157-бап. Сот-медициналық, сот-психиатриялық және сот-наркологиялық сараптама
1. Сот-медициналық, сот-психиатриялық және сот-наркологиялық сараптама тағайындау және өндірісінің процесстік тәртібі Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процесстік кодексімен, Қазақстан Республикасының Азаматтық процесстік кодексімен, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексімен белгіленген.
2. Сот сараптамасының аталған түрлерін ұйымдастыру және сот-сараптамалық зерттеулер жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасының сот-сараптама қызметі туралы заңнамамен белгіленген.
158-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілері мен азаматтарының жекелеген санаттарына медициналық көмек көрсету
1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілері мен азаматтарының жекелеген санаттарына медициналық көмек көрсету Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы бекіткен тізбеге сәйкес жүзеге асырылады.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген адамдарға медициналық көмек:
1) осы Кодекске сәйкес тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде;
2) «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде;
3) Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы айқындайтын түрлер мен көлемдер бойынша бюджет қаражаты есебінен көрсетіледі.
3. Осы баптың 2-тармағының 1) және 2) тармақшаларына сәйкес медициналық көмек көрсеткені үшін ақы төлеуді әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жүзеге асырады.
4. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген адамдар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде өзге де денсаулық сақтау субъектілерінде медициналық көмек алуға құқылы.
159-бап. Бас бостандығы шектелген, соттың үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жүрген, ұсталған, қамауға алынған және арнаулы мекемелерге орналастырылған адамдарға медициналық көмек көрсету
Бас бостандығы шектелген, сондай-ақ соттың үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жүрген, ұсталған, қамауға алынған және арнаулы мекемелерге орналастырылған адамдарға медициналық көмек уәкілетті органмен келісім бойынша ішкі істер органдары айқындайтын тәртіппен көрсетіледі. Аталған адамдар медициналық көмек алу кезінде Қазақстан Республикасы азаматтарының жоғарыда келтірілген барлық құқықтарын пайдаланады.
160-бап. Спортшылар мен жаттықтырушыларға медициналық көмек көрсету
1. Спортшылар мен жаттықтырушыларды медициналық қамтамасыз ету және оларға медициналық көмек көрсету уәкілетті органның келісімі бойынша дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган бекітетін спорттық іс-шараларды өткізу кезінде, спортшылардың қарқынды дене жүктемелерінен, ауруларынан және жарақаттануларынан кейін қалпына келтіру іс-шаралары кезеңінде спортшылар мен жаттықтырушыларды медициналық қамтамасыз ету және оларға медициналық көмек көрсету қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Медициналық тексеріп-қараудан өтпеген спортшылар уәкілетті органның келісімі бойынша дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган бекітетін спорттық жарыстарға қатысу үшін спортшыларды медициналық қарап-тексеру қағидаларына сәйкес спорттық жарыстарға жіберілмейді.
3. Спорттық медицина ұйымдары денсаулық сақтау ұйымдарына жатады.
19-тарау. Денсаулық сақтау саласындағы жекелеген қатынастарды реттеу
161-бап. Хирургиялық араласу, қанды, оның құрамбөліктерін құю және диагностиканың инвазиялық әдістерін қолдану тәртібі
1. Хирургиялық араласу, қанды, оның құрамбөліктерін құю және диагностиканың инвазиялық әдістерін қолдану хабардар етілген пациенттердің келісімімен қолданылады.
Сот әрекетке қабілетсіз деп таныған психикасының бұзылушылығы (аурулары) бар адамдарға және кәмелетке толмағандарға хирургиялық араласу, қанды және оның құрамбөліктерін құю, диагностиканың инвазиялық әдістері олардың хабардар етілген заңды өкілдерінің жазбаша келісімімен жүргізіледі.
2. Медицина қызметкерлері тіршілік көрсеткіштері бойынша хирургиялық араласуға кірісіп кеткен және оны тоқтату пациенттің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруіне байланысты мүмкін болмаған жағдайларды қоспағанда, келісім кері қайтарып алынуы мүмкін.
3. Хирургиялық араласуды, қан және оның құрамбөліктерін құюды, диагностиканың инвазиялық әдістерін қолдануды кідірту пациенттің өміріне қауіп төндіретін, ал пациенттің немесе оның заңды өкілдерінің келісімін алу мүмкін болмаған жағдайларда, емдеуші дәрігер немесе консилиум пациентті немесе оның заңды өкілдерін қабылданған шаралар туралы кейіннен хабардар ете отырып, шешім қабылдайды.
162-бап. Ұрпақты болудың қосалқы әдістері мен технологиялары
1. Ұрпақты болудың қосалқы әдістері мен технологиялары – қолдану кезінде ұрықтанудың және эмбриондардың ерте дамуының жекелеген немесе барлық кезеңдері ана организмінен тыс жүзеге асырылатын (оның ішінде донорлық және (немесе) криоконсервацияланған жыныстық жасушаларды, ұрпақты болу ағзаларының тіндері мен эмбриондарды, сондай-ақ суррогат ана болуды пайдалана отырып) бедеулікті емдеу әдістері (жасанды инсеминациялау, жасанды ұрықтандыру және эмбриондарды импланттау).
2. Некеде тұратын әйел мен ер адамның медициналық араласуға екіжақты хабардар етілген ерікті түрдегі келісімі болған кезде ұрпақты болудың қосалқы әдістері мен технологияларын қолдануға құқығы бар.
3. Некеде тұрмайтын әйелдің немесе ер адамның медициналық араласуға хабардар етілген келісімі болған кезде ұрпақты болудың қосалқы әдістері мен технологияларын қолдануға құқығы бар.
4. Ұрпақты болудың қосалқы әдістері мен технологияларын жүргізудің тәртібі мен шарттарын уәкілетті орган айқындайды.
5. Жыныспен байланысты аурулардың тұқым қуалау мүмкіндігі болған жағдайларды қоспағанда, ұрпақты болудың қосалқы әдістері мен технологияларын пайдалану кезінде болашақ баланың жынысын таңдауға жол берілмейді.
6. Адамның эмбрионын коммерциялық, әскери және өнеркәсіптік мақсаттар үшін пайдалануға болмайды.
7. Қазақстан Республикасынан жыныстық жасушаларды, адам эмбрионын коммерциялық, әскери немесе өнеркәсіптік мақсаттарда әкетуге жол берілмейді.
163-бап. Клондау
Қазақстан Республикасында адамды клондауға - генетикалық жағынан бірдей түрлерді өсіруге тыйым салынады.
164-бап. Суррогат ана болу кезіндегі медициналық көмек
1. Суррогат ана болу сыйақы төлене отырып, суррогат ана мен ерлі-зайыптылар арасындағы шарт бойынша балаға (балаларға) жүкті болуды және мерзiмiнен бұрын босану жағдайларын қоса алғанда, бала (балалар) тууды бiлдiредi.
2. Медициналық-генетикалық зерттеп-қараудың нәтижелерін қоса алғанда, психикалық, соматикалық және ұрпақты болу денсаулығының қанағаттанарлық жай-күйі туралы медициналық қорытындыны алған жиырма жастан отыз бес жасқа дейінгі әйелдер суррогат ана бола алады.
3. Суррогат ананың, ықтимал ата-аналардың құқықтары мен міндеттері, баланың құқықтары және келісім жасасу тәртібі Қазақстан Республикасының неке-отбасы туралы заңнамасымен реттеледі.
165-бап. Жыныстық жасушалардың, ұрпақты болу ағзалары тінінің донорлығы
1. Он сегіз жастан отыз бес жасқа дейінгі, тәні мен психикасы сау, медициналық-генетикалық зерттеп-қараудан өткен азаматтардың жыныстық жасушалардың, ұрпақты болу ағзалары тінінің донорлары болуға құқығы бар.
2. Донорлардың өздерінің донорлық жыныстық жасушаларының, ұрпақты болу ағзалары тінінің кейінгі тағдыры туралы ақпаратқа құқығы жоқ.
3. Жыныстық жасушалардың, ұрпақты болу ағзалары тінінің донорлығын жүргізу тәртібі мен шарттарын уәкілетті орган айқындайды.
166-бап. Контрацепцияны пайдалану
1. Азаматтардың контрацепция, оның ішінде медициналық контрацепция әдістері мен құралдарын таңдауға, сондай-ақ олардан бас тартуға құқығы бар.
2. Азаматтарға денсаулығының жай-күйін, жасын және өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып, контрацепцияның қолайлы әдістері мен құралдарын жеке іріктеу жөніндегі медициналық көмек көрсетіледі.
167-бап. Жүктілікті жасанды түрде үзу
1. Әйелдің жүктілікті жасанды түрде үзуге құқығы бар.
2. Жүктілікті жасанды түрде үзу әйелдің қалауы бойынша жүктіліктің он екі аптаға дейінгі мерзімінде жасалады.
Жүктілікті жасанды түрде үзудің алдын алу мақсатында дәрігерлер моральдық-этикалық, психологиялық және физиологиялық теріс салдарды, ықтимал асқынуларды түсіндіруге бағытталған әңгімелер өткізуге міндетті.
3. Әлеуметтік көрсетілімдер бойынша жүктілікті жасанды түрде үзу жүктіліктің жиырма екі аптаға дейінгі мерзімінде, ал жүкті әйелдің және (немесе) шарананың өміріне қауіп төндіретін медициналық көрсетілімдер болған кезде (шарананың дамуы мен жай-күйінің өмірмен сыйыспайтын туа біткен кемістігі түзелмейтін монотектік генетикалық аурулар болған кезде) - жүктіліктің мерзіміне қарамастан жасалады.
4. Кәмелетке толмаған адамның жүктілікті жасанды түрде үзуі олардың ата-аналарының немесе өзге де заңды өкілдерінің келісімімен жүргізіледі.
5. Заң белгілеген тәртіппен әрекетке қабілетсіз деп танылған кәмелетке толмаған адамның жүктілікті жасанды түрде үзуі, егер ол өзінің жай-күйі бойынша өз қалауын білдіре алмаса, оның заңды өкілінің өтініші бойынша қабылданатын сот шешімі бойынша және заң белгілеген тәртіппен әрекетке қабілетсіз деп танылған кәмелетке толмаған адамның қатысуымен мүмкін болады.
6. Медициналық ұйымдарда әйелдің қалауы бойынша жүктілікті жасанды түрде үзуге дейін және одан кейін, контрацепция әдістері мен құралдарын жеке іріктеуді қоса алғанда, медициналық-әлеуметтік консультация өткізіледі.
7. Жүктілікті жасанды түрде үзудің тәртібін, медициналық және әлеуметтік көрсетілімдер, сондай-ақ қарсы көрсетілімдер тізбесін уәкілетті орган айқындайды.
8. Жүктілікті жасанды түрде үзуді заңсыз жүргізу Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жауапкершілікке алып келеді.
168-бап. Хирургиялық стерилизациялау
1. Қаламаған жүктіліктің алдын алу әдісі ретінде хирургиялық стерилизациялау отыз бес жастан асқан немесе кемінде екі баласы бар пациенттерге қатысты, ал медициналық көрсетілімдер мен кәмелеттік жастағы азаматтың келісімі болған жағдайда - жасына және балаларының бар-жоғына қарамастан жасалуы мүмкін.
2. Хирургиялық стерилизациялауды осы қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар денсаулық сақтау субъектілері осы операцияның біржола жасалатыны туралы міндетті түрде алдын ала хабардар ете отырып, пациенттің хабардар етілген келісумен ғана жүргізеді.
3. Хирургиялық стерилизациялауды жүргізудің тәртібі мен шарттарын уәкілетті орган айқындайды.
169-бап. Химиялық кастрациялау
1. Химиялық кастрациялау – пациенттің жыныстық құмарлықты төмендететін препараттарды қабылдауы және медициналық ұйымда сот шешімі негізінде жүзеге асырылады.
2. Пайдаланылатын дәрілік препараттың түрін, оны сот белгілеген қылмыстық-құқықтық ықпал ету шарасының қолданылу мерзімі шеңберінде енгізу кезеңділігін, сондай-ақ аталған шараны қолдану тәртібін Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасымен және Ішкі істер министрлігімен келісу бойынша уәкілетті орган айқындайды.
170-бап. Биологиялық өлімді анықтау. Мәйіт ағзаларының өмір тіршілігін қолдау жөніндегі жасанды шараларды тоқтату немесе жалғастыру жағдайлары
1. Биологиялық өлім өмірлік маңызды функциялар біржола өшетін, организм тіршілігінің тоқтауын білдіреді.
2. Биологиялық өлімді медицина қызметкері мынадай белгілердің жиынтығы негізінде анықтайды:
1) жүрек функциясының тоқтауы;
2) тыныс алудың тоқтауы;
3) орталық жүйке жүйесі жұмысының тоқтауы.
3. Өмірге дем берудің жасанды шаралары тек қана:
1) биологиялық өлім анықталған;
2) консилиум бас миының біржола семуін тіркеген кезде тоқтатылуы мүмкін.
4. Ағзалардың функцияларына дем беру бойынша жасанды шаралар:
1) транспланттау мақсатында мәйіттен ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөліктерін) алу туралы шешім қабылданған;
2) жақын туыстарының және (немесе) заңды өкілдерінің қаржылық, оның ішінде денеге күтім жасау бойынша шығындарды өтеуге келісуі болған кезде ғана жалғастырылуы мүмкін.
171-бап. Эвтаназия
Қазақстан Республикасында эвтаназияны жүзеге асыруға тыйым салынады.
172-бап. Анатомиялық сый
1. Анатомиялық сый - әрекетке қабілетті адамның өз ағзаларын (ағзаларының бөліктерін) және (немесе) тіндерін (тіндерінің бөліктерін) тірі кезінде де, қайтыс болғаннан кейін де өз еркімен құрбандық етуі, оны тиісінше ресімдеген шарты немесе өсиеті арқылы адам жүзеге асырады.
2. Анатомиялық сый туралы мәліметтер жария етуге жатпайды.
3. Өсиет етілген ағзалардан (ағзалардың бөліктерінен) және (немесе) тіндерден (тіндердің бөліктерінен) басқа, табылған күннен бастап он күн ішінде танылмаған және сұрауы болмаған адамдардың мәйіттері де анатомиялық сый ретінде танылады.
4. Анатомиялық сый биологиялық-медициналық зерттеулер жүргізу үшін ғылыми, ғылыми-практикалық және оқу мақсаттарында пайдаланылуы мүмкін.
5. Анатомиялық сыйды жасау және оны денсаулық сақтау ұйымдарына берудің тәртібі мен шарттарын уәкілетті орган айқындайды.
173-бап. Жыныстық тиістілігін өзгерту
1. Психикасының бұзылушылығы (ауруы) бар адамдардан басқа, он сегіз жасқа толған, әрекетке қабілетті жыныстық сәйкестендіруде ауытқушылығы бар адамдардың жынысын ауыстыруға құқығы бар.
2. Жыныстық сәйкестендіруде ауытқушылығы бар адамдарды медициналық куәландыру және олардың жынысын ауыстыруды жүргізу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
20-тарау. Негізгі инфекциялық аурулар кезінде медициналық көмек көрсету
1-параграф. Туберкулезбен ауыратын науқастарға медициналық-әлеуметтік көмек көрсету
174-бап.Туберкулезбен ауыратын науқастарға медициналық көмек көрсету
1. Мемлекет туберкулезбен ауыратын адамдарға:
1) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық көмекке және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге;
2) әлеуметтік және құқықтық қорғауға;
3) ауруының сипатына байланысты қандай да бір кемсітушілік нысандарына жол бермеуіне;
4) балалар арасында туберкулездің ауыр, қатты өршитін түрлерімен сырқаттануды төмендету жөніндегі профилактикалық іс-шараларды жүзеге асыруға кепілдік береді.
2. Туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын адамдар міндетті түрде ауруханаға жатқызылып, емделуге және оңалтылуға тиіс.
3. Қазақстан Республикасының азаматын туберкулездің жұқпалы түрімен ауырады деп тану зертханалық зерттеулердің нәтижелерін ескере отырып, денсаулық сақтау ұйымы қорытындысының негізінде жүзеге асырылады.
4. Қазақстан Республикасының азаматын туберкулездің жұқпалы түрімен ауырады деп тану мақсатында медициналық зерттеп-қарау жүргізу тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
5. Туберкулездің жұқпалы түрімен ауырады деп танылған Қазақстан Республикасының азаматы денсаулық сақтау ұйымының шешіміне жоғары тұрған органға және (немесе) сотқа шағым жасауы мүмкін.
175-бап. Туберкулезбен ауыратын адамдарды мәжбүрлеп емдеуге жiберудiң негiзi мен тәртiбi
1. Туберкулезбен ауыратын адамдарды мәжбүрлеп емдеу пациенттерді фтизиопульмонологиялық ұйымдарда оқшаулау арқылы туберкулезге қарсы және симптоматикалық емдеуді қамтиды және ол тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жүзеге асырылады.
2. Туберкулезбен ауыратын адамдарды мәжбүрлеп емдеуге:
1) пациенттің медициналық құжаттамасында тіркелген, зертханалық әдіспен расталған туберкулез диагнозы бар адамның емдеуден бас тартуы және оны сендірудің барлық әдістерінің оң нәтижесінің болмауы;
2) пациенттің медициналық құжаттамасында тіркелген, өз бетінше кетуі және күнтізбелік ай ішінде туберкулезге қарсы препараттардың жеті тәуліктік дозасын қабылдауды себепсіз өткізу түріндегі емдеу режимін бұзуы негіздер болып табылады.
3. Туберкулезбен ауыратын, мәжбүрлеп емдеуде болған науқастар фтизиопульмонологиялық ұйымнан шығарылғаннан кейін тұрғылықты жері бойынша медициналық ұйымда есепке тұруға міндетті.
Мәжбүрлеп емдеуге жіберілген туберкулезбен ауыратын науқастарға медициналық көмек көрсету қағидаларын уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.
4.Туберкулезбен ауыратын және емделуден жалтарып жүрген адамдарды мәжбүрлеп емдеу туралы шешімді сот Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес денсаулық сақтау ұйымдарының өтініші бойынша қабылдайды.
5. Туберкулезбен ауыратын, мәжбүрлеп емделуде жүрген туберкулезбен ауыратын науқастар Қазақстан Республикасы азаматтарының барлық құқықтарын фтизиопульмонологиялық ұйымдарда болу режимін сақтау қажеттілігіне байланысты шектеулермен пайдаланады.
6. Туберкулезбен ауыратын, мәжбүрлеп емдеуге жіберілген адамның жұмыс орны сақталады.
Мәжбүрлеп емдеуде болу уақытында еңбек өтілі үзілмейді және ол жалпы еңбек өтіліне есептеледі.
7. Фтизиопульмонологиялық ұйымдарға мәжбүрлеп емдеуге жіберу соттылыққа әкеп соқтырмайды.
8. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан алған тұрғын үйде тұратын, мәжбүрлеп емдеуге жіберілген туберкулезбен ауыратын адамның бүкіл емдеуде болу уақытында тұрғын үйі сақталады.
176-бап. Туберкулезбен ауыратын немесе туберкулезбен ауырған адамдарды әлеуметтік және құқықтық қорғау
1. Амбулаториялық емдеудегі туберкулезбен ауыратын адамдарға, сондай-ақ туберкулезбен ауырған адамдарға жергілікті атқарушы органдар олардың еңбек және тұрмыстық жағдайында көмек көрсетеді.
2. Туберкулезбен ауыратын балалар фтизиопульмонологиялық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарының орталық-дәрігерлік консультациялық комиссиясының шешімі бойынша жалпы негіздерде мектепте және басқа оқу орындарында оқуға жіберіледі.
3. Туберкулезбен ауыратын және ауырған адамдардың еңбек шартын тоқтатуға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленген жағдайларды қоспағанда, өзге құқықтары мен заңды мүдделерін шектеуге жол берілмейді.
Туберкулезбен ауыратын және ауырған адамдардың әскери қызметке, арнайы мемлекеттік және құқық қорғау органдары қызметіне, фельдъегерлік қызметке кіру, өткеру және қызметтен шығу ерекшеліктері Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
4. Стигманы және кемсітушілікті болдырмау мақсатында туберкулезбен ауырған адамдар туралы қандай да бір деректерді бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға тыйым салынады.
5. Туберкулезбен ауыратын және ауырған адамдар туралы мәліметтерді жариялаған адамдар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жауаптылықта болады.
2-параграф. АИТВ жұқтырған адамдарға медициналық-әлеуметтік көмек көрсету
177-бап. АИТВ жұқтырған адамдарға медициналық көмек көрсету
1. Мемлекет АИТВ жұқтырған адамдарға:
1) тегін негізде құпия медициналық зерттеп-қарау қолжетімділігіне және сапасына, динамикалық бақылауды қамтамасыз етуге, психологиялық-әлеуметтік, құқықтық және медициналық консультациялар беруге;
2) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық көмекке және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге;
3) АИТВ инфекциясының анадан ұрыққа және балаға берілу тәуекелін төмендету жөніндегі профилактикалық іс-шараларды жүзеге асыруға;
4) әлеуметтік құқықтық қорғауға;
5) аурудың сипатына байланысты қандай да бір кемсітушілік пен стигманың түрлеріне жол бермеуге кепілдік береді.
2. АИТВ жұқтырған Қазақстан Республикасының азаматтары, оралмандар, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, босқындар мен пана іздеген адамдар және диагнозы белгіленбеген АИТВ жұқтырған аналардан туылған балалар динамикалық бақылауға және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде дәрілік заттармен қамтамасыз етілуге тиіс.
3. Контактіге дейінгі және контактіден кейінгі АИТВ инфекциясы профилактикасын қажет ететін адамдар медициналық бақылауға және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде дәрілік заттармен қамтамасыз етілуге жатады.
4. Бас бостандығы шектеулі, сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жүрген, ұсталған, күзетпен қамауға алынған және арнайы мекемелерге орналастырылған АИТВ жұқтырған адамдардың, оның ішінде шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алуға құқықтары бар.
178-бап. АИТВ жұқтырған адамдарды әлеуметтік және құқықтық қорғау
1. АИТВ жұқтырған адамдардың білім беру ұйымдарында оқуы, санаторийлік-курорттық ұйымдарда және сауықтыру білім беру ұйымдарында болуы шектелмейді.
АИТВ жұқтырған балалардың мектепте және басқа да ұйымдарда оқуы қамтамасыз етіледі.
2. Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленген жағдайларды қоспағанда, еңбек шартын тоқтатуға, еңбек шартын жасасуға тыйым салуға, білім беру ұйымдарына және әлеуметтік мекемелерге қабылдауға, сондай-ақ АИТВ жұқтырған адамдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтіруге, сол сияқты олардың жақын туыстарының тұрғын үй және өзге де құқықтары мен мүдделеріне нұқсан келтіруге жол берілмейді.
3. Жұмыс берушінің қанмен, басқа биологиялық сұйықтықтармен және биоматериалдармен байланысқа түсетін, алдын ала және мерзімді медициналық қарап-тексерулерге жататын медицина қызметкерлерінен басқа, АИТВ-ға зерттеп-қарау нәтижелерін сұратуына жол берілмейді.
4. АИТВ инфекциясы анықталған жағдайда, «АИТВ инфекциясы» диагнозы белгіленген қызметкерлерді жұмыс беруші тері қабаттарының немесе сілемейдің бүтіндігінің бұзылуымен байланысты емес басқа жұмысқа ауыстыруы тиіс.
5. АИТВ жұқтырған, тері қабаттарының немесе сілемейдің бүтіндігінің бұзылуымен байланысты медициналық араласуды орындайтын медицина қызметкерлері тері қабаттарының немесе сілемейдің бүтіндігінің бұзылуымен байланысты емес басқа жұмысқа ауыстырылуы тиіс.
6. АИТВ жұқтырған адамдардың әскери қызметке, арнайы мемлекеттік және құқық қорғау органдары қызметіне кіру, өткеру және қызметтен шығу ерекшеліктері Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында айқындалады.
7. АИТВ инфекциясын жұқтыру медицина қызметкерлерінің және тұрмыстық қызмет көрсету саласы қызметкерлерінің қызметтік міндеттерін тиісінше орындамауы нәтижесінде болған адамдардың өміріне немесе денсаулығына келтірілген зиянды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өтетуге құқығы бар.
179-бап. АИТВ-ға зерттеліп-қаралу
1. Қазақстан Республикасы азаматтарының, оралмандардың, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты және уақытша тұратын шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, босқындар мен пана іздеген адамдардың уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде денсаулық сақтау ұйымдарында осы денсаулық сақтау ұйымдарына қойылатын талаптарға сәйкес АИТВ инфекциясы мәселелері бойынша ерікті түрде анонимдік және (немесе) құпия медициналық зерттеп-қарауға және консультация алуға құқығы бар.
2. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде АИТВ инфекциясының болуына міндетті құпия медициналық
зерттеліп-қаралуға:
1) қанның, оның құрамбөліктерінің, ағзалардың (ағзалар бөліктерінің) және (немесе) тіндердің (тіндер бөліктерінің), жыныстық жасушалардың донорлары мен реципиенттері;
2) прокуратура, тергеу органдарының және (немесе) соттың сұрау салулары негізінде адамдар;
3) уәкілетті орган айқындаған тәртіппен клиникалық және эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша адамдар;
4) бас бостандығы шектеулі, сот үкімі бойынша жазасын бас бостандығынан айыру орындарында өтеп жүрген, ұсталған, қамауға алынған және арнайы мекемелерге орналастырылған адамдар жатады.
3. Кәмелетке толмағандарды АИТВ-ға медициналық куәландыру олардың заңды өкілдерінің келісуімен немесе олардың қалауы бойынша, әрекетке қабілетсіз адамдарды – олардың заңды өкілдерінің келісімімен жүргізіледі.
4. Шетелдік дипломатиялық өкілдіктердің қызметкерлері, шетелдік консулдық мекемелердің қызметкерлері мен Қазақстан Республикасының аумағында артықшылықтар мен иммунитетті пайдаланатын өзге де адамдар АИТВ-ның бар-жоғына зерттеліп-қаралудан өздерінің келісулерімен ғана өтеді. Оларды зерттеп-қарау қажеттілігі туралы ұсынысты уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігімен алдын ала келіседі.
5. Медициналық зерттеп-қарау кезінде АИТВ инфекциясы фактісін анықтаған денсаулық сақтау ұйымдары зерттеліп-қаралатын адамды алынған нәтиже туралы жазбаша түрде хабардар етіп, өз денсаулығын және айналасындағылардың денсаулығын сақтауға бағытталған сақтық шараларын сақтау қажеттігі туралы ақпараттандырады, сондай-ақ емделуден жалтарғаны және басқа адамдарға жұқтырғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауаптылығы туралы ескертеді.
Достарыңызбен бөлісу: |