) халық саны екі мың адамнан көп аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін – 01.01.2018 бастап қолданысқа енгізілді (халық саны екі мың адам және одан аз аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 01.01.2020 дейін ҚР 27.12.1994 Азаматтық кодексінің 25.12.2017 датадағы архивтік нұсқасын қараңыз).
4. Мемлекеттiк кәсiпорын Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құрылады, таратылады және қайта ұйымдастырылады.
РҚАО-ның ескертпесі!
5-тармақтың бірінші бөлігінің осы редакциясы ҚР 11.07.2017 № 90-VI Заңына сәйкес (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптың 1-т. 1) тармақшасынан қараңыз) халық саны екі мың адамнан көп аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін – 01.01.2018 бастап қолданысқа енгізілді (халық саны екі мың адам және одан аз аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 01.01.2020 дейін ҚР 27.12.1994 Азаматтық кодексінің 25.12.2017 датадағы архивтік нұсқасын қараңыз).
5. Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған тәртіппен тағайындалатын басшы мемлекеттiк кәсiпорынның органы болып табылады.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамалық актісінде көзделген жағдайларда мемлекеттік кәсіпорын басшысынан басқа өзге де орган мемлекеттiк кәсiпорынның органы ретінде әрекет ете алады.
5-1. Мемлекеттік кәсіпорын банкрот деп танылған немесе оңалту рәсімі қолданылған және заңда белгіленген тәртіппен уақытша не банкроттықты немесе оңалтуды басқарушы тағайындалған жағдайларда, оны басқару бойынша барлық өкілеттіктер тиісінше уақытша не банкроттықты немесе оңалтуды басқарушыға өтеді.
6. Алынып тасталды - ҚР 1998.03.02 N 211 Заңымен.
7. Мемлекеттiк кәсiпорынның құқылық ережесi осы Кодексте және өзге заң құжаттарында белгiленедi.
Ескерту. 102-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1998.03.02 N 211, 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 07.03.2014 N 177-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 11.07.2017 № 90-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптың 1-т. 1) тармақшасынан қараңыз) Заңдарымен.
103-бап. Шаруашылық жүргiзу құқығына негiзделген кәсiпорын
1. Құрылтайшы бекiтетiн шаруашылық жүргiзу құқығына негiзделген кәсiпорынның жарғысы оның құрылтай құжаты болып табылады.
2. Шаруашылық жүргiзу құқығына негiзделген кәсiпорын өз мiндеттемелерi бойынша өзiне тиесiлi барлық мүлкiмен жауап бередi.
Шаруашылық жүргiзу құқығына негiзделген кәсiпорын мемлекеттiң мiндеттемелерi бойынша жауапты болмайды.
Осы Кодексте және өзге де заң актiлерiнде көзделген реттердi қоспағанда, мемлекет шаруашылық жүргiзу құқығына негiзделген кәсiпорынның мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi.
Ескерту. 103-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.03.02. N 211 Заңымен.
104-бап. Қазыналық кәсiпорын
1. Жедел басқару құқығымен мемлекет мүлкiне ие болған кәсiпорын қазыналық кәсiпорын деп танылады.
РҚАО-ның ескертпесі!
2-тармақтың осы редакциясы ҚР 11.07.2017 № 90-VI Заңына сәйкес (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптың 1-т. 1) тармақшасынан қараңыз) халық саны екі мың адамнан көп аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін – 01.01.2018 бастап қолданысқа енгізілді (халық саны екі мың адам және одан аз аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 01.01.2020 дейін ҚР 27.12.1994 Азаматтық кодексінің 25.12.2017 датадағы архивтік нұсқасын қараңыз).
2. Қазыналық кәсiпорын Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң немесе жергiлiктi атқарушы органның не аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі аппаратының шешiмiмен құрылады.
3. Құрылтайшы бекiткен қазыналық кәсiпорынның жарғысы оның құрылтай құжаты болып табылады.
4. Жедел басқару құқығына негiзделген кәсiпорынның фирмалық атауында кәсiпорынның қазыналық болып табылатындығы көрсетiлуге тиiс.
5. Қазыналық кәсiпорынның шаруашылық қызметi жарғыда көрсетiлген оның мақсаттарымен және мiндеттерiмен белгiленедi.
6. Қазақстан Республикасы немесе әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiс қазыналық кәсiпорынның мiндеттемелерi бойынша жәрдем беру жауаптылығын өз мойнына алады. Шарттық мiндеттемелер бойынша жауапкершiлiк Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамалық актісінде белгiленген тәртiппен туындайды.
Ескерту. 104-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1998.12.16 N 320, 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 11.07.2017 № 90-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптың 1-т. 1) тармақшасынан қараңыз) Заңдарымен.
VII. Коммерциялық емес ұйымдар
105-бап. Мекеме
1. Басқарушылық, әлеуметтiк-мәдени немесе өзге де коммерциялық емес сипаттағы функцияларды жүзеге асыру үшiн өзінің құрылтайшысы құрған және қаржыландыратын ұйым, егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, мекеме деп танылады.
РҚАО-ның ескертпесі!
2-тармақтың осы редакциясы ҚР 11.07.2017 № 90-VI Заңына сәйкес (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптың 1-т. 1) тармақшасынан қараңыз) халық саны екі мың адамнан көп аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін – 01.01.2018 бастап қолданысқа енгізілді (халық саны екі мың адам және одан аз аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 01.01.2020 дейін ҚР 27.12.1994 Азаматтық кодексінің 25.12.2017 датадағы архивтік нұсқасын қараңыз).
2. Қазақстан Республикасының Конституциясына және Қазақстан Республикасының заңдарына немесе Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының, сондай-ақ аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының құқықтық актiлерiне сәйкес мемлекет құратын және егер Қазақстан Республикасының заңдарында қосымша қаржыландыру көздерi белгiленбесе, бюджет немесе Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнің бюджетi (шығыстар сметасы) есебiнен ғана ұсталатын мекеме мемлекеттiк мекеме болып танылады.
3. Мемлекеттiк мекеменiң шарттық мiндеттемелердi қабылдауы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.
4. Мекемелердің құқықтық жағдайы осы Кодексте, Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамалық актісінде және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде айқындалады.
Ескерту. 105-бап жаңа редакцияда - ҚР 2011.03.01 № 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен; өзгеріс енгізілді - ҚР 11.07.2017 № 90-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптың 1-т. 1) тармақшасынан қараңыз) Заңымен.
106-бап. Қоғамдық бiрлестiктер
1. Қазақстан Республикасында қоғамдық бiрлестiктер болып, егер заңдармен өзгеше көзделмесе, саяси партиялар, кәсiптiк одақтар және азаматтардың заңдарға қайшы келмейтiн, өздерiнiң ортақ мақсаттарына жету үшiн ерiктi негiзде құрған басқа да бiрлестiктерi танылады.
Қаржы нарығындағы қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғалардың қоғамдық бiрлестiктерді құру және оларға қатысу ерекшеліктері Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленеді.
Қоғамдық бiрлестiктерге қатысушылардың (мүшелерiнiң) осы бiрлестiктерге өздерi берген мүлiкке, соның iшiнде мүшелiк жарналарға құқықтары жоқ. Олар өздерi мүшелерi ретiнде қатысатын қоғамдық бiрлестiктердiң мiндеттерi бойынша жауап бермейдi, ал аталған бiрлестiктер өз мүшелерiнiң мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi.
2 - 6. Алынып тасталды - ҚР 1998.03.02 N 211 Заңымен.
7. Съездiң (конференцияның) немесе жалпы жиналыстың шешiмi бойынша таратылған қоғамдық бiрлестiктiң мүлкi оның жарғысымен көзделген мақсаттарға жұмсалады.
Сот шешiмi бойынша таратылған қоғамдық бiрлестiктiң мүлкi осы Кодекске немесе өзге заң құжаттарына сәйкес пайдаланылады.
8. Қоғамдық бiрлестiктiң құқықтық ережесi осы Кодекске, заң құжаттарына сәйкес белгiленедi.
Ескерту. 106-бапқа өзгеріс енгiзiлдi - ҚР Президентінің 1995.10.05 № 2489 заң күші бар Жарлығымен, ҚР 1997.07.11 № 154, 2-6-тармақтар алып тасталды - 1998.03.02 № 211, 2010.07.15 № 338-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз), 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
107-бап. Қор
1. Азаматтар және (немесе) заңды тұлғалар ерiктi мүлiктiк жарналар негiзiнде құрған, әлеуметтiк, қайырымдылық, мәдени, бiлiм беру және өзге де қоғамға пайдалы мақсаттарды көздейтiн, мүшелiгi болмайтын коммерциялық емес ұйым қор деп танылады.
2. Қор заңды тұлға болып табылады, азаматтық айналымда қордың органдары өкілдік етеді, оның дербес балансы және банк шоты болады.
3. Қорға оның құрылтайшылары берген мүлiк қордың меншiгi болып табылады.
Қор құрылтайшыларының қордың мүлкiне мүлiктiк құқықтары болмайды.
4. Құрылтайшылардың ақшасы, сондай-ақ басқа да мүлкi, ерiктi түрде жиналған қайырмалдықтар және өзге де заңды түсiмдер қордың қаржы көзi болып табылады.
5. Қорды басқару тәртiбi және оның органдарын құру тәртiбi оның құрылтайшылар бекiтетiн жарғысында айқындалады.
Қордың жарғысында осы Кодекстiң 41-бабының 5-тармағында қамтылатын мәлiметтерден басқа, қордың органдары туралы, қордың лауазымды адамдарын тағайындау және оларды босату тәртiбi, қор таратылған жағдайда оның мүлкiнiң тағдыры туралы нұсқаулар қамтылуға тиiс.
6. Қор өз мүлкiнiң пайдаланылуы туралы есептерiн ресми баспасөз басылымдарында жыл сайын жариялап отыруға мiндеттi.
7. Қор сот шешiмi бойынша мынадай жағдайларда:
1) егер қордың мақсаттарын жүзеге асыру үшiн оның мүлкi жеткiлiксiз болса және оның қажеттi мүлiктi алу ықтималдығы нақты болмаса;
2) егер қордың мақсаттарына қол жеткізу мүмкiн болмаса, ал қор мақсаттарына қажеттi өзгерiстер жасау мүмкiн болмаса;
3) қор өз қызметiнде жарғыда көзделген мақсаттардан жалтарған жағдайда;
4) заңнамалық актілерде немесе құрылтай құжаттарында көзделген басқа да жағдайларда таратылуы мүмкін.
8. Қор таратылғаннан кейiн қалған мүлiк оның жарғысында көзделген мақсаттарға жұмсалады.
Ескерту. 107-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.04.27 N 15-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен; өзгеріс енгізілді - ҚР 16.11.2015 № 403-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
108-бап. Тұтыну кооперативi
1. Қатысушылардың материалдық және өзге қажеттерiн қанағаттандыру үшiн өз мүшелерiнiң мүлiктiк (үлестiк) жарналарын бiрiктiру арқылы жүзеге асырылатын азаматтардың ерiктi бiрлестiгi тұтыну кооперативi деп танылады.
Заң актiлерiнде көзделген жағдайларда тұтыну кооперативiне заңды тұлғалар кiре алады.
2. Тұтыну кооперативiнiң мүшелерi жыл сайынғы баланс бекiтiлгеннен кейiн пайда болған залалдарды қосымша жарналар төлеу арқылы үш ай iшiнде жабуға мiндеттi. Бұл мiндеттердi орындамаған ретте кооператив несие берушiлердiң талабы бойынша сот тәртiбiмен таратылуы мүмкiн.
Тұтыну кооперативiнiң мүшелерi оның мiндеттемелерi бойынша кооператив мүшелерiнiң қосымша төлемеген бөлiгi шегiнде жәрдем беру жөнiнен ортақ жауапты болады.
3. Тұтыну кооперативiнiң жарғысында, осы Кодекстiң 41-бабының 5-тармағында көрсетiлген мәлiметтерден басқа, кооператив мүшелерi жарналарының мөлшерi туралы; кооператив мүшелерiнiң құрамы мен жарна төлеу тәртiбi және олардың жарна төлеу жөнiндегi мiндеттемелердi бұзғаны үшiн жауапкершiлiгi туралы; кооперативтi басқару органдарының құрамы мен құзыретi және олардың шешiмдер қабылдау, соның iшiнде шешiмi бiрауыздан немесе бiлiктi көпшiлiк дауыспен қабылданатын мәселелер жөнiнде шешiмдер қабылдау тәртiбi туралы; кооператив мүшелерiнiң өздерi шеккен залалдарды жабу тәртiбi туралы ережелер болуға тиiс.
4. Тұтыну кооперативiнiң тапқан табыстарын оның мүшелерi арасында бөлуге болмайды, олар жарғылық мақсаттарға берiледi.
5. Тұтыну кооперативi таратылған немесе кооператив мүшесi одан шыққан жағдайда ол тұтыну кооперативiнiң мүлкiнен өз үлесiн өз жарнасына қарай бөлiп алуға құқылы.
Тұтыну кооперативiнiң мүшесi қайтыс болған жағдайда, егер кооператив жарғысында өзгеше көзделмесе, оның мұрагерлерiнiң кооператив мүшелiгiне қабылдануға бiрiншi кезекте құқығы болады. Соңғы жағдайда кооператив мұрагерлерге тұтыну кооперативiнiң мүлкiнен оның қосқан жарнасына қарай үлесiн төлейдi.
6. Тұтыну кооперативiнiң құқықтық жағдайы, сондай-ақ оның мүшелерiнiң құқықтары мен мiндеттерi осы Кодекске сәйкес заң құжаттарында белгiленедi.
7. Алып тасталды - ҚР 29.10.2015 № 373-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).
8. Өзара сақтандыру қоғамдары - тұтыну кооперативтерi қызметiнiң ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде айқындалады.
Ескерту. 108-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 1998.03.02 211, 2006.07.05 N 164; 29.10.2015 № 373-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
109-бап. Дiни бiрлестiк
1. Рухани қажеттерiн қанағаттандыру үшiн өз мүдделерiнiң ортақтығы негiзiнде, заң құжаттарында белгiленген тәртiп бойынша бiрiккен азаматтардың ерiктi түрдегi бiрлестiгi дiни бiрлестiк деп танылады.
2. Алынып тасталды - 1998.03.02. N 211 Заңымен.
3. Республикадан тыс жерлерде басқару орталықтары бар Қазақстан Республикасындағы дiни бiрлестiктер әдiлет органдарында тiркеуге жатады. Басқару орталықтарының жарғылары (ережелерi), егер олар Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмесе, осындай дiни бiрлестiктер жарғыларының (ережелерiнiң) негiзiне алынуы мүмкiн.
4-8. Алынып тасталды - 1998.03.02. N 211 Заңымен.
9. Дiни бiрлестiктер өз қаражаты есебiнен сатып алған немесе өздерi құрған азаматтар, ұйымдар жылу ретiнде берген немесе мемлекет берген және заң құжаттарына қайшы келмейтiн басқа да негiздер бойынша сатып алынған мүлiкке меншiк құқығы болады.
10. Дiни бiрлестiктерге қатысушылардың (мүшелерiнiң) осы ұйымға өздерi берген мүлiкке, соның iшiнде мүшелiк жарналарға құқықтары сақталмайды. Олар дiни бiрлестiктiң мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi, ал дiни бiрлестiк өз мүшелерiнiң мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi.
11. Дiни бiрлестiктiң құқықтық жағдайының ерекшелiктерi осы Кодекске, Қазақстан Республикасының заң құжаттарына сәйкес белгiленедi.
Ескерту. 109-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасы Президентінің 1995.10.05. N 2489 заң күші бар Жарлығымен, 2, 4-8-тармақтар алынып тасталды - Қазақстан Республикасының 1998.03.02. N 211 Заңымен.
110-бап. Жеке кәсiпкерлердiң және (немесе) заңды тұлғалардың қауымдастық (одақ) нысанындағы бiрлестiгi
1. Жеке кәсiпкерлер және (немесе) заңды тұлғалар өздерiнiң кәсiпкерлiк қызметiн үйлестiру, сондай-ақ ортақ мүдделерiн бiлдiру мен қорғау мақсатында қауымдастықтар (одақтар) құра алады.
Заңды тұлғалардың қаржы рыногында қызметтi жүзеге асыратын қауымдастығын (одақтарын) құру және оларға қатысу ерекшелiгi Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленедi.
2. Қоғамдық бiрлестiктер және өзге де коммерциялық емес ұйымдар, соның iшiнде мекемелер осы ұйымдардың қауымдастығына (одақтарына) өз еркiмен бiрiге алады.
3. Қауымдастық (одақ) коммерциялық емес ұйым болып табылады.
4. Қауымдастықтың (одақтың) мүшелерi өз дербестiгiн сақтап қалады.
5. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында және құрылтай құжаттарында өзгеше көзделмесе, қауымдастық (одақ) өз мүшелерiнiң мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, қауымдастықтың (одақтың) мүшелерi оның мiндеттемелерi бойынша қауымдастықтың (одақтың) құрылтай құжаттарында көзделген мөлшерде және тәртiппен субсидиарлық жауаптылықта болады.
Ескерту. 110-бапқа өзгерістер енгiзiлдi - ҚР 1998.03.02. N 211, 2003.05.16. N 416, 2007.01.12. N 225; 12.11.2015 № 391-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Параграф 3. Мемлекет пен әкімшілік-аумақтық
бөліністің азаматтық заңдармен реттелетін
қатынастарға қатысуы
111-бап. Қазақстан Республикасының азаматтық құқық қатынастарына қатысуы
1. Қазақстан Республикасы азаматтық заңдармен реттелетiн қатынастарға осы қатынастардың өзге қатысушыларымен тең негiздерде кiредi.
2. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары өздерiнiң осы органдардың мәртебесiн айқындайтын Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде, ережелерде және өзге де құжаттарда белгiленетiн құзыретi шегiнде Қазақстан Республикасының атынан өз әрекеттерi арқылы мүлiктiк және жеке мүлiктiк емес құқықтар мен мiндеттердi алып, оларды жүзеге асырады, сотта өкiлдiк ете алады.
Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген реттер мен тәртiп бойынша Қазақстан Республикасының арнайы тапсырмасымен оның атынан өзге де мемлекеттiк органдар, заңды тұлғалар мен азаматтар өкiлдiк ете алады.
3. Азаматтық-құқықтық дауларды Қазақстан Республикасының қатысуымен соттар шешедi.
Ескерту. 111-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
112-бап. Әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстiң азаматтық-құқықтық қатынастарға қатысуы
1. Әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiс азаматтық заңдармен реттелетiн қатынастарда бұл қатынастардың өзге де қатысушыларымен тең негiздерде кiредi.
РҚАО-ның ескертпесі!
2-тармақтың бірінші бөлігінің осы редакциясы ҚР 11.07.2017 № 90-VI Заңына сәйкес (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптың 1-т. 1) тармақшасынан қараңыз) халық саны екі мың адамнан көп аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін – 01.01.2018 бастап қолданысқа енгізілді (халық саны екі мың адам және одан аз аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 01.01.2020 дейін ҚР 27.12.1994 Азаматтық кодексінің 25.12.2017 датадағы архивтік нұсқасын қараңыз).
2. Жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар, сондай-ақ аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерінің аппараттары осы органдардың мәртебесiн айқындайтын Қазақстан Республикасының заңдарында, ережелерде немесе өзге де актілерде белгiленген өздерінің құзыретi шеңберiнде әкiмшiлiк-аумақтық бірліктiң атынан өз әрекеттерi арқылы мүлiктiк және жеке мүлiктiк емес құқықтар мен мiндеттердi иелене алады және оларды жүзеге асыра алады, сотта өкiлдiк ете алады.
Заңдарда көзделген реттер мен тәртiп бойынша арнаулы тапсырмамен әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiс атынан жергiлiктi мемлекеттiк органдар, заңды тұлғалар мен азаматтар өкiлдiк ете алады.
3. Заңдарда белгiленген реттерде әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiс азаматтық құқық қатынастарында мемлекет атынан өкiлдiк ете алады.
4. Әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiс пен оның органдарына, егер заңдардан өзгеше жағдай туындамаса, осы Кодекстiң тиiсiнше мемлекет пен оның органдарының азаматтық заңдармен реттелетiн қатынастарға қатысуы туралы ережелерi қолданылады.
5. Азаматтық-құқықтық дауларды әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстiң қатысуымен соттар шешедi.
Ескерту. 112-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 11.07.2017 № 90-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптың 1-т. 1) тармақшасынан қараңыз) Заңымен.
113-бап. Қазақстан Республикасы мен әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстiң мiндеттемелерi бойынша ақы өндiрiп алу
1. Қазақстан Республикасы өз мiндеттемелерi бойынша мемлекеттiк қазына мүлкiмен жауап бередi, ал әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiс өз мiндеттемелерi бойынша жергiлiктi қазына мүлкiмен жауап бередi.
2. Қазақстан Республикасы мен әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiс бiр-бiрiнiң мiндеттемелерi бойынша, сондай-ақ азаматтар мен заңды тұлғалардың мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi, ал азаматтар мен заңды тұлғалар осы Кодексте және заң құжаттарында көзделгеннен басқа жағдайларда Қазақстан Республикасы мен әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiс мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi.
114-бап. Мемлекетке және әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiске заңды тұлғалар туралы қалыптарды қолдану
Мемлекетке және әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстерге заңды тұлғалардың азаматтық заңдармен реттелетiн қатынастарға қатысуын анықтайтын қалыптар, егер заң құжаттарынан өзгеше қалып туындамайтын болса, қолданылады.
3-тарау. Азаматтық құқықтар объектілері
Параграф 1. Жалпы ережелер
115-бап. Азаматтық құқық объектiлерiнiң түрлерi
1. Мүлiктiк және жеке мүлiктiк емес игiлiктер мен құқықтар азаматтық құқық объектiлерi бола алады.
2. Мүлiктiк игiлiктер мен құқықтарға (мүлiкке): заттар, ақша, соның iшiнде шетел валютасы, қаржы құралдары, жұмыс, қызмет, шығармашылық-интеллектуалдық қызметтiң объектiге айналған нәтижелерi, фирмалық атаулар, тауарлық белгiлер және бұйымды дараландырудың өзге де құралдары мүлiктiк құқықтар мен басқа да мүлiк жатады.
2-1. Ақшаға және ақшалай мiндеттемелер бойынша құқықтарға (талаптарға) (ақша төлеу жөнiндегi талап ету құқықтарына), егер осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актiлерiнде өзгеше көзделмесе немесе мiндеттеме мәнiнен туындамаса, тиiсiнше заттардың немесе мүлiктiк құқықтардың (талаптардың) құқықтық режимi қолданылады.
3. Жеке мүлiктiк емес игiлiктер мен құқықтарға: жеке адамның өмiрi, денсаулығы, қадiр-қасиетi, абырой, игi атақ, iскерлiк бедел, жеке өмiрге қол сұқпаушылық, жеке құпия мен отбасы құпиясы, есiм алу құқығы, автор болу құқығы, шығармаға қол сұқпаушылық құқығы және басқа материалдық емес игiлiктер мен құқықтар жатады.
Ескерту. 115-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2007.01.12 N 225, 2008.12.10 N 101-IV(2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
116-бап. Азаматтық құқық объектiлерiнiң айналым қабiлеттiлiгi
1. Азаматтық құқық объектiлерi, егер ол айналымнан алынып тасталмаса немесе айналымға шек қойылмаса, бiр адамнан екiншi адамға әмбебап құқықты мирасқорлық (мұрагерлiк ету, заңды тұлғаны қайта құру) тәртiбiмен не өзге де әдiспен еркiн берiледi немесе ауысады.
2. Берiлуге рұқсат етiлмейтiн мүліктің түрлерi (айналымнан алынып тасталған) заңдарда тiкелей көрсетiлуге тиiс.
3. Айналымның белгiлi бiр қатысушысына ғана тиесiлi болуы мүмкiн не алынуына немесе берiлуiне арнайы рұқсат бойынша (айналым қабiлеттiгi шектеулi) жол берiлетiн мүліктің түрлерi заңдарда белгiленедi.
4. Жеке мүлiктiк емес игiлiктер мен құқықтар заң құжаттарында белгiленген реттердi қоспағанда, басқа әдiспен берiлмейдi және ауыспайды.
Ескерту. 116-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 27.02.2017 № 49-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
117-бап. Жылжымайтын және жылжымалы мүлік
1. Жылжымайтын мүлікке (жылжымайтын заттар) жер учаскелері, ғимараттар, құрылыстар, көпжылдық екпелер және жермен тығыз байланысты өзге мүлік, яғни орнынан олардың мақсатына сай емес шығынсыз ауыстыру мүмкін болмайтын объектілер жатады.
Егер кондоминиум объектісінің құрамындағы пәтерлер және өзге де тұрғын үй-жайлар, сондай-ақ тұрғын емес үй-жайлар дара (бөлек) меншікте болса, олар дербес жылжымайтын мүлік объектілері (түрлері) болып танылады.
2. Мемлекеттік тіркеуге жататын әуе және теңіз кемелері, ішкі суда жүзу кемелері, "өзен-теңіз" жүзу кемелері, ғарыш объектілері, магистральдық құбырлардың желілік бөлігі де жылжымайтын заттарға теңестіріледі. Заңнамалық актілермен жылжымайтын заттарға өзге мүліктер де жатқызылуы мүмкін.
Осы Кодекстің және өзге де заңнамалық актілердің жылжымайтын заттарға байланысты қатынастарды реттейтін нормалары Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде тікелей көзделген жағдайда, осы тармақта көрсетілген заттарға қолданылады.
3. Ақша мен бағалы қағаздарды қоса алғанда, жылжымайтын затқа жатпайтын мүлік жылжымалы мүлік деп танылады. Заңнамалық актілерде көрсетілген жағдайларды қоспағанда, жылжымалы заттарға құқықтарды тіркеу талап етілмейді.
Ескерту. 117-бап жаңа редакцияда - ҚР 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен; өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.06.22 N 21-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
118-бап. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу
1. Жылжымайтын мүлікке құқықтардың (құқықтар ауыртпалығының) туындауы, өзгеруі және тоқтатылуы осы Кодексте және "Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларда мемлекеттік тіркелуге жатады.
Мемлекеттік тіркеудің жылжымайтын мүлікке байланысты өзге де объектілері "Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңында айқындалады.
2. Егер осы Кодексте және "Жылжымайтын мүлiкке құқықтарды мемлекеттiк тiркеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңында өзгеше белгiленбесе, жылжымайтын мүлiкке құқықтар (құқықтар ауыртпалықтары) мемлекеттiк тiркелген кезден бастап туындайды, өзгередi және тоқтатылады. Егер тіркеуден бас тартылмаса, мемлекеттік тіркеу кезі деп өтініш берілген кез, ал электрондық тіркеу кезінде – жүргізілген тіркеу туралы хабарлама жөнелту арқылы тіркеуші органның құқықтардың (құқықтар ауыртпалықтарының) туындауын, өзгеруін немесе тоқтатылуын растаған кезі танылады.
3. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын орган тіркеуге ұсынылған құқық белгілейтін құжатта жазба жасау арқылы жүргізілген тіркеуді құқық иеленушінің өтініші бойынша куәландыруға міндетті. "Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларда тіркеуді жүзеге асыратын орган жылжымайтын мүлікке меншік құқығы (өзге заттай құқық) туралы куәлік береді.
4. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу жариялы болып табылады. Тіркеуді жүзеге асыратын орган жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар туралы ақпаратты кез келген тұлғаға "Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген шектеулерді ескере отырып беруге міндетті.
5. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуден бас тарту не тіркеуден негізсіз жалтару жағдайларында сотқа шағым жасалуы мүмкін.
6. Мемлекеттік тіркеу тәртібі осы Кодекске және "Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес белгіленеді.
7. Азаматтық әуе кемелерін, теңіз кемелерін, ішкі суда жүзу кемелерін, "өзен-теңіз" жүзу кемелерін, ғарыш объектілерін жылжымайтын мүлікке теңестірілген объектілер ретінде мемлекеттік тіркеу тәртібі Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі, сауда мақсатында теңізде жүзу, ішкі су көлігі, ғарыш қызметі саласындағы заңдарымен реттеледі.
Ескерту. 118-бап жаңа редакцияда - ҚР 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), өзгерістер енгізілді - ҚР 2012.01.06 N 529-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
119-бап. Кәсiпорын
1. Кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыру үшiн пайдаланылатын мүлiктiк кешен құқық объектiсi түрiндегi кәсiпорын деп танылады.
2. Мүлiктiк кешен ретiнде кәсiпорынның құрамына оның қызмет етуiне арналған мүлiктiң барлық түрлерi, соның iшiнде үйлер, ғимараттар, жабдықтар, құрал-саймандар, шикiзат, өнiмдер, жер учаскесiне құқық, талап ету құқықтары, борыштар, сондай-ақ оның қызметiн дараландыратын белгiлерге құқықтар (фирмалық атау, тауар белгiлерi) және, егер шартта өзгеше көзделмесе, басқа да айрықша құқықтар енедi.
3. Кәсiпорын тұтасымен немесе оның бiр бөлiгi сатып алу-сату, кепiлге, арендаға беру және заттық құқықтарды белгiлеуге, өзгертуге және тоқтатуға байланысты басқа да мәмiлелер объектiсi болуы мүмкiн.
3-1. Кәсіпорынның құрамына мүліктік кешен ретінде кіретін жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеудің ерекшеліктері "Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленеді.
4. Мүлiк кешенi ретiндегi кәсiпорын құрамындағы борыштарды берген кезде несие берушiлердiң құқықтарына осы Кодекстiң 48-бабында көзделген тәртiппен кепiлдiк берiледi.
Ескерту. 119-бапқа өзгеріс енгiзiлдi - ҚР 1998.03.02 N 211, 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
120-бап. Бөлiнетiн және бөлiнбейтiн мүлiк
1. Мүлiк бөлiнетiн және бөлiнбейтiн болуы мүмкiн.
Бөлiнетiн мүлiк дегенiмiз - бөлу нәтижесiнде бөлiктерi өз мақсатын (мiндетiн) жоғалтпайтын мүлiк.
Бөлiнбейтiн мүлiк дегенiмiз - өзiнiң шаруашылық мақсатын (мiндетiн) өзгертпей бөлуге болмайтын немесе заң құжатында ұйғарылуына қарай бөлуге жатпайтын мүлiк.
2. Құқық объектiлерi ретiнде бөлiнбейтiн заттардың ерекшелiктерi заңдарда белгiленедi.
121-бап. Күрделi заттар
1. Егер әртектi заттар оны бiрiгу мәнi белгiлейтiн мақсаты бойынша пайдалануға мүмкiндiк беретiн бүтiн бiр затты құрайтын болса, олар бiр зат (күрделi зат) деп қаралады.
2. Күрделi зат жөнiнде жасалған мәмiленiң күшi, егер шартта өзгеше белгiленбесе оның барлық құрамдас бөлiктерiне қолданылады.
122-бап. Басты зат және керек-жарақ
Керек-жарақ, яғни басты затқа қызмет етуге арналған және ортақ шаруашылық мақсатқа қолданылуы сонымен байланысты болатын зат, егер заңдарда немесе шартта өзгеше белгiленбесе, басты затқа iлесiп жүредi.
123-бап. Жемiстер, азық-түлiк және табыстар
Мүлiктердi пайдалану нәтижесiнде алынған түсiм (жемiстер, өнiмдер, табыстар), егер заңдарда немесе бұл мүлiктi пайдалану туралы шартта өзгеше көзделмесе, осы мүлiктi заңды негiзде пайдаланушы адамға тиесiлi болады.
124-бап. Жануарлар
Заңдарда өзгеше белгiленбегендiктен, жануарларға заттар туралы жалпы ережелер қолданылады.
125-бап. Интеллектуалдық меншiк
1. Осы Кодексте және өзге де заң актiлерiнде белгiленген реттер мен тәртiп бойынша азаматтың немесе заңды тұлғаның шығармашылық интеллектуалдық қызметтiң нәтижелерiне және оларға теңестiрiлген заңды тұлғаны дараландыру құралдарына, жеке немесе заңды тұлғаның өзi орындайтын жұмысының немесе қызметiнiң өнiмдерiне (фирмалық атау, тауар белгiсi, қызмет көрсету белгiсi және т.б.) ерекше құқығы танылады.
2. Шығармашылық интеллектуалдық қызметтiң нәтижелерi мен ерекше құқықтардың (интеллектуалдық меншiктiң) объектiсi болуы мүмкiн даралану құралдарын пайдалануды үшiншi жақтар, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, құқық иеленушiнiң келiсiмiмен ғана жүзеге асырылады.
Ескерту. 125-бапқа өзгерістер енгiзiлдi - ҚР 1998.03.02 № 211; 07.04.2015 № 300-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
126-бап. Қызметтiк және коммерциялық құпия
1. Үшiншi жаққа белгiсiз болуына байланысты ақпараттың нақты немесе потенциалды коммерциялық құны болып, онымен заңды негiзде еркiн танысуға болмайтын және ақпаратты иеленушi оның құпиялылығын сақтауға шара қолданатын ретте, қызметтiк немесе коммерциялық құпия болып табылатын ақпарат азаматтық заңдармен қорғалады.
2. Мұндай ақпаратты заңсыз әдiстермен алған адамдар сондай-ақ еңбек шартына қарамастан қызметшiлер немесе азаматтық-құқықтық шартқа қарамастан контрагенттер қызметтiк немесе коммерциялық құпияны жария етсе, келтiрiлген залалдың орнын толтыруға мiндеттi.
127-бап. Ақша (валюта)
1. Қазақстан Республикасының ақша бөлiнiсi теңге болып табылады.
2. Теңге Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында өз құны бойынша қабылдануға мiндеттi заңды төлем құралы болып табылады.
3. Қазақстан Республикасы аумағында төлемдер қолма қол төлеп және қолма қол төлемей есеп айырысу түрiнде жүзеге асырылады.
4. Қазақстан Республикасы аумағында шетел валютасымен есеп айырысудың реттерi, тәртiбi мен шарттары Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленедi.
128-бап. Валюталық қазыналар
1. Валюталық қазыналар деп танылатын мүлiк түрлерi және олар арқылы мәмiлелер жасау тәртiбi заң құжаттарында белгiленедi.
2. Валюталық қазыналарға меншiк құқығы Қазақстан Республикасында жалпы негiздерде қорғалады.
Параграф 1-1. Қаржы құралдары
Ескерту. 3-тарау 1-1параграфпен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2008.12.10 № 101-IV (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
128-1-бап. Қаржы құралдары
1. Қаржы құралы – операциялар нәтижесінде бір тұлғада – қаржы активі және басқасында қаржылық міндеттеме немесе үлестік құрал бір мезгілде туындайтын ақша, туынды бағалы қағаздарды қоса алғанда, бағалы қағаздар, туынды қаржы құралдары және басқа да қаржы құралдары.
2. Қаржы активі – басқа тұлғаның ақшасын, үлестік құралын білдіретін кез келген актив, басқа тұлғадан ақшаны немесе өзге де қаржы активін алуға немесе басқа тұлғамен өзі үшін ықтимал тиімді шарттарда қаржы активтерін немесе қаржылық міндеттемелерді алмасуға арналған шарттық құқық немесе есеп айырысу тұлғаның меншікті үлестік құралдарымен жүргізілетін немесе жүргізілуі мүмкін және бұл ретте, тұлғада меншікті үлестік құралдардың ауыспалы санын алу міндеті болатын немесе пайда болуы мүмкін туынды құрал болып табылатын немесе есеп айырысу тіркелген ақша сомасын немесе өзге де қаржы активін тұлғаның меншікті үлестік құралдарының тіркелген санына алмастыру жолына қарағанда кез келген өзге тәсілмен жүргізілетін немесе жүргізілуі мүмкін туынды құрал болып табылатын осындай шарт.
3. Қаржылық міндеттеме – басқа тұлғаның ақшасын немесе өзге де қаржы активін берудің немесе басқа тұлғамен өзі үшін ықтимал тиімсіз шарттарда қаржы активтерін немесе қаржылық міндеттемелерін алмасудың шарттық міндетін білдіретін кез келген міндеттеме, немесе есеп айырысу тұлғаның меншікті үлестік құралдарымен жүргізілетін немесе жүргізілуі мүмкін және бұл ретте, тұлғада меншікті үлестік құралдардың ауыспалы санын беру міндеті болатын немесе беру міндеті пайда болуы мүмкін туынды емес құрал болып табылатын немесе есеп айырысу тіркелген ақша сомасын немесе өзге де қаржы активін тұлғаның меншікті үлестік құралдарының тіркелген санына алмастыру жолына қарағанда кез келген өзге тәсілмен жүргізілетін немесе жүргізілуі мүмкін туынды құрал болып табылатын шарт.
4. Үлестік құрал — ұйымның барлық міндеттемелері шегерілгеннен кейін қалатын оның активтеріндегі қалдық үлесіне құқығын растайтын кез-келген шарт.
Ескерту. 128-1-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 02.07.2018 № 166-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
128-2-бап. Туынды қаржы құралдары
1. Туынды қаржы құралдары — болашақта осы шарт бойынша есеп айырысуды жүргізуді көздейтін, құны шарттың базалық активінің мөлшеріне (мөлшердің ауытқуын қоса алғанда) тәуелді шарт.
2. Туынды қаржы құралдарына опциондар, фьючерстер, форвардтар, своптар және осы белгілерге сай келетін басқа да туынды, оның ішінде жоғарыда аталған туынды қаржы құралдарының комбинациясы болып табылатын қаржы құралдары жатады.
3. Тауарлар, тауарлардың стандартталған партиялары, бағалы қағаздар, валюта, индекстер, проценттік ставкалар және нарықтық құны бар басқа да активтер, болашақтағы оқиғалар немесе жағдайлар, туынды қаржы құралдары туынды қаржы құралдарының базалық активтері болып табылады.
128-3-бап. Опцион
1. Опцион — оған сәйкес бір тарап (опцион сатушысы) екінші тарапқа (опционды сатып алушы) болашақта келісілген жағдайларда пәтуаласқан баға бойынша базалық актив сатып алу немесе сату құқығын сататын туынды қаржы құралы. Опционды сатушы өзіне міндеттемелер алады, ал сатып алушы құқыққа ие болады.
2. Опционды сатушы опционды сатып алушыға сыйлықақы деп аталатын сыйақыға опционды сатады. Опционның келісілген жағдайлары деп мынадай міндетті шарттарды келісу түсініледі: базалық активтің түрі, базалық активтің жалпы құны (опцион жасалатын сома), базалық активтің бағасы (страйк — опционды орындау бағасы), опционның сыйлығы, опционның мерзімі (опционның қолданылу кезеңі), опционның түрі.
3. Егер опционды сатып алушы өзі сатып алған құқықты іске асырса, онда опцион орындалды деп есептеледі.
128-4-бап. Своп
Своп — оған сәйкес тараптар келісілген шарттармен базалық активтер немесе болашақтағы базалық активтер бойынша төлемдерді айырбастау жөнінде пәтуаласатын туынды қаржы құралы.
128-5-бап. Форвард
1. Форвард — сатып алушы (немесе сатушы) болашақта келісілген шарттарда базалық активті сатып алудың (немесе сатудың) белгіленген мерзімі өткеннен кейін міндеттемені өзіне алатын туынды қаржы құралы.
2. Форвард ұйымдастырылмаған нарықта жасалады.
128-6-бап. Фьючерс
Фьючерс — сатып алушы (немесе сатушы) ұйымдастырылған нарықта белгіленген стандартты шарттарға сәйкес базалық активті сатып алудың (немесе сатудың) белгіленген мерзімі өткеннен кейін міндеттемені өзіне алатын тек ұйымдастырылған нарықта айналымға түсетін туынды қаржы құралы.
Параграф 2. Бағалы қағаздар
129-бап. Бағалы қағаздар
1. Бағалы қағаз - мүлiктiк құқықты куәландыратын белгiлi бiр жазбалар мен басқа да белгiлердiң жиынтығы.
1-1. Бағалы қағаздар борыштық және үлестік болуы мүмкін.
Борыштық бағалы қағаз — эмитенттің (борышкердің) осы бағалы қағаздарды шығару шарттарында борыштың негізгі сомасын төлеу жөніндегі міндеттемесін куәландыратын бағалы қағаздар.
Үлестік бағалы қағаз — Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда мүлік иесінің мүлікке белгіленген үлесіне иелік ету құқығын куәландыратын бағалы қағаз.
2. Бағалы қағаздарға акциялар, облигациялар және бағалы қағаздардың осы Кодекспен және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiмен айқындалған өзге де түрлерi жатады.
3. Бағалы қағаздар шығарылым нысаны бойынша:
1) құжатты және құжатсыз;
2) эмиссиялық және эмиссиялық емес;
3) атаулы, ұсынбалы және ордерлiк бағалы қағаздар болып бөлiнедi.
Құжатты бағалы қағаздар - құжатты нысанда (бағалы қағаздың мазмұнын арнаулы техникалық құралдарды пайдаланбай-ақ тiкелей оқу мүмкiндiгi болатын қағаз немесе өзге материалдық жеткiзушi) шығарылған бағалы қағаздар.
Құжатсыз бағалы қағаздар - құжатсыз нысанда (электрондық жазбалар жиынтығы түрiнде) шығарылған бағалы қағаздар.
Эмиссиялық бағалы қағаздар - бiр шығарылым шегiнде осы шығарылым үшiн бiрдей жағдай негiзiнде орналастырылатын және айналымда болатын, бiртектi белгiлерi мен реквизиттерi бар бағалы қағаздар.
Эмиссиялық емес бағалы қағаздар - осы тармақтың төртiншi бөлiгiнде көрсетiлген белгiлерге сәйкес келмейтiн бағалы қағаздар.
Атаулы бағалы қағаз - ол куәландырған құқықтардың онда аталған тұлғаға тиесiлiгiн растайтын бағалы қағаз.
Ұсынбалы бағалы қағаз - ол куәландырған құқықтардың бағалы қағазды ұсынушыға тиесiлiгiн растайтын бағалы қағаз.
Ордерлiк бағалы қағаз - ол куәландырған құқықтардың онда аталған тұлғаға, ал оларға осы құқықтар осы Кодекстiң 132-бабының 3-тармағында көзделген тәртiппен берiлген жағдайда, басқа тұлғаға тиесiлiгiн растайтын бағалы қағаз.
4. Осы Кодекспен және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiмен бағалы қағаздардың белгiлi бiр түрiн қайсыбiр нысанда шығару мүмкiндiгiне жол берiлмеуi мүмкiн.
Ескерту. 129-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2003.05.16 № 416, өзгерту енгізілді - 2008.12.10 № 101-IV (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
130-бап. Бағалы қағазға құқықтарды растау
1. Бағалы қағаздың өзi құжатты бағалы қағазға құқықты растау болып табылады. Құжатты бағалы қағаздар бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушысына сақтауға берiлген жағдайда, оның есебiн жүргiзу мақсатында осы кәсiби қатысушы ашқан шоттан алынған үзiндi көшiрме оған берiлген лицензияға сәйкес немесе Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес уәкiлеттiнiң осы бағалы қағазды осылай сақтауға құқығын растау болып табылады. Құжатты бағалы қағаз бен аталған шоттан берiлген үзiндi көшiрменiң арасында алшақтық болған кезде үзiндi көшiрмеге басымдық берiледi.
2. Бағалы қағаздар рыногының өзiне берiлген лицензияға сәйкес немесе Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес бағалы қағаздармен жасалған мәмiлелердi тiркеуге уәкiлеттi кәсiби қатысушысындағы бағалы қағаздың есебiн жүргiзу мақсатында ашылған шоттан үзiндi көшiрме құжатсыз бағалы қағазға құқықты растау болып табылады.
3. Бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушыларының бағалы қағаздардың есебiн жүргiзуге арналған шоттарды ашу және жүргiзу тәртiбi, сондай-ақ осындай шоттардан берiлетiн үзiндi көшiрменiң мазмұны мен ресiмделуiне қойылатын талаптар Қазақстан Республикасының заңдарымен айқындалады.
Ескерту. 130-бап жаңа редакцияда - ҚР 2003.05.16 N 416 Заңымен, өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.12.28 N 524-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
131-бап. Бағалы қағазға қойылатын талаптар
1. Бағалы қағаздармен куәландырылатын құқықтардың түрлерi, бағалы қағаздардың мiндеттi реквизиттерi, бағалы қағаз нысанына талаптар және басқа да қажеттi талаптар заң құжаттарымен немесе соларда белгiленген тәртiп бойынша белгiленедi.
2. Бағалы қағаздың мiндеттi реквизиттерi болмауы немесе бағалы қағаздың ол үшiн белгiленген нысанға сәйкес келмеуi оның жарамсыз болуына әкелiп соқтырады.
132-бап. Бағалы қағаз бойынша құқықтар беру
1. Ұсынушыға бағалы қағазбен куәландырылған құқықты басқа адамға беру үшiн бағалы қағазды сол адамға тапсыру жеткiлiктi.
2. Құжаттық нысанда шығарылған атаулы бағалы қағазбен куәландырылған құқықтар талапты (цессияны) басқаға беру үшiн белгiленген тәртiппен берiледi. Бағалы қағаз бойынша құқық берушi адам осы Кодекстiң 347-бабына сәйкес тиісті талаптың орындалмағаны үшiн емес, оның жарамсыздығы үшiн жауаптылықта болады.
2-1. Эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша құқықтар беру және солар бойынша құқықтарды растау ерекшелiгi Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен айқындалады.
3. Ордерлiк бағалы қағаз бойынша құқықтар бұл қағазға берiлгенін жазу - индоссамент арқылы берiледi. Ордерлiк бағалы қағаз бойынша құқық берушi адам (индоссант), жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгіленген жағдайларды қоспағанда, құқықтың болуы үшiн ғана емес, оның жүзеге асырылуы үшiн де жауапты болады.
Бағалы қағазда жасалған индоссамент бағалы қағазбен куәландырылған барлық құқықтарды бағалы қағаз бойынша құқықтар берiлетiн адамға - (индоссантқа) немесе соның бұйрығына ауыстырады. Индоссамент бланкiлiк болуы мүмкiн (орындауға тиiс адам көрсетiлмейдi).
Бағалы қағазбен куәландырылған құқықтарды жүзеге асыру, бұл құқықтарды индоссантқа бермей-ақ (сену индоссаментi) индоссаментке тапсырумен ғана шектелуi мүмкiн. Бұл жағдайда индоссант өкiл ретiнде әрекет жасайды.
Ескерту. 132-бапқа өзгеріс енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 1998.03.02. N 211 Заңымен, 2003.05.16. N 416 Заңымен, 2003.06.03. N 426 Заңымен, 21.06.2013 N 106-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 24.11.2015 № 422-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
133-бап. Бағалы қағаз бойынша орындау
1. Бағалы қағазды берген адам және оны индоссиялаған барлық адамдар, жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгіленген жағдайларды қоспағанда, оның заңды иесiнiң алдында бiрге жауап бередi. Бағалы қағаздың заңды иесiнiң сондай қағазбен куәландырылған мiндеттемесiн бағалы қағаз бойынша мiндеттенгендердiң арасынан бiр немесе бiрнеше адамның орындауы туралы талабын қанағаттандырған ретте олар бағалы қағаз бойынша өздерiнен бұрын мiндеттенген өзге адамдарға керi талап қою (регресс) құқығына ие болады.
2. Мiндеттеменiң негiзi болмауын не оның жарамсыздығын сылтауратып бағалы қағазбен куәландырылған мiндеттеменi орындаудан бас тартуға жол берiлмейдi.
3. Бағалы қағаздың жалғандығын немесе жасандылығын байқаған бағалы қағаз иесi өзiне қағазды берген адамға, бағалы қағазбен куәландырылған мiндеттеменi лайықты орындау туралы және залалдардың орнын толтыру туралы талап қоюға құқылы.
4. Заңсыз иеленушiнiң қолындағы бағалы қағаз бойынша құқықтар жүзеге асырылмауға тиiс.
Ескерту. 133-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2003.06.03. N 426 Заңымен.
134-бап. Бағалы қағазды қалпына келтiру
Жоғалған бағалы қағаз бойынша және ордерлiк бағалы қағаз бойынша ұсынушы құқығын қалпына келтiрудi iс жүргiзу заңдарында көзделген тәртiппен сот жүргiзедi.
135-бап. Құжатталмаған бағалы қағаздар
Ескерту. 135-бап алып тасталды - ҚР 2003.05.16 N 416 Заңымен.
136-бап. Облигация
1. Облигация - шығару кезiнде айналыс мерзiмi алдын ала белгiленген, оны шығару шарттарына сәйкес облигацияны шығарған тұлғадан ол бойынша сыйақы алу және оның айналыс мерзiмiнiң аяқталуы бойынша облигацияның ақшалай немесе өзге де мүлiктiк балама түрдегi нақты құнын алу құқығын куәландыратын бағалы қағаз.
2. Облигациялар тек атаулы эмиссиялық бағалы қағаздар ретiнде шығарылады.
3. Қазақстан Республикасының Үкiметi, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi, коммерциялық ұйымдар облигациялар шығаруға құқылы.
4. Облигациялардың түрлерi және оларды шығару тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.
Ескерту. 136-бап жаңа редакцияда - ҚР 2003.05.16 N 416 Заңымен; өзгеріс енгізілді - 2004.12.20. N 13(01.01.2005 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
137-бап. Чек
Ескерту. 137-бап алынып тасталды - ҚР 1997.07.11 N 154 Заңымен.
138-бап. Вексель
Ескерту. 138-бап алынып тасталды - ҚР 1997.07.11 N 154 Заңымен.
139-бап. Акция
1. Акция - акционерлiк қоғам шығаратын және акционерлiк қоғамды басқаруға қатысуға, ол бойынша дивиденд және акционерлiк қоғам таратылған жағдайда оның мүлкiнiң бiр бөлiгiн алуға құқықтарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген өзге де құқықтарды куәландыратын бағалы қағаз.
2. Акциялар тек атаулы эмиссиялық бағалы қағаздар ретiнде шығарылады.
3. Акциялардың түрлерi Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен белгiленедi.
Акцияларды шығару тәртiбi Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногы туралы заңдарымен белгiленедi.
4. Акционерлiк қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған коммерциялық емес ұйымдар өз акциялары бойынша дивидендтер төлеудi жүзеге асырмайды.
5. Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде өзiнiң әрекетiмен немесе әрекетсiздiгiмен акционерлiк қоғамның мүддесiн бұзған акционерден акцияларды сот шешiмi бойынша сатып алу мүмкiндiгi көзделуі мүмкiн.
Банктерде және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдарда, сондай-ақ сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарында Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен белгiленген тәртiппен есептелетiн меншiктi капиталдың тepic мөлшерi болған жағдайда, олардың акцияларын мәжбүрлеп сатып алудың мүмкiндiгi мен негiздемесi көзделуi мүмкiн.
Ескерту. 139-бап жаңа редакцияда - 2003.05.16. N 416 Заңымен, 139-бапқа өзгерту енгізілді - 2005.07.08. N 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
139-1-бап. Банктiк депозит сертификаты
Банктiк депозит сертификаты - өз ұстаушысының шығару шарттарында белгiленген айналыс мерзiмi аяқталғаннан кейiн не ол аяқталғанға дейiн номиналды құнын, сондай-ақ шығару шарттарында белгiленген мөлшерде сыйақы алу құқығын растайтын атаулы эмиссиялық емес бағалы қағаз.
Ескерту. 139-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2007.01.12. № 225 Заңымен.
140-бап. Банктік сертификат
Ескерту. 140-бап алынып тасталды - ҚР 1997.07.11 N 154 Заңымен.
Параграф 3. Мүліктік емес өзіндік құқықтар
141-бап. Мүлiктiк емес өзiндiк құқықтарды қорғау
1. Мүлiктiк емес өзiндiк құқықтары бұзылған жеке тұлғаның, осы Кодекстiң 9-бабында көзделген шаралардан басқа, осы Кодекстiң ережелерi бойынша моральдық зардаптарын өтетуге құқығы бар.
2. Мүлiктiк емес өзiндiк құқықтардың қорғалуын азаматтық iс жүргiзу заңдарында көзделген тәртiп бойынша сот жүзеге асырады.
3. Егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе құқық бұзған адамның кiнәсiне қарамастан, мүлiктiк емес өзiндiк құқықтар қорғалуға тиiс. Қорғау туралы талап қойған адам өзiнiң мүлiктiк емес өзiндiк құқығының бұзылуын нақты дәлелдеуге тиiс.
4. Мүлiктiк емес өзiндiк құқығы бұзылған адам өз таңдауы бойынша оны бұзушыдан бұзылу зардаптарын жоюды немесе бұзушының есебiнен өз бетiнше қажеттi әрекеттер жасауды не олардың орындалуын үшiншi жаққа тапсыруды талап етуi мүмкiн.
Ескерту. 141-бапқа өзгеріс енгiзiлдi - ҚР 1998.03.02 N 211, 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
142-бап. Мүлiктiк құқықтармен байланысты мүлiктiк емес өзiндiк құқықтар
Мүлiктiк емес өзiндiк және мүлiктiк құқықтар бiр мезгiлде бұзылған жағдайда мүлiктiк емес өзiндiк құқықтардың бұзылғандығы үшiн жәбірленушiге тиесiлi өтем ескерiле отырып, мүлiктiк зиянның орнын толтыру мөлшерi ұлғаяды.
143-бап. Ар-намысты, қадiр-қасиеттi және iскерлiк беделдi қорғау
1. Азамат өзінің ар-намысына, қадір-қасиетіне немесе іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді сот тәртібімен теріске шығаруды талап етуге құқылы.
2. Егер азаматтың немесе заңды тұлғаның ар-намысына, қадiр-қасиетiне немесе iскерлiк беделiне кiр келтiретiн мағлұматтар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таратылған болса, олар сол бұқаралық ақпарат құралдарында тегiн терiске шығарылуға тиiс.
Егер аталған мағлұматтар ұйымнан шыққан құжатта болса, бұл құжаттағы мағлұматтардың шындыққа сай келмейтiндiгi туралы тиiстi адамға мiндеттi түрде хабарлана отырып, мұндай құжат алмастырылуға немесе керi сұратып алынуға тиiс.
Өзге реттерде терiске шығару тәртiбiн сот белгiлейдi.
3. Бұқаралық ақпарат құралдары азаматқа немесе заңды тұлғаға қатысты олардың құқықтарына немесе заңды мүдделерiне нұқсан келтiретiн мағлұматтар жарияласа, олар сол бұқаралық ақпарат құралдарында өз жауаптарын тегiн жариялауға құқылы.
4. Бұқаралық ақпарат құралдарында терiске шығаруды не жауапты жариялау туралы азаматтың немесе заңды тұлғаның талабы, егер бұқаралық ақпарат органы мұндай жарияланымнан бас тартса не бiр айдың iшiнде жарияланым жасамаса, сондай-ақ ол таратылған ретте, сотта қаралады.
5. Егер соттың шешiмi орындалмаса, сот тәртiп бұзушыға бюджеттiң кiрiсiне өндiрiлiп алынатын айыппұл салуға құқылы. Айыппұл азаматтық iс жүргiзу заңдарында белгiленген тәртiп пен мөлшерде салынады. Айыппұл төлеу тәртiп бұзушыны сот шешiмiнде көзделген әрекеттi орындау мiндетiнен босатпайды.
6. Азаматқа қатысты оның ар-намысына, қадір-қасиетіне немесе іскерлік беделіне кір келтіретін мағлұматтар таратылған болса, ол мұндай мағлұматтарды теріске шығарумен бірге олардың таратылуынан өзіне келтірілген залалдың және моральдық зиянның орнын толтыруды талап етуге құқылы.
Моральдық зиянды өтеу туралы талапты қоспағанда, осы баптың азаматтың іскерлік беделін қорғау туралы қағидалары тиісінше заңды тұлғаның іскерлік беделін қорғауға да қолданылады. Заңды тұлғаның іскерлік беделін қорғауға осы Кодексте белгіленген тәртіппен залалдың орнын толтыру туралы қағидалар қолданылады.
7. Егер азаматтың немесе заңды тұлғаның ар-намысына, қадiр-қасиетiне және iскерлiк беделiне кiр келтiретiн мағлұматтарды таратушыны анықтау мүмкiн болмаса, өзi жөнiнде осындай мағлұматтар тараған адам таратылған мағлұматтарды шындыққа сай келмейдi деп тану туралы сотқа жолдануға құқылы.
Ескерту. 143-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2009.02.06 N 123-IV (Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
144-бап. Жеке бастың құпиясын сақтау құқығы
1. Азаматтың жеке бас құпиясын, оның iшiнде хат алысу, телефон арқылы сөйлесу, күнделiктер, естелiктер, жазбалар, iшкi жан сыры, бала асырап алу, туу құпиясын, дәрiгерлiк, адвокаттық құпияны, банктiк салымдар құпиясын сақтауға құқығы бар.
Жеке бас құпиясы заң құжаттарында белгiленген реттерде ғана ашылуы мүмкiн.
2. Күнделiктердi, жазбаларды, естелiктердi және басқа құжаттарды жариялауға - олардың авторының келiсiмiмен, ал хаттарды олардың авторы мен алысушысының келiсiмiмен ғана жариялауға жол берiледi. Олардың қайсыбiрi қайтыс болған жағдайда аталған құжаттар қайтыс болған адамның артында қалған жұбайының және балаларының келiсiмiмен жариялануы мүмкiн.
Ескерту. 144-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 1997.07.11. N 154 Заңымен.
145-бап. Өз бейнесiне құқық
1. Қандай да бiр адамның суреттiк бейнесiн оның келiсiмiнсiз, ал ол қайтыс болған жағдайда - мұрагерлерiнiң келiсiмiнсiз пайдалануға ешкiмнiң де құқығы жоқ.
2. Басқа адам бейнелеген бейнелеу туындыларын (сурет, фотосурет, кинофильм және басқалар) - бейнеленген адамның келiсiмiмен, ал ол қайтыс болғаннан кейiн оның балалары мен артында қалған жұбайының келiсiмiмен ғана жариялауға, қайта шығаруға және таратуға жол берiледi. Егер заң құжаттарында белгiленсе, не бейнеленген адам ақы алып кескiнделген болса, ондай келiсiм талап етiлмейдi.
146-бап. Тұрғын үйге қол сұғылмау құқығы
Заң құжаттарында көзделгеннен басқа реттерде азаматтың тұрғын үйге қол сұққызбау құқығы болады, яғни тұрғын үйiне өзiнiң еркiнен тыс баса-көктеп кiрудiң кез-келген әрекетiн тыюға құқығы бар.
4-тарау. Мәмілелер
147-бап. Мәмiле ұғымы
Азаматтар мен заңды тұлғалардың азаматтық құқықтары мен мiндеттерiн белгiлеуге, өзгертуге немесе тоқтатуға бағытталған әрекеттерi мәмiлелер деп танылады.
148-бап. Бiржақты мәмiлелер мен шарттар
1. Мәмiлелер бiржақты және екi немесе көпжақты (шарттар) болуы мүмкiн.
2. Заңдарға немесе тараптардың келiсiмiне сәйкес жасалуы үшiн бiр тараптың ерiк бiлдiруi қажет және жеткiлiктi болатын мәмiле бiржақты мәмiле деп есептеледi.
3. Шарт жасасу үшiн екi тараптың (екiжақты мәмiле) не үш немесе одан да көп тараптың (көпжақты мәмiле) келiсiлген ерiк бiлдiруi қажет.
149-бап. Бiржақты мәмiлелердi құқықтық реттеу
1. Бiржақты мәмiле мәмiле жасаған адамға мiндеттер жүктейдi. Ол басқа адамдарға заң құжаттарында белгiленген не сол адамдармен келiсiм болған реттерде ғана мiндеттер жүктей алады.
2. Бiржақты мәмiлелерге тиiсiнше мiндеттемелер туралы және шарттар туралы жалпы ережелер қолданылады, өйткенi бұл заңдарға, мәмiленiң табиғаты мен мәнiне қайшы келмейдi.
150-бап. Шартпен жасалған мәмiлелер
1. Егер тараптар құқықтар мен мiндеттердiң туындауын басталу-басталмауы белгiсiз мән-жайға байланысты етiп қойса, мәмiле кейiнге қалдырылатын шартпен жасалды деп есептеледi.
2. Егер тараптар құқықтар мен мiндеттемелердiң тоқтатылуын басталу-басталмауы белгiсiз мән-жайға байланысты етiп қойса, мәмiле кейiн күшi жойылатын шартпен жасалды деп есептеледi.
3. Егер шарттың басталуы тиiмсiз болатын тарап шарттың басталуына терiс пиғылмен кедергi жасаса, шарт басталды деп танылады.
Егер шарттың басталуы тиiмдi болатын тарап шарттың басталуына терiс пиғылмен ықпал етсе, шарт басталмаған деп танылады.
151-бап. Мәмiленiң нысаны
1. Мәмiлелер ауызша және жазбаша нысанда жасалады (жай немесе нотариалдық).
2. Заңдармен немесе тараптардың келiсiмiмен жазбаша (жай не нотариалдық) немесе өзге белгiлi бiр нысан белгiленбеген мәмiле, атап айтқанда, олар жасалған кезде атқарылатын мәмiлелердiң бәрi ауызша жасалуы мүмкiн. Мұндай мәмiле адамның мiнез-құлқынан оның мәмiле жасау еркi айқын көрiнiп тұрған ретте де жасалған деп саналады.
3. Жетон, билет немесе әдеттегiдей қабылданған өзге де растайтын белгi арқылы расталған мәмiле, егер заңдарда өзгеше белгiленбесе, ауызша түрде жасалған болып табылады.
4. Үндемей қалу заңдарда немесе тараптардың келiсiмiнде көзделген реттерде мәмiле жасауға ерiк бiлдiру деп танылады.
5. Жазбаша түрде жасалған шартты орындау үшiн жасалған мәмiлелер, егер заңдарға қайшы келмесе, тараптардың келiсiмi бойынша ауызша жасалуы мүмкiн.
152-бап. Мәмiленiң жазбаша түрi
1. Мынадай мәмiлелер:
1) егер мәмiлелердiң жекелеген түрлерi үшiн заңдарда өзгеше арнайы көзделмесе немесе iскерлiк қызмет өрiсiнiң әдеттегi құқықтарынан туындамаса, мәмiлелердi жасау кезiнiң өзiнде орындалатындарынан басқа, кәсiпкерлiк қызмет үрдiсiнде жүзеге асырылатын;
2) мәмiлелердi жасау кезiнiң өзiнде орындалатындарынан басқа, бір жүз айлық есептiк көрсеткiш жоғары сомаға;
3) заңдарда немесе тараптардың келiсiмiнде көзделген өзге де реттерде жазбаша түрде жасалуға тиiс.
1-1. Мәміленің жазбаша нысаны қағаз жеткізгіште немесе электрондық нысанда жасалады.
2. Егер iскерлiк қызмет өрiсiнiң әдеттегi құқықтарынан өзгеше туындамаса, жазбаша түрде жасалған мәмiлеге тараптар немесе олардың өкiлдерi қол қоюға тиiс.
Егер заңдарға немесе мәмiлеге қатысушылардың бiрiнiң талаптарына қайшы келмесе, мәмiле жасау кезiнде қол қоюдың факсимилелiк көшiрме, электрондық цифрлық қолтаңба құралдарын пайдалануға жол берiледi.
3. Екiжақты мәмiлелер әрқайсысына өзiн жасаған тараптар қол қойған құжаттарды алмасу арқылы жасалуы мүмкiн.
Хат, жеделхат, телефонжазба, телетайпжазба, факс, электрондық құжаттар, электрондық хабарлар немесе субъектiлердi және олардың ерiк бiлдiруiнiң мазмұнын айқындайтын өзге де құжаттар алмасу, егер заңдармен немесе тараптардың келiсiмiмен өзгеше белгiленбесе, жазбаша түрде жасалған мәмiлеге теңестiрiледi.
Қазақстан Республикасының заңдарында және (немесе) тараптардың бірінің талап етуі бойынша қосымша талаптар белгiленуi мүмкiн, оларға мәмiле нысаны, атап айтқанда белгiлі бір нысандағы бланкiде жасау, егер заңды тұлғаның Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мөрі болуға тиіс болса, аталған тұлғаның мөрімен бекемдеу сәйкес келуге тиіс.
4. Егер азамат дене кемтарлығы, науқастығы немесе сауатсыздығы салдарынан өзi қол қоя алмаса, оның өтiнiшi бойынша мәмiлеге басқа азамат қол қоя алады. Соңғысының қойған қолын, егер заңдарда өзгеше көзделмесе, нотариат немесе сондай нотариалдық әрекет жасау құқығы бар басқа лауазымды адам, мәмiле жасаушының өзi қол қоя алмаған себептердi көрсете отырып, куәландыруға тиiс.
5. Жазбаша түрде жасалған мәмiленi орындаған тарап екiншi тараптан оның орындалғанын растайтын құжат талап етуге құқылы.
Мәмiлелердi жасау кезiнiң өзiнде орындалатындарынан басқа, ауызша кәсiпкерлiк мәмiленi орындаған тараптың да осындай құқығы бар.
Ескерту. 152-бапқа өзгерістер енгiзiлдi - ҚР 1998.03.02. N 211, 2003.01.08 N 372; 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 24.11.2015 № 419-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 27.02.2017 № 49-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 24.05.2018 № 156-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Достарыңызбен бөлісу: |