204-бап. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық көмек көрсету мақсаттары
Мыналар:
1) аурулардың диагностикасы мен емдеу;
2) созылмалы аурулардың асқынуларын, ағзалар мен тіндердің зақымдарын бақылау;
3) аурулардың ерте сатыларда өршуінің және олардың салдарының алдын алу;
4) жүктілік және босану кезіндегі медициналық күтім;
5) пациенттерде өз денсаулығын бақылау дағдыларын қалыптастыру;
6) терминалды (түпкілікті) ауру сатысындағы жазылмайтын науқастарға медициналық күтім тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық көмек көрсетудің мақсаттары болып табылады.
205-бап. Денсаулық сақтау саласындағы ең төменгі әлеуметтік стандарттар
Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі, халыққа көрсетілетін денсаулық сақтау қызметтерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету «Ең төменгі әлеуметтік стандарттар және олардың кепілдіктері туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес денсаулық сақтау саласындағы ең төменгі әлеуметтік стандарттар болып табылады.
206-бап. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмек
1. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде:
1) мыналар:
тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде профилактикалық қарап-тексерулерді қоспағанда, уәкілетті орган белгілеген тәртіппен және кезеңділікпен профилактикалық медициналық
қарап-тексерулерді;
алғашқы медициналық-санитариялық көмек дәрігерлердің жолдамасы бойынша бейінді мамандардың қабылдаулары мен консультацияларын;
созылмалы аурулары бар адамдарды уәкілетті орган белгілеген тәртіппен және кезеңділікпен бейінді мамандардың динамикалық байқауын;
уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша халықтың жекелеген санаттарына шұғыл және жоспарлы нысанда стоматологиялық көмек көрсетуді;
диагностикалық қызметтерді, оның ішінде уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша зертханалық диагностиканы қамтитын амбулатория жағдайындағы мамандандырылған медициналық көмек;
2) стационарды алмастыратын жағдайларда мамандандырылған, оның ішінде жоғары технологиялы медициналық көмек (тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде ауруларды емдеу жағдайларын қоспағанда);
3) стационар жағдайында жоспарлы нысанда мамандандырылған, оның ішінде жоғары технологиялы медициналық көмек (тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде ауруларды емдеу жағдайларын қоспағанда);
4) шұғыл нысанда стационар жағдайындағы мамандандырылған көмек, оның ішінде тәулік бойы стационар жағдайында емдеуді талап етпейтін, диагноз белгіленгенге дейін тәулік бойы стационардың қабылдау бөлімінде емдік-диагностикалық іс-шараларды жүргізу (тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде ауруларды емдеу жағдайларын қоспағанда);
5) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберіндегі жағдайларды қоспағанда, негізгі ауруды емдеу кезінде қалпына келтіру емі және медициналық оңалту, сондай-ақ кеш қалпына келтіру кезеңінде қалпына келтіріп емдеу және медициналық оңалту;
6) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кірмейтін патологиялық-анатомиялық диагностика ұсынылады.
2. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету кезінде дәрілік заттармен, медициналық бұйымдармен, мамандандырылған емдік өнімдермен, иммундық-биологиялық препараттармен қамтамасыз ету:
1) денсаулық сақтау ұйымдарының дәрілік формулярларына сәйкес стационар және стационарды алмастыратын жағдайда мамандандырылған, оның ішінде жоғары технологиялы медициналық көмек;
2) уәкілетті орган бекітетін белгілі бір аурулары (жай-күйлері) бар азаматтардың жекелеген санаттарына арналған дәрілік заттар, медициналық бұйымдардың тізбесіне сәйкес амбулатория жағдайында алғашқы медициналық-санитариялық және мамандандырылған медициналық көмек көрсету кезінде жүзеге асырылады.
3. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету кезінде денсаулық сақтау субъектілері Қазақстан Республикасында тіркелген, Қазақстандық ұлттық дәрілік формулярға енгізілген дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды, бейімделген емдік өнімдерді, иммундық-биологиялық препараттарды пайдаланады.
Уәкілетті орган айқындаған тәртіппен нақты бір пациенттің өмірлік көрсетілімі бойынша медициналық көмек көрсету не сирек (орфандық) аурулары және (немесе) жай-күйлері бар пациенттердің шектелген контингентіне медициналық көмек көрсету үшін Қазақстан Республикасында тіркелмеген дәрілік заттарды және медициналық бұйымдарды қолдануға жол беріледі.
4. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде денсаулық сақтау субъектілерінен көрсетілетін қызметтерді сатып алуды әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жүзеге асырады.
5. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде шығындарды өтеуді (көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу) әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жүзеге асырады.
6. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде шарттар жасасуға басым құқыққа аккредиттелген денсаулық сақтау ұйымдары ие болады.
207-бап. Ерікті медициналық сақтандыру шеңберіндегі медициналық көмек
Ерікті медициналық сақтандыру тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне енгізілген медициналық көрсетілетін қызметтерді және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмектің көлемін, сондай-ақ шығыстарын сақтандыру компаниясы өтейтін қосымша бағдарламаларды алуға мүмкіндік беретін жеке сақтандыру түрі болып табылады.
Ерікті медициналық сақтандыру бағдарламасы:
сақтандырушы жалпы сақтандыру сомасын немесе көрсетілетін медициналық қызметтердің әрбір түрі бойынша жекелеген сақтандыру сомаларын көрсете отырып, ақы төлейтін ерікті сақтандыру шартының шеңберіндегі медициналық көрсетілетін қызметтердің;
сақтандырушы (сақтандырылған) медициналық көрсетілетін қызметтер алатын денсаулық сақтау ұйымдарының тізбесін көздейді.
Медициналық көрсетілетін қызметтердің тізбесін сақтандыру ұйымы сақтандырушымен (сақтандырылған) келісу бойынша белгілейді.
208-бап. Ақылы қызметтерді көрсету және өзге де көздер есебінен ұсынылатын медициналық көмек
1. Ақылы негізде ұсынылатын медициналық көмекті (ақылы медициналық көрсетілетін қызметтер) денсаулық сақтау субьектілері шарттық негізде денсаулық сақтау саласындағы стандарттарға сәйкес көрсетеді.
2. Ақылы медициналық қызметтерді қалыптастыру көздері азаматтардың өз қаражаты, ерікті медициналық сақтандыру қаражаты, жұмыс берушілердің қаражаты және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер болып табылады.
3. Ақылы медициналық көрсетілетін қызметтер адамдарға:
1) пациенттердің бастамасы бойынша, оның ішінде алғашқы медициналық-санитариялық көмек және денсаулық сақтау ұйымдары мамандарының жолдамасыз медициналық-санитариялық алғашқы көмек, диагностикалық және емдік қызметтер көрсету;
2) денсаулық сақтау ұйымдарының дәрілік формулярына енгізілмеген дәрілік заттармен емдеу;
3) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмектің тізбесіне кірмейтін медициналық зерттеулер жүргізу;
4) тиісті жолдамасыз санаторийлік-курорттық ұйымдарда көрсетілетін қалпына келтіру емі және медициналық оңалту;
5) медициналық көрсетімдерсіз медициналық-генетикалық зерттеулер;
6) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде көзделмеген және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі үстінен медициналық зерттеп-қарау;
7) шарт бойынша, оның ішінде ерікті медициналық сақтандыру бойынша медициналық көмек көрсету;
8) осы Кодекстің 86-бабының 1 және 2-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға медициналық көмек көрсету кезінде ұсынылады.
4. Ақылы медициналық емес көрсетілетін қызметтер адамдарға қосымша сервистік көрсетілетін қызметтер (жайлылығы жоғары палаталарда болуды қоса алғанда, қосымша тұрмыстық және сервистік қызметтер; медициналық көрсетімдерге негізделмеген қосымша күтім; қосымша тамақтандыру; палаталар мен кабинеттерді медициналық емес жабдықтың қосымша түрлерімен жарақтандыру: телефон, теледидар, ұйымдық техника, тоңазытқыш; көлік және басқа да көрсетілетін қызметтер) кезінде ұсынылады.
5. Ақылы көрсетілетін қызметтердің түрлерін және оларға арналған бағалар прейскурантын денсаулық сақтау субъектілері көрнекі ақпарат, оның ішінде интернет-ресурстар арқылы халықтың назарына жеткізеді.
6. Ақылы қызметтер көрсету кезінде денсаулық сақтау субъектілері уәкілетті орган бекіткен нысандар бойынша денсаулық сақтау жүйесінің медициналық ақпараттық жүйелерінде бастапқы есепке алу және есептілік құжаттамасын жүргізуді жүзеге асырады.
7. Денсаулық сақтау ұйымы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен олар жүгінген сәттен бастап адамдарға уақытылы және сапалы ақылы медициналық қызметтер көрсеткені үшін жауапты болады.
8. Денсаулық сақтау субъектілерінің ақылы қызметтер көрсету тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
9. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде көрсетілетін медициналық көмекті ақылы негізде ұсынуға тыйым салынады.
24-тарау. Донорлық және транспланттау
1-параграф. Қан және оның құрамбөліктерінің донорлығы
209-бап. Донорлық, қан, оның құрамбөліктерін және қан препараттарын дайындау
1. Донорлық функцияны жүзеге асыру арқылы азаматтардың денсаулығын сақтауға донорлардың ерікті түрде қатысуы қанның, оның құрамбөліктерінің донорлығы болып табылады.
2. Донорлық функцияны жүзеге асыру үшін донорларды тарту өтеусіз немесе өтеулі негізде жүргізіледі.
Өтеулі негізде донорларды тарту донорлық функцияны өтеусіз негізде орындайтын донорлар болмаған кезде жүзеге асырылады.
3. Қан және оның құрамбөліктерін дайындау процесі мыналарды:
1) донор қанын алу процесі болып табылатын қан донациялауды;
2) жекелеген қан құрамбөліктерін (плазмалар, жасушалар) алу процесі болып табылатын қан құрамбөліктерін донациялауды қамтиды.
4. Қанды дайындау және қайта өңдеу процесінде:
1) қанның одан жасушалар және жасушасыз орта құрамбөліктері түрінде бөлінген қанның құрамдас бөліктері болып табылатын қан құрамбөліктері;
2) қан құрамбөліктерін қайта өңдеу кезінде алынған дәрілік заттар болып табылатын қан препараттары алынады.
210-бап. Донорлық, қанды, оның құрамбөліктерін дайындау мен қан препараттарын өндіру саласындағы қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдары мен өзге де ұйымдар
1. Аллогенді донорлардан қанды, оның құрамбөліктерін дайындауды, өңдеуді, сақтауды және өткізуді тиісті лицензиясы бар мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдары жүзеге асырады.
2. Қан препараттарын өндіруді тиісті лицензиясы бар ұйымдар жүзеге асырады.
3. Донорлық, қанды, оның құрамбөліктері мен препараттарын дайындау саласындағы қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдары мен өзге де ұйымдар олардың сапасы үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жауаптылықта болады, сондай-ақ қанды, оның құрамбөліктерін мынадай мақсаттар:
1) клиникалық қолдану;
2) қан препараттарын өндіру;
3) ин витро диагностикасы үшін реагенттер және (немесе) медициналық бұйымдарға шығыс материалдарын (оның ішінде клиникалық қолдануға жарамсыз қан құрамбөліктерінен) дайындау үшін өткізеді.
4. Қазақстан Республикасының аумағында төтенше немесе соғыс жағдайы енгізілген жағдайда, донорлықты ұйымдастыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
211-бап. Донорлық қанның, оның құрамбөліктері мен препараттарының қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз ету
1. Донорлық қанның, оның құрамбөліктері мен препараттарының қауіпсіздігі уәкілетті орган бекіткен донорларды медициналық куәландыруға, медициналық қолдану үшін қан өнімдерін өндіру кезіндегі қауіпсіздікке және сапаға қойылатын белгіленген талаптарды сақтау арқылы қамтамасыз етіледі.
Қан қызметі саласында қызметті жүзеге асыратын ұйымдарда орындалатын зертханалық зерттеулер сапасына бағалау жүргізуді уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен республикалық қан қызметінің референс-зертханасы жүзеге асырады.
Республикалық қан қызметінің референс-зертханасы туралы ережені уәкілетті орган бекітеді.
2. Тиісінше таңбаланбаған донорлық қанды, оның құрамбөліктерін, препараттарын пайдалануға және өткізуге тыйым салынады.
3. Донорлық қанды, оның құрамбөліктерін және препараттарын құюды жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдары мен медицина қызметкерлері оларды қауіпсіз қолдану жөніндегі тиісті талаптардың, сондай-ақ трансфузиялық көмек көрсету тәртібінің сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.
212-бап. Донорлардың құқықтары мен міндеттері
1. Он сегіз жасқа толған, тиісті медициналық куәландырудан өткен және қарсы көрсетілімдері жоқ, медициналық мақсаттарда қан және оның құрамбөліктерін донациялауды жүзеге асыруға ерікті түрде ниет білдірген жеке тұлға донор болуға құқылы.
2. Донор:
1) қан мен оның құрамбөліктерін донациялауды өтеусіз жүзеге асыруға;
2) қан мен оның құрамбөліктерін уәкілетті орган белгілеген мөлшерде ақылы донациялауды жүзеге асыруға;
3) медициналық зерттеп-қарау нәтижелерімен танысуға;
4) осы Кодекске сәйкес көтермеленуге құқылы.
3. Донор қазіргі немесе бұрын ауырған барлық аурулары туралы өзіне белгілі мәліметтерді, сондай-ақ есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестер мен прекурсорларды пайдаланғаны туралы хабарлауға міндетті.
213-бап. Донорды медициналық зерттеп-қарау
1. Қан мен оның құрамбөліктерін донациялау алдында донор тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен міндетті түрде тегін медициналық зерттеп-қараудан өтеді.
2. Донорлық функцияны жүзеге асыру үшін денсаулық жағдайы туралы анықтамалар мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында тегін негізде беріледі.
3. Қан және оның құрамбөліктерінің донорын медициналық куәландыруы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жүзеге асырылады.
214-бап. Жұмыс берушілер мен ұйымдардың қан және оның құрамбөліктерінің донорлығын дамыту бойынша донорға берілетін кепілдіктері, құқықтары мен міндеттері
1. Қызметкер медициналық зерттеп-қарау және қан және (немесе) оның құрамбөліктерін донациялау кезінде жұмыс күндері орташа жалақысы сақтала отырып, жұмыстан босатылады.
2. Өтеусіз негізде қанды және (немесе) оның құрамбөліктерін донациялауды жүзеге асырған донорға орташа жалақысы сақтала отырып, қосымша бір демалыс күн беріледі, бұл жыл сайынғы еңбек демалысына қосылуы мүмкін. Осы кепілдіктер донациялау кезінен бастап бір жыл бойы жарамды.
Қанды және (немесе) оның құрамбөліктерін донациялау болмаған кезде қосымша демалыс күні берілмейді.
3. Егер донор болып табылатын қызметкер жұмыс берушімен келісім бойынша қанды және (немесе) оның құрамбөліктерін донациялау күндері жұмысқа шықса, оның орташа айлық жалақысы сақтала отырып, өзінің қалауы бойынша басқа демалыс күні беріледі не бұл күн жыл сайынғы еңбек демалысына қосылуы мүмкін.
4. Донор болып табылатын қызметкерді қанды және (немесе) оның құрамбөліктерін донациялау күндері түнгі уақыттағы жұмыстарға, үстеме жұмыстарға, ауыр жұмыстарға, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарға тартуға жол берілмейді.
5. Донор болып табылатын әскери қызметшілер, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері, сондай-ақ студенттер (оқушылар) қанды және (немесе) оның құрамбөліктерін донациялау күндері нарядтарда, вахталарда тұрудан және қызметтің басқа да түрлерін атқарудан және оқу-тәрбие процесінен босатылады.
6. Донорларды көтермелеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
7. Қанның және (немесе) оның құрамбөліктерінің донациясын өтеусіз негізде жүзеге асырған донор қанның және (немесе) оның құрамбөліктерін донациялағаннан кейін өз қанының көлемі мен организмінің энергетикалық шығындарын толтыру үшін таңдауы бойынша тегін тамақ не уәкілетті орган белгілейтін мөлшерде оның ақшалай баламасын алады.
Қанды және (немесе) оның құрамбөліктерін донациялау болмаған кезде қанның және (немесе) оның құрамбөліктерін донациялағаннан кейін өз қанының көлемі мен организмінің энергетикалық шығындарын толтыру үшін тегін тамақ не оның ақшалай баламасы берілмейді.
8. Қан және оның құрамбөліктерінің донациясын ақылы негізде орындаған қанның, оның құрамбөліктерінің донорына қанды, оның құрамбөліктерін дайындау саласында қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымы уәкілетті орган белгілейтін тәртіппен және мөлшерде ақы төлейді. Қан және оның құрамбөліктерінің донациясын ақылы негізде орындайтын донорларға ақы төлеу тәртібін, өлшемшарттары мен мөлшерлерін уәкілетті орган белгілейді.
9. Жұмыс берушілер мен ұйымдардың басшылары донорлықты дамытуды қамтамасыз ететін жағдайлар жасау мақсатында:
1) денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдарына, мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарына Қазақстан Республикасының азаматтарын донорлар қатарына тартуда жәрдемдесуге;
2) қанның, оның құрамбөліктерін алу үшін қажетті үй-жайларды өтеусіз беруге және жағдай жасауға;
3) донор болып табылатын қызметкерді зерттеп-қарау және қанның, оның құрамбөліктерін донациялау күні жұмыстан кедергісіз босатуға;
4) донор болып табылатын қызметкерге осы Кодексте белгіленген кепілдіктерді беруге міндетті.
10. Жұмыс берушілер мен ұйымдар басшыларының донорларды қосымша көтермелеуге құқығы бар.
2-параграф. Ағзаларды (ағзалардың бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) транспланттау
215-бап. Ағзаларды (ағзалардың бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) транспланттау және оларды алу шарттары
1. Адам, адамның мәйiтi немесе жануар ағзаларды (ағзалардың бөлiктерін) және (немесе) тiндердi (тіннің бөліктерін) транспланттау бойынша донорлар болуы мүмкiн.
2. Адамның ағзаларын (ағзалардың бөлiктерін) және (немесе) тiндерін (тіннің бөліктерін) мәжбүрлеп алуға және оларды ауыстырып салуға тыйым салынады.
3. Адамның ағзаларын (ағзалардың бөлiктерін) және (немесе) тiндерін (тіннің бөліктерін) сатып алуға-сатуға тыйым салынады. Сатып алу фактісі анықталған жағдайда, жауапкершілік Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалады.
4. Реципиентпен туыстық байланыстағы немесе онымен тіні үйлесетін адам транспланттау бойынша тірі донор болуы мүмкін.
5. Тiрi донор жан-жақты медициналық зерттеп-қараудан өтуге және өзiнен ағзаларды (ағзалардың бөлiктерін) және (немесе) тiндердi (тіннің бөліктерін) алуға болатындығы туралы консилиумның қорытындысын алуға тиiс.
6. Кәмелетке толмаған немесе әрекетке қабiлетсiз адам болып табылатын адамнан ағзаларды (ағзалардың бөлiктерін) және (немесе) тiндердi (тіннің бөліктерін) алуға тыйым салынады.
7. Тірі донордан ағзаларды (ағзалардың бөлiктерін) және (немесе) тiндердi (тіннің бөліктерін) алу гемопоэздік дің жасушаларын қоспағанда, оның нотариат куәландырған жазбаша келiсуімен ғана жүзеге асырылуы мүмкiн.
8. Егер алу кезінде денсаулық сақтау ұйымына осы адам тірі кезінде немесе заңды өкілдері ол өлгеннен кейін оның ағзаларын (ағзалардың бөлiктерін) және (немесе) тiндерін (тіннің бөліктерін) уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен реципиентке транспланттау үшін алуға келіспейтінін мәлімдегені туралы хабарланған болса, мәйіттен ағзаларды (ағзалардың бөлiктерін) және (немесе) тiндердi (тіннің бөліктерін) алуға жол берілмейді.
Егер консилиум тіркеген өлім фактісінің даусыз дәлелдемелері болса, мәйіттен транспланттау үшін ағзалар (ағзалардың бөлiктері) және (немесе) тiндер (тіннің бөліктері) алынуы мүмкін.
Өлім туралы қорытынды биологиялық өлімнің немесе бас миының біржола семуінің (мидың өлімінің) расталуы негізінде уәкілетті орган айқындаған тәртіппен беріледі.
9. Транспланттау үшін жұп ағзаның бірі, олардың болмауы денсаулықтың біржола бұзылуына әкеп соқтырмайтын ағзаның бір бөлігі немесе тін ғана алынуы мүмкін.
10. Кейіннен транспланттау үшін ағзаларды (ағзалардың бөлiктерін) және (немесе) тiндердi (тіннің бөліктерін) алуды қамтамасыз ететін адамдардың биологиялық өлімді немесе бас миының біржола семуін растауға қатысуына тыйым салынады.
11. Ағзаларды (ағзалардың бөлiктерін) және (немесе) тiндердi (тіннің бөліктерін) транспланттауды қамтамасыз ету үшін:
ағзаларды (ағзалардың бөлiктерін) және (немесе) тiндердi (тіннің бөліктерін) транспланттауды күту парағы;
ағзалар (ағзалардың бөлiктері) және (немесе) тiндер (тіннің бөліктері) реципиенттерінің;
ағзалар (ағзалардың бөлiктері) және (немесе) тiндер (тіннің бөліктері) донорларының;
өлгеннен кейін оның ағзаларын (ағзалардың бөлiктерін) және (немесе) тiндерін (тіннің бөліктерін) донорлығына қарсы адамдар тіркелімі қалыптастырылады.
12. Ағзалар (ағзалардың бөлiктері) және (немесе) тiндер (тіннің бөліктері) реципиенттерінің, сондай-ақ ағзалар (ағзалардың бөлiктері) және (немесе) тiндер (тіннің бөліктері) донорларының, өлгеннен кейін оның ағзаларының (ағзалардың бөлiктерін) және (немесе) тiндерінің (тіннің бөліктерін) донорлығына қарсы адамдар тіркелімдерін қалыптастыру және жүргізу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
216-бап. Ағзаларды (ағзалардың бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) транспланттау тәртібі
1. Ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөліктерін) транспланттау қажеттілігі туралы медициналық қорытындыны тиісті денсаулық сақтау ұйымының консилиумы береді.
2. Денсаулығының жай-күйі бойынша дұрыс шешім қабылдауға қабілетсіз реципиентке ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөліктерін) транспланттау оның жұбайының (зайыбының) не жақын туыстарының бірінің немесе заңды өкілдерінің келісуімен жүргізіледі.
Транспланттау жүргізуді кешеуілдету реципиент өміріне қауіп төндіретін, ал осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген адамдар болмаған немесе олардың тұрған жері жоқ немесе оны анықтау мүмкін болмаған айрықша жағдайларда транспланттауды жүргізу туралы шешімді дәрігерлер консилиумы, ал оны жинау мүмкін болмаған жағдайда транспланттауды жүзеге асыратын дәрігер медициналық құжаттамаға жазбаларды ресімдей отырып және ол туралы кейіннен бір тәулік ішінде денсаулық сақтау ұйымының лауазымды адамдарын хабардар ете отырып қабылдайды.
3. Донордан ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөліктерін) транспланттау тыйым салынатын аурулардың тізбесін уәкілетті орган бекітеді.
4. Ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) және тіндерді (тіннің бөліктерін) алу, консервациялау, дайындау, сақтау, тасымалдау және ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) және тіндерді (тіннің бөліктерін) транспланттау тиісті мамандық бойынша медициналық қызметті жүзеге асыруға лицензия болған кезде денсаулық сақтау ұйымдарында жүзеге асырылады.
Осы тармақ меншік нысанына және ведомстволық тиістілігіне қарамастан тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде, сондай-ақ пациенттердің өз қаражаты есебінен және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де қаражаттар есебінен ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөліктерін) транспланттауды орындауға үміткер денсаулық сақтау ұйымдарына қолданылады.
5. Транспланттау мақсатында мәйіттен ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) және тіндерді (тіннің бөліктерін) алу және консервациялау уәкілетті орган айқындайтын транспланттау жөніндегі үйлестіру орталығымен келісім бойынша донор ұйымында жүргізіледі.
Транспланттау мақсатында мәйіттен көру ағзаларын алу және консервациялау да сот-медициналық сараптама ұйымдарында уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен сот-медициналық сараптама органдарымен келісім бойынша жүргізіледі.
6. Ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) және тіндерді (тіннің бөліктерін) алу, дайындау, сақтау, консервациялау, тасымалдау, донордан реципиентке транспланттау жүргізу тәртібі мен шарттарын уәкілетті орган айқындайды.
7. Денсаулық сақтау субъектілері стационарға жүгінген, түскен немесе жарақаттың және (немесе) мидың қан айналымының жіті бұзылысы себебі бойынша кома жағдайында емделудегі адамдар туралы мәліметті келіп түскен немесе комаға түскен сәттен бастап, уәкілетті орган айқындайтын транспланттау жөніндегі үйлестіру орталығына, сондай-ақ денсаулық сақтау субъектісінің орналасқан жері бойынша транспланттауды үйлестірушіге жедел хабарлауға міндетті.
Денсаулық сақтау субъектілерінің басшылары аталған норманы орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жауапты болады.
8. Денсаулық сақтау субъектілерінің осы баптың 7-тармағын іске асыруын бақылауды жергілікті мемлекеттік денсаулық сақтауды басқару органы және медициналық көрсетілетін қызметтердің (көмектің) сапасы саласындағы мемлекеттік орган жүзеге асырады.
9. Осы бап ұрпақты болу тіндерін (жыныстық жасушаларды) қамтитын, адамның өсіп-өну процесіне қатысы бар ағзаларға (ағзалардың бөліктеріне) және (немесе) тіндерге (тіннің бөліктеріне), сондай-ақ қанға, оның құрамбөліктеріне, гемопоэздік дің жасушаларына, биомедициналық мақсаттарда пайдалану үшін адам және (немесе) жануар организмінің жасушаларына қолданылмайды.
Достарыңызбен бөлісу: |